Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!


Аймауытов. 28/І-30 ж.» (ҮІІ том, 384-бет)



бет179/242
Дата22.12.2021
өлшемі8,42 Mb.
#494
түріБағдарламасы
1   ...   175   176   177   178   179   180   181   182   ...   242
Аймауытов. 28/І-30 ж.» (ҮІІ том, 384-бет).
Осы өтініштің шекесіне:

«Қарсымын. Басқарма көмекшісі Павлов 2/ІІ-30 ж.»,– деп қол қойған.

Бұл өтінішке қарсылық білдіруінің себебі жоғарыда айтылды. Яғни, тергеушілер үшін үкімі шығып қойған Жүсіпбек Аймауытов өлген адаммен тең еді.

Ал өлгендер хат жазып, хабарласпайды.

Жүсіпбек Аймауытовтың түрмедегі тағдыры туралы түрлі жорамалдар мен қауесеттер орын алған. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұхамеджан Тынышбаев, Мағжан Жұмабаев сияқты алаш қайраткерлеріне кешірім жасалғанда, «Алашорданың» ұйымдық шараларына еш қатысы жоқ Жүсіпбектің атылып кетуіне сенімсіздікпен қарап, науқастан қайтқан болуы тиіс деп жорамалдауы орынды да. Бірақ Дінше Әділевтің «шынайы көрсетіндісі» оны ажал камерасына алып келгені шындық.

Оған Қазақ ССР Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары А.Тілеулиевтің 1962 жылы 27 тамызда Партия институтына берген анықтамасы да емеуірін танытады. Мұнда жоғарыда аты аталған қайраткерлердің жер аударылуы, ақталуы толық баяндалады да Ж.Аймауытов туралы:

«Дулатов жетекшілік еткен қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымына қатысқаны үшін 1929 жылы мамыр айында тұтқындалып, ОГПУ коллегиясының 1930 жылғы 4 көкек күнгі шешімімен ең жоғары жазаға – атуға кесілді»,– деп мағлұмат береді.

Бұл жауап: «Жүсіпбек түрмеде ауырып өлген»,– деп ішінара айтылып қап жүрген жорамалдың жалған екендігін дәлелдейді. Демек, үкім орындалып кеткен.

Жаны жаннатта болсын, жарықтықтың!

ЖЕТІНШІ ТАРАУ: «АБЫЛАЙША ТІККЕН АҚЫН»

(Мағжан Жұмабаев)

1.

1928 жылы 26 қарашада, яғни, «Алашордашылардың» тергеу ісі басталған күнімен күнбе-күн БКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің «Қазақстанның орта оқу орындары мен жоғары оқу орындарындағы шәкірттердің әлеуметтік құрамын тексеру» туралы қаулысы шықты. Бұл қаулы – қаулы емес, алашордашыларға алдын-ала шығарылған үкім болатын. Тергеу ісінің «Айыптау қорытындысының» «Мәдениет майданы» атты тарауында:



«Өздерiнiң жолын қуатын iзбасарларды дайындаудың аса маңызды мәселе екендiгiн ескере келiп, ұйым мүшелерi оқушы жастарды өздерiнiң қарамағына iлiктiру үшiн белсендi түрде қимылдады және оларды ұлттық рухта тәрбиелеуге ұмтылды... Жастардың арасындағы өздерiнiң ықпалын күшейту үшiн және ұлтшыл рухтағы жастарды дайындау арқылы өздерiнiң идеяларын бұқара қауымның арасында кеңiнен тарату үшiн контрреволюциялық ұйым баспасөздегi, мәдени-ағарту мекемелерiндегi және ғылыми-зерттеу мекемелерiндегi, жоғары оқу орындарындағы, ең бастысы, әдебиет саласындағы контрреволюциялық әрекеттерiн өршiте түстi. Астыртын ұйымның бұрынғы мүшелерiнiң көмегімен басылып шыққан кiтаптар – бұқара халықты ұлттық рухта тәрбиелеуге, хан мен батырлардың дәуiрiн аңсау сарынында, кеңес өкiметiне наразылық тудыру рухына бағытталды.

«Алашордашылар» көркем әдебиетке ерекше көңiл бөлдi. Олардың көзқарасын бұқара халыққа кеңiнен таратуда пьесалар, өлеңдер, ескi әдебиеттiң нұсқалары, әңгiмелер мен фельетондар, тағы да басқа жанрлар таптырмайтын оңтайлы құрал болды...»,– деп атап көрсетілді.

Бәрі де қисынды. “Астыртын ұйым”, “қарулы көтеріліс”, “Голощекинге қастандық” – қалайда идеологиялық арандатумен аяқталуы тиіс еді. Сонда ғана тергеудің төрт құбыласы түгелденетін. Сондай-ақ, Мағжан Жұмабаев сияқты «өте қауіпті» творчество иесі, азулы ақынды еркіндікте қалдырудың өзі «мәдениет майданындағы» қылмыс болып табылатын. Марксизм-ленинизм ғылыми зерттеу институтында С.Брайнин мен Ш.Шафироның «Алашорда тарихының очерктері» атты кітабының қолжазбасын талқылауға арналған кеңесті жүргізіп отырған «голощекиндік идеологтың» бірі І.Құрамысовтың:



«Тек қана мына нәрсенің өзі, Лениннің қазақ тіліндегі үш мақаласының да аудармасының Мағжан Жұмабаевқа тиесілі болуы, біздің оқулық саласындағы ісіміздің масқаралық жағдайда тұрғанын көрсетеді. Мысалы, орыс тілін білмейтін қазақ жұмысшысы, қазақ батырағы, кедей, коммунист, комсомол мүшесі Ленинді Жұмабаевтің, ең бір шынайы әрі ең көрнекті алашордашылдың аудармасы бойынша оқып жатқанын елестетіп көріңдерші! Бұл дегеніңіз барып тұрған коммунистік жексұрындық екенін тура айтуымыз керек»,– деп (Алашорда қозғалысы, 4 том, 21‑бет) «намыстана» сөйлеуі соған дәлел.

Ұлттың игілігі үшін атқарылған еңбегіңді әдірә еткен мұндай «қорлықтан» құтылудың жолы – сыртқа кету болатын. Ақындық пен махаббат майданындағы бақталасы, бұрынғы сабақтасы Сәкен Сейфуллин мен бауырына басқан бауыры, батырақ ақын Сәбит Мұқановтың таптық табасына қалған Мағжан қадірін білетін «қаратаяқтары» бар Түркістан республикасына барып паналайды. Онда қазақ ағарту институтында сабақ берді және тек 1922 жылы ғана 622 кітап шығарған Халел Досмұхамедов пен Мұхамеджан Тынышбаев сияқты ғұламалар жетекшілік еткен Түркістан республикасы оқу ағарту комиссариатының жанындағы Қазақ ғылым кеңесінің жұмысына белсене араласты. Оған :



«Түркістан республикасы оқу ағарту комиссариатының жанындағы Қазақ мемлекеттік кеңесі осы куәлік арқылы Қазақ ғылыми комиссиясының қызметкері М.Б.Жұмабаев жолдас мекемелермен, баспалармен және жеке адамдармен этнография, педагогика және басқа да Түркістанның жергілікті халықтарына, соның ішінде қазақтануға қатысты мәдени-ағарту қызметтерімен келісім жүргізуге өкілдік береді. Оған, Жұмабаевқа жоғарыда көрсетілген мәселелер бойынша мағлұматтар жинау жүктеледі және мемлекеттік ғылыми кеңеспен арадағы келісімшартқа байланысты тұрақты түрде есеп беріп тұруға міндетті»,– деген (М.Құлжабайұлы. Ташкент: Мұстафа мен Мағжанның ғұмырына қатысты құжаттар не дейді?», «Қазақ әдебиеті», 5 ақпан, 1999) куәлік кепілдік береді.

Шындығында да Мағжан бұл жылдары ғылыми-көркем шығармашылықпен алаңсыз араласты. «Ақ жол» газетіне, «Сана», «Шолпан» журналдарына үзбей қатысты. Ғылыми комиссияның тапсырмасымен, біздің ойымызша, Ақан сері туралы ғана емес, жалпы шығармашылық психология туралы көркем ойдың үлгісі «Ақан сері» атты зерттеу де осы Ташкентте жазылды. Ол өз мүмкіндігіне және қоғамға қажет екендігіне сене бастады. Оған Институттың ғылыми Кеңесінің төрағасы Халел Досмұхамедовтің:



«1923 жылы 11 шілде күні Москва қаласында өтетін Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесінде ұйымдастырылатын қазақтың тұрмысы мен этнографиясына байланысты шараға Ташкенттегі Қазақ ағарту институтының студенті Құрманбек Жандарбековтің әнші ретінде қатысуын ұсыныс етті, соған орай ол демалыстан шақыртылып алынды. Бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесіне қатысқан қазақтардың көрмесінде Қазақ ағарту институтының оқытушысы, Ташкенттегі Қазақ ғылыми комиссиясының мүшесі Мағжан Жұмабаев ерекше ынта көрсетіп, белсенділік танытты. Көрмеге әр түрлі құжаттар, кітаптар, материалдар жинағы апарылды. Олардың ұзын саны 100-ге жуық. Солардың ішінде Темірдің Түркістандағы Ахмет Яссауидің мешітін салу туралы жарлығы, Иса Тоқтыбаевтың «Түркістанның жағырапиялық очерктері», Тұрар Рысқұловтың «Жетісу мәселелері» атты кітаптар бар»,– деген (Ташкенттегі тұңғыш қазақ институты, Ташкент, 2005 жыл, 52-бет) мінездемесі дәлел.

Бір жылда 622 кітап, негізінен институтқа аса қат оқулықтар шығарған Ғылыми комиссияның жұмысы кеңестік күркілдер үшін «мәдениет майданындағы қастандық» болып есептелді. Сол жылдардағы алаш зиялыларының алаңсыз ғылыми-мәдени санаткерлікпен айналысуының нәтижесінде барлық ғылым саласындағы атаусөздер қалыптасты. Алайда мұның барлығын тергеушілер қылмыс ретінде қарастырып:



«е). Аударма әдебиеттерiмен – Бөкейханов, Дулатов, Жұмабаев, Байтасов аудармалардың мағынасын бұрмалап, керексiз, кеңес мектептерi мен бұқара халыққа аса қажеттi емес кiтаптарды аударумен шұғылданды.

к). Маркстiк қондырғысыз, бұрынғы «Алашорданың» идеологиясының негiзiнде мектепке: Байтұрсынов, Аймауытов, Жұмабаев, Байтасов, Жәленов, Омаров Е., Омаров А.С., Байсейiтов Әзiз, Әдiлев, Әуезов, Х.Досмұхамедов, М.Тынышбаев оқулық жазды.

л). («Ақ жол» және басқа да «Алашорданың» идеологиялық ықпалында болған басылымдар арқылы): Байтұрсынов, Дулатов, Жұмабаев, Әуезов, Есполов, Аймауытов, Омаров Уәлихан, Досмұхамедов Х., Қашқынбаев, Қожамқұлов, т. б. баспасөзде ұлтшыл пiкiр бiлдiрді»,– деп айыптау қорытындысын жасады.

Мұнда да тыныштықтың болмайтынын, «тықырдың таянып келе жатқанын» сезіп, Мәскеу сапарына аттанарда Мемлекеттік ғылыми Кеңестің төрағасының (С.Қожанов – ?) атынан Әдебиет институтының жетекшісі, ақын В.Брюсовқа қарата:



«Түркістан республикасының Мемлекеттік ғылыми Кеңесі Түркістанның жергілікті тұрғындарын мәдени қаруландыру және олардың мәдениеті мен тұрмысын жақсартуға жағдай жасау мақсатында қыр интеллигенциясын өзінің айналасына топтастыруда. Соның бірі осы хатты тапсырушы, Мемлекеттік ғылыми Кеңестің жанындағы Қазақ ғылым комиссиясының қызметкері, өзінің білімін жетілдіру үшін, соның ішінде ақындық шығармашылықты тереңдеп оқу үшін Мәскеуге бара жатқан М.Б.Жұмабаев жолдас. Қазақ ғылым комиссиясының мінездемесіне жүгінсек: М.Жұмабаев – таланты енді ғана ашылып келе жатқан қазақтың ең белгілі ақыны, егерде оның талантының толық жетілуіне мүмкіндік жасалса, келешекте одан аса көрнекті ақын шығуы мүмкін. Қазақ ғылыми Комиссиясының төрағасы (Х.Досмұхамедов – Т.Ж.) оны: «Біздің болашақ Пушкиніміз», – деп бағалады. М.Жұмабаевтің жоғарыда аталған сала бойынша талантының ұшталуына тиісті жағдай туғызу мақсатында Мемлекеттік ғылыми Кеңес Сізге – Әдебиет институтының жетекшісі ретінде хабарласып: М.Жұмабаевтің шығармашылық жұмыстарына назар аударып, оның Сіз басқарып отырған институтқа қабылдануына көмек беруіңізді өтінеді»,– деген жолдама алады.

Бұл жолдаманың ебепке-себеп болғаны анық. Сол сапарда этнографиялық көрмені сәтті өткізген Мағжан Жұмабаев оқу мәселесін де оңтайлы шешіп келеді. Соған орай:





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   175   176   177   178   179   180   181   182   ...   242




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет