Байланысты: Орта ғасырдағы Қазақстан тарихы мен мәдениеті
Кимек қағанаты (IX-XI ғғ. басы) Қытай деректемелерінде көрсетілгендей (Кимектер) Қимақтар тарихы VII ғасырдан басталады. Ондағы аталатын яньмо тайпасы зерттеушілердің шамалауы бойынша кимек тайпасы болып саналады. Теле тайпаларының бірі болған яньмолар (кимектер) VII ғасырдың бас кезінде Солтүстік Моңғолияны мекендеген, ал VII ғасырдың ортасына таман кимектер Алтай тауларының солтүстігі мен Ертіс өңіріне көшіп барады. Кимек тайпаларының басшысы "шад татұқ” деп аталған. VIII ғасырдың екінші жартысы – IX ғасырдың басында кимек тайпалары үш бағытта: солтүстік-батыста Оңтүстік Оралға, оңтүстік-батыста Сырдария аңғарымен Оңтүстік Қазақстанға, оңтүстікте Солтүстік Шығыс Жетісу аймағына қарай қоныс аударады.
766 және 840 жылдар аралығында кимектер Батыс Алтай, Тарбағатай мен Алакөл ойпатының жерлерін жайлап, Шығыс Түркістанды мекендейтін тоғыз оғыздардың теріскей шебіне дейін жетеді. Осы кездері жеті тайпадан: эймур, кимек, қыпшақ, татар, баяндүр, ланиказ, ажлардан тұратын кимек федерациясы құрылды. Кимек тайпаларының басшысы "байгу” (жабғы) деп аталады. Бұл атақ өзінің лауазымдық дәрежесі жағынан шадтан жоғары болған.
IX ғасырдың бас кезінде кимектер Сырдарияға қарай жылжиды. Бұл жерде олар қарлұқтармен одақтасып, Сырдария бойындағы және Арал өңіріндегі қаңғар-печенег тайпаларын талқандайды. Печенегтерді бұл жерлерден ығыстырып, осында қоныс аударған оғыз тайпаларына оларды батысқа қарай қуып жіберуге пәрменді көмек береді. Мемлекет ішінде тайпалар ақсүйектерінің өкілдерінен билеушілерді тағайындап отырған.
IX ғасырдың аяғы – X ғасырдың бас кезінде, яғни Кимек қағанатының құрылған уақытынан бастап, олардың ханы түріктердің ең жоғарғы лауазымы хакан деп аталған, немесе хандардың ханы деген мағынаны білдіреді. Хаканнан кейінгі билік Қимақ мемлекетінің құрамына енген тайпалар бірлестігін басқарған жабғулардың қолында болған. Олардан кейінгі жеке-жеке ру-тайпаларды шад-түріктер билеген.
Кимек мемлекетінің қалыптасып өсуіне қарай, олардың тайпаларының құрамы да өзгеріп отырған. Тарихи деректердің көрсетуі бойынша, бұл кезде қағанат құрамына кірген тайпалардың саны 12-ге жеткен. Кимектердің 16 қаласы болыпты, бастылары Кимекия, Қарантия, Дамурия, Шнария, Сараус, Дахлан, Банджар, Астур. Қимақтың ақсүйек байлары киімді қызыл және сары жібектен киетін болған, кедейлері жұпыны киінген. Қимақ қоғамында мал-мүліктің теңсіздігінің нәтижесінде көшпелі ақсүйектер пайда болады. Малы аз қимақтар кедейге айналады. Қимақтар қол өнермен, аң аулау, балық аулаумен шұғылданып, қыстауларды қоныс етіп, шағын мекендерде тұрған, бұл мекендер бірте-бірте қалаға айналған.
Қимақтар жазуды білген. Олар ежелгі көне түрік жазуын пайдаланып, қамыс қаламмен жазған. Қимақтар табиғаттың әр түрлі күштері мен құбылыстарын пір тұтқан, көк тәңірісі ата-бабаларына сиынған. Олар күнге, жұлдыздарға, аруақтарға да табынған. Ертіс өзенін қасиет тұтып, "өзен – адамның тәңірі” деген. Өлгендерді өртеп жіберген. Оларға тас сымбат (мүсін) қойып, оған табыну салты кеңінен тараған.
XI ғасырдың бас кезінде Орталық Азиядан шыққан тайпалардың бірінен соң бірінің шабуыл жасауы Қимақ мемлекетін әлсіретті. Бұдан басқа қағанаттың өз ішінде де билік үшін талас-тартыс күшейді. Сондықтан оның құрамына кірген қыпшақтар өзінің қоныстанған жерлерін тастап, Сырдария бойындағы, Аралдың батысы мен Каспийдің солтүстік өңіріндегі оғыздарды орындарынан қозғап, оларды оңтүстікке және Қара теңіз далаларына көшуге мәжбүр етті. Оғыз жерін басып алғаннан кейін, қыпшақ хандары күшейе түсті.
Осы оқиғалардың барысында қимақтар саяси үстемдігінен айырылып қана қойған жоқ, сонымен қатар қыпшақтарға тәуелді болып шықты. Қимақтардың бір бөлігі Ертісте қалып, екінші бөлігі Түркістан және Орта Азия аймағына қоныс аударды, енді біразы қыпшақ тайпаларымен батысқа, оңтүстік орыс далаларына қарай қозғалды. Сөйтіп, қыпшақтар қимақ мемлекетінің орнын басты.