Өсек, өтiрiк, мақтаншақ,
Ерiншек, бекер мал шашпақ -
Бес дұшпаның бiлсеңiз,
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой -
Бес асыл iс, көнсеңiз».
Әрине, Абай - телегей-теңiз, бiз оның кейбiр маңызды ойларына ғана талдау жасадық. Оқырманға Абайтану жолында сәттiлiк тiлейм
ХХ ғасырдағы Отандық философия
Қайшылыққа толы ХХ ғасыр қазақ халқының тарихында ерекше орын алады. Ресей империясының шеңберiндегi қысылған, езiлген халықтың ұлттық сана-сезiмi оянып, ерiктiкке, халықтың өз бостандығына деген iңкәрi оянады; халық зорлық-зомбылықтың негiзiнде жартылай қырылып, геноцидке (тұқымымен құру) түсе жаздап Кеңес заманының алғашқы кездерiнде түпкiлiктi түрде көшпендiлiк өмiр салтымен қоштасып жерге отырады, сауаты ашылып, мәдениетi дамиды . Жергiлiктi халықтың саны күрт төмендеген соң, оның кең байтақ бай жерiне басқа ұлттар мен ұлыстардың өкiлдерi өз еркiмен, я болмаса, қуғын-сүргiнге ұшырап көптеп келе бастайды, қазақ елi көпұлттық елге айналады. Жаңа қалалар бой көтередi, тау-кен өндiрiстерi тез қарқынмен дамиды, тың жерлер бұрыңғы-соңды болмаған қарқынмен игерiле бастайды.
70-шi жылдардың аяғы, 80-шi жылдардың басында Кеңес Одағы iрiп-шiрiп, империя кұйзелiске ұшырайды - соның нәтижесiнде 90-шi жылдары Кеңес Одағы ыдырап, оның орнында жаңа тәуелсiз мемлекеттер пайда болады. Қазақ халқының жүздеген жылдар бойы армандаған ел бостандығы жүзеге асып Егемен қазақ Елi дұниеге келедi . Сонымен, ғасыр трагедиямен басталса, соңында халықтың шаттыққа толы жарқын үмiттерiмен, оның жаңа мемлекет орнатудағы құлшынысымен аяқталып, ХХI ғ ұласады. Мiне, жоғарыдағы айтылған тарихи өзгерiстер мен көлемдi оқиғалар философия саласында терең толғауларды тудырып, Отандық ой-талғамды жаңа сатыға көтередi. Ендi әңгiменi нақтылай келе ХХ ғ ұлы ойшылдардың философиялық шығармашылығына назар аударайық.
Достарыңызбен бөлісу: |