Қағаз жүзi мен өмiр жүзiн айыру керек. Ғаббас, Әбдiрахмандар қағаз жүзiн алса, мен өмiр жүзiн алғым келедi. Мiне, менiң пiкiрiм осы».
Мұхтар Әуезов: «Менiң шығармамның көпшiлiгi сарыннамашылық бетiмен болуымен бiрге, өткен дәуiрдi төңкерiсшiл сарыншылдық жолымен сипаттаудан қашық болды. Қайта ескiлiктiң кейбiр залалды салттарын жарыққа шығарып, өсумен, ол салтты жақтаушыларды аз-аздап пiкiрi жолындағы құралсызданумен қатар, бәрiбiр, мен өз шығармаларымның көпшiлiгiмен, анығында бетi ашық ұлтшылдық күйiндегi жазушы боп шықтым... Қорытындысын айтқанда, менiң әдеби қызметiм, сол жастардың көңiлiндегi, салт-санасындағы ұлтшылдық күйiн жеңiлдетiп, сейiлдетуге арналмай, қайта соны нығайта түсуге арналып кеттi. Қазiргi күнде мен өзiмнiң бұрынғы жазушылық жолымдағы бағытыма ғана емес, қазақ әдебиетiн тексерген тарихшы, зерттеушi есебiндегi қызметiме де терiс деп қараймын. Түгелдеп айтқанда, төңкерiс жолдарының қоғамдық заказы мен төңкерiсшiл жұртшылықтың тiлегiне бiржолата үйлеспейтiн сөздерiм болған. Бұл ретке қосылатын төңкерiс жолындағы жылдар iшiнде қазақ әдебиетiнiң жолы қандай болуы туралы «Шолпан» журналының бетiнде ертеректе айтқан пiкiр едi. Сол қаталарым кейбiр кейiнгi тексерулерiмнен де арылған жоқ. Мысалы, соған ұқсаған қаталар Абай шығармаларын тексеруiмде де бар».
Жә, үш арыстың әдебиет туралы пiкiр таласын осымен тоқтатамыз. Сұлу сөздiң насихаттық құрал емес екендiгi, өнердiң мiндеттерi туралы қилы-қилы қисындар бұрын да, бүгiн де, ертең де айтыла бермек. Үш түрлi жағдайда, үш түрлi көңiл күйде жазылған бұл үш пiкiрдiң түп қазығы – ұлттың рухани тәуелсiздiгi едi. Үш арыс бұл мүдденi азаматтық арымен қорғай бiлдi. Сол арқылы ұлттық сананы мәңгүрттенiп кетуден сақтап қалды. Мұхтар айтқандай, «ұлтшылдық күйiн жеңiлдетiп, сейiлдетуге арналмай, қайта соны нығайта түсуге арналды». Олардың басты мақсаты да сол болатын. Ең маңыздысы – кеңестiк жазалау саясатының диiрменiне өздерi жаншылса да ойларын жаншылдыртпады. Отаршылдық коммунистiк пиғылдың еркiнде кетпей, оны әшкерелей бiлдi.
Бұл олардың үлкен рухани ерлiгi едi. Талқыға түстi. Талқыланды. Бiрақ рухтары талқандалған жоқ. Осынау үш дерек – Мағжан мен Жүсiпбектiң соңғы сөздерi, Мұхтардың ең талмалы мәлiмдеуi болғандықтан да, олардың сол тұстағы жандүние тебiренiсiн сезiндiру үшiн аталған құжаттардағы олардың соңғы пiкiр – тiлектерiн оқырманға жеткiзудi парыз деп санадық. Бұл олардың бiзге жолдаған жүрек сәлемi едi.
Мағжан: «Домбырада бiрi – қоңыр, бiрi – ащы үн беретiн екi шек бар. Екi шек екi түрлi үн шығарып тұрса да бiр-ақ күй тартылмақ. «Алқа» осы. Жөн iздеген жас болсаң, жол iздеген жолаушы болсаң, тез iздеген естi тентек болсаң, мынау «Алқа» сенiкi! «Алқаға» кiрейiк! Өзiңнiң сұмырай мақсұтыңа шындықты құрбан қылып шалып, қайқайып жүре беретiн соғылған болмасаң, балапан әдебиетiмiздiң шын әдебиет болып ержетуiн шын тiлейтiн болсаң, мынау «Алқа» сенiкi. «Алқаға» кiр. Шын әдебиетшiл, шын ақын болсаң, мынау «Алқа» Сенікi».
Жүсiпбек: «Мен осы пiкiрiмдi газетке жазуға Смағұлдан рұқсат сұрап, толық хат жазып отырмын. Өрiс берер-бермесiн бiлмеймiн. Iшiмде қайнап жатқанша тым болмаса сендей жолдасқа ағытайын деп жазып отырмын. Сен бұған өз пiкiрiңдi жаз. Терiс, бұрысын көрсет! Бұл пiкiрiмдi Ғаббасқа да айт. Жөнi келсе, керек жерiн оқып жібер».
Мұхтар: «Тағы бiр сөз, ауыр қатам деп санайтыным – қазақ баспасөзiнiң жүзiндегi төңкерiсшiл марксшiлдiң сынына құлақ салмауымда. Дәлелсiз сыңаржақтықпен қарап, барлық сынды түгелiмен ұйымсыз жазушыларға арналған жаулықтың ғана сыны деп санап жүрдiм. Өз iшiмнен: ол сынның ролi де, мұраты да, ортақшыл емес. Жазушыны әдебиет жүзiнде соққыға жығудан басқа емес – деп, бiр жақты терiс баға берiп жүрдiм, сонымен сынның негiздi – ғылыми негiздi төңкерiсшiл басшы екенiн ескермедiм. Сынға осылайша терiс қараған көзқарасыммен соңғы жылдарға шейiн келдiм де, әдейi ұстаған көңiл құрылысы есебiнде, жұртшылық алдында өзiмнiң қаталарым туралы да үндемей, сөз көтермей келдiм. Бұл да қатамның бiрi едi. Ендi «Қазақстан правдасы» мен «Социалды Қазақстан» арқылы барлық Қазақстан жұртшылығының алдында өзiмнiң бұрынғы әдеби-саяси iстерiмдi осылайша айқын күйiнде айыптайтынымды ашық жарияламақ болдым. Сонымен бiрге, ендi бұрынғы қаталарымды төңкерiс iсiне барымша бой салып ұдайы, адал қызметпен түзетуге бекiнгенiмдi бiлдiрмекпiн. Ендi мәдениет, салт-сана майданының ең жауапты, ең тартысты кезеңдерiнде iс iстеуге өзiмдi өзiм мiндеттiмiн деп санаймын».
Мiне, талқы осылай аяқталды. Бiрi – «Алқаға» ақылдасуға шақырды, екiншiсi – өзiнiң өзгелерден бұрын атылып кететiнiн бiлгендей «Қош, сүйдiм. Жүсiпбегiң!»,– деп бақұлдасып қалды, үшiншiсi – «ең жауапты, ең қызу тартысты кезеңдi» күтiп алуға бел буды. Бұл олардың ақ қағаз бетiндегi соңғы пiкiр бөлiсулерi болды. Үш тұлға. Үш тағдыр. Үш түрлi қаза. Ендi олардың басын қазақ ұлтының тәуелсiздiгi ғана мәңгi қосты. Олардың асыл бейнелерi қатар iлiнiп, есiмдерi де құрметпен қатар аталатын болды.
Әрине, мұны барлығы көңiл жұбанышы ғана. Үшеуi тiзе қосып өмiр сүрiп, қаламдарын қатарласа ұстап, көркем сөзбен еркiн айналысқанда, қазақ ұлтының рухани мұрасы мен көркем ой деңгейi сол тұстың өзiнде-ақ әлемдiк сатыға көтерiлер едi. Өкiнiшке орай, бұл салмақты Мұхтар Әуезовтiң жалғыз өзi көтердi және ұлтының рухани байлығы мен мәдениетiн дүниеге мойындатты. Бiз соған шүкiршiлiк жасаймыз. Әйтпесе, екi досымен бiрге одан да көз жазып қалуымыз әбден мүмкiн едi. Құдай оның бетiн аулақ қылды. Бұған да тәубә.
Міне, ІІІ томда тіркелген тергеу ісінің реті мен ұзына мазмұнының бір желісі осындай.
СССР Халық Комиссарлары Кеңесiнiң жанындағы ОГПУ-дың коллегиясының 1930 жылы 4-көкектегi қаулысы бойынша:
– Жұмабаев Мағжан, Омаров Елдес, Битiлеуов Дамолла – «Алқа» атты жасырын, ұлтшыл үйiрме құрғаны үшiн;
– РСФСР қылмысты iстер кодексiнiң 58 статьясының 4, 11, тармағына сәйкес – Жазаның ең ауыр түрiне кесiлiп, ол жаза 10 жыл концентрациялық лагерьде өтеу туралы үкiммен алмастырылды».
4.
Әлихан Бөкейхановтың араласуымен Мағжан бір рет тұзақтан құтылды. Жары Зылиха Жұмабаеваның естелігіне жүгінсек: Әлихан Бөкейханов Мағжанның зайыбы Зылихаға арыз жазып беріп, оны М.Горькийге және оның әйелі, Қызыл крест қоғамының төрайымы, актриса Екатерина Павловна Пешковаға жолықтырған. Түрлі мекемелерге кіргізген. Қаржылай көмек көрсетіп, кешірім жасалуына дәнекерлік еткен. Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова ол туралы:
«(түрмедегілер)... 1922 жылдан бері Мәскеуде «жіпсіз байланып», еш жаққа шығуға рұқсаты болмаған, сондықтан адресі белгілі Әлихан арқылы кімнің қайда жүргенін біліп, өзара байланыс жасап, хат алыса бастайды. Ешкімнен сескенбейтін ер жүрек Әлихан оқта-текте Бутыркаға барып, тұтқындарға ауқат жеткізіп тұрған. Ахмет, Мағжандардың қызыл крес меңгерушісі Екатерина Павловна Пешковаға жиі жазған арыздарын қадағалап, нәтижесі тезірек болуы үшін Пешковаға жиі барып, көмек көрсетуін өтінеді. Көп ұзамай арыздары бойынша екі арысымызға жеңілдік жасап, берген үкім мерзімін қысқартып, елге қайтарған. Елге жету үшін жол қаржысын Пешковадан алып берген де сол Әлихан атам»,– деп жазды.
Бұған Ахмет Байтұрсыновтың:
«Қыр баласының ел жайынан жазған хаты қолды болып, қолыма тиген жоқ. Қужақ екі жолдасымен орнынан түскен. Жолдастары кім екенін жазбайды. Қазақ жайы – соқырға көрінген, саңырауға естілген болса керек. Жақын арада жазушының бұрынғы қатыны бастық болып тұрған мекеме арқылы арыз бердім. Мұнда қазіргі жай-күйімнің бәрін айтып: өлсін демесеңдер мені не жылы жаққа жіберіңдер, не қатын-балам тұрған жерге жіберіңдер. Мен бұл күйде тұрғанда өлемін,– деп жазып отырмын. Мұнан анау қатын арқылы бірдеме болар деген үміт бар. Мұнан еш нәрсе шықпаса, шынында да өлу ғана қалады»,– деген хаты да дәлел.
Мұндағы «жазушының қатыны» деп отырғаны М.Горькийдің әйелі Е.П.Пешкова болатын. Ол өзінің өтелін Карелиядағы Соловки мен Сивир (Сібір емес) лагерьлерінде өткізді. Ақынға тән сарыуайым жүрегінің басына сарысу боп ұйып, тіршіліктен түңілдірді. Ол отыз сегізінші жылғы соңғы тергеуде берген жауабында:
«Соловки мен Свир лагерлерінде өткізген жеті жылдың ішінде, шамамен 1931 жылдан бастап өзімнің өткеніме деген түңіліс бірте-бірте мүлде билеп алды»,– деп жазды.
Бұл, көңілінің зар күйі ме, жоқ, өткенімен толық есеп айырысқанын дәлелдеуге тырысқан ілдебай ма? Алайда кесімді уақыты бітіп, елге қайтқан адамнан беріп жіберіпті-мыс делінетін:
Жігер, шіркін, желінді,
Болат жеген қайрақтай.
Мешеу болды жүйрік ой,
Кететін орғып қарғытпай.
Қолды қардан оқ үзді,
Ордаға байрақ байлатпай.
Өлер – өмір, сөз қалар,
Молаға қойған сайғақтай, –
деген өлеңнің астарында ақындық ой мен қайраттың қайрақтан өткен ұшқындарының жарқылы бар.
Алаш ақиықтарының ішінде соңына аңызға бергісіз естеліктер қалдырған кейіпкер тұлғалардың бірі де бірегейі осы Мағжан Жұмабаев пен Сәкен Сейфуллин. Әсіресе, бірінші және екінші тергеудің арасындағы аңыздар шындыққа барынша пара-пар. Сол аңыздардың арасынан сенімді зергер Шерияздан Елеукеновтің ақынның жары Зылиха Жұмабаеваның естелігімен тиянақтаған бір-екі деректі келтіреміз. Концлагерьде Мағжан айдауылдағыларға сауатсыздықты жою дәрісін береді. Петербургтің зиялы тұқымы Иван Иванович Фетисовтың ақылымен медфельшерлік мамандықты игереді. Медициналық техникумның бағдарламасына сәйкес қажетті кітаптарды И.И.Фетисовтің үйінен (Васильев аралы, 20 орам, №15 үй, 10 пәтер) Зылиха Жұмабаева жеткізіп тұрады. Бұл білімнің өмірде қызығын көрмесе де, ой-сарасын тотықтырмай, жанып отыруға жанабы тиген.
Сондай-ақ Әлкей Марғұлан да лагерьге барып, өзек жалғайтын қолүздік беріп тұрыпты. Зылиханың тұрмысына сүйеу болыпты. Барлық қаражаты мен бұйымдарын ұрлатып алғанда Әлкей Марғұлан 25 сом көмек беріпті. Ол кездегі ақшаның құнына шаққанда қомақты қаржы. Өзі «қалпақ астында» жүріп халық жауына жолығуы – ерлік. Өкіл баласындай болған Әлекеңнен – Әлкей Марғұланнан бұл туралы сұрағанымызда: «Маған Ленинград пен Мәскеудің үлкен ғалымдары қорған болды. Солардың ақылымен «тереңге шөгіп жаттым»,– деп қырылдай күлетін. Ал Мағжан екінші рет ұсталғанда тергеушілерге: «Маған досым әрі жанашырым Әлкей Марғұланов келіп тұрды. Ол шизофрениямен ауырып, жүйке ауруханасына түскен»,– деп жазыпты. Ал тергеушілер Марғұланның тұсына: «Өлген», – деп белгі қойыпты. Шындығында Әлкей Марғұлан 1934 жылы Ленинградтағы студенттердің қозғалысына қатысып, соңынан тіміскі түскенде өзіне өзі қол жұмсап, ажалына әлгі тыңшының себепкер екенін көрсетіп, өсиет қалдырған. Жүйке ауруханасына сол жолы тіркелген. Әлгі «тіміскінің» аты-жөнін атап:
«Ол әлі тірі. Соны іздеп барып, қатты-қатты ұялтшы»,– деп сондай бір өкпелеген балаға тән аңқаулықпен кәдімгідей өтінетін.
Содан отыз тоғызыншы жылы ғана СССР ғылым академиясының Қазақстандағы бөлімшесі ашылғанда ұстаздарының тапсырмасымен «жарыққа шығып», академияның ғылыми жолдамасымен уақытша көмектесу үшін Алматыға келген.
Жақсылардың алақанының табын сезген ақынның қалайда еркіндік пен жарық дүниеге ұмтылысы өзінің нәтижесін берген. Сөйтіп, Мағжанға ресми түрде мұрсат беріліп, уақытша бостандыққа шыққан:
«ССР Одақтық Орталық Атқару Комитеті президумының 14/ІV – 1934 жылғы мәжілісінің № 72 хаттамасы. «34». ОГПУ коллегиясының 4/ ІV – 30 ж. күнгі үкімі бойынша 20/ VІ – 29 ж. күнгі қаулысымен 10 жыл концлагерге кесілген Мағжан Жұмабаевқа кешірім жасау туралы ұсыныс (№ П-443-41 іс) мақұлдансын. Концлагердегі тұтқындалу мерзімі жеті (7) жылға қысқартылсын. ССР Одағының ОАҚ-нің хатшысы үшін: А.Медведов. Көшірме Сивирлагка жіберілсін» (ҮІІ том, 441-бет).
Бұл Қаулы Мағжан тұтқында болған Свердловскідегі лагерге жіберіледі:
«ОГПУ-дің Свирлаг басқармасының ПВШ-сына Лодейное поле қаласы. 28 апрель. ССР ОАК-нің Призидумы мәжілісінің азамат Мағжан Жұмабаевтің № П-443-41 ісі туралы 1934 жылғы 14 сәуір күнгі № 72-91 қаулысының көшірмесі жолданып отыр. Анықтама: ОГПУ коллегиясының 26/ІV-34 жылғы қаулысы» (ҮІІ том, 440-бет)».
Осы томның 439-бетінде ОГПУ коллегиясының:
«ССР ОАК Президумының 14/ІV-1934ж. Қаулысы орындалуға жіберілсін»,– деп жазылған осы қатынаспен ҮІІІ том аяқталады.
Бұл Қаулы араға екі жыл салып барып күшіне енді. 1936 жылы 2-маусым күні айдаудан босатылды. Вязьма – Сызрань – Челябинскі арқылы Қызылжарға келді.
Аңду мен тіршіліктің мұқтаждығынан құтылмаған Мағжанды алда қысқа ғұмырдың күдікті күндері тосып тұрды. Қысқа жіптің күрмеуін шешу үшін Елбаев Халилдің көмегімен 20 күндік мұғалімдер курсына дәріс өтеді. Одан «саяси жағдайға байланысты» босатылады. Жұмабай Шаяхметовтің «қалпағының» астында қатаң бақылауға алынды. Жалпы Мағжанның өз еліндегі досы да, жалған жанашыры да, меншікті тіміскілері де көп болды. Ұшынған отыз жетіні былай қойғанда, сонау 1922 жылы өзге емес, Сабыр Шарипов Мағжан Жұмабаев пен Жұмағали Тілеулиннің Қызылжарда өткен қазақ зиялыларының кеңесінде аштарға көмектесу туралы сөйлеген сөздерін «ауырсынып», өзінің «естімегеніне» өкініп:
«Көпшілігі мәселені талқылауға дәрменсіз қазақ интеллигенциясы мен жаңадан тартылған коммунистерді қатыстырып Қазақ кеңесін өткізудің қандай қажеттігі бар? Қазақ кеңесін шақыруды кім шығарғанын білмеймін, алайда өткен жылы Орынборда бұл идеяны ұсынған «Бөкейханов бабай» дегенді естігемін»,– деп Губкомға арыз жазыпты.
Осы арыздың сыртына қарындашпен:
«Бұл фракцияда емес, кеңес те емес, тек орыс тілін білмейтін қызметкерлердің жиналысы ғана. Оларды үйірмеге ертіп келген Шарипов емес қой. Мен мұны үнемі жиналыс деп атаймын... Жиналыстың мақсаты: партияда жоқ көпшілікті тарту ма? Жұмабаевты да. Уәкілдің келуіне байланысты дайындалған»,– деп («Алашорда қозғалысы», 3 том, 1-кітап, 105-106 бет) бұрыштама соғылыпты.
Әрине, жаны күйген жанашыры да жоқ емес еді. Мағжанның қанатының астынан түлеп ұшқан ақын, бауырына басып тәрбиелеген бауыры «кәдімгі Сәбит Мұқанов» болды. «Өмір мектебі» үштағанында оны қалаға әкеп, өзінің бөлмесіне жатқызып оқытқанын, аяқ киіміне дейін беріп, ақындық көркем әлеммен таныстырғанын, соған сай әр түрлі кештерге ат шанамен алып барып, алып қайтқан қолқанаты болғанын: «Мағжан буржузияшыл ақын еді. Менің кедейлерді жырлаған өлеңдерімдегі қарабайырлығымды сынайтын. Бірақ кедей табымды жырлаудан қайтпадым»,– деп «астарлай сынап» жазғаны арқылы біз де Мағжанның атын алғаш біліп едік. Бұл кеңестік кездегі шындықты жеткізудің әдеби тәсілі болатын. Мағжан түрмеде жатқан жылдардың ішінде, дәлірек айтсақ, 1931 жылы 15-мамырда соңғы нүктесін қойған «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» атты тарихи зерттеуінде С.Мұқанов:
«Ақындық жағынан келгенде Мағжан, әрине, қазақтың күшті ақындарына саналады. Қазақтың тілін байыту ретінде, әдебиетке жаңа түрлер енгізу ретінде Мағжанның еңбегі көп. Абайдан кейін тіл өнегесінде Мағжаннан асқан ақын қазақта жоқ... Мағжанға шейін өткен қазақ ақындары көбіне өлең үлгісін күншығыс елінен, әсіресе, араб, парсыдан алатын. Мағжан орыс мектептерінде оқып, көбіне Еуропа, оның ішінде, әсіресе, орыстың әдебиетін тез меншіктенді. Абай қазақ әдебиетіне Еуропа түрлерін шетпұшпақтап кіргізсе, Мағжан дендеп кіргізді. Еуропаның әдебиет түрлерімен қазақ оқушылары Мағжан арқылы толық танысты... Мағжан өлеңдерінде сыршылдық (лирика) жағы күшті келеді. Мағжанның өлеңдерін оқып отырғанда оның сол өлеңді жазып отырған уақыттағы жан жүйесінің құбылысы (душевное переживание), ішкі сезімнің толқыны көрініп тұрады. Мағжан өлеңінен құр ғана ұйқасқан сөздерді көрмейсің, ақынның ішіндегі әйгілейтін айнаны көресің. Сыршылдық жағынан Мағжан көп ақынға бәйге бермейді»,– деп жазды.
Кеңестік идеологияның тылсым түрмесінде жатып, ату жазасына кесіліп, одан он жылға концлагерьге жер аударылған ақынның шығармашылық жолына мұндай жоғары баға берген Сәбит Мұқановты Мағжан Жұмабаевқа қарсы қою, ұстазымыз Тұрсынбек Кәкішұлы айтқандай, «тіпті ұят» (Т.Кәкішұлы, К.Ахмет. Сәбит Мұқанов, А.Арда. 2005. 161-бет). Өзінің азаматтығын ол Мағжан Карелияда тұтқында жүргенде дәлелдеп, 1934 жылы қарашада хат жазып, онда әдебиеттегі маркстік талапты, таптық күресті мойындаса, онда социализмнің адасқан ақынды кешіре алатынын, осы сапарда бір жола тазарып келсе, жазушылар одағының есігі ашық екенін айтқан. Бұл жай хат емес, әдеби ортаға ресми шақыру еді. Араға арандатқан сөз араласпау үшін Сәбит Мұқанов бұл хатты орысша жазған. Мағжанға және 1933 жылы 21-ақпанда Мұхтарға жазылған хаттың түпнұсқасын бізге сексенінші жылдардың аясында Сәбеңнің шырақшысы боп жүрген тұста пікірлес досым Құлбек Ергөбек ұсынып еді.
«Мағжанға – Сәбиттен.
Мағжан! Мен жақын күндері сізбен бірге тұрған Әуелбеков деген жігітпен кездейсоқ кездесіп қалдым, түрмедегі кесімді уақытын бітіріп, үйіне қайтып келеді екен. Егер ол Сіздің адресіңізді дұрыс берсе, онда менің бұл хатымды аласыз. Бұған сіз алғашында таңданып та қаларсыз. Ол орынды да, өйткені сіз бен біз мүддесі мүлдем кереғар екі таптың өкіліміз. Алайда сіздің қазіргі жағдайыңызды бетіңізге баса айтқым келетіні мынау. Біздің өкіметтің жазалау саясаты адамды қанауды мақсат етпейді, қайта еңбек арқылы қайта тәрбиеленуге мүмкіндік береді.
Сіз жұмысшы табының алдында үлкен қателіктер жібердіңіз, оның идеясы мен мүддесіне қарсы шықтыңыз. Большевиктер: керек кезінде күш те қолдана алатынын үнемі айтып келді, айтып та жатыр, бірақ бұл зорлық күш өзіне ұнамайтынның бәрінің көзін жоя береді деген сөз емес. Буржуазия табымен жұмысшы табы татуласпайды, оны жояды – деген болатын Ленин. Алайда кейбір тұлғалар қайтадан түлеуі мүмкін. Ондай жағдай тарихта бірнеше рет қайталанған.
Сіз, біздің қазіргі сөз өнеріміздің ұлы шеберлерінің бірісіз. Қазақтың жазба әдебиеті тарихы дәуірлік маңызы бар туындыларды дүниеге әкелген үш ірі ақын мен жазушыны біледі, олар: феодалдық әдебиеттің шыңы – Абай, буржуазиялық әдебиеттің шыңы – Сіз және кеңестік әдебиеттің шыңы – Сәкен. Біздің сынымыз мұны әлденеше рет атап өтті.
Иә, Сіз, 1928 жылы «Тоқсанның тобыры» мен «Толғау» атты 2 өлең жаздыңыз. Бұл өлеңдеріңізде кеңестік идеологияға қарай қадам басуға тырысқаныңыз байқалады. Бұл шығармалардың негізгі құрылымын дұрыс түсінсем де, кейбір жағымды тұстарын бағалай алмағанымды мойындауға тиіспін. Біз сізді сол пікірімізбен үркітіп алдық па, әлде басқа себептері болды ма, бұл қадамыңызды одан әрі жалғастыра алмадыңыз.
Буржуазия табының жойылуы және оның мәдениетінің күнінің батқанын біз, коммунистер ғана емес, сол таптың өз өкілдері де мойындап отыр. Бұған ағылшынның буржуазияшыл жазушысы Уэллстің Сталин жолдаспен әңгімесі мысал бола алады (Бұл сұхбатты Сізге оқып шығуды өтінемін, «Большевик», № 17, 1934 ж.).
Кім де кім талқаны шыққан буржуазиялық мәдениетті қалпына келтіруге ұмтылып, өліп бара жатқан тапқа қызмет еткісі келсе, онда «құмды суарып, егін екпе» деген қазақ мәтелінің керін құшады. Сондықтан да әлемнің адал ниетті интеллигенттері пролетариаттың өсіп келе жатқан мәдениетіне шұғыл бет бұрып, оған үлес қосуға тілек білдіріп отыр. Сөйтіп адамдар өздерінің азаматтық парызын өтемек. Өйткені адамзат қоғамы оның бір бөлігінің екінші бөлігін қанаудан тек пролетариат диктатурасы арқылы құтқара алады. Біз, коммунистер, оларды қайта тәрбиелеуге бар күшімізді жұмсаймыз. Мысалы, Сіздің кешегі пікірлесіңіз Мұхтар Әуезов бүгін өзінің қателігін мойындап, кеңестік жолға түсті және ол жазушы коммунистермен бірдей партия мен үкіметтің қолдауына ие болып отыр.
Сталин жолдас жазушы Уэллспен сұхбатында: жекелеген адамдар субьективті түрде социализм идеясына қарсы шықпауы мүмкін, бірақ буржуазиялық диктатураның күшпен құлатылуын мойындамауы арқылы оның қорғаушысы болып шығады – деген болатын.
Сіздің кінәңізге пролетариат мемлекеті қашан кешірім жасайтынына қарамастан, мен сізге бір сұрақ қойғым келеді: болашақта сіздің ақындық қаламыңыз кімге қызмет етеді?
Сіз маған жауап береді деп сенемін.
Соңғы екі-үш жылда мен Қызыл профессура институтының әдебиет бөлімінде оқыдым. Қарашаның 20-да Алматыға тұрақты қызмет істеуге барамын. Отбасым әзірше Москвада қалады. Оларды алып кетуге мен желтоқсанның аяғында келемін.
Сәлеммен – Сәбит. 2/-ХІ.1934 ж.»
Менің адресім: Москва, 21, Остожкенко, 53, 62-бөлме (алпыс екінші). Мұқанов Сәбитке».
Шындығында да, бұл хаттың мазмұны түсініксіздеу көрінуі мүмкін. Алайда екеуінің де жазушы екенін ескерсек, онда мұндағы емеуіріннің астары тереңде. Біріншіден, тұтқыннан босанған жолаушы арқылы Мағжанның жөнін біліп, хат жазуының өзі мәрттік. Екіншіден, тура осы хаттағы «еңбекпен тәрбиелеу», «біз, коммунистер қайта тәрбиелейміз», М.Әуезов солай істеді, Сіз кімге қызмет етесіз, маған жауабын беріңіз – дегеннен-ақ Сәбит Мұқановтың: Сіз де Мұхтар сияқты ашық хат жазыңыз, оған жазушылар одағының атынан мен кепілдік беремін, адресім мына,– деп отырғанын Мағжан түсінетінін білген. Кейін Мағжан тура осы мағынада Жазушылар одағына және Халық Комиссарлары кеңесіне өтініш жазуы соның дәлелі. Зады, түрмедегі Мағжанға жазылған бұл хатты ешкім білмеген. Әйтпесе, С.Мұқанов партия қатарынан шығумен ғана шектелмейтіні анық еді.
Бұл хатты 1959 жылы 10 қарашада Сәбит Мұқановтың өзі сүйікті бауыры Тұрсынбек Кәкішевке оқып беріпті. Тұрсекең ол хатта:
«Таяуда түрмеден шығасыз, сонда қай жақта боласыз, зорлық-зомбылықты кек тұтқан пиғылда шығасыз ба, әлде «Тоқсанның тобындағы» ойға ойысасыз ба? Біз үшін, қазақтың қасиетті поэзиясының келешегі үшін Сіздің совет жағына шыққаныңыз олжа болар еді», – деген ойларды жазыпты. Тұрсекең: «Сізге тиісті орындар жазғызды ма?» – деп сұрағанында: «Жоқ, өзім жаздым – арымның әмірімен жазғанмын»,– деп жауап қайырыпты (Т.Кәкішев. Санадағы жаралар. Қазақстан. 1992, 224-бет).
Ал отыз жетінші жылы мұндай «саяси көрсоқырлыққа» жол жоқ болатын. Дегенмен де бір жыл болса да бой жазып қалған сол қысқа қызықтың бірі туралы ақынның немере бауыры Ғадылша Қаһарманов:
«1936 жылы Қызылжарда педтехникумда мұғалімдердің мамандығын арттыру курсында сабақ беріп жүрген кезінде Жәжекемді (Мағжанды – Т.Ж.) екінші рет көру сәті түсті. Бұл кісілер Зылиқа жеңгей екеуі Дзержинский көшесіндегі екі қабатты ағаш үйдің үстіңгі қабатында бір бөлмелі пәтерде тұрды. Сенбі, жексенбі күндері немере туысым Мүтәш екеуміз Жәжекемнің үйіне барып қонаға жатып қайтатынбыз. Жәжекем бізге әсте бала деп қарамайтын, төредей сыйлап, өзі қызметтен шаршап келсе де бізге әңгіме-ертегі айтушы еді. Қашан көзі ұйқыға кеткенше жалықпайтын, шыдамды және бауыр жанын нәзік түсінетін адам еді. Кейбір демалыс күндері Жәжекем, Зылиқа жеңгей үшеуміз қаладан 10 километр жердегі «Мащан» (Мықан – ?) ағашына ат арбамен барып қайтатынбыз. Ағаштың көлеңкесінде бізден бұрын барып, аттарын доғарып, алқа қотан болып отыратын көп азаматтар, Жәжекемді күтіп отыратындай көрінуші еді. Әйтеуір біз бұл жерге жақындағанда барлығы бізге қарай лап қойып, Жәжекем мен жеңгемді лезде қоршап алатын. Олардың ортасында қатар түзеп отыратын Жәжекем мен Зылиқа жеңгей қос аққу сияқты әсер қалдырушы еді. Осынау көпшіліктің ортасында Жәжекемнің аузынан шыққан әр сөзді жиналған қауымның зор ынтамен тыңдап отыратынын мен бала да болсам анық аңғаратын едім. Бірақ қаншама көпшілік отырса да туысқа деген сүйіспеншілігінен бір айнымай, менен көзін жазбай әрқашан назар аударып, көңіл-күйімді бағдарлап, қас-қабағыма қарап отыратындығын да сезінетінмін. Жәжекемнің менің атымды ерекше атайтындығы да әлі күнге дейін құлағымда. «Ғадылша» дегенде дауысының ырғағын көтеріп, екпінді басты буын мен соңғы буынға түсіретін. Ара-тұра: «Алысқа кетіп қалма, ағаштың ішінде адасып, қорқып қаларсың»,– деп ескертіп те қоятыны есімде. Ал кешкі салқынмен қалаға қайтқанымызда жол бойы жеңіл желдіртіп отыратын. Біздің атымыз жүрдек болушы еді. Жарыста алдына ат түсірмейтін, қамшы салдырмайтын. Оның жүрісіне Жәжекем де риза болып, жымиып отырушы еді. Атты мен айдайтынмын, бала да болсам тізгінге мықты едім. Соны байқайтын Жәжекем маған сенімсіздік білдірмей, ерік беріп қоятын. Жанында отыратын Зылиқа тәтей де әйел болып жеңіл мінез көрсетпейтін, қорықпайтын. Тек байсалды сәнмен жар қызығына тойып, бал-бұл жанып отырушы еді»,– деп еске алыпты (Жәжеке. Естеліктер мен деректер. А. Қазығұрт. 2005, 27-бет).
Балалық мөлдір сезім мен азаматтың туыссыраған ыстық сағынышының тоғысы ұзаққа созылмады. 1936 жылдың қыркүйек айында Сәбит Мұқанов Қызылжар қаласына келіп, Мағжанды өзі іздеп тауып, оны Алматыға шақырады. Мәселенің ресми шешілуі үшін 1936 жылы 27-қыркүйекте Жазушылар одағының хатшысы атына:
«Өзімнің кінәма лайықты жазамды өтедім. Еңбектің қара қазанына қайнап, адасулар мен жат ойлардан мәңгілікке арылдым. Мен бұрынғы ойларымнан арылып, бай мен ұлтшылдардың жолынан бас тарттым және жаңа жолға, еңбекшілер жолына бет бұрдым. Мен қалған өмірімді берік ниетім мен үміиімді дәлеледеу үшін социалистік құрылысқа еңбек етуге бел будым, ісіммен барлық ескі көзқарастан арылғанымды көрсеткім келеді. Мен үшін енді еңбекші таптың, коммунистік партияның жолынан басқа жол жоқ. Еңбекші табы әдебиетінің жетекшісі – Жазушылар одағы басқармасы менің өткен кезеңдегі адасушылығымды қатаң сынға ала отырып, сыртқа теппей, өзіне тартып, жазушылар одағына қабылдап, жетекшілік етуін, көмек беруін сұраймын.
Мағжан Жұмабаев. Петропавловкі қаласы, Дзержинский көшесі, №19 үй»,– деп (Т.Кәкішұлы, К.Ахмет. Сәбит Мұқанов, А.Арда. 2005. 177-бет) өтініш жолдады.
Алматыға оралған соң осы хатты алға тарта отырып, тиісті орындармен ақылдаса келіп Сәбит Мұқанов Мағжанға хат жазды. Бұл хатты Ш.Елеукенов ағамыздың қысқартып пайдаланған нұсқасы бойынша келтіреміз:
«...Сізбен жолығып сөйлескенде де мен айттым ғой: егер де өзіңіз шын ниетпен совет әдебиетіне қызмет етем десеңіз жазуыңызға ешкім бөгет болмайды деп. Сол сөзім әлі де сөз. Бұл пікірге басқа жолдастар да қарсы емес. Бұл хатта мен жалпы сөзді қоя тұрып, сіздің екі сұрағыңызға жауап берейін:
1. Жазушылар ұйымына совет әдебиетіне қаламымен еңбек сіңірген кісі алынады. Біз сіздің қаталықтан қайттым деп жазған хатыңызға сенеміз. Бірақ көпшілік алдына дұрыс қаламыңыздан шыққан көркем сөзіңізді ұсынғанша, өлеңдеріңіз басылғанша, ұйымға мүше болуыңызды устав көтермейді. Бұл сөзге сіз ренжуге тиісті емессіз. Устав – ұйымның тәртібі. Тәртіп – декларациядан істі жақсы көреді. Жазуыңызды бетке қақпаймыз. Совет платформасында отырып жазған сөзіңізді басамыз. Содан кейін ұйымға мүшелік мәселесі өзінен-өзі шешіледі».
2. Қызметіңіз, ұйымның сізге көмегі туралы. Алдымен Қызылжарда тұрсаңыз да, Алматыға келсеңіз де ықтияр өзіңізде болсын. Мұнда келем десеңіз сізді бетке қағатын кісі жоқ. Қайда жүрсеңізде жазуға керекті жағдайды жасатуға болады. Бірақ бұл ретінде маған хабар беріңіз. Қызылжарда сөйлескенде айттым ғой: жазуға белсене кірісу, совет әдебиетіне қызмет ету тетігі өзіңізде деп.
Егер де шын ниетпен совет әдебиетіне ат салыссаңыз сізді бетке қағатын, бұрын пәлен болып едің – дейтін кісі болмайды. Пролетариаттың рақымы мол. Ол қорғай да біледі, жарылқай да біледі. Бірақ пролетариат сөз емес, істі жақсы көреді.
Сәбит».
Бұдан кейін Мағжан Көкшетаудағы Казгородоктағы дәрігер досы Мұратбек Сейітовтің шақыруымен демалып қайтады. Саяси қысым басталғанда күнкөріссіз қалған ақын Степняк қалашығында мектеп директоры болып істейтін досы Біләл Молдабаевтің үйіне «мейманшылап» барып, сонда жүріп ол Сәбитке:
«Құрметті жолдасым Сәбит! Сіз менің Петропавловскідегі орыс мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп жүргенімнен хабардар боларсыз. Январьдың басында мені қызметімнен босату туралы мәселе қозғалғанымен де, біраз уақыт басылып қалған еді. Бірақ январьдың соңында бұл жәй тағы әңгіме болды да, мені жұмыстан шығарып жіберді. Не себепті босатылғанымды сұрасам, қалалық оқу ісінің меңгерушісі жалпы саяси себептерге байланысты дегенді айтты. Міне, 20 шақты күн болды, жұмыссыз отырмын.
Декабрьде көркем әдебиеттердің қазақ баспасымен Толстойдың «І Петр», Некрасовтың «Декабристерін» аударуға келісімшартқа отырған едім. Содан бері одан да хабар жоқ. Ол жақтан мен өте қиын қалде оралдым. Әсіресе, жұмыссыздығым жаныма жаман батады.
Мен Қазақстанға жаңа жолға түскенімді өз қалам күшіммен көрсетсем деген тілекпен оралдым. Қалай болғанда да орталыққа жетуім керек деп шештім. Егер жолға қаражат тапсам, орталыққа баруды ойлап отырмын. Әрине, өз халімнің мүшкілдігін айта отырып, сізді де бірдеңеге міндеттегім келмейді. Сізге осылай жазуға қазіргі халім мәжбүр етіп отыр. Бұл хатты қыдырып келген туыстарым жақтан, «Степняктан» жазып отырмын. Төрт-бес күннен соң қайтамын. Құрметпен Мағжан. 20 февраль, 1937 жыл»,– деп хат жазды.
Бұл – жетіскеннің емес, мұқтаждықпен амалсыз торға өзі кеп түскен арыстанның шарасыздығы. 1937 жылы 25-науырызда Мағжан Алматыға келді. Ол туралы Мұхамеджан Қаратаев:
«Жазушылар одағының секретары қызметінде істеп жүрген кезім. Одақтың председателі Сәбит Мұқанов екеуміз бір кабинетте отырамыз. Жаңылмасам, 1937 жылдың жаз айы. Бір күні кабинетте жалғыз едім, бір орта бойлы, жұпынылау киінген, өңі сынық кісі кірді. Амандасып болған соң, өзін таныстырды: «Мен Мағжан Жұмабаев боламын, шырағым. Сәбитті іздеп келіп едім...»,– деді. Жүрегім лүп ете қалды. Көп өлеңін жатқа білетін, сүйсінсек те сүйгенімізді өзгеге білдірмей, сездірмей жүретін уақыт. Орнымнан ұшып тұрдым: «Сәбең жаңа ғана шығып кеткен. Осы маңайда жүрген шығар. Қазір»,– дегенше болған жоқ, Сәбеңнің өзі де кіріп келді. Амандық-саулықтан соң телефонның құлағына жармасты. Сол кездегі Қазақстан Қомпартиясы Орталық Комитетінің екінші секретары Нұрпейісовке мән-жағдайды баяндап еді, ол: «Келе беріңдер, бірақ бұл мәселені шеше алмаймын, Мирзоянның өзіне кіріңдер»,– деді. Сәбең маған да жүр деп, үшеуміз Мирзоянның қабылдауына бардық. Қазақтар Мырзажан деп қадір тұтатын бұл басшымыз жақсы адам, кісілікті кісі еді ғой. Бірден: «–Несі бар. Келе берсін. Жағдай жасаңдар. Әне, Әуезов сияқты. Театрда істейді. Сабақ береді. Жазуын да өндіріп жазып жүр»,– деп Шерияздан Елеукеновке айтып беріпті (сонда, 138-бет).
Өзінің ақындық жолдағы ұстазы Мағжанға берген уәдесін Сәбит Мұқанов орындады. А.Толстойдың «Петр І» және Некрасовтың «Декабристер» атты көлемді шығармаларын аударуға келісім шарт жасатып, несие қаламақысын төлеттірді.
Мұңлы ақынның бейнесін жүрегінде сақтап жүрген, «ақынға ғашық болған ару» Зағипа Тінәлина:
«Көзден ғайып болып кеткен Мағжанды, тек 1937 жылы ақпан (наурызда – Т.Ж.) айында Алматыда Орталық Партия Комитетінің қабылдау бөлімінде көрдім. Оны Сәбит Мұқанов Мирзоянға кездестіруге әкелсе керек. Бұл менің Мағжанды көп жыл өткеннен кейін көруім ғой. Бұрынғы сән-салтанаты жоқ, үстінде былғары пальто, аяғында былғары етік, басында қаракөл бөрік. Көп ұзамай тағы да Өлкелік партия комитетінің қабылдау бөлмесінде Мағжанның жалғыз отырғанын көрдім. Мүмкін біреуді күтіп отыр ма? Бұлай күтпеген жерден бетпе-бет жеке кездесуіміз мені қатты састырды, не болғанымды өзім де сезбей қалдым. Төбеге ұрғандай тұрып қалыппын, ол да ләм деген жоқ, тек бір-бірімізге қараумен болдық. Маған сол сәтте қолын ұстап амандассам ба деген ой келді. Бірақ жолым тар, әйел адам болған соң дәтім бармады. Артынан үйге келген соң өкініші кетпей, жолдасым Абатқа: «Мағжанды үйге қонаққа шақырсақ қайтеді?»,– деп едім, ол басын ашып ештеңе жауап бермеді. Тек: «Мағжан Сәбитке келіпті ғой...»,– деді де қойды. Бұл менің Мағжанды соңғы көруім болды. 1937 жылы мамыр айында менің жолдасым Абатты да «халық жауы» деген жаламен түрмеге жапты. 1938 жылдың 10-сәуірінде мені де қызмет істеп отырған орнымнан ұстап әкетті. «Халық жауының әйелі» – (член семьи изменников родины» деп үш жылға кесті. Осымен «Алжир» колониясында 1941 жылға дейін жазамды өтеп, елге Ақмолаға көштім»,– деп (Ғаділша Қаһарманұлы. Жәжеке. 198-202 беттер) еске алыпты.
Сөйтіп үмітсіз нәзік жүрек тағы да бір шымши соғыпты. Иә, бұл да бір үмітті үмітсіз дүние.
Үмітсіз дүниеден үміт күттірген құпия құжаттың бірін тағы да сол талмайтын тарлан Тұрсынбек ұстазымыз көпшілік назарына ұсынды. Онда:
«21-көкек, 1937 ж. Құпия. Жаманқұлов жолдас, алашордалық ақын Мағжан Жұмабаевтің Алматыға келгені саған мәлім, ол Жазушылар одағына өтініш жазып, өзінің кеңеске қарсы жіберген қателіктерін мойындап, түзелуге мүмкіндік беріп, көмектесуді, қызмет беруді сұрапты. Бұл мәселе жөнінде мен таяуда Мирзоян жолдаспен кеңестім. Ол маған: «Қызмет беріңдер, яғни, орыс әдебиетінің классиктерін қазақ тіліне аударту арқылы қаржылай көмектесіңдер. Оның қаншалықты түзелгені содан кейін белгілі болады»,– деді. Мен сенен, партия мүшесі және Қазкөркеммембастың меңгерушісі ретінде менің тілшемдегі Мирзоян жолдастың сөзін ескере отырып, аударма жасауға шарт жасасып, аванс беруіңді өтінемін.
Коммунистік сәлеммен, ҚКЖО-ның төрағасы және партия мүшесі С.Мұқанов.
Қарар: шарт жасасу кезінде ескерілетін болады. Редактор. 21-сәуір, 1937»,– деп жазылған.
Алдын-ала айта кетеріміз, бұл шарт жасалғаннан кейін арада үш-төрт ай өткен соң Р.Жаманқұловқа:
«алашордашыл-ұлтшылға» үкімет қаржысын рәсуа еткені үшін», – деп, ал Ал С.Мұқановқа:
«Жұмабаев айдауда жүргенде онымен хат жазысты және қаржылай көмек берді»,– деген айып тағылды.
Іле Р.Жаманқұлов халық жауы ретінде ұсталды, С.Мұқанов партиядан шығарылды. З.Тінәлинаның естелігінде көрсетілген Мағжанның үкімет кеңсесіне екінші рет келуінің себебі, тарихшы Қ.Алдажұманов ғылым айналымға түсірген 1937 жылы 21-мамыр күні Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы О.Исаевқа жолдаған төмендегі «Ашық хат» болса керек. Онда:
«Қаз ССР Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы жолдас Исаевқа Жұмабаев Мағжаннан (Алматы қаласы, Лесная, №89 (Киров, 103)
АШЫҚ ХАТ
Мені, контр-революциялық алашордашыл қайраткер ретінде және төңкерісшіл ұлтшыл жазушы ретінде социализм құрып жатқан қазақ еңбекшілерінің ортасынан пролетарлық өкімет әділ шеттеті, сондай-ақ қазіргі уақытта мені социалистік қоғамнан аластатып ұстағаны да өте дұрыс.
Біраз уақыт еңбекпен түзету мекемесінде болған кезімде, өзім тікелей атсалысқан социалистік алып құрылыстарда оның ізгі ықпалын сезіне отырып, кеңес мемлекетінің еңбекпен түзету саясатының әлемдегі бірден-бір ең сенімді және дұрыс саясат екеніне көзім жетті, сондықтан да мен өзімнің идеологиям мен бүкіл қоғамдық-әдеби жұмыстарымды қайта тексеруден өткіздім, сөйтіп, барлық қоғамдық-әдеби қызметімде мен ұстанып жүрген және басшылыққа алып жүрген ұлтшыл-алашордашыл идеологияның сөзсіз реакцияшылдығына және сатқындық қылмыс екеніне бүтіндей сендім, ұлтшыл-алашордашыл идеологияның және алашордашыл ұлтшылдардың барлық сатқындық әрекеттері қазақ еңбекшілеріне және бүкіл социалистік отанға дұшпандық қылмыс екеніне көзім жетті.
Осы тексерісімнен, ұстанымымнан кейін өзімнің өткендегі барлық іс-әрекетімді, қоғамдық және әдеби қызметтерімді айыптай отырып, өзімнің қылмысты өткенімнен, ұлштшылдықтан, ұлтшыл-алашордашылардан мүлдем және мәңгілік қол үземін, сөйтіп, қалған өмірімді ешқандай бұлтарыссыз тұтастай социалистік қоғамға сенген азаматы ретінде, социалистік Отанның сенімді ұлы ретінде социалистік қоғамға қызмет етемін деп шештім.
Осындай асыл арманмен, осындай бірегей мақсатпен мен осыдан бірнеше ай бұрын, тиісті мекемелердің рұқсатымен, таңғажайып өркендеу үстіндегі Қазақстанға келдім, қазақ еңбекшілерінің гүлденген өмірі менің және барлық ұлтшыл-алашордашылардың іс-әрекеттерінің сатқындық қылмыс екеніне толықтай көз жеткізді, сөйтіп өзімнің өткендегі контрреволюциялық ұлтшылдығымды және ұлтшылдарды революция мен социалистік отанға, қазақ халқына дұшпандық деп санап, олармен екі арамды ешқандай бұлтарыссыз және мәңгілік ажыратқанымды, аса ауыр қылмыс жолынан толықтай арылуға бет алғанымды, Отанның адал ұлы ретінде қайта түлегенімді, сол үшін қалған өмірімді социалистік отанға қызмет етуге арнайтынымды мәлімдеймін.
Бұл мақсатымды мен Сізге – кеңестік Қазақстанның Үкімет басшысына, бақытты өмір құрып жатқан мұқым қазақ халқына ашық, шын жүрекпен және бұлтартпас сеніммен мәлімдейтінімді осы хат арқылы Сізге жеткізе отырып, менің өзімнің қайта түлегенімді, қайта түбегейлі шыңдалғанымды, социалистік отаныма шынайы берілгендігімді іс жүзінде, шығармашылық жұмысымда, соның ішінде әдеби шығармашылық қызметімде дәлелдеуім үшін (еңбектерімнің) Қазақстанда жариялануына, сол арқылы ұзақ уақыт бойы қылмысты реакциялық жолға, қазақ контрреволюцияшыларына қызмет еткен қаламымның кеңестік еңбекпен өтеу саясатының ықпалымен қайта шыңдалып, қайта тәрбиеленгеннен кейінгі социалистік отанға адал және өнімді еңбек етуіме мүмкіндік берулеріңізді өтінемін.
Менің шығармашылық жұмысымның соңғы үлгілері ретінде үш өлеңді осы хатпен қоса жолдап отырмын.
Сонымен бірге, дәл қазіргі кезде кеңестік-еңбекпен түзету саясатының әлемдегі ең дұрыс ұстаным екенін көрсететін жаңа тақырыпты көркем түрде игеру ісіне кіріскеніме Сіздің және мұқым социалистік қоғамның назарын аударамын, бұл поэмада екі қазақтың – тұрмыстық қылмыскер қазақ пен қылмыскер-ұлтшыл қазақтың өмірі, тәрбиеге көнетін және көнбейтін атышулы халық жаулары мен қоғамның шірінділерінің тәрбиелену жолы жарыстырыла суреттеледі.
М.Жұмабаев. 21 май, 1937 жыл» (Қ.Алдажұманов, Ақынның соңғы үміті. «Қазақ әдебиеті». 21.08.1992).
Бұл «Ашық хат» туралы не айтуға болады? Естайдың:
«Жалғанды жалғамалап әркім жүр ғой,
Қысқа жіп келмеген соң күрмеуіне», –
дегені сияқты, «жалғандықпен жалғанған көңіл жібі» болса керек.
Араша тілеп отырған Ораз Исаевтің бұл өтінішті қарауына мұршасы да келмеді. Оқыған күннің өзінде де мұрағатқа жолдаумен аяқталды. Өйткені алашордашыларды әшкерелеуші бас идеологтың өзі де көп ұзамай және Мағжаннан бұрын тұтқындалып, тергеушіге:
«Менің тұтқындалуым – менің дұшпандық әрекетімнің жолын кесті, сондықтан да мен, өзімнің сатқындық әрекеттерім мен опасыздығым бұлжытпайтын айғақтармен әшкереленіп отырған сәтте, іштен тынып, әлденені жасырып қалуға жортақси тырысуымның ақылға сыймайтынын білемін. Мен жиырма жыл бойы партия мен халықты алдап келдім. Өтірік пен екіжүзділік менің екінші және нағыз болмысыма айналды, сол болмысым маған ұзақ уақыт бойы партия ісіне шынайы берілген адал коммунистің ролін орындауға мүмкіндік берді. Мен, тұтқындалғанға дейін, оңшылдар орталығының қарары бойынша әрекет еткен Қазақ ССР-дегі кеңес өкіметіне қарсы ұлтшыл ұйымның жетекшілерінің бірі болдым»,– деп жауап беріп жатты (Алашорда қозғалысы, 3 том, 2-кітап, 266-бет).
Шағынар қайраткердің қалмағаны және енді олардың қайтып оралмайтыны түсінікті еді. Сондықтан да ендігі арызданудың өзі өз еркіңмен абақтыға қамауға өтініш берумен тең болатын. Кімнің абақты мен концлагердің есігін қайтадан ашқысы келеді дейсің?
Бірақ Мағжан ашпасам деген есік тағы да ашылды, ашылған жоқ, ашқызды. 1937 жылы желтоқсанның 31-і күні кеште Мағжан Жұмабаев екінші және соңғы рет ұсталды. Ш.Елеукеновтың зерттеуі бойынша, Мағжанды тұтқындау туралы №1445 ордер 1937 жылы 27 желтоқсан күні жазылыпты. Осы арада ескерте кетеріміз, Мағжанды тіміскілеткен не тұтқындаған, біз танысқан Ахмет Байтұрсыновтың ісіне де қатысы бар тергеушілердің біреуі – кейіннен Қазақстанның бірінші басшысы, екіншісі – қауіпсіздік комитетінің төрағасының орынбасары, үшіншісі – Ішкі істер министрі, төртіншісі – төбе би болды. Солар қызмет басында тұрғанда бұларды ақтау туралы мәселе қозғаудың қандай нәтижемен аяқталғаны түсінікті. Олардың үрім-бұтақтарының өтініші бойынша аты-жөндерін қағыс қалдырдық. Ол үшін бізді жазғырудың да жөні болмас.
Сонымен, ұлтшыл және қылмыскер қазақтар туралы дастан жазылмай қалды. Зылиха Жұмабаева:
« – Зылиха, көп болды пельмен жемегелі, пельмен жасашы,– деп ойланып отырды да, – енді менде несі бар, ұстамайтын шығар, табылса қара жұмыс болса да істеп күн көреміз,– дегені. Мен болсам Қызылжардан бекер келдік деп өкінемін. Бір бәлені сездім-ау... Бұл Мағжанның өзін-өзі жұбатқаны екен ғой. Соңғы кезде дөңбекшіп ұйықтай алмай шығатын. Енді қайта түрмеге түссе кездесетін күн жоқ екенін Қызылжарда түсінгенмен, Алматыға келгенімізге қатты өкіндім. Тамақ та алдымызға келді, үйге екі жігіт кіріп келді:
– Мағжан Жұмабаев, сіз тұтқындалдыңыз,– деді де ең құрымаса алдындағы асынан дәм татқызбай дедектетіп ала жөнелді...» (А.Тасымбеков. Азапты сапарлар. Лениншіл жас. 1989, 10 қаңтар).
Тергеудегі азап пен қинаудың тәсілдерінің бірі туралы бізге академик Мұхамеджан Қаратаевтің:
«Мұны таспаңа (магнитофон) жазба. Есiңде жүрсiн. Кiм бiледi, көлеңкемiз қысқарып келедi... Тергеу камерасында жатқанымда қасыма бiреудi әкеп қосты. Өскеменнiң омарташы орысы екен. Ол да ұзақ жатыпты. Жөн сұрастық. Сонда Сәкендi есiне алды... Менен бұрын сол кiсiмен бiр камерада болыпты. Ол: «Мен өзiм орнатқан өкiметтiң жауы емеспiн»,– деп ұзақ қасарысыпты. Бар қорлыққа шыдапты. Бiр күнi тергеуге кеткен Сәкен кiрiп кеп: «Мен бiттiм, төзбедiм қорлыққа!»,– деп айғайлап сөйлеп, төсекке етпетiнен жата кетiп, солқылдап жылапты. Талай қыспаққа салғанда қайыспаған Сәкеннiң морт сынуына сенбеген омарташы себебiн сұрайды. Сонда Сәкен: «Бәрiне шыдар ем ғой. Жас ұрпақты бiзге қарсы қойғанына қалай шыдармын. Орындыққа отырғызып қойды да, қазақтың екi жас баласын алып келiп, екеуiне екi құлағымды создырып: «Ой, әкеңнiң аузын... Сейфуллин, ой шешеңдi... Сейфуллин! Сен халық жауысың!»,– дегiзгенде шыдамадым. Қорлық қой. Олардың көзiне жексұрын боп көрiнгенше өлгенiм жақсы. Қағазына қол қойдым,– дептi»,– деп айтқан, біз көзі тірісінде жариялаған естелігінде ащы да кекесінді шындық бар, мүмкiн көп шындықтың бiреуi осы шығар.
Арлы, намысты азаматтар осындай қорлаудан бас тартып, ешкімге зиянын тигізбей, өзін-өзі әшкерелеген. Мағжан да сол жолды таңдағанына оның 1938 жылы 6-қаңтар күні КССР Ішкі Істер Халық Комиссариатына қарата жазған Мәлімдемесіндегі:
«Мен – Жұмабаев, кеңес өкіметі алдындағы өзімнің кінәмды жуу үшін: «Шетелдік бір мемлекеттің мүддесі үшін бірнеше жылдар бойы шпиондық әрекетпен шұғылданды»,– деп маған тағылған айыпты мойындаймын. Жапонияның пайдасына шешілетін шпиондық жұмыспен, мен – Жұмабаев 1919 жылдан бастап 1929 жылға дейін, яғни, ұсталып, лагерьге айдауға жөнелтілгенге дейін айналыстым. Ондағы мерзімімді өтеп, 1936 жылы Қазақстанға қайтып келгеннен кейін де жоғарыда аталған мемлекеттің мүддесі үшін өзімнің шпиондық жұмысымды одан әрі жалғастырдым»,– деген «мойындауы» анық дәлел.
Бұл арада тергеушілер Мағжанға неге 1919 жылды нақты көрсеткізіп отырғанының мәнісі алдыңғы бөлімде З.Валидовтің «Қатираларындағы» М.Тұңғашиннің архивіне қатысты тұста толық баяндалған болатын. Өзге істерге қарағанда мұнда Ә.Бөкейхановтың да аты аталып, сол «шпиондық» қылмысты дәлелдеу үшін Колчак үкіметінің архиві сақталған Омбыға сұрау салыпты. Олардың бұл сұрауына Омбы облыстық мемлекеттік архивінің бастығы Маркова мен бөлім бастығы Попова:
«Омбы облыстық мемлекеттік архивінде Бөкейханов Әлихан мен Мағжан Жұмабаевтің жапон барлау мекемесіне қызмет еткені туралы және сұрау хатта көрсетілген өзге де жайларға қатысты мәліметтер жоқ»,– деп хабарлаған.
Іздеген «шпиондарының» табылмағанына тергеушілер өкінген-ақ шығар. Бірақ ең басты өкініш – алтын басты азаматтар имансыз көмілді. 1938 жылғы тергеу ісімен жете танысқан мағжантанушы Ш.Елеукеновтің мәліметінше оныншы, жиырмасыншы ақпан күндері жауапқа алынып, әр жолы 8 беттен хаттама жазылып: Отанын сатқаны және кеңес өкіметіне қарсы қастандық жасау мақсатында астыртын ұйым құрғаны үшін 58- баптың 6, 11-тармақтары бойынша айып қорытындысы шығарылады. Кіші лейтенант Гайкович жасаған «Өлім туралы актісіндегі» мәлімет бойынша:
«Мағжан Бекенұлы Жұмабаевті ату жазасына кесу жөніндегі 1938 жылы 11-ақпан күнгі №377 шешім 1938 жылы 19-наурызда орындалды».
Бірақ Мағжан: « … тірі еді». Оған Қаз ССР Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары А.Тілеулиевтің 1962 жылы 27-тамызда Партия институтына берген анықтамасындағы:
«1936 жылы 2-маусым күні түрмеден босатылды, жазасын өтеп келгеніне қарамастан 1937 жылы тағы да қылмыстық жауапқа тартылған, НКВД-ның комиссиясы мен СССР прокурорының шешімі бойынша 1938 жылы 11-ақпанда сотталды (осужден)»,– деген жолдар себепші болған.
Осындағы «сотталған – осужден» деген сөз де жұрт арасында Мағжанның соғыс аяқталғанша жер басып тірі жүрді-мыс деген жорамал жасауына мүмкіндік берген.
1958 жылғы 28-ақпандағы Мағжанды ақтау туралы Қазақ ССР Жоғарғы сотының шешімін қолына алып тұрып Зылиха өзінің жесір қалғанын, күйеуінің өлгенін естіп, оған сенбей немересі Ұлжанға:
«– Ау, Мағжанды неліктен 1938 жылы 19-наурызда атылды дейді? Маған осы жері түсініксіз. Өзің білесің, Алматының күні сәуірде ыси бастайды. Жұрт қысқы киімдерін тастайды. Мағжанды қысты күні желтоқсанның 30-ы күні ұстады. Қысқы киіммен кетті. Күн жыли бастаған соң, сәуірдің орта белінде НКВД-ға жаздық киімдерін апарып, өз қолыммен тапсырып едім ғой. Олар қабылдап алды: «Жарайды, иесіне тапсырайық»,– деді. Ал комиссияның қаулысына сенсек… Сенбеске амал не? Сонда мен шын мәнінде киімін емес, кебін апарған екем ғой. Мен киімін апарғанда Мағжаным бұл дүниеде жоқ екен ғой. Алданған екенмін, әй, сұм тағдырым-ай!»,– деп жылапты» (сонда, 146-бет).
Аяулы ақынды елі өлімге қимаған. Сәкен екеуінің ажалының өзі аңызға айналған. Оның басты себебін оқымысты мағжантанушы Ш.Елеукенов:
«Тұтқындауға келгендердің біреуі: «Ақынға тиіспейміз. Тек Қазақстаннан сырт жерге жібереміз»,– депті-мыс. Содан болуға керек, Мағжан Новосибирскі маңында бір жерде жасырын тұрады,– деген аңыздың тарауы. Осы сияқты аңыздардың әсері Орталық Комитеттің комиссиясы кешірім жариялағаннан кейін де кей газеттерде белгі беріп қалып жүрді. Рас болса жарайтын еді, бірақ ақиқат олай болмады ғой»,– деп түсіндіреді.
Иә, «рас болса жарайтын еді». Тіпті мен де Мағжанның соғыс аяқталған соң да тірі екеніне сендім. Сенбеске амалым да жоқ болды. Ол оқиға былай басталды. 1977 жылы қараша айында «Білім және еңбек» журналының Бас редакторы Әбілхамит Мархабаев мені Баукеңе – Бауыржан Момышұлына қызыл әскердің құрылғанына 60 жыл толуына орай мақала жаздырып алуды тапсырды. Алдын-ала келісіп, тура сағат онда қазіргі Төле би көшесінің бойындағы пәтерінің есігін қақтым. Мақаланы айтып отырып жаздырды. Шараппен сыйлады. Сұхбат аяқталғанда мен демімді ішіме ала отырып: «Профессор Хайыржан Бекхожин студент кезімде: «Алдарында қарыздар едім»,– деп мені алаш ардагерлерінің архивімен танысуыма себепкер болды, ол ізденісті жалғастырып жүрмін, өйткені мен де ұстазыма қарыздар едім. Қаламгер Мамытбек Қалдыбаевтің айтуы бойынша, Сіз Мағжан мен Жүсіпбекті көріпсіз. Соны білгім келеді»,– деген уәж айттым.
Қатты дауыстап: «Жүсіпбектің алдында мен де қарыздармын. Ол менің ұстазым... Ал Мағжанның ажалына себепші болдым ба?– деп ойлаймын,– деп ұзақ ойланып қалды да мына хикаяны айтты.
Бауыржан Момышұлы: «Соғыстан кейін мен әскери академияда болдым. Бірақ та армияның өзіне сұрандым. Новосибирь қаласындағы дивизия командирі етіп тағайындады. Бірде Совет Одағының маршалы, армия қолбасшысы әскери поезд арқылы Новосибирь вокзалы арқылы Қиыр Шығысқа кетіп бара жатқаны, менің оған жағдайды баяндауым туралы бұйрық түсті. Вокзалға келдім. Сібірдің қысы қатты. Әскери состав келгенше перронда ары-бері жүрдім. Көзім жүк почтасын қабылдайтын қоймаға кіріп-шығып, шанаға жүк тасып жүрген егде адамға түсті. Түрі азият, азияттың ішінде қазақ сияқты көрінді. Қасына барып: «Қазақпысыз?»,– дедім. Қазақ екенін білген соң жөнін сұрадым. Сөйтсем,: «Среди гор, среди скаль, Александрия централь»,– дейтін атақты концлагерьдің жүгін тасиды екен. Аты-жөнін айтқысы келмеді. Соның арасынша екі-үш рет кіріп-шығып үлгерді. Дауысымды қатайтыңқырап сұрап едім: «Жастар сендер білмейсіңдер ғой. Мен – Мағжан Жұмабаев дегенмін»,– деді. Сол арада өзім оқулықтан жаттаған «Шал» деген өлеңін жатқа айтып бердім. Тағы да бір-екі жәшікті шанаға сап үлгерді: «Ә, мені ұмытпаған екенсіздер ғой. Біледі екенсіңдер ғой»,– деп кемсеңдей сөйлеп, өзімді сұрады: «Ә, Бауыржан Момышұлы деген сіз екенсіз ғой. Естігемін. Білемін»,– деді. Өтірік емес, шын Мағжан екеніне көзім жетіп, лагерінің командирін сұрадым. Сол арада поезд келіп, вокзал жабылып, сарт та сұрт боп кетті. Мен де асығыс маршалға рапорт беруге асықтым. Жарты сағаттан кейін жаңағы жерге келсем, әлгі шал кетіп қалыпты. Лагерьдің командирін танитын едім, қаладағы әскери кеңесте кездесіп тұратынбыз. Телефон шалып, Мағжан – қазақтың үлкен ақыны екенін, оны жеңіл жұмысқа ауыстыруын өтіндім. Ол келісті. Содан арада үш-төрт ай уақыт өтті. Әскери қарбаластан қол босамады. Бір жолы әлгі лагерь бастығын Новосибирьскідегі әскери кеңесте көріп қалып, өтінішімнің не болғанын сұрадым. Сонда ол: «Жерлес ақыныңнан айырылып қалдық. Сен тапсырғаннан кейін мен оны жеңіл жұмысқа – хат тасушы етіп ауыстырғамын. Көктемде Енесай өзенінің сеңі бұзылған кезде почта таситын қайық аударылып кетіп, суға кетті. Сүйегін таба алмадық»,– деді маған. Мұңайып мен қалдым. Міне, менің Мағжанның өліміне себепші болмадым ба – деп ойлайтыным осы, қарағым»,– деп сөзін аяқтады.
Тәуелсіздік жылдарында осы оқиғаны қаламгер Мамытбек Қалдыбаев та газетке жариялады, басылымға енгізді. Оқымысты ағамыздың Новосібірді мекзеп отырғаны сол жарияланым ба, жоқ, басқа басылым ба екен? Анығы бұл оқиғаға өз басым кәміл сендім және жастық аусарлықпен Шәкәрім мен Мағжан екеуін басты кейіпкер ете отырып 1978 – 1979 жылы «Жер – бесік» атты роман жаздым. Ол 1984 жылы жарық көрді. Сондағы Енесайға суға кетіп өлетін Саржан ақын осы Мағжан еді... Енді, міне, ол оқиғаны тағы да бір еске алудың реті келіп отыр.
Иә, шындығында да аңызға бергісіз ақиқат және естелік иесі қандай сенімді адам. Қай шындықты қабылдайсыз, оны патша көңіліңіз білсін. «Мағжан өлмепті!»,– деп жұмбақтап емеуірін танытқанымыз осы оқиға еді. Мағжанды еске алған сайын «Кәмилә» мен «Япурай» әндері жұмсақ мұңымен жүректі шымшылай сыздатып жүрді. Шындығында да Мағжанның рухы өлген жоқ. Бірақ тұншықтырып ұстағысы келгендер болды. Мағжан ақталған тұста Зылиха ханыммен соттасып, ол туралы лақап тарата жүріп шығармаларына алғысөз жазған бір кәрі ақын, Ш.Елеукенов ескертіп өткен жазушылар одағындағы комиссияда және алпысыншы жылы екінші хатшы боп тұрған кезінде: «Мағжанның шығармашылығы мәңгілік жарияланбауы тиіс»,– деп Орталық Комитетке және Қауіпсіздік комитетіне қарсы пікір жазды. Осы кітаптағы деректермен танысуға себепкер болған 1987 жылғы ақпан айында Жазушылар одағының төрағасы Олжас Сүлейменовтің кабинетінде өткен Қауіпсіздік комитетінің төрағасының орынбасары, С.Қ.Әбдірахманов бастатқан жеті полковникпен кездесуде генерал: «Мағжанның шығармаларын жариялауға біз емес, рұқсат бермеген сіздерсіздер. Сол кездегі екінші хатшы … қарсы болып, Мағжанды ешқашанда ақтауға болмайды деп қол қойған»,– деп әлгі қорытындыны оқып бергенде Сафуан Шаймерденов марқұм: «Не дейді?!. Әкау, ол да сондай ма еді?!»,– деп еш қымсынбастан жылап жіберіп еді.
Ұлт үшін ең қауіпті жау – іштегі жау. Оны не сүйкімдінің, не сүйкімсіздің қатарына қоса алмайсың.
Достарыңызбен бөлісу: |