Төлен Әбдіковтің «Оң қол» әнгімесіндегі негізгі идея



Дата23.12.2021
өлшемі30,23 Kb.
#127891
Байланысты:
tlen-bdkovty-o-ol-gmesn-negzg-ideyasy
be191e8e-8e30-11e3-8e6b-f6d299da70eeУМКД для преп Теор и мет муз иск, ББЖБ №1 11-сынып әдебиет ҚГ, ББЖБ №1 11-сынып әдебиет ҚГ, ББЖБ №1 11-сынып әдебиет ҚГ, ББЖБ №1 11-сынып әдебиет ҚГ

Төлен Әбдіковтің «Оң қол» әнгімесіндегі негізгі идея
Даланың дархан мінезін көкірегіне ұялатқан, қаламының жүрген ізінен жылулықтың лебі есіп тұратын Төлен Әбдіктің шығармаларын оқымау мүмкін емес. Төртінші курста оқып жүрген шағында-ақ жас жазушылардың тырнақалды туындылары енгізілген «Таңғы шық» шығармалар жинағына Төлен ағамыздың

«Райхан» әңгімесі де енгізілген екен. Осыдан бастап, Төлен ағамыз қалың жұртқа қаламгер ретінде танылған болатын [1,5]. Әдебиет атты асыл сөзбен тізілген әлемінің табалдырығын аттауға куәлік алған алғашқы шығармасымен-ақ қаламгер жұрт күтпеген тосыннан сұрақ қоя қалың қауымды бір сілкінткендей болды,ұйқыдағы сананың оянуына біршама әсер еткен еді.

Төлен Әбдікұлы жазу үшін ғана жазатын жазушы емес, жазбауға болмайтын халге жеткенде жазатын жазушы. Негізгі тақырыбы – адамзат мәселесі. Қазақ әдебиетіндегі көркем сөз шебері М. Әуезов «Заман шарты» деген мақаласында: «біз адамның сыртқы ісін көп баяндап,оның ішкі дүниесіне аз үңілеміз,образды даралау,характер дәрежесіне жеткізу үшін психологиялық талдауға көңілді аса бөлген жөн», - депті. Ф.Достоевскийше айтсақ : «Адам дегенiмiз – құпия. Бүкiл ғұмырыңды осы құпияны шешуге сарп етер болсаң, уақытымды босқа өткiзiп алдым деп өкiнушi болма. Мен осы құпияны шешуге тырысамын, өйткенi адам болғым келедi» деп жазған ұлы жазушы өмірінің соңына дейін адам құпиясын ашуға тырысты. Сол секілді Төлен Әбдікұлы да адамның ішкі жан толғанысына, сыры ашылмаған жұмбақтарына басты назарын аударды.

Адамның санасында екі тұлғаның өмір сүруін, оның ішкі жан сарайында ұйқыда жатқан әлдебір сезімдердің бой көрсетуін өз қаламында суреттеген. Ойлап қарасаңыз, қазақ әдебиетінде адамның екі ұдай күйге енуі туралы әуел бастан бар құбылыс.Тіпті қасиетті «Құран» кітаптың өзінде адамның екі иығында екі періште отыратыны, оң жақтағысы оң істерді, сол жақтағысы кемшіліктеріңді жазып отыратыны баяндалады.



Төлен Әбдікұлының қаламынан туған дүниелерінің ішінде ерекше назар аудартатын, бітім-болмысы басқаша суреттелетін «Оң қол» әңгімесі. Бұл шығарма дарынды жазушының дүйім жұртқа танылуына әсер етті. Бұл «Оң қол» әңгімесі негізінен сюрреалистік бағытта жазылған туындыға келеді. Яғни сюрреализм дегеніміздің өзі – француздың «шындықтан жоғары көрініс» деген сөзі. Бұл атауды алғаш қағаз бетіне түсірген ақын Гийом Аполлинер «Тирезияның кеудесі» драмасы арқылы ХХ ғасырдың басында Франция поэзиясындағы сюрреализмнің негізін қалаушы ретінде есімі алтын әріппен тарихта қалды. Көркем шығармаларда сюрреалистік образдар өзінің оқырман қауымынының бойына қорқыныш сезімін ұялата отырып терең ойға батырады. Сюрреалистердің тағы бір ерекшелігі, кейіпкердің сандырақтап, түрлі түстер көруі арқылы қоғам алдында келе жатқан дағдарыстарды оқырманға қорқыныш пен үрей арқылы да жеткізуге де тырысады. Задында, бұндай шығармаларда көңіл жадыратып, көңілді бір сезімге бөлемейді. Керісінше, оқып болғаннан кейін оқырманның көңіліне ауыр ойлар қалдырады. Егер қаншалықты қорқынышты болса, ол соншалықты әсері мықты болмақ. Шығармалардағы тартыстар кейіпкерлердің ізгі қарым-қатынасына құрылмайды, кейіпкердің іштей екіге жарылуына, өзімен өзі айтысуына, кеңесуіне негізделеді. Кейде осы психологиялық тартыс өз кемеріне жеткен кезде кейіпкердің өзін өзі жоюына алып келеді. Нақтылай айтқанда, адамның өз ақыл ойы мен дене мүшелерері өз ырқына бағынбай, үрейге салынып, ақыр соңында өз өзіне қол жұмсауға алып келеді. Сюрреалистік шығармалардың соңында кейіпкердің асылып, буынып өлетіні сондықтан болса керек [2, 253-255]. Оған осы Төлен Әбдіковтің «Оң қол» әңгімесіндегі Алма образы дәлел.
Әңгіме адам жанының сан алуан екенін көрсетеді. Әңгіме жас дәрігердің айтуынша суреттеледі. Басты кейіпкері Алманың тағдыры кім-кімді болсын бей-жай қалдырмасы анық. Жас дәрігер өзіне ғылыми нысан табылғанына қуанады. Ауруды бақылауға күнделік арнайды. «Оң қол Алмаға терең қалың ұйқы құшағында енгенде шабуыл жасайды. Яғни қанша түсініксіз болғанымен, өзін-өзі өлтіру ниеті қыздың миында бар деген сөз. Бірақ ол ниет кімнің ниеті, қайдан келген. Алманың бүкіл өткен өмірін, мінез-құлқын, адамдармен қарым - қатынасын зерттей келіп, мұны өз басынан туған ниет деуге себеп таба алмадым. Бұл қалайда қанмен, тұқым қуалап келген деген ниет деуге болмайды. Науқастың шешесі, иә әкесінің әкесі бір кезде өзін - өзі өлтірмек болған. Енді олар әлде бір құпия заңдылықпен Алманың санасында тұрып, өздерін - өздері өлтіргілері келеді. Бірақ олардың өздері жоқ. Сананың иесі қыз өлуге тиісті» [3,317].
Бұл сырқат аз да болса, өмірде кездеседі екен. Оны медицинада дененің екі жарылуы десе, әдебиеттануда адам ішіндегі адам деген тәсілді жазушы өте ұтымды пайдаланған. Шығарма сюжетін берудегі қаламгер шеберлігі керемет. Бұл адам бойындағы қос қасиеттің тартысқа түсіп, оның бірде – бірі, бірде - екіншісі жеңіліске ұшырап отыратын психологиялық құбылыс.Адамның ішкі жан дүниесіндегі қарама қайшылықтар мен үйлеспеушіліктердің психологиялық көрінісін сипаттаған.
Бақылаудың нәтижесінде Алманың ауруының беті қайтқандай болады.Күндізгі уақытын үнемі кітаптар оқумен өткізеді. Жалғыздық жас қыз Алманың серігіне айналды. Алманың жалғыздығы рухани жалғыздық еді.

Дәрігер жас қызды бақылай жүріп, аурухананың бас дәрігеріне нақты дәлелдерін көрсете келе Алманың оң қолын кесуге ота жасауға рұқсат алады.Алайда, өкінішке орай сол түні зұлымдық жасайтын оң қолы өзін-өзі буындырып, өлтіріп тынады.

«Оң қол» әңгімесінде Төлен Әбдікұлы адамның санасында өзінен тыс бір тылсым күштің иесі барын анықтайды. Сондағы тылсым күшіміз қандай күш? Ол күштің ниеті қандай? Жақсы ма, әлде жаман ба? Осы сөзіме тағы да дәрігердің әңгімесін тиек етсем: «Рас, адамның өз денесінің өзіне жау болғаны – бақытсыздық. Бірақ адамның өзіне-өзі жаулығы соншалық сирек оқиға ма? Сот залына барып айыпталған адамдардың қателіктерін тізіп көріңіз, бәріне де өздері кінәлі. Кісі өлтіруден бастап, ұрлық істеу, арақ ішіп төбелесу, әйел зорлау, адамды балағаттау, содан кейін түрмеге түсіп, өмірін қор қылу өзіне - өзі жаулық жасау емес пе? Адам бойындағы әзәзілдің жаңағы оң қолдан несі кем?...».

Сондағы бұл жерде қаламгердің дүйім жұртқа айтпақ болған негізгі ой не жайында, әңгімесінің негзігі идеясы қандай? Ал идея дегеніміз не? Идея деп – автордың айтайын деген түпкі ойын, негізгі мақсатын, басты мұратын айтамыз.


Төлен Әбдікұлының субьективті идеясы бойынша, жалпы адам қауымының ойынша біз тек сыртқы істерімізге жауап береміз, яғни қандай да болсын жаман әрекет, құқықтық нормаларға қайшы келетін іс істесек оған жауапты Сыртқы Істер Министрлігі, сот секілді нәрселер бар. Ал адамның ішкі ойында ешкімнің шаруасы жоқ. Мен іштей не ойласам да өз еркім деп ойлайды. Егер біз бұлай ойласақ, қатты қателескен боламыз. Неге? Себебі, егер ішкі ойымызға дұрыстап жауап бере алмасақ, сыртқы ойымызға алаңдау әурешілік. Ішкі сезім, ой, жан дүние атаулы тазармай сыртқы әрекетіміз, әлеміміз ешқашан да тазармайды. Алманың бойындағы өзін-өзі өлтіру ойы да осы...

Қазақ драматургиясын зерттеген белгілі ғалым Р.Рүстембекова «Оң қолды» тіпті фантастикалық шығармалар қатарында атап өтеді. Зерттеуші: «Өмірде дәл сондай жағдай болды ма , жоқ па, мәселе онда емес, өмірде болғандай етіп сізді сендіруі – міне әңгіме түйіні осында жатыр... Жазушы жас қыздың оң қолының өзіне қастандық жасауын үлкен дерт ретінде бейнелеуінде символдық астар жатыр. Өмірдегі зұлымдық атаулыны адам өз қолымен көбіне саналы түрде істейтінін айтып , жазушы оны қоғамдық үлкен дертке ұштастырады» дейді[4, 86].


Жазушы – драматург Жолтай Әлмашұлының пікірінше, егер біз жазушының ойына терең мән беріп қарасақ, мәселе қыздың өзін-өзі буындырып өлтіруі емес, бұл қоғамға төніп тұрған қауіп. Адамдардың өмірдің бұралаң қалтарыстарынан алжасып, өзімізге-өзіміз қол жұмсап жүрген жоқпыз ба дегенге саяды.

"Оң қолдағы" оң қолы өзін буындырса, сол қолы араша түсетін Алма психологиялық шығармадағы тиынның екі беті секілді кейіпкер. Бұл әңгімеде өмірде арпалысып жататын жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық, өмір мен өлім арасындағы тартыс тартымды суреттеледі.


Амангелді Кеңшілікұлы бұл әңгімеге мынадай баға бергендей, шын мәнісінде әңгімедегі оң қол да, бір адамның бойында өмір сүретін «қостұлғалық та» зұлымдықтың сыртқы сипатын көрсету үшін таңдап алынған символдық белгілер ғана. Бірақ әңгімедегі нағыз қылмыскер олар емес. Нағыз қылмыскер ақылға бағынғысы, ештеңені тыңдағысы келмейтін – адамның санасы. Қылмыскерді жазаға тартуға болады, ал адамның санасында жасалып жатқан зұлымдықты ауыздықтайтын амал бар ма?
«Оң қол» әңгімесіндегі кәмелет жастан енді асқан қыздың арғы аталарының бірінде өзін-өзі өлтіру жайлы суық ой болған. Бірақ ол ой шын мәнінде жүзеге аспай, генетикалық ақпарат арқылы біршама жылдар шамасында қыздың жадында жаңғырған. Әңгіменің ақыры қыздың қолы арқылы өзіне өзі қастандық жасауымен аяқталады. Осы жерде қыздың өзіне қолы арқылы қастандық жасауында жазушы бір астарлы ой тастап тұрған тәрізді. Неге десеңіз, барлық әрекеттің бастауы ой, ал сол ойды жүзеге асыратын қол емес пе? Ақыры Алманың санасындағы зұлым ой өз дегеніне жетіп тынды емес пе?!
Жазушының обективті идеясы, адамзат баласы «қолда барда алтынның қадірін біл» дегенге саяды. Яғни, деніміздің саулығында, санамыздың ешқандай ауытқуының жоқтығында тек жақсы нәрселеді ойлап, жақсы әрекет істеп адамдық қалыпты сақтау.
«Оң қолдағы» түпкі идея – адамның ішкі ой әлеміндегі жауапкершілігі. Өмірде ештеңе із-түссіз жоғалып кетпейді. Адамның физиологиялық ерекшеліктері, түрі, мінезі өзінің ұрпағына қалады. Әкесін көрмеген балалардың мінез-құлқы, сөйлеген сөзі әкесінен айнымай қалып жатады. Адамның өзін өзі жақсылыққа рухани тазалыққа ұмтылып отыруы – ұрпақтарының ізгі болуына мол ықпал етеді.
Ғылымды генетикалық жад (память) деген ұғым бар. Жаңа туған жәндік өмір сүру үшін не керек екенін үйретпей-ақ біледі. Жұмырқадан шыққан тасбақаның баласы бірден теңізге қарай жүгіреді. Не істеймін деп ойланып жатпайды. Америка құрлығын он жылдан астам уақытта айналып шығатын көбелектің бір түрі бар екен. Көбелектің он жыл өмір сүрмейтіні белгілі. Әр ұрпақ өзінің мерзімдік ғұмыры біткенге дейін белгіленген маршрутпен ұшып отырады да, тіршілік мерзімі бітер кезде сол жерге өздерінің тұқым-құртын қалдырады. Келесі жылы одан пайда болған жаңа көбелектер қалыптасқан маршруттан жаңылмай әрі қарай ұша береді [5,8]. Өйткені, генетикалық жад арқылы не істеу керек екендігін жақсы біледі. Мұны ғылымда инстинг дейді.

Адам бойында генетикалық жадтың бар екені белгілі. Сенің ішкі әлеміңдегі жақсылық та, жаманшылық та ұрпағыңа қалуы әбден мүмкін. Әңгімедегі Алма да



осындай жағдайдың құрбаны.
Адамды біз сыртқы ісіне қарап бағалаймыз, ал ішіндегі ешкімге көрінбейтін ойлары әркімнің өз шаруасы секілді. Біздің адамгершілік кодексімізде ішкі ойдың жауапкершілігі, ой қылмысы көрсетілмеген. Өйткені адамның ішкі ойлары жасырын жатқан дүние. Ал жаман әрекет қайдан шығады? Жаман ойдан шығады. «Сен тіпті өзіңмен өзің оңаша қалған кезіңде де ешқандай жаман нәрсе айтпа да , жасама да» деп Демокрит айтқандай неге үнемі жақсы ойлауға тырыспасқа?
Сөзімді қорыта айтсам, мына бес күндік жалғанда барлық істің бастауы, қайнар көзі ойдан басталады. Жаман ой, жаман әрекетпен аяқталуға тиісті, жақсы ой - жақсылыққа апарады.. Ендеше үлкен жауапкершілік осы ой арқылы басталуы керек. Егер әрқайсымыз келер ұрпақ үшін жасаған түрлі іс-әрекеттерімізді ойлап, қам жейтұғын болсақ біз өмір сүріп жатқан қоғам руханияты соншалықты өрлей түспек. Әңгіменің негізгі идеясы осы. Жақсылық атаулымен қатар жүретін жаман іс-әрекеттер, зұлымдықтың, қастандықтың негізгі бастамасы, түп-тамыры «ой» болса, ал соны шын мәнінде жүзеге асыратын «қолда» жатыр. Міне, бұл автордың айтпақ болған идеясы.

Пайдаланылыған әдебиеттер:

  1. Алаш айнасы, 23 қазан, сейсенбі 2012 жыл. №188 5 бет

«Оң қолдан» басталған оң жол...

  1. «Қазақ әдебиетіндегі модернизм» Б.Қанарбаева Алматы, 2011 ж.

  2. «Оң қол» Алматы, «Атамұра» баспасы 2002 жыл.

  3. Р. Рүстембекова Қазіргі қазақ әңгімелері. Алматы. Жазушы, 1988/

  4. Нұр Астана, 16 сәуір 2008 жыл. 8 бет

«Оң қол» үнемі жүрегімді жылытып тұрады (мақаласынан).

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет