Тоқболат Еңсегенұлы, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры,
филология ғылымдарының докторы,
Сейілхан Тоқболат, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы,
тарих ғылымдарының кандидаты
ОРХОН ЖАЗБАЛАРЫНЫҢ АШЫЛМАҒАН АҚИҚАТЫ
Көне дәуірден жеткен мол рухани байлықтарды игеру үшін зерттеу жасауда әуелі сол саланың өзегі болып табылатын күрделі мәселелердің түп-төркініндегі шынайы шындығына біліктілікпен көз жеткізу керек. Егер мұндай жауапты жұмысты атқаруда негізгі ақиқаттан сәл ауытқыса, бағзы заманда бабалар жасаған тозбайтын зор жетістіктер бірден мәңгілік құндылығынан айрылып, тоз-тоз күйге түседі. Сондай келеңсіз әрекеттер бүгінгі ел-жұртты бұрынғы білгенінен алжастырып, келешек ұрпақ ата-баба дәстүрінен адасып, олар арғы түп тегін, ұлтын айтуға арланатындай жағдайға душар болады. Осылай әдейі сақтандыра, қатқыл үн қатып айтуымызға Орхон өзені бойындағы көне түркі жазба ескерткіштерінің бүгінгі мүшкіл көрінісі мәжбүр етті. Өйткені Моңғол жеріндегі Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк Күлі-Чұр, Татпар (Құтлық) қаған, Ел Етміш Йабғұ кешендеріндегі асқақ биік әрі жалпақ тастарға түсірілген тарихи жыр жазбаларда түркі халқын құлдық, күңдік, қанау, қорлау, аш-жалаңаштықтан құтқаруда бірлікке шақырған, намысты оятатын үндеу өлең, дастандар жазылған.
Әсіресе, Орхон, Селенгі, Онгин өзендерінің бойынан табылған Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк, Ел Етміш Йабғұ жазба ескерткіштері әлемдегі дәу тастарға, храм қабырғаларына түсірілген жазбалардың ішіндегі ең көлемдісі, әрі мазмұны, маңызы жағынан да ерекше құнды. Әлемдік көне мәдениеттің ең төрінен орын алған Орхон жазба ескерткіштерінің бәрі, ондағы әсем безендірілген кесенелер, сансыз мүсін, балбал тастар түгелге жуық қиратылып, үйінді төмпешіктерге айналыпты. Осындайда еске саларымыз, Орхон жазба ескерткіштерін біраздан бері бірсыпыра шығыстанушылар зерттеп, өз еңбектерін жазды. Бірақ, олардың сол бағытта жазған жұмыстарында бірін-бірі қайталаушылық басым. Соған орай қолдан келгенше бұрын арнайы сөз болмаған және ақиқатты танытатын мәселелерді зерттеу көзделді.
Турасын айтқанда, Орхон өзені бойындағы көне түркі руна жазба ескерткіштері мен белгілі кесенелердің түгелдей бүлініп, қиратылуына ең басты себеп - осы жазба ескерткіштерді арнайы зерттеуге ұмтылған Еуропа ғалымдарының бәрі дерлік кезінде Орхон жазба ескерткіштерін “Қабыр басындағы құлпытас” деген ұйғарым жасап, бұл мәдени мұралардың астын, айналасын ерсілі-қарсылы қаза бастады.
Шынында, Орхон жазба ескерткіштері қабыр басына қойылған құлпытас па екен? Ақиқатына жүгінсек олай емес, дәлелдейік. Бұл бағыттағы ұзақ зерттеуден туындаған ой, пікірлерді жинақтап түйінін білдірсек, әлемде жазба мәдениеті алғаш туып, қалыптасқан кезден бастап бірсыпыра іргелі елдерде кәдімгі мал сүйегіне, ірі тастарға, балшықтан тұрғызылған биік қабырғаларға барша жұртқа, тайпа, халыққа арналған дін, наным қағидалары, өмір сүру заңдылықтары, ел мен жерді қорғауға шақырған үндеу, ұрандар, бірлікке жұмылдыратын даналық толғаулар, өсиеттер жазу әдетке айналды. Сол көлемді, көрнекті жазба тастар, биік дуалдар қалың бұқара жиналатын ашық алаңдарға, қырқа басына орналастырылды. Себебі, әлгі мәдени ескерткіштердегі ел-жұртқа арнап жазылған дін, заң, нанымды және ортақ мақсат пен міндеттерді кең тұрғыда бұқараға әрі айқын, өзгеріссіз жеткізу, ұғындыру үшін солай жасалынды.
Мысалға, Месопотамиядағы көне Вавилонға Хаммурапи (б.з.б.1792-1750) патшалық еткен тұста ол мемлекетте тәртіп, әділдік орнату мақсатында арнайы халыққа арнап өмір сүруге қажетті заңдар топтамасын шығарды. Бұл маңызды құжат “Хаммурапи заңдар жинағы” деген атаумен тарихта қалды. Сол заңдар жиынтығы арнайы таңдалған, көрнекті жерге, биік қабырғаға сына жазуымен түсірілді. Онда өмірге қажеттіліктен туған, әділдікті сақтауға арналған көптеген заң баптары жазылды. Хаммурапидің заңдар топтамасы көктегі жаратылыс бөлшектеріне табына отырып, табиғат тылсымына сүйене, содан туындатып жасады. Бұл айтқан тұжырымымызды профессор В.И.Авдиевтің “На верхней части столба изображен царь Хаммурапи, стоящий в торжественной позе перед богом солнца Шамашем, восседающим на троне. Вся остальная часть столба покрыта клинописным текстом, содержащим 247 статей судебника”,– деген сөзі нақтылай түседі (1,70-б.).
Міне, осы келтірілген мәліметтерден-ақ сол заңдар жиынтығы тікелей халыққа арналып, әдейі тұрғызылған зәулім қабырғаға тұтастай жазылғаны айқын танылып тұр. Демек, арнайы дайындалған дәу, жалпақ тастар бетіне, барық-храм қабырғаларына түсірілген көлемді жазбалар мола басына қойылған құлпытас емес, заман талабына орай бұқара жұртшылыққа арнап орнатылған жазба үндеу ескерткіштер. Сосынғы айтарымыз, қабылданған заңдар жиынтығының арнайы тұрғызылған биік қабырғаға сына жазуымен түсіріліп, жұртшылық назарына ұсынылуы, бұл біріншіден, ел билеушінің халық үшін аса маңызды жұмыстар атқарып, бұқарамен бірлікте, солардың қамын жасап, адал қызмет атқарып жатқандығын білдіреді. Екіншіден, мемлекет, тайпа алдында тұрған негізгі мақсаттарды дәу тастар мен арнайы жасалған биік қабырғаларға жазып, халыққа ұсыну - сондай бағыт ұстаған ел билеушілердің үстемдікті жеке-дара әмірмен орындамай билікті жариялылық тұрғыда жүргізгенін танытады. Үшіншіден, бағзы замандағы ел мүддесіне орай туындаған, халыққа арналған аса құнды мәселелерді, діни қағидаларды жалпы жұртқа тездете жеткізуге, жария етуге ұмтылу сол тайпа, мемлекеттің өз жазуының туындауына тікелей ықпал етеді. Месопотамия аймағында сына жазуының тұңғыш негізінің қалануы - ел билеушілердің тек халық қамын ойлап, жаңа пайдалы жетістіктерді туындатып, бұқараға жеткізуге жедел ұмтылыс жасағанынан болар.
Төртіншіден, ел қамына орай туындаған жаңа жетістіктер өміршең болып, игілікке асып, көрші тайпаларға, мемлекеттерге тарап, тозбайтын, ғасырларға жалғасатын ірі жетістіктерге айналады. Ал маңызы зор жаңалық өмірге батыл еніп, кең аймаққа жайылып, кейін дәстүрге айналады. Мысалға, Евфрат пен Тигр өзендерінің аралығын мекендеген ежелгі шумерлердің патшасы да халыққа арнаған үндеуін арнайы жасалынған биік қабырға-блокқа сына жазуымен түсіріп, жұрт жиналатын алаңға орналастырған. Онда шумерлер нанымы бойынша жарты құдай санайтын ел басқарған патшалардың тізімі жазылып, сосын жалпы жұрт өміріндегі аса күрделі оқиғалар, халыққа арналған үндеулер сына жазуымен тізбектей, сығылыстыра жазылатын болған. Біздің бұл пікірімізге А.Бахтидің: “Среди древнейших в мире исторических документов особое место занимает список шумерских царей, составленный примерно в 1820 г. до н.э. и записанный на четырехгранном глиняном блоке содержит следующую надпись: “Урук был взят с боем; столицей стал город Ур. В Уре царем стал Ур-Намму, правивший восемнадцать лет”,–деп жазғаны дәлел болады(2,124-б. Осылай, жалпақ тастарға, арнайы тұрғызылған қабырғаларға көлемді жазбаларды түсіру өмірге бойлай ене берді.
Осы мәселені тереңдете зерттеп, тарихи деректерді бір-бірімен салыстырып, содан туындаған ой-пікірлерді қорытып саралағанда бірнеше жаңа ғылыми тұжырымдар жасауға тура келді. Біріншіден, халыққа арналған үндеу, заң бабтарын, дін, наным қағидаларын, жаумен шайқастағы айтулы ерліктерді дәу тастар мен храм қабырғаларына көлемді етіп жазу алғаш Шығыс халықтары арасында туындап, қалыптасқаны айқын танылып отыр. Бұған нақты көз жеткізу үшін әлі де бірнеше бұлтартпас тарихи деректер келтіріп, орынды дәлелдеулер жасалынады. Екіншіден, үлкен тастар мен биік қабырғаларға түсірілген көлемді жазбалар қандай тақырыпқа арналса да поэзия үлгісінде жазылған. Өйткені, діни уағыздарды халыққа арналған үндеулерді, шапқыншылық кезіндегі мақтан тұтар жеңістерді, таңқаларлық ерліктерді жоғары рухта, терең тебіреніс, зор шабытпен жұртшылыққа еріксіз әсер ететіндей етіп поэзия үлгісінде жария ету Шығыс халықтары арасында бағзы заманда-ақ қалыптасты.
Мысалға, әлемдегі ең көне діндік мұра, 21 кітаптан тұратын “Авеста” шығармасы түгелдей поэзия тілімен жазылған. Бұл қасиетті мұрада бүкіл әлем болмысы және жер бетіндегі өмір сүрудің жолы, ережесі, зороастризм дінінің қағидалары, табиғаттың өзгермес заңдылықтары жөнінде айтылған. Осы шығарманы - ежелгі заманның конституциясы деуге толық болады. Нақтылап көрсетсек «Авеста» кітабының «Вендидад» деп аталатын көлемді бір бөлімі өмір сүруге қажетті заңдылықтарға арналған. Осы бөлім іштей 22 тараудан, 12 бөлшектен құралған. Сол 22 тараудағы бірінші жырда кез-келген елдердің құрылымы, олардың жетістігі мен кемшілігін танудың, бағалаудың жолдары баяндалған, екінші жырда адам мен пайдалы жануарларды қорғаудың жолдары көрсетілген, үшінші жырда жер бетіндегі тұрғындардың қуанышы мен қайғысы жөнінде түсіндіріледі, яғни, жақсылық пен жамандық жарыса жалғасатыны мәлімденген, төртінші жырда өзара келісім-шартқа адалдық және оны бұзғандарды аяусыз жазалау жөнінде айтылады. Бесінші тарауда қылмыс жасаушылардың кінәсін қойып, қаралаудың талабы баяндалған, осылай жалғаса береді (3, 675-б.). Осы өмір сүруге қажетті заңдылықтардың барлығы жыр үлгісінде жасалынған.
Вавилон патшасы Хаммурапи жариялаған заңдар жиынтығы да «Авеста» кітабындағыдай поэзия үлгісінде жазылған. Зороастризм діні жазылған сол кітапта қабылданған заңдардың орындалуын бақылау, шара көру көктегі жебеуші құдіреттердің құзырында болса, Хаммурапи патша жариялаған заңдар жиынтығының талапқа сай жүзеге асуын көктегі құдіреттің өзі үнемі қадағалап, заңды орындамағандарды қатаң жазалайды екен. Көктегі құдіреттің қаһарынан қаймықпайтын пенде бола қоймас. Сондықтан әрбір дінде жарияланған қағидалар, заңдылықтар мүмкіндігінше іске асып, орындалған. Өйткені, бағзы заман адамдары табиғат бөлшектерінің құпия сырларын жете ұға алмай, олардың әр түрлі құбылыстарына таңырқап,қорқып, жаратылыс бөлшектеріне табынуға мәжбүр болды. Өздерінің тірлігі, тағдыры аспандағы жұмбақ құдіреттердің қолында деп санады. Кейін сол табиғат бөлшектерін жасаған жалғыз жаратушы күш бар деген тұжырым қалыптасты.
Соған орай, олар көктегі құдірет, табиғат бөлшектері жайлы сансыз қиял, аңыздар, мифтік жорамалдар туындатты. Бағзы замандағы өмір сүру барысынан бірте-бірте құралып қалыптасқан дәстүр-салт, наным, сенім, әдет-ғұрып, әсіресе мифтік мұралар негізінде жұртшылық табынып, мойындайтын жаңа діни шығармалар туындады. Осындай жағдайдан ежелгі дәуір адамдарының дүниетанымы мифтік сана деңгейінде болды. Сондықтан, олардың дінге деген құштарлығы артып, ондағы айтылған қағидаларды қалпысыз орындауға мойын ұсынды. Ал миф - алғашқы қауымдық дәуірдегі адамдардың айналасындағы құбылысқа көзқарасынан туындаған қиял-ғажайып шығармалар болып табылады.
Антикалық әдебиет мифтік мұралардан жасалғаны белгілі, бағзы заманнан-ақ дін, нанымдар, халыққа арналған үндеу, гимндер, өмір заңдылықтары, жаумен арпалыстағы жеңістер, ерліктер барынша көркемдік шеберлікпен жасалынды. Бұл айтылған байламдарды В.И.Авдиевтің: «Литературное творчество возникло в древней месопотами в глубокой древности, в IV тысячелетии до н.э. Религиозно-магические воззрения властвовали над сознанием людей того времени. Поэтому вполне естественно, что религия как основная форма идеологии должна была насквозь пронизывать всю литературу”,–деген сөзі бекемдей түседі(1, 99-б.).
Көне египеттер арнайы дайындалған дәу тастарға ауқымды жазбаларды көркем, айқын түсіруге ерекше назар аударғаны танылады. Атап көрсетсек, көне египет патшаларының шежіре-жыры түсірілген Палерм тасы көлемді және айқын, сұлу жазбасымен ерекше көзге түседі. Осы жазба таста көне египеттің бірнеше патшаларының тұсындағы айтулы оқиғалар, халыққа арналған үндеу, ел қорғаудағы ерлік, батырлық істер гимн-жыр түрінде жария етілген. Осы жинақтап жеткізілген ой тұжырымды В.И.Авдиевтің: “Ко времени древного царства относится часть древней летописи, текст который сохранился на так называемом Палермском камне. В этой летописи приведены имена царей Египета до V династии, кончая именем Неусерра”,– деп жазған дерегі бекемдей түседі(1,127-б.).
Сүйекке, темірге, тасбақа қалқандарына түсірілген бал ашу жазбаларының бәрінде дерлік ежелгі қытайлардың көкке, табиғат бөлшектеріне табынған наным, сенімдері және ауа райының құбылысын алдын-ала болжаудағы бал ашу арқылы жасалған тұжырымдары жазылған. Бұл келтірілген ой қорытындысын Ф.С.Быковтың: “Иньская гадательная надписи свидетельствуют о поклонении “верховному владыке”- “шанди”. Ему принадлежить верховная власть над миром природы и человека. Представления о “шанди” и “тянь” являлись первоосновой всех древнекитайских религиозных воззрений”,–деген сөзімен бекемдей түсуге болады (4, 32-б.).
Көне қытайлардың сүйекке, өзге заттарға түсірген жазбалары қабыр басына қоюға арналмағаны айқын танылып тұр. Ежелгі қытай наным, сенімін бұқара халыққа жеткізу үшін арнайы сүйекке, тасбақа қалқанына және темірге жазу кең етек алған. Көне қытайда әйгілі кемеңгерлердің даналық толғауларын, философиялық ойларын арнайы көрнекті жерлерге тұрғызылған биік қабырғаларға, жалпақ тастарға жазып қою ежелгі заманда-ақ қолға алынды. Әрі осы дәстүр ғасырдан ғасырларға жалғасып, кейінгі кезеңге дейін келді. Мысалға, қытай халқының әлемге әйгілі ойшылы “Дао” ілімінің негізін жазып қалдырған Лао-цзы (б.з.б IV-III ғ) мен даналық толғаулардың жинағы болып есептелінетін “Лунь юй” кітабының авторы Конфуцзының мәңгі көнермейтін философиялық тұжырымдары барша жұртқа осындай жолмен жеткізілді.
Бұл айтқанымыздың нақтылығын Л.С.Переломовтың: “Текст начали составлять еще при жизни Конфуция его ученики, которые стремились сохранить мысли учителя. Кононизация памятника произошло в эпоху Хань (ІІІ в. до н.э.–ІІІ в.н.э); Тан (618-917) текст был выбит на каменных стелах. Именно этот вариант дошел до наших дней”,–деген тұжырымы айғақтай түседі (5, 5-б.). Сол кемеңгерлердің үлкен тасқа жазылған көлемді толғаулары ұрпақтан ұрпаққа осындай әдіспен жеткізіліп, насихатталуда. Қазір Конфуцзы институты әлемнің 40-тан астам елінде бар. Қытайдың дәу тасқа жазылған даналық жазбалары жыр үлгісінде жасалғаны ғылыми тұрғыда айқындалды. Ежелгі қытайдың үлкен тастарға түсіріліп орнатылған рухани мұраларын қабыр басындағы құлпытас деп айтуға ешкімнің аузы бара қоймас.
Осы келтірілген рухани мұралар мен тарихи деректерді, ғылыми ой-пікірлерді жинақтап қорытып, Орхон бойындағы Күлтегін, Тоныкөк, Білге қаған, Күлі-Чұр және Онгин жазба ескерткіштері қабыр басына қойылған құлпытас емес, көне Вавилон патшасы Хаммурапи шығарған заңдар жиынтығы жазылған барық – храм қабырғадай, Шумер патшасының биік блокқа түсірген көлемді жазбасындай, Египеттің көне патшалығы тұсында “Палерм тасына” түсірілген шежіре-жыр жазбасындай, қытай халқының кемеңгері Конфуцзының даналық толғауы түсірілген жазба тастай, бұқара халыққа арналған үндеу, ерлік жорықтары дәу тастарға жырмен жазылған тарихи жыр-дастан деген тұжырым жасалынды. Екінші сөзбен айтқанда, Орхон ескерткіштері - түркі халқының империя орнатудағы ұлы мақсат, міндеттері, манифесі жазылған мәңгілік рухани мұрасы деуге де келеді.
Шығыс халықтарының біз талдау жасап отырған дәу тастарға, храм қабырғаларына түсірілген халыққа арналған үндеу, ерлік жайлы көлемді жазбалары ең алғаш қашан, қай жерде туып қалыптасты? Сол бағзы заманның әлгіндей құнды жазбаларын бір-бірімен салыстырып қарасақ, мысалға, Вавилон патшасы Хаммурапи шығарған заңдар жиынтығы шамамен б.з.б. 1792-1750 жылдар аралығында жазылыпты. Ежелгі шумерлер патшалығында сына жазуымен төрт қырлы биік балшық блокқа түсірілген көлемді жазба ғалымдар ұйғарымы бойынша б.з.б. 1820 жыл шамасында дүниеге келген. Египеттердің көне патшалығы дәуірінде Палерм тасына түсірілген көлемді шежіре-жыр жазбасы шамамен б.з.б 2700-2400 жылдар аралығында жасалыныпты. Көне қытайлардың діндік нанымы, болжауы айтылып, сүйекке жазылған бал ашу жазбалары шамамен б.з.б. 2 мыңжылдықтың соңына таман көрініс тапса, ал Конфуцзы даналық толғауы жазылған үлкен тастар ашық алаңдарға шамамен б.з.б. ІІІ ғасырдан бастап орнатыла бастапты.
Дәу тастарға, храм қабырғаларына жазылған халыққа арналған үндеу, дін қағидалары, заң баптары, қаһармандық жайлы түсірілген көлемді жазбалар қай елде бұрын пайда болғанын анықтауда еске саларымыз, жоғарыда атап көрсетілгендей, көне египет патшалары әулеттерінің билік құрған кезеңдерін және олардың дәу тастарға түсірген көлемді жазбаларының уақытын анықтауда сол салаларды зерттеген мамандар әлі де бір шешімге тоқталмай, болжамды мәлімет айтумен шектелуде. Осы аталған көлемді жазба ескерткіштердің ішінде ежелгі шумерлердің сына жазба мұраларының дәуірі мүмкіндігінше толық айқындалып тұр. Әрі шумерлерде көлемді жазба ескерткіштер жасау кеңірек өріс тапқанына көз жеткізілді. Шығыстанушылар да шумер сына жазуы әлемде бірінші болып пайда болғанын бір ауыздан мақұлдады.
Дүниежүзі ғалымдарына ортақ зәру мәселе - алғашқы жазудың қай жерде туып, қалыптасқаны, жан-жаққа тарағаны жайлы В.И.Авдиев: “Очевидно, что клинопись раньше всего возникла именно у шумерцев, а затем была от займствована вавилонянами, которые ее в свою очередь передали ассирийцам, а через них древным персам”,–деп байлам жасайды (1, 27-б.). Бірақ ол солай ұйғарым жасағанына дәлел келтірмейді. В.И.Авдиев шығыстану ғалымдары ертеректе білдірген байламды қайталаумен тоқталады. Бір таңданатын жағдай, көне түркілердің тек қана дәу тасқа қашап түсірілген көлемді жазбалары дүниенің бірталай аймағанда қазірдің өзінде самсап тұр. Әлем ғалымдары жабылып жинастырып жатса да әлі санына жете алмай шаршауда. Атап көрсетсек, қабырға тасқа түсірілген көне түркі руна жазбалары Енисей, Талас, Алтай, Орхон бойларында ондап, жүздеп саналады. Биік тастарға арнайы түсірілген көне түркі руна жазба мұралары санының көптігі және бір жерден ғана емес, әр аймақтан молынан табылуы, ондағы көлемді жазбалардың маңызының құндылығы жағынан әлемде оған тең келетін тасқа, храм қабырғаларына түсірілген көлемді жазбалар жоқ деп айтуға болады.
Көне түркілердің дәу тастарға түсірілген жазбалары жайлы В.И.Авдиев “Көне Шығыс тарихы” деген еңбегінде ең болмаса атап та өтпейді (1).Өзге шығыстанушы ғалымдардың көбісі де осылай, мәрмәр тастарға өшірілместей етіп жазылған, бағзы заман қойнауынан мәңгілікке жол тартқан көне түркі руна жазбалары жөнінде аузын ашпай, тарихи еңбектерге, оқулықтарға енгізбей келеді.
Ал басқа елдер өздері мекендеген жерлерден археологиялық жұмыс күшімен қазып, шұқып, құрастырып тапқан бір-екі жазба мұраны әлемге айқай сала таратып, әйгілейді. Бұған қалай түсінуге болады? Тек арнайы өңделген, биік жалпақ тастарға көлемді етіп түсірілген көне түркі руна жазба мұралары санының көптігінен дүние жүзінде алдыңғы қатарда тұрғанын қадап айтуға, тіпті өзгелер мойындағанша жар сала беруге тура келеді. Көне түркілерде өмірде тозбайтын дәу тастарға халыққа арналған құнды мұраларды көлемді етіп түсіріп, мәңгілікке қалдыру кезінде дәстүрге айналған.
Түйіп тұжырымдасақ, дәстүр - ұзақ дәуірдің жемісі. Көне түркілерде халыққа бағышталған үндеу, гимн, заң, дін қағидаларын, ел қорғаудағы жеңісті биік тастарға көлемді етіп жазып, мәңгілікке қалдыру алғаш зор жаңалық болып, кейін дәстүрге айналып, өмір игілігіне жарап, ілгері жол тартты. Көне түркі жазуы, әдебиеті дәу тастарға жазылған рухани мұралары және нанымы мен дәстүрі әлемдегі алғашқы мәдениеттің қатарында ерте дәуірде жасалынғанын біз тарихи-типологиялық, синтездік тұрғыда терең зерттеп, ғылыми негізде қорытындыладық. Бірақ, кеңес дәуірі саясаты өзек болған шығармалар мен тарихи деректерді ғылыми тақырып етіп алып дайын мәліметтерді пайдаланып, оп-оңай қорғаған кейбір адамдар сол салада билік тағына отырғаннан кейін бабалар жасаған рухани мұралар төңірегінде тың ғылыми жаңалық ашқан еңбектерді дұрыс бағаламай, едәуір кедергі жасады. Сонымен, көне түркі руна жазуы мен дәу тастар қабырғаларына түсірілген көлемді рухани мұралары әлемдегі алғашқы жазбалардың қатарында жасалынғаны жөніндегі біздің қорытынды тұжырымымызды А.Бахтидің: “Именно шумеры создали первыми в долине месопотами древную культуру и цивилизацию, которая легла в основу культуры тюркских народов. Мы увидели, что шумеры, племена азиатского пройсхождения”,–деген пікірі нақтылай түседі (2,23,120-б.).
Расында, көне түркілер мен шумерлердің тілі мен төл жазулары, нанымы, дәстүр-салты жағынан едәуір ұқсастықтар бар, бұл мәселелерге бұрынғы еңбекте талдау жасалынып, түйінделді. Көне түркі руна жазуымен биік тастар қабырғаларына көлемді рухани мұраларды жазып қалдыру дәстүрі Шығыста алғашқылардың қатарында жасалынып, өзге елдерге тарағандығын, біріншіден, түркілердің негізін қалаған Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы тайпалары өзара бірігіп, б.з.б. Х ғасырдан бастап күшті мемлекет бола бастағаны айқындай түседі. Сол тұстарда көне түркі руна жазуы, бейнелеу өнері толық қалыптасып, жан-жаққа тарады.
Бұған көне иранның ежелгі Персеполе қаласынан табылған тасқа түсірілген “скиф жауынгерлері” атты сурет толық дәлел болып, бағзы заманда-ақ көне түркілердің төл мәдениетінің үлгілері айналасындағы елдерге тарап, даңқы жайыла бастағанын танытады. Бұл мәселе жайлы В.И.Авдиевтің “парсылар көне шығыс халықтарының көптеген мәдени жетістіктерін кеңінен пайдаланды”,–деген сөзі біздің жасаған байламымызды растай түседі (1, 474-б.). Сондай-ақ, көне түркілер бағзы заманда Шығыстың бірсыпыра елдерін өзіне бағындырды. Бұған Гередоттың “Скифтер 28 жыл Алдыңғы Азияға билігін жүргізді” деген сөзі дәлел (6, 172-б.). Көне түркілердің Мидияны жаулап алып, Алдыңғы Азияға ұзақ уақыт билік құруы шамамен б.з.б. VIII ғасырға жатады. Көне түркілер сол кездерде өздерімен бірге төл жазуын және үлкен тастарға құнды рухани мұраларды көлемді етіп жазып қалдыру дәстүрін ала барған, сол үлгі тұтар жетістіктерді өзге елдер қабылдап алып, әрі қарай жалғастыра түскені байқалады. Әлемдегі алғашқы жазу мәдениетінің ошағы Орта Азия болғанын батыл айту керек. Бұған осы жолы да сөз арасында бірталай мәліметтер келтірілді.
Бұл зерттеу жасап отырған саламен тікелей сабақтас, елеулі мәселе бар. Шығыстанушы ғалымдардың кейбірі ежелгі шумерлер мен көне түркілер мекендеген жерлерден табылған құдірет тұтар тұлғаларды мегзейтін биік мүсін ескерткіштерді де қорым басына қойылған арнайы белгі деген тұжырым жасады. Мұндай болжам да тарихи шындыққа онша сәйкес келмейді, сәуегейлікпен айтыла салынған әншейін қаңғыма сөз. Тіпті шумерлердің көне мәдениетімен етене хабардар А.Бахти: “Стояли каменные статуи с чашами (некоторые статуи женского пола), эти изваяния и были внешним атрибутом, т.е. символом тенгринского захоронения. Возможно, эти статуи и были прообразом шумерской богини Иштар”,–деп екі ұшты болжам айтады (2, 54-б.). Ал шындығында, әлгіндей үлкен мүсін ескерткіштерді қандай мақсатта жасап, орнатқан? Бұл мәселенің ақиқаты мынадай: бұрын қажетті тұстарда сөз еткендей, ежелгі шумерлер мен көне түркілер ұзақ уақытқа дейін табиғат бөлшектеріне тағзым етіп, өмірге ұрпақ әкелудің де өз құдайы бар деп санады. Мысалға, ең көне дін зороастризм қағидалары жазылған “Авеста” кітабында ана мен дүниеге келер перзенттің құдайы “Аши” деп аталады.
Қасиетті кітапта Аши құдайдың гимн-жыры бар. Сол құдай-ана әйел атаулының ар тазалығын, отағасына адалдығын, олардың бала тәрбиелеу парызын қалай орындайтынын бақылап, дүниеге келер сәбиді жаманшылық әкелуші қара ниеттілерден қорғайды. Шумерлер нанымы да сондай, олар құдай-ананы “Иштар” деп атап, табынады. Көне түркілер де ежелден құдай-анаға бас иген. Қазақтар мен қырғыздар әйел мен сәби құдайын “Ұмай-ана” деп атайды. “Ұма” сөзінің төркініне үңілсек, түркі тектес халықтардың бірталайында ер кісінің еркектік ұрық шығаратын қос жұмыртқасын тұтастай “ұма” дейді. Соған орай, “Ұмай-ана” ұрпақ әкелуші деген ұғымды білдіретіні танылып тұр.
Бұл дәстүр шумерлер мен көне түркі тайпаларының өмір тірлігіне ертерек мықтап енген. Мысалға, ежелгі шумер жерінен табылған қолындағы құмыраны ішіне баса ұстаған мейрімді әйел мүсіні қабыр басына орнатылған ескерткіш емес, құдай-ана бейнесі. Сол үлкен мүсіннің фотокөшірмесі А.Бахти кітабында бар (2, 54-б.). Шумерлер құдай-ана ескерткішін жасап, соған тағзым етіп, жалбарынған. Көне түркілер де сол дәстүрді сақтады. Еске саларымыз, Астана қаласындағы қос қолдай ұстаған тостағанын мейірлене ілгері ұсынған әйел бейнесіндегі биік ескерткішті шумерлерден қалған құмыра ұстаған құдай-ана бейнесінің нақ өзі деуге келеді. Сол ескерткішті “Ұмай-ана ескерткіші” деп, көне түркі дәстүрінің мәңгілік өміршеңдігінің көрінісі тұрғысында ұғынған дұрыс болар. Бұл сәбилік ойдың, мифтік сананың белгісі емес, керісінше табиғат заңдылығын, түркі діні, дәстүрін сақтап, орындап, жаратылыс бөлшектерін аялап, күтпесең, табиғат-ана бізді асырамай, ғұмырыңның қысқаруына, ұрпағыңның азаюына апарып соқтырады. Соған сәйкес, көне түркілердің Ұмай-анаға тағзым етуі - ұрпақ жалғастыру парызды ояту дәстүрі, даналықтың белгісі. Бұл қазіргі уақыттың да көкейтесті талабы.
Қысқасы, көне түркілердің бағзы заманнан өздерімен бірге жасап, өміріне өзек болған наным, сенімін, дәстүрін, олар табынған діннің қағидаларын білмей, көне түркілер жасаған ұлан-асыр мәдениеттің өзіндік ерекшелігін ұғынбай Еуропа ғалымдарының көбісі Орхон бойындағы биік, жалпақ тастарға түсірілген көлемді жазба ескерткіштерді “Қабыр басындағы құлпытас” деп ұйғарым жасап, көне түркілердің мәңгілікке қалдырған тастағы жазбаларын, биік храмдарын, сан-алуан мақсаттарды бейнелеген мүсін тастарды түгелдей дерлік сындырып, қиратып, сол мәдени құнды мұралардың айналасын, тұрған жерін түгел қазып, қырғын соғыс болған бекіністей, тас-талқан етіп бүлдірді.
Орхон бойындағы жазба ескерткіштерді зерттеуге ұмтылған шетел ғалымдардың көбісінің басты мақсаты - осы өңірдегі көне түркі мәдени ескерткіштерге түгелдей қазба жұмыстарын жүргізу болды. Көздеген нысанаға жетуде олар сол өңірдегі Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк, Күлі-Чұр... кешендерінің, ондағы биік жазба ескерткіштер мен әр түрлі бейне түсірілген мүсін тастардың, арнайы тұрғызылып өрнектелген храм қабырғалары мен шарбақ тастардың әрқайсысының астын жеке-жеке қазып шығу жоспарларын жасады. Мұндай жабыла қазу әрекеттердің туындауына Орхон бойындағы мәдени ескерткіштерді тауып, жария етіп, зерттеуші, саяхатшы, археолог ғалымдардың бәрі дерлік бұл өңірдегі жазба ескерткіштерді “Қабыр басына қойылған құлпытас” деген мағынада ортақ тұжырым жасады.
Атап көрсетсек, Орхон бойындағы жазба ескерткіштерді тауып, жария етушілердің бірі Н.М.Ядренцев 1889 және 1891 жылдары Монголия жерінде болып, ондағы Күлтегін, Білге қаған кешендерімен танысып, зерттеу жұмыстарын жасағаннан кейін, ақырында Күлтегін, Білге қаған жазба ескерткіштерін “жалпақ қабыр”, “жалпақ тасты төрт бұрышты қабыр” деп мәлімдеме жасады (7, 1-3-б.). Ол мұндай дақпырт туғызар, өзгелерге бөтенше ой салып, дүниеқұмарлықты қоздырар пікірін қандай негізге сүйеніп айтқанын дәлелдемейді. Мүмкін, көне түркі тайпа, қағандарының билеушілері дүниеден өткенде олардың жинаған байлығы асыл заттары, қымбат мүліктері өздерімен бірге көміледі деген лақап сөз мәңгілік мәдени мұраларға оның ашкөздікпен, құлқын қамымен қарауға итермелеген шығар.
Сондай-ақ, белгілі археолог Д.А.Клеменц (1844-1914) дәу тасқа түсірілген көне түркі жазба ескерткіштеріне өзінше зерттеу жасай келіп, тастағы жазба мұралардың бәрін “қабыр басына жазылып қойылған сөз (құлпытас)” деген тұжырым жасады. Ол кейін осы сала бағытындағы білікті маман ретінде сөз алып, көне түркі жазба ескерткіштері орнатылған жердің бәрін “Бектер қабыры” деп атады (8, 13-23-б.). Осы аталған екі зерттеуші 1891 жылы В.В.Радлов басқарған Ресей экспедициясы құрамында Орхон бойындағы көне түркі мәдени ескерткіштерін зерттеуге қатысты. Сол кезде-ақ олар Орхон бойындағы көне түркі мәдени мұраларына суық қолдарын сұқты. Мысалға, Н.М.Ядренцев 1889 жылы бұл өңірге алғаш келгенде-ақ көне түркілерден қалған мұралардың ішіндегі ең қымбат жәдігерлердің біразын өзімен бірге Россияға алып кеткен (9, 62-б.). ХХ ғасырдың екінші онжылдығының алғашқы жылынан бастап Орхон бойындағы көне түркі мәдени ескерткіштеріне ұзақ уақыт іздестіру және қазба жұмыстарын жүргізген Польша, Ресей ғалымдары В.Л.Котович, П.К.Козлов, Б.Я.Владимиров және басқалар Орхон бойындағы тасқа түсірілген көне түркі жазба ескерткіштерін “Бектер қабыры басындағы жазба” деген сәуегейлік байлам жасады.
Сондай желеумен олар Орхон бойындағы Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк, Күлі-Чұрға арналған көлемді жазба тастардың және Орхон бойындағы сондай жазба мұралардың, астынан түркі қағанаты билеуші, қолбасшыларының қабырын табу мақсатында арнайы қазба жұмыстарын жүргізді. Сонымен қоса, жоғарыдағы есімі аталған түркі қағанаты басшылары құрметіне тұрғызылған кешендердің қабырғалары мен айналасын, ондағы сандаған мүсін тастардың және шарбақтастардың астын қазу арнайы жүктелген міндеттер болып табылды. Бірақ қабыр орындарын таппады.
Осы кезде Монғол жеріндегі көне түркілердің өзге де мәдени ескерткіштері мен қала, қорған орындарына археологиялық қазба жұмыстары қатарласа жүргізіліп, кейін де жалғастық тапты. Нақтылап атасақ, Орхон бойындағы жазба ескерткіштерді, шарбақтас, кешендерді 1891, 1912, 1924, 1933 жылдары қаздырған В.В.Радлов, В.А.Котович, П.К.Козлов, Д.Д.Букиничтер, тап сондай іспен айналысқан өзге де бірнеше экспедициялар әлгі жазба ескерткіштер тұрған жерден, сол төңіректерден қабыр орнын мүлде кездестірмеген. 1958 жылы құрылған монғол-чех археологиялық экспедициясы Күлтегін кешенінің іші-сыртын түгел қазып шығып, ешқандай қабыр орнын таба алмады. Көне түркілердің мәңгілікке қалдырған көлемді жазба ескерткіштері мен кешендерді, әр түрлі мақсатта жасалған мүсін тастарды жабайылықпен қиратып, тонауға түсіргені үшін сол ғалымдарды қазір әлем жұртшылығы алдында айыптауға болмай ма? Көне түркілердің жазба ескерткіштері неге өзге біреулердің ойына келгенін жасап бүлдіретін ойыншығына айналған? Ежелгі замандардан жеткен құнды мәдени мұраларды осылай қорлауға бола ма?
Арнайы сұрыптап дайындалған биік те жалпақ мәрмәр тастардың қырларына көркемдеп түсірілген көлемді көне түркі руна жазба ескерткіштерінің адам қолымен құлатылып, талан-таражға түсуі - сол мұраларды зерттеген ғалымдардың көне түркі дәстүрін, нанымын, олардың ежелгі замандағы Тәңірге табыну көне дінінің қағидаларын жете білмегенінің салдары. Көне түркі нанымы, дәстүрі бойынша қайтыс болған адамның денесі өртелініп, оның күлі желге ұшырылады немесе суға шашып жіберіледі. Мұндай дәстүрдің бірнеше маңызды шешуі бар. Біріншіден, қайтыс болған кісіні От-анаға тапсырады. Екіншіден, мәйіт күлін желге ұшыратыны - Тәңірге табыну дінінің қағидасында қайтыс болған адамның жаны көктегі Тәңірге - жаратушыға қарай ұшып кетеді. Бұған Күлтегінге арналған жазба ескерткіштің соңында, тастың оңтүстік-шығыс қырына қара сөзбен түсірілген жазудағы: “Қайтыс болды, көкке ұшты. Тәңірі тірі еткізді”,– деп түйінделген сөз дәлел болады (10, 234-б.). Көне түркі нанымы бойынша өлген адамды өртеп күлге айналдыратыны жөнінде Л.Н.Гумилев те сөз арасында сездіреді, бірақ дәлелдеп түсіндірмейді.
Тәңірге табыну дінінің қағидасы бойынша қайтыс болған адамның мәйітінің күлі жерге көмілмей, оны желге, суға тапсыратыны жөнінде біз айтқан деректің дұрыстығын Қарауулуның көне түркі тарихы жөнінде зерттеу жасай келіп: “Қырғыздар қаза болғандарын өртеп, күлдерін манхазға шашып жібереді, ал бұл дариядан, тіпті, алыс тұратындар өлгендердің күлдерін толқытып желге ұшырып жібереді”,–деген тұжырымы нақтылай түседі (11, 20-б.). Ақиқатында, ежелгі түркілер дүниеден өткен адамды көктегі Тәңір жаққа ұшып кеткен құдірет санап, оларды аруақ тұтып, тағзым етеді. Сондықтан, көне түркі дәстүрі бойынша қайтыс болған адамның денесін немесе өртенген күлін жан-жануар жүретін, қалың жұртшылық аяғы тиетін жер қойнына көміп тастамайды. Еуропа зерттеушілерінің біразы Тәңірге табыну дінінің осы қағидасын білмегендіктен көне түркі жазба ескерткіштері тұрған жерлерден және айналасынан қайтыс болған қаған басшыларының және бектердің қабырын іздеп, қазба жұмыстарын қайта-қайта жүргізіп, мәңгілікке жасалған жазба ескерткіштер мен мүсінтастардың бәрін дерлік сындырып, жабайылық танытты.
Қысқасы, бабаларымыздың ежелгі өсиет, өнегесі мен дәстүр-салтын толық игермегендіктен Орхон бойындағы көне түркі жазба ескерткіштерін зерттеген бірнеше елдің экспедициялары әлгі аталған мәдени ескерткіштерді сындырып, бұрынғы сәні мен келбетінен айырды. Бұл айтқанымыздың растығын Қ.Сартқожаның: “Орхон ескерткіштерінің ең атақтыларының скульптуралары, ұстындары көп бүлінген. Күлтегін, Білге қаған, Туй-ұқұқ, Онгин кешендеріндегі мүсінтастардың басын сындырып, ұлы денесін қиратып, Онгин, Орда-балық кешеніндегі ұстындарды паршалап тастаған”,–деп жазғаны айғақтай түседі (9, 53-54-б.). Осы жағымсыз әрекеттер сол балбал тастардың қандай мақсатта жасалынып, орнатылғанын түркітанушылардың көбісі жете түсінбегенін білдіреді. Мысалға, Л.Н.Гумилев: “Сол ескі молалардан шығысқа қарай қалай болса солай қашалып, түбі жерге көмілген балбалдар тізбегі созылады. Бұл - марқұмның ерлігіне орнатылған ескерткіштер. Әрбір балбал оның өлтірген жауының сүлбесін бейнелейді. Көптеген молаларда мұндай тастар жоқ. Сірә, ол жерлерге әйелдер мен балалар өлігінің күлдері көмілген болуы керек”,–деп тұжырым жасайды(12, 258-б.).
Л.Н.Гумилевтің “әрбір балбал оның өлтірген жауының сүлбесін бейнелейді”,– деген сөзі өте орынды. Бірақ, оның “ескі молалардан” деген сөзі орынсыз айтылған. Екіншіден, көне түркілер мола басына балбал тастар қоймаған. Өлік күлін суға шашып, ағызып жіберсе, қайтыс болған адамның жерленген орны бола ма? Ресей ғалымы Л.Р.Кызласев көне түркі жазба ескерткіштері айналасындағы балбал тастарды жерленген батыр, бектердің өлтірген адамдарының бейнесі, саны деген тұжырым жасады(13, 206-б.). Ол да балбал тастарды қабыр басына орнатылған белгі есебінде санады.
Орхондағы көне түркі жазба ескерткіштері мен кешендеріндегі балбал тастар тізбегі - сол жазба ескерткіш арналған қаған билеушісінің немесе қаған әскер қолбасшысының жаумен шайқаста өлтірген дұшпанының санын көрсетеді. Балбал тастар тізбектері сондай мақсатта орнатылған белгілер екенін Орхондағы тасқа түсірілген жазба ескерткіштер мәтінін оқығанда айқын көз жетеді. Мысалға, Күлтегінге арналған жазба ескерткіштің 25-ретпен белгіленген бөлігіне назар аударайық, сол бөліктің тастағы негізгі мәтіні мынау:
Мұны қазақшаға аударғанда: Менің ағам - билеуші құрметіне,
Қырғыз қағанын бас етіп
балбал тізбесін орнаттым,
балбалын мен орнаттым,
Сонда түркі халқының аты
және даңқы өшпесін деп
Менің әкем қағанды,
Менің шешем - қатынды,
Жоғары көтерген Тәңірі,
Ханға мемлекетті беретін Тәңірі,
Түркі халқының аты және
даңқы өшпесін деп.
Менің өзімді ойлау керек,
Қаған етіп отырғызды,–
деген жазба жолдары шығады (10, 226-б.)..Осы циклдағы: “Менің ағам - билеуші құрметіне, қырғыз қағанын бас етіп, балбал тізбесін орнаттым”,–деген сөзді айтып отырған түркі қағандығын орнатуда ерлік көрсеткен, қырғыз қағанын жеңген батырдың бауыры. Мұны тасқа түсірген дарынды тұлға, қаған Иоллығ тегін. Өйткені, Күлтегінге арналған тарихи дастанды туғызған сол. Оған осы жазба ескерткіштің ең соңында: “Тасқа жаздым. Иоллығ Тегін” деген сөз дәлел бола алады (10, 234-б.), әрі бұл шығарманы жасаған ақын қырғыз қағанын бас етіп балбал тізбесін орнатқандарын өзінің туыстары атынан айтып отыр.
Тағы да ақиқатқа көз жеткізуді қажет ететін нәрсе - Күлтегінге арналған жазба ескерткіштің 25 ретпен орналастырылған бөлігіндегі балбал тізбесіне қатысты сөзді белгілі ғалым Ғ.Айдаров өзгешелеу етіп аударыпты. Талдап көрсетсек, 25-ретпен белгіленген бөліктегі жазудың бірінші жолының оқылуы “Башлауи кыркыз қағанығ” деген сөзден басталып, әрі қарай жалғасады. Мұнда қырғыз қағанының балбалы бас етіп қойылғаны анық мәлімденіп тұр. Ғ.Айдаров осы бөліктегі бірінші жолды: “қырық аз қағаннан бастатып балбал қойдым” деп аударып, әрі қарай жалғастырады (14,176-б.). Оқырманды жаңылыстырмас үшін ақиқатын білдіруді қажет десек, мәтіндегі сөз “қырғыз қағанын” деген мағынаны айқын танытады, сол тастағы негізгі мәтіннен “қырық аз қағаннан” деген сөзді шығару қиын, қалай айтса да ондай сөз құралмайды.
Ресей ғалымы С.Е.Малов осы сөзді: “Тізбектің басына қырғыз қағанының балбалы қойылды”,– деп аударыпты (15,39-б.). Бірақ, ол балбал тасты мола басына қойылатын белгі деп ұққан. Сонымен дәлелдеу, салыстырудан туған ой-пікірлерді қорытып, Күлтегін жазба ескерткішінің 25-жазба бөлігінің бірінші жолында қырғыз қағанының балбалы тізбектің басына қойылғаны жөнінде жазылған деген тұжырым жасалынды.
Орхон бойындағы түркі қағандары мен әскер басшыларына арналған жазба ескерткіштердің айналасындағы балбал тастар тізбегі сол жазба ескерткіш арналып орнатылған көне түркі бектері мен батырларының өлтірген жауының тізбегі екенін Л.Н.Гумилевтің Күлтегін ескерткіші жөнінде деректерді баяндай келіп: “Ескерткішке қарай цайдамдық1 тұзды көлден бастап тұтас 3 шақырымға балбалдар тізбегі созылады. Біздің кезімізге дейін 169 балбал бүтін қалыпты, бірақ олар бұдан да көп болған сияқты.
---------------------------------
1.”Цайдамдық” – Күлтегінге қойылған ескерткіш орналасқан Кошо-Цайдам таулы жотаны мегзейді.
Кейбір балбалдар адамның тұрпайы сүлбесіне ұқсатылып қашалған, қолдары мен белі белгіленген Қазылған ордың бойымен шығысқа қарай балбалдың екінші тізбегі тартылады, бұл Ииелдің2 олар қорған дуалын айнала қоршап тұрған деген жорамал жасауына дәлел болды. Алайда, бұлар бәрінен де осында бұрын жерленуі мүмкін басқа марқұмға қатысты тізбек болар деген ой келеді”,–деп жазғанындағы үш шақырымға созылған балбалдар тізбегі айғақтай түседі(12,329-б.).
Елін, жерін ата жаудан қорғауда дұшпанына деген өжет өшпенділік көне түркі дәстүрінде бағзы заманнан берік қалыптасқан. Сонымен қоса, олар достық туралы келісімге де өте берік болған. Геродоттың: “Скифтердің достық жайлы анты былай түйінделеді. Балшықтан жасаған кесеге шарап құйылып, екі жақтан қатысушылардың қаны тамызылып, араластырып оның үстіне қылыш, садақ оғы, қалқан қойылады да сөз сөйлеп болған соң, екі жақтың мәртебелі адамы қатар тұрып кеседен ішеді”,–деп жазғаны дәлел (6,186-б.). Сондай-ақ, ежелгі мекенін, халқын жаудан қорғауда дұшпанын жеңуді әрбір түркі перзенті басты мақсат санаған. Бұл айтқанымызды Геродоттың скифтердің жауынгерлігі, дәстүрі жөнінде баяндай келіп: “жауын өлтірмей тұрып ешқандай қыз тұрмыс құрмайды”,–деп мәлімдегені айғақтай түседі (16,355-б.). Бұл ежелгі ата-аналарымыздың түркілік рухқа беріктігін, намысын жоғары ұстайтынын, олар отаны үшін жаумен шайқаста ерлік жасағанды ерекше құрметтейтінін танытады. Бабаларымыз кең байтақ жерді осындай жан қиярлық істерімен бізге қалдырған болса керек. Қазақ халқының “жаным - арымның садақасы” деп айтатыны атадан қалған дәстүр жалғастығы екен.
Орхон бойындағы көне түркі руна жазба ескерткіштеріндегі балбал тас тізбегі - батырлар өлтірген жаудың сүлбесі, саны екеніне сол дәу тасқа түсірілген көлемді
жазбадан нақты дәлел келтірейік. Мысалға, Моңғол жеріндегі Онгин өзені бойындағы көне түркі руна жазба ескерткішіндегі үшінші ретпен орналастырылған бөліктегі жазуды қазақшаға аударғанда онда:
[Олардың] алып ерлерін жаулары
Балбал етіп қойыпты.
Түркі халқының аты жоғалуға тақалыпты,–
«Түркі халқы жетімсіремесін, жоғалмасын,
Құрбан, жем болмасын» деп
Көктегі Тәңірі жарылқапты,–
деген жыр жолдары тасқа түсірілген (10, 386-б.). Қысқасы, бұл шумақта табғаштардың (қытай) түркі батырларын өлтіріп, қорлап балбал етіп қойғаны айтылып, түркі жұртының намысын ояту көзделген. Орхон бойындағы әйгілі жазба ескерткіштер мен қатар табылған бақатас мүсіндерінің қандай мақсатта жасалғаны жайлы да ақиқатты айтудың қажеттігі туып отыр. Бұл бақатас мүсіндерді дәу жалпақ әрі өте қалың, мықты тастардан қашап жасаған.
Сол бақатастың ортасында, яғни арқасында төрт бұрышты етіп ойған терең ұңғы бар. Осы көне заманнан жеткен мәдени ескерткіштерді жасаған мүсіншінің шеберлігі сонша, алып бақатас - аса ғажап үлкен тірі тасбақа сияқты танылады. Бақатастың арқасындағы ойық ұңғыны көргеннен кейін еріксіз, бұл мәдени ескерткіштерді алтыннан жасалған асыл бұйымдар мен қымбат қазыналар және теңгелер салатын дәу мүсінтас деп жорамалдауға болады. Орхондағы көне түркі руна жазба ескерткіштері орналасқан жерден табылған әлгіндей алып бақатастар зор күшпен сындырылып, бөлшектелінген. Неге? Шынында да, Орхондағы көне түркі мұраларын көріп қызықтаған саяхатшылар және зерттеушілер бұл бақатастарды түркі қағандары мен билеушілерінің мол қазыналары салынған қойматас деп ойлаған болуы керек. Сондай дүниеқорлық ниетпен алып бақатастарды күшпен қиратқаны білініп тұр. Ақиқатында, бұл дәу бақатастар қандай мақсатта жасалынған? Қытай халқында және көне түркі тайпаларында тасбақаны бағзы заманнан аса қасиетті жанды жаратылыстың бірі санайды. Соған сәйкес, ертеде бұл аталған елдерде тасбақаны киелі санап, еркін өмір сүруіне мүмкіндік жасайды. Қытай халқы атам заманнан өздері табынған наным, сенімінің, жаратушыға жалбарынудан, табиғат құбылыстарын бақылаудан туған болжам, өмір сүру қағидаларын тасбақаның қалқан сүйегіне тағзым етіп, соған қарап отырып туындатқан.
-----------------------------------------------------
2.Ииел – Орхон бойын зерттеушілердің бірі.
Себебі, тасбақаның қалқан сүйегін көктегі тағзым етер құдіреттермен байланыстыратын сиқырлы күш иесі санаған.
Қазақ халқының ежелгі дәстүрінде тасбақаны сондай ұғыммен қасиет тұтады. Мысалға, тасбақаның аузында тістеп тұрған шөпті алған немесе көрген адамның барлық арманының орындалуына кең жол ашылады екен. Соған сәйкес, тасбақаның желеп-жебеуімен мақсат, арманына жеткен адам - көктегі жарылқаушы күштің қамқорлығындағы құдірет дарыған жан болып есептелінеді. Ондай “жарты құдай” атанған адамдар өмірде сирек ұшырасатын болған. М.Мағауин қазақшаға аударған Конфуцзы даналығы жазылған кітапта: “Тасбақа ежелгі қытайда қасиетті саналатын, ал үлкен тасбақа ұстауға қатардағы ұлықтың дәрежесі сәйкеспейді”,–деп айтылған сөзде елеулі сыр жасырылған (17, 57-б.). Шығыс халықтарының ішіндегі ежелден көрші, өзара байланыста болған елдердің бірнешеуі және көк түріктер тасбақаны киелі жаратылыстың бірі деп ұғып, абыройы мен даңқы аспандаған хан мен өте атақты батырларға тасбақа үстіне қондырған мәңгілік ескерткіш орнатқан.
Бұл ұзақ зерттеп, саралаудан қорытылған тұжырымымызды түркітанушы Қ.Сартқожаның: “І. Тәңір текті байырғы түріктердің хан әулетіне (Ашина) арналған киелі орын кешендер. Олардың басқа киелі кешендерден бірнеше айырмашылығы бар. а). Мәтін жазылған ұстын тасбақаның үстіне орнатылады. г). Бұндай кешендердің құрылысы, бітімі басқаларға қарағанда салтанатты, сәулетті. Бұған Күл-тегін, Білге-қаған, Тастар-қаған, Ел-етміш қаған, Қапаған қаған кешендері жатады. ІІ. Ұмай текті Ашиде әулетіне арналған кешендер. Оларға Туй-ұқық, Күлі-чор, Онгин т.т.с.с. кешендер жатады. Ерекшеліктері төмендегідей. а). Мәтін жазылған тас ұстынды тасбақа емес, жалпақ тасқа қашап ұңғы шығарып орнатқан. Ашина әулетіне қойылған кешендерден жұпынылау, салтанат сәулеті пәс келеді”,– деп жазған сөзі бекемдей түседі (9, 295-296-б.).
Жоғарыда келтірген үзікте көрсетілгендей, түркі мемлекетін орнатушылар, Ашина әулетінен шыққан, атақты қолбасшы, қағандар Күлтегін, Білге қағанға арналған жазба ескерткіштер арнайы жасалған (ортасы төрт бұрышты етіп ойылған) бақатас мүсіні үстіне орнатылды. Демек, жазба ескерткіш қондырылған бақатас мүсіні бек, хандардың асыл қазынасын салатын бұйым тас емес. Түркі дәстүрі бойынша жазба ескерткіш арналған тұлға табиғаттың киелі жаратылысы тасбақаның жебеуімен көктегі жалғыз жаратушы Тәңірге қарай жақындап, соның қамқорлығына бөленеді, ақыры ол дүниеден өткенде Тәңір қасына қарай ұшып кетіп, мәңгі жасайтын құдіретке айналады. Көне түркілерден қалған кез-келген жәдігерлер Тәңірлік дін қағидасы негізінде философиялық терең ойлылықта жасалынған. Көне түркілердің табынған дінін және олардың бекем қалыптасқан дәстүрін жете білмегендіктен Орхон бойындағы баба мұраларын зерттеген саяхатшы, ғалымдар мәңгілікке орнатылған жазба ескерткіштерді өзге де жәдігерлерді қиратып, қасіретті көріністерді алға тартты.
Қазақ ғалымдары Орхон бойындағы көне түркі руна жазба ескерткіштерінің ішінен Күлтегін, Тоныкөкке арналған мәдени мұраларды танып білуге, зерттеуге көңіл бөлді. Мысалға, Ғ.Айдаров Күлтегінге арналған жазба ескерткіштің фонетикалық, лексикалық және грамматикалық ерекшеліктеріне талдау жасады. Профессорлар Х.Сүйіншәлиев, А.Аманжолов, Қ.Сартқожалар Орхон жазба ескерткіштері туралы өз еңбектерін жазып, оқырмандарына ұсынды. Көне түркі руна жазба ескерткіштерін зерттеуге бет бұрған қазақ ғалымдары көбіне тастағы жазуға ғана назар аударып, көне түркі руна жазуы қазақ халқына да ортақ мұра екенін дәлелдеуді ниет етіп, қағандық кезіндегі атақты тұлғалардың атынан арнайы дайындалған немесе өздері жазған биік тастарға түсірілген көлемді жазбалардың концепциясына онша назар аудара бермеді. Сөйтіп, тастағы руна жазбалары жөнінде шетел зерттеушілері ұйғарған тұжырымды қайталауға барды.
Қысқасы, бұл бағытта жұмыс жасаған қазақ ғалымдарының бәрі дерлік Орхон бойындағы көне түркі руна жазба ескерткіштерін : “қабыр басына қойылған құлпытас” деп атады. Мысалға, “Түркістан халықаралық энциклопедия” атты еңбекте: “Күлтегін (684-731) батырдың ерліктері туралы құлпытастарға қашап жазылған қаһармандық дастан. Күлтегін батырдың қабіріне қойылған үлкен-үлкен екі құлпытастағы құпия жазуларды көпке дейін түрколог ғалымдар да оқи алмай келді”,–деп жазылған (18,374-б.). Тағы да осы еңбекте: “Тоныкөк жазуы. Бұл жырдың мәтіні бедерлеп жазылған құлпытасты ХІХ ғ-да Солтүстік Моңғолиядағы Селенга өзені бойынан тапқан ағайынды Клеменцтер еді”,–деген тұжырым жасалынады (18, 580-б.). Профессор М.Жолдасбеков: “731 жылы Күлтегін қайтыс болды. Батырдың азасына ат қойып ел-елден келген көңіл айтушыларда есеп болмаған. Батырлығының куәсі ретінде оның басына мәңгілік ғажап ескерткіш орнатылды. Көп кешікпей, 734 жылы дүниеден Білге қаған да өтеді. Таққа отырған Иоллығ-тегін әкесі Білге ханның басына зәулім ескерткіш орнатады”,–деп мәлімдеді (19,22-б.). Ал профессор Н.Келімбетов: “Бұл дастан жазылған үлкен құлпытас Күлтегін батыр зиратының басына қойылған”,–деп айтпақ ойын айғақтап білдіреді (19, 65-б.). Бұл орайда біздікі біреуді мұқату немесе білгірсіну емес, қазіргі көшіріп алуға икемді кейбір ізденушілер жазылған еңбектің әр жолына ойлылықпен қарап, соны әрі қарай жалғастыра зерттеп, ғылымға өз үлесін қосуға талпынса деген ниет. Әрі қабырға тастарға түсірілген көне түркілердің Орхон бойындағы мұралары қандай мақсатта жазылғанын білдіру.
Көне түркі руна жазба ескерткіштерін тауып, оқып жария етуде, әрі қарай зерттеуде тарихи оқиғаға айналған бірнеше жетістіктер бар. Біріншісі, фин ғалымдары Енисей бойындағы және Алтай өңірінен кездескен тасқа жазылған мәдени ескерткіштерді зерттеуге өзгелермен салыстырғанда үлкен ынтамен кірісті. Себебі, биік тастарға жазылып, көрнекі жерге рәсімдеп орнатылған, қай халықтың мұрасы екені белгісіз бұл мәдени ескерткіштерді олар еретедегі фин-угорлардан қалған рухани мұра болар деп ойлады. Осындай зор үміт құпиясы ашылмаған жазба тастарды шапшаң әрі сапалы зерттеуге тікелей негіз болды. Сондай мақсатпен Хельсинкиде арнайы фин-угор қоғамы құрылды. Оған білікті мамандар, ірі ғалымдар тартылып, көне мұраларды жан-жақты қамтып, толымды жұмыс жүргізетін экспедиция құрамы жасақталды.
Олар Енисей, Алтай бойын аралап жазба ескерткіштерді тауып жария ете бастады. Хельсинкидің шығыстанушы мамандарының ғылыми зерттеу жұмысы өз жемісін көрсетті. 1889 жылы фин ғалымы Отто Доннер (1835-1909) басқарған арнайы жасақталған экспедиция Енисей жазба ескерткіштерінің тұңғыш атласын жасап, әлем ғалымдарының назарына ұсынды. Одан кейін финляндиялық көрнекті ғалым Аксель Олай Гейкель (1851-1924) жетекшілік еткен экспедиция Моңғол жеріне 1890 жылдың май айында барып, сол елдегі бірнеше аймақтағы мәдени ескерткіштерге кешенді зерттеу жұмысын жүргізіп, мол материал жинап, тиянақты, іскерлікпен атқарылған істің қорытындысы бойынша А.О.Гейкель басқарған экспедиция 1892 жылы әлемде бірінші болып Орхон атласын жария етті.
Көне түркі руна жазба ескерткіштерін тауып, оқып, жария етуде Ресей ғалымдарының да қосқан үлесі зор. Атап айтқанда, фин зерттеушілерімен бәсекелесе жұмыс жүргізген, В.В.Радлов басқарған экспедиция фин ғалымдарының ізін баса, 1892 жылдың аяғында “Көне замандағы Моңғол атласы” деген атпен Орхон жазбаларының атласын жасады. Әрине, бұл жұмыс бұдан кейін де әрі қарай жалғастырыла жүргізілді. Шын мәнінде, В.В.Радлов басқарған экспедиция “Көне замандағы Моңғол атласы” атты көлемді жұмысты 1892-1899 жылдары толық аяқтап, жария етті. Бұл атқарылған сан-салалы жұмыстар Орхон өзені бойындағы тасқа түсірілген көптеген жазба ескерткіштердің құпиясын ашуға септігін тигізді. Дания ғалымы, Копенгаген университетінің салыстырмалы тіл білімі кафедрасының профессоры Вильгельм Томсен (1842-1927) Орхон бойындағы тасқа түсірілген жазуды ұзақ уақыт сарқыла зерттеп, жазу сырын тауып, құпия алфавиттің қисынын келтіріп оқып шықты. Ол осы ашқан ғылыми жаңалығын 1893 жылы 25 қарашада Данияның Корольдық Ғылым академиясы президиумының алдында баяндап, Орхон бойындағы мәдени ескерткіштер - көне түркі алфавитімен жазылған түркі мәдени мұралары екенін жария етті. Осылай, көне түркі жазуы ежелгі дәуірде туып, дамығандығы әлемге мәлім болды.
Осы орайда, көне түркі қағандығы тұсындағы дәу қабырға тастарға түсірілген көлемді жазбалар неге Орхон аймағына шоғырланған, сол жазба ескерткіштерде “Өтүкен” жері үшін болған соғысқа неге ерекше мән берілген деген сұрақтар ойға келуі мүмкін. Ерте заманнан халықтар көбіне өзен бойларын, тұрмысқа ыңғайлы жерлерді мекендеді. Мәдениет адамдар шоғырланған жерде туып, өркендейді. Орхон өзені бойында “Өтүкен жері” сондай өмір сүруге ыңғайлы аймақ болған. Біздің ежелгі бабаларымыз Ғұн мемлекеті (б.з.б. І-ғасырда) сол Орхон, “Өтүкен” өңірін мекендеп, мемлекет ордасы етті. Одан кейін Сянби, Тоба, Жұжан патшалығы қоныстанды. Тарихтағы үлкен оқиға - б.з.VI-IX ғасырларда осы өңірде Түркі империясы құрылып, орнады, мемлекет ордасы “Өтүкен” жері болды. Түркі мәдениетінің алтын ғасыры сол өңірден бастау алды.
Пайдалыналған әдебиеттер тізімі
Авдиев В.И. История древного востока. М: Огиз, 1948.– 583 с.
Бахти А. Шумеры, скифы, казахи. Алматы: «Кочевники», 2002.–215 с.
Авеста. Иранның ежелгі гимндері мен мәтіндері. 1-2 томдар. Тегеран: «Морварид» баспасы, 1375 (һиджра бойынша), 1997 ж.
Быков Ф.С. «Зорождение общественно-политеческой и философской мысли в китае». М: Наука, 1960.–240 с.
Переломов Л.С. «Конфуций «Лунь юй». М: вост.лит-ра, 1998.–588 с.
Геродот. История. Избранные страницы. С.Петербург «Амфора». 1999.
Ядринцев Н.М. Предварительный отчет о поездке с археологической и этнографической целю–Известия ВСОРГО, Иркутск, 1889 г. Т..ХХ № 4.
Клеменц Д.А. Письма на имя академика Радлова,–СТОЭ. Вып.1, СПБ, 1892. с.13-23. Прил.1.
Сартқожа Қ. Орхон мұралары. Бірінші кітап. Астана: «Күлтегін» баспасы, 2003,–392 б.
Еңсегенұлы Т. Көне түркі руна жазба поэзиясы. Екінші кітап. Алматы: Білім, 2008.–409 б.
Карауулу Ө. Көне түріктер тарихы. Бишкек: 1994.–190 б.
Гумилев Л.Н. Көне түріктер. Алматы: Білім, 1994.–502 б.
Кызласев Л.Р. Означение термина балбал древнетюркской надписей,–ТС, М –Л: 1966, 206 с.
14. Айдаров Ғ. Күлтегін ескерткіші. Алматы: Ана тілі, 1995.
15. Малов С.Е. Памятники древнетюркской письменности. М–Л: АНСССР, 1951.
16. Геродоть. Исторія въ девяти книгахъ. Том 1. М: 1888.
17. Конфудзы. Кеңес пен талғам. Алматы: Қайнар, 2001.–220 б.
18. Түркістан халықаралық энциклопедиясы. Алматы: 2000.–286 б.
19. Жолдасбеков М. Асыл арналар. Алматы: Жазушы, 1986.–326 б.
20. Келімбетов Н. Көркемдік дәстүр жалғастығы. Астана: Елорда, 2000.–286 б.
Орхон жазбаларының ашылмаған ақиқаты
Моңғолия жеріндегі Күлтегін, Тоныкөк, Білге қаған, Күлі-Чүр жазба ескерткіштерін зерттеуде кейбір Еуропа ғалымдары көне түркі дәстүрін, салтын жете білмегендіктен нанымсыз пікір, пайымдаулар жасаған. Соның салдарынан Орхон бойындағы жазба ескерткіштердің тұрған жері, айналасы қазылып, мәдени мұралардың бүлінуіне апарып соқтырған. Осы зерттеуде Орхон бойындағы жазба ескерткіштердің өзіндік ерекшелігі, сыр-сипаты шынайылықпен ашылып, ғылыми тұжырымдар жасалынады.
Орхон жазбаларының бүлінуіне себеп болған ең негізгі жәйт – шетел саяхатшылары мен шығыстанушылар тастағы түркі руна жазба ескерткіштерін «Қабыр басындағы құлпытас» деп ұйғарым жасап, түркі қағандары мен бектері қымбат мұраларын өздерімен бірге көмеді деп есептеп, жазба ескерткіштердің астын қазған.
Бұл еңбекте Орхон бойындағы көне түркі руна жазба ескерткіштері – түркі қағандығын орнатудағы жорықтар жайлы жазылған дастандар екені дәлелденеді. Мақалада көне түркі руна жазуы Шумер, Қытай, Көне Египет жазуларымен жалғаса туғандығы ғылыми негізде мәлімденеді.
Нераскрытая истина Орхонских надписей
Некоторые европейские ученые в силу того что недостаточно были знакомы с древнетюркскими традициями, сделали невероятные выводы. В результате места, где расположены Орхонские письменные памятники были раскопаны, что привело к порче культурного наследия. В этой статье показаны своеобразные особенности Орхонских письменных памятников, сделаны научные выводы.
Достарыңызбен бөлісу: |