«Соловки мен Свир лагерлерінде өткізген жеті жылдың ішінде, шамамен 1931 жылдан бастап өзімнің өткеніме деген түңіліс бірте-бірте мүлде билеп алды», – деп жазды.
Бұл, көңілінің зар күйі ме, жоқ, өткенімен толық есеп айырысқанын дәлелдеуге тырысқан ілдебай ма? Алайда кесімді уақыты бітіп, елге қайтқан адамнан беріп жіберіпті-мыс делінетін:
Жігер, шіркін, желінді,
Болат жеген қайрақтай.
Мешеу болды жүйрік ой,
Кететін орғып қарғытпай.
Қолды қардан оқ үзді,
Ордаға байрақ байлатпай.
Өлер – өмір, сөз қалар,
Молаға қойған сайғақтай, –
деген өлеңнің астарында ақындық ой мен қайраттың қайрақтан өткен ұшқындарының жарқылы бар.
Алаш ақиықтарының ішінде соңына аңызға бергісіз естеліктер қалдырған кейіпкер тұлғалардың бірі де бірегейі осы Мағжан Жұмабаев пен Сәкен Сейфуллин. Әсіресе, бірінші және екінші тергеудің арасындағы аңыздар шындыққа барынша пара-пар. Сол аңыздардың арасынан сенімді зергер Шерияздан Елеукеновтің ақынның жары Зылиха Жұмабаеваның естелігімен тиянақтаған бір-екі деректі келтіреміз. Концлагерьде Мағжан айдауылдағыларға сауатсыздықты жою дәрісін береді. Петербургтің зиялы тұқымы Иван Иванович Фетисовтың ақылымен медфельшерлік мамандықты игереді. Медициналық техникумның бағдарламасына сәйкес қажетті кітаптарды И.И.Фетисовтің үйінен (Васильев аралы, 20 орам, №15 үй, 10 пәтер) Зылиха Жұмабаева жеткізіп тұрады. Бұл білімнің өмірде қызығын көрмесе де, ой-сарасын тотықтырмай, жанып отыруға жанабы тиген.
Сондай-ақ Әлкей Марғұлан да лагерьге барып, өзек жалғайтын қолүздік беріп тұрыпты. Зылиханың тұрмысына сүйеу болыпты. Барлық қаражаты мен бұйымдарын ұрлатып алғанда Әлкей Марғұлан 25 сом көмек беріпті. Ол кездегі ақшаның құнына шаққанда қомақты қаржы. Өзі «қалпақ астында» жүріп халық жауына жолығуы – ерлік. Өкіл баласындай болған Әлекеңнен – Әлкей Марғұланнан бұл туралы сұрағанымызда: «Маған Ленинград пен Мәскеудің үлкен ғалымдары қорған болды. Солардың ақылымен «тереңге шөгіп жаттым»,– деп қырылдай күлетін. Ал Мағжан екінші рет ұсталғанда тергеушілерге: «Маған досым әрі жанашырым Әлкей Марғұланов келіп тұрды. Ол шизофрениямен ауырып, жүйке ауруханасына түскен»,– деп жазыпты. Ал тергеушілер Марғұланның тұсына: «Өлген», – деп белгі қойыпты. Шындығында Әлкей Марғұлан 1934 жылы Ленинградтағы студенттердің қозғалысына қатысып, соңынан тіміскі түскенде өзіне өзі қол жұмсап, ажалына әлгі тыңшының себепкер екенін көрсетіп, өсиет қалдырған. Жүйке ауруханасына сол жолы тіркелген. Әлгі «тіміскінің» аты-жөнін атап:
Достарыңызбен бөлісу: |