Бетке ұстасақ – беделің қандай еді, арқаға ұстасақ – панаң қандай еді! Оны ешкім ұмыта алмас!
Қазақстанның жазушылары сенің ардақты атыңды ең таза жүректерінде сақтар! Сенің қалдырған асыл мұраңды өзіңдей құрметтеп, көп қолмен көтере алар!
Хош бол, Мұхтар! Сенің биік мұнараң жалғыз Қазақстаннан емес, барлық совет халықтарының биік қырқаларынан көрініп тұрар. Сенің ең биік мұнараң – еңбегің дүние жүзіне түгел тараған. Өзіне-өзі жол салған атақты еңбегін, бұдан былай да тарай бермек.
Өмір – күнде той емес, өкпелеткен, ренжіткен кезіміз болса, онымызды үлкен өкінішпен еске аламыз: еске алған сайын үлкен рухыңнан кешірім сұраймыз. Көркем сөздің ұстасы, сенімен хоштасу үшін бұл ойлар таяз, бұл сөздер бояусыз, әрине. Бірақ біз сенін, жер құшағына тапсырылар тәніңмен ғана қоштасып тұрмыз, жаның мен рухың бізде қалады, ең қасиеттеп ұстар мұрамыз – сол, оған шаң жұқтырмаспыз. Ең қасиетті борышымыз сол болар. Көп боп табар ойымыз болса, көп боп көтерер сол борышымызға салармыз. Сенің орныңды сөзбен емес, іспен жоқтатпауға тырысармыз. Бұл уәдені анттай берік ұстармыз! Хош бол, ардақты аға, атақты сөз шебері! Хош!1961 жыл».
Бұдан асырып айту қиын. Ал кеңестік кеңістік деңгейіндегі азалы ойды Мұхтар Омарханұлы Әуезовпен бірге заманның талай талқысын басынан бірге кешірген Николай Тихонов:
«Қайғылы хабардан кейінгі алғашқы кезде не болғанына ой жіберіп, ақыл тоқтата алмай, есім шығып жүрді – бәрі де ойда-жоқта соншалық кенет болды ғой. Мен аздап өзіме-өзім келіп, ес жия бастағанымда бәрі де өтіп кетті де, артта қалды. Адамдар біздің ғажап досымыз, біздің туысымыз Мұхтар Әуезовпен қоштасып, соңғы парыздарын ақтаған күнді мен газеттен оқып білдім. Бәрі де орнына келді, бәрі де айқын болды: өмір Ай мен Күннің үйреншікті тәртібімен бір қалыпты жылжып өтіп жатты. Бір-ақ нәрсе үйреншікті болмады, орнына келмеді. Мен күн өткен сайын осы бір адамның, өзімнің досымның, орыны өгейсіп тұрғанын күштірек сезіндім. Мұхтар Омарханұлы қайтыс болды, біз әдебиетіміздің алдыңғы қатарлы адамынан, мәдениетіміздің аса көрнекті қайраткерінен, реніш-қуаныш жағынан әрқилы болғанымен, кеңес әдебиеті үшін жеңісті жол болған ұзақ та қиын творчестволық сапарды бірге кешкен жолдасымыздан айырылдық. Қымбатты досымыздың орны, әсіресе, қазір оның батыл дауысы, қалтқысыз қадамы, ешбір ымырашылдыққа көнбейтін ар-ожданы соншалықты қажет боп отырған шақта ерекше ойсырап тұр. Біз оны неғұрлым көбірек еске алған сайын – соғұрлым осы бір күтпеген қазаның уайымы қоюлай түседі»,– деп жеткізді.
Мұхтар Әуезовтің қазасы бүкіл кеңес жұртын бір өкіндіріп, бір шіміркендірді.
Адамның атын өшірмейтін екі жол бар. Оның біріншісі – елінің ескеруі, екіншісі ұрпақтарының қам-қаракеті. Мұхтар Әуезовтің қазасы – ұлттық аза. Сондықтан да оның атын ел есінен өшірмес үшін Қазақстан үкіметі шұғыл шаралар қабылдады. Қазақстан Республикасының Министрлер Кеңесінің қаулысымен 1951-1961 жылдардың аралығында тұрған үйі әдеби-мемориалдық мұражайға айналдырылды. Оны аяулы қызы – әйел затының бегімі Ләйлә Мұхтарқызы қашан көзі жұмылғанша аялап ұстап: «Егер Әуезовтің аруағын сыйласаң менің өтінішімнен бас тартпа»,– деп бізге аманаттап кеткен еді.
Ол 1996 жылдың 2 маусымынан бастап «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы болып дербес ғылыми мекеме ретінде қайтадан құрылды. М.Әуезовтің туғанына 100 жыл толу мерекесі ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтті. Қал-қадерімізше оған біз де үлес қостық. Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің шығармалары дүние жүзінің 42 тіліне аударылып басылды. Оның жалпы таралымы 11 миллион данадан асады. Л.М.Әуезова әкесінің 12 және 20 томдық басылымын жарыққа шығарды. Сол кісінің аманаты бойынша М.Әуезовтің 50 томдық академиялық толық басылымын 1997 жылы мемлекеттік бағдарламаға енгізіп, оны жүзеге асыру біздің мойынымызға жүктеліп еді. Он томы қолымыздан өтті. Қалған басылымын қадағалаудың ырқы біздің еркімізден тыс өзгелерге бұйырды. Игілікті істің қайырын көруге жазсын.
Ал мұның барлығы өзі көзінің тірісінде сондай бір ұқыптылықпен, салқынқандылықпен және қамқорлықпен хатталған өсиеті арқылы орын-орнына қойылып кетіп еді.
В.Н.Әуезова: «Соңғы хат – бұл мұрагерлікке жазған өсиет хат еді... Мен оны Мұхтардың Москвадан қайтқан бір сапарынан соң алдым:«Егер олай-бұлай болып кетсем... деп бері ұшардың алдында салып едім»,– деп түсіндірді. Ол хат ашылмаған күйінде жылдар бойы сақталып жата берді. Соңғы жылдары Мұхтар алыс сапарларға өте көп шығатын еді де, кетерінде:«Хат сенде ме?», – деп сұрайтын, әрдайым:«Иә»,– деген жауап естіген соң сапарға қаперсіз ұшып кететін.
Міне енді, ол алыс сапарға, мәңгі қайтпайтын сапарға аттанып кетті, енді оны күтудің қажеті жоқ еді. Мен хатты ашып оқыдым: «Валечка, жаным!.. Не сен, не мен бір-бірімізден айырылып, қайғы шегер мезгіл әйтеуір бір келеді ғой. Мен сенің артыңда қалғым келмейді, балалар үшін де, бір семьяның ақыры дұрыс боп бітуі үшін де сенің қалғаның жөн, қайратты, адамгершілігі таза қалпыңда, менің сүйікті балаларымның алтын анасы болып қал. Міне, сондай жағдай бола қалса деп мына өсиет хат жазылды. Тағдырдың күтпеген талқысы келе қалса, осы хат әрдайым сенде болсын. Сағынышпен сүйдім өзіңді, әмәнда менің сүйіктім. Сенің М.»
Деректі әфсананы осы бір қасіретті жолдармен аяқтауға да болатын еді. Бірақ та басты мақсатымыз – қасиетті Алаш идеясын кеңестің жазалау саясаты да өлтіре алмағандығын, қаншама азап пен қорлықты көрсе де Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаев сияқты ұлттық ұлы тұлғалар ол идеяны өздерінің өмір сүруімен де өшірмегенін ұрпаққа жеткізу болғандықтан да тосын, өзегіңе өтіңді құятын ащы оқиға туралы естелікпен тәмәмдағымыз келді. Егерде жалпы өлшемі болса, адам жүрегі қанша батпан, қанша мөлшердегі қорлықты көтере алар еді?
Ондай мүмкіндік болған жағдайда, Мұхтар Әуезов көрген қорлау мен ол көтерген қорланудан алланың ерекше жаратқан күшті де қуатты рух иесі болмаса, қарапайым пенде құмығып өлер еді. «Абай» трагедиясындағы Абайға:
«Ей, сорлы заман, менен аяған қай қастығың қалды? Мен ішпеген у бар ма? Жүрегімді көрші, міне! Жарадан сау жер қалды ма? Мұнша ғазап шеккендей не жаздым, не ғайыбым бар? Көп көргенің шер кеуденің әлсіреген тынысы ма? Қасіретті түндер ме? Түннен бетер жұтатқан бейуағы ма өмірімнің?», – деген сөздерді айтқызған қастаншықпағыр шындықты Мұхтардың өзі де басынан кешіріпті.
Оған мына табалы қорлық дәлел.
Шапиқ Шөкин: «...1944-жылдың қаңтарында Өзбекстан Республикасы өзінің құрылғанының 20 жылдық мерейтойын атап өтті. Соған байланысты Өзбек Академиясы салтанатты сессиясын өткізбек болды, оған басқалармен бірге ҒА-сы қазақ филиалының делегациясы да шақырылды. Делегация құрамында филиалдың қоғамдық ғылым жөніндегі вице-төрағасы С. жазушы М. Әуезов пен мені енгізді. Мұхаң С.-тен көп үлкен болатын. С. сырт көзге делегация жетекшісі еді. Бірақ, Әуезовтің ғылыми топтағы орасан зор беделіне, оның Шығыста кеңінен танымал екеніне және шебердің жасына қарап, мен біздің топқа жазушының жетекші болуы табиғи нәрсе ғой деп есептедім. С. болмысында мазаң кісітұғын, ашуланған сәтінде қарауындағылардың бетіне қарамайтын. Өз басым онымен ерегесуден именуші едім. Онымен есептесуін есептесетінмін, бірақ Сәтбаев оны өз қасында ұстап жүргесін, оның жұрттың бәріне бірдей ақыл айтқысы келетін көкіректігін сырттай ғана көрмегенсіп жүре беретінмін. Оның бізбен баратынын білгенде ішімді тартып ала қойдым. Мұхаңның бұрын тұтқынға түскені, көп алдында қателерін мойындағаны, азап-машақатпен қайтып оралғаны бартұғын. Сосын мен С.-тың қит етсе, өзгеге саяси қатені жамай қоятынын ескеріп, вице-төраға бұрынғы тұтқынға әлде қалай қарайды деп мазасыздана бастадым.
Вокзалға біз жүк машинасымен келдік. Жолдың жартысынан өтпей жатып, көлігіміз сілейіп тұрып қалды. Сол қыс та жайсыз суық болды. Шофер бұзылған бөлшекті тапқанша қол-аяғымыз қатып қалды. Сол арада мен үйден медициналық спирт құйып ала шыққан флажкімді суырдым. Қабағы түксие қалған С. жымиып сала берді. Мұхтар Омарханұлы да күлімсіреді. Тостағаншамен бірер жұтып алғасын, бәріміз көңілденіп вокзалға да жеттік. Билет алуға Филиал іс басқарушысының орынбасары кетті де, біз үшеуміз вокзал ресторанының столына барып отырдық. Билетке кеткен кісі келгенге дейін әп-әдемі отырғанбыз. Ол келісімен адам жеркенетін бір жәйт басталды да кетті. Орынбасардың қолында жалпы вагонге екі билет, үшіншісі – плацкарттық билет бар еді. Мұхаң әзілдеген болып, орынбасардың қолынан плацкарт билетті алды. Со замат С.-тің бет-аузы шиқандай қызарып, боқтап-боралай жөнелді. Мұхаңның естімеген сөзі қалмады. «Ұлтшыл» дегенді де, «алашорданың құйыршығы», «контра» дегенді де есітті. С. бажылдап, сөз қоқысын бұрқырата берді. Сабазым-ай, Мұхаң ләм деп сыр бермеді. Ол жанарын С. төбесінен асырып, әлдеқайда қарап тұрды. Мен бұған шыдамай, жаным шырқырап, вице-төрағаға: «Жұрттан ұят-ты! Қойыңыз!»,– дедім. Жанжалқой бәлекет жуыр маңда тоқтамады. Ол, мен вокзал кезекшісіне барып, екінші билетті оған плацкартқа айырбастап әкелемін, деп жүре бергенімде барып, жазушыға тіл тигізуін тоқтатты. Бірақ, одан кейін де әлгі шіркін дағдылы даусымен тағы да бір сағаттай тентектік жасаған бала сияқтандырып, Мұхаңа зіркілдеуін қоймады.
Ташкент вокзалында мені шөбере інім Бекіш Насыров қарсы алды. Бекіш ол кезде Өзбекстан Орталық комитетінің малшаруашылығы жөніндегі хатшысы болатын. Менің жол серіктеріммен жылы амандасқан ол бәрімізді үйіне шақырды. Алайда, сессияға шақыру хатында көрсеткеніндей, бізді Өзбек Академиясының адамдары қарсы алуға тиістұғын. Бірақ, вокзалға Академиядан ешкім келмеді. Сондықтан да мен туысқанымның шақыруынан бастарттым: салтанат иелері біздерді «өкпелеп, бір жаққа кетіп қалған екен» деп ойлап қалуы мүмкін, ал мінезін өзім жақсы білетін өзбектер мұны көңіліне мықтап алуы ғажап емес. Мен Өзбек Академиясы Президенті Қараниязовтың үйіне телефон соқтым. Оның ыңғайсызданып қалғаны сезілді. Ол біздің келетінімізден мүлде бейхабар болып шықты. Сыпайы кешірім өтініп, ол вокзалда аз ғана тоса тұруымызды сұрады.
Өзбек Академиясы Іс басқармасының қызметкерімен арнайы келген машина бізді алып, «Ташкент» қонақжайына апарды. Ташкентте күн Алматыдан гөрі жылылау екен. Науаи театрынын қарсы бетінен қоныс тепкен мейманхана көркімен көз тартады. Дәліздерінде – «кремльдік алашалар», холлдарында – қаптаулы креслолар, мәрмәр клумбалар. Бірақ, нөмірге кірісімен абдырап, сасып қалдық. Терезе әйнектері ойылып қалыпты, терезе алдын қар басқан. Академиядан келген кісі дәйекші әйелмен бірге терезе саңлауларын шүберек тығып жаба бастады. Бірақ, бұл өлікті ұшықтаумен бірдей нәрсе еді. Бөлме іші қақап тұр. Біз тіпті шешінбедік те. Мұхаңның жүйкесінің жұқарғаны сезілді. Жайлы-күйлі орынды ұнататын қаламгер: «Сұрапыл соғыстың түрі анау, сосын тыл да құлазып қалды ғой» – деген жуып-шайма сөзге құлақ аспады. Ол кешкі астан бастартып, шамаданын алды да, бізді тастап кетіп қалды. Арада бір жарым сағат өткен шамада ол кісі туысқанының үйіне тоқтағанын білдіріп, телефон шалды. Мен иығымды көтердім. Әркімнің өз еркі. С. тағы бүлінді: «Жасап жүргенін қарашы! Тағы бір буржуй табылыпты!»,– деп күңкілдеді. Мұхаңның атына талай боқтық тағы ағытылды. Әуезовтің ауыз бірлікті бұзып кеткені менің де көңіліме келді. Бағана, вокзал басыңда, інімнің шақыруын қабылдамай тастағаным арқылы мен қарабасымды күйттемейтінімді сездіргім келген. Бірақ, ортан қолдай аға жолдасты мына кісінің аузы көпіріп тілдеуін тыңдағым келмей, нөмірден шығып кеттім.
Бір күннен кейін ел иелері бізді Орташыршық ауданының бір ұжымшарыңда қонақ болып қайтуға шақырды. Уақыт қиындығына қарамай, ұжымшар төрағасы бізге қой сойды. Палау, ішімдік бәрі болды. С. ащы суды алыңқырап, Мұхтар Омарханұлына тағы тиісе бастады. Вице-төрағаның арақтан жүрек айнырлықтай болып құтырынып кеткені сондай, былапыт сөздерді бората жөнелгенде Алматы вокзалыңдағы қалпынан асып түсті. Мұхаң ұрысуды мүлде білмейді екен, мен оны сол арада ғана білдім. Ол тек: «Маған айтқандарыңның бәрін толығынан өзіңе қайтардым»,– деді де қойды.
Мұхтар Омарханұлының сондағы ұстамдылығын есіме аламындағы, бүгін отырып, ұлы жазушыға «Абай жолын» жазудың неге тұрғанын ойлап толғанамын. Қызылкөз қара дүрсіндер тіпті ығынан да жүре алмайтын дәрежеге жеткенше, ол әлгіндей қорлық сөздерді тек жалғыз С.-тен ғана естіп қоймаған шығар. Осынау шебердің өзіне қарсы әлсін-әлі әдейі ұйымдастырылатын моральдік террор әрекеттеріне қатты күйзелетінін жақсы білуші едім. Соған қарамастан, өз қандастарының ішінен тап бүгінгі күнге дейін ешқайсысы көтере алмайтын ауыр жүкті тек соның өзі ғана көтерді. Ал жазушылар көңіл күйін сәт сайын өзгертіп отыратын кінәратшыл халық қой. Соның бәрін қалай айта берерсің...
Оның мінез-құлқының өзіме ұнамайтын жағы да болды. Оның өсек-аяңға тез сенетінін, әдеби усойқылар жетегінде кетіп қалатын кездерін де білетінмін. Ал, бірақ, жас дарынды демеуге келгенде алдына жан салмайтын, қаламдас жас түлектердің мерейін көтеретін мейрімді сөзін де, жүрегінің жылуын да аямайтын. Жомарт жанды, қолы ашық ағамыз серілерше тұрмыс кешуді жақсы көретін. Оның Мәскеу мейманханасындағы нөміріне халық көп келіп, өнегелі сөз, әзіл-оспақ, күлкі, тостар ұдайы естіліп жатушы еді.
Мен отызыншы және қырық төртінші жылдардағы Ташкентті есіме түсірдім. Ал өзім көріп-білмеген талай-талай өкінішті жәйттар оның жан-жүрегін неше рет жаралады екен. Таңғажайып кітаптарының беттерінде халқының қасіреті мен намысы, ар-ұжданы ақиқат шындық болып құйылуы үшін жазушы жүрегі қанша дауасыз дертке шыдауы керек екен?».
Иә, мұндай қорлыққа, «моральдық террорға» шыдау мүмкін емес. Бірақ Әуезов шыдады.
Себебі, ол заманның «қорлық пен мазағына табыла» отырып, мол тұлғасына сіңіріп алған алаштың аманат идеясын өлтіріп алмас үшін «бет топырағының ішіне тікен тастаудан тайынбайтын» (Әуезов) әлгіндейсіметтердің табасына да шыдауына тура келді.
Маңдайының бағы мен соры бірдей қалың қандай қасіретті де, қасиетті өмір еді десеңші!
6 шілде, 2010 жыл. Жеті қазына.
МАЗМҰНЫ
Талыс (Аңғарту)
Бірінші бөлім: ТАЛҚЫ
Бірінші тарау: Түрме талқысы («Әдебиеттен орынын іздеген Әуезов)
Екінші тарау: Заман талқысы («Оталған ормандағы аман қалған ағаштар»)
Үшінші тарау: Тұлғалар талқысы («Лағынет қамытын алу»)
Төртінші тарау: Тобырлар талқысы (немесе Кенесары кергісі)
Бесінші тарау: Керазулар кергісі (немесе «Абайдың атын бетқап етіп жамылған…»)
Алтыншы тарау: Пәңгінің талқысы («Ең сорлы өзімшіл...күншіл күйік...бақытсыз…»)
Жетінші тарау: Қызылөңеш талқы («Жеке басыма аяусыз зорлық көрсетіп отыр»)
Сегізінші тарау: Тылсым талқы («Тірідей теріңді сыпырудың жолын…»)
Тоғызыншы тарау: Сүлделер сүргісі («... романының көзін жоюға ұмтылған»)
Оныншы тарау: Күйініп…сүйіне алмаған өмір (Мұхтардың өлім күйі»)
Әдебиеттер тізімі
(Мұхтар Әуезов туралы естеліктер. А., 1997 жыл. 288-289 беттер)
(А.Мектептегі. «Геноцид», «Ана тілі», 2009 жыл, 28 мамыр – 3 маусым)
(Ленин. Шығармалар толық жинағы, 45-том, 348-345 бет)
(«Қазақ әдебиетi», 16 көкек 1937 ж.)
Достарыңызбен бөлісу: |