(...) Сонда өзіміздің айтарымыз не? «Хан Кенені» қайткенде жетіледі деп ойлаймыз? Соған келейік. Біздіңше Мұхтардың қатесі - алған тақырыбында да, оқиғасында да екен. Осы тақырыпты, осы оқиғаны алуы – өзінен-өзі қате болып шықпайды. Үздік талап, тарихтан тарих қуалап, бір пьесеге барлық оқиғаны сидырам демей, түйінді бір оқиғаны таба алып, соны терең түрде көрсеткісі келгені - Мұхтардың пьесе төсегін жая білгендігін ғана көрсетеді. Кенесарының әлдеқашан құлаған хандығын қайта аяқтандырсам деп арпалысқан алысы мен оның неден қалай құлағандығын төсек етіп алуында түк қате жоқ. Жазушының қай тақырыпты алуға да еркі бар. Екінші жағынан, қазақ елінің патшаға қарсы қозғалысында Кененің (бас) болып, хан болғанын, не істегендігін көрсетуге «хан Кене» кедергі де болмайды. «Хан Кене» де Кенесары билігінің құлауын тақырып етіп алса, оны біздің тілегімізге сәйкес келтіріп, дұрыс көрсете алса, мұнысын біз қате демейміз. Әлгі алған оқиғаны бұрынғыдан өзгерек дұрыс көрсете алуда. Өйткені пьесенің төсегін қойып қай оқиғаны болса да, дұрыс таңдап алумен ғана мәселе шешілмейді. Тілек орындалмайды. Жазушының көздеген нысанасы, алға қойған мақсаты біздің жұртшылықтың тілегіне жағады ма, жоқ па? Әңгіме осында. Міне, бұл жағына келгенде «Хан Кене» біздің тілегімізге ғана ұшқаспайды, қайшы келеді. Егер бұл күйінде, бұл атында қалатын болса, «Хан Кененің» пайдасынан зияны мол болады. Жоғарыда айтып кеткен «Хан Кене» ерте жазылған. Мұхтардың ол кезде көздеген мақсаты хандықты көпшіліктің қалай құлатқан күшін пайымдау екен. Құлағанда да ондағы ерлікпен құлаған Кенесары, Наурызбайлардың, бұлардың әулетінің ерлігін жырлау. Бұл пьесаның негізгі желісі болатын. Осы күні де Мұхтардың тілегі осы деушілер болса оған біз қосылмаймыз. Мұхтар «ұлт ерлерін» көксеп, соны ұсына беретін ескі ұлтшылдық көзғарастан түгел арылып, кеңес үкіметінің тілегінен түгел шығу үшін қалай күресіп жүргендігі бізге мәлім. Феодалдық дәуірдің «ерлерін» көтермелеп, бұлардың қай ісін, қандай қасиеттерін үлгі етіп, ұсына беретін ескі көзқарасымен Мұхтар өзі үшін де көз ұшында күресіп жүріп, бұл жөнінде артына қарайлаған. Сыр көрсеткен жерін біз білмейміз. Ескі байшыл, ұлтшыл тілекте жүргенде Сырымның немере қарындасына ғашық болғанына дейін үлгі-өнеге еткен Мұхтар қазір одан безіну жолында берік екендігін былтырдан бергі жазғандарында үнемі көрсетіп келеді. «Хан Кененің» кемшілігі - Мұхтардың ескі көзқарастарын қазіргі күнде де жақтағандығынан, жақтамайтындығынан болып отырған жоқ. Ескі көзқарастарын әлі де жеңе алмағандығынан туып отыр. Әлі де Мұхтар ескі көзқарастарын неғұрлым қатаң сынға алып, тез ажыраса, солғұрлым кеңес жазушыларының жолын түгел түсіне береді. Мұхтардың бұл күресіне біз барынша жолдастық жәрдем беріп, көмекші болуымыз керек. «Хан Кененің» ескі желісін үзіп, кеңес жұртшылығының тілегіне бағындырып, қайта құруына бәріміздің жәрдеміміз керек. Бәріміз жауаптымыз. «Хан Кененің» басты кемшіліктері, біздің қабылдамайтынымыз - пьесаның алдына қойған негізгі мақсаты. Бұл мақсаты хандардың қазақ еліне қамқор болғандығын дәлелдеп, олардың құлағанда да өзгеше ерлікпен құлағанын дәстүрлеу. Бұл үгіттің бір түріне жататын тәрбие. Жұртшылықты бір күрсіндіріп: «Жарықтық, еркек-ақ екен ғой. Би, басшымыз болған екен ғой. Өздері бүгінгіден көркем екен ғой!» - деген түрде (оларды) үгіттейді (...)». С.Сейфуллин өзінің ұзақ талдауын: ««Хан Кене» пьесесінде арқадағы қалың қазақ - еңбекші бұқара көпшілігінің патша үкіметіне қарсы қозғалыстары көрсетілмесе, қазақ төрелерімен, қазақ бай-билерімен патша үкіметінің неше түрлі қатыс байланыстары да өзінің тиістісіндей көрсетілмейді. Тек, бұл туралы бірен-саран сөздер ғана айтылады. Және, ол сөздер елеусіз қалып отырады. Ал, қырғыз еліндегі бұл жайттар тіпті ауызға да алынбайды. Қысқасы осының бәрін айта келе, бізге, Кенесары–Наурызбайдың өз бастарының өмір уақиғасын көрсетуден көрі, қырғыз елімен соғысын көрсетуден көрі, сол замандағы қазақ елінің - қалың бұқара еңбекші көпшілігінің патша үкіметіне қарсы, оның ел ішіне кіріп келе жатқан әскерлеріне қарсы, салған бекініс, әскери қалаларына қарсы қылған көтерлістерін, қарсы шабуылдарын, қалың қозғалыстарын көрсетуі керек еді. Ал, Кенесары–Наурызбай көрсетілгенде, тек сол қозғалыстарды пайдаланып, атасының – Абылайдың одан 70-80 жыл бұрын құлаған хандығын қайта тұрғызбақ болғандығын суреттей көрсету керек еді. Тарихи шындық сол еді. Бұл бір. Ал екінші, олай болмағанда, Кенесары–Наурызбайдың тек қырғызбен соғысқанын көрсететін болғанда, онда да әлгі айтылған тарихи шындықтарды көрсету керек еді. Мұнда да, қырғызға да, қазаққа да, Кенесарыға да, төрелерге де, патша үкіметінің жұмсаған, қолданған түрлі әрекеттерін, құпия, жария әрекеттерін көрсету керек еді. Және мұнда да, Кенесарының қазақ қозғалысын пайдаланып жүргенін айқын көрсетіп ,ақырында қазақ көпшілігінің оны тастап кеткенін айқындап көрсету керек еді. Онсоң, бағанағы айтылған оңай, сөлекет «жамауларды» жамау қылып көрсетпей, негізгі жайманың түрлері қылып көрсету керек еді. Және қарап отырған жұртты
нандыратын да қыльп көрсету керек еді. Екінші, мысалмен айтқанда, ол «жамауларды» жамау қылмай, жайма кілемнің өрнек-түрлері қылып көрсетсе, көрген жұртты нандырып аударып алар еді. Ал үйту, әлгі шет-жағалары айтылған сол замандағы тарихи, саяси, социалдық-таптық, шындықтардың керекті жерлерін мықтап көрсету керек еді. Әрине, бір пьесеға бір елдің тарихы симайды. Бірақ, үйткенмен бір пьеседе тарихтың бір дәуірінің бір кесіндісін көрсетуге болар еді ғой. Жазушы мен кейбір жолдастар айтады: «Хан Кенеде» тек хандықтың құлағаны көрсетіледі - деп. Бұл да онша дұрыстау емес. Хандық, Кенесарының әкесінің әкесі – Абылай ханның ақырғы жылдарында-ақ құлап қалған (Абылай 1781 жылы өлген). Мұны белгілі Шаһкәрім Құдайберді ұлы өзінің 1915 жылы шығарған «Шежіресінде» анықтап айтады. Абылайхан – Кенесарының бабасы соңғы жылдарында, хан болып отырған орта жүзден сырғып көшіп ұлы жүз ішіне кетеді... Тарихи шындық ретінен Кенесары уақиғасы хандықтың құлағанын көрсете алмайды, 70 жыл бұрын құлаған бабасының хандығын қайта тұрғызбақ болған әрекетін көрсетеді» - деп түйіндеді.
Сонымен Оқу-ағарту комиссариатының шешімімен «Хан Кене» сақнадан алынды. Арадағы 1937-1938 жылдардағы саяси жазалау саясаты тұсында Кенесарының аты аталмады. Пікір білдірушілердің дені атылып кетті. Алайда ұлт-азаттық идеясы өшкен жоқ. Кенесары тарих сақнасына бес жылдан кейін тағы да шықты. Қазақ әдебиетіндегі бұл құбылыстың орын алу жолын Қ.Жармағамбетов: