Қазақстан өкіметінің шараларына араласқан емеспін және оған кедергі келтіретіндей әрекет жасаған емеспін.
4. Жер жөніндегі мәселеден түсінігім шамалы. Жер жөнінде және оған қатысты мәселелер туралы алашордашылардың ешқайсысы маған хабарласқан емес.
5. Байларды тәркілеуге қарсы ешқандай әрекет жүргізгемін жоқ. Жер және байларды тәргілу туралы көзқарасымды 31-жылғы 14-қыркүйектегі түсініктемемде көрсеткемін. Ташкентте де, Алматыда да оқытушылар мен шәкірттердің арасында ондай іс жүргізгемін жоқ. Бір сөзбен айтқанда:
24-жылдан кейін кеңес өкіметіне қарсы ешқандай әрекет жасағамын жоқ. Маған әр қалай жала жаба бермес үшін олармен бетпе-бет кездесу ұйымдастыруды талап етемін. 31-жылдың 25-қазанында беттесуден бас тартқанда және Тынышбаевтің көрсетіндісімен танысқан соң соған көзім жетті. Менің берген жауаптарымды жазып отырған тергеуші Попов мен айтпаған бірнеше оқиғаларды жанынан қосқан. Маған көрсеткен ұйым мүшелерінің тізімі мен сызылған кестеге байланысты еш нәрсе білмейтінімді, 24-жылдан кейін ондайға қатыспағанымды қатаң ескертемін. Тынышбаевтің жасаған кестесі (мұны сызған Тынышбаев емес, Д.Әділев болатын. Оны айыпкердің өз қолымен жазып бергендігі туралы түсініктемесі іске тігілген. Бұл арада тергеуші алаштың екі көсемін бір-біріне қарама-қарсы қойып, арандатуға ұмтылған – Т.Ж.) ертегі сияқты. Мысалы Қасымовтың ұлтшылдарға еш қатысы жоқ. Тізімді толық оқығамын жоқ, бірақ маған көрсетілгендердің көпшілігі қате жазылған. Менің қатысуыммен Попов оқып берген Тынышбаевтің көрсетіндісі жалған. Тынышбаевтің өзге көрсетінділері де өтірік жазылған деп ойлаймын. Сондықтан да олардың жаңылыс жауаптарына орай Тынышбаевпен және өзге де куәлармен бетпе-бет кездестіруді өтінемін. 22-24 жылдар аралығынан басқа 24-жылдан бастап 31-жылдың 25-қазанына дейін, Тынышбаев көрсеткендей кеңес өкіметіне қарсы ешқандай әрекет істеген емеспін. Ол үшін өзімді-өзім жазғырамын».
М.Тынышбаев: «12-ші. Совхоз құрылысына көзқарасым туралы. Бұл мәселенің ашық талқыланбағаны анық. Бірақ та өзімнің ойым мынадай. Кеңестік шаруашылық … бұрын да үлкен аумақты көлемді алып жататын. Ал колхоздардың күйі орташа ғана болатын. Сондықтан да совхозға қарсы ешқандай пікірім жоқ. Мен тіпті Халел Досмұхамедовтің колхоз бен совхозды айыра алмайтынын естіп күлген болатынмын».
Х.Досмұхамедов (Жалғасы): «Бұл өкіметті: бұрынғы қаналған халықтар үшін аса бір қажетті өкімет – деп есептеймін. Мен бұл пікірге дәл қазір түрмеде отырған кезде емес, одан көп бұрын келгенмін. Астық дайындауға, мойынсеріктің малдарын тәркілеуге, коллективтендіру науқандарына кесір келтіруге араласқан жоқпын. Қазіргі көзқарасым өте оңды және жүргізіліп отырған шаралар арамтамақтарды жоюға, жартылай ашаршылықтан, қорлықтан құтқаруға бағытталған деп есептеймін (Тура осы кезде Қазақстанда жаппай ашаршылық басталып кетсе де осылай „мойындауға” мәжбүр болған – Т.Ж.). Мен өз пікірімді Әлімхан Ермековтің алдында да айтқамын. Егер ұмытылып қалмаса. Айтқандарым дұрыс жазылды. (Х.Досмұхамедов). 26 қазан, 31 жыл».
Жалпылай алғанда, Х.Досмұхамедовтің тергеушіге берген негізгі жауаптарының хаттамалары осылар. Бұдан басқа «Мәдениет майданы» қақындағы түсініктемесін және жеке басына қатысты өтініштерді тақырыпқа қатысты тұста пайдаланамыз.
Енді Мұхтар Мұрзинмен оңаша жауаптасқанда: «Мен болған жайдың бәрін мойындадым»,– деген Иса Қашқынбаевтің көрсетінділерін назарға ұсынамыз.
Қашқынбаев Иса Таумышұлы, 39 жаста, (анкета 1930-жылы 12-қазанда толтырылған), Ташкент қаласы Обуховенная, 53-үйде тұрады. Орал облысының Тайпақ ауданында туған, бөлімше дәрігері болған, ОАМУ-нің (Орта Азия медицина университетінің – Т.Ж.) медицина факультетінің ассисенті, білімі жоғары, әйелі бар. Әскерге міндетті.
Көрсетінділері машинкаға басылған. Тұтқындардың ішіндегі өзгелерден өзгеше мәтіндер, осы Иса Қашқынбаевтікі. Мұнда ұйым туралы ойдан шығарылса да орайластырылған қисын бар. Егерде осының барлығы жалған, не жала болған жағдайда да, тергеушілердің қиялы мен қисынына көз қырын салудың реті келіп тұрғанда, пайдаланып қалуды жөн көрдік. Шындық – салыстыру барысында екшелетіні анық. Мұнда негізінен 1922-жылғы ұйым туралы айтылған.
Достарыңызбен бөлісу: |