Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!


«ССР ОАК Президумының 14/ІV-1934ж. Қаулысы орындалуға жіберілсін»



бет201/242
Дата22.12.2021
өлшемі8,42 Mb.
#494
түріБағдарламасы
1   ...   197   198   199   200   201   202   203   204   ...   242
«ССР ОАК Президумының 14/ІV-1934ж. Қаулысы орындалуға жіберілсін», – деп жазылған осы қатынаспен ҮІІІ том аяқталады.

Бұл Қаулы араға екі жыл салып барып күшіне енді. 1936 жылы 2 маусым күні айдаудан босатылды. Вязьма – Сызрань – Челябинскі арқылы Қызылжарға келді.

Аңду мен тіршіліктің мұқтаждығынан құтылмаған Мағжанды алда қысқа ғұмырдың күдікті күндері тосып тұрды. Қысқа жіптің күрмеуін шешу үшін Елбаев Халилдің көмегімен 20 күндік мұғалімдер курсына дәріс өтеді. Одан «саяси жағдайға байланысты» босатылады. Жұмабай Шаяхметовтің «қалпағының» астында қатаң бақылауға алынды. Жалпы Мағжанның өз еліндегі досы да, жалған жанашыры да, меншікті тіміскілері де көп болды. Ұшынған отыз жетіні былай қойғанда, сонау 1922 жылы өзге емес Сабыр Шарипов Мағжан Жұмабаев пен Жұмағали Тілеулиннің Қызылжарда өткен қазақ зиялыларының кеңесінде сөйлеген сөздерін «ауырсынып», өзінің «естімегеніне» өкініп:

«Көпшілігі мәселені талқылауға дәрменсіз қазақ интеллигенциясы мен жаңадан тартылған коммунистерді қатыстырып Қазақ кеңесін өткізудің қандай қажеттігі бар? Қазақ кеңесін шақыруды кім шығарғанын білмеймін, алайда өткен жылы Орынборда бұл идеяны ұсынған «Бөкейханов бабай» дегенді естігемін»,– деп Губкомға арыз жазыпты.

Осы арыздың сыртына қарындашпен:



«Бұл фракцияда емес, кеңес те емес, тек орыс тілін білмейтін қызметкерлердің жиналысы ғана. Оларды үйірмеге ертіп келген Шарипов емес қой. Мен мұны үнемі жиналыс деп атаймын... Жиналыстың мақсаты: партияда жоқ көпшілікті тарту ма? Жұмабаевты да. Уәкілдің келуіне байланысты дайындалған»,– деп («Алашорда қозғалысы», 3 том, 1-кітап, 105-106 бет) бұрыштама соғылыпты.

Әрине, жаны күйген жанашыры да жоқ емес еді. Мағжанның қанатының астынан түлеп ұшқан ақын, бауырына басып тәрбиелеген бауыры «кәдімгі Сәбит Мұқанов» болды. «Өмір мектебі» үштағанында оны қалаға әкеп, өзінің бөлмесіне жатқызып оқытқанын, аяқ киіміне дейін беріп, ақындық көркем әлеммен таныстырғанын, соған сай әр түрлі кештерге ат шанамен алып барып, алып қайтқан қолқанаты болғанын: «Мағжан буржузияшыл ақын еді. Менің кедейлерді жырлаған өлеңдерімдегі қарабайырлығымды сынайтын. Бірақ кедей табымды жырлаудан қайтпадым», – деп «астарлай сынап» жазғаны арқылы біз де Мағжанның атын алғаш біліп едік. Бұл кеңестік кездегі шындықты жеткізудің әдеби тәсілі болатын. Мағжан түрмеде жатқан жылдардың ішінде, дәлірек айтсақ, 1931 жылы 15 мамырда соңғы нүктесін қойған «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» атты тарихи зерттеуінде С.Мұқанов:



«Ақындық жағынан келгенде Мағжан, әрине, қазақтың күшті ақындарына саналады. Қазақтың тілін байыту ретінде, әдебиетке жаңа түрлер енгізу ретінде Мағжанның еңбегі көп. Абайдан кейін тіл өнегесінде Мағжаннан асқан ақын қазақта жоқ... Мағжанға шейін өткен қазақ ақындары көбіне өлең үлгісін күншығыс елінен, әсіресе, араб, парсыдан алатын. Мағжан орыс мектептерінде оқып, көбіне Еуропа, оның ішінде, әсіресе, орыстың әдебиетін тез меншіктенді. Абай қазақ әдебиетіне Еуропа түрлерін шетпұшпақтап кіргізсе, Мағжан дендеп кіргізді.Еуропаның әдебиет түрлерімен қазақ оқушылары Мағжан арқылы толық танысты... Мағжан өлеңдерінде сыршылдық (лирика) жағы күшті келеді. Мағжанның өлеңдерін оқып отырғанда оның сол өлеңді жазып отырған уақыттағы жан жүйесінің құбылысы (душевное переживание), ішкі сезімнің толқыны көрініп тұрады. Мағжан өлеңінен құр ғана ұйқасқан сөздерді көрмейсің, ақынның ішіндегі әйгілейтін айнаны көресің. Сыршылдық жағынан Мағжан көп ақынға бәйге бермейді»,– деп жазды.

Кеңестік идеологияның тылсым түрмесінде жатып, ату жазасына кесіліп, одан он жылға концлаерьге жер аударылған ақынның шығармашылық жолына мұндай жоғары баға берген Сәбит Мұқановты Мағжан Жұмабаевқа қарсы қою, ұстазымыз Тұрсынбек Кәкішұлы айтқандай, «тіпті ұят» (Т.Кәкішұлы, К.Ахмет. Сәбит Мұқанов, А.Арда. 2005. 161-бет). Өзінің азаматтығын ол Мағжан Карелияда тұтқында жүргенде дәлелдеп, 1934 жылы қарашада хат жазып, онда әдебиеттегі маркстік талапты, таптық күресті мойындаса, онда социализмнің адасқан ақынды кешіре алатынын, осы сапарда бір жола тазарып келсе, жазушылар одағының есігі ашық екенін айтқан. Бұл жай хат емес, әдеби ортаға ресми шақыру еді. Араға арандатқан сөз араласпау үшін Сәбит Мұқанов бұл хатты орысша жазған. Мағжанға және 1933 жылы 21 ақпанда Мұхтарға жазылған хаттың түпнұсқасын бізге сексенінші жылдардың аясында Сәбеңнің шырақшысы боп жүрген тұста пікірлес досым Құлбек Ергөбек ұсынып еді.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   197   198   199   200   201   202   203   204   ...   242




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет