Мағжан Жұмабаев. Петропавловкі қаласы, Дзержинский көшесі, №19 үй»,– деп (Т.Кәкішұлы, К.Ахмет. Сәбит Мұқанов, А.Арда. 2005. 177-бет) өтініш жолдады.
Алматыға оралған соң осы хатты алға тарта отырып, тиісті орындармен ақылдаса келіп Сәбит Мұқанов Мағжанға хат жазды. Бұл хатты Ш.Елеукенов ағамыздың қысқартып пайдаланған нұсқасы бойынша келтіреміз:
«...Сізбен жолығып сөйлескенде де мен айттым ғой: егер де өзіңіз шын ниетпен совет әдебиетіне қызмет етем десеңіз жазуыңызға ешкім бөгет болмайды деп. Сол сөзім әлі де сөз. Бұл пікірге басқа жолдастар да қарсы емес. Бұл хатта мен жалпы сөзді қоя тұрып, сіздің екі сұрағыңызға жауап берейін:
1. Жазушылар ұйымына совет әдебиетіне қаламымен еңбек сіңірген кісі алынады. Біз сіздің қаталықтан қайттым деп жазған хатыңызға сенеміз. Бірақ көпшілік алдына дұрыс қаламыңыздан шыққан көркем сөзіңізді ұсынғанша, өлеңдеріңіз басылғанша, ұйымға мүше болуыңызды устав көтермейді. Бұл сөзге сіз ренжуге тиісті емессіз. Устав – ұйымның тәртібі. Тәртіп – декларациядан істі жақсы көреді. Жазуыңызды бетке қақпаймыз. Совет платформасында отырып жазған сөзіңізді басамыз. Содан кейін ұйымға мүшелік мәселесі өзінен-өзі шешіледі.
2. Қызметіңіз, ұйымның сізге көмегі туралы. Алдымен Қызылжарда тұрсаңыз да, Алматыға келсеңіз де ықтияр өзіңізде болсын. Мұнда келем десеңіз сізді бетке қағатын кісі жоқ. Қайда жүрсеңізде жазуға керекті жағдайды жасатуға болады. Бірақ бұл ретінде маған хабар беріңіз. Қызылжарда сөйлескенде айттым ғой: жазуға белсене кірісу, совет әдебиетіне қызмет ету тетігі өзіңізде деп.
Егер де шын ниетпен совет әдебиетіне ат салыссаңыз сізді бетке қағатын, бұрын пәлен болып едің – дейтін кісі болмайды. Пролетариаттың рақымы мол. Ол қорғай да біледі, жарылқай да біледі. Бірақ пролетариат сөз емес, істі жақсы көреді».
Сәбит».
Бұдан кейін Мағжан Көкшетаудағы Казгородоктағы дәрігер досы Мұратбек Сейітовтің шақыруымен демалып қайтады. Саяси қысым басталғанда күнкөріссіз қалған ақын Степняк қалашығында мектеп директоры болып істейтін досы Біләл Молдабаевтің үйіне «мейманшылап» барып, сонда жүріп ол Сәбитке:
«Құрметті жолдасым Сәбит! Сіз менің Петропавловскідегі орыс мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп жүргенімнен хабардар боларсыз. Январьдың басында мені қызметімнен босату туралы мәселе қозғалғанымен де, біраз уақыт басылып қалған еді. Бірақ январьдың соңында бұл жәй тағы әңгіме болды да, мені жұмыстан шығарып жіберді. Не себепті босатылғанымды сұрасам, қалалық оқу ісінің меңгерушісі жалпы саяси себептерге байланысты дегенді айтты. Міне, 20 шақты күн болды, жұмыссыз отырмын.
Декабрьде көркем әдебиеттердің қазақ баспасымен Толстойдың «І Петр», Некрасовтың «Декабристерін» аударуға келісімшартқа отырған едім. Содан бері одан да хабар жоқ. Ол жақтан мен өте қиын қалде оралдым. Әсіресе, жұмыссыздығым жаныма жаман батады.
Мен Қазақстанға жаңа жолға түскенімді өз қалам күшіммен көрсетсем деген тілекпен оралдым. Қалай болғанда да орталыққа жетуім керек деп шештім. Егер жолға қаражат тапсам, орталыққа баруды ойлап отырмын. Әрине, өз халімнің мүшкілдігін айта отырып, сізді де бірдеңеге міндеттегім келмейді. Сізге осылай жазуға қазіргі халім мәжбүр етіп отыр. Бұл хатты қыдырып келген туыстарым жақтан, «Степняктан» жазып отырмын. Төрт-бес күннен соң қайтамын. Құрметпен Мағжан. 20 февраль, 1937 жыл»,– деп хат жазды.
Бұл – жетіскеннің емес, мұқтаждықпен амалсыз торға өзі кеп түскен арыстанның шарасыздығы. 1937 жылы 25 науырызда Мағжан Алматыға келді. Ол туралы Мұхамеджан Қаратаев:
«Жазушылар одағының секретары қызметінде істеп жүрген кезім. Одақтың председателі Сәбит Мұқанов екеуміз бір кабинетте отырамыз. Жаңылмасам, 1937 жылдың жаз айы. Бір күні кабинетте жалғыз едім, бір орта бойлы, жұпынылау киінген, өңі сынық кісі кірді. Амандасып болған соң, өзін таныстырды: «Мен Мағжан Жұмабаев боламын, шырағым. Сәбитті іздеп келіп едім...»,– деді. Жүрегім лүп ете қалды. Көп өлеңін жатқа білетін, сүйсінсек те сүйгенімізді өзгеге білдірмей, сездірмей жүретін уақыт. Орнымнан ұшып тұрдым: «Сәбең жаңа ғана шығып кеткен. Осы маңайда жүрген шығар. Қазір»,– дегенше болған жоқ, Сәбеңнің өзі де кіріп келді. Амандық-саулықтан соң телефонның құлағына жармасты. Сол кездегі Қазақстан Қомпартиясы Орталық Комитетінің екінші секретары Нұрпейісовке мән-жағдайды баяндап еді, ол: «Келе беріңдер, бірақ бұл мәселені шеше алмаймын, Мирзоянның өзіне кіріңдер»,– деді. Сәбең маған да жүр деп, үшеуміз Мирзоянның қабылдауына бардық. Қазақтар Мырзажан деп қадір тұтатын бұл басшымыз жақсы адам, кісілікті кісі еді ғой. Бірден: «–Несі бар. Келе берсін. Жағдай жасаңдар. Әне, Әуезов сияқты. Театрда істейді. Сабақ береді. Жазуын да өндіріп жазып жүр»,– деп Шерияздан Елеукеновке айтып беріпті (сонда, 138-бет).
Өзінің ақындық жолдағы ұстазы Мағжанға берген уәдесін Сәби Мұқанов орындады. А.Толстойдың «Петр І» және Некрасовтың «Декабристер» атты көлемді шығармаларын аударуға келісім шарт жасатып, несие қаламақысын төлеттірді.
Мұңлы ақынның бейнесін жүрегінде сақтап жүрген, «ақынға ғашық болған ару» Зағипа Тінәлина:
«Көзден ғайып болып кеткен Мағжанды, тек 1937 жылы ақпан (наурызда – Т.Ж.) айында Алматыда Орталық партия комитетінің қабылдау бөлімінде көрдім. Оны Сәбит Мұқанов Мирзоянға кездестіруге әкелсе керек. Бұл менің Мағжанды көп жыл өткеннен кейін көруім ғой. Бұрынғы сән-салтанаты жоқ, үстінде былғары пальто, аяғында былғары етік, басында қаракөл бөрік. Көп ұзамай тағы да Өлкелік партия комитетінің қабылдау бөлмесінде Мағжанның жалғыз отырғанын көрдім. Мүмкін біреуді күтіп отыр ма? Бұлай күтпеген жерден бетпе-бет жеке кездесуіміз мені қатты састырды, не болғанымды өзім де сезбей қалдым. Төбеге ұрғандай тұрып қалыппын, ол да ләм деген жоқ, тек бір-бірімізге қараумен болдық. Маған сол сәтте қолын ұстап амандассам ба деген ой келді. Бірақ жолым тар, әйел адам болған соң дәтім бармады. Артынан үйге келген соң өкініші кетпей, жолдасым Абатқа: «Мағжанды үйге қонаққа шақырсақ қайтеді?»,– деп едім, ол басын ашып ештеңе жауап бермеді. Тек: «Мағжан Сәбитке келіпті ғой...»,– деді де қойды. Бұл менің Мағжанды соңғы көруім болды. 1937 жылы мамыр айында менің жолдасым Абатты да «халық жауы» деген жаламен түрмеге жапты. 1938 жылдың 10-сәуірінде мені де қызмет істеп отырған орнымнан ұстап әкетті. «Халық жауының әйелі» – (член семьи изменников родины» деп үш жылға кесті. Осымен «Алжир» колониясында 1941 жылға дейін жазамды өтеп, елге Ақмолаға көштім»,– деп (Ғаділша Қаһарманұлы. Жәжеке. 198-202 беттер) еске алыпты.
Сөйтіп үмітсіз нәзік жүрек тағы да бір шымши соғыпты. Иә, бұл да бір үмітті үмітсіз дүние.
Үмітсіз дүниеден үміт күттірген құпия құжаттың бірін тағы да сол талмайтын тарлан Тұрсынбек ұстазымыз көпшілік назарына ұсынды. Онда:
«21 көкек, 1937 ж. Құпия. Жаманқұлов жолдас, алашордалық ақын Мағжан Жұмабаевтің Алматыға келгені саған мәлім, ол Жазушылар одағына өтініш жазып, өзінің кеңеске қарсы жіберген қателіктерін мойындап, түзелуге мүмкіндік беріп, көмектесуді, қызмет беруді сұрапты. Бұл мәселе жөнінде мен таяуда Мирзоян жолдаспен кеңестім. Ол маған: «Қызмет беріңдер, яғни, орыс әдебиетінің классиктерін қазақ тіліне аударту арқылы қаржылай көмектесіңдер. Оның қаншалықты түзелгені содан кейін белгілі болады», – деді. Мен сенен, партия мүшесі және Қазкөркеммембастың меңгерушісі ретінде менің тілшемдегі Мирзоян жолдастың сөзін ескере отырып, аударма жасауға шарт жасасып, аванс беруіңді өтінемін.
Достарыңызбен бөлісу: |