Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»


Марабай мен Мергенбайдың нұсқасында Қобыланды Орақ батырмен бірге оның ағасы Мамайға қарсы соғысады



бет198/271
Дата22.12.2021
өлшемі10,61 Mb.
#440
түріБағдарламасы
1   ...   194   195   196   197   198   199   200   201   ...   271
Марабай мен Мергенбайдың нұсқасында Қобыланды Орақ батырмен бірге оның ағасы Мамайға қарсы соғысады. Айса Байтабыновтың екі нұсқасында да Қобыланды Орақтың ұлдары Қарасай, Қазимен достасады. Байғаниннің нұсқасында Алтын орданың қол астындағы қырым хандығымен одақтасады. Академик Радлов жазып алып, өзінің 1896 жылы шығарған «Түркі тайпаларының ауыз әдебиетінің үлгілері» атты көптомдық еңбегінің 3-кітабына енгізген «Қобыландының» ең соңғы алтыншы нұсқасында, Алтын орданың ханы Мамайдың досы сарай батыры, Қарасай мен Қазидың досы ретінде баяндалады. Демек, Қобыланды Алтын орданы қорғаушы, қазақ және орыс халқының жауы болғандығына еш күмән тумауы тиіс.

Кенжебаевтің 1940 жылғы мақаласындағы, Әуезовтің «Қобыланды» пьесасындағы, Марғұланның докторлық диссертациясындағы, Ғабдуллиннің «Қобыланды» эпосын ғылыми зерттеу мәселелері» және Жұмалиевтің «Қазақ әдебиеті» тарихының бірінші томындағы эпос таралы тарауындағы: Қобыланды парсы ханы Ғазанмен соғысты – дегені тарихи деректерді тұп-тура фальсификациялаудың өзі болып шығады. Біріншіден, алты нұсқада да Алтынорданың қарақшылары Мамаймен, Орақпен, Қарасай, Қазимен бірігіп «кәпірлерге», яғни, орыстарға және басқа да халықтарға қарсы соғысады. Мамайдың 1380 жылы 8-қыркүйекте Күликов шайқасында жеңілгені белгілі. Орақ, Қарасай мен Қази Ресейге қарсы ХІҮ ғасырдың соңында, ХҮ ғасырдың басында соғысты. Ал парсы ханы Ғазан Орақ пен Мамай қоғамдық сақнаға шықпас бұрын 1295-1304 жылдары тақта отырды. Екіншіден, «Қобыландыда» қызылбас деген кәпірлер, яғни, исламнан бас тартқандар жиі кездеседі. Исламның софылық, шейіттік және өзге де ағымдары болғаны белгілі. Арабтардың билігіне қарсы Шейіттердің шарулар қозғалысы ҮІІІ- ІХ ғасырларда орын алды. Қызылбастар деп осы шейіттерді атаған. Алтын орданың тарауының қарсаңында шейіттік ағым Кавказдағы Әзірбайжан мен Дағыстанға тарады. Алтынордалықтар бұл аймақты бірнеше рет шапқыншылыққа ұшыратты. Демек, «Қобыланды» эпосындағы қызыл бастар – өзге емес, Қап тауындағы бауырларымыз»,– деп енді «Ер Тарғынға» ауыз салды.

Қаншама эрудит, алғыр, шешен болса да Қ.Жармағамбетовтің эпос туралы білімі тура осы тақырыпты ондаған жылдар бойы арнайы зерттеп келе жатқан М.Әуезовтің, Ә.Марғұланның, Қ.Жұмалиевтің, Б.Кенжебаевтің, М.Ғабдуллиннің деңгейінен биік әрі терең болмаса керек. Ет қызуымен айтылса да түйсіктен тыс тұжырымдар бұл.

Ендігі кезекті алысымен Т.Жароков өзінің тура көктемдегі әшкерелеуші екпінімен:

«Қалижан Бекхожиннің өлеңсымақ шимайлары мен кейбір туындылары баяғыдан бері ұлтшылдықтың уымен суарылып келе жатқаны анық. Оған ең алдымен 1940 жылы жазылған «Батыр Науан» дастаны куә. Бұл дастанда ол қазақ пен қырғыз халқын, өзге де халықтарды тұншықтырушы, қанқұйлы қарақшы – адам етін жейтін нағыз реакционер хан Кенесары Қасымовты және оның бауыры Науанды, олардың тонаушы, қанқұйлы жорықтарын сүйсіне жырлайды»,– деп лепіре әшкереледі.

Мұндай да жекөрушілік болады екен! Кенесары нағыз мұсылман ретінде «адам етін» харам санаса керек-ті және құзғындық мәжбүрлікке баратындай аштық та көрген жоқ. Зады, пәлені неғұрлым өзінен аулақтату үшін «айттаққа ерген» Т.Жароковтың мінбешіл ақын екенін замандастарының барлығы да баса айтады. Ол сол қасиетті уақыт пен идеологияның азаншысына айналдырып алған әдеті, оның тұлғалық сипатына ұнаспайтын әрекет еді. Өкінішке орай, сол тұстағы мәжілістердің бәрінде де осындай пікірлерімен сынаша қағылып отырған.

Әруақтардың өзі кешірсін, бұл пікірді жалғастырмаймыз да, түсінік те бермейміз. Қазақтардың тым қатты кеткеніне таң қалған Дм.Снегин

«Кеше өзінің баяндамасында, Қ.Жармағамбетов, Қазақстан Кеңестік Жазушылар одағына өзі келіп, аса жауапты – жауапты хатшылықтың міндетін тапсырып алған кездегі көріністерді соншама көргісіз етіп баяндап берді. Жармағамбетов жолдастың баяндамасын тыңдап отырып, ол келгенше Жазушылар одағында кеңес адамдары істемеген сияқты, жазушылар одағы жуындыда қалған мекеме сияқты әсерде қаласың»,– деп басу айтыпты.

Мінбеге Ғабит Мүсірепов шығып, өзінің бұрынғы пікірлерін жаңа орамдармен емеуірін таныта айтып, М.Әуезовті шымшып өтті, С.Мұқановтың атын атамай, одақтың басшылығының ісін мүлдем жоққа шығарды.Біз тек саяси бағалауын ғана аударып береміз.

Ғ.Мүсірепов: «Буржуазиялық ұлтшылдықтың жеке жазушылар мен ақындардың шығармаларынан көрініс бергеніне дау айтуға болмайды, өйткені жазушы-ұлтшылдардың жас кеңес әдебиетімен белсенді күресі тұсында оның тарихи-теориялық тұрғыдан тереңдеп кеткен тамыры осы уақытқа дейін өзінің улы жемісін беруді жалғастырып келеді. Кім де кім өзінің ұлтшылдығын түзеткісі келсе, онда ол мұны ертеде өткендігін сылтауратып бетін жылтыратып майлап қоймай, ең алдымен осы тамырды аршып алып, отап тастауы керек. Менің ойымша, большевиктік сын мен өзара сынның ең басты және бағыттаушы маңызы осында. Сонымен қатар, біздің Қазақстанның кеңестік жазушылар одағы және оның Төралқасы мен басқарма мүшелері, буржуазиялық ұлтшылдыққа қарсы күресте, социалистік реализмнің негізгі бағытынан ауытқушылықпен күресте, жауапсыздықпен және халтурамен, демек, жазылған шығарманың биік идеясы мен көркемдік сапасы жолындағы күресте қатаң да талапшыл партиялық ұстанымды көрсете алмады. Соңғы уақытта, баяғы әдетімізше, шынайы шығармашылықтан көрі мағынасыз ішкі қырқылжың мен пайдасыз ұсақ-түйекке көп көңіл бөлінді. Қайран уақыт босқа кетті. Жоғарыдағы партия ұйымдары да Жазушылар одағында не болып жатқанын жақсы біле тұра, оған немқұрайлы, кейбір жағдайларға ымырашылдықпен қарады. Міне, біздің ащы шындығымыз»,– деп өзінің екі жүзді қанжар екенін танытып өтті.

Өйткені, «тамыры тереңге кетіп, өз тамырын өзі аршымай, өз тамырын өзі отап тастамай, құр бетін жасырып» жүрген адам жалғыз, ол – Мұхтар Әуезов болатын. Ал «ішкі қырқылжыңға» жол берген адам, әрине, Сәбит Мұқанов. Бұл кезде Орталық комитеттің идеология жөніндегі хатшысы І.Омаров ауысып, оның орынына қазақстандық «сұр кардинал» Сужиков келген. Демек Орталық комитетті де сынауға болатын. Ең бастысы, осы жолы ұйымдық мәселе қаралатын. Ғ.Мүсірепов бір ауыз сөзбен үш жолбарысты бір оқпен атып, үшеуіне де тигізіп отыр.

Сол арада Қасым Аманжолов сөзге араласып:

«Орталық Партия Комитетінің қаулысында және ҮІІІ пленумның қарарында менің қателіктерім көрсетілді, мен оны мойындадым, ең бастысы сыналып та жатыр, бірақ Кенесарыға қатысты аты аталғандардың ішінде тағы да мен жүрмін. Бұл дұрыс емес қой. Алғашында Бекхожиннің ұсынысымен бір нашар дастансымақ жазғаным рас, ол адамдардың санасын улап үлгерген жоқ (жарияланбаған – Т.Ж.), оны өзім де ұмытып қалдым. Сондықтан да мені Кенесарышылардың тізіміне қосқаны дұрыс бола қоя ма екен?»,– деген ұсыныс айтты.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   194   195   196   197   198   199   200   201   ...   271




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет