Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»



бет60/65
Дата03.12.2016
өлшемі10,78 Mb.
#3049
1   ...   57   58   59   60   61   62   63   64   65

Үлкен эпопея – «Абай» романына көрсеткен партиямыз бен Совет үкіметінің сый-құрметінен кейін, Мемлекеттік сыйлыққа жалғастыра Лениндік сыйлық берілгеннен кейін, атақты жазушымыз осы заманның эпопеясын жазуды арман еткен еді. Кең серпінді, сала-сала толғауды сүйетін өрен жүйрік соңғы екі-үш жылдың ішінде социалистік өміріміздің өзекті сұрауларын көркем ойдың таразысынан өткізіп алу үшін өндіріс орындарын, ауыл шаруашылық аудандарын, еңбек қауымын көп аралап еді. Қаламы – қолында, қағазы – үстел үстінде еді, терең ойы толғану үстінде еді. Шексіз бір өкініш сол – күтпеген дерт мұқалмаған қаламды берік қолдан жұлып әкетті.

Бұдан былай біздің арамыздан бәріміздің ерекше қадірлейтін ардақтымызды көре алмайсыздар. Ол қазірдің өзінде ортамызда тұрған жоқ, міне, алдымызда жатыр.

Бүгін қазақ әдебиеті көлденең бір жұтқа ұрынғандай. Басқа мадақтарын қоспай-ақ, Мұхтар Әуезов дегенде ғана аузымыз толмаушы ма еді? Ойымыз да лық толатын. Бұл Мұхтар енді жоқ арамызда. Сағынар кезіміз, іздер кезіміз, жоқтар кезіміз аз болмас, таба алмаспыз бірақ.

«Ат тұяғын тай басар» дейтін ескі нақыл көркемөнер дүниесіне заң емес. Бір жазушының орнын екінші жазушы баса алмайды, әрбір жазушы өз орнында бағалы. Бұдан былай қақ ортамызда ойылып қалған Мұхтардың орнын өзінен қалған асыл мұрасы ғана толтырады. Мұхтар бізге орнын қалдырған жоқ, Мұхтардай мол, құлашты еңбектер жазу борышын қалдырды, орнын жоқтатпау парызын қалдырды.

Әдетке кірген сөзді айтпасаң амал жоқ: хош бол, Мұхтар, баладай нәзік жан, көркемөнердің өзіндей қатал сыншы, әділ жан! Үлкен аға! Еркелеткеніңізді де сағынармыз, ұрысқаныңызды да сағынармыз. Бар бейнең көз алдымызда болар.

Бетке ұстасақ – беделің қандай еді, арқаға ұстасақ – панаң қандай еді! Оны ешкім ұмыта алмас!

Қазақстанның жазушылары сенің ардақты атыңды ең таза жүректерінде сақтар! Сенің қалдырған асыл мұраңды өзіңдей құрметтеп, көп қолмен көтере алар!

Хош бол, Мұхтар! Сенің биік мұнараң жалғыз Қазақстаннан емес, барлық совет халықтарының биік қырқаларынан көрініп тұрар. Сенің ең биік мұнараң – еңбегің дүние жүзіне түгел тараған. Өзіне-өзі жол салған атақты еңбегін, бұдан былай да тарай бермек.

Өмір – күнде той емес, өкпелеткен, ренжіткен кезіміз болса, онымызды үлкен өкінішпен еске аламыз: еске алған сайын үлкен рухыңнан кешірім сұраймыз. Көркем сөздің ұстасы, сенімен хоштасу үшін бұл ойлар таяз, бұл сөздер бояусыз, әрине. Бірақ біз сенін, жер құшағына тапсырылар тәніңмен ғана қоштасып тұрмыз, жанын, мен рухың бізде қалады, ең қасиеттеп ұстар мұрамыз – сол, оған шаң жұқтырмаспыз. Ең қасиетті борышымыз сол болар. Көп боп табар ойымыз болса, көп боп көтерер сол борышымызға салармыз. Сенің орныңды сөзбен емес, іспен жоқтатпауға тырысармыз. Бұл уәдені анттай берік ұстармыз!Хош бол, ардақты аға, атақты сөз шебері! Хош!1961 жыл».

Бұдан асырып айту қиын. Ал кеңестік кеңістік деңгейіндегі азалы ойды Мұхтар Омарханұлы Әуезовпен бірге заманның талай талқысын басынан бірге кешірген Николай Тихонов:



«Қайғылы хабардан кейінгі алғашқы кезде не болғанына ой жіберіп, ақыл тоқтата алмай, есім шығып жүрді – бәрі де ойда-жоқта соншалық кенет болды ғой. Мен аздап өзіме-өзім келіп, ес жия бастағанымда бәрі де өтіп кетті де, артта қалды. Адамдар біздің ғажап досымыз, біздің туысымыз Мұхтар Әуезовпен қоштасып, соңғы парыздарын ақтаған күнді мен газеттен оқып білдім. Бәрі де орнына келді, бәрі де айқын болды: өмір Ай мен Күннің үйреншікті тәртібімен бір қалыпты жылжып өтіп жатты. Бір-ақ нәрсе үйреншікті болмады, орнына келмеді. Мен күн өткен сайын осы бір адамның, өзімнің досымның, орыны өгейсіп тұрғанын күштірек сезіндім. Мұхтар Омарханұлы қайтыс болды, біз әдебиетіміздің алдыңғы қатарлы адамынан, мәдениетіміздің аса көрнекті қайраткерінен, реніш-қуаныш жағынан әрқилы болғанымен, кеңес әдебиеті үшін жеңісті жол болған ұзақ та қиын творчестволық сапарды бірге кешкен жолдасымыздан айырылдық. Қымбатты досымыздың орны, әсіресе, қазір оның батыл дауысы, қалтқысыз қадамы, ешбір ымырашылдыққа көнбейтін ар-ожданы соншалықты қажет боп отырған шақта ерекше ойсырап тұр. Біз оны неғұрлым көбірек еске алған сайын – соғұрлым осы бір күтпеген қазаның уайымы қоюлай түседі»,– деп жеткізді.

Мұхтар Әуезовтің қазасы бүкіл кеңес жұртын бір өкіндіріп, бір шіміркендірді.

Адамның атын өшірмейтін екі жол бар. Оның біріншісі – елінің ескеруі, екіншіс ұрпақтарының қам-қаракеті. Мұхтар Әуезовтің қазасы – ұлттық аза. Сондықтан да оның атын ел есінен өшірмес үшін Қазақстан үкіметі шұғыл шаралар қабылдады. Қазақстан Республикасының Министрлер Кеңесінің қаулысымен 1951-1961 жылдардың аралығында тұрған үйі әдеби-мемориалдық мұражайға айналдырылды. Оны аяулы қызы – әйел затының бегімі Ләйлә Мұхтарқызы қашан көзі жұмылғанша аялап ұстады. Ол 1996 жылдың 2 маусымынан бастап «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығы болып дербес ғылыми мекеме ретінде қайтадан құрылды. М.Әуезовтің туғанына 100 жыл толу мерекесі ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтті. Қал-қадерімізше оған біз де үлес қостық. Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің шығармалары дүние жүзінің 42 тіліне аударылып басылды. Оның жалпы таралымы 11 миллион данадан асады. Л.М.Әуезова әкесінің 12 және 20 томдық басылымын жарыққа шығарды. Сол кісінің аманаты бойынша М.Әуезовтің 50 томдық академиялық толық басылымын 1997 жылы мемлекеттік бағдарламаға енгізіп, оны жүзеге асыру біздің мойынымызға жүктеліп еді. Он томы қолымыздан өтті. Қалған басылымын қадағалаудың ырқы біздің еркімізден тыс өзгелерге бұйырды. Игілікті істің қайырын көруге жазсын.

Ал мұның барлығы өзі көзінің тірісінде сондай бір ұқыптылықпен, салқынқандылықпен және қамқорлықпен хатталған өсиеті арқылы орын-орнына қойылып кетіп еді.

В.Н.Әуезова: «»

Деректі әфсананы осы бір қасіретті жолдармен аяқтауға да болатын еді. Бірақ та басты мақсатымыз – қасиетті Алаш идеясын кеңестің жазалау саясаты да өлтіре алмағандығын, қаншама азап пен қорлықты көрсе де Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаев сияқты ұлттық ұлы тұлғалар ол идеяны өздерінің өмір сүруімен де өшірмегенін ұпаққа жеткізу болғандықтан да тосын, өзегіңе өтіңді құятын ащы оқиға туралы естелікпен тәмәмдағымыз келді. Егерде жалпы өлшемі болса, адам жүрегі қанша батпан, қанша мөлшердегі қорлықты көтере алар еді? Ондай мүмкіндік болған жағдайда, Мұхтар Әуезов көрген қорлау мен ол көтерген қорланудан алланың ерекше жаратқан күшті де қуатты рух иесі болмаса, қарапайым пенде құмығып өлер еді. «Абай» трагедиясындағы Абайға:



«Ей, сорлы заман, менен аяған қай қастығың қалды? Мен ішпеген у бар ма? Жүрегімді көрші, міне! Жарадан сау жер қалды ма? Мұнша ғазап шеккендей не жаздым, не ғайыбым бар? Көп көргенің шер кеуденің әлсіреген тынысы ма? Қасіретті түндер ме? Түннен бетер жұтатқан бейуағы ма өмірімнің?», – деген сөздерді айтқызған қастаншықпағыр шындықты Мұхтардың өзі де басынан кешіріпті.

Оған мына табалы қорлық дәлел.



Шапиқ Шөкин: «...1944-жылдың қаңтарында Өзбекстан Республикасы өзінің құрылғанының 20 жылдық мерейтойын атап өтті. Соған байланысты Өзбек Академиясы салтанатты сессиясын өткізбек болды, оған басқалармен бірге ҒА-сы қазақ филиалының делегациясы да шақырылды. Делегация құрамында филиалдың қоғамдық ғылым жөніндегі вице-төрағасы С, жазушы М. Әуезов пен мені енгізді. Мұхаң С.-тен көп үлкен болатын. С. сырт көзге делегация жетекшісі еді. Бірақ, Әуезовтің ғылыми топтағы орасан зор беделіне, оның Шығыста кеңінен танымал екеніне және шебердің жасына қарап, мен біздің топқа жазушының жетекші болуы табиғи нәрсе ғой деп есептедім. С. болмысында мазаң кісітұғын, ашуланған сәтінде қарауындағылардың бетіне қарамайтын. Өз басым онымен ерегесуден именуші едім. Онымен есептесуін есептесетінмін, бірақ Сәтбаев оны өз қасында ұстап жүргесін, оның жұрттың бәріне бірдей ақыл айтқысы келетін көкіректігін сырттай ғана көрмегенсіп жүре беретінмін. Оның бізбен баратынын білгенде ішімді тартып ала қойдым. Мұхаңның бұрын тұтқынға түскені, көп алдында қателерін мойындағаны, азап-машақатпен қайтып оралғаны бартұғын. Сосын мен С.-тың қит етсе, өзгеге саяси қатені жамай қоятынын ескеріп, вице-төраға бұрынғы тұтқынға әлде қалай қарайды деп мазасыздана бастадым.

Вокзалға біз жүк машинасымен келдік. Жолдың жартысынан өтпей жатып, грузовик сілейіп тұрып қалды. Сол қыс та жайсыз суық болды. Шофер бұзылған бөлшекті тапқанша қол-аяғымыз қатып қалды. Сол арада мен үйден медициналық спирт құйып ала шыққан флажкімді суырдым. Қабағы түксие қалған С. жымиып сала берді. Мұхтар Омарханұлы да күлімсіреді. Ыстақаншамен бірер жұтып алғасын, бәріміз көңілденіп вокзалға да жеттік. Билет алуға Филиал іс басқарушысының орынбасары кетті де, біз үшеуміз вокзал ресторанының столына барып отырдық. Билетке кеткен кісі келгенге дейін әп-әдемі отырғанбыз. Ол келісімен адам жеркенетін бір жәйт басталды да кетті. Орынбасардың қолында жалпы вагонге екі билет, үшіншісі – плацкарттық билет бар еді. Мұхаң әзілдеген болып, орынбасардың қолынан плацкарт билетті алды. Со замат С.-тің бет-аузы шиқандай қызарып, боқтап-боралай жөнелді. Мұхаңның естімеген сөзі қалмады. «Ұлтшыл» дегенді де, «алашорданың құйыршығы», «контра» дегенді де есітті. С. бажылдап, сөз қоқысын бұрқырата берді. Сабазым-ай, Мұхаң ләм деп сыр бермеді. Ол жанарын С. төбесінен асырып, әлдеқайда қарап тұрды. Мен бұған шыдамай, жаным шырқырап, вице-төрағаға: «Жұрттан ұятты! Қойыңыз!», дедім. Жанжалқой бәлекет жуыр маңда тоқтамады. Ол, мен вокзал кезекшісіне барып, екінші билетті оған плацкартқа айырбастап әкелемін, деп жүре бергенімде барып, жазушыға тіл тигізуін тоқтатты. Бірақ, одан кейін де әлгі шіркін дағдылы даусымен тағы да бір сағаттай тентектік жасаған бала сияқтандырып, Мұхаңа зіркілдеуін қоймады.

Ташкент вокзалында мені шөбере інім Бекіш Насыров қарсы алды. Бекіш ол кезде Өзбекстан Орталық Комитетінің малшаруашылығы жөніндегі хатшысы болатын. Менің жол серіктеріммен жылы амандасқан ол бәрімізді үйіне шақырды. Алайда, сессияға шақыру хатында көрсеткеніндей, бізді Өзбек Академиясының адамдары қарсы алуға тиістұғын. Бірақ, вокзалға Академиядан ешкім келмеді. Бірақ, мен туысқанымның шақыруынан бастарттым: салтанат иелері біздерді «өкпелеп, бір жаққа кетіп қалған екен» деп ойлап қалуы мүмкін, ал мінезін өзім жақсы білетін өзбектер мұны көңіліне мықтап алуы ғажап емес. Мен Өзбек Академиясы Президенті Қараниязовтың үйіне телефон соқтым. Оның ыңғайсызданып қалғаны сезілді. Ол біздің келетінімізден мүлде бейхабар болып шықты. Сыпайы кешірім өтініп, ол вокзалда аз ғана тоса тұруымызды сұрады.

Өзбек Академиясы Іс басқармасының қызметкерімен арнайы келген машина бізді алып, «Ташкент» қонақжайына апарды. Ташкентте күн Алматыдан гөрі жылылау екен. Науаи театрынын қарсы бетінен қоныс тепкен мейманхана көркімен көз тартады. Дәліздерінде – «кремльдік алашалар», холлдарында – қаптаулы креслолар, мәрмәр клумбалар. Бірақ, нөмірге кірісімен абдырап, сасып қалдық. Терезе әйнектері ойылып қалыпты, терезе алдын қар басқан. Академиядан келген кісі дәйекші әйелмен бірге терезе саңлауларын шүберек тығып жаба бастады. Бірақ, бұл өлікті ұшықтаумен бірдей нәрсе еді. Бөлме іші қақап тұр. Біз тіпті шешінбедік те. Мұхаңның жүйкесінің жұқарғаны сезілді. Жайлы-күйлі орынды ұнататын қаламгер: «Сұрапыл соғыстың түрі анау, сосын тыл да құлазып қалды ғой» деген жуып-шайма сөзге құлақ аспады. Ол кешкі астан бастартып, шамаданын алды да, бізді тастап кетіп қалды. Арада бір жарым сағат өткен шамада ол кісі туысқанының үйіне тоқтағанын білдіріп, телефон шалды. Мен иығымды көтердім. Әркімнің өз еркі. С. тағы бүлінді: «Жасап жүргенін қарашы! Тағы бір буржуй табылыпты!», деп күңкілдеді. Мұхаңның атына талай боқтық тағы ағытылды. Әуезовтің ауыз бірлікті бұзып кеткені менің де көңіліме келді. Бағана, вокзал басыңда, інімнің шақыруын қабылдамай тастағаным арқылы мен қарабасымды күйттемейтінімді сездіргім келген. Бірақ, ортан қолдай аға жолдасты мына кісінің аузы көпіріп тілдеуін тыңдағым келмей, нөмірден шығып кеттім.

Бір күннен кейін ел иелері бізді Орташыршық ауданының бір ұжымшарыңда қонақ болып қайтуға шақырды. Уақыт қиындығына қарамай, ұжымшар төрағасы бізге қой сойды. Палау, ішімдік бәрі болды. С. ащы суды алыңқырап, Мұхтар Омарханұлына тағы тиісе бастады. Вице-төрағаның арақтан жүрек айнырлықтай болып құтырынып кеткені сондай, былапыт сөздерді бората жөнелгенде Алматы вокзалыңдағы қалпынан асып түсті. Мұхаң ұрысуды мүлде білмейді екен, мен оны сол арада ғана білдім. Ол тек: «Маған айтқандарыңның бәрін толығынан өзіңе қайтардым», деді де қойды.

Мұхтар Омарханұлының сондағы ұстамдылығын есіме аламындағы, бүгін отырып, ұлы жазушыға «Абай жолын» жазудың неге тұрғанын ойлап толғанамын. Қызылкөз қара дүрсіндер тіпті ығынан да жүре алмайтын дәрежеге жеткенше, ол әлгіндей қорлық сөздерді тек жалғыз С.-тен ғана естіп қоймаған шығар. Осынау шебердің өзіне қарсы әлсін-әлі әдейі ұйымдастырылатын моральдік террор әрекеттеріне қатты күйзелетінін жақсы білуші едім. Соған қарамастан, өз қандастарының ішінен тап бүгінгі күнге дейін ешқайсысы көтере алмайтын ауыр жүкті тек соның өзі ғана көтерді. Ал жазушылар көңіл күйін сәт сайын өзгертіп отыратын кінәратшыл халық қой. Соның бәрін қалай айта берерсің...

Оның мінез-құлқының өзіме ұнамайтын жағы да болды. Оның өсек-аяңға тез сенетінін, әдеби усойқылар жетегінде кетіп қалатын кездерін де білетінмін. Ал, бірақ, жас дарынды демеуге келгенде алдына жан салмайтын, қаламдас жас түлектерден мерей көтеретін мейрімді сөзін де, жүрегінің жылуын да аямайтын. Жомарт жанды, қолы ашық ағамыз серілерше тұрмыс кешуді жақсы көретін. Оның Мәскеу мейманханасындағы нөміріне халық көп келіп, өнегелі сөз, әзіл-оспақ, күлкі, тостар ұдайы естіліп жатушы еді.

Мен отызыншы және қырық төртінші жылдардағы Ташкентті есіме түсірдім. Ал өзім көріп-білмеген талай-талай өкінішті жәйттар оның жан-жүрегін неше рет жаралады екен. Таңғажайып кітаптарының беттерінде халқының қасыреті мен намысы, ар-ұжданы ақиқат шындық болып құйылуы үшін жазушы жүрегі қанша дауасыз дертке шыдауы керек екен?».

Иә, мұндай қорлыққа шыдау мүмкін емес. Бірақ Әуезов шыдады. Себебі, ол заманның «қорлық пен мазағына табыла» отырып, мол тұлғасына сіңіріп алған алаштың аманат идеясын өлтіріп алмас үшін «бет топырағының ішіне тікен тастаудан тайынбайтын» (Әуезов) әлгіндейсіметтердің табасына да шыдауына тура келді.

Маңдайының бағы мен соры бірдей қалың қандай қасіретті де, қасиетті өмір еді десеңші!

28 көкек, 2010 жыл. Жеті қазына.



ҚОСЫМША

1951 жыл. Жазушылар жиналысы.

М.Әуезов жолдас: «Правда» газетінің осы жылғы 30 ақпандағы «Сынау орнына мадақтағандық» атты мақаласы Қазақстанның жазушылар қауымының талқылауына ұсынылып отыр, ал бұаған оның бар жағынан алғанда да өмірлік, заңдық, саяси-идеялық негізі бар. Осы мақаладағы пайымдаулардың басты обьектісі ретінде, әрине, бұл талқылаудан мен де тыс қала алмаймын.

Сонымен қатар, жалпы мақала туралы өзімнің көзқарасымды анықтай отырып, ең алдымен мынан мәлімдеймін: менің түсінігімше «Правданың» мақаласы – партияның, кеңес халқының бізге бағытталған үні. Және ескерту берген, обьективті сынаған, әділетті дауыс. Аталған мақаланы көп рет қайтара оқығандағы менің алған әсерім осындай.

«Правданың» бұл сөзін онда көтерілген мәселелердің, менің шығармашылығыма қаратыла айтылған сыни ескертпелердің шеңберінде ғана түсінуге тырысқамын жоқ, керісінше, кең ауқымда терең түсінуге ұмтылдым, өйткені осы мақала арқылы біздің қоғамдық пікірімізді қалыптастыратын мұндай беделді мінбенің бүкілодақтық көлемді деңгейде менің қайраткерлігіме назар аударғанына құрмет көрсетіп, лайықты бағалауға мен міндеттімін.

Мен шын асылды қадірлей білуге тиіспін және және онда жанашыр-жақындықпен, батыл, негізді айтылған сөздердің ішінен өзімнің алдағы іс-әрекетіме пайдалы пікірлерді барынша іріктеп алуға міндеттімін, бұл сөздер жетістіктерді сызып тастап, жазушының жеке басына үкім шығару үшін айтылмаған, қайта сол жазушының еңбегін барынша құнды, барынша пайдалы ету жолында кедергі келтіретін қателіктерден арылту үшін айтылған.

Мұның барлығы тұтастай алғанда қазақ кеңес әдебиетіне, оның идеялық тазалығына деген асқан қамқорлықты көрсетеді, соның ішінде маған – кеңес суреткеріне деген, кеңес жұртшылығының маған деген үлкен сенімін ақтасын деген қамқорлықты сезініп отырмын. Мұның барлығы: Ленин-Сталин партиясының маған, кеңес қазақ жазушысы ретіндегі тағы бір нақты қамқорлығы екенін түсінбесем, онда мен кеңес жазушысы деген атқа лайық болмаған болар едім.

Осындай алғышарттарды алғай отырып З.Кедринаның мен туралы кітабіна мақалада көрсетілген мен туралы көзқарас тұрғысынан қараймын. Бұл кітап менің де, қазақ кеңес әдебиетіне де пайдасын тигізу үшін жазылмаған, бұл – жазушыға және оның шығармашылығына кеңестік принципті бұқаралық сынның қазіргі талабы тұрғысынан жауап беретін кітап емес. Кітап жалаң мадақтауға құрылған, ол «Правданың» мақаласындағы: «М.Әуезов, өзге де кеңес жазушылары сияқты, оның жетістіктері мен кемшіліктерін көрсететін принципті әділ сынға зәру», – деп әділ айтқан негізгі талабына жауап бермейді.

Көзі тірі жазушы туралы газет, журналдағы кез-келген мақала, кез-келген оқулықтағы, жинақтағы, арнайы монографиялардағы, қыл аяғы диссертациялардағы пікірлерді оның жеке басы мен жеке шығармашылығының жылнамасына айналдыруға қақы жоқ, тірі авторға ескерткіш қоюға тырысуға да құқы жоқ. Зерттеп отырған авторын өмір сүріп жатқан замандастарынынң, жазушылардың ортасынан бөліп алып, жеке тұғырға шығаруға ұмтылған Кедринаның ұмтылысы әбестік. Оның үстіне отбасылық, тамыр-таныстық, топтық пиғылдың мүддесін көздеп бір авторды екінші автордан жоғары қою – орынсыз дәріптеу, ұятты және зиянды талпыныс болып табылады.

З.Кедринаның кітабына байланысты менің кінәм – одан менің шығармашылығымды талдау барысында обьективті бағыт ұстанып, сыни тұрғыдан талдап, пайымды тұжырымдама жасауды қатаң талап етіп, ескерту жасамағандығым.

Бұл қолжазбаны 1950 жылдың басында оқып шыққаннан соң, мен оған: менің 1932 жылға дейінгі шығармашылығымды зерттеудің қажеті жоқ, егер қажет бола қалса, өткенімді сыни тұрғыдан қарастыр, – деген болатынмын.

Осы әңгімеден кейін қалғандарының барлығын Кедринаның өзіне сеніп тапсырдым. З.Кедрина – маған жауапты, байсалды сыншы боп көрінгендіктен де, оған сеніп қалуым да менің қателігім болып табылады, оның үстіне З.Кедринаның кітабін Москвадағы Кеңестік жазушылар одағының президиумының қолдауымен «Советский писатель» баспасының өзі жоспарға енгізген еді. Ол кітап Сталиндік сыйлықтың лауреаттары туралы басылымдардың қатарында 1949 жылығ яғни, мен сыйлық алған жылы жариялануға тиісті еді. Бұл сериямен шыққан кейбір кітаптар, мысалы Е.Мозольковтың «Якуб Коластың шығармашылығы», Брайнинаның «К.Фединнің шығармашылығы» туралы кітаптар бүгінде Сталиндік сыйлыққа ие болып отыр.

Маған белгілісі, З.Кедринаның кітабі Қазақ әдебиетінің Москвадағы онкүндігінен кейін іле-жазылып, соңғы уақытқа дейін ұсталып тұрғаны. Бқл кітаптың өзінің жеке редакторы бар, ал Москвадағы баспалармен менің ешқандай да байланысым, өзара ықпалым болған емес.

Мұнымен қоса, белгілі сыншы ретінде З.Кедрина туысқан республикалардың көптеген жазушыларының шығармашылығы жөнінде орталық баспасөзде пікір білдірді және қазір де ол аса кең таралған және беделді басылым «Литеретурная газетаның» туысқан республикалар әдебиеті бөлімін басқарады. Ол тек қана Әуезовтің шығармашылығы туралы емес, сонымен қатар Мұқановтың, Мұстафиннің, Мүсіреповтің, т.б. шығармашылығы жөнінде журналдық, газеттік мақалалар жазды. Менің шығармашылығым жөнінде, соның ішінде менің «Абай», «Абай жолы» романдарым туралы 1949 жылы осы «Правда» және 1951 «Известия» газеттерінің беттерінде мақала жариялады.

Мұның барлығын айтып отырған себебім, жеткілікті дәрежеде дербес пікірі бар қуатты сыншы, сондықтан да өзінің мақалалары мен кітаптарына өзі жауап бере алады, бұған қоса айтарым, менің шығармашылығым туралы бұл зерттеуін декада кезінде мен жөнінде жазылған, жарияланған материалдардың, тыңдаған баяндамалары мен пікірлердің, менімен ғана емес, Қазақстанның өзге де жазушыларымен жүргізген сұхбаттарындағы пікірлердің негізінде жазды.

Шындықты қалпына келтіру мақсатында келтіріп отырған бұл мағлұматтардың өзі бұл кітапты Кедрина менің қолпаштауыммен, арбауыммен, қитұрқылығыммен және менің топшылдық ұмтылысыммен жазбағанын анық көрсетеді, З.Кедринаның өзім туралы кітабін сынай отырып, оны жақтамай, керісінше, міней сөйлеуімнің себебі де, міне, сондықтан.

Мақалада көрсетілген менің шығармашылығым жөніндегі нақты ескертпелерге келетін болсақ, мен ең алдымен Абай туралы романдарға тоқталамын.

Мақаладағы: романда Абайдың және бұқара жұртшылықтың Кенесары Қасымовтың халыққа қарсы рекациялық қозғалысына көзқарасы екіұшты емес, нақты және анық көрсетілуі тиіс – деген пікір өте орынды. «Ақын аға» кітабінда Кенесары мен Көкбайдың дастанын бағалауда кеткен идеялқ-саяси қателіктерімді айтқанда, бұл мәселе жөніндегі өзімнің әдеби шығармашылығым мен зерттеулерімде ұзақ уақыт адасқанымды ескере келіп, оған жадағай мәлімдеме арқылы емес, шығармашылығыммен, нақтырақ айтсам, «Абай жолы» атты кітабімда, Абайдың Кенесарының өзін де және оның қанды жорықтарын жырлаған феодалдық реакционер ақын Көкбайды да қатты сынаған көзқарасы арқылы жауап беруге ұмтылдым. Абайдың Кенесарының монархиялық-реакциялық қозғалысына көзқарасын «Правданың» мақаласында көрсетілген талаптар тұрғысынанбілдірдім, және мұны Абайдың бала кезіндегі өткен оқиғалардың қатарында емес, кейінгі, ойшыл, қайраткер Абайдың ауызымен жеткіздім, онда тек Кенесары мен Наурызбайды сынап қана қоймайды, сонымен қатар орыс халқымен арадағы достықты терең толғаныспен, айнымас сеніммен айтады.

Романның осы тұсынының әділ сыналғанын мойындай отырып, мен бұл мәселе жөніндегі өз қайшылықтарымды «Абай жолы» романының соңғы кітабінде ескеретін боламын.

«Правданың» мақаласында көрсетілген романның тағы бір кемшілікті ескерсек, ол – өткенді дәріптейтін тұстарға қатысты. Осы мәселе жөнінде романның бірінші кітабына айтылған сыншылардың дауысына құлақ түре келіп, кезінде «Абай» романының екінші кітабіна – ауылдағы таптық тартысты күшейте көрсететін бірнеше көріністер қостым. Оны кезінде біздің сыншылар да, Шаяхметов жолдас та өзінің сөзінде атап өтті.

Дәл қазір, ХІХ ғасырда өмір сүрген біраз ақындардың шығармашылығының халыққа қарсы, реакциялық мәні ашылған соң, «Абай» романының бірінші кітабінің соңғы басылымы тұсында өзіміздің «Мемлекеттік көркем әдебиет» баспасының басшыларымен ақылдаса отырып, бұрын өзім дәріптеген Дулат, Шортанбай сияқты халық ақындарына байланысты түбірлі өзгерістер енгіздім.

«Абай жолының» соңғы өңделген нұсқасында Абай Кенесарының қарақшылық қозғалысының маңызына мүлдем жағымсыз баға беретінін жоғарыда айтып өттім. Алайда тек мұнымен ғана, сегіз баспа табақ көлеміндегі өңдеумен шектеліп қалғамын жоқ, сонымен қатар жұртшылықтың абайтану жөніндегі талқыда айтылған сындары мен пікірлеріне орай да өзгерістер енгізілді.

Абай мектебі жөніндегі өзімнің қателіктеріммен қоса біздің оқулықтарда жіберілген қателіктерді сезіне отырып, романда бейнеленген Абайдың айналасындағы образдарды суреттеулеріме қатаң шығармашылық сын көзімен қайта қарадым; Абайдың ықпалы үшін күрескен, мақсаттары қарама-қарсы, өзара идеялық түрғыдан жау екі топтың: біріншісі – өткеннің дәріптеушілері, Шұбар, Көкбай сияқты панисламшыл-реакционерлер тобының, екінішісі – Абай арқылы Россиямен жақындасуды барынша жақтайтын Әбіш, Дәрмен, тағы да басқа жастар тобының тартысын суреттедім.

Әр тілде жарияланып, жылы қабылданып, соншалықты жоғары бағаға ие болған «Абай» туралы романынан біздің әділ, сыншыл, принципшіл жанашыр оқырмандарымыз бұдан да басқа менің қателіктерімді табуы мүмкін екенін мен өте жақсы білемін. Міне, «Абай» романының бірінші кітабінің жарық көргеніне де он жыл өтті. Біздің өміріміздің кейбір құбылыстарына қаншама жаңалық енді, біздің көркем шығармашылық өнімлерімізге байланысты халықтың идеологиялық саяси, мәдени-тарихи талаптарына орай қаншама маңызды, құндылықтарды өмірлік тарихи тұрғыдан қайта бағалайтын өзгерістер жасалды десеңші? Сондықтан да біздің жұртшылығымыз өзінің сыни ескертпелерін, пікірлері мен тілектерін әлі де айта бермек. Осы принципті әділ сындардың ішінен менің романдарыма байланысты құнды сенімді де шынайы ойларды іріктеп ала отырып мен өзімнің кітаптарымның келесі басылымын өңдеу кезінде пайдаланамын. Сонымен қатар бұл тілектер мен талапты орындауды өзіме міндет ретінде ала отырып, оны социалистік реализм өнерінің міндеттерін лениндік, сталиндік ұстанымға сай қоғамдық көріністерді ең сенімді даму қозғалысын суреттейтін жаңа кітаптарыма жаңа ой ретінде енгіземін.

Мен сонымен қатар қатал да әділ, принципті, жолдастық сотқа тек қана сөзбен және уәдемен емес, іспен жауап беретінімді ашық мәлімдеймін, мен мұны осы уақытқа дейін шама-шарқынша теориялық тұрғыдан жүзеге асырып та келдім.

Мен өз шығармаларымның көзі тірі авторы ретінде өмірдің, заманның, тарихтың тірі дауысына құлақ аспауым мүмкін емес, ол дауыс маған көмек ретінде үн қататынын білемін және сенемін. Маған қаратылған сыни ескертпелерде жақсыны жақсы деп танитынын, ал кемшілігімді көрсеткенде менің бойымдағы сол жақсылықты мейірімге айналдырып, бұрынғыдан да құнды кеңес халқының өзінің адамгершілік жетістігі ретінде қарайтынын білемін және соған сенемін. Егер де мен өмірдің дауысын, барлық жазушыларға ұлы шабыт беруші Сталин жолдас басқарған партияның дауысын тыңдамасам, онда мен ең сорлы өзімшіл топас, дарынсыз көбік, қыңыр, қазақ кеңес әдебиетінің күншіл күйігі, ең соңында тынысы біткен бақытсыз жазушының өзі болған болар едім.

Иә, мен тек қана өткенді суреттейтін романдарымда ғана емес, сонымен қатар бүгінгі тақырыпқа қатысты маған қойылып отырған талаптарға творчестволық тұрғыдан жауап беруге ұмтыламын.

Бұл орайдан алғанда партияның ХІХ съезінің шешімдерінен туындайтын және Қазақстан КП Орталық Комитетінің театр репертуары туралы желтоқсандағы шешіміне жауап ретінде мен қазір «Алуа» атты – кеңестік қазақ әйелі, райкомның хатшысы, социалстік еңбек ері, ғылым кондидаты, тарих ғылымындағы буржуазиялық ұлтшылдыұты әшкерелеген кеңестік қазақ әйелі туралы пьесамды жазып бітірдім. Мен бұл тақырыппен бір жарым жыл бойы жұмыс істедім, бұл пьесаны бітіргеннен кейін де өзімнің алдыма қойған басты мақсатым партия жетекшісінің образын сомдау. өткен жылдардағы менің жіберген қателіктерімді көрсеткен сынға жауап ретіндегі менің бұл мақсатымның жүзеге асуына көпшіліктің көмектесуін өтінемін. Менің аса үлкен идеялық ойымның абыроймен жүзеге асуына көмектесулеріңізді өтінемін. Біздің қазақ кеңес әдебиетінің бүгінгі күнді тақырыпты игерудегі жетістікке жету жолындағы күрделі мәселені жүзеге асыруға көмектесуді өтінемін.

Менің қазақ және орыс тілінде жарияланған мақалаларым мен зерттеулерімдегі буржуазиялық ұлтшылдықты дәріптеген қателерім «Правданың» мақаласында орынды аталып өткен. Олардың саны мақалада көрсетілгеннен де көп. Олардың біразына 1951 жылғы Кенесары Қасымовтың қозғалысына байланысты «Правданың» мақаласын талқылау тұсында тоқталып, өзімнің өткендегі және кейінгі жылдардағы қателіктерімді мойындаған болатынмын. Қазақ ССР ғылым академиясы коллективінің мәжілісінде, жазушылар одағы мен тіл және әдебиет институтының жиналысында, сонымен қатар, Алматы қаласы интеллегенттерінің жалпы қалалық жиналысында сөйлеген сөзімде өзімнің әдебиеттану саласындағы өрескел қателерімді мойындаған болатынмын. Осы жиналыстардағы және біздің республикалық баспасөздердегі әділ сындарды ести отырып, Қазақстан компартиясы Орталық Комитетінің VІІІ пленумындағы Шаяхметов жолдастың баяндамасында және республика партия ұйымының V және VІ съезінде менің өрескел идеялық саяси қателерімнің көрсетілгені есімде және оны білемін.

Ғылыми зерттеу саласындағы қателерімді қайта қарау барысында мен қазір Абай туралы монография жазу үстіндемін. Мен онда өзімнің және басқа да зерттеушілердің Абайтанудағы жіберген идеялық саяси қателерін түзеуге тырыстым. Қазақ ертегілері туралы зерттеуімді кеңес фольклористикасының талаптарына сай маркстік-лениндік түсініктің негізінде қайта жазып шықтым.

Қазақ эпостары, лиро-эпостары тарихи жырлар туралы өзімнің бұрынғы және кейінгі кездегі қателіктерді де білемін және есімде. Осы аталған еңбектердің әрқайсысындағы жіберілген қателіктерге дәл қазір тиянақты түрде талдауға мүмкіндігім болмағандықтан да сол кемшіліктердің барлығына ортақ және ең бастына ғана тоқталамын. Оның басты себебі, мен әдебиеттануға нағыз ғылыми тұрғыдан үлкен біліммен, әсіресе, әдебиеттану саласында маркстік-лениндік тұрғыдан дайындықсыз келдім. Отыз жылдан бергі өмірімнің әр тұсында әрқандай мақалалар, сөздер, зерттеулер жаздым. Дәл қазір анық түсінгенім – 1938 жылға дейінгі буржуазиялық ұлтшыл идеялық ұстанымым мен кейінгі мұндай өрескел көзқарастан идеялық, творчестволық тұрғыдан жырақтап кеткен кезімде де бәрі бір мен ұзақ уақыт бойы марксизм-ленинизм философиясына сүйенген шынайы ең сенімді әдебиеттану ілімін бойыма сіңіре алмадым. Сондықтан да біздің кеңестік вуздардың оқулықтары мен ғылыми зерттеу мекемелеріндегі бағдарламаларын идеялық-методологиялық қате тұжырымын кеңестік ғылымының жетістігі ретінде бағалап келдім. 1932 жылдан кейінгі өзімнің кейбір қателіктерімді бұрынғы және қазіргі қазақ әдебиеттанушыларының барлығына ортақ қате деп есептеймін. Бұл орайдан алғанда мен кейбір әдебиеттанушылардың «Правда» газетінде жалған ғалым деп дұрыс баға берген, өзінің және оның достарының қателіктері кездейсоқ қате деп сендірген (ол қателіктері бір емес, екі емес, жиырма рет қайталанса да), ал сол мәселе жөнінде, сондай мазмұнда тура өздерінің пікірі сияқты Әуезовтің қателігі – қасақана қателік, яғни Алаш Орданың идеясы дегісі келген Жұмалиев сияқтылардың пікірлерін мойындамаймын және жоққа шығарамын.

Мен бұл өзін өзі ақтауға ұмтылған жалған ғалымдардың – топшылдардың, өздерінің қателіктерін өзінен өзі түсінікті мәселе деп жортақтатып, біреудің қатесін ауырлатып, бір мәселе жөнінде айлылған біртектес пікірлердің иесінің бір тобын ақтап, екішісін қаралайтын мұндай топшылдарды бұрын да әшкерелеп келгенмін, қазірде әшкерелеймін. Олардың ойынша қарапайым адамдар үшін бір бөлек, таңдаулылар үшін бір бөлек қате бар сияқты. Партияның сын және өзара сын туралы міндеттері мен жалпыға ортақ идеясына осы қылық та сай келе ме? Бұл топшылдардың осындай сорақы өзгертімдері партияның ұранын мазақтау емес пе? Иә, бұл жекелеген сорлы, өзімшіл адамдардың өз кемшілігін жасыруға ұмтылғандығы, жекелеген жазушылардың өрескел қателігі. Қазақстан партия ұйымының жетекшісі Шаяхметов жолдатың ауызымен Жұмалиев пен Мұқановтың және менің де буржуазиялық ұлтшыл қателігімді көрсеткен партияға рахмет.

Менің қателіктеріме қоса және менімен бірге Мұқановтың қателіктерін күн тәртібінде талқылауға себеп болған - «Правдаға» рахмет. Сондай-ақ, Жаймурзин жолдастың баяндамасынан бастап Әбішев жолдастың және де басқа да жолдастардың біздің қателіктерімізді тең дәрежеде көрсетуіне мүмкіндік берген осы мәжіліске де рахмет.

Жалпы алғанда өзімнің ғылыми зерттеу жұмыстарым туралы айта келіп, таяу жылдардағы творчестволық міндеттерімді іріктеп, саралай келіп, мынандай шешім жасағанымды айтып өткім келеді: бір мезгілде аса ауқымды көркем шығармашылық жұмыспен қатар ауыр еңбекті қажет ететін әдебиеттану саласындағы ғылыми жұмысты қатар алып жүру өте қиын, мүмкін де емес және осы уақытқа дейін оларды қатар алып жүруге тырысқаным құр әурешілдік сияқты.

Ғылым бәйбіше-тоқалдықты көтермейтін кірпияз сала десек, көркем әдебиет одан да өткен қызғаншақ кәсіп.

Мен қазір жиырма бес, отыз жаста емеспін. Қызмет істей алатын он-он бес жыл ғана уақыт бар, ендеше өзім үшін ең қолайлы, ең сенімді (әрине, ғылым саласындағы педагогикалық қызметімді сақтай отырып) тек кәсіптік тұрғыдан барынша дайындығым күшті, күнделікті шығармашылық тәжірибем қалыптасқан көркем шығармашылықпен айналыссам деймін.

Сонымен қатар ғылым мен әдебиеттанудағы менің сыншыларымның да көп екенін ұмытпауларыңызды өтінемін. Өйткені, әдебиет тарихы ғылымының кейбір мәселелері, өткенге қатысты кейбір тақырыптарды мен өзімнің ұзақ жылдар айналысқан жазушылық қызметімнен кейінгі көркем шығармаларымнан кейінгі екіші, кейде үшінші мәселе ретінде қарастырдым. Менің «Еңлік-Кебек», «Айман-Шолпан», «Қобыланды» пьесаларыммен және «Правда» осы мақаласында жоғары бағалап, объективті түрде баға берген он екі жыл бойы жазып келе жатқан «Абай жолы» романын еске алыңыздаршы. Фольклорлық тарих тақырыптарға жазған барлық шығармаларымда идеялық көркемдік тұрғыдан дұрыс баяндауда ғалым-зерттеуші ретінде емес, жазушы ретінде табыстарға жеттім. Тақырыпты көркем тұрғыдан игеру барысында мен маркстік диалектиканы творчестволық тұрғыдан терең меңгере алдым.

Ең бастысы мен қазір бүгінгі күнгі біздің өміріміздің өткір шындығын бейнелейтін пайымды да, көлемді көркем шығарманы дүниеге әкелемін деген сеніммен үмітті өмір сүріп келемін. Өзіме-өзім: алып та жығатын, шалып та жығатын шабытты өмірімнің ең жасампаз кезеңіне қадам басқандай сезінемін.

Сондықтан да мен сіздерге: менің алға басқан қадамымыды өткен дәуірде жазған «Абай» романымен өлшемеңіздер, мені сол романдарда жеткен жетістігім мен шыққан биігіммен ғана өлшемеңіздер. Біздің әділ де, талапшыл принципті сынымыз сол кіиаптардағы кемшілігімді жоюға көмектессін, маған және біздің мұқым қазақ әдебиетіне көмектесе отырып, менің алдағы уақыттағы ең басты мақсатыма – біздің кеңестік адамдар туралы – коммунизм құрылысшылары туралы біздің кеңестік бұқараның өміріне сай, партияның талабына сай жақсы жазуыма, шын мәніндегі үлкен полотно тудыруыма қол үшін берсін.

Сөзімнің осы бөлімін аяқтай келе, Одақтың төралқасынан менің осы мәлімдемемді республикалық баспасөзде жариялауға көмектесуін өтінемін.

Жолдастар, жазушылар одағындағы жікшілдік және оған менің қатысым туралы мәселе де талқыға ұсынылып отыр. Өткен жолғы үзіліп қалған жиналыста Жароков жолдас менің тобым-мыс делінетіндердің қатарында қазір саяси қылмыстары әшкереленіп отырған Сүлейменов пен Мұхамедханов бар-мыс деп дәлелдеуге тырысты. Бәрінен бұрын айтарым, біріншіден, мен дәлелсымақтың шындығы мен қисынына тоқталайын. Мен Жзаушылар одағының ішіндегі жазушылардан топ құрғаным шын болса, онда өз тобыма мүше етіп жазушыларды емес, неге сырт адамдарды тартамын? Сүлейменовтің де, Мұхамедхановтың да жазушы емес екені бәріңізге белгілі емес пе. Ендеше жазушылық шығармашылыққа қатысы жоқ, жазушылардың ортасымен байланысы жоқ адамдардан құралған жазушылар одағындағы ұайдағы топ? Алайда бұл адамдарды менің тобымның , немесе мені олардың қылмыстық, дұшпандық тобының мүшелерінің қатарына қосып жүр. Әр нәрсені атымен атасақ, онда кейбір адамдар жер бетіндегі барлық күнәні маған үйіп-төгіп, мені тура осылай көрсетуге дайын тұр!

Мен мұндай ауыр айыптаудан түбегейлі бас тартамын, бас тартып қана қоймаймын, мені бұлай тұздықтауын ызамен айыптаймын.

Сүлейменовтен бастайын. Осы жерде отырғандардың көпшілігі оны кезінде көзіміз көріп, құлағымыз естіген әрекеті арқылы қандай деңгейде білсе, мен де оны сондай дәрежеде ғана білемін.Оның ішкі пиғылы қандай еді, халық жауының элементі ретінде не ойлап, не бүлдірді? Оның бұл жағы сіздерге қандай белгісі болса, маған да сондай көмескі.Әрине, ол қашан тұтқындалғанша мен оның жаулығын аңғарғамын жоқ. Онымен қосылып ешқандай жұмыс жасағамын жоқ, ешқандай шығармашылық ой бөліскемін жоқ, сондай-ақ менің шәкіртім де емес, мен – филологпын, ол – тарихшы.

Сондай-ақ Мұхамедханов туралы да айта кетейін. Абайтану жөніндегі талқылаудың нәтижесінде анықталған, менің баяғыдан бергі қалыптасқан Абай мектебі туралы қате көзқарасымды негзге алған оның жұмысын қолдағаным рас, бұл менің қателігім. Оның сол кезде Абайдың отанынан жинақталған, маған бұрын белгісіз жаңа материалдардың негізінде жүргізген зерттеу жұмысын тұтастай алғанда қолдай арқылы тағы да бір жас кеңес ғалымының өсуіне көмектестім деп ойладым. Ал Исмаиыловтың диссертациясының қорғалуына менің ешқандай да қатысым жоқ. Алайда анықтама, бқл тұрғыдан алғанда ерекше анықтама бере кетейін, профессор –филолог дәрежесі бар адам болғандықтан да, ондай мамандардың тапшылығына байланысты, мен көптеген диссертациялардың қорғалуына қатыстым, егер ол адамдардың барлығын менің шәкіртімнің немесе жақтасымның қатарына қосса, онда докторлық немесе кандидаттық дәреже алғандардың өзі 24-25 адамға жетеді, солардың ішінде әшкереленген, жау адамдардың саны екеу, оның біреуі – қырғыз Саманчин, екіншісі – қазақ Мұхамедханов. Әрине, бұл екеуінің де болмағаны дұрыс еді. Олардың кім екенін алдын-ала білсем, оларды кқпшіліктен көрі көбірек білсем, олардың ортасында көбірек болған болсам, онда біздің қоғамға жаулықпен қарайтын, қылмысты адамдарға сөзсіз қолдау көрсетпеген болар едім.

Осы себепке байланысты, Сүлейменов пен Мұхамедхановқа қатысты, менің олармен әшкерелік байланысым жөнінде сөзімді қорытындылай келе, айтарым мынау: анық көрініп тұрған нәрсеге көзді жұмып қарау – анықты танық деу болса, менің атымды мұндай оңбаған қылмыстық типтермен байланыстырып, мені де ағаш атқа теріс мінгізу де сондай ақылсыздыққа жатады.

Намыс пен абырой туралы, менің жеке басымның абырой-намысы туралы болмаса да, жеке тұлғаның, тым құрығанда еңбекші қазақ халқының социалистік кеңестік мәдениетінің қандай да бір жетістікке жетуіне септігі тиген жауапты қазақ кеңес жазушысының абырой-намысы туралы да ойлаған дұрыс.

(Ең соңғы жан айқай)

Топшылдық мәселесі жөнінде тағы да мынаны айта кетейін: маған Қазақстан жазушыларынан басқа жақын орта, олардан жақын адам, олардан артық тығыз араласқан дос менде жоқ. Олардың арасында менен жасы үлкендер де, 20 жылдан астам уақыт бойы таныс жазушылар да бар, мысалы, Қалмақан, Жақан, Сапарғали, Асқар, Ғали, Әбділдә, Тайыр, мен сендерден сұрап тұрмын, айтыңдаршы, Мұқанов жолдасқа қарсы топ құру үшін мен сендерді қандай бір кезде болмасын, үгіттедім бе, жолдарыңнан тайдырдым ба? Біздің қатарымызда жас жағынан алғанда кіші: Жұмағали, Әлжаппар, Әбу, Дихан, Дмитрии Снегин, Леонид Макеев, Хамит, Мұқан, Сейтжан, Жұбан және көп, көп жазушылар да бар, қане сендер де айтыңдаршы, Мүқановқа қарсы күресуге сендерді қайрап салдым ба, тіпті, бір ауыз сөзбен емеуірін таныттым ба? Жоқ! Ондай оқиға болған емес! Соған ұарамастан жікшілдік болды, бқл жөнінде бүгін осында сөйлеген жолдастар дұрыс айтты. Біздің осы қырғи қабақ қарым-қатынасымыз, жікшілдігіміз біздің оқырман қауымының да «тілін емізіп» жүр. Егерде бұл туралы «Правданың» өзі жазып отырса, онда шынымен де асқынып кеткен екен.

Ал топқа бөліну үнемі шығармаларды талқылау барысында басталады, ондай топшылдық менің де, Мұқановтың да басында бар. Өзінің шығармашылығын қызғыштай қоритын мұндай табиғи ұмтылыстың соңы дертке айналды. Өзіңнің ішіңдегі пиғылдан азат болмай, таза сана, нәзік сезім, жарқын ойлы шығарма тудыра алмайсың. Ал бұл пиғыл сөзсіз сені өзімшілдікке, қызғанышқа, тағы да басқа ішмерездікке алып келеді.

Алайда, осындай көріністермен қатар, біздің арамызда өзімізге аса қажетті обективті, талапшыл, нақты, шынайы жазушылық сынның да бар екенін айта кету керек. Соңғы пікірге орай менің айтарым мынау, әәһрине, тыпнақшаның ішінде, иә, мен топ құрып келдім, тобымды көбейте беремін, алдағы уақытта да ол топты нығайта беремін, менің бұл тобым – нашар шығармаларды аяусыз сынайтын болады, өкінішке орай, Мұқановтың ішінара шығармалары сондай болып шытыны бар.

Менің ойымша, біздің бұл арадағы кезекті әдеби күлдібадамдар туралы пікірлеріміз, бағалауларымыз бір жерден шықты ғой деп ойлаймын.

Әрине, мұндай жағдайда мен өзімнің пікірімді барлық жазушыларға бірдей ашық білдіре бермеймін, ең алдымен өзім жақсы араласатын, өмірдегі дос адамдармен көзбе көз отырып пікір бөлісемін. Ал мұның барлығын мен сынап отырған автор: өзіне деген менің дұшпандық ұстанымым, сол авторға деген, тіпті кеңес құрылымына деген жаулығым деп, ол аздай алашордашылдың дұшпандық қастандығы деп баяндайды.

Ал осы авторды бірек сынай қалса, егерде оның өзіне жақын дос-жар адамы болмаса, онда бұл адамдарды мен әдейі қайрап салды, оны қасақана ұйымдастырған мен деп тон пішеді, көп жылдан бері орын алып келе жатқан, тым асқынып кеткен мұндай әшкерелі шеңберден, тұңғиық тұйықтан қалай шығарымды білмедім.

Бұл мәселені талқылап, шешіп берулеріңізді өтінемін, бұл дертті – қауымдық негізі әрі тәуелсіз, әрі таза, әрі қуатты, әрі намысты нық екенін сеніммен айта алатын біздің ұйымымыз бірлесіп емдесін.

Ал жолдас Мұқановқа қарата мынадай ұсыныс жасаймын: біздің жалпы жұртшылығымыз жаппай әділетті сынап отырған мына масқара қылықты екеуміз де доғарайық, мен сізді біздің ұлы Отанымздың игілігі үшін шабытты шығармашылықтың жарқын жолындағы творчестволық еркін жарысқа шақырамын!».

(№ 78 – іс, 32-45 беттер).

Сталин өлген, Берия ұсталған. Бір еркіндікті сезген сияқты.

Хххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххх

Бұған Сәбит Мұқанов:

«Нұртазиннің кітабі жарық көрген соң жауапты бір қызметкер менен: Нұртазин Сіздің туысыңыз емес пе?, – деп сұрады. Оның менімен ешқандай туыстық жақындығы жоқ екенін ашық мәлімдеймін. Неге екенін білмеймін соңғы жылдары Мұстафин екеуміздің арамыз ашылып кетті. Оған дейін ол менің ең жақын досым болды. Мен оған өте көп көмектестім. Оның романында көптеген кемшіліктер бар. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген. Мен Мұстафин жолдасты, сол арқылы мұқым жазушылар одағын қатты соққыдан құтқарып қалдым деп есептеймін. Себебі ол, алашордашылар мен олардың пікірлеріне кең жол ашып қойды. Мен оны ұлтшылдықты дәріптейді деп айтып отырғамын жоқ. Мысал ол: «Өнеркәсіп ауыл шаруашылығын жұтып қояды» – дейді. Мұстафинді партияласы жолдасым және қаламдас досым деп есептеймін. Ұзақ жылдар дос бодым, жазушы ретінде өсуіне көмектестім. Сондықтан да оның романында бұғып жатқан қателікті арылттым. Ал қазір онымен Әуезов жолдас жәмпейлесіп жүр. Романның жақсылығын айта отырып, оның кемшіліктерін де көрсетейік. Шындығында да, осының барлығын қойып, ол жазушы маған дос па, жоқ, дұшпан ба, оған қарамастан оның жақсылығын ашық, кемшілігін бетіне айтайық (Әуезов: Дұрыс!).

Әрі қарай. Ұзақ уақыт бойы Тәжібаев жолдас өзінің «Біз қазақпыз» дастаны үшін өте қатты сыналып жүрді. Тура сол кезде Әуезов жолдастың «Литературная газетада» мақаласы жарияланып, онда осы пьесаны мақтады.

Мен Сіздің ұсынысыңызды қабылдаймын және бізді сыйлайтын осы аудиторияның алдында: топшылдықты доғарып, өзімнің шығармашылығымды дұрыс жолға қоямын, – деп мәлімдеймін.

Президиумның осы мәжілісінің алдында бұл мәселе жабық партия жиналысында талқыланды. Онда бұдан да қатаң және әділетті пікірлер айтылды, менің шығармаларымдағы жекелеген кемшіліктер қатты сыналды. Жекелеген адамдар мұны пайдаланып Мұқановтан есе қайырғысы келіп жүр. Мен – кеңес адамымын, мен партиядағы адаммын, сондықтан да «Правданың» мақаласына жауап бертін шығарма жазатын күш-қуатты бойымнан табамын – деп ойлаймын».

Иә, жүні жығылған, сөзі пәс, үні әлсіз. Соның өзінде екі-үш жерде М.Әуезовті шымшып өтеді. Өзінен күштің кеткенін, жүктің Әуезов жаққа ауғанына нәумез болып қалғаны анық байқалады. Отыз бойы атойлаған Алаш идеясы да оған бұл жолы азық бола алған жоқ.

Уақыт лебі солай. Бұл бір белгісіздік тылсым маусымы болатын.

Ә.Жаймурзин өзінің қорытынды сөзін: «Мен қорытындыны созып жатпаймын. Өйткені сөйлеген жолдастар дертті мәселелер жөнінде өте нақты пікірлер айтты және өте дұрыс айтты. Әуезов пен Мұқанов жолдастар өздерінің қателіктерін мойындады, олардың сөзін барлықтарыңыз тыңдадыңыздар, менің ойымша, бұл сөздердің шындығы іс жүзінде сыналады. Бұл жолдастар өздерінің сөздерінде тұрады және уәделерінің шынайылығы мен ақиқатын дәлелдеп береді – деп сенемін», – деп тұжырымдады.

Біз осынау шағын ғана денелі, кесіп, нықтап сөйлейтін Әбдірахман Жаймурзинмен үйінде де, түзде де ұзақ-ұзақ әңгімелестік. Тура пікірлі адам партиялық тапсырмамен жазушылар одағын басқаруға келгендегі ең басты мақсаты – екі алыптың айтысын тоқтатып, арасын қиюластыру болғанын, осы жиналыс арқылы соған уақытша тоқтау салғанын талдай отырып айтты. Әсіресе, С.Мұқановты ығынан қайыру, М.Әуезов қолды болса, мұның өзін де аман сақтап қалуға шамасы жетпейтініне сендіру, өте қиынға соғыпты. Партия жиналысында мұны ашық ескерткенде, әйтпесе, оны партиядан шығару туралы мәселе қоятынын айтқанда ғана, шарасыз қалыпты. Ал партиядан шығу деген сөз – түрмеге қамалумен бірдей еді. С.Мұқановтың жоғарыдағы сөзінің пәс шыққанында осындай астар бар еді.

Тіркелген күні 12 мамыр, 1953 жыл. Жазылған күні 2 көкек. Араға бір ай он күн өткен. Университеттен шығуы себеп болған. Тәжірибелі түрмегөй ретінде қызметтен босатылу – түрмеге түсудің тықыры таянғанын білдіреді.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   57   58   59   60   61   62   63   64   65




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет