«1928 жылдың аяғында, не 1929 жылдың басында (бұрынғы командирі – Т.Ж.) Бейсенбаев: «Троцкий қызыл армияның қолбасшысы әрі көсем, еңбегі сіңген адам, сәлем беріп шығайық», – деп ұсыныс жасады. Троцкий бізге: «Сендер жас бала емессіңдер, сондықтан да мені контрреволюционер деп жариялағанын білесіңдер. Енді сендерді жауапқа тартуы мүмкін», – деп ескертті», – деп жауап беріпті .
Оның айтқаны расқа айналып, іле Байкен Тыштыбаев бажасы Т.Рысқұловпен, Н.Нұрмақовпен, Ұ.Құлымбетовпен, С.Қожановпен, О.Жандосовпен бірге «троцкишіл, герман – жапон барлау қызметінің агенті» ретінде қосақталып, бәрі де атылып кетті. Айдаудан тірі оралған А.Байтұрсыновқа да, М.Тынышбаевқа да, Х. және Ж.Досмұхамедовтерге де, М.Жұмабаевқа да кейіннен тура сондай айып тағылды.
Сөйтіп, Троцкийге берілген сәлемнің құны бір емес, ондаған адамның және оның ішінде ең тұздықты қазақ қайраткерлерінің өмірімен өлшенді. Ол да болса заман үкімі.
Ал бұл үкімнің алғышарттары «Алашорда» көсемдерінің тергеу ісі тұсында қалыптанып, баптары анықталып, айыптау қорытындылары дайындалды. Көңiлде күдiк қалмас үшiн ОГПУ-дiң Қазақстандағы төтенше өкiлi Миронов бекiткен «Айыптау қорытындысын» барынша толық келтiрудi жөн көрдiк.
«АЙЫПТАУ ҚОРЫТЫНДЫСЫ
Бұрын «Алашорданың» құрамында болған және ұлтшыл контрреволюциялық ұйымға кiрген, сонымен қатар олармен байланысы бар ұлтшылдардың үстiнен қозғалған № 2370-iске
1.Тарихи анықтама
Ақпан төңкерiсiнен кейiн ұлтшыл «Алаш» партиясының құрамына кiрген, «Алашорда» үкiметiнiң мүшесi болған, сондай-ақ орыстың ақгвардияшыл казактарымен, контрреволюцияшыл генерал Колчактың армиясымен бірігіп кеңес өкiметiне қарсы ашық күрескен, кейiннен контрреволюциялық армия мен үкiметке кешiрiм жасалғаннан соң да контрреволюциялық ұйымның ұйытқысы болған қазақтың ұлтшыл-буржуазияшыл интеллигенциясының өкiлдерi кеңеске қарсы қылмысты әрекеттерiн жалғастырып келдi.
Қылмысты iс бойынша айыпқа тартылып отырған бұрынғы алашордашыл Әлiмхан Ермеков 1921 жылдың басында, Мәскеу қаласында әйгiлi ұлтшыл Байтұрсыновпен (қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық астыртын ұйымына қатысқаны үшiн ОГПУ-дiң коллегиясының шешiмi бойынша 1930 жылы сотталған) бiрге башқұрт ұлтшылы Валидовпен кездесiп, контрреволюциялық ұйым ашуға келiскен, оның орталығына Орынбор қаласын таңдап алды (№ 541784-iс, 1 т., 10-парақ).
Мұның артынан iле-шала айыпқа тартылып отырған Досмұхамедов Халел мен М. Дулатов (ОГПУ коллегиясының шешiмiмен сотталған) Ташкент қаласында осы астыртын контрреволюциялық ұйымның бөлiмшесiн құрған, оның құрамына айып тағылып отырған: Досмұхамедов Халел мен Жаhанша, Тынышбаев Мұхамеджан, Үмбетбаев Алдаберген, Мұңайтпасов Әбдiрахман және басқалар кiрген, Орынбормен тiкелей байланыстары болған және айыпкер Досмұхамедов Халел мен Жаhанша және Тынышбаев Мұхамеджан дайындаған бағдарламаны қабылдаған, оның негiзiне «Алаш» партиясының бұрынғы бағдарламасының талаптары өзек етiп алынған, яғни, олардың түпкi мақсаты – кеңес өкiметiн құлату, құрылтай жиналысын өткiзу арқылы қазақтың ұлтшыл-демократиялық республикасын құру, бұл мақсаттарына жеткенше ұлтшылдарға сықап тұрған кеңес өкiметiнiң мекемелерiн пайдаланып, мәдениет майданын қолына алып, жастарды көтерiлiске дайындап, кеңестiк саясатты «Алаштың» бағыт-бағдарына сай бұрмалап отыруды көздедi (№ 2370-iс, 1 т., 106, 1126, 123 және 179-парақтар, № 541784-iс, 4 т., 21, 80, 90 және 92-парақтар).
Семей және Петропавл қалаларында осы ұйымның бөлiмшелерi құрылды, оларға жауапқа тартылып отырған Ермеков Әлiмхан мен Тiлеулин Жұмағали жетекшiлiк еттi. Өзiнiң iс-әрекетiн кеңейту мақсатымен Ташкент бөлiмi Алматы, Әулие-Ата, Шымкент, Түркiстан, Қазалы және басқа да қалалардағы ұлтшылдарды бауырына тартып, ұйымның құрамына енгiздi, жергiлiктi жерлерде өзiнiң бөлiмшелерiн ашуға тырысты.
Қазақстанның аштыққа ұшыраған тұрғындарына көмек көрсету үшiн 1922 жылы құрылған „Аштарға көмек көрсету” комиссиясын астыртын ұйымға жаңа мүшелер тартуға пайдаланды, айыпқа тартылған Әуезов Мұхтар мен А.Байтұрсыновтың ұсынысы бойынша Қазақстанның түкпiр-түкпiрiне үндеу жолданды, Орынбор қаласында тұрған аштарға көмек көрсету комиссиясының құрамындағы астыртын ұйымның мүшелерi ұйымға адам тартумен айналысты, мысалы, айыпкер Досмұхамедов Жаhанша бұрынғы Жетiсу облысындағы аштарға көмек көрсету комиссиясының өкiлi, Алматы қаласының тұрғыны айпкер Сүлеев Бiләлдi ұйымға тартты, оған ұйымның бағдарламасының бiр данасын тапсырды. Бағдарламаның бiр данасы аштарға көмек комиссиясының Жетiсу облысындағы Лепсi ауданындағы өкiлi Күдерин Жұмаханның қолына тиген (№ 541784-iс, 1т., 403 және 404-парақтар, № 2370-iс, 1 т., 177, 178 және 179-парақтар).
Ташкент қаласындағы Қазақтың ағарту институтының жанынан құрылған студенттердiң контрреволюциялық ұйымы студенттердің әскери жасағын ұйымдастырды, бұл «Қазақ халқының сатқындарына» қастандық ұйымдастыратын жауынгер жасақтың мiндетiн атқарды. Соның iшiнде, Оқу-ағарту комиссары С.Қожановты өлтiру туралы шешiм қабылдады, оны айыпқа тартылған Мұңайтпасов Әбдірахман өлтiруге тиiстi болды. Бұл жасақтың құрамына айыпқа тартылған Қожамқұлов Нәшiр мен тағы басқалар кiрдi (№ 2370-iс, 1 т., 383-парақ, 2 т., 659, 660 және 701-парақ. Соңғы парақтар өшiрiлiп тасталған. Зады айтылған айыпты дәлелдеуге еш қатысы болмаса керек – Т.Ж.).
Кеңес өкiметiн құлату мақсатына орай контрреволюциялық ұйым Орта Азиядағы басмашылар тобын әскери күш ретiнде пайдаланбақ болған, сөйтiп Ферғана басмашыларының басшысы Жанұзақовқа және басмашылардың жетекшiсi – Орта Азиядағы контрреволюциялық ұйымның көсемi Заки Валидовке өкiлдер жiберген, сонымен соңғы адамға (Валидовке – Т.Ж.) барған Үмбетбаев Алдаберген оны ұйымның мүшелерiмен жолықтыру үшiн Ташкентке жасырын алып келген, оны айыпқа тартылған Қожамқұлов Нәшiрдiң үйiне жасырып ұстаған (№ 2370-iс, 1 т., 23, 42, III және 259-парақтар, 2 т., 678-парақ).
Тура сол мақсатпен 1922 жылы қиыр шетте жатқан Адай, Сарысу және Қызылқұм аудандарында әскери күш жасақтау үшiн жетекшi әскери мамандарды даярлауды ойластырған. Соның нәтижесiнде, ұйымның мүшесi Әдiлев Дiнмұхамед (ОГПУ-дiң коллегиясының шешiмiмен сотталған) Сарысу ауданда бандылардың тобын құрып, жетекшiлiк еттi, iшiнде оның туысы Әдiлев Байсейiт те бар, ал жауапқа тартылған Үмбетбаев Алдаберген ұйымының тапсырмасы бойынша Қазақ ағарту институтындағы студенттерге әскери жаттығу сабағын жүргiзген, мұндағы мақсат – ұлттық командирлерлердi дайындау едi.
Қазақстанның партия ұйымдарындағы оңшыл элементтермен тығыз байланыс жасай отырып, оларға жасайтын ерекше ықпалын ескере келiп, астыртын ұйымның мүшелерi оңшыл оппозициялық элементтердi партияның 12-съезiнде өз мүдделерiн жүзеге асыруға пайдалану үшiн арнайы дайындық жүргiздi, сол үшiн ұлттық мәселе жөнiнде тиiстi ұсыныстар жасады, оның басты мақсаты – «ұлттық-мәдени автономияны» талап ету болды. Үндеуге Бөкейханов, Байтұрсынов, Сәдуақасов Смағұл, Досов және айыпкер Омаров Әшiм қол қойды.
Осы үндеудегi бағыт-бағдарды қолдай отырып, айыпталушы Әуезов Мұхтар Қазақстанның партия және кеңес мекемелерiндегi отарлаушылық пиғылдармен күрес дегендi желеу етiп, астыртын ұйымның мiндеттерiне сай келетiн шараларды жүзеге асыруда аса белсендiлiк танытты. Орынбор қаласында өткен Қазақстан кеңес қызметкерлерiнiң 2-съезi кезінде ол съезге қатысқан уәкiлдердiң iшiнен тек қана қазақтарды – ұлтшыл коммунистер мен партияда жоқ ұлтшылдарды жеке жиып алып, мәжiлiс өткiздi, онда «Отарлаушылардың шабуылы және онымен күресудiң әдiс тәсiлдерi» туралы мәселе қаралды. «Отарлаушылықпен» күрес жөнiндегi Әуезовтiң ең жақын қолдаушылары астыртын ұйымның мүшесi Сәдуақасов пен айыпталушы Омаров Әшiм болды. Сәдуақасовтың мақсаты сәтсiздiкке ұшырап, партиядан шығып қалу қаупi төнгенде, Әуезов оған Ташкентке баруды ұсынды, содан әрi қарай Ферғанадағы басмашыларға жетiп аласың деп кеңес бердi, ал Ташкенттегi қазақтың астыртын ұйымы олармен байланыс жасап тұратын (№ 541784-iс, 1 т., 251, 255, 398-405-парақтар).
Валидов пен ұлтшыл Мұстафа Шоқай шет елге қашып кеткен соң, ұйым олармен астыртын байланыс орнатты, ол үшiн шет елге оқуға барған ұйымның мүшелерi Бiрiмжановты, Битiлеуовты және айыпталушы Мұңайтпасовты пайдаланды. Басымашылар талқандалған соң, ұйым өзiнiң өмiр сүруiн тоқтатты, бiрақта бұрынғы мүшелер бiрiн-бiрi тез тапты, өзара тығыз байланыста болды, ұйымның ортақ мүшесi ретiнде бір-бiрiмен тез тiл табысты. Ұйымның бұрынғы мүшелерi – алашордашылар кеңес өкiметiмен ашық күрес туралы әрекет қимылын өзгертiп, ендi кеңес мекемелерiне (әсiресе, Жер жөнiндегi халық комиссариаты мен Оқу-ағарту комиссариатының мекемелерiне) және партия ұйымдарына кiрiп алуды ойластырды, ондағы ойы – өздерiнiң мақсаттарына сәйкес партия мен кеңес өкiметiнiң саясатын өздерiнiң мақсаттарына қарай бұрмалап, өзгертiп отыру болды. «Әнуар паша мен Валидов бастаған көтерiлiс жеңiлiс тапқан соң бiздiң ұйым мұндай бағыттан бас тартты да қазақ халқының тағдырына қатысты мәселелердi мүмкiндiгiнше «Алашорданың» идеологиялық рухына сәйкестендiрiп жүргiзу үшiн кеңес мекемелерiн пайдалануды көздедiк, оған өз адамдарымызды орналастыру, сөйтiп сол адам арқылы мекемелерге және жекелеген жауапты партия қызметкерлерiне – қазақтарға ықпал жасау жөнiнде шешiм қабылдадық (Тынышбаевтың 1930 ж. 7.3. күнгi жауабынан, № 2370-iс, 1т., 275-парақ)».
«Бiздiң басты мақсатымыз – кеңес өкiметiнiң саясатына өзiмiздiң ықпалымызды жүргiзу үшiн және оны бiз ойлаған бағытта жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшiн мемлекеттiк басқару аппаратына өз адамдарымызды барынша көп кiргiзуге ұмтылдық. Бұған қызметкерлердiң (қазақ – Т.Ж.) жетiспеушiлiгі де септiгiн тигiздi, соның нәтижесiнде аппаратқа өз адамдарымызды өткiзудiң сәтi түстi. Содан кейiн бiз өзiмiз жақсы танитын аппарат қызметкерлерiне тiкелей ықпал жасадық. Сөйтiп, мақсатымызға жеттiк. Тынышбаев, Қожықов пен Есполов – Жер жөнiндегi комиссариатқа, Қашқынбаев – Денсаулық сақтау комиссариатына, Бiрiмжанов – газет редакциясына, мен – ғылым жөнiндегi комиссияның құрамына, Ж. Досмұхамедов те соның құрамына кiрдi. Бiз өзiмiз идеологиямызды осындай жолмен жүзеге асырдық. Сонымен қатар бiз әр түрлi жиналыстар мен мәжiлiстердi де пайдаландық, оларға өз адамдарымызды қатынастырып отырдық» (Досмұхамедов Халелдiң жауабынан. 22.IХ.1930.№ 2370-iс, 1 т., 220-парақ).
1928-1929 жылдары ОГПУ мекемелерi астыртын ұйымның бұрынғы мүшелерi Байтұрсыновты, Дулатовты, тағы да басқаларын тұтқындаған болатын. Бостандықта қалған ұйым мүшелерi уақытша бұға тұруды көздеп, ешқандай әрекет етпеуге тырысты, сол уақытта айыпталушылар – Ермеков пен Досмұхамедовтың арасында Байтұрсыновтардың ұсталу себебiне байланысты өзара талас туды. Олардың ұсталуына Ташкенттегi ұйым мен оның жетекшiсi Досмұхамедов кiнәлi деп айып тақты, ал екiншiсі құрамына Ермековтың өзi жүрген Орынбордағы ұйым мен Семейдегi бөлiмше кiнәлi деп жауап бердi. Бұл жөнiнде Ермековтың пiкiрiн Қадырбаев Сейтазым қолдап сөйледi (№ 370-iс, 1 т., 262 және 263-парақ, 2 т., 702, 703, 721-727, 733-735 және 736-740-парақтар).
Жаhанша Досмұхамедовтің кеңесi бойынша Халел Досмұхамедов 1929-1930 жылдардың қысында Мәскеудегi Ә.Бөкейхановқа барып, Ермеков пен арадағы таласты қалай шешудiң жолын және Байтұрсыновтың тобының тұтқындалуына байланысты әрi қарай не iстеу керек екендiгiн ақылдасты. Ол (Бөкейханов – Т.Ж.) ұйымның өзге мүшелерi де тұтқындалуы мүмкiн екендiгiн ескере келiп Халел Досмұхамедовке: «Тұтқындала қалған жағдайда өздерiңдi өздерiң мықты ұстаңдар, ешнәрсенi де мойындарыңа алмаңдар, ал кейбiр құжаттар сақталып қалса, оны Ә.Ермековке сақтауға берiңдер, Қазақстан Орталық Атқару комитетiнiң мүшесi ретiнде Қазақстандық үкiмет оған сенедi», – деп нұсқау бередi. Алматыға келе салысымен Досмұхамедов бұл жайды Ермеков пен Тынышбаевқа, кейiннен Ж.Досмұхамедовке айтты, олардың барлығы да Бөкейхановтың нұсқауын мақұлдады және алда-жалда тұтқындала қалған жағдайда ештеңенi де мойындамауға келiстi (№2370-iс, 1 т., 208, 222-парақтар, 2 т, 702 және 703-парақтар).
Өзара байланыстары мен iс-қимылдарын құпия ұстау үшiн ұйымның бұрынғы мүшелерi тек қана екi-екiден екеу ара ғана кездесiп, мүдделi мәселелердi талқылады, оған айыпталушы Тынышбаевтың: «Соңғы уақытта бiздiң ұйымымыз ешқандай да жиналыс пен кеңес өткiзген жоқ, екi-екiден екеуара ғана жолығып, мүдделi мәселелердi талқыладық. Сондай-ақ, Ермековпен де, Досмұхамедовпен де жеке-жеке кездесiп, олармен болған әңгiмеде... кеңес өкiметiнiң саясатын айыптадық» (Тынышбаевтың жауабынан. 3.IХ.1930.№ 2370, 1 т., 125-парақ), – деп жауап бердi».
Мәскеу мен Алматының жазалау саясатын жүзеге асыратын заң және тергеу, сот орындарының М. Тынышбаев пен Х.Досмұхамедов жетекшiлiк еткен «Алашорданың» Ташкенттегi астыртын контрреволюциялық ұйымының кеңес өкiметiне қарсы iс-қимылдарына» берген «Тарихи анықтамасы» осындай.
«Айыптау қорытындысындағы» мәселелердің ақиқаты бірінші томда барынша толық талданғандықтан да, оған тоқталып жатпаймыз. Тек әр сұраққа әрбір «айыпкер» қалай жауап берді, олардың қай тұста пікірлері тоғысты, қай тұста көрсетінділері алшақ кетті, түрме мен қысым жағдайында әр кім өзін қалай ұстады?– деген көкейтесті жайларға жауап беруді мақсат етеміз. Өйткені қиыннан қиыстырылған қисынсыз баптардың тек қана айыптау бағытында құрылғандығын дәлелдеп жатудың өзi артық. Екiұшты ой туғызбас үшiн осында көрсетiлген «қылмыстардың» кейбiреулерiне қысқаша ғана түсiнiк бере кетемiз. Олар мыналар:
Бірінші: «1922 жылы астыртын контрреволюциялық ұйым құрылды», – деген айғақты осының алдында ғана тергеуi аяқталған Ахмет Байтұрсынов бастаған «Алашорда» қайраткерлерi жоққа шығарған болатын. Ал Әлихан Бөкейханов мұндай сұраққа жауап беруден мүлдем бас тартты: Ол: «Алашорда» үкiметiнiң мүшелерiне кешiрiм жасаған – кеңес өкiметi. Ол үкiмет әлi құлаған жоқ. Демек, оның шешiмi де күшiнде. Оның үстiне бiзге кешiрiм жасаған Лениннiң өзi. Сендер сол Лениннiң жолымен жүрiп келемiз деп ұрандатып жүрген жоқсыңдар ма. Ендеше, әңгiме осымен бiттi», – деп тергеушiлердiң меселiн қайтарып тастаған болатын.
Алаш көсемдерiнен «тiстерi сынған» тергеушiлер екiншi топты, өздерi «Ташкент тобы» деп атаған адамдарға қасақана осы сұрақты қайталап қойған. Шындығында да, ресми түрде астыртын ұйым құрылған жоқ. Бiрақ кеңес өкiметiнiң «коммунистiк – отаршылдық» саясатымен елдi күйзелтуге әкелiп соқтыратын экономикалық шараларына, ұлттық рухани тәуелсiздiгiн сақтап қалуға қарсы бағытталған «таптық мәдениеттiң жiктелушiлiгiне» сын көзбен қарады, оны қатерлi бағыт деп санап, ашық түрде мәлiмдедi. Тарих – «Алашорда» үкiметiнiң ұлттық экономика мен мәдениет туралы бағдарының дұрыстығын дәлелдеп бердi.
Екінші: 1920-1922 жылдары Әлихан Бөкейхановтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Әлiмхан Ермековтiң, Мәскеу қаласында башқұрт ұлтының көсемi Заки Валидовпен кездескені, әңгiмелескенi рас. Тiптi бiр рет көгалға шығып, көңiлдi серуен де жасаған. Әрине, олардың ұлт тағдыры жөнiнде пiкiр алысқандары аян.
Үшінші: «Ахмет Байтұрсынов пен Мұхтар Әуезов 1921-1922 жылдары Аштықпен күрес жөнiндегi комиссияның мүшесі ретінде астыртын ұйымға кiру туралы үндеу таратты», – деген айып – айып емес, кәдiмгi сандырақ. Мұнда олар, қырдағы ашаршылыққа ұшыраған қазақ аудандарына көмектесу үшiн оқыған азаматтарға салауат жариялап, оларды азық-түлiк жинау науқанына ат салысуға шақырған болатын. Ол үндеудi Өлкелiк комитет ресми түрде бекiткен. Мұхтар Әуезов пен Сұмағұл Сәдуақасовтың қазақ қызметкелерiнiң арнайы Кеңесiн шақыруы да осы ашаршылыққа байланысты. Онда, расында да, «коммунистiк колонизаторлықтың» зардаптары туралы да нақты мәселелер қаралды.
Төртінші: Ташкентегi, Сарысудағы, Адай жұртындағы, Қызылқұмдағы әскери жасақтардың бүлiншiлiгi хақында баяндалған «Тарихи анықтамадағы» айғақ та шындыққа жанаспайды. Бұл аудандардағы көтерiлiстiң басты себебi – аштық пен тәркiлеу науқанының әдiлетсiз жүргiзiлуiнен едi. Жалпы көзқарас тұрғысынан ықпалы болғанымен де, көтеріліске «Алашорда» үкiметi мен «Алаш» партиясының тікелей қатысы жоқ болатын. Өйткені олар патша үкіметі мен шет елдік армияның көмегіне сүйенген адмиралдар мен генералдар, атамандар басқарған тұрақты армия жеңе алмаған қызыл әскердің бетін бесатар мен сойылға жүгінген «дала жасақтары» тойтарып, кеңес өкіметін құлата алмайтынын, мұның қызыл қырғынға әкеп соғатынын олар жақсы білетін. Ал: «Сұлтанбек Қожановқа қастандық жасау әрекетi жоспарланды», – деген айып мүлдем қисынсыз. Мұны ешқандай дерек растай алмайды. «Алашорда» үкiметiнiң «қылмысын» неғұрлым ауырлатып, террорист етіп көрсету үшiн жасалған кезекті бір құйтұрқы амал.
Бесінші: Бiрiмжановтың, Битiлеуовтың, Мұңайтпасовтың Алманияға барып оқығаны, онда Заки Валидовпен кездескенi, Валидовтiң бұларға көмектескенi шындық. Бiрақ олардың әр қайсысы әр қандай жағдаймен әр мезгiлде елге қайтып оралды. Әрине, Валидовтiң «Алашорда» үкiметiнiң қайраткерлерiнiң хал-ахуалын сұрауы, сәлем айтуы табиғи. Ал астыртын бiрiгiп iс-әрекет жасау туралы уағдаласуының анық-қанығы әлі де дәлелді дәйектерді қажет етеді. Екi жақ та қалыптасқан жағдайда ондай әрекетке бару мүмкiн емес екендiгiн жақсы бiлді. Ал Валидовтiң жасырын түрде Ташкентке келгенi, Қожанов пен Рысқұловқа хабарласуға ниет қылғаны шындық. Мұны түрмедегi айыпқа тартылушылардың жауаптары да, сыртқы деректер де растайды.
«Тарихи анықтамадағы» тарихи шындықтар осылар. Ал өзге-өзге, ОГПУ-дiң тергеушiлерi «әдеби өңдеудi» өте жақсы меңгерген болатын. Сондықтан да берілген жауаптың тонын айналдырып баяндау оларға пәлендей қиындыққа түскен жоқ. Мысалы тергеу хаттамасындағы:
«Мен – Халел Досмұхамедов, Түркістан республикасының Оқу-ағарту халық комиссариятына қарасты ғылыми комиссияның төрағасы болып қызмет атқардым. Жаһаншаның қайда істегенін білмеймін, ол жалпы заңгер ғой. Тынышбаев пен Есполов Жер жөніндегі комиссариатта істеді. Жәленов Түркістан университетінің студенті, Қашқынбаев ординатор-ұйымдастырушы болды. Әділевтің не істегені маған белгісіз», – деген жауабы «Айыптау қорытындысында»:
«нәтижесiнде аппаратқа өз адамдарымызды өткiзудiң сәтi түстi. Содан кейiн бiз өзiмiз жақсы танитын аппарат қызметкерлерiне тiкелей ықпал жасадық. Сөйтiп, мақсатымызға жеттiк. Тынышбаев, Қожықов пен Есполов – Жер жөнiндегi комиссариатқа, Қашқынбаев – Денсаулық сақтау комиссариатына, Бiрiмжанов – газет редакциясына, мен – ғылым жөнiндегi комиссияның құрамына, Ж. Досмұхамедов те соның құрамына кiрдi. Бiз өзiмiз идеялогиямызды осындай жолмен жүзеге асырдық», – деп түзетіліп берілген.
Сырттай бұл мәтіндер мағыналық жағынан бір-біріне ұқсас болғанымен де, саяси және заңдық тұрғыдан келгенде үлкен кілтипан бар. Бұл тәсілді тергеушілер өздерінің «кеңселік жазу стилі» ретінде емін-еркін пайдаланған.
2.
Ұлт басына төнген мұндай қауіпті жан-тәнімен сезінген алаш көсемдері барынша жанталаса күресті. Бірінші топтағылар сияқты екінші лектегі тұтқындарға, оның ішінде Мұхамеджан Тынышбаевқа тағылған басты айып та осы жер мәселесі туралы болды.
Тергеу ісінің «Айыптау қорытындысының» «Ұлтшыл контрреволюциялық қастандықтар» атты екінші бөліміндегі «Жер мәселесі туралы» тарауында астыртын:
«Ұйымының негiзгi мақсатты бағдарламасының бiрi – жер мәселесi болды, мұны шешу арқылы олар «Алаш» партиясының ауыл шаруашылығы жөнiндегi бағдарламасын, яғни, жердi ең алдымен бұратана тұрғындарға (иә, кеңес өкiметi үшiн қазақтар тек қана «бұратана» болып қалды – Т. Ж.) ешқандай кесiмсiз қажетiнше бөлiп беруге және ру-руымен қоныстандыруды жүзеге асыруға тырысты. Бұл бағдарлама бойынша, жергiлiктi тұрғындар толықтай жермен қамтамасыз етiлгеннен соң ғана Қазақстанға сырттан келген қоныстанушыларды орналастыруға болады, ал қазақ жерiне бұрыннан орналасып қалған қоныс аударушылар ол жердi қазақтарға керi қайтарып беруге тиiстi едi. (...) Ташкент қаласында, Түркiстан Атқару комитетiнде, ауыл шаруашылығы факультетiнiң үйiнде өткен Жер мәселесi жөнiндегi ұйымның мәжiлiсiне Досмұхамедов, Тынышбаев, тағы да басқа адамдар қатысып, жоғарыдағыдай көзқарас бiлдiрген және Жер реформасын жүргiзетiн өкiлдiктiң құрамына өз адамдарын кiргiзудi ұйғарған (№ 5417 – iс, Тынышбаевтың жауабы, № 2370-iс, 275-бет).
Достарыңызбен бөлісу: |