Өзге алашорда басындағы жазушылар сияқты мен де бұрынғы ауыл мен пролетариат қожалығының тұсындағы ауылдың байы мен ру басыларының тілегін, мұңын жоқтайтын салт-санасы болдым.
Осы жаймен қатар мен көп уақыт қоғамдық жолдар мен салт-саналық үстемшіліктің мазмұнын түсіндіру, тану мәселесіне келгенде әрі залалды-санашылдық түсінігін ұстап қалдым. Теріске көшкен, қаталасқан бетімнен болып, әдебиетті өзге қоғамдық шаруашылық жағдайлардың барлығынан жарып алып, жекелеп қарап, оның арналған мұратын, ролін, бітімін жеке-дара қып ұстау қажет дедім. Маркс-Лениннің даусыз ақиқат есебінде айырып айтқан дұрыс жолы бойынша әдебиет барлық мемлекет құрылысы мен соның саясатына ежелден бағынатын нәрсе екенін ескермедім, қабылдамадым.
Бұл сияқты, ғылым жағынан негізсіз, тарихи жағынан қате болған салт-саналық бағытымды – қазірде тарих та және ұлғайып өрлеп дәуірлеп келе жатқан социалдық құрылыстың өсуі де түгел теріске шығарып, қағып тастап отыр.
Сондай теріске шығарудың бірі – ұлт мәселесін даусыз, әділ Ленин жолымен шешуде болды. Бұл жолмен бүгінде барлық бұрынғы патша отарының, соның ішінде біздің Қазақстанның елінің тағдыры шешіліп отыр.
Бірақ менің бұл дәуірдегі, социализм құрып жатқан дәуірдегі тарихи уақиғаларды біржақты болып теріс, тар ауданда түсінуім себепті Қазақстанда партия мен үкіметтің жүргізіп жатқан ірі төңкерістік шараларына көбіне көзқарасым теріс болды. Ол шаралар өткен заманда езгіде болған Қазақстан еңбекшілерінің пайдасы, игілігі үшін ең қажет шаралар екенін түсінбедім.
Біздің аймақтың барлық қоғамдық шаруашылық қалпын капиталшылдық жолынан социализм жолына аударып, бұрып салу үшін ол шаралар қажет екенін есептемедім. Жекелеп айтқанда байлар мен ру басыларын конфискелеудің қажеттілігін іштей қабылдамадым.
Үкіметтің колхоз, совхоз құрылысының тұсында істеген берік ұлы шараларына да басында сенімсіздікпен қарап, қарсы болдым. Ал ол құрылыстың орнаған жері кешегі жабайылық күйіндегі көшпелі, жарым көшпелі ауыл мен сол жайлаған жабайы, сансыз ғасырлар бойында өзімен-өзі ғана болып, ылғи артта қалуын, қалғуын сақтап келген дала еді.
Достарыңызбен бөлісу: |