Сіздің кінәңізге пролетариат мемлекеті қашан кешірім жасайтынына қарамастан, мен сізге бір сұрақ қойғым келеді: болашақта сіздің ақындық қаламыңыз кімге қызмет етеді?
Сіз маған жауап береді деп сенемін.
Соңғы екі-үш жылда мен Қызыл профессура институтының әдебиет бөлімінде оқыдым.Қарашаның 20-да Алматыға тұрақты қызмет істеуге барамын. Отбасым әзірше Москвада қалады. Оларды алып кетуге мен желтоқсанның аяғында келемін.
Сәлеммен – Сәбит. 2/-ХІ.1934 ж.»
Менің адресім: Москва, 21, Остожкенко, 53, 62-бөлме (алпыс екінші). Мұқанов Сәбитке».
Шындығында да, бұл хаттың мазмұны түсініксіздеу көрінуі мүмкін. Алайда екеуінің де жазушы екенін ескерсек, онда мұндағы емеуіріннің астары тереңде. Біріншіден, тұтқыннан босанған жолаушы арқылы Мағжанның жөнін біліп, хат жазуының өзі мәрттік. Екіншіден, тура осы хаттағы «еңбекпен тәрбиелеу», «біз, коммунистер қайта тәрбиелейміз», М.Әуезов солай істеді, Сіз кімге қызмет етесіз, маған жауабын беріңіз – дегеннен-ақ Сәбит Мұқановтың: Сіз де Мұхтар сияқты ашық хат жазыңыз, оған жазушылар одағының атынан мен кепілдік беремін, адресім мына,– деп отырғанын Мағжан түсінетінін білген. Кейін Мағжан тура осы мағынада Жазушылар одағына және Халық комиссарлары кеңесіне өтініш жазуы соның дәлелі. Зады, түрмедегі Мағжанға жазылған бұл хатты ешкім білмеген. Әйтпесе, С.Мұқанов партия қатырынан шығумен ғана шектелмейтіні анық еді.
Бұл хатты 1959 жылы 10 қарашада Сәбит Мұқановтың өзі сүйікті бауыры Тұрсынбек Кәкішевке оқып беріпті. Тұрсекең ол хатта:
«Таяуда түрмеден шығасыз, сонда қай жақта боласыз, зорлық-зомбылықты кек тұтқан пиғылда шығасыз ба, әлде «Тоқсанның тобындағы» ойға ойысасыз ба? Біз үшін, қазақтың қасиетті поэзиясының келешегі үшін Сіздің совет жағына шыққаныңыз олжа болар еді», – деген ойларды жазыпты. Тұрсекең: «Сізге тиісті орындар жазғызды ма?» – деп сұрағанында: «Жоқ, өзім жаздым – арымның әмірімен жазғанмын»,– деп жауап қайрыпты (Т.Кәкішев. Санадағы жаралар. Қазақстан. 1992, 224-бет).
Ал отыз жетінші жылы мұндай «саяси көрсоқырлыққа» жол жоқ болатын. Дегенмен де бір жыл болса да бой жызып қалған сол қысқа қызықтың бірі туралы ақынның немере бауыры Ғадылша Қаһарманов:
«1936 жылы Қызылжарда педтехникумда мұғалімдердің мамандығын арттыру курсында сабақ беріп жүрген кезінде Жәжекемді (Мағжанды – Т.Ж.) екінші рет көру сәті түсті. Бұл кісілер Зылиқа жеңгей екеуі Дзержинский көшесіндегі екі қабатты ағаш үйдің үстіңгі қабатында бір бөлмелі пәтерде тұрды. Сенбі, жексенбі күндері немере туысым Мүтәш екеуміз Жәжекемнің үйіне барып қонаға жатып қайтатынбыз. Жәжекем бізге әсте бала деп қарамайтын, төредей сыйлап, өзі қызметтен шаршап келсе де бізге әңгіме-ертегі айтушы еді. Қашан көзі ұйқыға кеткенше жалықпайтын, шыдамды және бауыр жанын нәзік түсінетін адам еді. Кейбір демалыс күндері Жәжекем, Зылиқа жеңгей үшеуміз қаладан 10 километр жердегі «Мащан» (Мықан – ?) ағашына ат арбамен барып қайтатынбыз. Ағаштың көлеңкесінде бізден бұрын барып, аттарын доғарып, алқа қотан болып отыратын көп азаматтар, Жәжекемді күтіп отыратындай көрінуші еді. Әйтеуір біз бұл жерге жақындағанда барлығы бізге қарай лап қойып, Жәжекем мен жеңгемді лезде қоршап алатын. Олардың ортасында қатар түзеп отыратын Жәжекем мен Зылиқа жеңгей қос аққу сияқты әсер қалдырушы еді. Осынау көпшіліктің ортасында Жәжекемнің аузынан шыққан әр сөзді жиналған қауымның зор ынтамен тыңдап отыратынын мен бала да болсам анық аңғаратын едім. Бірақ қаншама көпшілік отырса да туысқа деген сүйіспеншілігінен бір айнымай, менен көзін жазбай әрқашан назар аударып, көңіл-күйімді бағдарлап, қас-қабағыма қарап отыратындығын да сезінетінмін. Жәжекемнің менің атымды ерекше атайтындығы да әлі күнге дейін құлағымда. «Ғадылша» дегенде дауысының ырғағын көтеріп, екпінді басты буын мен соңғы буынға түсіретін. Ара-тұра: «Алысқа кетіп қалма, ағаштың ішінде адасып, қорқып қаларсың»,– деп ескертіп те қоятыны есімде. Ал кешкі салқынмен қалаға қайтқанымызда жол бойы жеңіл желдіртіп отыратын. Біздің атымыз жүрдек болушы еді. Жарыста алдына ат түсірмейтін, қамшы салдырмайтын. Оның жүрісіне Жәжекем де риза болып, жымиып отырушы еді. Атты мен айдайтынмын, бала да болсам тізгінге мықты едім. Соны байқайтын Жәжекем маған сенімсіздік білдірмей, ерік беріп қоятын. Жанында отыратын Зылиқа тәтей де әйел болып жеңіл мінез көрсетпейтін, қорықпайтын. Тек байсалды сәнмен жар қызығына тойып, бал-бұл жанып отырушы еді», – деп еске алыпты (Жәжеке. Естеліктер мен деректер. А. Қазығұрт. 2005, 27-бет).
Балалық мөлдір сезім мен азаматтың туыссыраған ыстық сағынышының тоғысы ұзаққа созылмады. 1936 жылдың қыркүйек айында Сәбит Мұқанов Қызылжар қаласына келіп, Мағжанды өзі іздеп тауып, оны Алматыға шақырады. Мәселенің ресми шешілуі үшін 1936 жылы 27 қыркүйекте Жазушылар одағының хатшысы атына:
«Өзімнің кінәма лайықты жазамды өтедім. Еңбектің қара қазанына қайнап, адасулар мен арам ойлардан мәңгілікке арылдым. Мен бұрынғы ойларымнан арылып, бай мен ұлтшылдардың жолынан бас тарттым және жаңа жолға, еңбекшілер жолына бет бұрдым. Мен қалған өмірімді берік ниетім мен үміиімді дәлеледеу үшін социалистік құрылысқа еңбек етуге бел будым, ісіммен барлық ескі көзқарастан арылғанымды көрсеткім келеді. Мен үшін енді еңбекші таптың, коммунистік партияның жолынан басқа жол жоқ. Еңбекші табы әдебиетінің жетекшісі – Жазушылар одағы басқармасы менің өткен кезеңдегі адасушылығымды қатаң сынға ала отырып, сыртқа теппей, өзіне тартып, жазушылар одағына қабылдап, жетекшілік етуін, көмек беруін сұраймын.
Достарыңызбен бөлісу: |