Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!


«Сізді М.Тынышбаев кеңес құрылысына қарсы шықты деп отыр»,– деп арандатады



бет36/242
Дата22.12.2021
өлшемі8,42 Mb.
#494
түріБағдарламасы
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   242
«Сізді М.Тынышбаев кеңес құрылысына қарсы шықты деп отыр»,– деп арандатады.

1930 жылғы 6 қыркүйек күнгі Мұхамеджан Тынышбаевтің көрсетіндісінде астыртын ұйымды мойындағандай сыңай танытатын айғақтар кездеседі. Мұны қатты қысым мен зорлықтың нәтижесінде айтты ма, жоқ, тергеушінің өзі айғақ берген адамға да оқытпай: міне, сен туралы мына көрсетіндіде былай жазылған, деп бопсалап жауап алды ма, ол жағы белгісіз. Бұл – түрме тергеушілерінің кәнігі төселген тәсілі. Мысалы, Х.Досмұхамедов пен Ә.Ермековке, М.Әуезовке – М.Тынышбаевтің; керісінше М.Тынышбаевқа – Х.Досмұхамедовтің, М.Әуезовтің, Ә.Ермековтің; Х.Ғаббасовқа – Е.Омаровтың; А.Байтұрсыновқа – М.Жұмабаевтің; М.Әуезовке – Ж.Аймауытовтың, Ә.Байділдиннің; Ж.Аймауытовқа – М.Әуезовтің, Д.Әділевтің, Ә.Байділдиннің; М.Дулатовқа – М.Есполовтың, Ғ.Бірімжановтың, Х.Болғамбаевтің, К.Жәленовтің; Ә.Бөкейхановқа – Е.Омаровтың, Ә.Байділдиннің, ал осылардың барлығына Д.Әділевтің жауаптарын қарсы қойып, өзара арандатуға тырысқан.

Бұған бір мысал: 30-жылғы 6 қыркүйекте тергеуші М.Тынышбаевқа:

Сіз Ташкенттегі астыртын ұйымға тартылған Күдерин Жұмақаннан, Әуезов Мұхтардан, Қожамқұлов Насырдан, Көшкімбаевтан басқа, тағы кімдердің қатысқанын білесіз? Түркістандағы көтеріліс туралы Күдериннен хат алыпсыз ғой. Оспанов Әлімхан садыр мен матайлардың, Алакөл ауданы тұрғындарының Қытайға босып жатқанын Сізге хабарлапты ғой”– деп жорта сұрақ қойған.

Өкініштісі, мұндай бопсаға түсіп қалғандар да бар. Ал М.Тынышбаев сондай шырғаға түспес үшін:

Ташкентте астыртын ұйымның жұмыс істегенін, оған Күдерин Жұмақанның, Әуезов Мұхтардың, Қожамқұлов Насырдың, Көшкімбаевтің, тағы басқа кімдердің қатысқанын білмеймін. Күдерин маған 30-жылдың ақпан айының басында Алматыға хат жазып, Түркістан ауданындағы көтеріліске қазақтардың, орыстардың, кавказдықтардың қатысқаны туралы хабарлапты. Мен матай мен садырлар тыныш (М.Тынышбаевтің өз ауылы – Т.Ж.) дедім, ал Оспанов Әлімхан Алакөл мен Үржар ауданының тұрғындары Қытайға ауып жатқанын немесе ауып кеткенін айтты”– деп сұрақты сөзбе-сөз қайталап жауап қайырады.

Ал енді мұны көрсетінді деуге еш келмейді. Бірақ та аты аталған адамдарға аты-жөні көрсетілген тұсты ғана нұсқап: сенің қылмысың туралы, міне, М.Тынышбаев мынадай деп көрсеткен, деп арандатқан. Сондықтан да Х.Досмұхамедовтің, Ә.Ермековтің, М.Әуезовтің көрсетіндісінде М.Тынышбаевтің есімінің аталуына күдіктене қарауға болмайды және өзгелерді өзінен неғұрлым алыстата түсу үшін: екеуара қатынасымыз нашар, мен оны жаратпаймын, ол мені жек көреді, деген сияқты екіұшты пікірлерді оқығанда, айыпталушы екінші адамды қорғап отыр деп есептеу керек.

М.Тынышбаевтің 30-жылғы 4 қазандағы жауабының соңына қолы қойылмаған. Көрсетіндінің басында өзінің „Алашордадағы” қызметтеріне шолу жасай келіп:



«А.Байтұрсынов пен М.Дулатов ұсталғаннан кейін ұйымның жұмысын Алматыда – Ермеков, Досмұхамедов Халел, Тынышбаев, Досмұхамедов Жаһанша, Ташкентте – Қашқынбаев Иса, Әуезов Мұхтар, Қожамқұлов жалғастырды. Ташкенттегілерге Сырдария округіндегі Кенесарин Әзімхан (Шымкент), Мұсаев, Шынғалин, Қоңырқожаев (?), Әулие-Атадан – Байсейітов Әзиз, Түркістаннан – Өтегенов Садық мүше ретінде қосылды. Қазақ-монғол тарихы туралы еңбегімде қазақтың шығу тегі жөніндегі пікірлерімді алашордашыл-ұлтшыл көзқараспен жаздым, кітаптың таралуына жол бермес деген күдікпен оның көшірмесін өзімде сақтап қалдым»,– деген пікірді білдіреді.

Зады, баспадан шығып, таратуға тыйым салынған, бірен-саран данасы бізге жеткен тарихи шежіренің кейінгі өңделген, толықтырылған нұсқасының жағдайы қатты алаңдатса керек. Өкінішке орай, толықтырылған нұсқа із-түзсіз жоғалып кетті.

Осы көрсетіндідегі С.Өтегенов туралы деректер өте қат, зерттеушілердің де назарынан қалыс қалып келеді. Оның есесіне сол жылдардағы адамдардың өмірбаяны «қызылтұмсық арыздар» арқылы барынша толық жазылған. «Коммунист Д.Нысанбаевтің 1925 жылы 31-қаңтарда Сұлтанбек Қожановтың Қазақ облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайлануына байланысты» жіберген «жанашырлық хатында» бүкіл түркістандық қазақ зиялыларын не алашордашыл, не басмашы етіп шығарған. Сол арызда «Кеңес» құпия ұйымының «төрағасының бірі Садық Өтегенов» туралы:

«Шымкенттік, Әулие-Ата уезінен, ұзақ уақыт бойы Түркістанда тұрған, Қожановтың қоғамдық-саяси көзқарасын қалыптастырған бас кеңесші әрі ұстазы. Өтегенов жолдас Ташкенттің мұғалімдер семинариясын Қожановтан көп бұрын бітірген, аз уақыт халық мұғалімі болған, содан кейін ұзақ мерзім бойы сот пен приставтың аудармашысы болған»,– деген («Алашорда қозғалысы», 3 том, 1-кітап, 175-бет) ғұмырнамалық дерек бар.

Осы аз мағлұматта зерттеушілердің ой қорытуына мүмкіндік беретін көп мағына бар. Түптің-түбінде іздеу салынатын тұлғаның бірі. Өйткені: «Құмның ішінде жасақ жиып, кеңес өкіметіне қарсы күреске шығайын ба?», деген ұсынысты қарабайыр қазақтың екісінің бірі айта бермейді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   242




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет