Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



бет59/65
Дата03.12.2016
өлшемі10,78 Mb.
#3049
1   ...   55   56   57   58   59   60   61   62   ...   65

«1961 ж. 21 июнь. Москва, Кунцева. Қадірлі іні-дос Тахауи! Сен берген кітабыңды түгел оқып шығып осы хатты жазып отырмын. Әрине, сенің үлкен еңбегің, өзіңді кең құлашыңмен, өнімді өріс-өрнегіңмен емін-еркін танытқан шығарма «Қаһарлы күндер». Мына шығармаларда «бертін соқтың», «кемшін келдің» демекші емеспін. Бұларда сен әдейі кіші жанрлардың әр алуанын толғап көруді мақсат еткенсің. Өз ішіндегі басылмаған пернелеріңді де тіл-үн қаттырып, тебірентіп көрмек болғансың. Әрі сен пьесалар да жазып жүрсің. Сценарийді де қолға аласың. Осының бәрі өте заңды іздену жолындағы бел-белестер.

Сол ретте, әрине, «Махаббат мұңы» жақсы повесть. Өзгелер қонымды, ұнамды әңгімелер (роман, новелла). Бұлардың бәрінің тақырыбы, адамдықтары, шындықтары – жалғансыз, риясыз, зорлықсыз әділ шындықтар. Сонысы ұнайды. Екінші – сен бір жақсы соныға түсе бастапсың. Ол интеллигенция туралы жазу, өзіңмен замандас, қанаттас қатарыңды жазу – соларды және ішкі мәдениет өресіне қарай – ішіне үңіле, сезіміне бойлап жазу бар. Өте орынды, өте асыл іздену.

Бұл жолда, алда көп-көп ыстық тартымды, аса қызу қызғылықты, тым шабытты құштарлық туғызатын болмыстар, сәттер шындықтар бар. Осы адамдар: жақсы, ойлы, саналы, арлы болса – халқының, қауымының да болашығы ғой.

Оларды көрсетумен бірге, сынаумен бірге бойлау, бастау – қалыптасу да керек. Сен шынайы қызығарлық соныға түскенсің. Соған менімше құдіретің де жетеді, ілгері тереңдей, ірілей тарта түс. Бұл тақырыпта сен ұдайы әділ-адал дәл шындықтың өзінде болыпсың ғой. Қоспа, бояма, ... бұнда керек емес. Бәрі өзің жақсы білетін өз ортаң. Өзің жүзіп жүрген мекен-көлің.

Менде тағы бір қуанышты сүйсінген ойлар ұдайы қатар отырды (осы кітабыңды оқу үстінде дейім). Ол: сенің өзіме сонша ет-бауыр, шабытымен іні бауыр екеніңді сезіне отыру шақтары. Мен сенің мақалаларыңнан, үлкен романның да кен бояуларынан – осы менімен туыстас-ау - деп ойлап жүруші ем. Ал мынада мен өзімнің сезімдерімді, сырларымды, саған жаздырып соған барымша сеніп, еліге еріп ырза боп отырғандаймын. Әрине, әрбір шыншыл шығарма солай еліктіреді де, ал өз жүрегіңе ұқсап соққан жылы тамырлы жан бауырыңдай сезбеске шараң жоқ.

Мен сені, Әбдіжәмілді, Зейнолла, Тәкенді, Сафуанды – көптен, бастан бөлек санайтұғым. Біз, Хрущев жолдас айтқандай «жәрмеңкеден қайту бетіндегі» жандарға қосылдық. Енді әдебиет болашағын ойламай болмайды. Сендерді сол болашағымыз дейім. Өзіме етене жақын дегенде, сенен – менің жасырақ шағымда өзімнен таппаған жақсы сыпаттарды көремін. Сенің отызың менен қызуырақ, сенде ерте түскен ой бар деп сенемін. Әдебиеттің арлы ойы болса керек дейім. Сондықтан анау бір жылдардан-ақ саған, сендерге мен безразлично қараған емеспін. Алдарыңнан, жауапты, ойлы жаңалықтарды, өзге бар қазақтан молырақ күткен күйдемін.

Екінші бір өнімді топ: Мұқамеджан, Хамза, Зейін. Бұларды сендер көбірек түсіне білсеңдер әділ болады. Олар жастық кетіп, ұзақ заман тұсалып қалған, жігерлі талант, өмірге қомағайлық (жақсы мағынада) ала келген. Шығармалық шабытқа да сондай қомағайлар. Өнімді еңбек етеді. Сендердей, осылардай адамдарға байланысты болашақты, үдей басатын, алғыдан асатын болашақты ойламасақ, кім боламыз? Ал «алғы» дейтін қаншалық? Қанша кең қалың қатпар өткенің жатыр? Шап-шағын ғана емес пе? Әсіресе, ол мәдениетті өнер боп та өсіп піскен емес қой. Көбінше көбікті толқын санап жүрміз ғой. Мен операция тосудамын. Сәлем. Көп сәлем.

P.S.Әбдіжәміл, Зейнолла бәр-бәріне көп сәлем. Республика мерекесі бәріңе де құтты болсын, мен – жүрекпен, тілекпен бәріңмен біргемін Мұхтар».

Бұл өсиет. Мұхтардың сол «жүрекпен, тілекпен бәріңмен біргемін» деген ақтық демінің табын, шығардағы жанының жылуын сақтап қалу ғана парыз болатын. Өкінішке орай, осы ақтық лебізде аты аталған «жүрегіне ұқсап соққан жылы тамырлы жан бауырыңдай сезінген» бір қылжыр өзінің романынын «Абай жолынан» асырып бағалату үшін А.Марченко деген жалдамалы сыншыға мақала жаздырып, Мәскеуде бастырды. Тек Т.Ахтанов қана «Ол биік бізге әлі алынған жоқ» – деп, досының ізін жаймалады. Бұл Мұхтар Әуезовке өлгеннен кейін істелген көрқаптық сатқындық еді. Талант қуаты Мұхтар Әуезовтен кейінгі тегеуірінді, жандүниесі жарасымды Тахауи Ахтанның қалам күшін «қазақы күреске» салып, шашыратып та жіберген сол досының «достығы» еді. Дертке шалдығып, қиналып жүргенде Тахаңның – Тахауи Ахтановтың М.Әуезовтің мұражай-үйінде айтқан өкініші менің жүрегімді әлі де сыздатады.

Осында аты аталған шәкірті Зейнолла Қабдоловтың сәлемін жеткізу үшін ақын Әбу Сәрсенбаев 23-маусым күні Әуезовтің көңілін сұрап ауруханаға барады:

Ә.Сәрсенбаев: «23 маусым, 1961 жыл. «Москва» қонақ үйі. Кешке Алматыға оралмақпыз. Сәске кезінде телефон соғылды. Зейнолла Қабдолов екен. Дауысында бір абыржу бар тәрізді. «Әбеке, ертең Мұхаңа операция жасалмақ. Барып шыға көріңіз. Біздің шәкірттік сәлемімізді тапсырыңыз. Ақ тілеуіміздің өз үстінде екенін жеткізіңіз».



Жаңбыр сабалап құйып тұрған-ды. Дереу такси шақыртып, Кунцовоға жөнелдім. Бұрын барып көрмеген жерім болатын. Машинаны қорған ішіне кіргізбейді екен. Қалың жаңбыр астында сұрастыра жүріп, Мұхаң жатқан корпусты таптым. Операция алдында керекті дайындық жасалатын он үшінші бөлмеге орналастырылған екен. Оң қабырғадағы бүктемелі биік кроватьта Мұхаң отыр.

Мен малмандай су болып кіре бергенімде, Мұхаң қуаныш рай білдіріп, мейірлене жымиды. «Бәлі, жаурап қалдың ғой, салқын тиіп жүрмегей. Сүртінші». Қол орамалымды алып, шашымды, бетімді құрғаттым. «Ау, қайдан жүрсің, менің мұнда екенімді, қайдан білдің?» Зейнолланың телефон соққанын айтып, шәкірттерінің сәлем, тілектерін тапсырдым.

«Рахмет! Айналайындар-ай... Сен, Әбу, айт оларға. Үрейленбесін. Қорқынышты емес, жәй бір әншейін полип... Бәрі де сәтті болады...» Басымды шұлғимын. «Аузыңызға май, сәтті болғай. Бәрі де сәтті болады... Бар тілек сізге арналған». Мұхаң өңінен сырқат белгісін, қабағынан уайым көлеңкесін аңғартпай, жадыраңқы, көңілді отыр. Осылар сырқатымды сұрап, мазалай ма дегендей, бізге кезек берместен өзі ғана сөйлейді. Бірде емхана дәрігерлерін мақтаса, бірде осында емделіп жатқан шет елдің қайраткерлерін әңгімелейді. Солардың ішінде Италия, Франция компартиясының көрнекті жетекшілері бар екен. Мұхаң әлгі адамдармен достасып алса керек. Тілмәшсіз-ақ сырласатын тәрізді. «Оларға ешкім келмейді ғой. Ал маған ағыл-тегіл. Өзіме сыйлаған гүлдің талайын соларға апарып беремін. Әбден мәз болып, көңілдері көтеріліп қалады. Шіркін, көңілге не жетсін!»

Мұхаң бір сәтке әңгімесін тоқтатып қозғалақтап қойды. Биік кроватьта еденге тимей салбырап отырғандықтан аяғы ұйыды ма екен, сәл төмен жылжып, табанын еденге басты. Мұхаң бөгелмей сөйлеп отыр. Өзгеміз тыңдаушымыз, бізге уайым аңғартпау, тіпті өз көңілінде де уайым дарытпаудың амалы. Сағатқа жуық отырыппын».

Шын достықтың бір белгісі – «өкпеге қисаң да, өлімге қимау». Араздасқан достың тірісінде кешуін алып, өзіңнің көзің тіріде кешірім беру. Тағдырлы, тауқыметті күндердің қиындағын бірге басынан кешкен М.Әуезов пен И.Сельвинский екеуінің де бағы қайта көтерілген тұста қатты сөзге келісіп қалып, аралары суысып кеткен болатын. Тура сол күндері Сельвинский де төсек тартып жатқан, оның да екі-үш айлық өмірі қалып еді. Әбу абыз екі достың соңғы бақұлдасуына себепкер де болыпты.

Ә.Сәрсенбаев: «Үстім де құрғай бастаған тәрізді. Мұхаң бір қозғала түсті де, маған бұрылды: «Сен қашан жүретін едің!» Билетімнің кешкі поезға екенін айттым. Мұхаң орнынан көтерілді. «Бәлі, онда сен көп отырып қалдың ғой. Жол ақысы – жүру. Рұқсат, қарағым. Азаматтарға, менің шәкірттеріме, бәр-бәріне сәлем айт, үрікпесін... Ризамын бәріне. Әдебиет келешегін солар көтерер болар... Айтпақшы, досың қайда? Қалай өзі?».

Досың деп тұрғаны – Илья Сельвинский. Мұхаңның бір пьесасын аудару кезінде екеуі ренжісіп қалған екен. Кейін ол кісінің кешірім сәлемін Мұхаңа жеткізгенмін. Мұхаң әбден ризалық білдіріп, хат жазбақ болған-ды. Сельвинскийдің де ауыратындығын айттым. «Бір ай бұрын сәлемдескен едім. Ол кісі жүректен жүдеген, төсек үстінде. Сізге сәлем айтқан-ды. Әлі де уақытым жеткілікті. Қазір соған соғып шықпақпын. «Ә, солай ма? – Мұхаң сағатына қарады. – Ендеше, менен сәлем айт. Өткен-кеткенді естен шығарсын. Сауығуына тілектеспін». Мұхаң қолын ұсынды. Алақанында уайым дірілін сезе алмадым. Асылы, ешбір әлсіздік сездірмеуге тырысса керек. Мұхаң екеуіміз қол ұстасқан қалпымызбен бір-біріміздің жүзімізге үңіле қарап сәл тұрып қалған екенбіз. Құшақтап сүймек едім, көңіліне мұң шақырамын ба деп бата алмадым. Мұхаң осыны сезді-ау деймін. Қолын босатып алды да, есікке дейін барып, арқамнан қақты.

Бар, енді бара ғой... Бәр-бәріне сәлем айт. Ризамын!



Осы сәт неге екенін білмеймін, мейірімге балқысам керек, көңілім босап кетті. Сол бұрылған қалпыммен есіктен шықтым. «Қош болыңыз аға, жақсылықпен көріселік!»

Қалың жаңбыр астында жүгіріп барып, машинаға отырдым. Жауырынымда аға алақанының жылуы.

Шофер заулатып берді. Енді бір жарты сағатта Сельвинскийдің дачасына тоқтадық. Сырқат ақын төсектен басын көтеріп, қолымды алды да, Мұхаңның сәлемін айтқанымда орнынан қозғалды. «Вирта Яковлевна, машина дайындат. Мұхтар Омархановичке барып, көңілін сұралық». Бәйбішесі дауыстап жіберді. «Жарқыным-ау, әлгіде ғана дәрігерің басынды көтерме деді ғой». Ақын лажсыз төсекке сүйенді. «Ендеше сен бар. Ертең операция болады екен. Менің сәлемімді тапсыр».

Ұлағатты ірі адамдардың мінез-әрекеттері де ірі келеді-ау. Түтеген жаңбыр ішінде бәйбішесін Кунцовоға қуды. Мен де парызымды өтеп «Москваға» оралдым. Сол жолы қадірменді екі ағамен де бір жолата қоштасқаным ба? Жоқ, мүмкін емес. Көз алдымда Мұхаң бейнесі. Ол алақанымды қысқан күйі жып-жылы ғана күліп тұр. Жауырынымда мейірімді алақан жылуы. Жоқ-жоқ, өзгеше болуы мүмкін емес. Ол әрқашан да ортамызда. Ол әр дәуірмен, әр буын, әр ұрпақ, бүкіл келешекпен тұстас!..».

Ендігі соңғы «қощы» айтылмай қалған, аманаты мен өсиеті – елі мен жеріне, Шыңғыстауы мен Бөрліге арналды. Ол 25-маусым күні Қарауылдағы қаламгер інісі Кәмен Оразалинге хат жолдап:



«Қымбатты Кәмеке! Мынау Мұрат менің туған балам. Москва университетінде оқиды. Қазір жазғы (демалыста) Семейге, содан ары Абай ауданына – әкесі туған жерді, елді көруге бара жатыр. Өзіне: саған, Балташқа бар – дедім. Осыны – ауданды аралатып, елді, жерді көрсетіп таныстыруға өзің бар, көмек етулеріңді сұраймын. Мен аурып Москвада жатырмын, жайымды Мұрат айтар. Өзіңе көп-көп сәлем. Елдегі бар ағайынға мол сәлем. Мұхтар Әуезов»,– деп елге соңғы сәлемін жолдады.

Осы «бар ағайынға мол сәлем!» – дегеннің астарында «Абай жолындағы» Абайдың өлімі сүреттелетін тұстағы:



«Не жазып ем, не сұмдық, не зұлымдық етіп ем?! Біттім, міне, тек көк аспан куәм едің, сенен ғана сұраймын. Сорымның да куәсі, көгерген, гүл атқан шағымның да куәсі сен едің – кең көк аспан!.. Сен ғана бір айтшы... Мен өлейін, бірақ сол сан жылдарда сенің желдерің қуып әкеткн гүлдерім, дәндерімнен ұрпақ, нәсіл қалар ма?! Шанда біреу, санда бір сайда болса да, жас жапырағын көкке созып, гүл жемісін жер жүзіне берер ме?! Әлде бір-бір өлкеде, тағы да бір замандарда сол гүлдердің бір тобынан саялы тоғай, мәуелі бақ өсер ма!.. Бұтақтарында өнген-өскенді мадақтап құмыр бұлбұл сайрар ма! Саясында жас өмір, жаңа дәурен мекендер ме!,– деп, өзімен-өзі шын ұлы бір шабыт, ақын шабытымен шарықтап бір барды да, содан соң үні өшті»,– деген арманды толғауы жатыр еді.

Оның өзі де бір кезде Шыңғыс пен Бөрліге қарап тұрып: «Қош!», – деп қоштасқаны бар еді.

Мұхтар Әуезовпен соңғы бақұлдасқан адам – оның балалықтан басталған ғұмырлық досы ұлы тұлға Қаныш Сәтбаев болды.

Ш.Шокин: «...Алпыс бірінші жылы Мәскеуде ғылыми қызметкерлердің бүкілодақтық кеңесі өтті. Мұхаң Кунцевода, қала сыртындағы Кремль ауруханасында жатты. Келесі күні біз, Қаныш Имантайұлы екеуміз, жазушының көңілін сұрауға бардық. Аурухананың жылжымалы қақпасы тек үкімет «шағалаларына» ғана ашылады екен. Біздің қара ГАЗ-21 пропуск бюросының алдына келіп тоқтады. Сәтбаев депутаттық кітапшасын көрсетті, күзетші оған тәжім етіп, кіргізіп жіберді, мен машина қасында академикті күтіп қалдым. Темір қораның ішінде қарағай орманы шулайды, аурухана корпусының биік үйлері қалың ағаштан көрінбейді, «Кремлевка» орасан зор аумақты алып жатыр. Күзетші менің қасыма келді. Сөйлестік. Милицияның жасамыстау келген отставкадағы офицері осынау жауапты қора қосындағы қызметіне разы сияқты. Қақпа алдындағы аллеядан Қаныш Имантайұлының қарасы көрінгенше, ол маған Кремль ауруханасының жоғары мәртебелі пациенттерінің өмірі жөнінен көп нәрсені айтып үлгірді. Сәтбаев Әуезовтің хал-жағдайын тәуір деген бір сөзбен жеткізді».

27 маусым. Мұхтардың киесі көз алдына елестеткен Қазақстанның мерекесі күні. Соны санасымен түйсінген әулиелік аян-елесі дәл келді.

«Бір күйге сайған жаңағы жұмбақ жай, оның ең соңғы деміне дейін ой, қиялынан, көз алдынан кеткен жоқ. Осылайша айналасы айықпаған сұр тұман, суық заман ішінде ұлы жан дүниеден көшті. Мағаштың қырқын беріп болған күннің ертеңінде (Ал сіздер: Қазақстанның мерей тойын өткізген күні – деп оқыңыздар – Т.Ж.) Абай және қазақ тапты. Ұлы кеуденің ыстық демі тоқталды. Шөл даланы жарып аққан дариядай, игілік өмір үзілді. Сонау бір шақта тасты тақыр, жалтыр биік басына жалғыз шыққан зәулім өскен алып шынар құлады. Өмірден Абай өтті».

Өмірден Мұхтар да өтті.

1961 жылы маусымның 27 күні Москва қаласындағы Кунцево ауруханасының операция столында ұлы жүрек соғуын тоқтатты.

Сол сәтте Мұхтардың бауыр басқан ұясында – жазушылар той тойлап, бірінен бірі теңеуін асырып тост көтерісіп жатты.

Н.Анов: «1961 жылдың июнь айында Қазақстан Советтік Социалистік Республикасының қырық жылдығын тойлап жатты. Мерекелік салтанатқа қатысу үшін Алматыға Леонид Соболев те келген болатын. Республиканың Жазушылар одағы 27 июньде оның келу құрметіне шағын ғана арнаулы банкет ұйымдастырған еді. Бәріміз де сонда отырғанбыз. Ал, Мұхтар Омарханұлы бұл кезде Москвада болатын. Оған күрделі операция жасалмақшы. Әдетте, мұндай банкеттерде болатыны сияқты, әралуан сөздер сөйленіп, тост көтеріліп жатты. Менің қатарымда жас жазушы Әнуар Әлімжанов бар. Ол жүзі боп-боз болып, өз-өзінен ренжіп, еш нәрсе де ішпей-жемей отырды. Бір уақта ол сәл еңкейді де, менің құлағыма сыбырлап:

Мен енді бұдан әрі шыдай алар емеспін, деді. Біз мұнда суырылып сөйлеп, рахаттанып арақ ішіп, мәз-мейрам боп отырмыз, ал Мұхтар Әуезовтің енді бізге жоқтығы ешкімнің де қаперіне кіріп-шығар емес.

Жоғы қалай?

Операция қайғылы аяқталыпты.



Әнуардың «өлді» деген үрейлі сөзді айтуға аузы бармай тұрғаны бірден-ақ белгілі болды. Көзі жасаурап, тілі күрмеле берді.

Олай болса, мына жұртқа айту керек қой.

Ия, айтқан дұрыс шығар. Мен «Литературная газетаның» редакциясына телефон соғып сөйлесіп едім, олар некролог бергелі жатыр екен.

Әлдекім тост көтертердегі көңілді сөздерін аяқтады, жұрт жапырлап бокалдардан шарап ішісті. Әнуар қинала орнынан тұрды да, жыларман боп тұрып, қайғылы хабарды естіртті. Жұрт құлаққа ұрғандай тым-тырыс. Әуезов өлімі бәрін де есеңгіретіп тастағандай. Әлдекім Мұхтар Омарханұлының әдебиеттегі орны мен ролін айтып сөйлемекші болып еді, оны ешкім тыңдай қойған жоқ. Мұхтарды жақсы білетін, жүрекпен сүйетін жазушылардың бәрі де жабырқаңқы жүзбен, жасты көзбен үйді-үйіне тарай берді... Мен үйге қарай әдейі айналма жолмен жүріп келемін».

Иә, қаралы қызық деген осы. Қашанғы ең қиын қиылыстардан табылатын Әнуәр Әлімжанов бұл жолы да қаралы хабарды әріптестеріне бірінші боп естіртті.

Әрине, мемлекеттік шұғыл отырыс шақырылды. 28-шілде күні Ғ.Мүсірепов З.С.Кедринаға:

«Сәбит, Ғабиден үшеуміз (Мәскеуге) ұшамыз. Валентина Николаевнаны жиырма тоғызы күні арнайы ұшақпен бізбен бірге не Ил-18 ұшағымен ұшуға дайындап қоярсыз. Жерлеу отызы күні өтеді»,– деп жеделхат жолдады.

Сөйтіп, алыптанып ұшқан ұлы тұлға 29-шілде күні отанына мәйіт боп оралды. Табытты ұшақтан марұмның «сорының да куәсі, көгерген, гүл атқан шағының да куәсі» – Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин сүйемелдеп түсірді.

Тістескен тамыр сияқты тартысты өмірдің соңғы салмағын Әуезов үшеуіне осылай арқалатып кетті. Зады бұл үшеуіне тең түскен, үшеуі тең көтерген өмірдегі ең ауыр жүгі болар, сірә. Табытты көтеріп келе жатып үшеуі не ойлады?

Мұхтар Әуезовтің денесін Мәскеуден Алматыға алып келуді ұйымдастырған өр де өжет, намысты, шыншыл ғұлама, Академияның сол кездегі вице-президенті Шапық Шөкин ұлы адамның қазасы туралы:

«1961 жылғы маусымның екінші жартысында «Мәскеу» мейманжайындағы нөмірімде кешқұрым телефон шылдырады. Телефон соққан тұрақты өкіл Бақытжан Ысқақов екен. Ол Мұхаңның қайтыс болғанын алғашқылардың бірі етіп маған хабарлады. Мен дереу Сәтбаевпен сөйлестім. Қайғылы хабар республикаға тез тарады. Астанаға бірінші бірінші болып самолетпен жазушылардың дос-жарандары ұшып келді. Мұстафиннің, Мүсірепов пен Мұқанавтың келгені есімде... Қырымда санаторийде жатқан жерінен Әбділда Тәжібаев ұшып келді. Сәбит қатты қайғырды. Бұл кісінің марқұм Мұхаңмен көп шекісіп қала беретінін бәріміз де білетінбіз. Орны толмас қаза Сәбит ағаның жанын шошытып, көзіне жас алдырды. Ол қатты қамығып: «Мұны күнілгері білсем етті...», деп қайта-қайта айта берді, Валентина Николаевна, Ләйла Мұхтарқызы, Мұрат Әуезовтер есімде қалыпты. Кіші ұлы Ернар кешігіп жатты. Ол неге екені белгісіз Мәскеуге пойызбен жүріп кеткен.

Жазушы ғұмырының соңғы сағаттарының егжей-тегжейі бірден белгілі болды. Оның асқазанындағы сүйелді кесіп тастайды. Бұл онша күрделі операция емес. Бірақ, күтім жағына тікелей жауап беретін кісі тағайындалмайды, жанашыр жақындарынан да басы-қасында тірі жан болмайды. Мұхаң ұйқыдан оянбайды. Алматыға келгесін Александр Николаевич Сызгановтың: «Егер осы операцияны осында үйде жасаған болсақ, Мұхтар Омарханұлы тірі қалар еді», дегенін ұмытқан жоқпын. Мәскеуде оның жүрегін анестезияға әзірлемейді, ал оның әбден тозған жүрек-тамырлар жүйесі жағдайында операцияның аяғы немен бітетіні мамандарға айқын еді. «Әлбетте, сүйелді алып тастау кейін, бір кездері өзін бәрібір білдірер еді», деп қосып қойды Александр Николаевич. – Бірақ, тап сол сәтте жүрек жарамай қалады».

Мен отызыншы және қырық төртінші жылдардағы Ташкентті есіме түсірдім. Ал өзім көріп-білмеген талай-талай өкінішті жәйттар оның жан-жүрегін неше рет жаралады екен. Таңғажайып кітаптарының беттерінде халқының қасіреті мен намысы, ар-ұжданы ақиқат шындық болып құйылуы үшін жазушы жүрегі қанша дауасыз дертке шыдауы керек екен?»,– деген тосын пікір білдіреді.

Бұл – астары мен құпиясы өткен күндермен өлшенетін тылсым құбылыс. Қазір санада ғана сақтап жүрген осынау шындықты түбінде бір қағазға түсіретініміз анық.

Өмір, шіркіннің өлім келгенде ғана опындырып, ойландыратыны қандай ащы әділетсіздік. Осыдан тура он жыл бұрын бет көріспейтіндей боп бет тырнасқан, Мұхтар Әуезовтің дүниеден қайтқанын естіген Қажым Жұмалиев өзінің досы Сәйділ Талжановқа:

Қ.Жұмалиев: «Біз Мұхаңның қайтыс болғанын Москваға бір станция қалғанда естідік. Суық хабар жай түскендей әсер етті. Ол кісіні осынша тез, ойламаған жерден қайтыс болады деп кім ойлаған! Көре алмай қалғаныма бір қайғырсам, өз қолымнан топырақ сала алмағаныма екі қайғырып, қазір маған әдебиетіміздің бір босағасы үңірейіп қалғандай, дел-салмын. Өлді деуге тіл барып, көңіл сенуі мүмкін емес тәрізді. Уланған іш, қамыққан көңіл, қайғылы хал, көзге іркілген жас, ойлаған сайын бір жерге тоғысады да, түнде – ұйқыны, күндіз – күлкіні сиретіп, мең-зең етеді. Ол мәңгі тірі, артына өлмес еңбек қалдырды, арманы жоқ қой деп, өзімді жұбатпақ боламын. Бірақ ол сықылды зор талант әлі де өмір сүріңкіресе, көптеген асыл еңбектер бермес пе еді? Мұхаңның өліміне қайғырмаған жан болмас. Сол қатты қайғырушының бірі – мен. Басқаларға көңіл айтып, тірілердің өмірі ұзақ болуына тілектеспін. Жолдастарға сәлем айт. Қажым. 30.УІ – 61 ж.»,– деп хат жазыпты.

Иә, «уланған іш, қамыққан көңіл, қайғылы хал, көзге іркілген жас, ойлаған сайын бір жерге тоғыспай, түнде – ұйқыны, күндіз – күлкіні сиретіп, мең-зең етпеуі» үшін Мұхтар Әуезовтің «өмір сүріңкірегені» Қажым Жұмалиев үшін ғана емес, ұлт үшінде дұрыс болатын еді. Бірақ ол үшін көзі тірісінде күйкі тірлікпен күн кешпеуі керек еді. Ондай тыныштықты оған кім берді, тіпті, осыны жазып отырған Қажымның өзі тыныштық берді ме? «Тірілердің өмірінің ұзақ болуына тілектестік» білдірмей, Әуезовтің бір аяғын төрге, бір аяғын түрмеге басқызып қойды емес пе?!.. Ендеше...

Жә, жоғарыдағы хаттағы көңіл толқуын шынға балайық. Мазасызданса – мазасызданатындай, «күндіз – күлкіні, түнде – ұйқыны сирететіндей-ақ» өкініш. Ал Қажым Жұмалиев сияқты азулы, қара тілді, өжет адамды «қыртыңдатып» қойған, оның азуын Абай мен Кенесарыға қарсы білеткен аяр заманы еді. Екеуінің жұлдыздары өзара қарсы болғаны – өкінішті, бірақ ол қасірет емес. Қасірет – бірімен бірі қаржасып жүріп, халықтың тағдырын шайқалтып жібергені

Оның денесі Алматы қаласындағы орталық зиратқа қойылды.

Шын күйіктің көз жасы – Әуезовтің «көк бауыры» атанған Ысқақ Дүйсенбаевтің күнделігіне тамыпты.



Ы.Дүйсенбаев (күнделіктен): «1-шілде. Бүгін Мұхаңды ақырғы сапарына шығарып салмақпыз. Таңертеңнен-ақ опера театрының маңы халыққа сыймай кетті. Мұхаңның зор портретін іліп қойған екен. Одан төменірек, табытта қайран аға ұйықтап жатыр, бітпейтін ұйқы... Оркестр де мұңды музыканы зарлатып тұр, оқта-текте хор да оған қосылды. Не керек күні бойы мұңды-зарлы күй тоқтаған жоқ. Бір әйелдің зарлы дауысы естілді. Басына барып тұрыстық. Өзімді қайда қоярымды біле алмадым. Театрдың зәулім залының бір бұрышына барып, қозғалмастан ұзақ отырдым. Кезек-кезек кіріп шыққан адамдар Мұхаңды еске түсіріп, қайғы білдіреді. Ұлы адамның орыны толмайтынын айтысып, бұл қасіреттің зор екендігін мойындасады.

Табытты шығарар алдында үкімет адамдары келіп, құрметті қарауылға тұрысты. Музыка тіпті күңіреніп кетті. Енді Мұхаңның сүйегін шығаруға кірісті. Далада көп халық тұр екен. Машина ақырын жылжып сапарға аттанды. Кім екенін білмеймін, бір жақсысы, Мұхаңды қабыр басына жаяу шығарып салынсын деп қаулы алыпты. Қайнаған ыстыққа қарамастан мыңдаған адам Ташкент алмасына қарай бет қойды. Көшенің екі жағы толған адамдар, әрине қабырғасы қайысып, шын иілушілерден басқа әншейін қызықтап қарап тұрушылар да аз емес.

Қабыр басында Қ. Сәтбаев сөйледі. Одан кейін бір жұмысшы, ақын, Ғабит Мүсірепов сөз алды. Оның сөзі орынды, терең мағыналы шықты: Мұхаңның ұлы орынын, асыл мұрасын, адамшылық қасиетін тере келе, Ғабит еліміздің басына түскен бүгінгі күн, азалы күн деп қатты тебірене үн қатты.

Асыл, ардагер ағаның денесін қара жер қабылдады. Жер мен көктің ортасы күңіреніп, қатты бір сілкінгендей тәрізденді. Жұрт тарай бастады».

Ғ.Мүсіреповтің қабір басындағы азалы сөзі:



«Бүгін біз ауыр қайғының үстіндеміз. Көп ұлтты совет әдебиеті үшін, ардақты ұлынан, асқар белінен айрылған қазақ халқы үшін бүгінгі күн – қаралы күн, азалы күн!

Бүгін барлық совет жазушыларының көздерінен сорғалаған жастарынан көрі азалы жүректерін жарып шыққан жалыны басым.

Айтпасыңа амал қайсы, бүгін біз, дүние жүзілік аты бар, еңбекші момын елімізді дүниеге танытқан, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің әр саласында ортан қазығы болып келген атақты жазушымыз, мыңдаған шәкірті бар ұстазымыз, ірі ғалым педагог, белгілі қоғам қайраткері – Мұхтар Омарханұлы Әуезовке хош айтқалы келіп тұрмыз. Біз үшін бұдан артық ауыр сөз, бұдан артық айтпаса дерлік сөз жоқ еді! Осы тұрған бәріңіз үшін де бүгін бұдан ауыр сөз болмасқа керек.

Амал қайсы, ой тереңі, сөз шебері Мұхтарды қажыр-қайратының толысып тұрған шағында, осы заманның ең бір сұм дерті – рак ортамыздан жұлып әкетті. Елін, жұртын, ой еңбегін сүйе білетін үлкен жүрек өмірге, еліне, осы тұрған бәріңізге амалсыз хош деді, құрғыр осы бір сөзді бұрын айтты. Біз де амалсыз соны қайталаймыз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   55   56   57   58   59   60   61   62   ...   65




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет