элементтері негізінде «БАҚ менеджерлерінің басқару ерекшеліктері қандай? Заманауи медиаменеджменттің табиғаты қандай?» Осы сұрақтар төңірегінде сөз қозғайтын болсақ, қазіргі заманғы экономика және БАҚ, медиаэкономика концепциясы, БАҚ нарығының құрылымы, мерзімді БАҚ-тың экономикалық ерекшеліктері, қазіргі заманғы баспасөз нарығының ұлттық ерекшеліктері, телеиндустрия ұйымдастыру модельдері, телеиндустрияның экономикалық ерекшеліктері, БАҚ экономикасының даму тенденциялары негізге алынады.
Әр елде менеджерге түрліше анықтама береді. Мәселен, американдықтардың түсінігінше, мұндай адамдардың міндетіне өзіне бағынатын белгілі бір қызметкерлердің нақтылы жұмыстарын ұйымдастыру жатады. Шетелдік масс-медиа нарығының дамуында билік пен бұқаралық коммуникация институттары арасындағы қарым-қатынастың өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, АҚШ-та коммерциялық негізде жұмыс істейтін радио және телехабар тарату қызметтеріне арнайы міндеттемелер жүктелген. Байланыс жөніндегі федералдық комиссия жарғысына сәйкес бір меншік иесіне қызмет ету аймағында жетіден артық радиостанция мен телеарна иеленуге құқы жоқ.
Ал Еуропадағы БКҚ қызметін билік тарапынан реттеу ХХ ғ. 80-жылдарынан басталады. Ұлыбританияда газет және газет активтерінің 500 мың тиражбен бірігуі Сауда және өнеркәсіп министрлігінің арнайы рұқсатынсыз мүмкін емес.
Ал Францияда жеке тұлға 10 мың данадан артық ұлттық күнделікті газеттің директорлығынан басқа ақпарат құралдарын иемдене алмайды. АҚШ, Ұлыбритания елдері тәжірибесінде бар телевизияға қатысты антимонополиялық нормалар Франция, Германия және Италия елдерінде енгізілмеген. Дегенмен Франция, Италияда импорттық және ұлттық телеөнімдерге квоталар енгізілген. Сондай-ақ Францияда телевизия бюджеті жарнамадан түскен табыстың 25 пайызынан аспауы тиіс [192, 126 б.].
Әлемнің дамыған елдерінде бұқаралық коммуникация құралдарын нарықтық және мемлекеттік реттеу мәселесі әлі де көптеген қарама-қайшылықтар тудырып отырған мәселелер қатарында. Баспасөз еркіндігі идеясы негізінен қоғамда еркін пікір алмасу механизмі ретінде қарастырылады.
Еуропалықтардың түсінігінше –менеджер қазіргі тәсілдерді басшылыққа ала отырып, нақты жұмысты ұйымдастыратын адамдар.
«Менеджер –бұл жауынгер, оның үрейленуге және қателесуге қақысы жоқ, өзінің жеке мүддесін фирма мүддесіне бағындыра білуге, өзінің жанұясы – фирманың гүлденуі үшін күресуге әзір болуы тиіс». Жапониядағы менеджерлер мектебінің негізі жапон корпорацияларының болашық басшыларды даярлайтын арнайы оқу орындарының жүздеген тыңдаушылары осы өсиетті күн сайын қайталайды. Сонымен қатар, жапон менеджерлерінің басты ұрандарының бірі – бизнесте ұсақ-түйек жоқ. Олардың машиналарының ақ ақ шілтерімен перделенуі – ұсақ-түйек болып көрінгенімен, мұның өзі жақсы көрік береді. Жапондықтардың үнемі жымиып жүруінде де көп мән бар...
Екіншісі, алдағыны көре білу қабілеті. Жапондық менеджерлердің болашаққа зер салуы –оларға тән қасиет. Қазіргі кезде Батыс менеджерлері бұл ұстанымды өздеріне басшылыққа алған. Жапондықтар былай дейді: «Болашақтағы істі ұйымдастыра білу фирма қызметінің табысты болуының кепілі. Фирма басшысы өз жұмысының алдағы он жылын, жоғары буын басшысы бес жылын, бөлім басшысы үш жылын және бөлімше басшысы кем дегенде бір жылын болжалдай білуі тиіс».
Үшіншісі – өзіне сын көзбен қарау. Басшы өз ісіне сын көзімен қарай білуі тиіс. Жапон менеджментіне тән келесі сипат фирманың корпоративтік рухы, мұның өзі өмірлік жалданатын жұмыскерлердің, олардың еңбекақысының, жасының ұлғаюына қарай қызметінің жоғарылауының, шағын топтар психологиясын сіңірудің тегеурінді күші болып саналады. «Корпоративтік рух» ұғымы ұйымдық мінсіздік пен соның жолын ұстаушылық бірліктің, берілгендіктің көрсеткіші ретінде қабылданады.
Өзіңді өзің көрсетуге тырыспа. Өзіңнің қарамағыңдағыларды да өзіңе қарсы қойма. Жапон менеджерлері осы талапты өздері ұстануы әрі басқа қызметкерлердің оны орындауын қадағалауы тиіс.
Бүкіл әлемге әйгілі «Сони корпорейшн» фирмасының басшысы Акио Маритоның пікірі ерекше көңіл аударарлық. Ол өзінің «Жапонияда жасалған» деген кітабында нағыз басшыға мынадай талаптар қояды:
Біріншіден, әдеттен тыс басқару проблемаларын шеше білу, нелер бір үйлеспейтін талаптарды үйлестіре білу;
Екіншіден, кең ауқымда ойлана білу. Нағыз менеджер нені болсын күні бұрын ойластыра білуі, дәл бүгін мол пайда бермегенмен болашақ үшін күрделі қаржы бөлуден тайсалмауы тиіс;
Үшіншіден, адамдармен қоян-қолтық жұмыс істей білуі тиіс. Менеджер мынаны есте сақтауы керек: кімнің де болсын шығармашылық қабілеті бар, оның міндеті – «барлық жұмыскерлер өз ақыл-ойын жұмсай білуі үшін» осы қабілеттерді аша білу. /Ахметов/
Cондай-ақ менеджер табиғатына Дракер сипаттама береді. Оның пікірінше, менеджер арнайы екі міндетті атқарады және де бұл міндеттер іскер кәсіпорын жұмыскерлерінің ешқайсысында жоқ.
Оның біріншісі – қолда бар ресурстардан «нағыз тұтас» өндірістік бірлік құру. Бұл жағынан алғанда менеджер оркестр дирижеріне ұқсас. Алайда дирижердің қолында композитор жазған партитура болады да, ол оны тек түсіндіріп берумен шектелетін болса, «менеджер –әрі композитор, әрі дирижерлік міндетті атқарады»./2/.
«Өнірістік бірлікті» құру міндетін шешу үшін менеджерге бүкіл әлсіз буындарды жою, барынша дамытуды қамтамасыз ету, ұйымдық мәселелердің барлық күшті жақтарын, бірінші кезекте адам ресурстарын пайдалану үшін тырысуына тура келеді. Кәсіпорынның күнделікті іс-әрекеті менеджердің көз алдында әрдайым елестеуі, ал қол жеткен нәтижелер барынша үйлестіріліп отыруы тиіс. Дирижер оркестрді қалай тыңдай білсе, менеджер де әрдайым тыңдай білуі тиіс. Нарықтық жағдайлардың жалпы іс-әрекетін қадағалай білуі тиіс.
Менеджердің екінші міндетіне – кез келген шешімді қабылдап, іс-әрекетке кіріскенде бүгінгі талапты ескерумен қоса, кәсіпорынның болашағы туралы ойланып-толғану жатады. Әрбір менеджерге, - деп атап көрсетеді Дракер, өзінің басқару міндетіне жатпайтын көптеген істерді атқаруына тура келеді. Алайда, барлық менеджерлер үшін олардың қызмет орнына қарамастан, ортақ қызмет міндеті болады.
Менеджер қызметінің мақсаты – өндірістің экономикалық тиімділігін арттыру, прогресшіл техника мен технологияны енгізу, түрлі ресурстарды ұтымды пайдалану есебінен түсімді арттыру және т.б. көздеген мақсаттарға жету болып табылады.
Ал атақты американ менеджментінің мектебі жақсы басшының 12 ережесін ұсынады:
Басшы қуғындаушы болмауы тиіс. Өйткені қуғындаушы қарамағындағы адамның ізіне түседі, ал нағыз басшы соңынан ертеді. Қуғындаушы өзінің билігіне, ал басшы соңына ертушілердің ықпалы мен көмегіне сүйенеді. Қуғындаушы өзіне бағыныштыларды өсек пен күдік әлемінде өмір сүруге мәжбүр етеді. Ал, басшы қарамағындағыларды қауырт іске, сан алуан мәселелерді шешуге жұмылдырады.
Басшы өз ісіне сенімді болуы әрі осы қасиеттерін қол астындағыларға көрсете білуі тиіс.
Басшы ұйымдастыру және басқару туралы ғылымды жетік білуі тиіс.
Ол қол астындағылардың уақытын бағалай білуі тиіс.
Басшы қатал әрі талап қойғыш болуы керек. Алайда қаталдық пен талап қойғыштың ешқашанда кінәмшілдікке, мейірімсіздікке апармауы тиіс.
Сынды қабылдай білуі әрі өзі де әділ сынай білуі қажет.
Басшы жылы шырайлы әрі әдепті болуы шарт.
Әзіл-оспақты түсіне білуі тиіс. Әдетте әзілдеу жақсы көңіл-күйге байланысты, ал, көңілділік еңбек өнімділігіне оң ықпал етеді.
Менеджмент ұғымына Э.Петерсон мен Э.Плоумен кеңірек түсінік береді. Бұлар Батыстағы іскерлік әлемге «Бизнес пен менеджментті» ұйымдастыру кітабының авторы ретінде танымал. Олар былай деп жазады: «Кең мағынада, әлеуметтік тұрғыдан қарағанда, менеджмент дегеніміз адамдарға тән тенденцияда топты қалыптастыру нәтижесінде өрістейтін техника немесе тәсіл. Мұндай топтың мысалына үкіметті, алуан түрлі клубтарды және іскер кәсіпорындарды жатқызуға болады. Қандай топ болмасын оның өзінің дербес менеджменті болуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда менеджментті тәсілдер жиынтығы ретінде қарастыруға әрі сол арқылы белгілі бір адамдар тобының мақсаттары мен міндеттері белгіленеді, айқындалады».
Басқарудың осындай жалпы қағидасы, деп атап көрсетеді авторлар, адамдар тобының алуан түріне түрліше қолданылғанымен, оның түп-негізгі мағынасы сол қалпында сақталады. Осыған орай белгілі бір әлеуметтік топтарға сәйкес келетін менеджменттің негізгі алты түрі тармақталады.
Үкімет. Менеджмент ұғымы үкімет қызметіне қолданылмағанымен, Петерсон мен Плоуменнің пікірінше, оның қызметі барлық жағынан алғанда менеджменттің жалпы анықтамасына сәйкес келеді.
Мемлекеттік менеджмент. Көп мемлекеттік мекемелерді ұйымдастыру және сондағы қызметкерлерге билік жүргізуді жүзеге асыру.
Әскери менеджмент. Мемлекеттік менеджменттің ерекше түрі. Қарулы күштерді ұйымдастыру және оларға жетекшілік ету.
Құрама одақтық (ассоциациялық) немесе клубтық менеджмент. Мемлекеттік мекемелердегі секілді, мұнда да қызметкерлер тобының іс-әрекетін ұйымдастырып, оларға басшылық ету қажет.
Бизнес-менеджмент. Үкіметтіктен және мемлекеттіктен өзгеше келетін менеджменттің ерекше түрі.
Мемлекеттік меншіктегі менеджмент. Бизнес-менеджменттің арнайы түрі. Жеке меншік іскерлік кәсіпорын функциясымен қоса, мұнда менеджмент сипатына мемлекеттік және әлеуметтік проблемалар мен ой-пікірлер де ықпал етеді.
Э.Петерсон мен Э.Плоумен былай деп атап көрсетеді: менеджменттегі мұндай өзгешеліктердің көп жағдайда елеулі айырмашылығы бола тұрса да, бұлардың барлығы адамның мінез-құлқы туралы «негізге алынатын түсініктерге» сүйенеді. Осы аталғандар менеджментті жеке адамдар арасындағы технологиялық қарым-қатынасқа тәуелді етеді де, бұлар материалдық жағдайларға тәуелсіз ретінде қарастырылады, өйткені соңғы айтылғанның алуан түрлілігінде шек жоқ.
Саясатта ең алдымен, бұқаралық ақпараттық-коммуникативтік процестер маңызды саналады. Ақпараттық қарым-қатынастарды ұйымдастыруда, алдымен қоғамдық пікірмен байланыс орнататын арнайы дайындалған саяси агенттер әрекет етеді. Бұл қызметтің қатарында мемлекеттің арнайы ресми институттары (олардың көсемдері мен жетекшілері, сондай-ақ қоғаммен байланыс жөніндегі ақпараттық бөлімдер) жатады. Бірде бір мемлекет, сондай-ақ билікке қатысты өз мақсаттарын әлеуметтік қолдауын арттыруға мүдделі бірде бір саяси субъект, шын мәнінде, қоғамдық пікірге ықпал етудің үгіт-насихаттық әдістерін пайдаланбауы мүмкін емес. Дегенмен ақпараттық нарықта ықпал етудің әдістерінің нақ осы формаларын қолдану қалай ақпараттық сапалық өзгерістерге әкелсе, солай коммуникативтік процестерді өзгертеді. Мәселен, азаматтардың санасы мен мінез-құлқын жүйелі түрде бақылау ақпараттық дезинофрмацияның орнын баса алатындай бұқаралық сананы тұрақты түрде билеп-төстеу мен жалған тәсілдерді пайдалануға, тұрғындарды алдауға әкеледі. Осындай сапалық өзгерістер биліктің бұқарамен байланысында да орын алады.
Үгіт пен насихат адам санасына ықпал етудің еркін бәсекелестік шекарасынан аттап өтіп, оның идеялық жаулап алу әдістерін алмастыра отырып, алдын ала бағдарланған бағалау мен қарым-қатынас, нақты бір мақсат пен құндылықтарды санасыз түрде қабылдау үшін санасын басып тастайтын писхологиялық қысымға ұшыратады.
Адам санасын жаулап алудың осынау тәсілдеріне қарағанда маркетингтік стратегия ақпаратқа деген сұраныс пен ұсынысқа қатысты қалыптасып, субъектіге қатысты ақпарат қажет уақытында қажетті орында оған қолжетімді болуына бағытталады. Осы ақпараттандырудың маркетингтік стратегиялары адам санасын бақылауға емес, оның сеніміне бағышталады, олар қандай да болмасын идея не мінез-құлық түрлерін директивтік бұйырғаннан гөрі өздеріне еліктіруді жөн санайды.
Ақпараттық нарықтағы осындай желі адамның ақпаратқа сұранысын алдын ала анықтау мен оның ақпараттандыру арналарына сеніміне тікелей байланысты. Бұл соңында олардың саяси мінез-құлқын саналы түрде таңдауына бағытталуы тиіс. Аталған әдістер демократиялық дәстүрлері дамыған, жақсы дамыған елдерде пайдаланылуы заңды да. Мәселен, билікке енді келе бастаған оппозициялық күштердің тұрғындардың әлеуметтік мінез-құлқын моральдық ынталандыруы мен анағұрлым ашық саясат жүргізуі дәлел болады.