Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»


жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай» романын 1948 жылғы И.В.Сталин атындағы әдеби сыйлыққа ұсыну туралы қаулы қабылдады



бет136/271
Дата22.12.2021
өлшемі10,61 Mb.
#440
түріБағдарламасы
1   ...   132   133   134   135   136   137   138   139   ...   271
жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай» романын 1948 жылғы И.В.Сталин атындағы әдеби сыйлыққа ұсыну туралы қаулы қабылдады.

Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің хатшысы Ж.Шаяхметов», – делінген.

Ал 1949 жылы Сталиндік сыйлықтың иесі атанғаннан кейін Мұхтар Әуезовтің беделі одақтық, әлемдік деңгейге көтеріліп, тұлғалардың арасындағы талант салмағы соған қарай ауытқи бастады. Соның бір дәлелі, 1949 жылы 30 қараша күнгі «Қазақ совет әдебиеті сынының барысы мен мақсаты» атты Жазушылар Одағының ІҮ пленумын М.Әуезовтің ашуы. Бұрын мұндай жауапты жұмыс сеніп тапсырыла бермейтін. Марапатқа марқайған М.Әуезов сол жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігінің табыстарын айта келіп, Қазақстан ОПК-нің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметовтің атына:



«Біз, жазушылар он күндіктің барысында Қазақстан большевиктерінің жетекшісі Шаяхметов жолдастың жеке өзінің бізге бөлген көңілі, бізге көрсеткен көмегі есімізде ұмытылмастай сақталды. Сондай-ақ Орталық комитеттің хатшысы Омаров жолдастың және біздің үкіметіміздің көрсеткен көмегі есімізден кетпейді», – деп (538 іс) құрмет көрсетті.

Бұл М.Әуезовтің үкімет пен партияға қаратылған алғашқы алғауы. Бара-бара ол үйреншікті, дәстүрлі, айтылуға тиісті, айтпай кетпейтін сөз орамына айналды. Бұл – өмір мәжбүр еткен заңдылықтың бірі әрі еруліге қайтарған қарулы жауабы болатын. Алайда соған да қарамайтын, қаратпайтын, қайырылмайтын қаржасулар әлі алда болатын.

Бұдан кейін екі тұлға да барлық тұрғыдан алғанда марқая бастады. Сәбит Мұқанов нағыз халықтық жазушы, көптің сүйкімдісі, мемлекеттік идеологияның тұтқасына айналды. Ол кеңестік қоғамдағы кез-келген тұлғамен тең сөйлесті, үкімет басшыларымен иықтас тұрды, қазақ елінде онымен теңдесетін бедел ешкімде болмады. Қандай деңгейдегі тізім болса да Сәбит Мұқановтың аты бірінші, ғұлама Қаныш Сәтбаев екінші, ұлы актер Қалибек Қуанышбаев үшінші, екі жағын теңшеп отыратын Ғабит Мүсірепов төртінші, мысын бастырмай тісін басып отыратын Ғабиден Мұстафин бесінші, бұлбұл Күләш Бәйсейітова алтыншы, ұлы Мұхтар Әуезов ... жетінші, кейде алтыншы, бесінші, ал жазушылар арасында үнемі төртінші боп аталып жүрді. Бұл «тізім тәртібі» қашан Мұхтар көз жұмғанша өзгере қойған жоқ. Мұның өзі де кеңестік идеологияның көрінбейтін қысымының бірі болатын. Оған Мұхтар Әуезовтің өзі де үнсіз мойынсұнды.

Ал сыртқы дүниеде солай болғанымен де жазушылардың өз ішіндегі ілхамдық талқыда Мұхтардың мысы басым тұрды және ол басымдық «Абай» романының кезекті кітабы жарық көрген сайын үдей түсті.

Қайран қазақы күрестің тәсілдері! Қайран еш кеткен есіл күндер мен түндер! Қайран жүйке!

12.
Осы екпінмен Мәскеу аттанып, «Абай» романының екінші кітабінің орыс тіліндегі басылымын қатты қадағалап, оны тез бастырудың қамына шөгел кірісті:



«... Мен Москвада ойлағанымнан 20 күндей артық бөгелдім. «Знамя» романымды, жарымын подстрочник күйінде оқыса да қабылдап алып отыр екен. Қазақша шыққан кітаптағы қалпынан бір бетін артық демей түгел алыпты, соның үстіне екі-үш жерге азын-аулақ қосымша сұрап еді. Мен өзім қосқан соң жарытып қосайын деп 3/2 б.т. етіп жаңа сценалар қосып бердім. Қысқасы 18 күннің ішінде орысша-қазақшасы аралас 7 баспа табақ жазып өткердім. Өнімді, шапшаң еңбек болды. Бір топ сыншы мен жазушылар өте ырза болып қалды. Қысқартпай басамыз дейді. Не ноябрь, декабрь сандарында, немесе 51 жылдың бірінші нөмері осы романмен басталады»,– деп марқая хат жазды.

Оның бұл қарбаласты шамырқануы алдағы уақытта жанталасты аласапыранға ұласарын ол білген жоқ. Тура сол күндері қазақ тарихына, зиялыларына алашапқынды зауал әкелетін қарақұйын көтеріліп келе жатқан. Дегенмен игілікті істің басы қайырылды. «Абай жолы» деген атпен жарияланған бұл басылым М.Әуезовтің күткенінен кешігіп шықты. Оның басты себебінің бірі – аударманың кешігуі, тиісті редакциялық ескертулерге сай өзгерістерге, қосымшаларға қатысты болған сияқты. Журнал редакциясының талабы, әсіресе, орыстық ықпалдың барынша кең қамтылуын қарастыруға әкеп сайды. Журнал қызметкерлерінің (Макаров, В.Катипов) Алматыға қайта-қайта соққан жеделхатынан, ондағы:



«Роман кейбір түзетулерді қажет етеді. Тезірек Мәскеуге келуіңізді өтінеміз. Қолжазба туралы пікірді авиақатынаспен жолдадық Макаров», «Қосымша міндетті түрде керек. Мұқановтың роман жөнінде қандай пікір білдіргенін жедел хат арқылы жіберіңіз», «Кожевниковтың негізгі ескертуі Павлов туралы. Оны сізбен келісе отырып өзіміз жөндейміз. Жалпы жағдай қолайлы», «Жігітектерге қарсы барымтаға аттанбақ болған байлардың әрекетіне Базаралы қалай қарайды, соны міндетті түрде көрсету керек. Өйткені бұл оқиға соның өзінің барымтасының кесірінен туды емес пе»,– деген сөздерінен бұл анық байқалады.

Тіпті В.Кожевниковтің өзі орыс демократтары Михаэлистің, Долгополовтың, Гросстың аттарынан сескеніп оларды – Михаилов, Павлов деген жанама есімдерге ауыстыруға қақпайлады. Чернышевскийдің немересі осыған орай жиі хат жазған. Ал журналдың С.Мұқановтың пікіріне ерекше ынта қоюы екеуінің арасындағы қырғиқабақты білгендіктен ғана емес, сонымен қатар жоғары жақтағы сесті қабақтан сескенуін байқатады. Әлде біреу мұны Кремльдің үгіт-насихат бөліміне жеткізгені анық. Екінші кітаптың орысша аудармасы журналға басылмай жатып оның бас редакторы В.Кожевников БК(б)П Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы М.А.Сусловқа «М.Әуезовтің «Абай жолы» романының «Знамя» журналында жариялану барысындағы редакторлардың жұмысы» туралы:



«М.Әуезовпен бірге істелген редакциялық жұмыстың басты ерекшелігі, біз оны екі рет шақырып алып, оның кітабімен ұзақ уақыт өңдеу жұмыстарын жүргіздік. Оның негізгі нәтижесі Әуезовпен редакцияның бірігіп істеген аса ауқымды жұмысының тізбесі жолданып отырған төрт бетте толық келтірілген: аса көп көлемдегі тарихи материалдарды ақтаруға және оны зерттеуге, классиктерді оқуға тура келді, орыс демократтары мен орыс мәдениетінің қазақ халқының қозғалысына ықпалы туралы архив деректерін іздестіруге де көп уақыт кетті. Бұл аса үлкен маңдай терді төккен еңбек болды, біз бұл материалдардың барлығын Әуезовтің – орыс қоныстанушылары келгендегі қақтығыстарды суреттейтін көріністерге негіз етуі үшін дайындадық. Біз оған әр мекемеден, әр түрлі архивтерден олардың қалай қоныс аударғанын, қалай қабылдағанын баяндайтын көлемді көріністер туралы өте мол деректер ұсындық...»,– деп түсінік беруге мәжбүр етті.

Бұған қарағанда М.Әуезовті жатақтар мен Дәркембайға қосылып: «Тегіміз басқа болғанымен де, табымыз бір!»,– деп арбаға жегулі атын доғарып жіберіп, қолына таяғын ала салып, жатақтарға көмектесуге тұра шабатын Шодырдың оқиғасы осы Мәскеуде жазылса керек. Жалпы қазақ өміріне жат көрініс болса да, келер жылдардағы біраз пәледен басын арашалауға септігін де тигізді.

Романның жарияланбай жатып мұншама дүрліктіруінің себебі «Правданың» қазақ ұлтының руханиятының шәт-шәлекейін шығарған мақаласына тікелей байланысты еді. Ол осы қарбалас тұсында төніп келе жатқан қауіпті сезіп Қазақ ССР Ғылым Академиясының президиумына:

«Абай жолы» романының соңғы өңделген нұсқасы... «Знамя» журналының 1951 жылғы №8-9 сандарында жарияланды, бұл романның толық нұсқасы орыс тілінде «Советский писатель», қазақ тілінде «Қазмемкөркемәдбастан» шықпақшы. Романның соңғы нұсқасына бүкілодақтық баспасөзде жоғары, жағымды баға берілді. Қазан айында «Известияда» – З.Кедринаның, қараша айында «Литературная газетада» – Лебединскийдің, қаңтарда (1952) «Бүкілодақты радиода» – Скориннің мақалалары берілді. Онда: «қасақана теріс пікір танытпаған жердің барлығы да (Академияның Тіл және әдебиет институтының кейбір қызметкерлерінен аңғарылып қалғанындай), романның жаңа нұсқасы Қазақстандағы буржуазиялық ұлтшылдықтың әшкереленуіне байланысты автордың өзінің және оған қоса өзге де көптеген қазақ әдебиетшілерінің жіберген қателіктері туралы партиялық әділ сынға қайтарған іскерлі, шығармашылық толық жауабы болып табылады»,– деп бағалаған.

«Абай» романы туралы өткен жылғы жаңа мәліметтерді Президиумның назарына ұсынамын. Қазіргі кезге дейін роман ондаған тілдерге, соның ішінде чех, румын, поляк және болгар тілдеріне аударылды. Бүгіндері қытай, неміс, венгер, украин, қырғыз тілдеріне аударылып жатыр. Роман орыс тілінде 12 басылым көрді, оның төртеуі көпшілік таралым, қазір оның саны жарты миллион данадан асты»,– деп мағлұмат берді.

Дегенмен де алаңдауы орынды еді. Әуезовтің де, «Абайдың» да көрешегі көзіне көрсетілетін күн де сондай бір қатерлі жылдамдықпен жақындап келе жатқан болатын. Ол күннің бұлтын қойылтуға осы орыс тіліндегі басылым да «үлесін» қосты. Абайдың:

Өзіңде бармен көзге ұрып,

Артылам деме өзгеден.

Күндестігін қоздырып,

Әуреге қалма езбеден,–

дегенінің кері келді.

Бұрынғы «қазақы қырқылжыңға» енді орыстық өктем можантопайлық араласты. Алаңға толы көңілінің күдігі басылмай «тобықтылардың Мәскеудегі отауының иесі» Зоя Кедринаға 1951 жылы 18тамыз күні:



«Орталық баспасөзден роман туралы пікір күтемін. «Знамиядағылар»: роман жөнінде бәрінен бұрын «Правдадан» жақсы саяси мақала күтіп отырғандықтарын айтып еді. Әрине, бұл өте жақсы, кітап туралы сыни және әдеби мақалалардың таптырмайтын бастамасы болар еді»,– деп астарлы тапсырма берген болатын.

Бұл емеуірінді Зоя Сергеевна түсініп, қарымы жеткенше орындағанын жоғарыдағы мәлімдемеден аңғарамыз. Алайда, М.Әуезовке де, З.Кедринаға да партияның зұлфуҺары – «Правда» өзгеше сыбаға дайындап жатқан болатын. Ұзамай сол сыбағаның мүшелігін Мұқановпен толықтырып «табағымен» тартты.

Бір жылдан кейін Пәленбайлар мен Түгенбайлардың күні туды. Ол күндері С.Мұқанов пен М.Әуезовтің қақтығысы шырқаулы шырмауына жетіп, бірінің өміріне бірі қауіп төндірді.

ТӨРТІНШІ ТАРАУ ТОБЫРЛАР ТАЛҚЫСЫ

(немесе Кенесары кергісі)

1.

Ешқашанда идеологиялық еркіндікке жібермейтін, жарылқау мен жазалау саясатын қиыстыра жүргізетін, алғысы мен қарғысы айырғысыз кеңестік тәсіл – мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақты құралына айналды. Ел басына күн туған шақта Сталин әр ұлт өкілдерінің намысын ояту үшін кәдімгідей әруақ шақырып, ұран тастады. Соның нәтижесінде барлық халықтық батырлар қайтадан тарих сахнасына шығып, сананы баурап, ұлттық рухты күшейтті. Қазақтар да Қобыланды мен Алпамысты, Абылай мен Кенесарыны еске алып, олардың әруақтарынан қолдау іздеді1.



1943 жылы кеңес шекарасы жаудан азат етілген соң есін жиған идеологтар патриоттық-ұлтшылдықтың майдандағы жауынгерлермен бірге елге ілесе келіп, ұлттық сананың күшеюінен сескеніп, астыртын идеологиялық жазалау саясатын ойластыра бастады. Тіпті майдандағы ұлт командирлерінің өзінен ұлтшылдықты іздеді және тапты. Аттары аңызға айналған Бауыржан Момышұлы мен Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин бірінші болып тізімге ілікті. Өзіне қарсы жүргізіліп жатқан тіміскіге наразылық білдіріп 1945 жылы 10-ақпан күні ҚК(б)П Орталық комитетінің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметовке:

«Мен ешқашанда өзімнің ұлтымды жасырғамын жоқ және жасырмаймын да. Менің ұлтым – қазақ, халқым – кеңес елі. Мен кеңес халқына қызмет етемін, алайда өзімнің ұлтымның, қазақ халқының намысын лайықты деңгейде биікке көтеруге тырысамын. «Мен қазақпын» деген сөз менің ұғымымда: өз ұлтыңа деген махаббат, өзіңнің халқыңның ерлік дәстүріне деген құрмет, оның көп ғасырлық мәдениетіне, әдебиетіне, өнеріне деген сүйіспеншілік, оған ар, намысыңмен қызмет ету, оның өзге ұлттардан кейін қалып қалмауын қадағалау, халықтардың достығын нығайту, бауырлас халықтарға барынша көмек көрсетіп, демеу, қажет болған жағдайда онымен бірге ортақ жауымызға қарсы күресу.

Мен: «Мен қазақпын»,– деп айтқан кезде, өзімнің халқымды әсірелей әспеттеп, аспандата асқақтатпаймын. «Қазақпын» – деген сөз менің ұлттық тегімді білдіреді. Сол сөз арқылы мен өзімнің ұлтыма деген сезімімді білдіремін, бұл сөз – менің сол ұлттың өкілі екенімді білдіреді, соңғы тамшы қаным қалғанша мен оған қызмет етуге міндеттімін. Бұл, сонымен қатар: мен өз ұлтымды сүйемін және қадірлеймін, оған адал қызмет ете отырып, мен барша кеңес халқын сыйлаймын және жақсы көремін, қасиетті кеңес халқы ретінде бауырмдай көріп, оған да қызмет етемін, өйткені біздің ұлы отанымызды мекендеген барлық ұлт біртұтас және бір мақсатқа ұмтылады деген сөз. Мұндай талассыз шындықты дәлелдеудің қажеті де жоқ. Өз халқыңның қызметшісі болудан артық дүниеде асқақ та адал, намысты сезім жоқ»,– деп жазды.

Соған жауап сияқтанып, «Едіге» жыры мен «ел қамын жеген Едігенің бейнесі» әсіре дәріптеліп, ұлтшыл сезімді қоздырғаны, оның буржуазияшыл-ұлтшылдық идеяны дәріптегені туралы СОКП-ның Орталық комитетінің қаулысы шығып, тарихи-эпостық мұралар жаппай сүзгіден өтті. Содан кейін «Звезда» журналы мен А.Ахматова мен М.Зощенко шығармашылығындағы идеясыздық туралы, В.Сосюраның «Украинаны сүй» атты өлеңіндегі ұлтшылдық сезім туралы, Маррдың тіл ғылымындағы «ой ағымы» мансұқталған қаулы-қарарлар арт-артынан шығып, идеологиялық жазалау науқаны басталды да кетті. «Қазақ ССР тарихы» кітабының екінші басылуын әзірлеу туралы» Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің 1945 жылғы 14-тамыздағы қарары саяси-идеологиялық жанталасты одан бетер жанықтырды.

Жалпы қазақстандағы «ұлтшылдық пен ұлт тарихын бұрмалау, Кенесарының реакциялық қозғалысы» туралы мәселенің ушығуының түпкі тамыры тереңде жатыр еді және мұндай «жазалау зұлпұһарының қазақ мәдениеті мен ғылымының желкесіне төнгеніне» алты жылдан асқан болатын. Сондықтан осынау қатерлі кезеңнің «тарихи алғышарттарын» Е.Бекмахановтың шәкірті, осы мәселе жөнінде екеуара жылдап пікір алысқан күндердің белгісі ретінде тарих ғылымының докторы, профессор марқұм Ә.Тәкеновтің пайымдауымен баяндауды жөн көрдік.

Тарихты – тарихшыдан артық ешкім түсіндіріп бере алмаса керек.



Ә.Тәкенов: «... Партиялық идеологтар тарих ғылымын қатаң бақылауға алды. Ал өмір талабы идеологияның ырқына көнбей жатты. 1941 жылдың қысында Алматыға бір топ эвакуацияланған орыс ғалымдарының келуі бұдан бұрын оқу-ағарту Халық Комиссариаты белгілеген Қазақстан тарихын жазу ісін тездетті. Бұл істің бас-аяғында комиссариаттың қызметкері, 1937 жылы Воронеж педагогтік институтын бітірген, жас тарихшы Ермұқан Бекмаханов жүрді. ҚК(б)П Орталық комитеті соғыс жағдайында тарихтың патриоттық тәрбие берудегі орынын ескере келе қолдау жасап, академик Панкратова және Орталық комитеттің идеология жөніндегі хатшысы Мұхамеджан Әбдіхалықов «Қазақ ССР тарихының» редакторы болып бекіді. Оны жазуға Греков, Дружинин, Вяткин, Кучкин, Зутис, Миллер, Лурье сияқты орыс ғалымдары атсалысты. Қазақстандықтардан Әуезов, Марғұлан, Покровский, Мұқанов, Мүсірепов, Исмаиылов, Кенжебаев қатысты. Тез қарқынмен жазылған қазақ тарихы ерте дүниеден сол кезге дейінгі уақытты қамтыған еліміздің тұңғыш тарихы еді. Оны оқырмандар да үлкен ықыласпен қабылдады. Солардың бірі – Бауыржан Момышұлы бұл кітапты Панкратовадан алып, пікір айтып, жанашырлық көрсеткен екен. Өз халқының тарихын оқу қай қазаққа да баға жетпес қуаныш емес пе?



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   132   133   134   135   136   137   138   139   ...   271




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет