«Айгерімнен туған, дәл Айгерім реңдес өте сұлу төрт-бес жасар баласы Тұрашты қолынан жетектеп»,– бара жатқан көріністің «қалыс» қалғаны соны танытады.
3.
Қашанда саяси науқанды «әшкерелетіп өткізетін» Қазақстан Орталық комитеті 1953 жылы 11-12 тамызда «М.Әуезовтің «Абай» романы туралы» интеллигенцияның қалалық мәжілісін өткізді. Бұл жолғы басты баяндама Тахауи Ахтановқа тапсырылды. Талқылауға сол тұстағы «өсіп келе жатқан» партияның жас қырыпсалы» Нығмет Жанділдин де қатысып, «Казахстанская правда» газетінің ұстанымын қызғыштай қорғап, «алдыға қойған міндетті орындау үшін» романның көркемдік жетістігін баса атағандарға ескерту жасап отырды.
Өзінің кіріспе сөзінде «Ә.Жаймурзин романның үш кітабі туралы пікірін білдірді. Ашық жақтамағанымен де Абайдың сүйікті ұлы Әбіштің немересі Ай атты қызға үйленіп отырған Ә.Жаймурзин М.Әуезовтің бағасын көтере сөйледі.
Тарихи уақыт пен көркем заңдылықты жетік білетін Т.Ахтанов та өзінің баяндамасында романның көркем өнердің табиғатынан тыс талаптар қойды. Негізінен К.И.Никитиннің (Т.Ахтановтың айтуынша редакциялық мақаланың авторы – Т.Ж.) "Казправдадағы" солақай пікірлерін жұмсарту мақсатын көздесе де, "партиялық қатаң тапсырманы орындауға мәжбүр" болды. Ол негізінен тарихи көркем тартысты таптық тұрғыда кұруға кеңес берді және:
«Бірінші: «ең алдымен, "Абай" романының бірінші кітабында қазақ ауылындағы таптық қайшылықтардың жете көрсетілмегенін атап кету керек. Жазушы сол дәуірдегі қазақ қоғамының саяси өміріндегі таптық күрестің ара салмағын кемітіп алған. Оның есесіне ру тартысын суреттеуге көп көңіл бөлген. Қазақ кедейлерінің байларға қарсылығы әлсіз көрінеді. Кедейлердің байлардан көрген қанауы, олардың мұң-мұхтажы бірінші кітапта өзіне тиісті көркемдік дәрежеде суретелмеген. Әсіресе, бірінші кітапқа тән кемшілік, жазушы әлсіз рулардың кедейлерінің өмірін мол көрсетсе де, Құнанбай сияқты бай ауылдың кедейлерінің тұрмысына атүсті тоқталады. Бұл сияқты ірі кемшілік романның идеялық өткірлігін біраз мұқатып тұр...
Екінші: романдардың бірінші және келесі кітаптарында жазушы Абайдың адамгершілігін баса көрсетпек болып, оның ауылындағы таптық қайшылықты ұмытып кетеді, сөйтіп, жеке адамның адамгершілігі, таптық теңсіздікті жояды деген утопиялық қате ұғымды үнсіз жақтайды.
Үшінші: патриархалдық-рулық қоғамның салтын суреттегенде, автор кейде орынсыз бейтараптыққа ұрынады. Бөжейдің асын суреттегенде жазушы асқа байланысты әдет-ғұрыптарды толық көрсетуге елігіп, оның таптық негізін ұмытып кетеді. Бөжейдің атын ту қып ұстаған байлардың әсіре сөздері автор елегінен өткізілмегеннен кейін, Бөжейді мадақтау болып естіледі... Бөжей асы бүкіл халықтық мейрам болды деген ұғым туғызады. Жазушы атақ-даңққа ие болып жатқан Байдалы, Сүйіндік сияқты феодалдар екенін ашып көрсетуі керек еді. Қысқасы, ол үлкен астардан рубасы байлардың жақсы атақ алып, саяси капиталға ие болатынын, ал астың ауыртпалығы жай халыққа, кедей ағайындарға түсетінін – яғни астың таптық себептерін көрсетуге тиіс еді", – деп қадап-қадап атап көрсетті.
Ал, бүкіл шығарманың ең құнарлы, бояуы қанық, көркем шырыны мен салтанаты, нағыз тарихи және қөркемдік шындыққа құрылған көшпелілердің жайлау көші мен Бөжейдің асы тамылжыта суреттелген тұсты алып таста деп кеңес беру – "Абай" романын "жазба" деген үкіммен тепе-тең еді. Бұл пікірінің орынсыздығын араға отыз бес жыл салып барып: "Расында артық кетіппін. Сен түсіндір",– деп уәж айтты. Ал Бөжеймен қоса:
"Романға Абайдың барлық ағайын туысқандарын кіргізе беруі орынсыз екенін автор түсінбеген сияқты. Абайдың Құдайберді деген ағасы бары, оны Абайдың жақсы көргендігі кімге керек, сол сияқты бала жігіт Шәкені, оның аң аулағанын суреттеудің қанша қажеті бар. Осы сияқты өмір материалдарын шығармаға керектігіне қарай дұрыс талғап алмау, авторды кейде қатеге де ұрындырған. "Абай" романының екінші кітабында екі жерде Абайдың кіші баласы Тұраштың аты аталады. Айталық, ол биографиялық деталь дәрежесінде кішкене бала кезінде-ақ көрсетілген болсын. Бірақ оның аты Абайға абырой әпере ме? Жоқ. Қайта, алашордашыл байдың атын кітапқа енгізу – автордың саяси қатесі",– деген пікірге үнсіз ғана күрсініспен жауап берді.
Суреткердің еншісіне тиесілі тарихи уақытқа, кейіпкерлер коллизиясына, көркемдік тартыс пен шешімге сыртқы күштің араласуы салдарынан жазушының бастапқы нысанасынан ауытқуына тура келді. Қосымша "қыстырмалар" (Д. Әбілов) кіргізіп, "Қарашығын" сияқты тарау қосылды. Әкесі Құнанбай мен ағасы Тәкежан және Әзімбай сияқты жағымсыз кейіпкерлерден басқа Абайдың айналасында туыс қалмады. Бәрінен тазартылды. Тұрағұл іспетті бесіктегі сәбиінің мандайынан иіскеудің өзі таптық-идеологиялық қылмыстың қатарына жатқызылды.
Бір заңды да кездейсоқ жай, арада тура отыз жыл өткенде "қазақстандық сенімді адамдардың ақпаратымен қаруланған" мәскеулік Алла Марченко тура осы сынның ықпалымен қосылған тарауларды "роман-эпопеяға жат, шынжырлап жалғасқан жалған желі",– деп Т.Ахтанов тағы да төрелік айтты. Міне, тарихи көркем уақыт пен жетекші кейіпкер тұлғалардың "табиғи қарсылығына" қарамастан кіріктірілген қондырғы идея мен тартыс М.Әуезовтің ең қасиетті авторлық құқына қол сұқты.
Өзге-өзге, тарихи көркем шығарманың заңдылықтарын жақсы білетін оқымысты жазушы Тахауи Ахтановтың өзі кейіпкер Абайдың туған ұлы Тұрағұлдан бас тартуын талап етті. Шығармадағы Абай мен бесіктегі Тұрағұл суреттелген тұста «Алаш» партиясын былай қойғанда, алаш көсемдерінің өзі мүшел жасқа толмаған болатын.
Екі күнге созылған ырғасуы мен іресуінің бар мазмұнын баяндап шығу мүмкін емес және ол біздің мақсатымызға да жатпаса керек. Тек солардың ішінде жазушылық психологияға қатысты Әуезов пен оның «Абай» романы туралы тың немесе қияс қиыстырылған пікірлерден үзінді береміз. Алдын-ала айтарымыз, бұл талқылау бұрынғы талқылаудан өзгеше өтті. «Басқа уақыттың келгенін, ескі саясаттың ескіргенін», «ендігі оқырмандар, қазіргі халық өкілдері солақай сынға көнбейтінін, сүйікті жазушыларын арандатушылардан жанын салып қорғайтынын» мәлімдеді (Ділдәбеков). Алайда Досалиев сияқты «кір суды» Әуезовтің мойынына сарылдатып төге салғандар да болды. Сондай-ақ бұл жолғы талқылаудың баяндамашылары да сыни ойлау жүйесі басқа деңгейдегі жаңа толқын өкілдері болатын. Соның бірі сол кездегі жас ақын Тәкен Әлімқұлов еді. Ол «Абай» романын көркем сынның талабына орай талдай келіп, қосымша баяндамасын былай сабақтады:
Т.Әлімқұлов: «Иә, жолдастар, романның да романы бар. Әрине, біздің жазушыларымыздың біреуі бірінші орыс революциясы кезіндегі қазақ ауылындағы таптық жіктеліс туралы роман жазса жақсы болар еді. Бірақ «Абай» романының авторы өзінің алдына мұндай міндет қоймаған және оның негізгі тақырыбының ерекшелігіне байланысты қоюы да мүмкін емес. Демек, ойлағанды зорлап орындатуға болмайды. Әрине, «Абай» романы сияқты аса терең әлеуметтік романда таптық күресті айналып өтуге болмайды. Алайда ол күрес қарулы қақтығыстан, жарылыстан ғана емес, идеялық қақтығыстан да көрініс береді. Біз «Абай» романынан ең алдымен еңбекші халықтың идеялық салтанатын, оның реакциялық күшпен күресі жеңіспен аяқталатынын көреміз. Бұл орайдан алғанда «Абайды» халық туралы роман деп бағалайтындармен батыл түрде келісуге болады. Иә, бұл бір халықтың даму тарихындағы тағдырын бейнелеген роман. Мұны көрмеу, демек, шындықты көрмеу болып табылады.
Адам аса іргелі ғимарат салды дейік. Әрине, ондағының бәрі сыңғырлап тұрмайтыны рас, онда әлі де сылақ тимеген жерлер де бар. Оны көрсетуіміз керек, бірақ, біздің кейбір Нұрышев сияқты сыншыларымыз құсап, тісіңді шықырлата шайнап тұрып: «Шіркін, мына араны балғамен періп қалсам, ғимарат опырылып түсер еді-ау»,– деп құшырлануға болмайды.
Өнер дегеніміз, адамның өмірге құштарлығы және өзін-өзі жетілдіруі. Сол сияқты «Абай» романының авторына да бұл тәмсіл жат емес. Осы мағынадан алғанда «Абай» романына бірнеше ескерту айтқым келеді. Мұнда ауылдағы таптық күрес көрсетілмеген деп айтуға болмайды. Бұл Әуезов романының өзегін жарып өтіп жатыр, еңбекші адамдардың феодалдар мен байлардың қанауына қарсылығы, олардың өзара қақтығысы үш кітаптың да желісіне арқау болған. Алайда өзінің көлемді шығармасында Әуезов қарапайым адамдардың тұрмысы мен өмір сүру көрінісіне аз көңіл бөлген. Аштық пен өліп таусылуға бет алған кедей-кепшіктерді осыншама мұхтаждыққа түсуінің себептерін жазушы ашпайды. Қанаушылардың мейірімсіздігін көңілсіз көріністерін Абай өзінің өлеңдерінде де жазды емес пе. Мұндай әлеуметтік көріністерді бүгінгі күннің талабы тұрғысынан барынша жалаңаштап жазу керек еді. Өйткені, көшпелі өмір салтындағы орташа шаруалардың өзі өзінің өмір сүруі мен ертеңгі күні үшін үнемі алаңдаумен тіршілік етті.
Сонымен қатар, Әуезовтің романында өткенді обьективті тұрғыдан суреттеу басым, ал бұл ерікті не еріксіз түрде өткенді әсірелеуге алып келеді. Жазушының өзінің халқының өткені туралы көптеген қызықты, танымды мағлұматтар бере отырып, өзі тұрғысынан ешқандай сыни көзқарас білдірместен, кенеттен Құнанбайды Мекеге шығарып салған салтанатты сәт сияқты феодалдық ғұрыптардың тігісін жатқыза суреттейді. Осыдан барып атышулы, шартты түрдегі өткенді әспеттеу қылаң береді. Кей-кейде, егерде халықты Абай сияқты әділ, өркениетті адам билесе, онда әлеуметтік төңкерістің қажеті жоқ сияқты әсерде қалдырады. Бұл реттен алғанда «Казахстанская правданың» сынындағы көптеген ескертпелер назар аударуға тұрарлық.
Алайда, қоғамдық сананың ерекше әрі күрделі түрінің бірі болып табылатын өнердің өзіне тән ерекшелігіне сай әр шығарма өзіне аса зерек әрі қамқорлықпен қарауды талап етеді. Өткенді обьективті тұрғыдан бейнелеуі – Әуезовтің романының бетін анықтап берген деп айтуымызға бола ма? Жоқ, олай деп айта алмаймыз. Бұл романдарға өркениетті, өміршең идея, біздің халқымыздың ежелден қалыптасқан достық идеясы, олардың ортақ тағдыры тереңдей негіз қалаған.
Уақыттың шектеулі екенін ескере отырып, мен бұл романдардың барлық жақсы жақтарына тоқталып жатпаймын, оның үстіне, баяндамашы Ахтанов жолдас жеткілікті етіп айтты. Жолай ескерте кетерім, Ахтанов жолдас роман туралы өзінің көзқарасынан көрі, романның мазмұнына көп тоқталды.
Бүгінгі күнгі талқылауымыздың негізгі тақырыбына орала отырып айтарым: «Абай» романы – толыққанды көркем туынды. Кейіпкерлердің ашық мінезі, терең құштарлығы, мағыналы да бейнелі тілі қазақ тілін байытады, баяндамашы бұл туралы «қазақ тілін қалыптастырады» деп орынсыз дәлелдеді.
Ахтанов: Мен әдеби тілді қалыптасырып, оны дамытады дедім.
– Мұның барлығы, кітаптың көркем жазылуы, оның сөзсіз тамаша сөз шеберінің жазғандығын куәландырады. Өкінішке орай, «Абай» романының осы бір талассыз жетістігін «Казахстанская правданың» редакциялық мақаласы көрмеген. Бұл мақаладағы келтірілген мысалдардың барлығы шығарманың зиянды екенін дәлелдеуге тырысып, нақты қорытындылар жасалмай, «ішің білсін» деп емеуірін етуі оқырмандарды екі ұшты күйде қалдырды. Егерде бұл сіздердің берік ұстанымдарыңыз болса, онда «Казахстанская правдадағы» жолдастар аяғына дейін әділ болуларыңыз керек еді. Онда: осыдан төрт жыл бұрын «Әуезовтің «Абай» романы қазақ өмірінің энциклопедиясы» деп қате жазғандарыңызды мойындаңыздар, әлде сіздер «Правданың», «Литературная газетаның» пікірлерімен келіспейсіздер ме? Өмірде бәрі де болады. Кейде өз көзқарасыңды қайта қарауға тура келеді, ол үшін аса сенімді әрі даусыз дәлелдер керек, ал сіздердің дәлелдеріңіз сендірмейді.
Мен: «Абай» романы кемшіліксіз емес, онда даладағы таптық күрес сұрқайылау көрсетілген, автор барлық бейнелерді бірдей сәтті шығара алмаған, романда шұбалаңқылық бар – деп айтқым келіп тұрған жоқ, мұның барлығы бұрын, соның ішінде ең біріші Александр Фадеев атап өткен болатын. Әрине. Шындықты қайталау шырықты бұзбайды. Алайда, жолдастар, адамның бүкіл өмірінің мағыналы жемісі, жаны мен қаны болып табылатын адал еңбегін арандатуға да болмайды.
Мысалы мен: «Абай» романында орыс адамдарының бейнесі жоқ дегенмен тұжырыммен мүлдем келіспеймін. Олар бар! Білгіңіз келсе айтайын, мұнда біздің халқымызға құшағын кең ашқан өркениетті Россияның бейнесі бар. Әрине, көркемдік толыққандылығы мен сенімділігі тұрғысынан алғанда барлық орыстың бейнеленуі бір келкі емес. Бұл орайда авторға айтар тілек көп.
Ал енді дала қыздарының киімдерін, тіпті байдың қызының шолпысының суреттелуін алайық. Абай – поэтикалық, махаббатшыл тұлға. Мұнда тұрған қандай әлеуметтік қауіп бар? Өзінің барлық асыл әшекейіне қарамастан Қыз Жібек те өркениетті қыз деп есептеледі емес пе! Егерде өзіміздің Николай Островский поляктің бегімін мұқым жасау-жабдығымен малындырып суреттесе, онда оны біздің заманымызға үлгі етіп ұсынып отыр деп айтуға бола ма? Кейбір сыншылардың өнердің күрделі заңдылықтарын білмей, көпқырлы емес, біржақты, көп бояулы емес, бір-ақ бояумен сырланған ортақол, сұрқайы шығармалар жазуды талап етуіне ренжімеске болмайды. Кейбір игі мырзалықты көрсету мақсатында суреткер тіпті дұшпан таптың өкілдерінің өзінің адамдық қасиеттерін көрсетуге мәжбүр болатынын дәлелдеп жату керек пе. Оған мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Мұқановтың «Жұмбақ жалауындағы» – Елизаветаның, Мүсіреповтің «Қарағандысындағы» (? – «Оянған өлкедегі» – Т.Ж.) – Ушаковтің, тағы да басқалардың бейнесін алсақ та жеткілікті. Оның барлығы туындының идеясына байланысты. М.Әуезов суреттеуіндегі қыздарға тура сондағы бейнеленгеніндей көрік қажет еді. Мен табиғат суреттері жөніндегі Досалиевтің пікірін талдап жатпаймын. Мен оның шалқалақтай шапшығанына және (Нұрышев пен «Казахстанская правданың» мақаласын – Т.Ж.) қорғаштай сөйлегеніне аздап ызыланып тұрмын...».
Тікелей көркем шығарманы талдаған мұндай сыни пікірді әдеби орта жиырма жылдан бері жатсынып қалып еді. Мұнда байсалды пайымдаулар әдебиетке жаңа көзқарастағы жас толқынның келгенін, олардың көркем туындыға, жазушының шеберлігіне қоятын талаптарының мүлдем өзге деңгейде екенін танытты. Сол талқылауда М.Әуезовтің енді танысқан жас тілеуқоры Е.В.Лизунова да сөйледі. Ол ішінара:
«...«Казахстанская правданың» «Абай» романы жөніндегі жойымпаздық пиғылға құрылған мақаласы біздің партиямыздың әдеби сынға арлы да шынайы қамқор болуды ұсынып отырған талабына қарама-қайшы келеді. «Абай» романының елеулі қателіктер мен кемшіліктен ада емес екені сөзсіз, алайда бұл шығарманың басты, негізгі, маңызды мақсаты зиянкестікпен бұрмалауға құрылған деген мағынаны білдіре ме? Жоқ, білдірмейді. Романның жарыққа шығуының өзі бүкілодақтық маңызға ие болғаны және туысқан республикалардағы әдебиеттің өскендігінің куәсі болғаны нақты шындық. Сонымен қатар ең қиын тарихи роман жанры қазақ әдебиетінен берік орын алды, қазақ прозасының кемелденгендігін мойындатты. Мұқым қазақ әдебиетінің даму деңгейін анықтайтын мәселелердің барлығы да: орыс пен қазақ халқының достығы, қазақ халқы мен оның демократиялық үрдістегі зиялыларының тарихи тағдыры, патриархалдық-феодалдық қоғамдағы тап тартысы – бұл кітапта нақты шешімін тапқан. Романдағы басты мәселенің бірі – ол қазақ әдебиетінің тағдыры үшін де және оның өсуі үшін де ерекше маңызы бар феодалдық-рулық қарым-қатынасқа деген көзқарас. Мен көптеген сыншылардың: романның кейбір тұстарында өткенді дәріптеу, олардың тұрмысын сүйсіне суреттеу байқалады – деген пікірлері дұрыс деп есептеймін. Алайда бұл «Абайдың» үш кітабының бетін ашып беретін кейпі осы деуге бола ма? Жоқ, болмайды. Әспеттеудің төркіні ең алдымен оқиғаны баяндау барысында өзінің көзқарасын білдіре отырмағандығында және өзінің көзқарасын кейіпкердің көзқарасынан ажырата алмағандығында. Бөжейдің асын суреттеген тұста солай болды. Автор оған сырт көз арқылы қарауы тиіс еді...»,– деп пікір білдірді.
Бұл пікірге Мұхтар Әуезовтің өзі де қанағаттаныпты. Осының ішіндегі: «Романның жарыққа шығуының өзі бүкілодақтық маңызға ие болғаны және туысқан республикалардағы әдебиеттің өскендігінің куәсі болғаны нақты шындық. Сонымен қатар ең қиын тарихи роман жанры қазақ әдебиетінен берік орын алды, қазақ прозасының кемелденгендігін мойындатты»,– деген баға үшін өзге емеуіріндерді ескермеуге де болатын. Ал келесі кезекте халықтық оқырман ретінде мінбеге көтерілген азамат Ділдәбековтің (есімін анықтай алмадық) сөзі сол тұстағы ең батыл пікір, өжет ойға, тәуекелді мінезге, азаматтық ерлік рухы мен намысқа, әдебиетке деген шын жанашырлық махаббатқа, М.Әуезовке деген адалдыққа құрылған. Сондай дүрбелеңді шақта қалай батыл сөйлегеніне таңданасың:
Ділдәбеков: «Осынау тамаша кітапты оқырмандар үш жылдан бері үзбей оқып келеді. Қандай да бір дүниеге нағыз сыни бағаны оқырмандар, яғни, халық береді, алайда, біздің арамыздан әлі де қазақ әдебиетінің тарихынан «Абай» романы сияқты ұлы шығармаларды сызып тастағысы келетін кейбір сыншы – жалақорлардың қыңсылаған, бірақ дөкір дауысы естіледі. Бұл арада ұлы Крыловтың «Моска» атты мысалының керін құшқандардың арамызда бар екенін ескерте кеткен артық болмайды деп есептеймін. Ұлы Сталин: біздің кемшіліктерімізді сынаңдар, бірақ оны жарнамалық жасасынға айналдырмаңдар,– деп ескерткен болатын. Ұлы көсемнің осы дана сөзін біздің сыншыларымыз бен әдебиеттанушыларымыз сағат сайын, минут сайын есінде ұстауы тиіс.
Кеңестік қазақ әдебиетіне үлкен үлес қосқан құрметті Мұхтар Әуезовтің аса игілікті еңбегін біздің бәріміз де білеміз. Егерде арамызда бақайқулық ойлаған сыншысымақтар бар болса, онда біздің оқырмандық құқымыз оқырмандарды адастырғысы келген кез-келген жалақорға тосқауыл беруге міндеттейді. Ана бір уақыттың өтіп кеткенін ондай сыншылар есінде ұстауы керек. Қиындық дегеніміз – оны жеңу үшін туындайды. Олар, біздің аға толқындардың ортамызда ұзақ жүруін тілеймін, өйткені олар өздерінің күткен күндерін тым құрығанда бір рет көре алмай кетсе, өкініш зор болмақ. Сондықтан да біз әдебиеттегі жөнсіз, кеңестік сынға жат көріністердің жолын кесіп отыруға міндеттіміз.
Ұлы Максим Горький: кітап – өмірмен, тұрмыспен, өзге халықтардың мәдениетімен таныстыратын ең сенімді, ең жақсы дос,– деп айтқан болатын. Біздің кеңестік қазақ әдебиетінің озық туындыларының көптеген тілдерге, тіпті, шет ел халықтарының тілдеріне аударылып жатқанын білу қандай қуаныш десеңізші. «Ботагөз», «Абай», «Қарағанды» сияқты үздік шығармалардың пайда болуы біздің бүкіл қазақ әдебиетінің ірі жетістігі болып табылады. Алайда, оқырмандардың қарсы пікіріне қарамастан, жалған сыншының атын жамылған «Казахстанская правдадағы» кейбір жолдастар, Мұхтар Әуезовтің «Абай» романы сияқты тамаша туындысын қоқыс үйіндісіне лақтырып тастағысы келеді. Мақаланың авторы су жүрек екен, өйткені ол өзінің қолын қоюдан қорықты, демек оқырмандардың дауысынан қорықты.
Егерде «Казахстанская правдадағы» жолдастар мұны редакциялық мақала деп есептесе, онда шынымен де не айтарымды білмеймін. Онда, осы газеттің редакциясында осындай үлкен тарихи шығарманы қорғайтын бір оқырманның табылмағаны ма?
Мақала туралы сөзді осымен әзірше доғара тұрайық. Кейбір кемшіліктер оның жақсылығына көлеңке түсіре ала ма? Әрине, жоқ. Романның жақсылығы көп айтылды, асырылып айтылды, бірақ та мені басты кейіпкердің бейнесі ашылмаған деуі (мақалада осылай делінген) таң қалдырады. Бұған қарап: бұл сыншы «Абай» романын үстірт оқыған, немесе мүлде оқымаған, ал егерде оқыған болса, онда жазушының кейбір жаңсақ кеткен жерлеріндегі жекелеген сөздерді қасақана бір-бірінен бөліп алып, жалпылама қорытынды жасап, оқырмандарды адастырғысы келген деуге болады. Алайда біз ондай аңқау оқырман емеспіз. Рапптық (әсіре әлеуметшіл) тобырдан қалған мұндай сарқыншақтардың есінде болсын, олардың біздің арамызда әлі жүргені рас, оқырмандар үшін олардың уақыты енді келмеске кетті. Енді бізді алдауға, әр түрлі сандырақтармен біздің басымызды айналдыруға кез-келген сыншының күші жете бермейді. Біз ненің ақ, ненің қара екенін және ненің жақсы, ненің жаман екенін жақсы білеміз. Абайдың ғана бейнесі емес, Құнанбайдың үшінші буыны Әзімбайдың да бейнесі «Абай жолы» кітабында толыққанды ашылғаны сондай, бізге жазушының тамаша шеберлігіне қуана білу ғана қалады.
Мұхтар Әуезов байлардың тұрмысын суреттеп, қарапайым халықтың тұрмысын кейде көлеңкеде қалдырады. Осындағы тамашы киімдер, қанатты тұлпарлар еңбекші бұқараның маңдай терімен табылған. Жазушы келесі романдарында осыны ескерсе, қандай жақсы болар еді. Менің ойымша, Оспанның бейнесін сомдауда, әсіресе, оның өліміне ағасы Абай қатты күйінетін тұста бір үйлесімсіздік бар сияқты. Өзінің өмір жолының ең ауыр жылдарында сүйенішті ел ішіндегі достарынан емес, інісі Оспаннан іздейді. Егерде Оспанның табытының басында Абайдың қатты күйзеліп, ащы көз жасын төккені рас болса, онда бұл оның рухани өмірден түңілуі мен есінің тұмандануының көрінісі емес пе. Ұлы ақынның осы кездегі түңілісті көңіл-күйін оның әлсіздігі ретінде толығырақ ашып көрсетуге болар ма еді. «Ревизор» мен «Өлі жандарды» өмірге әкелген Гоголь өмірінің соңында есінен адасқанын өзінің тілшесінде жазып кетсе де, ұлы жазушы болып қалды емес пе.
«Казахстанская правда» газеті туралы тағы бір сөз. Соңғы уақытта «Казахстанская правдада» біздің жазушылардың көп жылдық еңбектерін еш кетіретін мақалалардың жиі жарыққа шығуы тегін емес. Осыдан біраз бұрын бұл газеттің тұрақты авторлары «буржуазиялық ұлтшылдар» еді, ал қазір бұл газетте алаяқтар қызмет істейді.
Газет – партияның органы, ол көпшілік-қоғамдық газет болып табылады, егерде «Казправдадағы» жолдастар мұны осы уақытқа дейін түсінбесе, онда бұқара халықтың өзі «Казправданың» бетіндегі мұндай мақаласымақпен қоса оның авторын да ысырып тастайды.
Жазушы Мұхтар Әуезов туралы бір сөз. Ол біздің кеңестік жазушы, біз оны жалақор-сыншының қолына бермейміз. Оны осындай сыншылардың жаласынан қорғауға дайын екендігімізді, сонымен қатар оның кемшіліктері мен жетіспеушіліктерін де көрсететінімізді білдіре отырып, оған өзінің тамаша жазушылық шеберлігін, өзінің көп жылдық тәжірибесін бұрынғыдан да қуатты пайдаланып, бұрынғыға қарағанда да жемісті еңбек етуіне тілектестік білдіреміз».
Міне, халықтың күші деген осы болса керек. Бұдан асырып білдірген шынайы халықтық көңіл-күй оған дейін де, одан кейін де болған емес. Даңқ тұғырына көтерілген тұста бұдан да артық құрбандыққа дайын екендігін білдіріп, бұдан да көпке уәде берген жағымсақ, мысық тілеу марапаттарға іштей сүйінсе де, көп алдында бетін қайырып отырған. Қысқартып айтқанда, Ділдәбековтің осы сөзі – сөз-ақ. Өкінішке орай, осынау азаматтың толық өмірі туралы мағлұмат әзірше қолға түспеді. Әрине, мұндай өткір де ашық пікірді партияның оқшантайына енді салынған «іші қуыс торсылдақ патрон» Нығымет Жанділдин жақтырмады.
Жанділдин жолдас: «Жолдастар, біз мұнда пікір алысу үшін, кемшіліктерді көрсету үшін жиналдық, сондықтан да авторға көмек көрсету мақсатында оның кемшіліктерін айта отырып, сол қателіктерді жоюдың жолдарын да авторға көрсетуіміз керек еді. Алайда көптеген жолдастардың сөзі мадақтауға айналып барады. Менің ойымша, романның жетістіктері туралы жолдастар дұрыс айтты, бірақ та кейбіреулердің сөзінде ешқандай сын болмады, алдымызға қойған мақсатқа жетпеді.
Соңғы сөйлеген Ділдәбеков жолдастың сөзі шындыққа жанаспайды, оның: «Осыдан біраз бұрын бұл газеттің тұрақты авторлары «буржуазиялық ұлтшылдар» еді, ал қазір бұл газетте алаяқтар қызмет істейді»,– деген пікірімен келісуге болмайды. Бұлай сөйлеу дұрыс емес. Әрине, барлық газеттер сияқты «Казправданың» жұмысында да кейбір кемшіліктер бар, алайда «Казахстанская правда» – тек қана алаяқтар істейтін газет деуге болмайды, бұл дұрыс емес. Газет Қазақстан Орталық партия комитетінің органы болғандықтан да газетті бақылап отырады және ол газетке жетекшілік етеді, сондықтан да «Казправдада» алаяқтардың қызмет етуіне жол бермейді.
Ділдәбеков: Мен «кейбір алаяқтар» дедім».
Иә, Жанділдинге де жан керек. Орталық комитеттің өзі арандатуға итермелеген «Казправданы» қорғамаса өзі де қорғансыз қалатынын білді. Ал шындығына көшсек, «қазақтың домбырасының көзін құртуға» нұсқау берген Орталық комитеттің болашақ хатшысының өзі де идеология саласындағы арандатушы алаяқтардың бірі болып жетіліп келе жатқан. Осы тапсырманы берушілердің біреуі соның өзі де болуы да мүмкін. Жас сыншыл-ойшыл толқынның тағы бір өкілі Зейнолла Қабдолов та мінбеге көтеріліп, екінші кітаптың көркемдік компоненттерін көтермелей көрсете келіп:
«Бұл кітапта да автордың сызып тастауына тиісті кемшіліктер, тіпті, қателіктер бар. Феодалдық тұрмысты суреттейтін тұстарда оны әсірелей әспеттеуден екінші кітап та құр алақан емес. Бірінші тараудағы Құнанбайдың Мекеге аттануы баяндалатын тұс жалпыға ортақ салтанатқа айналып кеткен. Құнанбайды қоршаған адамдар, соның ішінде Абай да бар, тіпті автордың өзі де оған сүйсіне қарайды. Тінібайдың қонақ үйінен аттанып бара жатқан Құнанбай өзінің айналасына өсиет еткен дана сөздер айтады. Соның ішінде: «Үй серігім ғана емес, өмір серігім едің»,– деген де сөз бар (Бұл бәйбішесі Ұлжанға қаратылған сөз – Т.Ж.). Құнанбай шығарып салушыларды қалдырып бара жатып: «Ел мен жерге сәлем айтыңдар»,– дегенді мүлдем қысқарту қажет (шындығында да бұл сөздер кейін өңделді – Т.Ж.). Әсіресе, Ырғызбайдың байлығы ерекше сүйінішпен баяндалады. Құнанбайды бүкіл қала жұртшылығы салтанатпен, сәнмен, жарқын жүзбен шығарып салады. «Үш жирен атты сәнді күйме бай үйдің кең қақпасынан дүрілдей шылдырап, ағындап шыққанда, арба мен салт атқа мініп, шығарып салуға ілескен жұрт саны қалың еді. Құнанбай күймесінің артынан тағы екі күйме шықты. Оның біріншісіне Мәкіш пен Абай мінген. Екіншіде – Тінібек пен бәйбішесі. Осындай мол жүргінші бір көшені өздері алып, даурыға сөйлеп, шаңдата тартып бара жатқанда, кішкене қаланың еркек-әйелі, бала-шағасы түгелімен қақпа алдына, терезе түбіне жүгіре анталап, қадала қарап көпке шейін тарамастан шығарып салысқан» (403-бет).
Жазушының дәл осылай баяндауы бізге де қызықты көрінді. Бұл оқырмандарды байлардың керексіз салтанатынан жеріндірмейді, қайта өзіне тартады. Біздің ойымызша бұл көріністе: Құнанбайдың байлығы мен қуанышы – кедейлердің мұхтаждығы мен көз жасы екенін оқырман қауымды сезіндіре жазғаны дұрыс еді және солай жазылуы да керек».
Міне, Құнанбайдың күймесінің алдын ораған «сақалына буырыл кірген Дәркембайға: «Қарызым кетті мойныңда... Қарызым!»,– дегізген, ал Құнанбайға: «Онда атпасаң бүгін аттың ғой. Мынау менің көріме атып отырған оғың ғой. Алды ғой мынау жағамнан!»,– деп жауап қайыртқан «көзжасының құны» – осы сыннан кейін қосылған болып шықты. Шығарма ұтып, шындық ұтылды ма? Ол арасын әркімнің патша көңіліне тапсырдық. Ал жанына жақын тартып жүрген Ы.Дүйсенбаев та:
«Менің ойымша қазақ әдебиетінің білгірі М.Әуезов кеңес жазушысының міндетін естен шығарып, халықтық сыпатқа не жататынын, феодалдық сыпатқа не жататынын ажыратып көрсетпейді. Тағы бір ескерту: Абайдың пантүркистермен, ұлтшылдармен күресін көрсетудің қажеттігі туралы айтқан жолдастардың пікірлері де дұрыс. Өйткені, Абайдың және өзге де озық ойлы адамдардың қатысуымен өткен өркениетті болашақ үшін күрестегі идеялық қақтығыстар көрсетілуі тиіс. Олар халықты өркениетті идея үшін күресуге, қазақ халқы даму жолына, бақытты болашаққа орыс халқының көмегінсіз жете алмайтынына үндеді. Бұл орынды өркениетті ой»,– деген екі ескерту жасады.
Мұхтар Әуезов өзінің әрі шәкірт, әрі ақылман досының бұл талабын «Абай жолы» романының төртінші кітабында қанағаттандырып, панисламист, пантүркист, ұлтшыл Әзімханды (прототипі – Әлихан Бөкейханов) жағымсыз кейіпкер ретінде кейіптеді. Сөйтіп, өзінің «Алашорда» туралы жазбақ ниетінде жүрген шығармашылық нысанын Абайға әкеп жанықтырды. Бұл да «өркениетті ойшылдың» өз еркінен туған шығармашылық инсан ба, жоқ па, және келер күндердің тарихи шындық туралы көзқарасына үйлесе ме, жоқ па, оған да тоқталып жатпаймыз.Осыдан кейін Филатов жолдас қысқа сөйлепті, ол:
«Мен Әуезовтің «Абай» романындағы феодалдық шындықты суреттеген тұстарындағы авторлық шабытпен суреттелген тұстарымен келіспеймін. Егерде бірінші, екінші кітапты оқи отырып, Абайдың өмірі мен оны қоршаған адамдарға қатысты көріністерге назар салсақ, онда ерекше көркемдік құралдарды, жарқын штрихтарды, мағыналы мәнерді Әуезовтің неге іріктей таңдап алғанын түсінеміз. Егерде Абай мен оған жақын адамдардың өмірі мен қоршаған ортасына қарайтын болсақ, онда жазушы қазақ ақсүйектерінің тұрмысын, дәстүрін, революцияға дейінгі патриархалдық ауылдың салтын тамсана отырып суреттеген екен – деген әсерде қаласың, мұнда олардың құштарлығы емес, автордың соларға құштарлығы анық байқалады. Абай бейнесі өте талантты және қуатты сомдалғандықтан да, бұл қателіктердің бәрін көмескілендіріп жібереді, бірақ жойып жібере алмайды. Әуезов жолдас өзінің осы ұстанымын қайта қарап, революцияға дейінгі ауылды шындыққа жақын етіп суреттеуін қалар едім. Міне, менің айтқым келгені осы еді. Ал мұқым шығармаға қаратылған баспасөз бетіндегі сынға келетін болсақ, ал мұқым шығарма туралы бұл арада айтылған әдеби сынды естігемін жоқ, ондай сынға Маяковскийдің: «Оқырман мен жазушының арасында делдалдар тұрады, ал делдалдардың пікірі қашанда делдал, сұрқайы келеді»,– деген сөзімен жауап бергім келеді».
Ал ол тұста, шынымен де, ет пен терінің арасындағы без сияқты, әдебиет пен саясаттың арасында делдал боп жүрген делдал сыншылар көп еді. Бұдан басқа осыған дейін, осыдан кейін сөйлегендердің ішінде Мұхтар Жанғалиннің пікірі ерекше пайымды, байсалды шықты. Ал М.Әуезовтің өзі М.Ақынжановтың, Ғ.Әбетовтің, Ә.Әбішевтің, С.Бегалиннің, М.Тиесовтің пікірлерін жақсы қабылдады. Кейіннен М.Сильченконың: Әбіш Ресейдегі революциялық қозғалысты білген болуы керек. Автор Михаиловты зорлап сөйлетеді, Абайдың ақындық мектебінің өкілдеріне берілген бағаны қайта қарауы тиіс – деген пікірі үшінші-төртінші кітапты қайта өңдеп жазу барысында еске алынып, өзгерістер жасалды.
Яғни, жазушы «Абай жолы» деп «Абай» романынан бөлек бағалайтын үшінші-төртінші кітап, осы талқылауда айтылған «сыни нұсқаулардың» негізінде саясаттанып жазылғанын байқауға болады. Бұл Н.Жанділдин айтқандай «авторға көмек пе», әлде, көлденеңдеп килігу ме? Бізше, Абайға да, авторға да, көркем ойға да қиянат.
4.
Оның бұл жанталасы осы талқылауда сөйлеген қорытынды сөзінің сарынынан анық аңғарылады. Бұл оның осы үш жыл ішіндегі өзін-өзі қорғаған соңғы және ең жауапты сөзі болғандықтан да және мұнда осы үш жылғы сұрқылтайдың тотты табы анық байқалатындықтан да, сондай-ақ «Абай» сияқты «қазақ өмірінің энциклопедиясы» атанған қуатты көркем ойлы туындының «Абай жолы» атты таптық, төңкерістік, өркениетшіл-орысшыл «социалистік реализмнің үлгісі» саналған роман-эпопеяға қалай және не себептен ұласқандығын көрсететіндіктен де, еш қысқартусыз толық келтіреміз.
Күрделі ойлау жүйесінің иесі, ауызекі сөздің шешені, ішкі толқыны аударылып-төңкеріліп отыратын Әуезовтің осындай ағынан ақтарылған тұсындағы сөзінің ішкі иірімдері өте лықсымалы болғандықтан да, аударма мәтіннің де «лықсымалы» болғанын ескерте кетеміз.
М.Әуезов: «Жолдастар, мен өз сөзімді, уақыттың шектеулі болғанына қарамастан, біздің жазушылар ұйымына, біздің жұртшылығымызға, біздің қазақ кеңес әдебиетіне, біздің социалистік мәдениетімізге дос көңілмен қарайтын қауымға, менің шығармашылығыма зерелі көңіл бөлген және менің басымнан өткен ең қиын да маңызды кезеңде мені демеген, менің ойымша, қазір де демеп отырған осы жұртшылыққа тереңнен шынайы буырқанып шыққан алғысымды білдіруден бастағым келеді.
Ең алдымен, дәл солай болуы тиіс, мен өзімнің назарымды баяндамаға аудармақпын, осындай шығармалар жөнінде жасалған баяндамалар біздің әр қайсымыздың ұстанымымыздың деңгейін анықтайды, біздің республикамыздың жазушыларының белгілі дәрежедегі сыни ойлау деңгейін көрсетеді.
Жолдас Ахтановтың баяндамасы: – жас толқынның арасынан қуатты күштің, жақсы, алдыңғы қатарлы обьективті сыни ойдың өкілдерінің, әдебиетке жаны ауыратын, көркем әдебиеттің ерекшелігіне, шығарманың асыл өзегіне бойлай білетін және автормен бірге жақсылығын қуана отырып көрсететін, кемшілігі үшін бірге қабырғасы қайысатын, сол қателерді түзетуге көмек көңілін ұсынатын өте қабілетті жастардың өсіп келе жатқанын танытты.
Дәл осы талқылауда жасалған жолдас Ахтановтың баяндамасындағы романның жақсы жақтары мен кемшіліктеріне тоқтала отырып айтқан пікірлері біздің жазушылар ортасындағы сыни ойдың деңгейінің өрелі деңгейін көрсетті. Өзге де жолдастардың сөзінен де бұл анық байқалды.
Мен осы арада өзімнің әріптестерімнің – жазушылар мен прозаиктердің өте жауапты асыл ойларын тыңдадым. Иә, кеше де, бүгін де роман туралы С.Мұқанов пен кеше төралқа мәжілісінде пікір білдірген Ғ.Мүсірепов жолдастар сөйлеген жоқ.
Романның жарыққа шыққан алғашқы күнінен, 1941 жылғы басылымынан (бастап айтылған пікірлердің ішінен) «Абай» романы жөніндегі Ғ.Мүсіреповтің көлемді пікірі менде сақтаулы. Бұл – терең ойластырылған, өте талантты, аса маңызды пікірдің бірі болды. Әрине, онда да ағаттықтар жоқ емес, сыншылар ғана шығарманы сынап қоймайды, шығарма да сыншының кемістігін сынайды емес пе. Соған қарамастан, осында айтылған кейбір жағымды бағалар мен кемшілікті көрсеткен сыни пікірлер менің екінші кітапты, тіпті үшінші кітапты жазуым кезінде көмек қолын ұсынды. Жазушылардың, сыншылардың көптеген ескертпелері маған «Абай», «Абай жолы» кітаптарының қайта басылымында, әсіресе, осы төрттағанның соңғы қорытынды кітабін жазу барысында көп септігін тигізді, әлі де септігін тигізетін болады.
Осы арада жазушылар айтқан пікірлермен, мен үшін аса қымбат пікірлермен менің міндетті түрде санасуым керек. Мен, көркем проза саласында өзіммен бірге шығармашылықпен айналысып жүрген жауапты ой иелерінің, Мұстафин, Әбішев, Бегалин, Тиесов сияқты прозаиктердің, драматургтердің пікірлерін тыңдадым, мен біздің кейбір сыншылардың пікірлерін де тыңдадым. Олардың бәрі де бір тілекке қосылды, олардың пікірлерінің барлығы да Әуезовтің «Абай» романы – қазақтың ұлы ақынының, ағартушысының асыл бейнесі Абайдың атына сай болуды қалаған адал да қатал талаптан туындады. Бұл бәріміздің де ортақ мақсатымыз.
Сіздердің романның беделін көтергендеріңіз – қазақ әдебиетінің беделін көтергендеріңіз болып табылады, сіздер шығарманың кемшіліктерін көрсету арқылы оны да биік сатыға көтересіздер, оны бұрынғыдан да кемелдендіріп, толыққанды туынды етесіздер.
Оқырмандардың алаңы мен жазушының ойы тоғысқан тұста айтылған мұндай әділ пікірлер, біздің жүздесулеріміздің ең бақытты сәттері болып табылады, осы орайдан алғанда біздің бірлестігіміз – біздің кеңестік Жазушылар Одағы осы ынтымақтың ұйытқысына айналып отыр. Мен өзім бұдан ешқандай жан ауыртатын жағдайды көріп тұрғамын жоқ, көргім де келмейді.
Маған қарата айтылған пайдалы сынды бар ынтаммен, бар қуатыммен, шама-шарқым жеткенше (оның деңгейін сіздер бағалайсыздар) тыңдауға тырысып келе жатқанымды ашық айтуым керек. Менің осы айтқандарымды дәлелдейтін көптеген мысалдар мен дәйектерді келтіруге болады. Мен өзіме пайдасы тиетін кеңестерге мұқият көңіл бөлемін, өйткені бәріміздің де талпынысымыз бір мақсатқа бағытталған.
Роман тек қана орыс тілінің өзінде 4 рет көп данамен басылып шықты, тек қана Свердловскінің баспасының өзінен 75 мың данамен таралды. Тек орыс тіліндегі басылымының өзі жарты миллион данадан асты. Орыс оқырмандарынан күн сайын көптеген хаттар аламын, солардың бірде біреуі романды панисламистік, буржуазиялық идеологиядағы шығарма деп бағаламайды, қалай айтсақ та, зерделі оқырмандар «Абай» романының мақсаты қазақ халқының өмірін бейнелеу деп түсінеді. Сонымен қатар, шетелдік демократиялық республикалардың, соның ішінде польшаның, чехославактардың және тағы да басқа елдердің баспасөзінде оң баға берілген жекелеген пікірлердің мазмұнын да маған баяндап берді.
Егерде мен романға Сталиндік сыйлықтың берілгеніне, «Абай» романы жөнінде жақсы пікірлердің айтылғанына сүйене отырып, менің шығармам қол жетпейтін биікке көтерілді, ол ешқандай сынауға жатпайды десем, оным көрсоқырлық болар еді. Ондай мінез ешқашанда көрсетілмек те емес. Әділ сынға жан пида деп қараймын. Сондықтан да Сильченконың: роман осы уақытқа дейін жаппай мақталып келді, осы мақтау белгілі бір дәрежеде авторға бөгет жасады, – деген пікіріне қосыламын. Мүмкін солай да шығар.
Қазақ тілінде «Абай» тек үшінші рет басылып отыр. Ол бірінші рет 1942 жылы басылып шықты. 1949 жылы оған Сталиндік сыйлық берілді, бұл жылдары біздің жұртшылығымыз қуаныштан жарыла жаздады, романның тек қана жақсы жақтарын ғана ауызға алды. Жұртшылықтың, соларға тікелей арналып жазылған жұртшылықтың өзі романның алғашқы кітаптарын бастапқыда жақсы қабылдаған пікірлері мен үшін өте құнды және маған өте пайдалы әсер етті. Партиямыздың өзі, мұқым кеңес халқы бұл шығарманы құртып жіберуді көздеген жоқ, керісінше: жақсы дүние – жарқырай түссін, ал озық туынды – асқақтай түссін,– деген ниетпен қарады. Мұндай шынайы тілекке қандай автор құшағын ашпайды.
Бұл тұрғыдан алғанда, достық пейілмен, адал көзқараспен ұсынылған көмек қолына мен де қолымды созамын. Мен өзімнің романыма, оның бірінші кітабына, араға 11 жыл салып барып алыстан көз саламын. Бірінші кітап 1942 жылы шықты, бірінші том шыққаннан бергі арадағы уақытта айтылған сіздердің ойларыңызды, пікірлеріңізді, сындарыңызды, тіпті әлі де айтылмай қалған тілектеріңізді түйсікпен сезіне отырып, шығарманы қайтадан өңдейтін боламын. Әдебиетке жаны ашитын шығармашылық сана иелерінің басқаша ойлауы мүмкін емес.
Бұл тұрғыдан алғанда өзінің шығармаларын оншақты рет қайта жазған ұлы орыс классиктерінің ұлы дәстүрін қабыл аламыз және үйренеміз. «Фаустың» авторы Гете өзі өлгенше бұл шығарманы 40 рет өңдеген. Ал мен өзімнің романымды осыдан 10 жыл бұрын жазылған қалпында қалай қалдыра аламын. Мен де сол қалпымда емеспін, тарих та сол кездегідей емес, көп нәрсе қайта қаралды. Өткенді бағалауда Әуезов те қателесті, қоғам да қателесті, сол қоғаммен бірге мен де қателестім, аға ұрпақтың өкілі ретінде кей кезде қате ойларымды ұсындым, сондықтан да мен өз шығармаларымды жетілдіре түсу үшін қайтадан қарауға тиіспін, өйткені 10 жыл өткеннен кейінгі қазіргі кезеңде көп түсініктер өзгерді, егерде 10 жыл өткен соң қоғам мен жұртшылық осындай назар аударып, романды өңдеуді талап етсе, әрине, қайтадан қараймын. Мүмкін, біздің көзіміз тірі кезімізде жұртшылық романға жаңа көзқарас білдіріп, жаңа толықтырулар енгізуді ұсынар, Әуезовтің тірі кезінде – оның кітаптары да өлмейді, ол қоғамның барлық ескертпелерін ескере отырып, әлем классиктерінің, соның ішінде өзіміздің кеңестік жазушылардың тәжірибесіне сүйене отырып жетілдіре беретін болады. Осы орайда бізге Александр Александрович Фадеев жақсы үлгі көрсетіп отыр.
Осы пікірге қосымша тағы да бір ой айта кеткім келеді: жазушы өмірді теңшей көрсетуі тиіс және оның туындысы оған қол ұшын берген барша жолдастарға, әр бір оқырманға түсінікті болуы шарт. Авторға көмектесе отырып белгілі дәуірдегі әдеби қозғалыстың кемшілігін аша отырып, сонымен қатар автордың терең де жарқын мақсатты жетістігін де ашық көрсетуі тиіс.
Пушкиннің, Лермонтовтың, Белинскийдің тарихи қайраткерлігі неге әкеліп тірейді, тек олардың қателіктерін көрсету үшін ғана ма? Жоқ. Ол – қойылған мәселелерді шебер аша біліп, оны бүгінгі күнге сай көрсете білуге әкеп саяды. Пушкиннің «Евгений Онегині» несімен құнды, Гогольдің натуральдық мектебінің құндылығы неде, Лермонтовтың аса көркем де тебіреністі поэзиясының құндылығы неде? Шығарманың жақсылыған айту да көмектеседі, кемшілікті көрсете келіп, қалай жазу керектігін дос ниетпен білдіру де ынталандырады. Бұл біздің кеңестік әдебиет пен кеңес жұртшылығының дәстүрі. Сіздер, кеңес жазушыларының шығармаларының жетістіктерін талдаған сыншылардың, мысалы, Фединнің романдарының жетістіктерін ашып көрсеткені үшін..., сондай-ақ Якуб Коластың шығармаларының жетістіктерін ашып көрсеткені үшін Евгений Мазунковтың Сталиндік сыйлық алғанын жақсы білесіздер. Ендеше шығарманың көркемдік сапасы мен жетістіктерін ашып көрсеткеннің бәрі де жағымпаз деп аталады деп түсінген адамдар қателеседі.
Біздің бұл мәжілісіміз баяндамадан бастап содан кейін сөйлегендердің сөзі де өте мағыналы болды. Соңғы екі мәжіліс сыни ой мен сын мәдениетінің соншама өскендігін дәлелдейді. Кейбір жолдастардың сөзін алғыспен еске аламын. Бұл адамдардың біразы, мысалы, Мұстафин, Әбішев, Мүсірепов жолдастар шығарма басылмай тұрған кезде болашақ «Абай» романының бірінші және екінші кітаптарының сыншылары мен пікір білдірушілері болып, өздерінң пікірлері арқылы демеу көрсетті. Жап-жас зерттеушілер, мысалы Лизунова, көптеген тың да пайымды пікірлерді жинақтай жеткізді. Ол өзінің тұжырымдары мен қорытындыларын өте жоғары деңгейде мәдени түрде жеткізе білді. Әлімқұлов та шығарманың жетістіктері мен кемшіліктеріне байланысты байсалды тұжырымдар мен қорытындылар жасады. Ақынжановтың тарихшы ретіндегі ғылыми пайымдаулары да өте назар аударарлықтай болды. Әрине, барлық жолдастардың атын атап шығуға мүмкіндік жоқ, оны қажет деп те санамаймын, бірақ өткендегі қазақ тұрмысының білгірі Бегалиннің пікірлері өте құнды болды.
Мұның барлығы, романды зерделеу мен талқылау жұмысы өзінің мақсатына жеткендігін, көп нәрселердің ойластырылғанын байқатады. Алайда мұның барлығы осында айтылған пікірлердің не ана кітаптың, не мына кітаптың өңделуіне әсерін тигізеді деген ой тумаса керек. Маған көмектесуге ұмтылған достық тілекті жалпылай алғанда және тұтасымен бағаласам да, мен жолдастардың айтқандарының барлығымен сөзсіз келісемін бе? Олай десем – шындықты айтпағаным. Сіздер де өздеріңіздің әрбір пікірлеріңізді жауапкершілікпен ойластырдыңыздар, мен де аз толғанғамын жоқ. Мен көлемі 1 200 беттен тұратын үш кітап жаздым. Оларды жазған кезде де мен ұзақ ойландым, демек зерттедім, зерделедім, демек, менің де өз ұстанымым, дәлелім бар, оның үстіне бұл туындымен 8 жыл (1942-1950 жж.) жұмыс істеу барысында мен де өте көп толғандым, кейбір ойларымды шығарманың ішіне кіргіздім, ал кейбір сыни ескертпелер романның жекелеген тараулары мен беттеріне, кейде кейіпкерлердің табиғатына, кейде оқиғаның барысына кірікпеді, олардың өзі де қарсы шыққандай болды.
Сіздерге мәлім, сынаған сыншының сынының деңгейін кемел ой анықтап береді емес пе. Сондықтан да осында айтылған ескертпелердің бәрін де қабылдаймын десем, оным дұрыс та емес әрі жалған болар еді.
Екі күн бойы сөйлеген жолдастар біраз байсалды пікір білдірді. Сондықтан да мен осы арада естігендерімді басшылыққа ала отырып, оны келесі кітапта дәнін беретін бүгін себілген тұқым ретінде қабылдаймын. Ал кейбір пікірлерді ойлана жүру үшін есімде сақтап қалдым.
Мұнда айтылған пікірлердің бір парасын дұрыс деп есептеймін де оны жетекшілікке аламын. Тағы бір бөлігін өзімнің еркін де, ерікті, дербес толғаныстарымның еншісіне қалдырамын. Сондықтан да: міне, бүгін сіздер мынадай ескертулер айттыңыздар, ал мен оны ана кітаптың мына жеріндегі ана ескертуді былай түзеймін деп қазір уәде бергенім дұрыс болмайды. Мен бұл кітаптағы көптеген жайларды аса жауапкершілікпен ойлана отырып жаздым, сыни пікірлердің кейбіреулерімен талқыласуға да болар еді. Өйткені кез-келген өнер туындысының тұжырымы: екіні екіге қоссаң төрт болады – деген қағидаға бағынбайтынын сіздер білесіздер.
Алайда барлық пікірлердің ықпалы белгілі бір аумақты қамтитыны да анық. Мәселе, қай қырынан келіп, қандай ұстанымды ұстануыңызда. Өнердің кез-келген туындысына, оның ішінде сөз өнеріне кез-келген өлшеммен қарауға болады. Бұл ретте мен «Абай» романына байланысты осы уақытқа дейін орын алып келген сыңаржақ қатынасты қабылдамаймын, алайда ең ықыласты, әділ әрі мақсатты сынның да көп қыры бар, оны ұсыну үшін де әбден ойланып алу керек. Осы айтылған жайларды ескере келіп, баяндамашыдан бастап естіген ескертпелерді үш топқа бөлгім келеді:
Бірінші топқа жататын ескерулерді менің өзімнің тарапымнан жіберілген ағастықтардың қатарына қосамын да, оларды кейінге ысырмай шұғыл түзету керек деп есептеймін. Олар барлық басылым бойынша өңделуі тиіс. Бұл бірінші топқа кіретін ескертулер.
Бүгін маған жұртшылық көмек қолын соза келді, тебіренбей тыңдай алмайтын нағыз толысқан, терең, шынайы ойларын айтты. Роман жөніндегі ең жоғары пікір 1949 жылғы тарихи шешіммен шектеліп қалған жоқ, сонымен қатар одан кейін де баспасөз бетінде білдірілген аса мол жарияланымдарға да ұласты, енді, міне, кешегі мен бүгінгі сөйлеушілер де оны жалғастырып отыр. Жұртшылықтың осы айтқандарының ішінде даусыз қабылдап, бүгіннен бастап жүзеге асыруыма тиісті пікірлер бар. Соған қарамастан, осы екінші топтағы пікірлердің өзін де дау айта отырып қабылдаймын. Қайталап айтамын, қайтадан ой сүзгісінен өткізе отырып шешім қабылдайтын пікірлер баршылық. Бірақ та мен осы пікірлердің өзіне де үлкен ризашылығымды білдіремін, олар бірінші басылымда секерілмесе де, екінші басылымда ескерілетін болады. Кейбір жайлар кітаптың жаңа редакциясында енгізілетін болады. Бүкіл өміріңнің тақырыбына айналатын кітаптар болады. Қазақ халқының жарты ғасырлық өмірін қамтыған осы кітап та соның қатарына жатады. Бұл кітапқа да бірте-бірте өзерістер жасалатыны анық, оның қашан, қандай өлшемде жүзеге асатынын әлі де ойланатын боламын.
Ал үшінші топқа жататын ескертулерді, дұрысарақ айсақ, ескерту емес, шаптығу мен жаланы мойындаудан күйіне бас тартамын, менімен бірге оны біздің барша жұртшылығымыз да кейінге ысырып тастайды, ал жұртшылықтың пікірі – бүкіл кеңес халқының, қазақ халқының пікірі болып табылады және осы жұртшылық, осы халық өзінің рухани құндылығын барлық заңсыз, әділетсіз құралдардың көмегіне сүйене отырып көзін жоюға ұмтылушылардың ашық әрекетіне қарамастан, оны ешқашанда ешқандай да жазалауға жол бермейді. Оны құртуға жұртшылық та, партия да жол бермейді.
Достарыңызбен бөлісу: |