Қызылорда облысы
Жаңақорған ауданы
Төменарық ауылы
№223 орта мектеп
Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі
Майлыбаева Жадыра
Ұлттық рухани байлық.
Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан -2030» бағдарламасында: «...Біздің жас мемлекетіміз өсіп-жетіліп кемелденеді. Біздің балаларымыз бен немерелеріміз онымен бірге ер жетеді.Олар өз заманының жауапты да жігерлі,білім өресі биік,денсаулығы мықты өкілдері болмақ.Олар бабаларының игі дәстүрлерін сақтай отырып,қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істуге даяр болады... », - деп атай келе, елбасымыз сөйлеген сөзінде: «...Барлық дүние мектептен басталады.Сондықтан әлемдік стандартқа сай жалпы орта білім беретін жүйеге көшіп,педагогтардың кәсіби деңгейі мен жаңа оқулықтар мен біліми технологиялардың сапасын арттыруымыз қажет...» –, делінген.
Оқу мен тәрбие егіз ұғым.Тәрбиенің өзі күнделікті сабақтың әрбір кезінде-ақ оқушы бойына сіңе бастайды.Қазіргі кезде ұлттық тәрбиенің көздері – әдет-ғұрып,салт –дәстүр,шешендік сөздер,ұлағатты қағидалар болып табылмақ.
Ата-бабаларымыз берекелі жерімізді, елімізді жауға бастырмас үшін ерлікпен күресіп,бұл жолда жандарын пида еткен.Әр қарыс топырағы шейіттердің қанымен сусындаған Отанымыздың қадірін білуіміз шарт .Ол үшін ұлт болып жұмылған жұдырықтай болуымыз керек. Ал ұлт дегеніміз- жанұялардан,отбасынан тұратыны бәрімізге аян.Ал отбасы- жеке адамдардан тұрады.Олай болса бір ұлттың күшті болуы,бақыт құшағында өмір сүруі жанұялардың берік болуына байланысты.Отбасының бақытты болуы,отбасындағы жеке адамдардың парасатты іс-әрекетіне қатысты болмақ.
Сондықтан,қоғамды құрайтын жеке адамдардың – парасатты,иманды болғаны жөн. Парасатты,иманды болған жөн-ақ,бірақ бұл ұғымдардан алшақ кетіп бара жатқан арақ ішетін әкелеріміз,баласынан бас тартатын аналарымыз,ұрлық жасайтын балаларымыз,өз тәнін саудаға салатын қыздарымыз да бар.Осындай жаман жолға жетелеген адамдар барда ол отбасында қандай парасат, қандай иман болмақ?Әрине көпке топырақ шашудан аулақпыз дей тұрғанымен ұлт болғасын,қоғам болғасын бәрі де бірдей болмайтыны анық.
Шіріген тақтайлардан берік кеме жасалмайтыны сияқты парасат,иман сезімдерінен жұрдай болған адамдардан күшті,берік қоғам да құрылмайды.
Қоғамның белгілі қайраткері,ақын М.Шахановтың: «Халықта ең бірінші ұлттық рух болу керек»,-дегенін әркез есте сақтап,еліміздің жарқын болашағы үшін атсалысуымыз қажет.
Отанға ,ұлтқа деген сүіспеншілік - тек қана оны қорғау емес, аяғымыздан тік тұрып,дамып кетуі үшін,өркендеуі үшін тер төгу. Осылайша әрі рухани,әрі материалдық жағынан жоғарылауды бірдей жүзеге асыруымыз қажет.Сүйікті Пайғамбарымыз:
«Адамдардың ең жақсысы – басқа адамдарға пайдалы болғаны», «Отанға деген сүйіспеншілік- иманнан»,- деген.
Осы сүйіспеншілігімізді,иманымызды нығайту үшін әр адам рухани бай болуы қажет-ақ.Өйткені,адамның руханилығы жалпы адамзаттық құндылықтарды құрметтеуінен, игілікті құндылықтарды көздеуінен де көрінеді.Адамгершілік қасиеттерді қастерлейтін адам белгілі бір рухани мұраттар мен құндылықтарды ұстанады.Рухани құндылықтар өмірге мағына береді,болашаққа жол ашады.
Ал ұлттың құндылығы – мәңгі өзімен бірге жасасып келе жатқан тілінде,салт-дәстүрінде,ұлттық өнерінде.Оларды бір-бірінен бөліп те қарай алмаймыз.Себебі,олар бірін-бірі толықтырып отырып,тұтас бір ұлттың болмысын құрайды.
Қоғам ауысқан сайын оның өзіне тән құндылықтары мен тәрбие жолдары өзгеретіні белгілі.Біздің халқымыз өзіне лайық ер ұрпақ өсіруді,оның бойына адалдық,тазалық,елінің болашағына еңбек етуіне құштарлық сияқты мінез-құлықтарды дарытуды,ата-ана мен дәстүрді сыйлауды,әуелден-ақ өзіне мұрат тұтқан.Дегенмен,өзгеріп жатқан заман,қоғам жаңалықтары жас ұрпаққа әр қилы ықпал ететіні,содан тәрбиенің де міндеттері күрделене түсетіні айқын.Осы орайда біздің ұлт ретінде сақталып ізгі салт-дәстүрлеріміздің уақыт талабына сай дамуына Ислам діннің қосар үлесі зор.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Дінімізді,ділімізді,тілімізді,дәстүрімізді сақтау – ұлттығымызды,мемлекетімізіді сақтау.Ұлттық идея сөз болғанда оның көш басында дініміз, тұруы керек» деген.
Сондықтан Ислам дініне,шариғатқа қайшы келмейтін ұлтымыздың тәрбиелік мәні зор салт-дәстүрлерінен қол үзіп қалмауымыз қажет.Жалпы қазақ ұлтына ортақ,ұрпақты ізетілікке тәрбиелейтін,еш уақытта өзгермейтін үш ұлық дәстүрімізді де жас ұрпақ бойына сіңіре білуіміз керек:
1.Үлкен кісіге етті турап,қызмет жасап,бата алу.
2.Келіндеріміз табақ алып,сәлем салып,бата алу.
3.Үлкен кісінің қолына су құйып,батасын алу.
Ата-баларымыздың «Батаменен ер көгерер,жауынменен жер көгерер»дегенін ұмытпайық.
Астарында үлкен маңызы бар «Аллаға,дінге,әруаққа қарсы сөз айтпайды», «Әйелдер ғұсылсыз,дәретсіз бала емізбейді», ««Айттық»сұрағанда айттық беру міндет» , «Алыстан келген қонаққа ауылдың үлкен-кішісі сәлем беруі тиіс («Алыстан алты жасар бала келсе ,алпыстағы шал сәлем береді»)», «Қуанышты хабар болғанда «құтты болсын» айтады», «Үйге келген кісіге «кімсің?»демейді,оны төрге шығарып ,қонағасы береді», «Малдың басын ұрмайды», «Дін адамдарына құрмет көрсетіледі», «Құран оқылып жатқанда ешкім жалаңбас отырмайды», «Қорымға қол шошайтпайды,ол әруақтарды сыйламау» т.б тәрбиелік маңызы зор,ата-бабаларымыздан қалған дәстүрлерімізді әрбір отбасында балаларымызға үгіттеп,іс жүзінде орындалуын қадағалап отыру міндетіміз.Өйткені,ата-бабаларымыз әдет-ғұрып,салт-дәстүрімізді Құран аяттары мен хадис және шариғатқа сүйене отырып, әрбір отбасының мызғымас тәрбиелік мәні зор заңдылығы етіп енгізген.Ал отбасы – болашақ ұрпақтың бойында рухани құндылықтарды қалыптастыратын мектеп.
Мәселен,өзіміз өмір сүріп жатқан кездегі жағдайларға назар аударсақ.Біз ауылдық жерде тұрамыз.Ауыл деген – діннің,тілдің,салт- дәстүрдің,рухани байлықтың алтын діңгегі емес пе ? Біздің ауылда 16 ұлт өкілдері тұрады.Сол ұлттар қазақ халқының дәстүрін,тілін,дінін бағалап,бек ұстанады.Мысалы, Наурыз мейрамдарында бізбен бірдей наурыз көжелерін беріп,жеті нандарын пісіріп дайындалады.Айт мерекесінде де дастарқандарын жайып,көрші мен ағайындарына айттап жатады.Бұл олардың бізден қорыққаны емес,қазақ еліне,жеріне,дәстүріне деген құрметі.Отбасында да қазақша сөйлеп,өз ұрпақтарына қазақтың тәлім-тәрбиесін беруде.
Ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамға біліммен қатар,тәрбие берілуі керек,тәрбиесіз берген білім – адамзаттың хас жауы», - деген екен.Ұрпақ тәрбиесінде ежелден қалыптасқан халқымыздың жақсы дәстүрлерін оқып үйрену,өнеге тұту,жас ұрпақты ізгілікке баулу үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Қазақтың айтулы қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай былай дейді: «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды».
Яғни елдің туын көтеріп,тәуелсізідік талаптарын орындау ісіне батыл бетбұрыс жасаған бүгінгі таңда адамзаттық игіліктерді,халқымыздың ғасырлар бойы армандаған мәдени рухани мұрағаттары мен ұлттық тәлім-тәрбие саласындағы, білім жүйесіндегі ізденістерін көрсету – бізідің басты міндетіміз болмақ.Сол үшін жас ұрпақты рухни бай адам етіп тәрбиелеудің жолдарын ойланайық ағайын.
Достарыңызбен бөлісу: |