Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



бет56/61
Дата16.11.2016
өлшемі10,06 Mb.
#1885
1   ...   53   54   55   56   57   58   59   60   61

«Жолдас М.Әуезов – аса көрнекті қазақ қазақ жазушысы, Сталиндік сыйлыққа ие болған атақты 4 томдық «Абай» романының авторы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақ ССР Ғылым академиясының толық мүшесі, шығыстанушы ғалым, – деген мінездеме беріп, – Осы мәжіліске қатысып отырған Қазақ ССР-нің астанасы Алматы қаласының барлық жазушыларының атынан Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің кандидатурасын СССР Ғылым ак адемиясының толық мүшелігіне ұсынды».

Иә, уақыттың талабы қалай өзгереді десеңші. «Ара» журналының бас редакторы Қ.Жармағамбетов осы арқылы М.Әуезовтің алдына өзінің бетін жылытып алды деу әбестік болар, бірақ аса ұғымтал, асқан білімпаз, өте талантты, өткір осынау талант иесінің жандүниесі, ішкі нәрі «жасасындатқан» кезеңнің тұсында жанып кетіп еді. Арлы азамат өзінің ожданымен бетпе-бет қалған шақтағы жанталасқа шыдамай, орыстың орта қол ақыны Сергей Семьянниковтың:

Начну с того, что я еще не умер,

Что сплетни обо мне – для дураков,

Я просто эту смерть придумал,

Чтобы отдохнуть на время от врагов, –

дегеніндей, өмірінің соңын табалаудан тыс жалғыздықта өткізіп, туған жері Торғайда оқшау бөлмеде өмірден қайтты.

Ол да бір тағдырдың тауқыметі шығар.

Ғалым ретінде кеңестік ғылымның ең жоғарғы иерархиясы СССР Ғылым Академиясының толық мүшесіне сайланбағанымен де, жазушы ретінде ол биікке көтерілді. 1958 жылы 28-қараша күні Қазақстан Жазушылар одағының төралқа мәжілісінде екі тұлғаның шығармасы социалистік құрылымдағы аса беделді, Нобельдік сыйлықпен пара-пар саналған, шығармаларыңның дүние жүзі тіліне аударуға кепілдік беретін Лениндік сыйлыққа ұсынылды. Мәжілісте бірінші Тахауи Ахтановтың, екінші Мұхтар Әуезовтің есімі аталды. Алқа төрағасы Ғ.Мүсірепов, С.Омаров, партия ұйымының хатшысы Ғ.Ахмедов хатшы қол қойған ұсыныспен бірге К.Зелинскийдің «Путь поэта» («Правда», 1958, 3 тамыз), М.Қаратаевтің «Шедырый талон», «Первая казахская эпопея» сияқты мақалалармен «Еңлік-Кебек» пьесасының жиырмасыншы жылдары Қазақтың халыққа білім беру институтында қойылғаны, Сара Есова – Еңлік, Ілияс Жансүгіров – Кебек ролінде ойнағаны туралы «Тілші» газетіндегі жарияланым да қоса тіркелген. Мінездемеде:

«Алайда жазушы көзқарасының шектеулігі және оның сол жылдардағы пролетарлық емес идеологияны ықпалынан шыға алмағандығынан Әуезов халық өмірінің дамуы сөзсіз революцияға әкелетіндігіне сенбеді, кеңес құрылысының қазақ даласына әкелген жаңа лығын толық түсінбеді. Сондықтан да бұл жылдары оның шығармаларында қате сарындар басым болды, өтіп жатқан құбылысты социалстік таным тұрғысынан түсінуге революциялық ұмтылысы жетпеді. Мұндай идеялық, көркемдік жаңылысулар оның аталып өткен «Еңлік – Кебек» пьесасынан анық байқалды. Бұл пьесада, әсіресе оның бірінші нұсқасында руаралық қақтығыс – «жақсы би» мен «жаман бидің» арасындағытартыс – жақсылық пен жамандықтың күресі ретінде көрсетілген. Бұл автордың әлі толыспағандығын әрі көзқарасының шектеулі екендігін танытты.

Жиырмасыншы жылдардың екінші жартысында, әсіресе, РАПП жетекшілерінің қателіктері белең алған тұста Мұхтар Әуезов дұрыс ұстанымнан алыстап, ол буржуазиялық-ұлтшылдықтың және өршіл романтизмнің желегінде жүріп «Қаракөз» пьесасы мен тарихи шындықты бұрмалаған «Қилы заман» повесін жазды. Өуанышқа орай, дарынды жазушының мұндай идеологиялық адасуы ұзаққа слзылған жоқ», – деп басталды.

Мұндай саяси мінездеме берілмесе, партиялық қырағылықтан айырылу болып табылатын. Қалай дегенмен де «Абай жолы» әлемдік ғарышқа жол тартты. Келесі жылы көктемде оған Лениндік сыйлық берілді.

Бұл толық марқаю және даңқ тұғырына мәңгілік көтерілу еді. Енді оған «дауыл да, боран да, дүлей де» қарсы тұра алмайтын. Мұхтардың өмір жалауындағы «тартыс» деген сөз өшті. Ол «даңқ», «үміт» айдынынан кешіп өтіп, лаухулмахфуздың тақтасында «өткінші өмір» деген сөздер жазылған жағаға бет алды. Алда екі жылдық өмір қалды.

ххххххххххх

Ол күндер де алаңсыз өткен жоқ. тіршіліктің қат-қабат қыртысы жазылып-оралып, аударылып-төңкеріліп, аз күнгі тәттісімен алдап-арбап санаулы таусыншақ сәтке де жетті. Мәскеуге операция жасатуға аттанды. Содан қайтып оның табаны туған жерін басқан жоқ. Бұл операцияны Алматыда жасаса өкінішке ұрындырмайтындай да мүмкіндігі де болыпты. Сол санаулы күндерде өзінің даудан арылмаған «Қилы заман» романы мен әңгімелерін А.Пантиелевке орыс тіліне аудартып, артына қамсыз қалдырып кетті. Бұл да М.Тынышбаевтің күнделік дәптеріне: «Туар күнің алда»,– деп жазып қойғанындай, ағалары өзіне аманат еткен алаш идеясын келер күндерге жеткізудің бір амалы еді.

Сондай алаңы мол арманмен өткен соңғы сәттерінің куәсіндей болған демі үзілер алдында жазылған хаттарын келтірумен бұл құжаттарға негізделген бұл баянды да аяқтаймыз. Осы лебіздің ішінде оның өмірге құштарлығы да, өкініші де, үміті де, дәмесі де, достығы да бар. Бірінші хат өзінің қапталдас інісі, Кенесары туралы қуғынды бірге басынан кешірген Есмағамбет Исмаиыловқа арналған.



«Москва, Кунцево. 18.06.61

Ең қымбат іні-досым Есет!

Кеше хатыңды алып ем. Оқта-текте бір айтылатын көңіл-жүрек сөздері айтылған екен. Алғыс деген аз ғана. Орайына сондай шындық жүрек құшағы лайық та. Мен сені қазақ әдебиетінің, әдебиет ғылымының айырмас, қажымас, жылдар жүрсе арылмас жегіндісі – еңбек торысы дейім.Сол үшін сүйем де, бек бағалаймын. Адамдығың, адалдық достығың өзіне бір дара. Сенің жұртқа еткен еңбегің аз ба? Сен мені айтыпсың, соны оқып отырып мен сенің өзіңді көп-көп еске алдым. «Өзі ғой осындай көпке көмегі, көп іске себі тиіп, талайда талайдан алғыс алған жан» – деймін. Соның ішінде, әсіресе, қазақ совет әдебеиетінің үлкенді-кішілі жазушыларына Сені мен сендей бірнеше жандардың сіңірген еңбегі аз ба? Жақында Москвада Әлжаппар, Тахауи, Қалтай үшеуі отырған бір отырыста: сыншы – оқытушы – зерттеуші сен бастаған ғалымдардың жазушылар үшін қадірлі көмек еңбегі қандайлық екенін сөйлеп ем.

Мені көп айтқансың, көп жүрген соң жақсы-жаман ұзақ өмір жолым жамала беретін шығар. «Көп жүрген» дегеннен шығады. Бұрын жасы үлкеннің жақсы белгісі есебінде «Бір көйлекті бұрын тоздырған ғой» дейтін еді. Көйлекті бұрын тоздыра жүріп өзін де қоса тоздыра жүретіні есепке алынбайтын. Мен тегі өмірдің оры-қыры, биігі мен ойпаңы, қысталаңы-шатқалы дегенді көбірек көргемін. Кейбіреулер(дің) өмірі бір келкі, тура, түзу, жаттық, жазық жолындай өткен болса, менікі тіпті саушылық жағының өзінен алғанда да жауатқандай тәрізді.

Бірақ бәрінен де ұдайы сау, сергек кеудемен, әсіресе, өмірді таза, мол сүюмен өтіп келемін. Солай топшыласам: күйгенімнен – сүйгенім көп, түңілгенімнен де – сенгендігім көп, жиренгеннен көрі құмартқаным көп, бүгінгі өмірді шабыттана сүюім, шексіз қызыға сүюім анық мол.

Бұның бәрі былайына айтқанда, өмірдегі «алымы қайтпаған» дегенді аңғартса – «берім де сарқылмаған» дегенді де ойлатса керек. Сондықтан да өмірімізге, заманымызға, еңбегімізге – бар күйімізге құмармын деймін де.

Науқасым жанға батқан нәрсе болмаса да операциясыз айықпайды деседі. Ол қажет болса кейінге несіне қалдырамын? Мезгіл кейіндеген сайын мен алпыс төрттен ары күшейе бермейім (саушылық жағынан) – қайта әлсірей бермейім бе, ал ауру болса күте бермесе, өздігінен кетпеуге мүмкін ғой. Сондықтан түбі бір операциясыз болмайтын болса осындай семіз, күйлі кезімде жасатқаным жөн бе деп тұрмын. Алдағы сейсенбіде – бүрсігүні консилиум болады. Сол не десе де көнемін деп тұрмын.

Жақында сенікі сияқты аса дос қымбат хатты Евг. Вас.-надан (Евг. Вас. Лизунова) алдым. Мүсілім де жақсы толық хат жазыпты. Уахатов тілектестік жайын жазып ВАК-тың хабарын тосып жүргенін айтыпты. Жазылып шыққан соң оның да, Балташтың да жайларын ВАК-тан білемін.

Закиді алса – ең болмаса рукопись бөліміне алсын (егер Әуелбекті алу қажет болса), ал К - ді (танылмады) Лизуноваға беру қажет, қажеті – Әуелбек қой. Мен оның өзіне бұл жөнінде еш нәрсе айтқан емеспін. Үй ішіңе тегіс сәлем.

Қош. Мұхтар Әуезов»

Бұл Мұхтар Әуезовтің өзінің ғылымның «еңбек торыларына» жолдаған соңғы «қощы». Ажал алдында тұрса да өмірді қандай ғашықтық құштарлықпен сүйген десеңші! Операцияның күні белгіленген күні түнде жазылған:

«Бірақ бәрінен де ұдайы сау, сергек кеудемен, әсіресе, өмірді таза, мол сүюмен өтіп келемін. Солай топшыласам: күйгенімнен – сүйгенім көп, түңілгенімнен де – сенгендігім көп, жиренгеннен көрі құмартқаным көп, бүгінгі өмірді шабыттана сүюім, шексіз қызыға сүюім анық мол. Бұның бәрі былайына айтқанда, өмірдегі «алымы қайтпаған» дегенді аңғартса – «берім де сарқылмаған» дегенді де ойлатса керек. Сондықтан да өмірімізге, заманымызға, еңбегімізге – бар күйімізге құмармын деймін де. Науқасым жанға батқан нәрсе болмаса да операциясыз айықпайды деседі. Ол қажет болса кейінге несіне қалдырамын? Мезгіл кейіндеген сайын мен алпыс төрттен ары күшейе бермейім (саушылық жағынан)»,– деген жолдарда қаншама арман, мақсат, ыстық құштарлық, өмірге қанбаған махаббат бар.

Тірісінде жазылып, иелеріне табыттан кейін тапсырылған, «болашақты, үдей басатын, алдымыздан келетін болашақты ойламасақ, кім боламыз? Ал «алғы» (ғұмыр) қаншалық? Қанша кең қалың қатпар өткенің жатыр? Шап-шағын ғана емес пе?»– деген аманатты арқалаған хаттың бірі Тахауи Ахтановқа жолданыпты.



«1961 ж. 21 июнь. Москва, Кунцева

Қадірлі іні-дос Тахауи!

Сен берген кітабыңды түгел оқып шығып осы хатты жазып отырмын. Әрине, сенің үлкен еңбегің, өзіңді кең құлашыңмен, өнімді өріс-өрнегіңмен емін-еркін танытқан шығарма «Қаһарлы күндер». Мына шығармаларда «бертін соқтың», «кемшін келдің» демекші емеспін. Бұларда сен әдейі кіші жанрлардың әр алуанын толғап көруді мақсат еткенсің. Өз ішіндегі басылмаған пернелеріңді де тіл-үн қаттырып, тебірентіп көрмек болғансың. Әрі сен пьесалар да жазып жүрсің. Сценарийді де қолға аласың..Осының бәрі өте заңды іздену жайындағы бел-белестер.

Сол ретте, әрине, «Махаббат мұңы» жақсы повесть. Өзгелер қонымды, ұнамды әңгімелер (роман, новелла). Бұлардың бәрінің тақырыбы, адамдықтары, шындықтары – жалғансыз, риясыз, зорлықсыз әділ шындықтар. Сонысы ұнайды. Екінші – сен бір жақсы соныға түсе бастапсың. Ол интеллигенция туралы жазу, өзіңмен замандас, қанаттас қатарыңды жазу – соларды және ішкі мәдениет өресіне қарай – ішіне үңіле, сезіміне бойлап жазу бар. Өте орынды, өте асыл іздену.

Бұл жолда, алда көп-көп ыстық тартымды, аса қызу қызғылықты, тым шабытты құштарлық туғызатын болмыстар, сәттер шындықтар бар. Осы адамдар: жақсы, ойлы, саналы, арлы болса – халқының, қауымыңның да болашығы ғой.

Оларды көрсетумен бірге, сынаумен бірге бойлау, бастау – қалыптасу да керек. Сен шынайы қызығарлық соныға түскенсің. Соған менімше құдіретің де жетеді, ілгері тереңдей, ірілей тарта түс. Бұл тақырыпта сен ұдайы әділ-адал дәл шындықтың өзінде болыпсың ғой. Қоспа, бояма, ... бұнда керек емес. Бәрі өзің жақсы білетін өз ортаң. Өзің жүзіп жүрген мекен-көлің.

Менде тағы бір қуанышты сүйсінген ойлар ұдайы қатар отырды (осы кітабыңды оқу үстінде дейім). Ол: сенің өзіме сонша ет-бауыр, шабытымен іні бауыр екеніңді сезіне отыру шақтары. Мен сенің мақалаларыңнан, үлкен романның да кен бояуларынан – осы менімен туыстас ау-деп ойлап жүруші ем. Ал мынада мен өзімнің сезімдерімді, сырларымды, саған жаздырып соған барымша сеніп, еліге еріп ырза боп отырғандаймын. Әрине, әрбір шыншыл шығарма солай еліктіреді де, ал өз жүрегіңе ұқсап соққан жылы тамырлы жан бауырыңдай сезбеске шараң жоқ.

Мен сені, Әбдіжәмілді, Зейнолла, Тәкенді, Сафуанды – көптен, бастан бөлек санайтұғым. Біз, Хрущев жолдас айтқандай «жәрмеңкеден қайту бетіндегі» жандарға қосылдық. Енді әдебиет болашағын ойламай болмайды. Сендерді сол болашағымыз дейім. Өзіме етене жақын дегенде, сенен – менің жасырақ шағымда өзімнен таппаған жақсы сыпаттарды көремін. Сенің отызың менен қызуырақ, сенде ерте түскен ой бар деп сенемін. Әдебиеттің арлы ойы болса керек дейім. Сондықтан анау бір жылдардан-ақ саған, сендерге мен безразлично қараған емеспін. Алдарыңнан, жауапты, ойлы жаңалықтарды, өзге бар қазақтан молырақ күткен күйдемін.

Екінші бір өнімді топ: Мұқамеджан, Хамза, Зейін. Бұларды сендер көбірек түсіне білсеңдер.әділ болады. Олар жастық кетіп, ұзақ заман тұсалып қалған, жігерлі талант, өмірге қомағайлық (жақсы мағынада) ала келген. Шығармалық шабытқа да сондай қомағайлар. Өнімді еңбек етеді. Сендердей, осылардай адамдарға байланысты болашақты, үдей басатын, алдымыздан келетін болашақты ойламасақ, кім боламыз? Ал «алғы» дейтін қаншалық? Қанша кең қалың қатпар өткенің жатыр? Шап-шағын ғана емес пе? Әсіресе, ол мәдениетті өнер боп та өстіп піскен емес қой. Көбінше көбікті толқын санап жүрміз. Мен операция тосудамын. Сәлем. Көп сәлем.

P.S.Әбдіжәміл, Зейнолла бәр-бәріне көп сәлем. Республика мерекесі бәріңе де құтты болсын, мен – жүрекпен, тілекпен бәріңмен біргемін Мұхтар».

Бұл өсиет. Мұхтардың сол «жүрекпен, тілекпен бәріңмен біргемін» деген ақтық демінің табын, шығардағы жанының жылуын сақтап қалу ғана парыз болатын. Өкінішке орай, осы ақтық лебізде аты аталған «жүрегіне ұқсап соққан жылы тамырлы жан бауырыңдай сезінген» бір қылжыр өзінің романынын «Абай жолынан» асырып бағалату үшін А.Марченко деген жалдамалы сыншыға мақала жаздырып, Мәскеуде бастырды. Тек Т.Ахтанов қана «Ол биік бізге әлі алынған жоқ» деп, досының ізін жаймалады. Бұл Мұхтар Әуезовке өлгеннен кейін істелген көрқаптық сатқындық еді. Талант қуаты Мұхтар Әуезовтен кейінгі тегеуірінді, жандүниесі жарасымды Тахауи Ахтанның қалам күшін «қазақы күреске» салып, шашыратып та жіберген сол досының «достығы» еді. Дертке шалдығып, қиналып жүргенде М.Әуезовтің мұрай-үйінде айтқан өкініші менің жүрегімді әлі де сыздатады.

Өмір, шіркіннің. өлім келгенде ғана опындырып, ойландыратыны қандай ащы әділетсіздік. Осыдан тура он жыл бұрын бет көріспейтіндей боп бет тырнасқан, Мұхтар Әуезовтің дүниеде қайтқанын естіген Қажым Жұмалиев өзінің досы Сәйділ Талжановқа:



Қ.Жұмалиев: «Біз Мұқаңның қайтыс болғанын Москваға бір станция қалғанда естідік. Суық хабар жай түскендей әсер етті.Ол кісіні осынша тез, ойламаған жерден қайтыс болады деп кім ойлаған! Көре алмай қалғаныма бір қайғырсам, өз қолымнан топырақ сала алмағаныма екі қайғырып, қазір маған әдебиетіміздің бір босағасы үңірейіп қалғандай, дел-салмын. Өлді деуге тіл барып, көңіл сенуі мүмкін емес тәрізді. Уланған іш, қамыққан көңіл, қайғылы хал, көзге іркілген жас, ойлаған сайын бір жерге тоғысады да, түнде – ұйқыны, күндіз – күлкіні сиретіп, мең-зең етеді. Ол мәңгі тірі, артына өлмес еңбек қалдырды, арманы жоқ қой деп, өзімді жұбатпақ боламын. Бірақ ол сықылды зор талант әлі де өмір сүріңкіресе, көптеген асыл еңбектер бермес пе еді? Мұхаңның өліміне қайғырмаған жан болмас. Сол қатты қайғырушының бірі – мен. Басқаларға көңіл айтып, тірілердің өмірі ұзақ болуына тілектеспін. Жолдастарға сәлем айт. Қажым. 30.УІ – 61 ж.»,– деп хат жазыпты.

Иә, «уланған іш, қамыққан көңіл, қайғылы хал, көзге іркілген жас, ойлаған сайын бір жерге тоғыспай, түнде – ұйқыны, күндіз – күлкіні сиретіп, мең-зең етпеуі» үшін Мұхтар Әуезовтің «өмір сүріңкірегені» Қажым Жұмалиев үшін ғана емес, ұлт үшінде дұрыс болатын еді. Бірақ ол үшін көзі тірісінде күйкі тірлікпен күн кешпеуі керек еді. Ондай тыныштықты оған кім берді, тіпті, осыны жазып отырған Қажымның өзі тыныштық берді ме? «Тірілердің өмірінің ұзақ болуына тілектестік» білдірмей, Әуезовтің бір аяғын төрге, бір аяғын түрмеге басқызып қойды емес пе?!.. Ендеше...

Жә, жоғарыдағы хаттағы көңіл толқуын шынға балайық. Мазасызданса – мазасызданатындай, «күндіз – күлкіні, түнде – ұйқыны сирететіндей-ақ» өкініш. Ал Қажым Жұмалиев сияқты азулы, қара тілді, өжет адамды «қыртыңдатып» қойған, оның азуын Абай мен Кенесарыға қарсы білеткен аяр заманы еді. Екеуінің жұлдыздары өзара қарсы болғаны – өкінішті, бірақ ол қасірет емес. Қасірет – бірімен бірі қаржасып жүріп, халықтың тағдырын шайқалтып жібергені.

4.

ҚОСЫМША

1951 жыл. Жазушылар жиналысы.

М.Әуезов жолдас: «Правда» газетінің осы жылғы 30 ақпандағы «Сынау орнына мадақтағандық» атты мақаласы Қазақстанның жазушылар қауымының талқылауына ұсынылып отыр, ал бұаған оның бар жағынан алғанда да өмірлік, заңдық, саяси-идеялық негізі бар. Осы мақаладағы пайымдаулардың басты обьектісі ретінде, әрине, бұл талқылаудан мен де тыс қала алмаймын.

Сонымен қатар, жалпы мақала туралы өзімнің көзқарасымды анықтай отырып, ең алдымен мынан мәлімдеймін: менің түсінігімше «Правданың» мақаласы – партияның, кеңес халқының бізге бағытталған үні. Және ескерту берген, обьективті сынаған, әділетті дауыс. Аталған мақаланы көп рет қайтара оқығандағы менің алған әсерім осындай.

«Правданың» бұл сөзін онда көтерілген мәселелердің, менің шығармашылығыма қаратыла айтылған сыни ескертпелердің шеңберінде ғана түсінуге тырысқамын жоқ, керісінше, кең ауқымда терең түсінуге ұмтылдым, өйткені осы мақала арқылы біздің қоғамдық пікірімізді қалыптастыратын мұндай беделді мінбенің бүкілодақтық көлемді деңгейде менің қайраткерлігіме назар аударғанына құрмет көрсетіп, лайықты бағалауға мен міндеттімін.

Мен шын асылды қадірлей білуге тиіспін және және онда жанашыр-жақындықпен, батыл, негізді айтылған сөздердің ішінен өзімнің алдағы іс-әрекетіме пайдалы пікірлерді барынша іріктеп алуға міндеттімін, бұл сөздер жетістіктерді сызып тастап, жазушының жеке басына үкім шығару үшін айтылмаған, қайта сол жазушының еңбегін барынша құнды, барынша пайдалы ету жолында кедергі келтіретін қателіктерден арылту үшін айтылған.

Мұның барлығы тұтастай алғанда қазақ кеңес әдебиетіне, оның идеялық тазалығына деген асқан қамқорлықты көрсетеді, соның ішінде маған – кеңес суреткеріне деген, кеңес жұртшылығының маған деген үлкен сенімін ақтасын деген қамқорлықты сезініп отырмын. Мұның барлығы: Ленин-Сталин партиясының маған, кеңес қазақ жазушысы ретіндегі тағы бір нақты қамқорлығы екенін түсінбесем, онда мен кеңес жазушысы деген атқа лайық болмаған болар едім.

Осындай алғышарттарды алғай отырып З.Кедринаның мен туралы кітабіна мақалада көрсетілген мен туралы көзқарас тұрғысынан қараймын. Бұл кітап менің де, қазақ кеңес әдебиетіне де пайдасын тигізу үшін жазылмаған, бұл – жазушыға және оның шығармашылығына кеңестік принципті бұқаралық сынның қазіргі талабы тұрғысынан жауап беретін кітап емес. Кітап жалаң мадақтауға құрылған, ол «Правданың» мақаласындағы: «М.Әуезов, өзге де кеңес жазушылары сияқты, оның жетістіктері мен кемшіліктерін көрсететін принципті әділ сынға зәру», – деп әділ айтқан негізгі талабына жауап бермейді.

Көзі тірі жазушы туралы газет, журналдағы кез-келген мақала, кез-келген оқулықтағы, жинақтағы, арнайы монографиялардағы, қыл аяғы диссертациялардағы пікірлерді оның жеке басы мен жеке шығармашылығының жылнамасына айналдыруға қақы жоқ, тірі авторға ескерткіш қоюға тырысуға да құқы жоқ. Зерттеп отырған авторын өмір сүріп жатқан замандастарынынң, жазушылардың ортасынан бөліп алып, жеке тұғырға шығаруға ұмтылған Кедринаның ұмтылысы әбестік. Оның үстіне отбасылық, тамыр-таныстық, топтық пиғылдың мүддесін көздеп бір авторды екінші автордан жоғары қою – орынсыз дәріптеу, ұятты және зиянды талпыныс болып табылады.

З.Кедринаның кітабына байланысты менің кінәм – одан менің шығармашылығымды талдау барысында обьективті бағыт ұстанып, сыни тұрғыдан талдап, пайымды тұжырымдама жасауды қатаң талап етіп, ескерту жасамағандығым.

Бұл қолжазбаны 1950 жылдың басында оқып шыққаннан соң, мен оған: менің 1932 жылға дейінгі шығармашылығымды зерттеудің қажеті жоқ, егер қажет бола қалса, өткенімді сыни тұрғыдан қарастыр, – деген болатынмын.

Осы әңгімеден кейін қалғандарының барлығын Кедринаның өзіне сеніп тапсырдым. З.Кедрина – маған жауапты, байсалды сыншы боп көрінгендіктен де, оған сеніп қалуым да менің қателігім болып табылады, оның үстіне З.Кедринаның кітабін Москвадағы Кеңестік жазушылар одағының президиумының қолдауымен «Советский писатель» баспасының өзі жоспарға енгізген еді. Ол кітап Сталиндік сыйлықтың лауреаттары туралы басылымдардың қатарында 1949 жылығ яғни, мен сыйлық алған жылы жариялануға тиісті еді. Бұл сериямен шыққан кейбір кітаптар, мысалы Е.Мозольковтың «Якуб Коластың шығармашылығы», Брайнинаның «К.Фединнің шығармашылығы» туралы кітаптар бүгінде Сталиндік сыйлыққа ие болып отыр.

Маған белгілісі, З.Кедринаның кітабі Қазақ әдебиетінің Москвадағы онкүндігінен кейін іле-жазылып, соңғы уақытқа дейін ұсталып тұрғаны. Бқл кітаптың өзінің жеке редакторы бар, ал Москвадағы баспалармен менің ешқандай да байланысым, өзара ықпалым болған емес.

Мұнымен қоса, белгілі сыншы ретінде З.Кедрина туысқан республикалардың көптеген жазушыларының шығармашылығы жөнінде орталық баспасөзде пікір білдірді және қазір де ол аса кең таралған және беделді басылым «Литеретурная газетаның» туысқан республикалар әдебиеті бөлімін басқарады. Ол тек қана Әуезовтің шығармашылығы туралы емес, сонымен қатар Мұқановтың, Мұстафиннің, Мүсіреповтің, т.б. шығармашылығы жөнінде журналдық, газеттік мақалалар жазды. Менің шығармашылығым жөнінде, соның ішінде менің «Абай», «Абай жолы» романдарым туралы 1949 жылы осы «Правда» және 1951 «Известия» газеттерінің беттерінде мақала жариялады.

Мұның барлығын айтып отырған себебім, жеткілікті дәрежеде дербес пікірі бар қуатты сыншы, сондықтан да өзінің мақалалары мен кітаптарына өзі жауап бере алады, бұған қоса айтарым, менің шығармашылығым туралы бұл зерттеуін декада кезінде мен жөнінде жазылған, жарияланған материалдардың, тыңдаған баяндамалары мен пікірлердің, менімен ғана емес, Қазақстанның өзге де жазушыларымен жүргізген сұхбаттарындағы пікірлердің негізінде жазды.

Шындықты қалпына келтіру мақсатында келтіріп отырған бұл мағлұматтардың өзі бұл кітапты Кедрина менің қолпаштауыммен, арбауыммен, қитұрқылығыммен және менің топшылдық ұмтылысыммен жазбағанын анық көрсетеді, З.Кедринаның өзім туралы кітабін сынай отырып, оны жақтамай, керісінше, міней сөйлеуімнің себебі де, міне, сондықтан.

Мақалада көрсетілген менің шығармашылығым жөніндегі нақты ескертпелерге келетін болсақ, мен ең алдымен Абай туралы романдарға тоқталамын.

Мақаладағы: романда Абайдың және бұқара жұртшылықтың Кенесары Қасымовтың халыққа қарсы рекациялық қозғалысына көзқарасы екіұшты емес, нақты және анық көрсетілуі тиіс – деген пікір өте орынды. «Ақын аға» кітабінда Кенесары мен Көкбайдың дастанын бағалауда кеткен идеялқ-саяси қателіктерімді айтқанда, бұл мәселе жөніндегі өзімнің әдеби шығармашылығым мен зерттеулерімде ұзақ уақыт адасқанымды ескере келіп, оған жадағай мәлімдеме арқылы емес, шығармашылығыммен, нақтырақ айтсам, «Абай жолы» атты кітабімда, Абайдың Кенесарының өзін де және оның қанды жорықтарын жырлаған феодалдық реакционер ақын Көкбайды да қатты сынаған көзқарасы арқылы жауап беруге ұмтылдым. Абайдың Кенесарының монархиялық-реакциялық қозғалысына көзқарасын «Правданың» мақаласында көрсетілген талаптар тұрғысынанбілдірдім, және мұны Абайдың бала кезіндегі өткен оқиғалардың қатарында емес, кейінгі, ойшыл, қайраткер Абайдың ауызымен жеткіздім, онда тек Кенесары мен Наурызбайды сынап қана қоймайды, сонымен қатар орыс халқымен арадағы достықты терең толғаныспен, айнымас сеніммен айтады.

Романның осы тұсынының әділ сыналғанын мойындай отырып, мен бұл мәселе жөніндегі өз қайшылықтарымды «Абай жолы» романының соңғы кітабінде ескеретін боламын.

«Правданың» мақаласында көрсетілген романның тағы бір кемшілікті ескерсек, ол – өткенді дәріптейтін тұстарға қатысты. Осы мәселе жөнінде романның бірінші кітабына айтылған сыншылардың дауысына құлақ түре келіп, кезінде «Абай» романының екінші кітабіна – ауылдағы таптық тартысты күшейте көрсететін бірнеше көріністер қостым. Оны кезінде біздің сыншылар да, Шаяхметов жолдас та өзінің сөзінде атап өтті.

Дәл қазір, ХІХ ғасырда өмір сүрген біраз ақындардың шығармашылығының халыққа қарсы, реакциялық мәні ашылған соң, «Абай» романының бірінші кітабінің соңғы басылымы тұсында өзіміздің «Мемлекеттік көркем әдебиет» баспасының басшыларымен ақылдаса отырып, бұрын өзім дәріптеген Дулат, Шортанбай сияқты халық ақындарына байланысты түбірлі өзгерістер енгіздім.

«Абай жолының» соңғы өңделген нұсқасында Абай Кенесарының қарақшылық қозғалысының маңызына мүлдем жағымсыз баға беретінін жоғарыда айтып өттім. Алайда тек мұнымен ғана, сегіз баспа табақ көлеміндегі өңдеумен шектеліп қалғамын жоқ, сонымен қатар жұртшылықтың абайтану жөніндегі талқыда айтылған сындары мен пікірлеріне орай да өзгерістер енгізілді.

Абай мектебі жөніндегі өзімнің қателіктеріммен қоса біздің оқулықтарда жіберілген қателіктерді сезіне отырып, романда бейнеленген Абайдың айналасындағы образдарды суреттеулеріме қатаң шығармашылық сын көзімен қайта қарадым; Абайдың ықпалы үшін күрескен, мақсаттары қарама-қарсы, өзара идеялық түрғыдан жау екі топтың: біріншісі – өткеннің дәріптеушілері, Шұбар, Көкбай сияқты панисламшыл-реакционерлер тобының, екінішісі – Абай арқылы Россиямен жақындасуды барынша жақтайтын Әбіш, Дәрмен, тағы да басқа жастар тобының тартысын суреттедім.

Әр тілде жарияланып, жылы қабылданып, соншалықты жоғары бағаға ие болған «Абай» туралы романынан біздің әділ, сыншыл, принципшіл жанашыр оқырмандарымыз бұдан да басқа менің қателіктерімді табуы мүмкін екенін мен өте жақсы білемін. Міне, «Абай» романының бірінші кітабінің жарық көргеніне де он жыл өтті. Біздің өміріміздің кейбір құбылыстарына қаншама жаңалық енді, біздің көркем шығармашылық өнімлерімізге байланысты халықтың идеологиялық саяси, мәдени-тарихи талаптарына орай қаншама маңызды, құндылықтарды өмірлік тарихи тұрғыдан қайта бағалайтын өзгерістер жасалды десеңші? Сондықтан да біздің жұртшылығымыз өзінің сыни ескертпелерін, пікірлері мен тілектерін әлі де айта бермек. Осы принципті әділ сындардың ішінен менің романдарыма байланысты құнды сенімді де шынайы ойларды іріктеп ала отырып мен өзімнің кітаптарымның келесі басылымын өңдеу кезінде пайдаланамын. Сонымен қатар бұл тілектер мен талапты орындауды өзіме міндет ретінде ала отырып, оны социалистік реализм өнерінің міндеттерін лениндік, сталиндік ұстанымға сай қоғамдық көріністерді ең сенімді даму қозғалысын суреттейтін жаңа кітаптарыма жаңа ой ретінде енгіземін.

Мен сонымен қатар қатал да әділ, принципті, жолдастық сотқа тек қана сөзбен және уәдемен емес, іспен жауап беретінімді ашық мәлімдеймін, мен мұны осы уақытқа дейін шама-шарқынша теориялық тұрғыдан жүзеге асырып та келдім.

Мен өз шығармаларымның көзі тірі авторы ретінде өмірдің, заманның, тарихтың тірі дауысына құлақ аспауым мүмкін емес, ол дауыс маған көмек ретінде үн қататынын білемін және сенемін. Маған қаратылған сыни ескертпелерде жақсыны жақсы деп танитынын, ал кемшілігімді көрсеткенде менің бойымдағы сол жақсылықты мейірімге айналдырып, бұрынғыдан да құнды кеңес халқының өзінің адамгершілік жетістігі ретінде қарайтынын білемін және соған сенемін. Егер де мен өмірдің дауысын, барлық жазушыларға ұлы шабыт беруші Сталин жолдас басқарған партияның дауысын тыңдамасам, онда мен ең сорлы өзімшіл топас, дарынсыз көбік, қыңыр, қазақ кеңес әдебиетінің күншіл күйігі, ең соңында тынысы біткен бақытсыз жазушының өзі болған болар едім.

Иә, мен тек қана өткенді суреттейтін романдарымда ғана емес, сонымен қатар бүгінгі тақырыпқа қатысты маған қойылып отырған талаптарға творчестволық тұрғыдан жауап беруге ұмтыламын.

Бұл орайдан алғанда партияның ХІХ съезінің шешімдерінен туындайтын және Қазақстан КП Орталық Комитетінің театр репертуары туралы желтоқсандағы шешіміне жауап ретінде мен қазір «Алуа» атты – кеңестік қазақ әйелі, райкомның хатшысы, социалстік еңбек ері, ғылым кондидаты, тарих ғылымындағы буржуазиялық ұлтшылдыұты әшкерелеген кеңестік қазақ әйелі туралы пьесамды жазып бітірдім. Мен бұл тақырыппен бір жарым жыл бойы жұмыс істедім, бұл пьесаны бітіргеннен кейін де өзімнің алдыма қойған басты мақсатым партия жетекшісінің образын сомдау. өткен жылдардағы менің жіберген қателіктерімді көрсеткен сынға жауап ретіндегі менің бұл мақсатымның жүзеге асуына көпшіліктің көмектесуін өтінемін. Менің аса үлкен идеялық ойымның абыроймен жүзеге асуына көмектесулеріңізді өтінемін. Біздің қазақ кеңес әдебиетінің бүгінгі күнді тақырыпты игерудегі жетістікке жету жолындағы күрделі мәселені жүзеге асыруға көмектесуді өтінемін.

Менің қазақ және орыс тілінде жарияланған мақалаларым мен зерттеулерімдегі буржуазиялық ұлтшылдықты дәріптеген қателерім «Правданың» мақаласында орынды аталып өткен. Олардың саны мақалада көрсетілгеннен де көп. Олардың біразына 1951 жылғы Кенесары Қасымовтың қозғалысына байланысты «Правданың» мақаласын талқылау тұсында тоқталып, өзімнің өткендегі және кейінгі жылдардағы қателіктерімді мойындаған болатынмын. Қазақ ССР ғылым академиясы коллективінің мәжілісінде, жазушылар одағы мен тіл және әдебиет институтының жиналысында, сонымен қатар, Алматы қаласы интеллегенттерінің жалпы қалалық жиналысында сөйлеген сөзімде өзімнің әдебиеттану саласындағы өрескел қателерімді мойындаған болатынмын. Осы жиналыстардағы және біздің республикалық баспасөздердегі әділ сындарды ести отырып, Қазақстан компартиясы Орталық Комитетінің VІІІ пленумындағы Шаяхметов жолдастың баяндамасында және республика партия ұйымының V және VІ съезінде менің өрескел идеялық саяси қателерімнің көрсетілгені есімде және оны білемін.

Ғылыми зерттеу саласындағы қателерімді қайта қарау барысында мен қазір Абай туралы монография жазу үстіндемін. Мен онда өзімнің және басқа да зерттеушілердің Абайтанудағы жіберген идеялық саяси қателерін түзеуге тырыстым. Қазақ ертегілері туралы зерттеуімді кеңес фольклористикасының талаптарына сай маркстік-лениндік түсініктің негізінде қайта жазып шықтым.

Қазақ эпостары, лиро-эпостары тарихи жырлар туралы өзімнің бұрынғы және кейінгі кездегі қателіктерді де білемін және есімде. Осы аталған еңбектердің әрқайсысындағы жіберілген қателіктерге дәл қазір тиянақты түрде талдауға мүмкіндігім болмағандықтан да сол кемшіліктердің барлығына ортақ және ең бастына ғана тоқталамын. Оның басты себебі, мен әдебиеттануға нағыз ғылыми тұрғыдан үлкен біліммен, әсіресе, әдебиеттану саласында маркстік-лениндік тұрғыдан дайындықсыз келдім. Отыз жылдан бергі өмірімнің әр тұсында әрқандай мақалалар, сөздер, зерттеулер жаздым. Дәл қазір анық түсінгенім – 1938 жылға дейінгі буржуазиялық ұлтшыл идеялық ұстанымым мен кейінгі мұндай өрескел көзқарастан идеялық, творчестволық тұрғыдан жырақтап кеткен кезімде де бәрі бір мен ұзақ уақыт бойы марксизм-ленинизм философиясына сүйенген шынайы ең сенімді әдебиеттану ілімін бойыма сіңіре алмадым. Сондықтан да біздің кеңестік вуздардың оқулықтары мен ғылыми зерттеу мекемелеріндегі бағдарламаларын идеялық-методологиялық қате тұжырымын кеңестік ғылымының жетістігі ретінде бағалап келдім. 1932 жылдан кейінгі өзімнің кейбір қателіктерімді бұрынғы және қазіргі қазақ әдебиеттанушыларының барлығына ортақ қате деп есептеймін. Бұл орайдан алғанда мен кейбір әдебиеттанушылардың «Правда» газетінде жалған ғалым деп дұрыс баға берген, өзінің және оның достарының қателіктері кездейсоқ қате деп сендірген (ол қателіктері бір емес, екі емес, жиырма рет қайталанса да), ал сол мәселе жөнінде, сондай мазмұнда тура өздерінің пікірі сияқты Әуезовтің қателігі – қасақана қателік, яғни Алаш Орданың идеясы дегісі келген Жұмалиев сияқтылардың пікірлерін мойындамаймын және жоққа шығарамын.

Мен бұл өзін өзі ақтауға ұмтылған жалған ғалымдардың – топшылдардың, өздерінің қателіктерін өзінен өзі түсінікті мәселе деп жортақтатып, біреудің қатесін ауырлатып, бір мәселе жөнінде айлылған біртектес пікірлердің иесінің бір тобын ақтап, екішісін қаралайтын мұндай топшылдарды бұрын да әшкерелеп келгенмін, қазірде әшкерелеймін. Олардың ойынша қарапайым адамдар үшін бір бөлек, таңдаулылар үшін бір бөлек қате бар сияқты. Партияның сын және өзара сын туралы міндеттері мен жалпыға ортақ идеясына осы қылық та сай келе ме? Бұл топшылдардың осындай сорақы өзгертімдері партияның ұранын мазақтау емес пе? Иә, бұл жекелеген сорлы, өзімшіл адамдардың өз кемшілігін жасыруға ұмтылғандығы, жекелеген жазушылардың өрескел қателігі. Қазақстан партия ұйымының жетекшісі Шаяхметов жолдатың ауызымен Жұмалиев пен Мұқановтың және менің де буржуазиялық ұлтшыл қателігімді көрсеткен партияға рахмет.

Менің қателіктеріме қоса және менімен бірге Мұқановтың қателіктерін күн тәртібінде талқылауға себеп болған - «Правдаға» рахмет. Сондай-ақ, Жаймурзин жолдастың баяндамасынан бастап Әбішев жолдастың және де басқа да жолдастардың біздің қателіктерімізді тең дәрежеде көрсетуіне мүмкіндік берген осы мәжіліске де рахмет.

Жалпы алғанда өзімнің ғылыми зерттеу жұмыстарым туралы айта келіп, таяу жылдардағы творчестволық міндеттерімді іріктеп, саралай келіп, мынандай шешім жасағанымды айтып өткім келеді: бір мезгілде аса ауқымды көркем шығармашылық жұмыспен қатар ауыр еңбекті қажет ететін әдебиеттану саласындағы ғылыми жұмысты қатар алып жүру өте қиын, мүмкін де емес және осы уақытқа дейін оларды қатар алып жүруге тырысқаным құр әурешілдік сияқты.

Ғылым бәйбіше-тоқалдықты көтермейтін кірпияз сала десек, көркем әдебиет одан да өткен қызғаншақ кәсіп.

Мен қазір жиырма бес, отыз жаста емеспін. Қызмет істей алатын он-он бес жыл ғана уақыт бар, ендеше өзім үшін ең қолайлы, ең сенімді (әрине, ғылым саласындағы педагогикалық қызметімді сақтай отырып) тек кәсіптік тұрғыдан барынша дайындығым күшті, күнделікті шығармашылық тәжірибем қалыптасқан көркем шығармашылықпен айналыссам деймін.

Сонымен қатар ғылым мен әдебиеттанудағы менің сыншыларымның да көп екенін ұмытпауларыңызды өтінемін. Өйткені, әдебиет тарихы ғылымының кейбір мәселелері, өткенге қатысты кейбір тақырыптарды мен өзімнің ұзақ жылдар айналысқан жазушылық қызметімнен кейінгі көркем шығармаларымнан кейінгі екіші, кейде үшінші мәселе ретінде қарастырдым. Менің «Еңлік-Кебек», «Айман-Шолпан», «Қобыланды» пьесаларыммен және «Правда» осы мақаласында жоғары бағалап, объективті түрде баға берген он екі жыл бойы жазып келе жатқан «Абай жолы» романын еске алыңыздаршы. Фольклорлық тарих тақырыптарға жазған барлық шығармаларымда идеялық көркемдік тұрғыдан дұрыс баяндауда ғалым-зерттеуші ретінде емес, жазушы ретінде табыстарға жеттім. Тақырыпты көркем тұрғыдан игеру барысында мен маркстік диалектиканы творчестволық тұрғыдан терең меңгере алдым.

Ең бастысы мен қазір бүгінгі күнгі біздің өміріміздің өткір шындығын бейнелейтін пайымды да, көлемді көркем шығарманы дүниеге әкелемін деген сеніммен үмітті өмір сүріп келемін. Өзіме-өзім: алып та жығатын, шалып та жығатын шабытты өмірімнің ең жасампаз кезеңіне қадам басқандай сезінемін.

Сондықтан да мен сіздерге: менің алға басқан қадамымыды өткен дәуірде жазған «Абай» романымен өлшемеңіздер, мені сол романдарда жеткен жетістігім мен шыққан биігіммен ғана өлшемеңіздер. Біздің әділ де, талапшыл принципті сынымыз сол кіиаптардағы кемшілігімді жоюға көмектессін, маған және біздің мұқым қазақ әдебиетіне көмектесе отырып, менің алдағы уақыттағы ең басты мақсатыма – біздің кеңестік адамдар туралы – коммунизм құрылысшылары туралы біздің кеңестік бұқараның өміріне сай, партияның талабына сай жақсы жазуыма, шын мәніндегі үлкен полотно тудыруыма қол үшін берсін.

Сөзімнің осы бөлімін аяқтай келе, Одақтың төралқасынан менің осы мәлімдемемді республикалық баспасөзде жариялауға көмектесуін өтінемін.

Жолдастар, жазушылар одағындағы жікшілдік және оған менің қатысым туралы мәселе де талқыға ұсынылып отыр. Өткен жолғы үзіліп қалған жиналыста Жароков жолдас менің тобым-мыс делінетіндердің қатарында қазір саяси қылмыстары әшкереленіп отырған Сүлейменов пен Мұхамедханов бар-мыс деп дәлелдеуге тырысты. Бәрінен бұрын айтарым, біріншіден, мен дәлелсымақтың шындығы мен қисынына тоқталайын. Мен Жзаушылар одағының ішіндегі жазушылардан топ құрғаным шын болса, онда өз тобыма мүше етіп жазушыларды емес, неге сырт адамдарды тартамын? Сүлейменовтің де, Мұхамедхановтың да жазушы емес екені бәріңізге белгілі емес пе. Ендеше жазушылық шығармашылыққа қатысы жоқ, жазушылардың ортасымен байланысы жоқ адамдардан құралған жазушылар одағындағы ұайдағы топ? Алайда бұл адамдарды менің тобымның , немесе мені олардың қылмыстық, дұшпандық тобының мүшелерінің қатарына қосып жүр. Әр нәрсені атымен атасақ, онда кейбір адамдар жер бетіндегі барлық күнәні маған үйіп-төгіп, мені тура осылай көрсетуге дайын тұр!

Мен мұндай ауыр айыптаудан түбегейлі бас тартамын, бас тартып қана қоймаймын, мені бұлай тұздықтауын ызамен айыптаймын.

Сүлейменовтен бастайын. Осы жерде отырғандардың көпшілігі оны кезінде көзіміз көріп, құлағымыз естіген әрекеті арқылы қандай деңгейде білсе, мен де оны сондай дәрежеде ғана білемін.Оның ішкі пиғылы қандай еді, халық жауының элементі ретінде не ойлап, не бүлдірді? Оның бұл жағы сіздерге қандай белгісі болса, маған да сондай көмескі.Әрине, ол қашан тұтқындалғанша мен оның жаулығын аңғарғамын жоқ. Онымен қосылып ешқандай жұмыс жасағамын жоқ, ешқандай шығармашылық ой бөліскемін жоқ, сондай-ақ менің шәкіртім де емес, мен – филологпын, ол – тарихшы.

Сондай-ақ Мұхамедханов туралы да айта кетейін. Абайтану жөніндегі талқылаудың нәтижесінде анықталған, менің баяғыдан бергі қалыптасқан Абай мектебі туралы қате көзқарасымды негзге алған оның жұмысын қолдағаным рас, бұл менің қателігім. Оның сол кезде Абайдың отанынан жинақталған, маған бұрын белгісіз жаңа материалдардың негізінде жүргізген зерттеу жұмысын тұтастай алғанда қолдай арқылы тағы да бір жас кеңес ғалымының өсуіне көмектестім деп ойладым. Ал Исмаиыловтың диссертациясының қорғалуына менің ешқандай да қатысым жоқ. Алайда анықтама, бқл тұрғыдан алғанда ерекше анықтама бере кетейін, профессор –филолог дәрежесі бар адам болғандықтан да, ондай мамандардың тапшылығына байланысты, мен көптеген диссертациялардың қорғалуына қатыстым, егер ол адамдардың барлығын менің шәкіртімнің немесе жақтасымның қатарына қосса, онда докторлық немесе кандидаттық дәреже алғандардың өзі 24-25 адамға жетеді, солардың ішінде әшкереленген, жау адамдардың саны екеу, оның біреуі – қырғыз Саманчин, екіншісі – қазақ Мұхамедханов. Әрине, бұл екеуінің де болмағаны дұрыс еді. Олардың кім екенін алдын-ала білсем, оларды кқпшіліктен көрі көбірек білсем, олардың ортасында көбірек болған болсам, онда біздің қоғамға жаулықпен қарайтын, қылмысты адамдарға сөзсіз қолдау көрсетпеген болар едім.

Осы себепке байланысты, Сүлейменов пен Мұхамедхановқа қатысты, менің олармен әшкерелік байланысым жөнінде сөзімді қорытындылай келе, айтарым мынау: анық көрініп тұрған нәрсеге көзді жұмып қарау – анықты танық деу болса, менің атымды мұндай оңбаған қылмыстық типтермен байланыстырып, мені де ағаш атқа теріс мінгізу де сондай ақылсыздыққа жатады.

Намыс пен абырой туралы, менің жеке басымның абырой-намысы туралы болмаса да, жеке тұлғаның, тым құрығанда еңбекші қазақ халқының социалистік кеңестік мәдениетінің қандай да бір жетістікке жетуіне септігі тиген жауапты қазақ кеңес жазушысының абырой-намысы туралы да ойлаған дұрыс.

(Ең соңғы жан айқай)

Топшылдық мәселесі жөнінде тағы да мынаны айта кетейін: маған Қазақстан жазушыларынан басқа жақын орта, олардан жақын адам, олардан артық тығыз араласқан дос менде жоқ. Олардың арасында менен жасы үлкендер де, 20 жылдан астам уақыт бойы таныс жазушылар да бар, мысалы, Қалмақан, Жақан, Сапарғали, Асқар, Ғали, Әбділдә, Тайыр, мен сендерден сұрап тұрмын, айтыңдаршы, Мұқанов жолдасқа қарсы топ құру үшін мен сендерді қандай бір кезде болмасын, үгіттедім бе, жолдарыңнан тайдырдым ба? Біздің қатарымызда жас жағынан алғанда кіші: Жұмағали, Әлжаппар, Әбу, Дихан, Дмитрии Снегин, Леонид Макеев, Хамит, Мұқан, Сейтжан, Жұбан және көп, көп жазушылар да бар, қане сендер де айтыңдаршы, Мүқановқа қарсы күресуге сендерді қайрап салдым ба, тіпті, бір ауыз сөзбен емеуірін таныттым ба? Жоқ! Ондай оқиға болған емес! Соған ұарамастан жікшілдік болды, бқл жөнінде бүгін осында сөйлеген жолдастар дұрыс айтты. Біздің осы қырғи қабақ қарым-қатынасымыз, жікшілдігіміз біздің оқырман қауымының да «тілін емізіп» жүр. Егерде бұл туралы «Правданың» өзі жазып отырса, онда шынымен де асқынып кеткен екен.

Ал топқа бөліну үнемі шығармаларды талқылау барысында басталады, ондай топшылдық менің де, Мұқановтың да басында бар. Өзінің шығармашылығын қызғыштай қоритын мұндай табиғи ұмтылыстың соңы дертке айналды. Өзіңнің ішіңдегі пиғылдан азат болмай, таза сана, нәзік сезім, жарқын ойлы шығарма тудыра алмайсың. Ал бұл пиғыл сөзсіз сені өзімшілдікке, қызғанышқа, тағы да басқа ішмерездікке алып келеді.

Алайда, осындай көріністермен қатар, біздің арамызда өзімізге аса қажетті обективті, талапшыл, нақты, шынайы жазушылық сынның да бар екенін айта кету керек. Соңғы пікірге орай менің айтарым мынау, әәһрине, тыпнақшаның ішінде, иә, мен топ құрып келдім, тобымды көбейте беремін, алдағы уақытта да ол топты нығайта беремін, менің бұл тобым – нашар шығармаларды аяусыз сынайтын болады, өкінішке орай, Мұқановтың ішінара шығармалары сондай болып шытыны бар.

Менің ойымша, біздің бұл арадағы кезекті әдеби күлдібадамдар туралы пікірлеріміз, бағалауларымыз бір жерден шықты ғой деп ойлаймын.

Әрине, мұндай жағдайда мен өзімнің пікірімді барлық жазушыларға бірдей ашық білдіре бермеймін, ең алдымен өзім жақсы араласатын, өмірдегі дос адамдармен көзбе көз отырып пікір бөлісемін. Ал мұның барлығын мен сынап отырған автор: өзіне деген менің дұшпандық ұстанымым, сол авторға деген, тіпті кеңес құрылымына деген жаулығым деп, ол аздай алашордашылдың дұшпандық қастандығы деп баяндайды.

Ал осы авторды бірек сынай қалса, егерде оның өзіне жақын дос-жар адамы болмаса, онда бұл адамдарды мен әдейі қайрап салды, оны қасақана ұйымдастырған мен деп тон пішеді, көп жылдан бері орын алып келе жатқан, тым асқынып кеткен мұндай әшкерелі шеңберден, тұңғиық тұйықтан қалай шығарымды білмедім.

Бұл мәселені талқылап, шешіп берулеріңізді өтінемін, бұл дертті – қауымдық негізі әрі тәуелсіз, әрі таза, әрі қуатты, әрі намысты нық екенін сеніммен айта алатын біздің ұйымымыз бірлесіп емдесін.

Ал жолдас Мұқановқа қарата мынадай ұсыныс жасаймын: біздің жалпы жұртшылығымыз жаппай әділетті сынап отырған мына масқара қылықты екеуміз де доғарайық, мен сізді біздің ұлы Отанымздың игілігі үшін шабытты шығармашылықтың жарқын жолындағы творчестволық еркін жарысқа шақырамын!».

(№ 78 – іс, 32-45 беттер).

Сталин өлген, Берия ұсталған. Бір еркіндікті сезген сияқты.

Хххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххх

Бұған Сәбит Мұқанов:

«Нұртазиннің кітабі жарық көрген соң жауапты бір қызметкер менен: Нұртазин Сіздің туысыңыз емес пе?, – деп сұрады. Оның менімен ешқандай туыстық жақындығы жоқ екенін ашық мәлімдеймін. Неге екенін білмеймін соңғы жылдары Мұстафин екеуміздің арамыз ашылып кетті. Оған дейін ол менің ең жақын досым болды. Мен оған өте көп көмектестім. Оның романында көптеген кемшіліктер бар. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген. Мен Мұстафин жолдасты, сол арқылы мұқым жазушылар одағын қатты соққыдан құтқарып қалдым деп есептеймін. Себебі ол, алашордашылар мен олардың пікірлеріне кең жол ашып қойды. Мен оны ұлтшылдықты дәріптейді деп айтып отырғамын жоқ. Мысал ол: «Өнеркәсіп ауыл шаруашылығын жұтып қояды» – дейді. Мұстафинді партияласы жолдасым және қаламдас досым деп есептеймін. Ұзақ жылдар дос бодым, жазушы ретінде өсуіне көмектестім. Сондықтан да оның романында бұғып жатқан қателікті арылттым. Ал қазір онымен Әуезов жолдас жәмпейлесіп жүр. Романның жақсылығын айта отырып, оның кемшіліктерін де көрсетейік. Шындығында да, осының барлығын қойып, ол жазушы маған дос па, жоқ, дұшпан ба, оған қарамастан оның жақсылығын ашық, кемшілігін бетіне айтайық (Әуезов: Дұрыс!).

Әрі қарай. Ұзақ уақыт бойы Тәжібаев жолдас өзінің «Біз қазақпыз» дастаны үшін өте қатты сыналып жүрді. Тура сол кезде Әуезов жолдастың «Литературная газетада» мақаласы жарияланып, онда осы пьесаны мақтады.

Мен Сіздің ұсынысыңызды қабылдаймын және бізді сыйлайтын осы аудиторияның алдында: топшылдықты доғарып, өзімнің шығармашылығымды дұрыс жолға қоямын, – деп мәлімдеймін.

Президиумның осы мәжілісінің алдында бұл мәселе жабық партия жиналысында талқыланды. Онда бұдан да қатаң және әділетті пікірлер айтылды, менің шығармаларымдағы жекелеген кемшіліктер қатты сыналды. Жекелеген адамдар мұны пайдаланып Мұқановтан есе қайырғысы келіп жүр. Мен – кеңес адамымын, мен партиядағы адаммын, сондықтан да «Правданың» мақаласына жауап бертін шығарма жазатын күш-қуатты бойымнан табамын – деп ойлаймын».

Иә, жүні жығылған, сөзі пәс, үні әлсіз. Соның өзінде екі-үш жерде М.Әуезовті шымшып өтеді. Өзінен күштің кеткенін, жүктің Әуезов жаққа ауғанына нәумез болып қалғаны анық байқалады. Отыз бойы атойлаған Алаш идеясы да оған бұл жолы азық бола алған жоқ.

Уақыт лебі солай. Бұл бір белгісіздік тылсым маусымы болатын.

Ә.Жаймурзин өзінің қорытынды сөзін: «Мен қорытындыны созып жатпаймын. Өйткені сөйлеген жолдастар дертті мәселелер жөнінде өте нақты пікірлер айтты және өте дұрыс айтты. Әуезов пен Мұқанов жолдастар өздерінің қателіктерін мойындады, олардың сөзін барлықтарыңыз тыңдадыңыздар, менің ойымша, бұл сөздердің шындығы іс жүзінде сыналады. Бұл жолдастар өздерінің сөздерінде тұрады және уәделерінің шынайылығы мен ақиқатын дәлелдеп береді – деп сенемін», – деп тұжырымдады.

Біз осынау шағын ғана денелі, кесіп, нықтап сөйлейтін Әбдірахман Жаймурзинмен үйінде де, түзде де ұзақ-ұзақ әңгімелестік. Тура пікірлі адам партиялық тапсырмамен жазушылар одағын басқаруға келгендегі ең басты мақсаты – екі алыптың айтысын тоқтатып, арасын қиюластыру болғанын, осы жиналыс арқылы соған уақытша тоқтау салғанын талдай отырып айтты. Әсіресе, С.Мұқановты ығынан қайыру, М.Әуезов қолды болса, мұның өзін де аман сақтап қалуға шамасы жетпейтініне сендіру, өте қиынға соғыпты. Партия жиналысында мұны ашық ескерткенде, әйтпесе, оны партиядан шығару туралы мәселе қоятынын айтқанда ғана, шарасыз қалыпты. Ал партиядан шығу деген сөз – түрмеге қамалумен бірдей еді. С.Мұқановтың жоғарыдағы сөзінің пәс шыққанында осындай астар бар еді.

Хххххххххххххххххххххххххххххх

Тіркелген күні 12 мамыр, 1953 жыл. Жазылған күні 2 көкек. Араға бір ай он күн өткен. Университеттен шығуы себеп болған. Тәжірибелі түрмегөй ретінде қызметтен босатылу – түрмеге түсудің тықыры таянғанын білдіреді.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   53   54   55   56   57   58   59   60   61




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет