Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!



бет5/38
Дата09.11.2016
өлшемі7,37 Mb.
#1379
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   38

«Қазақтар орыстың қол астына кірген кезде ешқашан да орыс халқының әулеті ішінде аналық қамқорлыққа және Ресей тарапынан жылы лебізге титтей де құқы жоқ өгей бала секілді боламыз деп ойлаған да жоқ. Үкімет саясаты мен қазақтардың қазіргі кездегі жай-күйі қазақтардың қаншалықты алданғанын анық көрсетеді. Қазақ даласында түрлі Ережелер енгізудің тарихын жайына қоя тұрып, мен сіздердің алдарыңызда бейбітшілік пен тыныштықты қамтамасыз ету үшін өзінің бостандығы мен саяси тәуелсіздігін көрсеткісі келген халықтың, орыс үкіметі бейнесінде әділеттілік пен заңдылықты көргісі келген халықтың шын мәнінде қандай жағдайға жеткендігін айтып бергім келеді. Бюрократтық өкімет қазақтар жөнінде өте жабайы және ойға келмейтіндей ережелер жасады», – деп дамытты.

Иә, бұл – ақылға сиымсыз, бірақ бүтін халықты бұтарлауға таптырмайтын қастаншықпағыр Ереже еді. Өйткені: Орал, Торғай облыстары – әскери губернатор арқылы Ішкі істер министрлігіне; Ақмола мен Семей облыстары – әскер губернаторлардың үстінен қарайтын генерал-губернаторларға; Сырдария, Жетісу, Самарқан, Ферғана, Амудария облыстары – әскери министрлікке бағынды. Бұл, әйгілі «бөліп ал да, билей бер» деген саясаттың нағыз аяр үлгісі болатын. Мұндағы басты мақсат – тұтас ұлттың ұлттық мүддесі мен экономикалық тұтастығын, тіл мен дәстүр сабақтастығын, рухани мәдениетін ыдратып, телім-телім ету еді. Тіпті бір губерниядағы азаматтық істердің өзі әр мекемеде әр қалай жүргізілді:



«Орыс соты қазақ өміріне қарай еш икемделмеген және тілді де білмейді, өзі әрекет ететін ортадағы халықтың әдет-ғұрпынан хабарсыз. Ауызша өсиеттер мен әдеттерге сүйенген және жазылған заңдары жоқ халық соты тұтастай әкімшілікке бағындырылған, ендеше, Түркістанда ол әскери министрлік мекемесіне, ал басқа жерлерде – Ішкі істер министрлігіне қарайды. Некелік және әлеуметтік істер бір жерлерде халық сотына, ал кейбіреуінде тікелей әкімшілікке, үшінші біреулерінде қазақ діни басқармасына берілген. Метрке кітаптары бір жерде казак діни басқармасында, енді біреулерінде аудан старшындарында (селолық полицейлерде)».

Қазақ депутаттары Думада: «Тіл құқығы, дін құқығы, ұлттық мектептер құқығы ... туралы бір ауыз сөз айтпады», – деген Н.Гредускуланың сөзінің қисынсз гротекст екеніне М.Тынышбаевтың мысал келтіре отырып:



«Қазақ даласы әкімшілік және сот жағынан алғанда жүз ойланып, мың толғансаң да қиял жетпейтін ала-құлалық пен ақымақтыққа толы екенін көреміз. Бір тілде сөйлейтін, біртұтас әдет-ғұрпы мен тарихы бар, бір дінге сенетін тұтастай халықты басқарудың осындай өмірге икемсіз, қолайсыз жүйесін жүзеге асыруда өкімет неге сүйенгендігі бізге тіпті де түсініксіз және де өкіметтің өзі де ешқандай дәлел айта алмас деп ойлаймын. Іс жүзіндегі заң бойынша, генерал-губернаторлар өздерінің басқыншылық өкілеттігімен кез-келген қазақты, дүниеге жаңа келген сәбидей күнәсіз болса да, жер аударуға құқы бар. Жоғары мәртебелінің алдында итше жорғалап, жағымпазданып үйреніп қалған чиновниктер, сонымен бірге халықты «орыс пен қазаққа бөліп қарайды», олардың ойынша: қазақтардың мүдделері, түз халқына тән нәрсенің барлығы – құрту мен аймақты орыстандыру жолында құрбандыққа шалынуға тиіс, бұл үшін ең соңғы шараларға да баруға болады. Орыс өкіметінің пікірінше, қазақтар – адам емес, олардың өмір сүруге ешқандай да құқы жоқ зиянды тіршілік иелері, сондықтан да олар қазақтарға ойына келгенін істейді. Халыққа террор жасау әбден шегінен шыққан: адам төзгісіз заңсыздық пен қысымнан қан қақсайды... Қала түрмелері бастықтардың бұйрығы бойынша отырғызылған қазақтарға толы: бастықпен кездесіп қалғанда бас киіміңді алмасаң болды, түрмеге отырдым дей бер...», – деп күйіне баяндап, әшкерелей дәйектеуі дәлел.

Бұдан әрі рухани қорлықты, яғни, М.Есполов Самара құрылтайында:



«1906 жылғы жаппай қоныс аударудың қарқыны ерекше болды. Қоныс аударушыларды мемлекеттік мекемелердің кеңшілік жасағаны сондай, 1912 жылы қасиетті Синодтың жоспары бойынша, әрбір қазаққа екі қоныстанушыдан келсін», – деп («Алашорда қозғалысы», 2 том, 223-бет) беттеріне басқан шешімді дайындаған «қасиетті әкейлер» жүргізіп отырған шоқындыру саястына тоқталған М.Тынышбаев:

«Осылайша әкімшілік бұйрықтар мен іс жүзіндегі заң бойынша, қазақтар бастықтың рұқсатынсыз аяғын қия баса алмайтын болды. Қазақтардың кәдімгі адамдық құқықтары да жоқ: халықтың өмірі мен ар-ұятын әкімшілік толық билеп алған. Мешіт, медресе және құран оқитын ғибадатханаларды жабу, діни кітаптарды кәмпескелеу мен рұхсат етпеу, қазақ тіліндегі інжілді (евангелиені ) таратып беру мен оны қабылдағысы келмегендерді Сібірге айдаймыз деп қорқыту, миссионер-мұғалімдер оқытатын орыс емлесін міндетті түрде қазақ дін училищелерінде оқытуды енгізу туралы бұйрықтар, қазақтарды мылтық оқпаны мен қылыш жүзін сүю арқылы ант бергізу жобасы, қазақ балаларын миссионерлік үйлерде ұстап, оларды православный деп жариялау, православиені қабылдаудан бас тартқаны үшін қазақ қызының басына құрсау салып қинау, өтініш пен арызды қазақ тілінде беруге шек қою мен болыстық канцелярияларда хат жазуды орыс тілінде жүргізуді енгізу және басқа да бірқатар адамдардың жеке басы мен ар-ожданын дөрекі түрде күлкіге айналдыру мен күш көрсету – мұның бәрі мырзалар, XIX ғасыр мен XX ғасырдың басында болып отыр және мұның бәрі күні бүгінге дейін адамдар мен құдай көзінен таса қалған алыс аймақтарда сақталып отыр. Мұның Ұлы Ресей державасының теократиялық және бюрократиялық надан өкіметінің тегі басқалар мен басқа діндегілерге қарсы крест жорығы демегенде, не дейміз?», – деген ызалы баяндамасы арқылы оқығанның да, тыңдағанның да айызын қандыра жеткізді.

Осы арада жоғарыдағы келтірілген Қ.Жұбановтың:



«Оқулықтар құрастыру, қазақ тілін жүйелеу – бұл «Алашорданың» революциялық орынын анықтауға негіз қалай алмайды, бұл іс миссиоенрлерге тиесілі бастама», – деген «бағамы» еріксіз езу тартқызады.

Ащы шындық өзегін өртеген жас депутат қыза келе батыл пікірден:



«Қазақтар орыстың қол астына кіргеннен бері бір де бір шуақты жарқын күн, бақытты сәт болған емес! Содан бері ешкім де, шын мәнінде ешбір адам қазақтар үшін сәл де болсын игілікті іс, немесе сол игі іске ұқсас бірдеңе істеу туралы ойланған жоқ», – деп батыра айыптауға көшті.

Дума мүшесі М.Тынышбаев ұлт-азаттық идеяның негігі тұжырымдамасын ұсынған бұл тұста Троцкий мен Голощекин айдауылда жүрген қатардағы Бронштейн мен Шая Ицкович ғана болатын.

М.Тынышбаев (жалғасы): «1904 жылғы 12 желтоқсандағы жарлықпен ішкі істер министрінің 19-ақпандағы рестскриптімен және 17-көкектегі жарлықпен ата-баба дініне қайта оралу еркіндігін беруге, Сібірге дін мәселелері үшін айдалғандарды қайтаруға, жабылған мешіттер мен медреселерді және т.б. ашуға уәде берілді, бірақ айдаудағы молдалар қайтқан жоқ, мешіттер мен медреселер әлі де жабық, діни кітаптар тартып алынған күйі қалып отыр. Сонымен бірге өз патшаларының түрлі жарлықтары мен рестскриптеріне ешқандай мән бермейтінін көрсеткісі келгендей, қазақ балаларын ұстап алып, күшпен христиан деп жариялауда. Мен мұндай жағдайлардың басты кейіпкерлерін атайын – Орынбор губернаторы Барабаш, Торғайдағы – Ломачевский, соңғының кеңесшісі белгілі миссионер Г.Васильев және архиерей Левицкий. 18-ақпандағы рестскрипті бойынша, әркімге де өз қажеттіліктерін еркін айтып арыз жазуына құқ берілді: жергілікті әскерлер, қазақтарды қуып сьездер өткізуге мүмкіндік бермеуге тырысады, ал Петерборда Булыгин сенімді адамдары арқылы халықтан куәлендірілген еркіндікті талап етіп, бар мүмкіндіктерін жұмсап, қазақтардың ұмтылыстары мен талап-тілектеріне кедергі жасап келе жатқан губернаторлардан рұхсат күтті. Сол рестскрипте тағы да өкілеттік «лайықты және халық ризалығына бөленген» адамдардан құрылады делінген. Қазақтар өткеннің ащы дәмін әбден татып болған. Булыгин барлық губернаторлардың мәлімдемесі арқылы өздерін дауыс беру құқынан айырғысы келген, қандай да болсын өкілеттілікке сене алар ма еді; кейіннен даладағы күшті толқулардың арқасында үкімет қазақтарды да қосуға мәжбүр болды, бірақ тағы да тек бір ерекше тәртіптер негізінде. Осында адамдар мен ұлттардың қандай да бір теңдігі бар ма?»

Міне, Брайнин мен Шафироның «жалған жіпсімесінің» салдарынан осындай жанкешті жанашырлықтың барлығы да «жендеттік, қарақшылық» болып көрсетілген.



М.Тынышбаев (жалғасы): «Жазда Семей облысы, Қарақаралы уезіндегі Қоянды жәрмеңкесінде үлкен жиын ұйымдастырылды: мұнда дала өлкесінде үлкен шу тудырған атақты петицияға 14,5 мың адам қол қойған. Әскери губернатор Романов пен әскери генерал-губернатордың іс басқарушысы Лосевскийдің даланы аралауы да қазақтарды тоқтата алмады. Күзде Семей губернаторы Галкин: өкімет бар күшін салып қазақтарды Омбыдағы жиынға жібермеуі керектігі – жөнінде бұйрық шығарды. Генерал Романов қазақ тәржімәшілерді босатып, орнына казактарды алу туралы бұйрық берді. Шаруа және уезд бастықтарына алдағы уақытта қазақтарға қатаң шаралар қолдану жөнінде және түрлі петицияларға қол қойған барлық қазақтардың тізімін алу бұйырылды. Ерекше белсенділік көрсеткен Қарқаралы уезінің бастығы Оссовский мырза бәрібір ойдағыдай нәтижеге жете алмады. Өйткені, қарқаралықтар қазақтардың ішіндегі ең әрекетшіл және саналылары еді: ол қалаға адамдарды жауап алу үшін, патшаға арналған петицияға қол қойған 42 адамды тауып алу үшін шақырды. Олардың барлығы да жауап беруден бас тартып қалаға келмеді.

11-қарашадағы «С.О»-да (газет – Т.Ж.) күш көрсетуге қарсылық пен үкіметтің уәделеріне сенімсіздік білдірген ашық протест түріндегі Семей және Павлодар уездеріндегі қазақ пен татар өкілеттілігінен жіберілген телеграмма (азамат Веттенің атына) басылған. Көптеген қорқытуларға қарамастан, Ақмола облысының қазақтары да біршама іс тындырды. Аталмыш, әсіресе, бюрократтық зорлық-зомбылық тым күшті жерлердегі, яғни, түрлі петицияларға 25 мыңға жуық адам қол қойған Дала өлкесіндегілер ерекше көзге түсті. Генерал Сухотинге барлық жиырма бес мың қазақты Сібірге айдап, айдалада өзі ғана патшалық құру қалды. Семей облысындағы қозғалыс Жетісуға дейін жетті. Мұнда Лепсі уезінің қазақтары үкіметтің шірік саясатына қарсы ашық протест білдірген және өз талаптарын қойған 1000 адамның қолы бар петиция жіберді. Қазақ өкілдерін кіргізу мәселесі барлық тұрғындарды толғандырғандықтан кепілдік берген делегациялар бірінен соң бірі келіп жатты. Олардың арасында Орал және Торғай облыстарының қазақтарын атап өтпеуге болмай-ды. Тұтастай айтқанда алғашқы кезендегі, яғни 6-тамызға дейінгі қазақтар талабы мынадай:

толық өзін-өзі басқару, ерекше заңдар мен әкімшілік бұйрықтардың күшін тоқтату, генерал-губернаторлықты, шаруа басшылары мен урядниктерді жою, әскери басқаруды азаматтықпен алмастыру, қазақтар жөніндегі заңдарды олардың өкілдерін қатыстыра отырып қайта қарау, сол мақсаттар үшін орыс сотын қайта құру және халық сотын саналы түрде юстиция министріне бағындыру, жеке басқа, тұрғын үйге, ар-ұятқа, сөзге (ауызша, жазбаша және тасқа басылған) тиіспеу, одақ және жиындарға қатысу негізіндегі азаматтық бостандық, газет, брошюра, кітап және т.б. болу үшін типография ашудың барлығына бірдей тәртібі, жалпыға бірдей, тең және құпия түрде, жынысына, ұлтына, діни сеніміне қатыссыз дауыс беруге негізделген және сайлау алдында үгіт, қазақтарға тиісті жерлерді және солардың пайдалануындағы, қоғамдық меншігіндегі жерлерді мойындау».

Бұл Бір тұтас алаш идеясынын ұйытқан алғашқы ашытқы ой еді. Ол туралы Ә.Бөкейханов:



«Қазақ даласы қазынаның меншігі, оған мұжықтар мен казактарды сұраусыз қоныстандыра беру керек деген заңдар алынып тасталуы керек», – деді «Қазақтар» атты сол кезде жазған мақаласында.

М.Тынышбаевтың:



«Үкімет тарапынан қазақтар: қуғын-сүргінді, өз дінін пайдалану еркіндігіне жасалып отырған қысымды, саяси құқыларының аяқасты етілуін көріп қана отырған жоқ, олар сонымен бірге экономикалық салада да үлкен зұлымдықтарды бастан кешіріп отыр ... Жер мәселесі қазақтар үшін сөз жоқ ең маңызды: бұдан әрі жерлерді тартып алу мен олардың мүдделерін аяқасты қылатын болса, тыныштық болады деп кепілдік беру қиын. Үнсіз дүрсіл күннен-күнге күштірек және кей жерлерде қазірдің өзінде-ақ ашық толқуларға ауысуда. Міне, бүкіл қазақ халқын тұтастай правосыз дала пролетариаты күйіне жеткізген үкімет саясатының жалпы және қысқаша сипаты осы!» , – деп халықтың жанын жаныштап, қанын сұйылтқан әлеуметтік-экономикалық мәселе көтеруі соған айғақ.

Бұл мәселе бүгін де сол күрделі күйінде қалып отыр. Өйткені, қымқырмаға құрылған жекшелендіру тұсында және қылмысты алпауыттар тобы үкіметтік қолдауға ие болған тұста қазақ ұлты құнарлы жерден тұтасқа жуық айырылып қалды. Ал иеленіп қалғандардың еншісіндегі жер, М.Тынышбаев тауып айтқандай, «адамды қойып аң да тұра алмайтын айтақыр дала мен құмды шөлейт, сортаң тақыр». Соның нәтижесінде, «жер өңдеумен айналысатын да жер қалмады. Осыдан-ақ қазірде қазақтардың неліктен жан басының кедейленуінің үдеп отырғанын» түсіну қиын емес. «Жер мәселесі қазақтар үшін сөз жоқ ең маңызды: бұдан әрі олардың мүдделерін аяқасты қылатын болса, тыныштық болады деп кепілдік беру қиын. Үнсіз дүбір күннен-күнге күшейіп келеді және қазірдің өзінде ашық толқу бар. Міне, ... қазақ халқының тұтасқа жуығын правосыз дала пролетариаты күйіне жеткізген үкімет саясатының жалпы және қысқаша сипаты осындай, ал келешекте күтетін «сыбағасының» қандай боларын кім білсін! М.Тынышбаев (жалғасы): «6-тамыздағы заң бойынша, дала өлкесі қазақ депутаттарының санын шектеуді көздеген ерекше топқа жатқызылғанын көрген қазақтар, олардың сайлау құқықтарын жергілікті халық арқылы басқару туралы қарсылық білдірді (11-қарашадағы «С.О»-ны қараңыз). Міне, қазақтардың, орыстың қол астында басынан кешірген және кешіріп отырған правосыз қорлығы жөніндегі қысқаша тарихы осындай. Кәдуелгі адамдық праволар бұзылып, өмір мен ар-ұят әкімшіліктің қатаң бақылауы астында әлі де бұрынғысындай қалып отыр және күш көрсету одан әрі жалғасуда. Заңдардың орнын жабайы әрі надан сатыраптардың әкімшілік жүгенсіздігі басты. Генералдар, олардың көмекшілері және басқа да арамтамақтар халықтың бар сөлін сорып алды. Революция басталғанға дейін қазақтар өздерін жүгенсіздік қыспағынан босатып, естеріне алар деп үлкен төзіммен күтті. Егер олар жөнінде ұмытып кеткен болса, өздері бас көтеріп бостандық, әділдік, теңдік жөнін де айта бастады. Жоғарыда айтылғаңдардан далада әлі де ешқандай саяси партияның жоқ екені түсінікті: қазақтардың барлық тілектері мен ұмтылыстары жаңа ғана мен келтірген мөлшерде. Толқуға соқтырған негізгі жайлар жөнінде мен баяндаманың басында айтып өттім. Халыққа қажетті автономия жөнінде дәл қазір айта алмаймын, өйткені мен белгілі бір бағыттамасы бар адам емес, кездейсоқ өкіл ғана екенімді ескерткім келеді» («Русский Туркестан», 1906 жыл. № 1. Т.Жұртбайдың қатысуымен әзірлеп ұсынған – Бейсенбай Байғалиев . Жұлдыз, 1992, №8, 142-146 б.б.).

Енді осы тәпсірлердің тергеудегі талқысына тоқталамыз.

2.

Анкеталық анықтама (жалғасы): 1912 жылы Орынборға бақылау астына жіберлген Мемлекеттік Думаның мүшесі Ә.Бөкейхановпен, әкімшілік тұрғыдан жер аударылған А.Байтұрсыновпен, М.Дулатовпен бірге «Қазақ» газетін ашқан. Жетісуға келуге тиым салынғандықтан да 1914 жылдан бастап Самарқанда суландыру саласында, кейіннен Орта Азия темір жол торабында, Жетісу торабында қызмет етті. Самарқан, Ашхабад, Қоджент, Ташкент, Шымкент қалаларында үнемі полицияның бақылауы астында жүрді. 1916 жылы ұлт-азаттық көтерілістің қанды оқиғалары туралы әйгілі «Түркістан генерал-губернаторы мәртебелі Куропаткинге» ашық хат жазды.



1916 жылы 3 ақпанда Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Н.Бегімбетов Петроградқа барып, әскерм министр генерал Поливановқа жолығып, қазақтарды әскерге алу мәселесін жеткізді. Ондағы басты мақсат: қазіргі заманның қару‑жарағының тілін білмей, тұрақты әскерге тартылмай ұлттық тәуелсіздік туралы қиялдауға да болмайтын. Мұны алаштықтар: келешек ұрпақтың алдындағы парызымыз, – деп түсінді. Заманның беталысы ұлттан соны талап етті. Саналы армиясыз «сәулетті, еркін күнді» аңсаудың өзі надандық болатын. Сондықтан да «Қазақ» газеті:

«Егерде біз теңдікке қол жеткізгіміз келсе, онда қазірден бастап тереңдеп ойламасақ болмайды. Бүгін не ексек, ертең соны орамыз», – деп жазуының астары осында.

28-29 желтоқсандағы кеңесте С.Асфандияров өзінің пікірін одан әрі тереңдетіп әрі-сәрі күйде: «Импералистік соғыс кезінде бұл зиялылар бұқараны күйреуік көңіл-күйде ұстады. Тек жалғыз Тынышбаев қана: Германияға қарсы майданда «ақ патшаны» қолдаңдар, германдықтар келсе, ауылдарыңды тонайды деген мағынала үгіт жүргізді. Кезінде мен Тынышбаевқа: бұлай деуге қалай дәтің барады, дегенім есімде. Анығын айтсақ, қара халық бұл майданда Түркияның жеңіп шығуын қалады. Міне, жалпы жағдай осындай болатын...Бұл қозғалыс революциялық емес, ұлттық-реформистік қоғалыс», – деген пікір білдірді.


«Алаш» партиясының үкімет мүшелігіне ұсынған №2 үміткерге 1917 жылы 28 қазанда «Қазақ» газетінде берілген анықтамасы М.Тынышбаевтің ұлт азаттығы жолындағы күрескерлік рухынан толық хабар береді. Онда:

«25 июнь жарлығы тақырыпты Жетісуда бүліншілік болғаннан бері Мұхамеджан көзге көрінерлік көп пайда келтіріп жүр. Былтыр Түркістан уәлаятына Куропаткин генерал-губернатор болып тұрған кезде Жетісудағы бүліншіліктің не себепті болғандығын, айыптың бәрі Жетісу қырғыз-қазағында емес, жергілікиі хакімдердің жауыздығынан болғандығын Куропаткинге жете түсіндіруші Мұхамеджан. Түркістан уәлаятындағы қазақ-қырғыздың жер-суы переселен мекемесінің зиянды саясаты бойынша мұжыққа алынғандығын, жергілікті халықтардың тау мен тасқа қамалып қалғандығын һам мұнан былай да жер алынатын болса, қазақ-қырғыз аса таршылықта қалатындығын анықтап доклад жазған Мұхамеджан.

1905 жылы бостандық елестеген кезде Петроградқа һар облыстан түрлі мәселелер һақында ізденуші қазақтар көп барғанда, қазақтың пәленше-түгенше деп Алашқа аты шыққан кейбіреулері арызшылардың қалтасын қанауды кәсіп қылғанда, басшылық етіп, еңбегін сатпай, қызмет көрсеткен Мұхамеджан. Ол жылдары Мұхамеджан Петрборда оқып жүрген студент еді. Сол жылғы петрборшылар Мұхамеджанның кім екенін, басқалардың кім екенін біліп қайтқан.

Мұхамеджанды өзгерістен кейін хүкімет Түркістан комитетіне ағза қылып сайлады. Түркістан уәлаятындағы бес облыс һам Бұқара, Хиуа істерін басқару үшін құрылған Түркістан комитетінің барлық 9 ағзасының екеуі қазақ еді: Әлихан һам Мұхамеджан. Мұнан көрінеді: Мұхамеджан қазақта бір болса – өзі, екі болса – екінші кісі екендігі. Жаз бойы Мұхамеджан қазақ-қырғыз һам мұжықтар үшін жәрдем сұрап, Петрборға барып қайтты» – деп жазылды.

Бұл сөздердің астарында ұлт мүддесі үшін бар өмірін арнаған алаш азаматының қайсар рухы жатыр. Қазақ тарихында зерттелмеген аса бір талқысы осы күнге дейін созылып келеді. Бұл мәселеге жанын сала кірісіп, жүздеген мың қазақты отанына қайтарып, жерге орналастырып, сол үшін басын бәйгеге тіккен адам – Мұхамеджан Тынышбаев. Түркістан генерал- губернаторына қырғынның барлық шындығын ашып айтып мәселе қойған да, уақытша үкіметтің арнайы тергеу комиссиясын құрғызған адам да – Мұхамеджан Тынышбаев.Соның нәтижесінде ұлт-азаттық көтерілісі тұсындағы жазалау отрядтарының «әскери серуені» – қанды қырғыны туралы әшкерелеуші деректер мұрағатта сақталып қалды. «Жетісу облысындағы босқын қырғыз-қазақ жайы» атты «Қазақ» газетінің 1917 жылға 6 желтоқсан күнгі санында:



«Қазақтың» 237-ші нөмірінде Қытайға босқан қырғыз-қазақтың саны  164 мың, қырылғаны 83 мың, қытайда қалғаны 12 мың деп көрсетіліп еді. Енді бұл туралы анығырақ есеп-қисап көрсетпекшіміз. Бұл төменгі көрсетілген есеп шын мөлшерінен аз болмаса, кем емес. Пішпек, Пржевал уездерінен қашқанның бәрі қырғыз, Жаркент, Алматы уездерінен қашқанның бәрі қазақ «үйсіннің албаны). Жоғарғы 44 болыс елде барлығы 47 мың 759 түтін бар, сонан қашқаны 40 мың 250 түтін, қырылғаны 95 мың 200 жан болады. Бұл есепке қарағанда бұл елдердің босқындарының жартыға таяу адамы қырылған», – деп талдау жасады.

Бұл С.Брайниннің: «Біз Бөкейхановтың Торғайда, ал Тынышбаевтің 1916 жылы Куропаткинмен бірге тәржімашы ретінде, ал нағында патшаға қарсы шыққан қалың қазақ бұқарасының жендеті ретінде Жетісуда не айтқанын жақсы білеміз. Мұның барлығын алашорданы мадақтау демей, жайдақтау демей басқаша қалай түсінуге болады? Басқаша түсіндіріп көріңдерші қане...», – деп сес көрсететін тұсы.



Әрине, мұны «басқаша түсіндіруге» әбден болатын. Ол үшін Брайниннің бөртпе бүркемесіне емес, М.Тынышбаев пен О.Шкапскийдің 1937 жылы 30 наурызда Уақытша үкіметтің Жетісудағы комиссарлары болып тағайындалысымен Петроградқа шұғыл түрде жолданған төмендегі жеделхаттары «халықтық жендеттің» қандай іс-әрекетпен шұғылданғанынан анық мағлұмат береді. Ж.Дүзбаевтің жарияланымы бойынша ұсынылып отырған бұл жеделхаттардың мазмұны онсыз да түсінікті болғандықтан да, талдап жатпаймыз:

12-мамыр. 1917 жыл. Петроград, (бес адреске). «Бұрын-соңды болмаған құрғақшылықтың зардабынан Жетісудағы егіндік пен шабындық жерлер қурап қалды. Күзде алынатын өнім болмашы ғана, ал шөп мүлде жоқ. Барлығы дерлік күйіп кеткен. Қыста соның салдарынан мал түгел қырылатыны анық. Орыстардың көтеріліс кезін де тартқан шығындарын өтемей орыс пен қазақ – қырғызды татуластыру мүмкін емес. Сондықтан да алдағы үлкен апаттан елді аман алып шығу үшін міндетті түрде шұғыл шаралар қолдану қажет... Өлкенің экономикалық, географиялық және саяси ерекшеліктерін ескере отырып өздігінен щешім қабылдай алатын, Түркістан Комитетіне тәуелсіз, арнаулы Жетісу Комитетін құруға рұқсат етіңіздер. Комитетті күшейту мақсатымен осы өлкеде туып өскен социал-демократ, меньшевик Илья Шендриковты үшінші Комитет мүшесі етіп бекітулеріңізді сұраймыз. 12-мамыр. 29-нөмір. Шкапский, Тынышпаев».

31-мамыр. Петроград. Шепкинге. «Бүгіннен қалмай мен Қарқараға жүремін, қырғыздар (қазақтар – Т.Ж.) арасында әлеуметтік реформалар жүргізу қажет. Феодалдық құрылысты әшкерелеп, оны түп-тамырымен құрту керек. М. Тынышпаев».

Келген бетте Петроградтағы Азық-түлік министрлігіне, Жер қатынастары министрлігіне, Юстиция министрлігіне, Ағарту министрлігіне, Түркістан Комитетінің председателі Шепкинге, Мемлекеттік Дума ішіндегі мұсылман фракциясына және беделді деген газет редакцияларына шұғыл телеграмма соғады:

«Халықтың болашағы бірлікте! ...Ел ішіндегі жағдай өте ауыр. Бірінші маусымда уездік комитеттердің және басқа да комиссия мүшелерімен бірге Қытайдан қайтып оралған қазақт – қырғыздардың қоныстарын аралап қайттық. Олардың ауыр тұрмысы біздің жанымызға қатты батты. Елдің үстіне ілген киімдері алба-жұлба болып тозған, балалар өте аз, олардың көпшілігі нашар тамақтанудың салдарынан рахит ауруына шалдыққан. Бойжеткен қыздар мен жас келіншектер жоқтың қасы, оларды Қытай Түркістанында нанға айырбастаған көрінеді. Киіз үй дегендері – таяққа қыстырылған алба-жұлба киіздің қиындылары, мал басы өте аз, оны да Қытай жерінде тонап алған дейді... Ең қорқыныштысы қазақ – қырғыздардың жаппай аштықтан қырыла бастауы. Қарқараға бара жатқанымда жол шетінде құлап өліп жатқан жиырмадан аса өлікті өз көзіммен көрдім, бірнешеуі балалардың өлігі. Орыстардың қазақ – қырғыздарға көрсеткен зорлықтары шектен шығып кетті... Түпке менің келуімнен аз бұрын, демалыста жүрген бір топ солдат бандылар қазақ – қырғыз ауылын шауып, бүкіл малын айдап әкетіпті. Ал, тоналған малды айдатқызып әкеткен үш адамды бала-шағасымен жол-жөнекей жайратып кеткен. Қылмыстылардың ізімен дереу қуғын жібердім. Бұл, өкінішке орай, жеке-дара уақиға емес... Пржевальскі уезінде үлкен дүрбелең басталды. Шаруалар егіс науқаны қызған шақта жұмыстарын тастап, ірі селоларға, қалаларға жиналып, жер-жерлерде жалда жүрген жүздеген қазақ – қырғыздарды соққыға жығып, өлімші етіп сабап кеткен.

Бұл көтерілістің шығуының басты себептерінің бірі – әйгілі қоныс аудару саясаты арқылы қазақ пен қырғыздан бірқатар шұрайлы, егістік жерлерді тартып алуда жатыр.

Көтерілістің тағы бір себебі, менің ойымша, жергілікті феодалдық құрылыс, бұл туралы 1906 жылғы «Известия географического общества» журналында басылған «Киргизы и крестьяне» деген мақаламда жазған болатынмын. Жергілікті бай-манаптармен, осы жолғы сапарымдағы істі одан әрі жалғастырып, үздіксіз күрес жүргізу керек. Жүріп өткен жерлерімде митингілер ұйымдастырып, тіл білетін шешендерді сөйлетіп, елге жаңа үкіметтің саясатын түсіндіру барысында біраз жұмыстар жүргіздім. Жаңа үкіметтің атынан осы жылғы жиналатын алым-салықты қысқартып, манаптық басқару жүйесін тараттым. Елдің бәріне бірдей теңдік жарияладым. Мұндағы ойым – онсыз да қытайлықтар мен орыстардың тонауынан қайыршылық жағдайына түскен аш халықты манаптардың «шығын» деп аталатын алым-салығынан құтқару еді. Алайда, мұндай бірлі-жарымды істелінген шаралар жеткіліксіз, бай-манаптармен күресу үшін демократиялық өзіндік басқаруды енгізіп, бұл өлке өте мұқтаж болып отырған ағарту жұмыстарын үздіксіз жүргізу керек. Аштықтан қырылып жатқан қара қырғыз халықтарына қол ұшын беріп, олардың күйреген шаруашылығын қалпына келтіріп беру – орыс халқының ар-намысына жүктелген абыройлы міндет. Жетісуда азық-түлік мәселесін шешу үшін міндетті түрде астық монополиясын енгізу керек. Ол басы артық астықты жиып алып, мұқтаж болып отырғандарға теңдей бөліп беруге мүмкіншілік туғызады. Қырғыздардың күйзелген шаруашылығын қалпына келтіру үшін Қытай Түркістаны базарынан мал сатып алып, оны тақыр кедейлерге тегін үлестіріп берген жөн. Соңғыларына сонымен қатар баспана боларлық киіз үй жасап алуларына қаржы бөлу қажет. Қанат жайып кеткен тонаушылықпен күрестің алғашқы қадамдары жасалып жатыр, яғни, шаруалар мен демалыстағы солдаттарды қарусыздандырып, мылтықтарын жиып алдым. Қылмыс үстінде ұсталғандарға дереу сот жүргізу керек... Соған байланысты тергеу ісін жүргізуде басшылық жасайтын прокурор жолдасты, уездік комитеттердің өкілдерінен уақытша құрылған присяжныйлардың сотына төрелік ететін сот өкілін командировкаға жіберулеріңізді сұраймын. Қылмыстыларды маусымның аяғына қалдырмай қатаң жауапқа тартқан дұрыс. Әйтпесе, бандылардың айуандығы шектен шығып барады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   38




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет