Батысында Ертіс өзеніІ бойындағы қаңлылар, солтүстігінде қырғыздар, шығысында Орхон, Селенга бойын алып жатқан керей, меркіттермен және оңт-нде Ұйғыр, Ся жұртымен іргелес тұрды. Жазба деректер бойынша алғашқы билеушілері 1143 жылдан бастап белгілі. Найман мемлекеті 12 ғасырдың аяғында билік еткен Инаныш Білге Бұқа хан тұсында нығайды. Ұлы Жібек жолында орналасқан. Найман мемлекетінің [2] көрші елдермен саяси, сауда байланыстары жақсарды. Рашид әд-Дин “Наймандардың хандары қадірлі, қуатты, олардың халқының саны көп, әскері де қуатты болды” деп жазды. Найман мемлекетінің хандары мұрагерлік жолмен сайланды. Белгілі тайпа билеушілері, батыр, қолбасшылары хан кеңесінің құрамына кірді. Хан ұлыс жасағының бас қолбасшысы болды. Ұлыста іс қағаздары жүргізіліп, хан жарлықтары хатқа түсіріліп, оған ханның төрт бұрышты алтын мөрі (таңба) басылған. 12 ғасырдың аяғынан бастап Найман мемлекетінің хандары “Бұйрық”, “Күшлік” деп аталды. Инаныш Білге өлген соң, оның екі ұлы Таян хан мен Бұйрық хан таққа таласып, Найман мемлекетін екіге бөлді. Екі иелікке бөлінген ұлыстың әрқайсысы өз алдына дербес әрекет етіп, өзара қырқысты. Бұл ішкі саяси дағдарыс Шыңғыс хан әскери күшінің артуымен тұстас келді. Шыңғыс хан және керейлер ханы Тоғрыл (Уаң хан) бастаған қол 1199 жылы Бұйрық ханның, 1204 жылы Таян ханның ұлысын басып алды. Олардың Жамұқа бастаған тайпалар одағының күшімен бірігіп, моңғолдарға қарсы тұрмақ болған әрекеттері нәтижесіз аяқталды. Жетісу жеріне келіп, Найман мемлекетін саяси-әлеум. жағынан қайта күшейтуге тырысқан Таян ханның ұлы Күшлік ханды Шыңғыс ханның Жебе бастаған қолы өлтірді.
Керей мемлекеті
Керей (карайлар) — қазақ құрамындағы көне тайпалардың бірі – Керей елінің де тарих көшінде белгілі бола бастаған кездеріндегі ғұмыр кешкен ата жұрты – сонау замандарда бірсыпыра түрік халықтарының қасиетті қонысы атанып, ғажайып ата жазу мұрағаттарымыз мәңгілікке қашалып, жазылып қалған, қазіргі моңғол даласы және оған іргелес жатқан аймақты қамтитын құтты мекендерінің бір тұсы – Орхон, Оңғын, Керулен, Селеңге, Арғұн өзендерінің құйқалы алқабы еді.
Керей атауының шығуы туралы әртүрлі пікірлер бар. Бірақ солардың арасында Орхон-енесай жазуларының білгір зерттеушісі, жазушы Қаржаубай Сартқожаұлының апталығымызға ұсынған қолжазбасындағы Керлін (Керулен) өзені және ол өз басын алатын Кентау тауына қатысты пікір көңілге қонымды көрінеді. Онда қазақ ғалымы көне түрік жазуларында (Мойыншор ескерткіші, VIII ғ) бұл қоныс жер аты «Кейре» түрінде көрініс бергендігін айтады. Ал Керлін алқабы ежелден керейлердің түп-тегі Тоғыз байырқулар қоныстанып келе жатқан төл мекен. Олар бірде «тоғыз байырқу», бірде «тоғыз оғұз», бірде «тоғыз керейлік» деп атала жүріп, ғасырлар өте келе «керейлер» боп өзгерген секілді.
Қыпшақ мемлекеті
Қыпшақ — қазақ халқының, басқа да бірқатар түркі халықтарының негізін құраған ежелгі тайпа, орта ғасырларда Орта Азия мен Шығыс Еуропаны мекендеген аса ірі ұлыстардың бірі.
Қыпшақ атауы ежелгі түркінің Шина Усу ескерткішінде алғаш кездеседі (қазақша “Қыпшақтану”). Мақмұт Қашқари еңбегі бойынша, 9 ғ-дағы Қыпшақтардың құрамына имақ, субар, қаңлы, қарабөрікті, тоқсаба, жете, бөрілі, т.б. рулар мен тайпалар енген. Қыпшақ Түркі қағандығы ыдырағаннан кейін алғашында Қимақ қағандығының құрамында болып, 11 ғасырда бөлініп шыққан. Қыпшақ хандығы тез арада күшейіп, Қыпшақ Орта Азия мен Шығыс Еуропаға тарала бастады. Шыңғыс хан империясының батыс бөлігіндегі Жошы ұлысын (Алтын Орда) тарихшылар Дешті Қыпшақ деп атады. 13—14 ғасырларда Қыпшақ сөзі жалпы “түркі” ұғымын алмастырып, Алтын Ордадағы саудагерлер үшін қыпшақ сөздігі — “Кодекс Куманикус” шығарылды. Алтын Орда ыдырағаннан кейін Қыпшақ көптеген ұлыстарға бөлініп кетті. Бір бөлігі Қазақ хандығының құрамына кірді. Н.А. Аристов қазақ халқының құралу кезінде көлденең, ұзын, танабұға, қарабалық, т.б. Қыпшақ рулары болған деп көрсетсе, В.В. Радловтың айтуынша ол кезде Қыпшақ тайпасы құрамында торайғыр, түйшіке, қытайқыпшақ, бұлтың, қарабалық, көлденең, танабұға, ұзын, көкмұрын рулары болған. Қазақ шежірелерінде 92 баулы Қыпшақ деп аталады, бірақ ешқайсысында оның барлығы бірдей таратылмайды. Шежіре бойынша Қыпшақтардың өсіп-өнуі төмендегіше сипатталады: Қыпшақтардан ақтамсопы, одан құлан-қытай, одан сүлімалып, одан кебекалып, одан мүйізді сарыабыз. Мүйізді сарыабыздан қытай-қыпшақ, қарақыпшақ, сарықыпшақ, құланқыпшақ тарайды. Қазақ құрамына енген Қыпшақ шежіресі бойынша, қарақыпшақтың ірі-ірі бес атасына (ұзын, бұлтың, көлденең, қарабалық, торы) бөлінеді.