«Қазақ даласы – қазынаның меншігі, оған мұжықтар мен казактарды сұраусыз қоныстандыра беру керек – деген заңдар алынып тасталуы керек», - деді «Қазақтар» атты сол кезде жазған мақаласында.
М.Тынышбаев (жалғасы): «6-тамыздағы заң бойынша, дала өлкесі қазақ депутаттарының санын шектеуді көздеген ерекше топқа жатқызылғанын көрген қазақтар, олардың сайлау құқықтарын жергілікті халық арқылы басқару туралы қарсылық білдірді (11-қарашадағы «С.О»-ны қараңыз). Міне, қазақтардың, орыстың қол астында басынан кешірген және кешіріп отырған правосыз қорлығы жөніндегі қысқаша тарихы осындай. Кәдуелгі адамдық праволар бұзылып, өмір мен ар-ұят әкімшіліктің қатаң бақылауы астында әлі де бұрынғысындай қалып отыр және күш көрсету одан әрі жалғасуда. Заңдардың орнын жабайы әрі надан сатыраптардың әкімшілік жүгенсіздігі басты. Генералдар, олардың көмекшілері және басқа да арамтамақтар халықтың бар сөлін сорып алды. Революция басталғанға дейін қазақтар өздерін жүгенсіздік қыспағынан босатып, естеріне алар деп үлкен төзіммен күтті. Егер олар жөнінде ұмытып кеткен болса, өздері бас көтеріп бостандық, әділдік, теңдік жөнін де айта бастады. Жоғарыда айтылғаңдардан далада әлі де ешқандай саяси партияның жоқ екені түсінікті: қазақтардың барлық тілектері мен ұмтылыстары жаңа ғана мен келтірген мөлшерде. Толқуға соқтырған негізгі жайлар жөнінде мен баяндаманың басында айтып өттім. Халыққа қажетті автономия жөнінде дәл қазір айта алмаймын, өйткені мен белгілі бір бағыттамасы бар адам емес, кездейсоқ өкіл ғана екенімді ескерткім келеді» («Русский Туркестан», 1906 жыл. № 1. Т.Жұртбайдың қатысуымен әзірлеп ұсынған – Бейсенбай Байғалиев . Жұлдыз, 1992, №8, 142-146 б.б.).
Ұлт-азаттық қозғалыстың осындай ұйытқысын білетін «Социалды Қазақстан» газетінің бас редакторы Айтмұхамед Мусин алғашқы екпінмен:
«Бұлардың баяндамаларының басты кемшілігі – олар алашорда зиялыларының өткендегі объективтік-революциялық орынын жоққа шығаруды басты міндет етіп қойғандығында... Шафироның: Алашордашылардың объективтік-революциялық қызметін мойындау – қазақ халқының революциялық мүмкіндігін жоққа шығарады-мыс деп мәселе қоюы мүлде қате. Бұл мүлдем жаңсақ тұжырым, тіпті, надандықпен айтылған пікір... Бірінші мәселе: «Алашорда» зиялыларының төңкеріске дейінгі объективтік-революциялық қызметін мойындау керек. Шафиро мен Брайнин жолдастар айтқандай, бұл Алашорданың өткендегісін мадақтау ма, жоқ па? Менің ойымша, олай емес. «Алашорданы» мадақтау үшін бұл қозғалыстың обьективті-революциялық орынын мойындап отырғамыз жоқ, керісінше, бұл қозғалыстың тарихын маркстік көзқарас тұрғысынан талдау үшін мойындауымыз керек... Бұл қозғалыстың бағытына, идеологиясына, оның құрамына қарамастан, егерде ол қозғалыс самодержавиеге қарсы, имперализмге қарсы (дұрыс) бағытталса, олардың позициясын әлсіретсе, онда оның объективті-революциялық маңызы бар болғаны – деп түсіну қажет. Ал сіздер деректерді – олар самодержавиенің позициясын нығайтқан сияқты етіп пайдалануға тырысқансыздар. Бізде де біраз құжаттар бар, соларды да «Алашорда» өзінің өмір сүрген тұсында тек қана контрреволюциялық әрекетпен айналысып келе жатқандай тұрғыда пайдаланасыздар ма? Басқаша айтқанда, зиялылардың бұл қозғалысы царизмді қолдау үшін құрылған деп көрсетпексіздер ме?.. Ең соңында айтарым мынау: бұл қозғалыс – Бөкейханов, Байтұрсынов, Тынышбаев, Қаратаев, Дулатов, Ғаббасов және т.б. сияқты ірі алашордашылардың ғана қозғалысы емес. Бұл қозғалыс – жас қазақ буржуазиясының қозғалысы, қазақтың буржуазиялық-демократиялық жүздеген зиялыларының қозғалысы. Сондықтан да бүкіл қозғалыстың алатын орынын оның оншақты көсемінің сатқындық әрекетімен (олай айтпасқа амалы да жоқ еді – Т.Ж.) бағалауға болмайды»,– деп (Алаш қозғалысы, 4 том, 102-бет) мәселені бір бүйірден шаншудай қадап қойды.
Бұл – сол заман үшін өте батыл әрі «объективті-революциялық» пікір еді. Өкінішке орай, заман талқысы А.Мусинді де сескендірсе керек, келесі 26 желтоқсан күнгі отырыста өзінің жоғарыдағы пікірінде асығыс тұжырымдар барлығын «мойындап», райынан қайтты. Алайда ең қажетті сөзді айтып қалды. Бір таңданарлығы, осы пікірді С.Меңдешев те қорғаған сыңайда сөйлеп, өз өмірінен, А.Кенжин мен Б.Қаратаевтің іс-әрекетінен мысал келтірді.
Брайнин өзінің ғылыми дәрменсіздігін сезініп, тікелей саяси шарпысу мен шапшуға көшті:
«Федоров жолдасқа біздің ұсынып отырған талдауымыз ұнамайды екен. Мысалы, Қарқаралыдағы Петицияны бағалау турасындағы пікірлеріміз. «Сіздер – бұл петициядан коммунизмді талап етесіздер. Бұл – демократиялық талап. Бұл – ұлттық-реформаторлық», – дейді Федоров жолдас. Жоқ, мұның барлығы ойдан шығарылған далбаса... Мусиннің екінші сөзін алыңыз. Большевикке тән мінезбен өзінің қатесін мойындаудың орынына, ашық тұрған есікке басын соғып, міңгірлеп, өзгені кінәлай бастады... Момынов өткен жолы көзінің жасын көлдетіп, Байтұрсыновқа жоқтау айтты... Асфандияров бұрынғы сөзінде Мусинді қостап, бәрін де жайдақтатып жібергенсіңдер деді... Мен сендерге жайдақтатудың қандай екенін қазір көрсетейін. Ол өзінің сөзінде: «Жәдидтер – «Алашорда» қозғалысының бастауы», – деді. Көрдіңдерме, жәдидтер «Алашорданың» бастауы екен... Одан әрі: «Қазақстанда пайда бола бастаған буржуазиялық-демократиялық қозғалыс – оъективті-революциялық қозғалыс... Алайда ұлттық интеллигенцияның келісімпаздық сипаты барған сайын анықтала бастады», – дейді. Демек, Қазан революциясына дейін ол қозғалыс революциялық болғаны ғой!.. Және бұл алашордашылардың кадеттермен тізе қосқан, Тынышбаевтің ІІ мемлекеттік Думадағы кадеттер фракциясына ашық кірген кезеңі туралы айтылып отыр...»,– деп кіжінді.
Тағдырдың мына тоғысын қараңызшы. Марксизм-ленинизм ғылыми институтының аға ғылыми қызметкері Әзкен Жұмағұлов сол мәжілісте «Социальды Қазақстан» газетінің бас редакторы Айтмұхамет (Әйтеке) Мусинді қолдап сөйлеген үзілісте танысып, екі күннен кейін оның мақаласын жариялайды. Бұл таныстық оларды қызмет жолында ғана қосақтап қана қоймайды, ату камерасына да бірге апарады. 1937 жылғы 3 қараша күнгі тергеуші Бернерге берген жауабында Ә.Жұмағұлов:
«Кеңес өкіметіне қарсы қазақ ұлтшылдарының ұйымына мені 1935 жылдың басында сол кезде Қарағанды облысының хатшысы болып істейтін Әйтеке Мусин тартты. Мен Мусинмен Алматы қаласында, 1934 жылдың басында (нағында 1933 желтоқсанында – Т.Ж.) Брайнин мен Шафироның «Қазақ буржуазиялық-ұлттық партиясының тарихы» атты баяндамасын талқылау кезінде таныстым... Сіздер тәргілеген ұлтшылдардың кеңес өкіметіне қарсы әдебиеттерін жинап, өзімнің кітапханамды жасақтадым. Мысалы мен Мусиннен 1913 жыл қазақ буржуазиялық ұлтшылдары шығарған «Айқап» журналының 13 санының тігіндісін алдым»,– деп (Б.Нәсенов, Тарихи құжаттар мен архив мұрағаттары, ҮІІ том, 41-42беттер) көрсетінді берді.
Соның нәтижесінде осы мәжілісте пікірлес болған институттың директоры Әзімбай Лекеров, Айтмұхамет Мусин, Әзкен Жұмағұлов, Ізмұхан Құрамысов, Санжар Асфандияров бір іске тіркеле қосақталып, ату жазасына бұйырылды. Сол мәжілісте Санжар Асфандияров та алдыңғылардың пайымдауларын ғылыми ұстаныммен қостай сөйледі. Төраға І.Құрамысов:
«Асфандияров жолдастың сөзінің дені өткен жолғы кеңестегі сөйлеген жолдастардың қателігін қайталады. Сондықтан да біздің ең білімді тарихшыларымыздың бірі Асфандияров жолдас келесі жолы қайыра сөйлеуге дайындалуы керек деп ойлаймын. Біраз мәселеге тоқталып жатпаймын. Асфандияровта бейдиалектикалық қарама-қайшылық бар. Ол өзінің сөзін: барлық интеллигенцияны кадеттермен теңестіресіңдер деген желеумен бастады да, ал өзі барлық интеллигенцияны алашордашыларға қосақтады. Яғни, Асфандияровтың пікіріне жүгінсек, 1917 жылға дейін «Алашорда» объективті түрде прогрессивті болған, ал 1917 жылдан кейін аяқ астынан өзгеріп шыға келген... Асфандияров жолдасқа қатысты айтарым, оны «есептен шығарып тастаудың», сәл де болса басын қатерге тігудің қажеті жоқ, оны сақтай білуіміз керек. Бұл мәселе жөнінде мен де қателіктер жіберген болатынмын... Асфандияров жолдастың сөзінің әсерінен кейін: оған неге сөз бердім екен, алдыңғы шешеннен кейін жарыссөзді неге тоқтатпадым екен, – деп өкініп отырмын. Сондықтан да Асфандияров пен Федоров бұл мәселе жөнінде қайталап сөйлеуі тиіс. Ал біз олардың не дейтінін тыңдайық, оларға өз қателерін түзетуге көмектесеміз, қажет болса, ұрсып та аламыз»,– деп өкініш білдірді.
Оның бұл сөзіне қарағанда А.Мусинді алдыңғы пікірінен бас тартуы үшін екінші отырысқа ырқынан тыс алып келгені байқалады.
Енді осы тәпсірлердің тергеудегі талқысына тоқталамыз.
2.
Анкеталық анықтама (жалғасы): 1912 жылы Орынборға бақылау астына жіберілген Мемлекеттік Думаның мүшесі Ә.Бөкейхановпен, әкімшілік тұрғыдан жер аударылған А.Байтұрсыновпен, М.Дулатовпен бірге «Қазақ» газетін ашқан. Жетісуға келуге тиым салынғандықтан да 1914 жылдан бастап Самарқанда суландыру саласында, кейіннен Орта Азия темір жол торабында, Жетісу торабында қызмет етті. Самарқан, Ашхабад, Қоджент, Ташкент, Шымкент қалаларында үнемі полицияның бақылауы астында жүрді. 1916 жылы ұлт-азаттық көтерілістің қанды оқиғалары туралы әйгілі «Түркістан генерал-губернаторы мәртебелі Куропаткинге» ашық хат жазды.
1916 жылы 3 ақпанда Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Н.Бегімбетов Петроградқа барып, әскери министр генерал Поливановқа жолығып, қазақтарды әскерге алу мәселесін жеткізді. Ондағы басты мақсат: қазіргі заманның қару-жарағының тілін білмей, тұрақты әскерге тартылмай ұлттық тәуелсіздік туралы қиялдауға да болмайтын. Мұны алаштықтар: келешек ұрпақтың алдындағы парызымыз, – деп түсінді. Заманның беталысы ұлттан соны талап етті. Саналы армиясыз «сәулетті, еркін күнді» аңсаудың өзі надандық болатын. Сондықтан да «Қазақ» газетінің:
Достарыңызбен бөлісу: |