ТҮРКІЛІК ӨРКЕНИЕТТІҢ ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРДЕГІ ӘЛЕУЕТІ
Саламатова Р.М.
Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз қ.
Тарихи даму жолында табиғаттың ен қойнауында еркін тыныстап, ұлан ғайыр өлкеге иелік етіп келе жатқан қазақ халқының дәстүрлі дүниетаным құндылықтарының іргетасы тәңірлік танымға байланысты бекіп қалыпасқан. Заманалар аңғарында талай басқыншылық пен шапқыншылықтарды бастан өткергендігіне орай, қоршаған ортаның тағылымынан тамырланған тәрбие желісі үзіліп қалғандығына қарамастан халқымыздың ұлттық жадысы ол тарихи салт сананың жанды қайнары болып табылмақ.
Әрісін айтпаған күннің өзінде орыс патшалығы тарапынан орын алған отаршылдық құрсауына тап болып, қолындағы бары, басындағы бағынан айырылған қазақ халқының басына ХIХ ғасырда тіпті ұлт ретінде жер бетінен жойылып кету қаупі төнді. Осыны жете сезінген ұлт кемеңгері Абайдың «Жиырма бесінші қара сөзінде» елдік пен ұлттықты аман сақтап қалуға байланысты бағыт бағдарлы ой-пікірін жазғаны бар. Өнер білімге ден бет қою арқылы өсу мен өркендеудің жолын көздеген ғұлама заманауи білім алудың оңтайлы баспалдақтарын атап көрсетті. Сондағы ең әуелгі атап көрсетілгені ол «түркі танырлық». Ондағы мақсатты да «құлшылық қыларлық» деп анық атап көрсетіп берді. Осындағы құлшылық қыларлық деп отырғаны, ол қазақтың өз тамырын терең танып білуі, ұлттық құндылықтарды мүмкіндігінше танып біліп, ұлтжандылық тұрғыда, яғни өз ұлтының барын бағалап, қадірін жете білуге дағдыландыру. Абайдың айтып отырғаны әрбір өскелең ұрпақтың өз ұлтын ұлықтап, өзінің шыққан тегін насихаттай білу, яғни әркімнің өз ұлтына деген құлшылығы.
Бірақ ол жер «дарулхарап, яғни бүлінген» дейді. Сондықтан да құлшылық қыларлық қана деп, шамалап айтады. Себебі, ғасырлар қойнауында барынша гүлденген түркілік өркениеттің араб парсы мәдениетінің күресініне тап болғандығы жасырын емес. Сондықтан ойшыл тұлғаның ұлттық жады, халықтың салт санасы арқылы жалғасып келе жатқан ұлттық дәстүрлерімізді тәрбиенің өзегі ретінде ұстана отырып, келешектің игілігіне жаратуды алдыға тосуында терең мән бар.
Бұл тұрғыда бірталай мәселелерді айта кетуге болады. Мәселен, түркілер өздерін бөрі текті санайды, ашина тайпасынан тараған деген аңыз сақталып қалған. Көркемдік желіде сақталған аңыз мазмұны бойынша түркі баласы қасқырдың қаншығынан туылады. Әрине, аңыз болған соң шығарманың көркемдік тәсіл, қиялмен астасып жатуы заңдылық. Бірақ кез келген көркем шығарманың негізінде табиғи шындық желінің өзек бойлап жатуы да заңдылық. Бұл орайда мәселе түркілік болмысқа барып тіреледі. Мәселеге тереңінен үңіліп қараған болсақ мынадай жайттарды атап көрсетуге болады, қасқырлардың ордасында жетім деген түсініктің мүлдем болмайтындығы қазіргі ғылымда дәлелденді. Енесі өліп жетім қалған бөлтірікті кез келген қасқыр баласы бауырына басып, қамқорлығына алады екен. Сол сияқты қазақ та жетімін далаға тастамаған. Екіншіден, қасқыр ен даланы еркін жортқан түз тағысы, түркілер де аспан ата, жер ана деп еркіндікте көшіп қонып ғұмыр кешті. Қасқыр күншілік жерге дейін жортып жүріп, жемтігін тауып жеп, күшіктеріне соны құсып беретін аң, яғни оның ішкі ерік жігері өте мықты. Ат құлағында ойнаған қазақ та ұрпақ тәрбиесінде ең алдымен ерік жігерді шыңдауға қатты мән берген. Көк бөрі және көк түрік деген тіркестердегі «көк» ұғымының өзі өте кең ауқымды құрайтындығы мәлім. Ең бастысы тұркілік дүниетанымда көк – шексіздік, еркіндік, бостандық, биіктік, асқақтық, өршілдік деген ұғымдармен астасып жатыр. Басты мәселе рухтың еркіндігінде. Түркі халқының өзінің шығу тегін жер бетіндегі жануар атаулының ішіндегі түз тағысы – бөрімен байланыстыруының да өзіндік шындық негізі жоқ емес.
Әлемдік өредегі ойшыл-ғұлама Сократтың шәкірттеріне дәріс беріп, тәрбиелеуде барысында бір ғана тәсілді қолданғаны мәлім. Ол ауызша түрдегі, яғни айтылған ойды жадыға сақтап қалу ерекшелігі. Сократтың дәріс беру үлгісінде ешқандай жазу түрі қолданылмаған. Сол сияқты көне дәуірдегі түркі билеушілерінің елдегі ғұламаларға тарихи шежірелер мен рухани құндылықтарды жаттатқызғандығы туралы дерек қазіргі ғылыми айналымда бар. Міне, осы әдіс яғни білім берудің ауызша түрде жүзеге асырылуы, яғни есту, тыңдау, пайымдау, тұжырымдап ойлаудың өзіндік технологиясын ұстанған түркілік өркениетте негізінен ауызша түрде білім беру, тікелей жадыны байыту жағы керемет дамыған.
Жоғарыдағы Абай айтып өткендей, түркілік өркениеттің қаймағы бұзылғандығының бірден бір дәлелін Шәкәрімнің мақаласынан да көре аламыз. 1918 жылы «Сарыарқы» газетінің №5-ші санында жарияланған «Қазақта ай аты жоқ» деп мақала жариялаған ұлт жанашыры қазақтың ай аты деп жүргендерінің шындап келгенде жұлдыз аттары екендігін айтқан. «Ескі тұқымда ай аттары болса керек. Бірақ ол ескі аттар не біржола ұмытылған, не жұлдыз аттарына ауысып кеткен... Ескі түріктерде ай аты болмай қоймаса керек дегеніміз, олар он екі жұлдызға ат қойып бір жасап, оны он екі жылға ат қойып бір мүшел жасап, бес мүшелге ат қойып бір айналыс жасап отырған түрік, жаңа ай, ескі ай, толған ай деп отырған түрік не қылып ескерусіз қалдырсын...
Мысалы мизам, мамыр, маусым, үшеуі де арабша. Мақалдағы «қараша, қауыс, кәрі құртаңды тауыс» дегендегі қауыс; «Сәуір болмай тәуір болмас» дегендегі сәуір арабша, тағы сондайлар толып жатыр. Мақсұт – қазақша ай атын ескі түрікшеден іздеп таппақ» деп жазады.
Табиғаттың тынысын тыңдап, одан өзінің ырысын табудың жолын жетік меңгерген дала перзенттерінің Аспанды – ата, жерді – ана ретінде санап, кие тұтқаны мәлім. Бұл жерде кие дегеннің өзі табыну емес, қадір қасиетін біліп, құрметтеу, қастерлеу деген ұғымды беретіндігін де айта кетуіміз керек.
Ежелден ата-баба аруағына сиынатын қазақ алдымен ұлы жаратушыны алдыға қойып барып, сосын аруаққа жүгінеді. «Құдай оңдап, аруақ қолдасын» деген тұрақты тіркес соның айқын дәлелі. Ата – баба аруағына сиыну, оны қадір тұту салты бөрі байрақты түріктердің, одан мыңдаған жылдар бұрын өркениеттің шыңын бағындырған ғұндардан жалғасып келе жатқан тарихи тамырлы таным. Сөз орайында аруақ дегенге түсінік бере кетсек – өмірден өткен адамның рухы. Әрине жай ғана күнелткен пенденің емес, кейінгі ұрпаққа ұлан ісімен, өнегелі өмірімен, баянды амалдарымен үлгі боларлық сөз қалдырып, «Өлмейтұғын артына сөз қалдырғандар». Ал рух – ақылдың күшімен жан мен тәннің түзілісі туындатқан әл-қуат, ғылыми тілмен айтқанда энергетикалық өріс. Кванттық механикада оны «манада» деп атайды. Түркілік дүниетанымның ен таңбасы болып табылатын осы аруаққа сиыну – тәлімінің түптеп келгенде өскелең ұрпақтың өзіне дейінгілерді құрметтей біліп, солардың игі амалдарын үлгі ету мәдениетін қалыптастырудың негіз тартып жатқандығы сөзсіз.
Табиғи дамудың ортақ заңдылылығымен өрістеп отыратын материяның жай-жапсарын жіті бақылап, тылсым сырларына терең бойлап ену арқылы таным түйсікті жетілдірудің табиғи жолдарының ұлттық дәстүрлеріміздегі үлгілері аз емес. Мәселен қазақта жер шарынан тыс орналасқан планета – айдың құбылуына орай қалыптасқан «өліара» деген түсінік бар. Жаңа ай мен ескі айдың тоғысқан сәтін осылай атаған қазақ халқы бұл кезде күлліғаламдық біртұтас энергетикалық өріс заңдылыған бағынатын табиғи құбылыстарды дәл танып білген. Сондықтан да бұл өліара кезінде тағдырлы істер бастамаған. Мәселен той жасау, отау көтеру, жаңа салынатын үйдің қазығын қазу, үлкен жорыққа шығу деген сынды. Себебі, бұл кезде қоршаған ортадағы энергетикалық өріс өзінің қалыбынан ауытқып, уақытша күйге енетіндігін жаратылыстану ғылымдарында толық расталған.
Сондай-ақ беташар жасау, адамның дүниеден озуына орай өткізілетін жетісін, қырқын, жылын беру сынды ұлттық дәстүрлер күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Бірақ осы рәсімдердің танымдық тағылымдық мән мазмұндарын жет білмейтіндігімі жасырын емес. Шындығында бұлардың барлығы да адамның бойында табиғаттың ортақ заңдылығына сай орын алып отыратын құбылыстармен тығыз байланысты. Ұлттық дәстүр – пәнін жүргізу барысында осы мәселелердің барлығын танымдық тұрғыдан зерделеу бүгінгі күннің басты талабы. Міне осындай құндылықтарды түбнгейлі танып білу арқылы «Мәңгілік ел» идеясының тұғыры асқақтай түспегі анық.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1 Рысқалиев Т.Х. Даналық пен түсініктің үлгілері. -Алматы: Ақыл кітабы, 1999ж.
2 Нұрланова Қ.Ш. Дәстүрлі қазақ мәдениетінің философиясы //Қазақ даласының ойшылдары (ХҮІІІ-ХІХ ғғ.) / Жауапты ред. Ә. Нысанбаев. Алматы, 2004ж. -4 кітап.
3 Барлыбаева Г.Г., Ерғалиев І. Абайдың этикалық және гуманистік ой-толғаулары.- Алматы: Философия институты, 1997ж.
Түйін сөз: әдеби шығарма, талдап тану, ұлттық көзқарас, тарихи таным, тарихи-аналитикалық көзқарас, ұлттық тәрбие, әдебиет айдыны, түсіну, ойланып дағдылану, дәстүрлі дүниетаным.
Достарыңызбен бөлісу: |