Абайтану саласындағы істеген Әуезовтің еңбектерінен ешқандай жағымды әрекетті көрсетпеу үшін Нұрышев бұл туралы жұмған аузын ашпайды.
Жоғарыда аталып өткен екі президиумның абайтану жөніндегі біріккен қаулысында тек қана Әуезовтің ғана қатесі көрсетілмеген, сонымен қатар Мұқанов, Жұмалиев, Исмаилов, Жиреншин тағы басқалардың да аттары аталып, қателері айтылған. Олар арнайы мақсатты түрде шұғылданған тақырыптары бойынша оқулықтар құрастырды, очерктер мен программалар жасады. Абайтанудағы қателіктерді түзетуге тырысқан Нұрышев өз мақаласында оларды сөз арасында жанай атап қана өтуге дейін дәті барды. Шындығына келетін болсақ, оның бұл үнсіздігі тегін емес, қасақана бақастық, Абайдың асыл бейнесі үшін істеген оның барлық оң істерін жасырып, арандату үшін оның бұрынғы ұлтшыл екенін желеу етіп, барлық кінәні Әуезовке үйіп-төгу үшін жасаған.
Өзгені былай қойғанда Нұрышев менің Абайдың шығармалар жинағын тұңғыш бастырып шығарушы екендігімді де ұмытып кетеді, яғни, ақынның шығармаларының үштен бірі жоғалып біткен, архиві де, авторлық қолжазбасы да сақталмаған.
Осы уақытқа дейін, тіпті жекелеген кемшіліктері болса да, Абайдың өмірбаянын орыс және қазақ тілдерінде де тек менің ғана – ақынның жалғыз зерттеушісі – менің ғана жазғанымды ұмытып кетуі Нұрышевтің әділетсіздігі.
Менің осы еңбектеріме, дәлірек айтқанда 1939 жылы жарияланған Абай туралы мақалама ғана сүйеніп, Абай туралы менің қаламымнан 36 зерттеудің жазылғаннын қасақана көзге ілмейді: оның ішінде менің Абайға деген творчестволық көзқарасымды білдіретін мынадай еңбектерім бар: а). «Абай» пьесасы (Л.Соболевпен бірігіп жазылған) б). «Абай» операсының либреттосы в). «Абай» кинокартинасының сценарийі г). «Абай» романының бірінші кітабы д). «Абай» романының екінші кітабы с). «Абай жолы» романының бірінші кітабы.
Абайтану мәселелері жөнінде ғылымда әлі шешіліп болмаған проблемалар туралы айтылған менің пікірімнің барлығын Нұрышев өзінің мақаласында аямай қара бояу жағып, масқаралауға тырысады, мысалы Нұрышевтан көрі Әуезовтің басқаша ойлауы мүмкін ғой. Мысалы мына мәселер төңірегіндегі: Абайдың жас кезіндегі творчестволық кезеңі, оған шығыстық классикалық поэзияның әсері, «Евгений Онегиннің» Абай аудармасындағы ерекшеліктер т.б. қақындағы көзқарас алшақтықтары жөніндегі мәселелер.
Бұл дегеніміз, екі жақтың пікірлері тең дәрежеде бағаланып, екшелуге тиісті нақты ғылымның проблемасы емес пе. Сондықтанда мен өзінің дәлелсіз, шала және ғылымға қарсы ойдан шығарылған долбарларын – марксистік көзқарас, ал оған қарсы айтылған Әуезовтің пікірлері – ұлтшылдық т.б. деп өрекпіген Нұрышевтің кекесіні мен қаралау бағытына түбірімен қарсымын. Орыстың классикалық әдебиетінің дәстүрі мен Абай творчествосының арасындағы терең тамырлы байланыстың бар екендігі туралы арнайы жазылған менің мақалаларымды Нұрышевтің оқырманнан жасырып қалуы кездейсоқтық емес және олардың саны біреу емес бірнешеу, дәл осы мәселеге арналған менің біраз еңбектерім Москва басылымдарында да жарияланған.
Қазақ эпосы жөнінде өткізілген 1953 жылғы 13-көкектегі дискуссияда жасаған баяндамасын «Қазақ ССР Ғылым Академиясының хабаршысының» сол санында жариялаған М.Ғабдуллин де осы бағытты ұстанған. Эпос жөніндегі менің еңбектерімнен, тіпті менің бүкіл ғылыми қайраткерлігімнен ешқандай жақсылық пен жағымды сыпатты таппай, өзінің баяндамасында біржақты, асыра қаралауға тырысқан баға береді.
Ол өзінің және басқа да зерттеушілердің ұсақ-түйек қателіктерін тапқан тұсты жадағайлап өтеді де, тура сол мәселеге байланысты менің еңбектерімнен буржуазиялық-ұлтшылдық, контробандалық идеяны қастандықпен қасақана кіргізгенімді «байқайды». Тіпті М.Ғабдуллин қыза-қыза келе қазақ әдебиетінің бірінші томын әзірлеу барысында оған қазіргі кезде буржуазияшыл-ұлтшылдығы әшкерелеген Исмаилов пен Жұмалиеві қатыстырдың деп кінә тағады, ол кезде бұл екеуі де осы томды дайындап жатқан Тіл және әдебиет институтының белді қызметкерлері еді, ал М.Ғабдуллиннің өзі осы институттың директоры болатын.
Өзінің дискуссияда сөйлеген сөзінде «жазушы Әуезов туралы айтып жатпаймын» деп М.Ғабдуллин қасақана тоқталмай кетті. Ал шындығына жүгінсек, эпостағы оқиғаларды театрға лайықтап жазу барысында мен жазушы, драматург ретінде творчестволық тұрғыдан өңдеп, өзімінің ғалым ретінде жіберген қателіктерімді түзеттім ғой. Әрине, қандай да бір үлкен жұмыс бітіру арқылы өзіңнің бүркемелеуге келмейтін қателіктерің де болады. Алайда кез-келген қателікті желеу етіп сызып тастау арқылы әділетсіздікке жол беретін еңбектер де болады екен.
Мен өз қателіктерімді мойындап келдім, қазір де мойындаймын, бірақ та менің қателіктерімді еселей өсіріп, өзім кінәлі емес жайларды айып ретінде таққан жаланы мойындай алмаймын. Маған тағылған әділетсіз жалаларды мен мойныма алмаймын. Маған деген күдікті әр түрлі мақсатты көздеген ішкі күмәндарынан шыққан жаланың негізінде М.Ғабдуллин мен туралы бір кезде өзім айыптаған өткен жылдардың шылауында, шырмауында қалды деп үкім шығарды. Менің еңбектерімді кекесінмен мазақтай отырып жоққа шығаруға, біздің партиямыз бен бүкіл кеңес жұртшылығы боп бір кездегі қателіктерім мен адасуымның шырмауынан шығуыма қол ұшын берген өмір кезеңіне мені әдейі зорлап апарып таңуға ұмтылған мұндай әрекеттерге жандүниеңмен наразы болып қарсы шықпау мүмкін емес. Өзімнің өткендегі өмірімді үзілді-кесілді айыптай отырып, содан кейінгі жылдары, бүгін де, болашақта да өз творчеством арқылы кеңес халқына пайдамды тигізуді шын жүрекпен көздедім. Көп жылдардан бергі менің қоғамдық жұмыстардағы ізденістерім соған дәлел бола алады.
Өткен он жылдағы және таяу болашақтағы менің творчестволық қайнарымның көзі мен негізгі арнасы – қазақ халқының жүз жылдық дәуірін қамтитын менің романдарым болмақ. Бұл тарихтың алғашқы елу жылын классик ақын – Абайдың есімімен байланыстырамын. Өз халқымның тарихындағы ең жауапты кезеңдегі даму процесін терең бейнелі түрде жеткізу үшін оның ұлы тұлғасы мен қоғамдық мұрат-мүддесін, ескі өмірмен алысқан ұзақ күресін, оның тағдырын социализмнің көзқарасы тұрғысынан бейнелемекпін. 13 жастағы елгезек және өзгенің қайғысына ортақтаса білетін сезімтал жеткіншек кезінен бастап ұлы ойшыл ақын дәрежесіне жеткенге дейінгі Абайдың бірте-бірте өсу жолын, өз халқының бақытты болашағы үшін күрескен күрескер Россиядағы барлық алдыңғы қатарлы және ұлы идеялармен одақтаса жүріп жүзеге асырғандығын бейнелей отырып, мен ескі өмірдің идеологиясына, салт-санасына, ислам дінінің қалыптасу кезеңдеріне, ұлтшылдықтың реакцияшыл бағыттарына және де басқа көріністерге деген көзқарастарымды қайта қараймын. Бұл ретте мен тек менің өткендегі өзімнің қателіктерімді ғана қайтадан екшеп қоймаймын, сонымен қатар халықтан шыққан халықтың рухани мақсатының шамшырағына айналған Абаймен бірге жарты ғасыр ішіндегі қазақ қоғамының әр түрлі қатпарларындағы идеологиялық, тұрмыстық, саяси реакциялық, артта қалушылық сияқты барлық қайшылықтарды айыптаймын. «Абай» және «Абай жолы» атты екі роман осы бір ең қиын әрі ұзақ дәуірді қамтуға арналған. Биыл «Абай жолының» екінші кітабын тәмамдаймын, сонымен революцияға дейінгі романдар жүйесін аяқтаймын.