Бір ескеретін жай, бұл – «егемен кеңес республикаларының» ішінде жеке республика тарихына арналған тұңғыш кітап екен. Бірақ тап осы жай кейбіреулерге күдік туғызса керек. Кітап Сталиндік сыйлыққа ұсынылып, алғашқы сараптан өтіп, мәселе түпкілікті шешілер кезде бұған сенімсіздікпен караған КСРО Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі А.И.Яковлев болды. Бұл кісі кеңес тарихының негізін салушылар: КСРО тарихының оқулығын жазған Панкратова, Тарих институтының директоры академик Греков, академик Дружинин, «Қазақ ССР тарихы очеркінің» авторы, қазақ тарихының маманы Вяткинге немесе бүкіл қазақ ғылымының қаймақтарына – Әуезов пен Марғұланға қарсы шығатындай қазақ тарихының маманы да емес екен. Әңгіме білуде емес, бұл сыншының саяси көзқарасында болып шығады. Оған кітаптың әр жеріндегі он шақты беті, дәлірек айтсақ авторлардың тұжырымдамасы ұнамайды. «Мемлекеттік теория» тұрғысынан келген Яковлев оның себебін: патшалық Ресей өзінің құрамына кірген (жаулап алынған) халықтар үшін прогресс пен мәдениет әкелді, сондықтан оған қарсы күресу реакциялық сипат ретінде бағалануы тиіс – деп түсіндірді. Әрине, орыс патшаларын дәріптеген сталиндік көзқарасқа бұл тезис сайма-сай келді. Оның КСРО тарихының оқулығы туралы: «Орыс мектептерінің барлық оқулықтары орыстың ұлттық оқулығы болуы тиіс. Бұл мазмұнға тағы да 100 халықтың мүддесін сиғызуға болмайды»,– деген пікірі Яковлевтің республикалар тарихына қарсы позициясын нығайта түсті. 1944 жылы айтылған бұл пікір тек 1988 жылы белгілі болды (Письма Анны Михайловны Панкратовой – «Вопросы истории», 1988, № 11, 54-79-беттер).
Бұл пікірге «Қазақ ССР тарихының» авторлары қарсылық білдіріп, Панкратова кеңес халықтарының тарихындағы азаттық күресті қолдады. Ғалымның талап етуімен 1944 жылы БК(б)П Орталық комитеті 29-мамыр мен 8-маусымның аралығында көрнекті совет тарихшылары 5 рет кеңес өткізді. Текетірес содан басталды. Яковлев пен Бушуевқа қарсы шыққан Панкратова, Греков, Державин «Қазақ ССР тарихының» тұжырымдамаларын қорғады. Кеңес нәтижесіз өткендіктен де А.Н.Панкратова Орталық комитеттің хатшысы ІЦербаковқа жазған ресми хатында: Яковлевтің пікірі ұлттық-отарлық саясат мәселелері жөніндегі марксизм-ленинизм негіздеріне сай келмейді, сондықтан да «Қазақ ССР тарихы» нақты талқылауды талап етеді. Бұл мәселе Қазақстан үшін маңызды, өйткені бұл: қазақтардың ұлттық сезімін қозғайды,– деген ойы есте ұстарлық, шын жанашырлық пікір. Кеңестік империяның идеологтары «қазақтың ұлттық сезімі» (сол сияқты басқа ұлттардың да) туралы сөз қозғап көрген емес. Тек «ұлы орыстық ұлттық сезім» немесе «ұлы орыстық ұлттық мақтаныш» хақында ғана айтуға жол берілді (мысалы «орыс орманы», «орыс қысы», «орыс аспаны», «орыс даласы» деген сияқты тіркестер осының көрінісі). Басқа халықтардың ұлттық сезімі кеңестік патриотизммен ғана шектелуі тиіс болатын. Кеңестік идеологтар «ұлтшылдыққа» қарсы күреспен «ауызданғандықтан» да, ұлттық тарихты оқу – ұлтшылдықты туғызады,– деп үрейленді. Соғыс жағдайында аз ұлттарға қысым жасау (депортация) саясаты да осы «ұлтшылдықпен» күрес ретінде жүргізілді. Ұлтшылдықтан қысымшылық көрмеген тек орыс халқы болды. Ал «ұлыдержавалық шовинизм» тек «шовинизм» деп үстірт айтылды, нақты шовинистер «табылмады». Басты жау – ұлтшылдық болып айқындалды.
Осы тұрғыдан алғанда 1945 жылы «Большевик» журналында қазақ тарихына еш қатысы жоқ М.Морозов дегеннің «Қазақ ССР тарихы» туралы рецензиясы әлдекімдердің қолтығына су бүріккендей болды. Оның үстіне рецензия авторы 1944 жылы Орталық комитет өткізген кеңесте айтылған теріс пікірлерді теріп жазған партаппарат қызметкері еді. Ал «Большевик» Орталық комитеттің органы болғандықтан да, Кеңестік Орталық комитеттің хатшылары Щербаков, Андреев, Маленьков жұмған ауыздарын ашпағандықтан да, ол рецензия Орталық комитеттің пікірі ретінде қабылданды. «Басты кейіпкерлер» Яковлев пен Морозов емес, олардан да жоғары лауазымды адамдар болып шықты. 1944 жылғы Кеңестің алдында Андреев, Маленков, Щербаковтардың атына хат түскен екен. Ол хат:«Кейбір кеңес тарихшыларының еңбектеріндегі күрделі кемшіліктер мен антилениндік қателіктер туралы» деген жазылып, оған Орталық комитеттің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Г.Ф.Александров, оның орынбасары П.Н.Федосеев, «Правданың» бас редакторы П.Н.Поспеловтің қол қойғаны кейін мәлім болды («Вопросы истории», 1991, № 1,188 – 205 беттер. 48).
Бұл хаттың «ұлтшылдық» қателіктерге арналған бөлімінде негізінен «Қазақ ССР тарихына» баса көңіл аударылыпты. Ондағы пікір бойынша: авторлар ұлт мәселесі жөніндегі сталиндік ережелерді түсінбеген, өйткені, сталиндік тұжырым бойынша басқа халықтардың Ресейге қосылуының, тіпті күшпен қосылуының өзінің «зияны шамалы»; ал ол халықтарды, мысалы Грузияны – Персия, Украинаны – Польша жаулап алған болса, мұндай мүмкіндіктің «зияны үлкен» болған болар еді. Бұған қарасақ, бұрын отаршылдықты - «үлкен зиян» деп келгеніміз қате болып шығады. Бұл орыс отаршылдығының зардабын жұмсарту ғана емес, оны ашық жақтау еді.
Достарыңызбен бөлісу: |