Сөзiмнiң соңында айтарым: соншама екiжүздi, арам, өзiнiң қара басының ғана қамын ойлайтын, асыл жандардың өлiгiн таптап мақсатына жететiн адам партия қатарында қалай жүре алады?!»
Жартылай айтылған шындық – жабылған жаладан да ауыр. Сондықтан, Фатима апайдың тағы бiр естелiгiн келтiрудi жөн көрдiк. Ол – Iлиястың бұл өмiрден көрген соңғы қызығы, көшеде дүниеге келген Болат Iлиясұлы Жансүгiровтың белi бесiктен шықпай жатып түрме есiгiн ашқан «сәбилiк тағдыры». Ілиястың ерінi соңғы рет тиген, әкелiк мейiрiмiн соңғы рет егiлдiрген де осы Болат. Және бұл үзiктен Iлиястың соңғы сөзiн де естимiз. Сол тұстағы Мұхтардың көңiл күйi де аңғарылады. Өйткенi оның өмiрi осы семьяның тағдырымен тiкелей сабақтас.
Фатима Ғабитова: «1937-iншi жыл. Апрельдiң аяқ кезi. Iлияс Совнаркомның таудағы демалыс үйiнде «Исатай» дейтiн пьесасын жазып жатқан кез. Мен 12-iншi мектептiң 5-7 кластарына тiл және әдебиет пәнiнен сабақ беремiн. «5» А класының жетекшiсiмiн. Және мектеп бойынша әдебиет үйiрмесiн басқарамын. Тағы да алдағы сайлауға депутаттыққа ұсынылған кезiм едi. Газеттерден тiлшiлер келiп, менiмен әңгiмелеседi. Суретiмдi түсiрiп алады. Сөйтiп, халқыма қадырлы оқытушы болып, арымай қызмет еткен күндерiмде Болаттың бойыма бiткендiгiн байқадым. Алдында ағалары (Жәнiбек, Азат, Саят), тәтелерi (Үмiт, Ильфа) бар. Мен босанғанда әрдайым Iлияс қатты қуанатын. Сонда ол: «Мен – баламыз болды деп қуанбаймын, сен аман қалды деп қуанамын», – дейтiн.
Бiрiншiден, қызметiмдi қимағандықтан, қызықты болғандықтан;, екiншiден, бала соншама таңсық та болмағандықтан, мен Iлиясқа телефонмен барлық жайды айттым... «Тiкенiмдi алдырсам қайтедi?», – дедiм. Ол ұзақ жауап бермей тұрып: «Жоқ жаным, алдырма! Өзiңе зиян келуi мүмкiн», – дедi. Және: «Топ баланың ортасында ол да өсер», – дедi. Сонымен Болат дүниеге келетiн болды.
1938-жыл. Февраль. Күндiзгi сағат екiде (мектептен қайтқанда) НКВД-ға соқтым. Телефонмен Iлиястың тергеушiсiмен сөйлестiм. Ол: «Сағат үшке келiп үлгiрсеңiз бүгiн тамақ та алайын және көрiстiруiме де болады», – дедi. Менiң арманым – туғалы көрмеген Болатымды Iлиясқа көрсету. Жүгiре басып үйге келе жатырмын. Жолда Гүлжамал жолықты. Гүлжамалды ерте сала үйге келдiм. Болатым бесiгiнде тәттi ұйықтап жатыр екен. Iлиясқа деп дайындап қойған заттарымды Гүлжамалға берiп, Болатты өзiм алып НКВД-ға қарай желе жортып келе жатырмыз. Жол бойы тыныш ұйқысы бұзылған Болатым айқайлап жылап келедi. Оны уатуға уақыт жоқ...
Комендатураға келiп жеттiк... Болатымды Гүлжамалға бере тұрып, өзiм тергеушiмен сөйлестiм. Ол: «Тосып отырмыз, жылдам кiрiңiз! Пропускаңыз дайын», – дедi. Болатымды жөндеп орап та ала алмай, емiзiп тыныштандыра да алмай, бақырған бойымен алып кiрiп кеттiм.
Iлияс бiздiң айқайымызды естiген болуы керек, есiктi ашып жiберiп, Болатты қолына алды да:
– Бiздiң тарихи алғашқы кездесуiмiз осындай орында болды ма?, – дедi. Болат айқайын қоймады. Мен, киiмiмдi шешiп, Болатты емiзбек болдым. Тергеушi:
– Шешiнбеңiз, бес-ақ минут уақытыңыз қалды, – дедi.
Мен, көкiрегiмдi ашып, сүтi ағып бара жатқан емшектi Болаттың аузына салдым. Күн ұзын ашыққан жас нәресте қомағайланып еме бастады. Iлияс мен отырған орындықтың артынан келiп, Болаттың шашалып, қоймағайланып емген түрiне қарап тұрып:
– Бұл ұлымыз етiкшi болсын, етiк тiгуге үйрет бұл ұлды, – дедi.
Тергеушiнiң: «Өзiңiздей жазушы болар», – дегенiне Iлияс: «Жазушы болып жазықсыз жаза тартқанша, етiкшi болып еркiн өмiр сүрсiн», – дедi.
Бес минут болды ма, болмады ма, тергеушi маған: «Ендi шығыңыз», – дедi. Пропускаға қол қойып, қолыма ұстатты да, Iлиясты НКВД-ның қорасындағы түрмеге айдай жөнелдi... Болатты емiзген қалпымда бауырыма басып, НКВД-ның үлкен есiгiнен шығып, комендатураға келдiм. Гүлжамал тосып отыр екен: «Жөндi сөйлесе де алмадық», – деп Болаттың жылағанына ренжiп, Гүлжамалдың қасына отыра кеттiм. Гүлжамал сықылықтап күлiп: «Болат жарайды, жылағаны жақсы, өскенде жайларыңды табамын деп тепсiнгенi ғой ол Болаттың», – деп, әлденелердi сөйлей жөнелдi...
Мен, Iлиястың Болат жайлы бiрiншi айтқанын орындадым. Ал, екiншi тапсырмасын орындай алмадым... Ендi Болаттың өз еркi. Геолог бола ма, етiкшi бола ма? Өмiр алдында...»
Болат әке арманын орындап етiкшi де, геолог та болмады. Өнер жолын қуды. Бұл өзге әңгiменiң арнасы. Тек Iлиястың соңғы бейнесi көз алдыңа елестеп, жүрегiң сыздап сала бередi. Шындық осы. Ащы да аянышты. Мұндай әдiлетсiздiк қалай туды?
Ақиқат – айтыс, пiкiр таласы арқылы аңықталады. Ал айтысты тудырған ақиқаттың өзi ақиқат па? Лысенковшылардың «жалған ғылымын» ақиқатқа балап, дәлелдемейтiн шындық деп түсiнудiң өзi адастыру емес пе? Солай. Ендеше, жоқ нәрсенi бар, жаланы шын деп неге қабылдамасқа. Өкiнiшi сол, «зауалды жылдары» жағдай дәл осылай болды. Мәселе тура бүйiрiнен қойылды. Шындық – әдебиетпен, соның төңiрегiндегiлердiң таласымен ашылмайды. Әрине, нағыз жазушы бүгiнгi өмiрдi талдайды, сол арқылы пiкiр қорытып, ертеңгi күндi болжайды. Халыққа тура жеткiзбесе ыммен, ишарамен меңзейдi. Әйтеуiр үндемей қалмайды. Андре Моруаның:
Достарыңызбен бөлісу: |