Көкіланды көп айттыңыздар. Ондағы мақсат сол заманның тілін көрсету ғой. Сіздер қазақ халқының ұғымындағы тарихи дейсіздер, ол дұрыс емес деймін. Жолдастар, мен бұл пьесада жаңалық іздедім. Бұл шығармам патриоттық шығарма. Менімше тарихқа аудар деген сөз, ол жазба деген сөз. Театрда оқығанда пьасаны жақсы деп едіңдер, енді отвергайт етіп отырсыңдар. Шынында жазушылар ұйымында оқығында соңғы редаксиясы болмайды ғой. Сондықтан айтылған замечанияларды театрмен, режессермен түзеуге тапсырып, пьесаны неге қабылдамайсыздар? Көкіланды түзеймін, Құртқаны да қараймын. Қобыландының ролін күшейтінкіреймін.
Ұсыныс: Жолдас Әуэзовтің “Қобыланды” атты пьесасындағы көрсетілген кемшіліктер тағы да түзетуді керек еткендіктен, театрмен істесіп қарап шығу авторға тапсырылсын. Содан кейін Жазушылар ұйымынын Президиумында қаралатын болсын»,– деген пікірлер айтылды (194 іс).
Ал осы хаттаманың 1943 жылы 27 күні көкек орыс тіліндегі нұсқасында «Қобыланды батыр» пьесасының сюжеті мен тілін мақұлдай келіп, Жазушылар ұйымынын Президиумы туындының идеялық-көркемдік сапасын төмендететін мына кемшіліктерді атап өтті:
а) Қазақ халқының ең сүйікті батыры Қобыланды батыр лирикалық-тұрмыстық сыпатта суреттелгендіктен де оның өз ұлтын қорғаған ерлігіне нұқсан келген;
б) Орта Азия халықтарының үнемі өзара қақтығыса беруінің қоғамдық шындығы ашылмаған, тек әйел үшін арпалысқа құрылған, сондықтан да лтанды жаудан қорғау идеясы ашылмаған.
в) Эпостық батырға тәне емес мифтік бейне Көкіланды енгізуі және оның бүкіл сюжетке тікелей аралысып отыруы батырлық жырдың құнын түсірген. Жазушылар ұйымынын Президиумы мұны дұрыс емес деп шешті.
г) Қыпшақ пен иран арасындағы шайқасты ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дұшпандық ретінде көрсетілуінің қажеттігі жоқ деп есептейді.
д) Қобыландының сүйікті әйелі Құртқаның бақсы кемпір Көкіланнан тууы, ат пен қару-жарақты халықтың қолынан емес, диуанадан алуы шындыққа жанаспайды.
Е) Драмалық шығарма ретінде Орақ батырдың, Қарлығаштың, Құртқаның бейнелері солғын шыққан, Көбіктінің, Алшағырдың, Қазанның Қогбыландымен күресі бірсарынды боп шыққан.
Жазушылар ұйымынын Президиумы М.Әуезовке: «Қобыланды батыр» пьесасына жоғарыда айтылған ескертпелерге сай түзету енгізіп,, қайтадан талқылауға ұсынсын – деген шешім қабылдады.
Бұл қарама-қайшы шешімдердің қайсысы дұрыс? Сақнада қойылған спектакльге қаратылған пікірлерге және жазушының қолжазбасына жүгінсек, бұл бағытта елеулі түзетулер енгізілмегені байқалады. Аралары жаңа ғана жөнге келіп, сотталғандығы туралы айыптау үкімі алынып тасталған осынау кезеңде С.Мұқановтың төралқа шешімін қадағаламауы да мүмкін. Дегенмен де осы арада бір кілтипан бар.
С.Мұқанов пен М.Әуезовтің арасындағы көңіл жықпас жылы лептің барлығы 1943 жылы 22 қараша күні өткен жазушылар одағының ІІ пленумындағы сөздерінен аңғарылады. Мұнда бұрынғыдай түйілген астарлы қабақтан көрі ашыла бастаған көңіл кірбіңі аңғарылады. Скворцов, Шаяхметов сияқты республика басшылары қатысқан пленумды С.Мұқанов кіріспе сөзбен ашты.
М.Әуезов жуырда ақындар айтысы туралы толғана сөйлей келіп:
«Мұқанов проза саласында тамаша образдар жасады. Оның өзіндік баяндау мәнері бар, қазақ прозасы үшін көп еңбек сіңірді, алайда оның негізгі табысы поэзияда. Сондықтан да мен оған қиналып жазатын прозадан көрі поэзияға баса көңіл аударуды ұсынар едім. Ішкі дайындығы пісіп жетілмеген соң романдардың көбі үстірт жазылады. Сондықтан да ішкі иірімдері таныс поэзия оңтайлы болмақ. Пушкин данышпан сияқты поэзияны да, прозаны да, драматургияны да керемет игерген таланттар сирек кездеседі. Прозағада қалам тартқан дұрыс, алайда Мұқановтың өзекті таұырыпқа арнаған шығармаларының көптеген беттерін қайта қарап, жазып шығуды қажет етеді. Шашылып, жайылып кетуге болмайды. Мұндай жайлып кетушілік Тәжібаев та да бар. Тек Орманов пен Жароков қана бір жанрды нықтап қстанып отыр...»,– деп сипай қамшылап өтті.
Бұған жауап ретінде Сәбит Мұқанов сол мінбеден «Абай» мен «Еңлік-Кебекті» жоғары бағалай келіп, кейпкерлер дайын күйде сақнаға шығады, әйелдер образы әлсіздеу дей келіп:
«Мұхтар, менің білуімше, екеуміздің арамызда ешқандай түсініспестік жоқ сияқты. Мен сізді жазушы, үлкен талант иесі, мәдениет қайраткері ретінде силаймын, бірақ, драматургиядағы жаңа тақырыпты игере алмай жатқанда, ал бұл аса үлкен мәселе, ол аспан мен жердің арасында ілініп тұрғанда, қашан жаңа тақырыпты қамтитын шығарма жазғанша, бұл бізге, әсіресе, оқиғаны жақсы құра алатын, жақсы бейнелер жасайтын, тілі тұщымды драматург саған кешірім жоқ. Тіл жөніне келсек, сен маған көптеген сын-ескертпелер айттың, бұл жағынан алғанда сенің бүгінгі күннің тақырыбына арнап жазған пьесаңның оқиғасы да, ондағы адамдардың бейнесі де, тілі де өте жұтаң. Бұл ретте Мүсіреповтің жетістігі бар. Бірақ сіз «Орыс адамдары» мен «Майдан» сияқты пьесалардың деңгейіне жеткен жоқсыз. Өйткені бұл пьесалар «Орыс адамдары» мен «Майдан» сияқты біздің драматургиямыздың үлгісі болып саналмайды. Ал сол тақыптас пьесалардың тілі жұтаң болып келеді (Бұдан кейін қазақшаға көшеді). «Абай» пьесасы әдебиетіміздің тарихында жақсы орын алатын пьеса. Мұнда Мұхтар байшыл жазушыларды негізді адам етіп алмайды... Сон соң Мұхтарда шарықтап кетушілік жоқ. Үлкен адамдардың кескіні жаңа (тақырыпқа арналған) пьесаларда көрінбейді. Қысқасы, Мұхтарда бес-алты пьеса бар. Бірақ көп жасай алмайды (жазбай жүр)... Мұхтардың тарихи пьесалары тіл жағынан шалқып жатады, қазіргі (тақырыпқа арналған) пьесалары тілге нашар, кедей. Маған Мұхтар: тілің нашар,– деді. Мен оны ұарсы аламын. Бірақ Мұхтардың өзі де оңып тұрған жоқ-ау деймін. Өйткені, Мұхтардың пьесалары бәйге алғанда, менікі де (менің де пьесам бәйге) алды. Сондықтан да қатарласпын ғой деймін (күлкі)», – деп тыныс алып барып, содан кейін – «бірақ та өткендегі ұлтшылдық сананы жеңе алмай жүрсіз» – дегенді (сонда, №198 іс, 87-бет) қыстырып қойды.
Сол күннен бастап С.Мұқанов М.Әуезовті мақтай, жақтай сөйлеген сөздерінің өзін де осыған саятын пікірмен түйрей отырып сөзін аяқтайтауды әдетке айналдырды. Қалжың да азая берді.
Сол бір жылылықты Қ.Сиранов жасаған драматургия туралы қосымша баяндамасы суытып жіберді. Ол әдебиет пен театрдағы барлық кемшілікті түйдектете төкпелей келіп:
«Кейбір жазушылар екінші бір қателікке ұрынды. Олар тар шеңберді шырмауына шырматылып алып, өздері әлдилей ардақтайтын тарихи тақырыптың айналасынан шиырлап шыға алмай жүр. Мысалы, Әуезов жолдас Абай туралы талантты шығарма жазды. Өкініштісі, Абай – бұл жазушының көп жылдан бергі жалғыз ғана тақырыбы болып келеді. Ол «Абай» пьесасын, «Абай» романын, «Абай» сценариін, опера үшін «Абай» либреттосын жазды. Ал М.Әуезов жолдас қазіргі тақырыпқа арнап ештеңе де жазған жоқ. Оның «Шекарада», «Тас түлек», «Намыс гвардиясы» пьесалары жалаң ұранға, схемаға құрылған, оқиғасы сендірмейді», – деп барып тоқтады.
Бұған қарамастан 1943 жылғы Қазақстан Жазушылар одағы президиумы мұрағатының іс қағазында «Абай» романы туралы» деген бір жарым беттік орыс тілінде жазылған хаттама жатыр. Онда романның идеялық-көркемдік , таптық сыпаттарына тоқталып, Абай мен Зеренің образына баса көңіл аудара келіп:
«Бұл роман бүкіл кеңес әдебиетінің, оның ішінде қазақ кеңес әдебиетінің 1942 жылғы үлкен табысы, сондықтан да қазақ кеңестік Жазушылар одағаның президиумы оны Сталиндік сыйлыққа ұсынады», – делінген (сонда, №78 іс, 189-бет).
Бұдан анық байқалатын жай мыналар: «Абай романының бірінші кітабі сыйлыққа ұсынылуға дайындалған. Алайда ол тек ниет күйінде қалып қойған. Оның себебі: біріншіден, бұл ұсынысты сол кездегі президиум төрағасы Әбділдә Тәжібаев жалпы жиналыстадауысқа салмаған. Екіншіден, романның әлі орыс тіліне аударылмағаны сыныққа сылтау болған. Бұдан басқа ешқандай тосқауылдың болуы мүмкін емес. Анықтаманың дайындалуы – дайындалған да, тиісті қолдау таппаған. Өйткені ол туралы мәлімет бір де бір хаттамаға түспеген. Сөйтіп, тартпадан шығып, архив сөресіне жөнелтілген.
Мұның басты бір себебі, осының алдында ғана 1943 жылы 11мамырда «Абай» романы туралы «Абай және роман» деген тақырыпта үлкен талқылау өткен болатын. Онда «Әдебиеттің даму жолындағы романның маңызы», «Абай» романы – ХІХ ғасырдағы қазақ тарихының айнасы ма?», «Құнанбай мен Абай», «Романның көркемдік ерекшелігі туралы», «Абай» романымен байланысты кейбір міндеттер» деген тақырыпта Е.Ысмайылов, М.Ақынжанов, Ғ.Мұстафин, Ғ.Мүсірепов баяндама жасады. Бұл талқылаудағы Ғ.Мүсіреповтің:
«Абай» тарихи-қоғамдық тартыстарға құрылған, шын мағынасындағы қазақ халқының бір дәуірдегі шын өмірін, елдігін түгел көрсете алатын роман. Ел өмірін көрсетем деген еңбектер, қай дәуірді алса да, осындай терең, осындай шын, осындай ақылды, осындай нәзік сезіммен жазылатын болсын. Қазақтың әр жазушысы «Абай» арқылы әдебиетіміз жаңа бір сатыға көтерілгенін ескеріп, қолына қалам алғанда, сол сатыға көтерілуді, сол саты арқылы одан да жоғары көтерілуді арман етсе екен деймін!»,– деген қорытынды сөзі «Абай» романының қазақ әдебиетіндегі орынын ғана емес, алдағы уақыттағы тағдырын да анықтап берді.
(Бұл талқылау біздің «Құнанбай» атты монографиямызда барынша кең талданғандықтан да және негізгі тақырыбымыз саяси талқыға арналғандықтан да, тек атап өтумен ғана шектелеміз).
Ал таусылмайтын саяси науқандар таланттарға тән табиғи талқыны одан әрі ушықтырып, көзқарастардың қақтығысында жақтастар іздеуге мәжбүр етті. Өйткені М.Әуезовтің өзі айтқандай ол тұстағы сыншы шешендер өзінің талдауын:
«шығармадан бастап, автордың жеке басына» әңгі таяқ ойната жөнелетін «және сөзінің соңы міндетті түрде авторға қылмыстық айып тағумен аяқталатын».
Сондықтан да бұл майданда жеңіліп қалуға болмайтын, жеңілген адам жентектеліп қана қоймайды, түрмеге қарай бет алатын.
Ұлы Отан соғысының алғашқы ауыр кезеңінде кеңес көсемі «ұмытқан құдайын» есіне түсіріп, әр ұлт өкілдерінің намысын ояту үшін кәдімгідей әруақ шақырып, ұран таста ды.Қазақтар да Қобыланды мен Алпамысты, Абылай мен Кенесарының әруақтарынан қолдау іздеді. Осындай намысты тұста М.Әуезов те «ескі тақырыбын еске түсіріп» «Науан» атты пьеса жазуға ынта қояды. Театрға берілген тапсырыстың түсініктемесінде:
«М.Әуезов. «Науан». Тарихи-ерлік рухты тақырып етіп алған «Науан» пьесасында Науанның (ХІХ ғасырдың 40-жылдары сұлтандарға қарсы ұйымдастырылған халық көтерілісінің көсемі Сарының ( Кенесарының – Т.Ж.) кенже бауыры) соңына түскен өз туысы отыз сұлтанмен және байлармен күресі бейнеленеді. Науанның дұшпандары оған тұтқиылдан – жалынды да өжет, әрі батыр, әрі ақын жас бозбала өзінің сүйіктісі Қаншайымның ауылында сауық құрып жатқан кезінде шабуыл жасайды. Алайда ержүрек Науан шешуші сәтте аса шиеленіскен рулық тартыста да, қарулы шайқаста да жеңіп шығады. Науан мен оның жасауыл серіктері өздерінің күрестері арқылы сатқындардан, зорлықшылардан және халықтың кәнігі дұшпандарынан отанды қорғау керек – деген жарқын идеяны паш етеді. М.Әуезовтің «Науан» пьесасы өзінің жазылу мәнері жағынан романтикалық-ерлік рухтағы музыкалық туынды болып табылады»,– деп көрсетілген.
Алайда бұл туынды толық аяқталмай «тапсырысты орындауға ұмтылған» ниет күйінде қалған сияқты. Оның орынын Ә.Әбішевпен бірігіп жазған «Намыс гвардиясы» толықтырды. Шындығына көшкенде, «Науанның» жазылмай қалғанына да тәубә. Өйткені 1943 жылы кеңес шекарасы жаудан азат етілген соң кеңес идеологтары ұлттық сананың күшеюінен сескеніп, әдебиет пен мәдениет саласына бағытталған жаңа жазалау саясатын ойластыра бастады. Одан қаперсіз СССР Ғылым академиясының қазақ бөлімшесі «Кенесары Қасымов бастаған қазақ халқының көтерілісі туралы» кеңес өткізді (баяндамашы Б.Сүлейменов). М.Әуезов Е.Ысмайыловтың Кенесары көтерілісінің әдебиеттегі көрінісі жөніндегі диссертациясы туралы:
«Кенесары Қасымовтың көтерілісінің алғышарттары туралы тарау тым шұбалаңқы, Кенесары Қасымовтың көтерілісіне тікелей қатысы жоқ, тақырыптан тысқары мәселені қамтыған ұзақ сілтемелер келтірілген. Қазақ халқын патшалық отарлық қанауынан бастау керек еді. Негізгі мәтінді шектен тыс басы артық қалмақтар мен экспедицияның жасақталуы туралы деректермен қампитудың қажеті жоқ еді, сондай-ақ Алексей Михайловичтің патшалық құруының тарихының да керегі жоқ, оларды басты өзекті тақырыпты игеруге бөгет жасайды...»,– дей келіп, кандидаттық миниумды тапсырмастан қорғауға жіберілсін деген ұсыныс айтты.
Ұсыныс қабылданды. Е.Ысмайылов кандаидат атанды. Алайда оның қызығын толық көріп үлгермеді. 1944 жылы «Едіге» жыры» мен Шамбек Накиннің «Едіге» пьесасы туралы СОКП-ның Орталық Комитетінің қаулысы шығып, әдебиет пен өнердегі ұлтшыл-патриоттар әшкереленді. Тіпті Бауыржан Момшыұлы мен Мәлік Ғабдуллин сияқты майдандағы батырлардың хаттарына дейін қарғыға ілінді.
Мұндай науқаннан шығармашылық одақтар тыс қала алмайтын. Ерікті-еріксіз Сәбит Мұқанов 1944 жылы 9 қыркүйек күні өткен жазушылар одағының пленумында «Қазақ әдебиетінде көрініс берген кейбір мәселелер туралы» баяндама жасады. «Едіге» дастаны туралы Қ.Жұмалиевтің зерттеулеріндегі «тарихи қателіктерді» сынай келіп, Л.Соболев пен М.Әуезовтің «Қазақ әдебиеті мен фольклоры» туралы бірігіп жазған қырқыншы жылғы мақаласына баса тоқталып, әдеттегісіндей «саяси айып тағумен» аяқтады.Б.Кенжебаев – хандардың қорғаушысы, Е.Исмаиылов – С.Торыайғыров, Ғ.Қарашев, Б.Күлеев сияқты алашордашыл ақындардың ақтаушысы, М.Әуезов – солардың дем берушісі ретінде «жарлық» шығарды. Енді ғана «қарғыстың қарғыбауынан» құтылған М.Әуезовке бұл қатты соққы боп тиді, алдыңғы жақсылықтың ізін көмескілеп жіберді әрі алдағы күдікті күндердің көмескі күмәнін елестетті.
С.Мұқановтың бұл банядамасының қолжазба нұсқасы архив сөресінде қалғандықтан да, тақырыпқа қатысты жерлерінен барынша толық үзінділер келтіреміз:
С.Мұқанов «...Біз орыс халқын өзіміздің аға туысқанымыз ретінде есептейміз. Сондықтан да БК(б)ПОК-нің қаулысын біздің одағымыздың халықтарының қасиетті мүддесі ретінде қабылдаймыз және одақтың басқа да жазушыларын осындай зиянды қателіктерден дер кезінде сақтандырған шара деп қабылдаймыз.
Едіге бейнесін көрсетуде біздің қазақ әдебиетімізде де қателіктер бар. Өткен жылы жазушы жолдас Қажым Жұмалиев «Едіге» атты пьеса жазды. Бұл пьесаны жазушылар одағы мен өнер комитеті қолдады. БК(б)ПОК-нің аталған қаулысы бұл пьесаға қолдау көрсетудің қате екендігін ашып берді. Жолдас Қажым Жұмалиев өзінің «Едігесін» жазуда өте жақсы мақсатты жетекшілікке алды. Жазушының мақсаты: тамыры сонау ХІV ғасырдан басталатын қазақ пен орыс халықтарының достығын көрсету, олардың сол дәуірдегі ынтымағын бейнелеуге ұмтылу және орыс пен қазақ халықтарының бұл достығы арқылыолардың неміс басқыншыларына қарсы күресін ашу болып табылатын. Қажым Жұмалиев өзінің осындай жақсы ниетін жүзеге асыру барысында мынадай тарихи және саяси қателіктер жіберді:
Оның бірінші қателігі: Алтын Орданы қазақ ордасы ретінде көрсету. Ол қазақ ордасы емес, қазақ жерін жаулап алған және оларды құлдықтың құрсауында ұстаған Монғол-Татар ордасы.
Тарихтағы Едіге қазақ батыры емес Алтын Орданың батыры.
Алтын Орда мемлекеті – орыс халқын ешқашанда жаудан қорғаған жоқ, керсінше орыс халқын құлдықта ұстаған мемлекет.
Орыстар немістердің тефтон орденін Алтын Орданың көмегімен жеңген жоқ, олар (орыстар) ит-немістерді өздерінің күшімен жеңді. Бұл шайқаста орыстарды басқарған Едіге емес, оған Александр Невский басшылық еткен болатын.
Қажым өзінің «Едіге» атты пьесасында Едігені тарихи шындыққа қарама-қайшы, орыстардың одақтасы мен қорғаушысы етіп суреттейді. Оның образын осындай жақсы мақсатта көрсетуі – саяси қателік.
Жазушылар одағы мен өнер комитеті бұл пьесаны қолдау арқылы саяси қателік жіберген. Қажым Жұмалиевтің бұл саяси қателігін Әлкей Марғұлан да қайталады. Жолдас Марғұлан Едіге мен Алтын Орданы мадақтап мақала жазды. Мұндай көзқарастармен аянбай күресу қажет, олардың қайталануына жол беруге болмайды.
«Едіге батыр» туралы шығарылған қазақ эпосы туралы да айта кетейік. Бұл эпосты осыдан 103 жыл бұрын қазақтың белгілі ғалымы Шоқан Уәлиханов Жұмағұл ақынның аузынан жазып алған және оны өзі орыс тіліне аударды. Эпостың мазмұны Алтын Орданы мақтауға емес, Алтын Орданы қолдау туралы да емес, керісінше оған қарсы күрес пен оны құлатуға ұмтылған құлшынысты баяндайды. Бұл эпоста халық жағына шыққан Едіге Алтын Ордаға қарсы күреседі. Қазақ халқының Алтын Ордаға қарсы күресінің себептерін мен 1939 жылы жарық көрген «Батырлар жырының» І томдығында ашып көрсеткен болатынмын. Бұл арада оны қайталап жатпаймын. Бұл эпоста Едіге халық мүддесін қорғайды және Алтын Орда мен Тоқтамыс ханның қарсыласы ретінде көрсетіледі! Мен дәл қазір эпостағы Едіге тарихи тұлға ма, әлде халық қиялының жемісі ме дегенге, нақты жауап айта алмаймын. Бұл мәселе тер төгіп зерттеуді қажет етеді.
Ұлы Отан соғысын бейнелеуде жіберілген татар әдебиетшілерінің ұлтшылдық қателікері қаулыда мынадай дерекпен аталып өткен: татардың бір жазушысы Ұлы Отан соғысы кезіндегі біздің ақ финдермен күресімізді көрсетуге арналған пьеса жазыпты. Пьесада біздің халқымыз жеңіске жеткен бұл майданда тек татарлар ғана көрсетіліпті. Пьесадағы 23 кейіпкердің 22-і татар. Ал онда жалғыз ғана орыс бар. Ал ондағы жалғыз орыстың өзі сатқын болып шыққан.
Ұлы Отан соғысын бұлай көрсету, әрине, дұрыс емес. Бұл соғыста татар халқы және біздің одағымыздың өзге де туысқан халықтары өзінің кеңестік отанын шын жүрегімен қорғады. Дұшпанмен күресте бар күш-қуатын, бар ақыл-ойын жұмсады. Бұл шындық және татар мен өзге де туысқан халықтардың арасынан кеңес одағының батыры атағына ие болған даңықты ерлердің де шыққаны шындық. Алайда, соған қарамастан соғыстың негізгі ауыртпашылығының ұлы орыс халқына түскеннін көрсетпеу, әрине, қателік!...».
Осыдан кейін Сәбит Мұқанов өзінің баяндамасында ауыз әдебиеті мұраларына тоқтала келіп, үйреншікті және қалауына қолайлы автор – Мұхтар Әуезовке көшеді.
Сәбит Мұқанов: «… Мен өзінің бүгінгі баяндамамдағы фольклор туралы мәселеге қатысты пікірімде Мұхтар Әуезов пен Леонид Сергеевич Соболевтің орыс тілінде жазылған және «Литература и исскуство» журналының 1939 жылғы тамыз және қыркүйкек айларындағы сандарында жарияланған «Эпос және фольклор» атты еңбегіне тоқталғым келеді. Содан кейін Москвадан шығатын «Литературный критик» журналының №10-11 сандарында жарық көрді. Кейінгі басылым нұсқасының алдыңғысынан айырмашылығы сол, мұнда біраз көркем шығармалардан мысалдар келтірілген.
Бұл еңбектің жағымды жағы, мұнда өзге де халықтар сияқты қазақ халқында да фольклордың бар екендігінің көрсетілгендігі, өзге халықтардың фольклоры сияқты қазақ халқының фольклорының да әртүрлі сыпатта дамығандығының дәлелдене баяндалуы. Бұл сыпаттар аталған авторлардың ғана сіңірген еңбегі емес. Қазақ фольклорына қатысты мұндай ойларды оларға дейін де Радлов, Потанин және басқалар айтқан болатын. Әуезов пен Соболев жолдастар өздерінің бірігіп жазған еңбектерінде алдыңғыларға қарағанда фольклор туралы біршама кең пікір білдірген. Бірақ мәселе, осы талдаулардың қалай жүргізілгендігінде.
Алайда бұл сұраққа жауап бермес бұрын фольклордың қалай дүниеге келу тарихына қысқаша да болса толқталып өткен жөн деп есептеймін. Бұл менің сіздердің алдарыңызда өзімнің білімпаздығымды көрсету емес, фольклорды зерттеу барысындағы қателіктерді естеріңізге сала отырып, осы қателіктерді түзетуге көмектесуден туған ұмтылыс болып табылады... ».
Бұдан кейін фольклор мен оның шығу тарихына байланысты, фольклор мен көркем әдебиеттің ара қатынасына және фольклордың таптық тегіне қатысты ұзақ толғай келіп, қайтадан Әуезов пен Соболевке қарай ойысады.
Сәбит Мұқанов: «Біздің аға бауырымыз болып саналатын орыс халқының фольклорын зерттеуде олар марксизмнің әдіс-тәсілдеріне сүйенді. Қазақ фольклорын зерттеу барысында Әуезов пен Соболев жолдастар осы тәсілге сүйенді ме, жоқ па? Бұл мәселеге тоқталмас бұрын Әуезов жолдас пен Соболев жолдастың арасындағы айырмашылықты ажырата кеткім келеді. Леонид Соболев жолдас өзінің қазақ әдебиетінің досы екенін іспен көрсетті. Өзінің қазақ халқына, оның мәдениетіне және оның әдеби мамандарына деген шынайы ықыласына біздің көзімізді жеткізді. Қазақ халқының мемлекеттігін, оның мәдениетін, соның ішінде бізді бүкіл кеңес одағының халқына таныстыру ісіне ол үлкен еңбек сіңірді. Мұның бәрі де дұрыс, алайда қазақ фольклорының нәзік мәселелерін түсінуде Соболевті Әуезовпен қатар қоя алмаймыз. Егерде біз қазақ фольклоры саласында Әуезов білгеннің жүзден бірін ғана біледі десек бұл Л.С.Соболевтің беделін түсіргендік емес, өйткені біздің фольклорлық мұраларымыздың жүзден бірі ғана орыс тіліне аударылды десек, қателеспейміз. Соболев жолдас қазақ тілін білмейді. Ол қазақ фольклорының орыс тіліне аударылған бөлімін ғана біледі. Осыған орай қазақ халқының мұқым фольклоры туралы нақты пікір білдіруі өте қиынға соғады.
Ал Әуезовтің жағдайы мүлдем басқа. Ол қазақ фольклорын Соболев жолдас сияқты орыс тіліне аударылған материалдардың деңгейінде ғана білмейді, Әуезов қазақ фольклорын қазақ фольклористтердің көбінен жақсы біледі, қазақ фольклорының қайнарынан тікелей сусындай алады. Сондықтан да Әуезовтің кемшіліктері мен қателіктері оның материалдармен жеткіліксіз таныстығынан туындап отыр деп ешкімде айта алмайды. Сондықтан да Әуезовтің қателігі материал мен тілді білмеуінен туындап отырған жоқ, керісінше оның қателіктері материалды зерттеу кезінде біздің заманымыздың талабынан туындап отырған маркстік әдісті қолданбауынан туындап отыр. Фольклор материалдарын игеру жөнінен Әуезов пен Соболев жолдастардың арасында үлкен айырмашылық бар екенін жоғарыда айтып өтсек те, «Эпос және фольклор» атты аталған очеркке екеуінің қолы қатар қойылғандықтан да, бұл мәселе жөніндегі бұдан кейінгі пікірімізде олардың фамилияларын қатар атаймыз. Әуезов пен Соболев жолдастар журналдың 24 бетін алған, яғни 52 бағанға берілген көлемді очеркінде қазақ фольклорында баяндалатын тап тартысы туралы бір ауыз сөз айтылмаған, егерде журналдың 92 бетінде: қазақ фольклоры социалистік мәдениет тұсында ғана лайықты баға алды, өзге тілге аударылып, бүкіл әлемге белгілі болды (қазақ тілінен орыс тіліне аударылу арқылы) – деген аудармашының ескертпесін есепке алмасақ, бұл очеркті кімнің жазғаны туралы деректі кеңес тарихшыларының білуі қиынға соғар еді. Бұл очеркті басқа біреу жазды деп те жорамалдауға болатын еді. Өйткені очеркте фольклорға қатысты маркистік көзқарас жөнінде ештеңе айтылмаған, автордың өздері де марксизмге жүгінбеген. Егер де осы очерктегі талдауларға сенсек, авторлар талдап отырған фольклорлық мұралардың түрлері тап тартысынан тыс жағдайда өмірге келген, өткен дәуірдегі қазақтардың өмірі біржақты және романтикалық таңғажайып күйде өткен.
Өмірде шынымен де осылай болып па еді?
Әрине олай емес, олай болуы мүмкін де емес. Өйткені барлық ұлттардың тарихы тап күресінің тарихы. Демек, қазақ тарихы да – тап күресінің тарихы болып есептеледі. Егерде барлық ұлттардың фольклоры тап тартысының айнасы болса, онда қазақ фольклоры да тап тартысының айнасы болып табылады. Бірнеше мысал келтірейік:
Құдандалық жырлыры атты 1 – 13 тарауда Әуезов пен Соболев жолдастар (таптық көріністі) төмендегідей жолдарда жалпылама және ешқандай мағынасыз тіркестермен баяндап өте шыққан: «Қалың мал, көп әйел алу, теңіне ұзатпау, бесік құда болу, әмеңгерлік сияқты салт-дәстүрлердің нәтижесінде әйелдер қиын жағдайға тап болды». Әуезов пен Соболев жолдастар байлардың қалың малды қоздырушы дерт екені, оның қазақ әйелдерінің бақытсыздығының басты себебі болып табылатындығы және олардың көп әйел алатындығы, осы таптан шыққан кәрі шалдардың қалың мал беріп жас қызға үйленетіндігі туралы бір ауыз сөз айтпайды. Очерктің авторлары жар-жар, сыңсу, беташар сияқты халықтың өзі шығарған жырларда әйелдер өздеріне көрсетіліп отырған қорлыққа ішкі қарсылығын білдіреді.
2. Ертегілерде еңбекші халықтың қанаушы тапқа деген көзқарасы мен қарым-қатынасы Алдар көсе, Жиренше, Тазша т.б. кейіпкерлердің ісі арқылы білдіріледі. Олардың аты аталған ертегілердің барлығында да байлар мен билер, хандар мазақ етіледі. Халыққа қасірет әкелетін қанауды, зорлықты, өктемдікті аяусыз сынайды және оларға тән зұлымдықты әшкерелейді. Әуезов пен Соболев жолдастар ертегіге тән мұндай ерекшелік туралы үндемейді. Тек олардың мазмұндарын сыдыртып қана баяндап өтеді. Тек Алдаркөсеге келгенде ғана «әлеуметтік» маңызы бар», «нағыз халықтық» деген сөздерді үстірт қолданады. Олар өздерінің зерттеулерінде шынайы халықтық кейіпкердің тегі мен алғышарттарына тоқталмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |