«Қазақ әдебиеті пәнінің оқытушысы Мағжан Жұмабаев 1923 жылы 1 қазан күні: оқуын жалғастыру үшін Москваға кетуіне байланысты қызметінен босатылды».
«Қазақтың болашақ Пушкинінің» тағдырына шынымен алаңдаған, аз уақытқа болса да «таптық тартыстың табанында тапталып қалмасы» үшін Сұлтанбек Қожанов Түраткомның төралқасы мен Оқу ағарту комиссариатына жазған Баянхатында:
«Орталықтағы жоғары оқу орындарында оқитын түркістандық стипендианттардың тізімінде қазақтың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаевтің да есімі жүр. Жұмабаев жолдас – Революцияның талантты жыршысы және қазақ әдебиетіндегі реалистік жаңа бағыттың басы, халық ертегілері мен аңыздарын жырлаудағы теңдессіз шебер саналады. Революция жылдарында ол көптеген тамаша әндер мен ертегілерді сыйға тартты, Түркістан мемлекеттік баспасынан бірнеше кітаптары жарық көрді. Жұмабаев жолдас осы уақытқа дейін Қазақ ғылым комиссиясында қызмет етіп, халық ауыз әдебиетін жинауға көп күш жұмсады. Жұмабаев жолдас бүгінгі күннің рухына сай білім алу үшін Мәскеудегі Көркем әдебиет институтына кетіп барады. Оның тума шығармашылығы мен еңбегі Кеңес өкіметі тарапынан ұқыпты көзқарасты және біздің заманымыздағы қазақ көркем әдебиетінің жалғыз жыршысына үлкен назар аударуды талап етеді. Оның үстіне Жұмабаев үйлі-баранды, соған қарамастан оқу орынына үй-ішімен бірге кетуге мәжбүр болып отыр. Жоғарыдағы айтқандарды ескере келіп:
1) Жұмабаевтің стипендиясын жауапты қызметкерлерге төленетін жалақымен теңестіруді, 2) Жолақысын өтеу үшін және үй-ішімен барып орналасқанша бір рет жәрдемақы төлеуді, 3) Жоғарыдағы аталған оқу орынына ауысу үшін Петорградқа жолданған іссапарын Мәскеуге ауыстыруды»,– ұсынады.
Бұл Баянхат қандай нәтиже берді, ол жағы бізге беймәлім. Тергеу ісінде бұл туралы М.Жұмабаев:
«1923 жылы Ташкентке ауыстым, онда Оқу-ағарту халық комиссары Қожановтың жолдауымен Қазақ оқу-ағарту институтына оқытушы болып орналастым, әрі Қазақ ғылыми комиссиясына мүше болып сайландым. 1924 жылы Москваға барып әдебиет-көркемөнер институтына түстім, ол оқу орынына жолдама бергендер Нәзір Төреқұлов пен профессор Поливанов. Поливанов өзінің досы профессор Ричиге хат жазып берді. Сонымен қатар Қазақ ғылым комиссиясының да жолдамасы болды. Оқудың бірінші жылы Түркістаннан стипендия алып тұрдым. Кейін орталық баспада қызмет істеп жүргендіктен де ол стипендияны алып тастады. Орталық баспаға Төреқұлов алды, онда әдеби қызметкер міндетін атқардым»,– деп жауап берген.
«Мағжан» атты алғашқы монографияның авторы Шериаздан Елеукенов: қазақ үкіметінің есебінен 20 сом стипендия алып тұрған, – деген мағлұмат береді. Зады, бұл осы алғашқы оқу жылының шәкірттік нәпақасы болса керек.
Бізге мәлімі – Мәскеуде де Мағжанның қу жанына тыныштық болмады. Пролетар жазушыларының қазақ ассоциациясы құрылып, оның құрамына тек қана кедей табынан шыққандар қабылданды. Олар Мағжан, Мұхтар, Жүсіпбек сияқты «оқып туған байшыл-буржуазиялық идеологияның құйыршықтарының тамырына балта шабу үшін» шабуылға шықты. Тіпті Сәбит Мұқановтың айтуынша:
Достарыңызбен бөлісу: |