Абай мектетебі
Қ.Жармағамбетов: «Енді Абай мектебі туралы мәселеге көшемін. Бұл туралы кандидаттық дссертация қорғатуға дейін барған Әуезовтің ұстанымы бар, сондай-ақ оған қарсы Жұмалиевтің және оны қостайтын өзге де әдебиетшілердің пікірі бар, бұл мәселе туралы мен де пікір білдіргемін. «Шындық таласта туады» – деген, сондықтан да бұл мәселені жолдастық, ашық пікір, ғылыми-талап тұрғысынан талдап, бір шешімге келуіміз қажет.
Әуезов: Бірақ сілейтіп (охаиваниия) салу тұрғысынан болып жүрмесін». (36 іс, 97-бет)
1234567890
Хххххххххххххххххх
Бұл бетіндегі Мұхтар Әуезовке бағытталған идеологиялық шешуші соққы болатын.
1951 20 маусым.
Қазақстан жазушылар одағы президиумының кеңесі (стенограмма):
Төраға М.Ғабдуллин: «Жолдастар! Ғылым академиясы мен Жазушылар одағының бірлескен кеңесінде абайтану ілім туралы пікір таласына кейбір қорытындылар шығару туралы комиссия құрылған болатын. Екінші, абайтану саласында атқарылатын алдағы жұмыстардың бағыт-бағдары жасалуы тиіс. Соның ішінде Абайдың ақындық мектебі төңірегіндегі пікірлерді қорытып, кімді Абайдың шәкіртінің қатарына қосу керек, кімді қоспау керек, сол жөнінде обьективті шешім қабылдауға тиіспіз. 1954 жылы Абайдың қайтыс болғанына 50 жыл толады. Осыған орай ҚКП(б) Орталық комитеті Абайдың шығармаларын екі тілде шығару туралы шешім шығарды. Абай поэзиясын кезеңге бөлу мен оның кейбір өлеңдерінің текстологиясы жайында даулы пікірлер қозғалып жүр. Абай шығармаларын жариялауда қандай дайындық жұмыстарын жүргіземіз, соны осы кеңесте анықтап алғанымыз дұрыс. Үшінші: бұрмалаудан, жалған талдаулардын тазарған Абайдың жаңа ғылыми өмірбаяны жөнінде де пікір алысуымыз қажет. Соған байланысты Абай шығармашылығын зерттеу мәселелерінің бағыт-бағдарын да анықтауымыз қажет шығар. Соңында, біздің шешімімізде Абайдың әдеби мұражайы немен айналысу керек деген мәселе қамтылу керек».
Сонымен бағыт, қарауыл анықталды. Әрине, Абайды «бұрмалап, жалған талдаған», «Абайдың ақындық мектебін ойлап тапқан», Абайға «исламият туралы өлең жаздырып» (солай демеске лаж да жоқ), оны жинаққа кіргізген, Абайға рухани опасыздық жасаған және оны зерттеуге дәрменсіз адам – Мұхтар Әуезов болатын. Бұл науқан үш жыл қатарынан жүргізілді. Басты әшкерелеуші сол тұстағы Мұхтар Әуезовтің «жеке дұшпаны» (өз сөзі) Қажым Жұмалиев және орталау мектептің білімімен кандидаттық диссертация қорғап, онысы кейін әшкереленген жалаңтөс С.Н.Нұрышев. Ол жиырмасыншы жылдары «Абайдың буржуазиялық-ұлтшыл философияларының тамырына балта шауып, қазақ руханиятын қоқыстан тазартайық» деп шу шығарған І.Қабыловтың мақаласының атын сәл өзгертіп «Абайдың шығармашылығын зерттеудегі буржуазияшыл-ұлтшыл бұрмалаушылықтың тамырына балта шабайық» және «Абай шығармаларының алғашқы кезеңі» – деген тақырыпта (1951 және 1953 жылдары) баяндама жасады.
Кейіннен анықталғанындай, және өзінің мойындауынша, бұл білімсіз жалаңтөстің айтақшысы – орталық комитеттің жазалау қызметін бағыттап отыратын кеңестік идеологияның құпия мекемесі, оның ұйымдастыруын қадағалағандар Сақтаған Бәйішев пен Қажым Жұмалиев екен. «Гүлденген Қазақстанның саяси-экономикасының идеологиялық негізін қалаған», әскери комиссар, 1946–1954 жылдардың арасындағы саяси қысымның бас идеологі, 1947 жылы «Профессор М.Әуезов есікліктің шырмауында» деп мақала жазып, ашық күнде найзағай ойнатқан С.Бәйішевке қарсы М.Әуезов ешқандай уәж айта алмайтын. Ол кеңес иедологиясына қарсы шығумен бірдей болатын. Ал қара тілдің шешені, азулы Қажым Жұмалиевке жалын тістеткенімен, үйіріне жолатпайтындай айбары болатын.
Ашығын айтқанда: адам ретінде де олар бір-бірінің тіршілігін тілемеген. Абайдың ақындық мектебі олар үшін айқас алаңы болған сияқты.
Бұл – талқылауды, дәлелдеуді қажет етпейтін, шиін шығармай қалдыратын тылсым тақырып. Ал ешқандай білімі мен ғылыми салмағы жоқ С.Нұрышев «күштінің қолжаулығы», бар ғылыми мақсаты: «Мен Әуезовтің өзін былай сүмірейткемін!»? – деп (Қ.Мұхамедханов) атын шығаруға ұмтылған қазақ Геростраты ғана. Мүмкін, өмірінің жалғыздықпен аяқталуына да сол жанығудың зауалы тиген шығар, кім білсін. Әуезовтің қара басын қарауылға алған баяндаманы толық келтірудің, тіпті ішінара келтірудің ретін таппадық. Үш жыл бойы Мұхтардың басына қамшы үйірген С.Нұрышевтің ұстанған пікірін тұжырымдап қана түйіп береміз.
С.Нұрышев: 1.Кеңес өкімет орнағаннан кейін буржуазияшыл ұлтшылдар, пантюркистер, панисламистер Абайдың атын бетқап етіп жамылып өздерінің дұшпандық, кеңеске қарсы көзқарастарын қазақ әдебиеттануына бүркемелеп енгізді. Мұндай саяси, идеологиялық ұлтшыл қоқыстан арылтпай Абайды зерттей алмаймыз. 2. Абайдың шығармаларын таптық қайшылықтардан, шығыстық реакциялық ықпалдан тазартуымыз керек. 3. Абайдың ақындық мектебі деген маркстік, лениндік, сталиндік ілімге қарсы тас-талқаны шығарылып талқандалған қылмыстық тұжырымдаманың тамырын мәңгілікке отап тастауымыз керек.
4. Ол үшін: өткендегі буржуазияшыл, ұлтшыл, феодалдық, пантюкистік, панисламистік идеясын бүгінге дейін бүркемелеп келген; 5. Абайтанудан дәріс өтетін, «Ақын аға» атты романы арқылы теріс тұжырымды насихаттаған; 6. Алаш идеясын «Абай» журналы арқылы насихаттаған; 7. Контрреволюцияшыл «алашордашыл жастардың көсемі», 8. Орыстарға қарсы үгіттейтін «зар заман» теориясы мен «Хан Кененің» авторы, 9.Абайдың буржуазиялық-панисламистік, шығыстық реакциялық шығармаларын бұрмалап талдаушы, 10.Пушкинді, Лермонтовты еркін аударды деп Абайдың орыс әдебиетінен үйренгенін жоққа шығарушы, сөйтіп, Абайдың жалақоры болып отырған, онымен де шектелмей, 11. Әдебиет тарихын зерттеуде контрабандалық жолмен айналысып, А.Байтұрсыновтың «Қаздар» атты мысалын Абайдың атынан жариялатқан, 12. «Қазақ ССР тарихы» мен «Қазақ әдебиетінің тарихына» Кенесары туралы талдауларды «сана ағымын» ұстана отырып енгізген, 13. өзінің ғылымға жат, дұшпандық иеологиялық марксисзмге қарсы ұстанымын М.Дүйсенов, қазір халық жауы ретінде әшкереленіп, ғылыми дәрежесі алынып тасталған Қайым Мұхамедханов сияқты шәкірттері арқылы өткізіп жіберуге тырысқан, 14. қоғамдық ойды адастырған, 15. З.Кедринаға өзі туралы зерттеу жаздырып, одақтық деңгейдегі әдебиетану ғылымын жалған жолға салған, 16. Абай мұражайына жалған деректер мен мұрағаттар жинау арқылы халық жауларының идеясын насихаттаған, бұл айтылғандарың барлығы да оның отыз жылдан бері әдебиет саласына енгізген бұрмалаулары мен саяси қателігін, оның нағыз бүркемеленген бет-бейнесін толық ашып бере алмайтын М.Әуезовтің ұлтшыл-буржуазиялық, дұшпандық ұстанымын әшкерелеп, әдебиеттану ғылымын ұлтшыл көзқарастан тазартқанда ған ілгері баса аламыз, – деген мазмұнда айып тақты.
Мұндай тармақ-тармаққа бөлініп, уытты тілмен тұздықталған, «неғылайынсыз әшкерелеулер» М.Әуезовтің тергеу ісінде де кездеспеген. Қазір езу тартқызғанмен, ол кезде жағыңды айыратын айыптар еді. Үш жыл бойғы талқы осы бағытта өрбіді. Талқылау мен сілкілесу барысында бұл тармақтардың өзі бұдан да ұсақ және шетін тақырыптарға бөлініп кетті. Біз сол кездің ауа райын аңдату үшін ғана үш жылға созылған бұл айтыстардың жекелеген тұстарындағы шарпысуларды жинақтай қамтып, қорытынды отырыстағы хаттаманы ықшамдап назарға ұсынамыз.
Қ.Жұмалиев: «Мұхамедхановтың диссертациясында… бірінші оппонент ретінде Әуезов сөз алды, ол бұл жұмысты өте мақтап, аспанға көтерді. Мен бұл диссертацияны бізге жат ұлтшыл, панисламистік идеяны көпе-көрінеу өткізіп жіберу деп есептеймін. Неге?
Біріншіден, Абайдың шәкірті ретінде Тұрағұлды ұсынады, ал ол болса кезінде халық жауы ретінде Қазақстан территориясынан қуылған болатын. Диссертанттың пікірі бойынша, Абайдың екініші шәкірті – коллективтендіруге қарсы шығып, Шыңғыстауда қарулы бандылар көтерілісін басқарып жүргенде қызыл армия бөлімдерімен атыс кезінде өлген Шәкерім Құдайбердиев екен, ал оны Әуезов 1933 жылы-ақ Абайдың шәкірті есебіне қосқан болатын (Абай шығармалары, 1933 жыл, 383-бет).
Мұхамедханов: Абайдың ең жақын досы және талнатты шәкірті – аса ірі дін өкілі, ірі феодал, орыстарды, өзбектерді, қырғыздарды және қазақтарды қырған, бүгін партия мен кеңес бұқарасы әшкерелеп отырған Кенесары мен Наурызбай туралы дастан жазған Көкбай еді, – деп есептейді.
М.Әуезов өзінің 1933 жылы ұстанған Көкбай туралы қате пікірін тұрақты түрде табандап қорғап келеді және Кенесары Қасымовтың қозғалысы туралы большевик партиясының орталық органы «Правда» газетіндегі мақаладан соң да, ҚКП(б) Орталық комитетінің ол туралы шешімінен кейін де бізге жат осы тұжырымды Мұхамедхановтың диссертациясы арқылы өткізіп жіберуге тырысып келеді. М.Әуезов Абай мектебінің үздік өкілі деп бағалаған Көкбайдың «Кенесары – Қаншайым» дастаны қандай екен, тыңдаңыз:
Қылышын суырып алып қынабынан,
Адамның дауысын естіп ...
Шаһарға «Абылайлап!» кіріп кетті,
Кем болмай түлеп ұшқан қыранынан.
Көп қойға бір көк бөрі жүрген кіріп,
Басына қалқан ұстап, сауыт киіп.
Бәрін де тыстағының қырғаннан соң,
Көшеге жан шықпады ауызы күйіп.
Көшеге еш бір адам шықпаған соң,
Шаһардың өрт қояды бір шетінен...
Дастанда Наурызбай кімді өлтіреді? Орыстарды. Кімнің қаласын өртке орайды? Орыстардың. Көкбай Кенесарыны неге мадақтайды? Бір жолда 99 өзбекті өлтіргені үшін. Қасымовтарды ақын не үшін мақтайды? Қырғыз бен қазақ елінің бейбіт тұрғындарын қатыгездікпен, аяусыз қырғаны үшін.
Міне, Әуезов кімді Абайдың шәкірті, досы, халық ақыны деп есептейді. Әуезовтің осы пікірімен келісеміз бе? Жоқ, ешқашанда. Мұны бір деңіз.
Екіншіден, өзінің Абай туралы соңғы зерттеулерінде оның шығармашылық қайнар көзі, орыс әдебиетімен байланысы туралы дұрыс талдағанына қарамастан, бәрібір, Мұхамедхановтың еңбегі туралы пікірінде диссертанттың: оның өзінің `(Әуезовтің – Т.Ж.) «Әдебиет майданы» журналының 1934 жылғы №11-12 сандарында жарияланған, онда М.Әуезов Абайды Гаспиринскийдің, Ауғанидің, Ғабдукудің және басқа да таза панисламистердің идеялық жалғастырушысы ретінде көрсеткен пантүркістік, панисламистік мақаласына жасаған сілтемесімен ымрыраластық білдірді.
Үшіншіден, 1951 жылы ақпандағы «Правданың» мақаласынан кейін де М.Әуезов доцент Смирнованың «18 ғасырдағы қазақ әдебиетінің очерктері» атты еңбегіне маркстік зерттеу деп баға берді, ал бұл еңбекте идеологиялық тұрғыдан жат, зиянды сілтемелер келтірілген, олардың қатарында халықтық шығарма деп бүркемеленген, «Алашорданың» көсемдерінің бірі Жұмабаевтің шығармасынан үзінді келтірген. Бұл Әуезов үшін масқара жағдай.
Исмаиыловтың, Кенжебаевтің, Қоңыратбаевтың жән басқалардың еңбектерінде жіберілген ұлтшылдық қателер Әуезовтің мадақ пікірлерімен тікелей астасып жатқаны ешкімге құпия емес.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Нарманбет Орманбетовтің өлеңдер жинағы шықты, Исмаиылов оны да демократ халық ақыны деп Абайдың шәкірттерінің қатарына қосты, Әуезов ол жинаққа жақсы баға берді және оның редакторы болды. Ал бұл «ақын» «Алашорданың» мүшесі болды және өлерінде өзінің барлық мүлкін контрреволюциялық ұйымның пайдасына қалдырды. Бұл туралы «Сарыарқа» газетінде 1919 жылы жазылды.
Әуезов мұны шынымен білмеді ме? Менің ойымша мұны оның білмеуі мүмкін емес.
Бізге жат осындай идеологияны өткізіп жүруін кездейсоқтық дейміз бе? Жоқ, кездейсоқ емес. Бұл қандай да бір жүйеге түсірілген, нақты бір мақсаты бар тұжырым.
М.Әуезов өзінің осы қателерін батылдық танытып, шын жүректен мойындаудың орынына, қасарысып, өзінің осындай саяси зиянды тұжырымдарын өзінің шәкірті-міс деп есептейтін – Исмайылов, Қоңыратбаев, Мұхамедханов тағы басқалар арқылы табанды түрде дәлелдеуін жалғастырып келеді, өзімен пікірлес тарихшылардың қатарына Сүлейменов сияқты әдебиеттен хабарсыз адамдарды қосып алды, сөйтіп, олар Әуезовтің қолындағы шоқпарға айналды, өзінің өрескел саяси қателерін көрсетуге ұмтылғандарды Әуезов солардың көмегі арқылы есеп айырысады».
(36 –іс, 75- бет).
Ххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххх
Сәбит Мұқановтың пікірлері негізінен мына мәселелерді М. Әуезовке қарата айтты.
1
«Абайдың шәкірттері кімдер?» деген сұрауға, үшінші рет, советтік дәуірде Ташкент қаласында шыққан «Шолпан» атты журнал жауап бермек болды. Журналдың 1923 жылы шыққан 2-3 және 4-5 сандарында «Қоңыр» атты псевдониммен біреу «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» дегенмақала жазды. Мақаланың авторы, жоғарыда, «Абай» журналында жарияланған «Екеудің» пікіріне түгел қосылып, ондағы революцияға қарсы пікірді тереңдетті, Совет өкіметіне қарсы құралды күрес жүргізген Ахмет Байтұрсынов пен Мыржақып Дулатовтан бастап, «Абайдың шәкірттері» деген тізімге он ақын, жазушының атын тіркеді, солардың жетеуі – Октябрь революциясына, Совет өкіметіне ашық қарсы боп, қазақ халқының тарихында қара тақтаға жазылғандар.
2
Әуезов жолдастың Шәкәрім мен Көкбай туралы сөздері саяси қате пікір екендігіне, бұл айтылғандардың көпшілігі Абайдың таза бетіне күйе жағу болатындына кейінірек толық ораламыз. Әзірге айтарымыз, осы пікірін Әуезов кейінгі мақалаларында да қолдап, халық жауы Шәкәрімнің атын 1940 жылы Москвада орыс тілінде шыққан «Абайдың өлеңдері мен поэмалары» деген кітапта да (18-бет) қайталайды.
Абайдың 1940 жылы басылған Шығармаларының толық жыйнағына жазған мақаласында, Әуезов жолдас Абай «шәкірттерінің» тізімінен Шәкәрімді шығарады да, оның орнына саяси бетінде Шәкәрімнен түк айырмасы жоқ Тұрағұлды қосып, ол туралы. «Шыныда да Абайдың уағыз-өсиет айтып, адам болсаң сен ғана боласың, үміт қылатын сендер ғана дейтін ет-бауыр, жақын жастары да осы Көкбай, Тұрағұл болатын», – дейді (269-бет). Тұрағұл Абайдың 1948 жылы шыққан Толық жыйнағына өте сүйкімді сөздермен аталады, осы кітаптың 121-бетінде, Абаймен түскен фото-суреті басылады.
Әуезов жолдастың, Шәкәрім бандит боп өлгеннен кейін де, оған мейрімді көзбен қарауы, ең жеңіл тілмен айтқанда, – ұят.
Әуезов жолдастың былтыр басылып шаққан «Ақан аға» деген романында, Абай шәкірттерінің бірі боп Шұбар деген жүреді. Оның Шәкәрім екені өзінен-өзі көрініп тұр, өйткені, ол, Мағауиямен жарысып, «Еңлік-Кебек» атты поэма жазып жүреді, сонда ол Шәкәрім болмағанда кім? Олай дейтініміз кітап боп шығап елге тараған «Еңлік-Кебек» Шәкәрімдікі. Мағауия «Еңлік-Кебек»ті жазыпты жазыпты деген сөзі әлі дәлелденуі керек. Өйткені, Мағауияның өзге өлеңдері әртүрлі жазбаларда сақталғанда, ол «жазыпты» деген «Еңлік-Кебек» ешқайда сақталмай, тек, Мұхамедхановтың айтуынша, Мұхтардың Семейдегі архивынан табылыпты-мыс. Ол не қылған архив? Және ол архивты 1934 жылғы мақаласына дейін Әуезов жолдастың өзі неге білмеген?!. Одан бұрынғы мақалаларында неге атамаған?!.
Бұндай бандиттың шығармаларын біз талқылап жатпаймыз.
3
Екінші – Тұрағұл. Жақсы көретіндердің еркелетіп қойған аты – Тұраш. Абайдан туған бала болғанмен, бұл да совет қоғамына жат, жау кісі. Ол да «Алашорда» партиясының ардақты адамының бірі боп, «Сарыарқа» газетіне Совет өкіметін жамандап мақала жазған. 1928 жылы, Совет өкіметінің ерекше декретімен, қазақтың бес жүз бай-феодалдарының мал-мүліктері конфискацияға алынғанда, Тұрағұл да сол тізімде болған. Осындай жолда өлген адамды да, 1951 жылға дейін Әуезов жолдастың, оны қуаттап Жиреншин, Мұхамедханов жолдастардың дәріптеуіне қайран қаламыз!
4
Үшінші – Нармамбет Ормамбетов. Бұл адамның да «Алашорда» партиясында болған сырлары ашылып, архив документтерімен дәлелденіп отыр. Сондықтан ол туралы да ешкіммен бұл жолыайтысқымыз келмейді.
5
Абай шәкірттері аталатындардың ішінде Көкбай Жанатаев та бар. Бұл адам 1862 жылы туып, 1925 жылы, Совет тұсында, 63 жасында өлген. Биографиялық материалдарға қарағанда, Көкбай жас күнінен, Совет өкіметі құрылғанға дейін, мешіт ұстап, өзі сонда жыйырма жылдай имам боп, мешіт қасына діни медресе ашып, өзі сонда дін сабағынан жыйырма жылдай дәріс оқыған адам.
6
Төртінші - Әріп Тәңірбергенов. (1856-1924). «Абай шәкірттері» деген тізімге оны қосып жүрген Мұхамедханов. Біз әріппен де таныспақ боп, жиналған шы,армаларын түгел оқып шықтық, олардың біразы «Абай шәкірттері» деген жыйнаққа қосылған, біразы қолжазба күйінде, Ғылым Академиясының архивында сақталған. Солармен танысқаннан кейін келген қортындымыз: шығармаларының не идеялық, не көркемдік жағынан оның Абаймен ешбір байланысы жоқ. Ол өз бетімен өрістеп жүрген ақынның бірі көрінеді.
7
«Абай шәкірттері» аталып жүрген консерваторлармен реакционерлердің шығармалары совет баспасөзінің бетінен орын ала алмайтынын, соларды жоқтаушылар түсінген сияқты да, бар шығармаларын бастыруға болмағанмен, біраз шығармаларын майлап өткізуге көп жыл даярлық жасаған сияқты.
Большевикше, турасын айту керек, осы даярлық жасаудың алдында Әуезов жолдас жүреді.
8
Осы сенудің кесірі, Хажым Жұмалиев пен, мен қол қойып, 1950 жылы, орта мектептің 9-класына арнап шығарған әдебиеттік оқу кітабына да тиген. Кітаптың алғашқы жартысын (107-бетке дейін) жазған Жұмалиев жолдас, кітаптың 6, 36, 83-беттерінде Ақылбайды, Мағауияны, Көкбайды «Абайдың шәкірттері» дейді, «Абай оларға тема берген еді» дейді. Сонда Әуезов жолдастың мәліметіне сүйінген. Әуезовтың мәліметтерін первоисточник қып, сүйенетіндер тағы да толып жатыр.
9
«Қазақ әдебиеті тарихының» екі томында рушыл-феодалдық ескі өмір дәріптелсе, «Абай шәкірттері» деген мәселенің төңірегінде ескілік дәріптелсе, ескілікті дәріптейтін бірнеше ғылми диссертациялар мақталса, осылардың басында жолдас Әуезов отырса, бұлай дәріптеулер бір емес, бірнеше жылға созылса, Әуезов жолдас олай деп ойласын, ойламасын, мұның аты ұлтшылдық, бұрмалаушылық, ал мына аталған залалды шығармалар халқымыздың, әсіресе, жастардың сана-сезімін улайды.
Бұл былықтан қалай аршыламыз? Әрине, большевиктік қатаң, әділ сынның жәрдемімен ғана аршыламыз. Ондай сын болды ма? Әрине, болды. Соңғы бес-алты жылдың ішінде, Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті 1945 жылы, «Қазақ ССР тарихының» екінші рет басылуы туралы, 1947 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және Әдебиет институтының жұмыстарындағы саяси өрескел қателіктер туралы қаулы алды. Осы қаулыларда байшыл-ұлтшылдық идеологиялық көріністері большевиктік тұрғыдан қатты сыналып, оларды түзетудің жолдары көрсетіледі.
Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің тілі «Социалистік Қазақстан» газетінің 1947 жылғы 14 марттағы 52-санында С. Баишев жолдас «Профессор М. Әуезов өткендегі қателіктер шырмауында» деген атпен мақала жазып, Әуезовтың 1932 жылы басынан кешкен саяси қателігін баспасөз бетіне мойнына алғаннан кейін де, ескі қателіктерінен шырмалып шыға алмай жүргені, талассыз документтермен дәлелденді.»
С.Нұрышев: «Қаныш Имантайұлы Ғылым академиясының біріккен президиумында: «Абайтану» туралы мәселенің «саяси шапкасын кигізіп» 1 шілдеге дейін шешімін әкеп беріңдер деген. Мұхамедхановтың диссертациясы туралы шешім анық. Ал ол Абай мұражайында қандай дұшпандық идеологиялық бүлдіру жұмыстарын жүргізді, қаншама сұлтандар мен хандардың портреттерін ілді, Абайды қалай теріс насихаттады, ол үшін арнайы адам жіберу керек... Мені қатты алаңдататыны Абайдың ақындық мектебі туралы мәселе. Ақылбайды Абайдың ақын шәкірттерінің қатарында қалдыруға болар. Ең бастысы: Абайдың ақындық мектебі маркстік тұрғыдан зиянды бағыт ретінде дауысқа салу арқылы емес, ғылыми негізде мүлдем жабылуы керек. Осы мектепті әшкерелей отырып, Әріптің тағдырын шешуіміз керек.
М.Әуезов: Мен де ол мәселені комиссия шешсін деп отырмын.
С.Нұрышев: Әріпті, Көкбайды хрестоматияға қосу керек пе? Мен Көкбайдың архивінің көзі жойылсын деп тұрғамын жоқ. Біздің мектептерде дәріс ретінде өтілген ақындық мектептің антимаркстік-идеологиялық бағытын әшкерелеу керек. Беделді мүшелерден құрылған комиссия қатаң түрде қарап: бұл зиянды теория жиырма жыл бойы қалай мектептерде оқылып жүр, оны өткізіп жүрген кім, жалған теорияны кім ойлап тапты, әлі де сол танымды ұстанып, насихаттап жүргеен ғалымдар кімдер? Соларды нақты көрсете әшкерелеу керек. С.Мұқановтың: Абай мектебі шәкірттерінің шығармаларын аудартып, содан кейін талқыға салайық дегені – ескі жалған идеяны қалдырайық дегені, ескіні жойып, жаңа идеяға көшуге тиіспіз.
М.Әуезов: Жаңа ғана сенің өзің зерттеуді жалғастыру керек дедің емес пе?
С.Нұрышев: Зерттеу керек, бірақ ол үшін Ақылбай, Әріп сияқты қарабайыр ақындармен Фадеевтің басын ауыртудың қажеті жоқ. Мәселе оларда емес, олардың шығармаларын дұрыс бағытта талдауда. Міне, солай жұмыс істеу керек.
Ғ.Мұстафин: Аға әдебиетшілер Пушкиннің шығармашылығын қалай зерттеп жатыр, біз де Абайдың ақындық мектебін, оның Ақылбай, Әріп, Көкбай, Мағауия сияқты шәкірттерінің тағдырын солай шешу керек. Мен Нұрышевтің ұсынысымен келісемін.
Қ.Жармағамбетов: Мұқановтың ұсынысына келсек, онда шығармаларының 99,99 пайызы ислам дінін насихаттаған Көкбай туралы мәселе анық, оны тақылауға салмаймыз. Әріпке келсек, онда мәскеулік жолдастардың келгенін күтейік.
Қ.Жұмалиев: Мен қарап шығайын.
Қ.Жармағамбетов: Онда қалған екі авторға (Ақылбай мен Мағауия) комиссия құрайық. Құрамына Мүсірепов, Әбішев, Ысқақов кірсін.
Мүсірепов: Абайтану туралы талқы аяқталды деп есептелсін. Арнайы топ ұсынысты хатқа түсірсін. Әйтпесе бәрі бос сөз боп шығады.
Мұқанов: Абайтанудың талқысы аяқталды дейсің бе, онда Абай мектебі мәселесі қайда қалады?
Әуезов: Әңгіме ақындық мектеп туралы болып отыр. Жекелеген адамдар Әріп пен Ақылбайдың шығармаларымен танысып шықпақ.
Жұмағалиев: Абай мектебінің мәселесі шешілді, оған ешкімнің қарсылығы жоқ. Тек Әріп пен Ақылбайдың шығармаларымен танысып, екі-үш күнде ұсыныс жасасын.
Мұқанов: Әріп те, Ақылбай да менің жеке басымның жауы емес екенін баяндамамда айттым. Кенесарыны талқылағанда жалпақшешейлік таныттық. Ол басымызға тиіп отыр. Жалпы ғылымға жат, саяси зиянды Абай мектебіне Мен Әуезов үшін емес, бәрінен жоғары партиялық принциптің сақталуы үшін қатал қарауымыз керек деп отырмын. Әріп – дін ұстазы, Кенсесарыда құдай сүйер қылық жоқ. Комиссия бұл адамдардың реакцияшыл-консерватор екенін біледі, әділдік жеңетіні сөзсіз. Бояма жасамайық.
Әуезов: Бұл дұрыс қой. Бірақта сенің баяндамаң абайтанудағы істелген үлкен жұмыстарды жоққа шығарды, өте ауыр айыптар тағылды. Бәріне, оқулықтарға дейін, басқа ешкім емес, тек Әуезов кінәлі боп шықты. Сенің баяндамаңда: Әуезовтің айыбы Бекмахановтан да сорақы – деген біржақтылық басым болды, осы кеңестің өзінде қателіктері көрсетілген өзге адамдар да, Сәтбаевтің сөзінде аталған ел білетін жетістіктер де ескерілмеді. Сенің қорытындыларыңда бұлар да айтылмады, сыңаржақ кеттің. Сен Әуезовті Бекмахановтан да алыс түкпірге жібердің.
Мүсірепов: Комиссияның ондай шешім шығаратынын сіз қайдан білдіңіз?
Шойынбаев: Қазір абайтану мәселесі жөніндегі комиссия құрамын шешейік.
Жұмағалиев: Комиссия құрамына Ғабдуллинді, Нұрышевті, Покровскийді ұсынамын, жауапты, мәселеге терең және принципті түрде қарайтын адамдар.
Шойынбаев: Ғылыми кеңесте Абай мектебі мен Мұхамедхановтың диссертациясын бірге қарауды ұсынамын.
Ғабдуллин: Мұхамедхановтың диссертациясын қоспаймыз, ол ғылыми кеңесте жеке талқыланады.
Жұмағалиев: Мұхамедхановтың оппоненты болғандықтан ғана Әуезов пен Сильченконы комиссияға қоспау ыңғайсыз.
Жармағамбетов: Мен де солай ойлаймын. Абай мектебі мен Абайдың ғылыми өмірбаяны туралы комиссияның құрамына Ғабдуллин (төраға), Сильченко, Мұқанов, Әуезов және Мүсірепов кірсін.
Шойынбаев: Бұл жөнінде арнайы ғылыми кеңес құрайық, бірлескен ғылыми кеңеске ұсыныс жасасын.
Сильченко: 2-3 күн бұрын Академиядағы талқылауда ашық пікірлер айтылды, ал қазір оның қандай шешім қабылдағанын ешкімде тура айта алмайды. Меніңше комиссия шешеді.
Жармағамбетов: Комиссияның ішінен комиссия құрылмайды. Әр мәселе жөнінде жеке топ құрып, нақты ұсыныстар жасауды соған тапсырамыз.
Ғабдуллин: Абайдың ақындық мектебі мен шәкірттері туралы комиссия мүшелері мыналар...
Мұқанов: Мен ол кезде болмаймын, менің орыныма Нұрышевті қосыңдар.
Ғабдуллин: Нұрышев енгізілді».
хххххххххххххххххххххххххх
Ғабит Мүсірепов өзінің қашанғы әдетімен бұл майданда да тұлғалардың сілкілесуін сырттан бақылап, миығы тартып, соңында өзі де араласқансып сыздықтай сөйледі. Бұл – мысқыл емес, нақты өмір көрінісі. Соның нәтижесінде бейбіт өмірде – батыл, саяси науқанда – баспақ, Мұқанов пен Әуезовті теңшей салмақтаған таразы қалпын 1947 – 1953 жылдар арасындағы аласапыранда да сақтап қалды. Бұл жолы да екі арыстанның жұлқысуын қостамағандай көрінгенімен, «партияны және көпшілік бұқараны» жаңа қауіптен «сақтандырды».
Ғ.Мүсірепов: «Алайда, Жазушылар одағы тарапынан ұлтшылдықпен күресу барысында кеткен өрескел қателер мен үлкен кемшіліктерді Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің соңғы шешімі орынды көрсетіп отыр. Егерде, біз өзімізге өзіміз сын көзімен есеп берсек, өкінішке орай, біз ұлтшылдықпен күресе отырып, сол ұлтшылдықтың жандануына жағдай жасаппыз. Бұған, ең бірінші Одақтың төрағасы ретінде Мұқанов кінәлі, сонымен қатар, коллектияті түрде басқаруға атсалысуға тиісті Төралқаның мүшелері – біздің де кініміз аз емес.
Қазақстан жазушылар одағы бір уақытта ұлтшылдықпен күресе отырып, оның жандануына жағдай жасауы кездейсоқтық па? Жоқ, бұл кездейсоқтық емес. Бұл біздің күресіміздің әлсіздігін, қатаң партиялық тәртіпті сақтай отырып жүйелі түрде, батыл және ашық күресе алмағанымызды танытады... Ұлтшыл қателікті сынаудың орынына сынды мещандық күрестің құралына айналдыру дегеніміз, біріншіден, сынның бүкіл саяси мәнін жою болып табылады, екіншіден, бұл пайда болып келе жатқан топшылдықтың отын қоздырудың жасырын амалы, егерде топшылдық жоқ болса, оны қолдан жасайды!», – деді.
(263 – іс, 29-30 бет)
Бұл – Ғабит Мүсіреповтің жеке басының ғана көрегендігі емес, кеңес өкіметінің партияның басшылығымен қақпайлап әкеле жатқан идеологиялық арандату саясаты еді. Әрине, мұнда тараудың басында айтылған үш топтың еңбегі ерекше. Пәленше мен түгеншелердің күнделікті сыпсыңы үлкен пікір ретінде қорытылып, жазалау саясатының құралына айналды. Оны зиялылардың бәрі де жақсы білді, біле тұрып, өзіне бөлінген саяси сақнадағы ролін ерікті-еріксіз ойнауға мәжбүр болды. Мысалы, осы сөзінде Ғ.Мүсірепов өзінің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасындағы қателіктерді тізіп шығып, оны түзетуге уәде берді. Сол қателіктерді Ғ.Мүсірепов шынымен қате деп мойындады ма, түзетілді ме?!. М.Әуезов те уәде берді және өзгертті. Ал одан шығарма ұқты ма, ұтылды ма? Көтібардың – Басыбар, Жиреншені – Қалша деуден шығарманың мазмұны, идеясы өзгерді ме? Сәбит Мұқанов өзінің шығармаларын қайта парақтаған да жоқ. Демек, бұл майдан – көркем әдебиет үшін ашылған майдан емес, топшылдықты қоздыра отырып жоқ ұлтшылдықты «әшкерелеу», сөйтіп, тұлғаларды үрей құрсауында ұстау. Мұны М.Әуезов қана тап басып ашық айта алды:
М.Әуезов: «Сәбиттің бойында қалыптасқан қате түсінікті айта кетуім керек. Қалай екенін білмеймін, бізде әлі күнге дейін солақай сын ғана бар да, талдау жоқ. Бұл өзі Тоғжановтан басталып, Қаратаевпен аяқталған зиянды сұғанақтық болатын. Олар шығармадан бастап, автормен аяқтайтын және міндетті түрде авторға қылмыстық айып тағумен аяқталатын. Егерде әдеби шығармада қате кетсе, оның әдеби қате екенін олар түсінбейтін, мұны автор қасақана істеп отыр деп айып тағатын. Мен олардың біздің адамдарға әдебиетке де, сынға да еш қатысы жоқ, мүлдем сыртқары жарлықтар таққанын білемін. Енді, міне, қазақ әдебиетінің төселген шебері нақты мәселеден бастамай, дөрекі сөйлеп, автор бұл зиянды мәселені саналы түрде қайта көтеріп отыр – дегісі келеді. Орыстарда: «Дауысың қалай шықса, жаңғырық та солай шығады» («Как аукнется, так и отклекнется») – деген мәтел бар, ол маған қандай саяси айып тақса, мен де оған тура сондай жауап бере аламын. Жә, бұл туралы кейін жайланып отырып айтайық...».
(№68 – іс, 86-бет).
Өкінішке орай, олар «жайланып отырып» сөйлесе алмаған сияқты. Ғабит Мүсірепов те ара ағайын бола алмады. Қайта ол түйіншік шиеленісе берді. Әуезов пен Мүсіреповтің оңаша үйде өткен әйгілі талқыласуы тура осы күндері өтті. Бірақ ол да 1:2- нің, 2:1-дің ойнақы ойынын тоқтата ал,ан жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: |