Зады, ОГПУ тергеушiлерi тек қана сұрақ-жауаппен ғана қанағаттанбай, «қылмысты мойындатудың тиiмдi» тәсiлдерiне де жүгiнсе керек. Өйткені Д.Әділевтің жауаптары күн сайын бұлдыр тартып, қарама-қайшы пікірлер білдіре бастайды. Бiресе – кешегi берген мағлұматына қарсы шығады, бiресе мүлдем басқа оқиғаны мазмұндап бередi, үшiншi күнi – алдыңғы екеуiн де мойындайды. Бұл жөнiнде Қазақ ССР Жоғарғы сотының 1988 жылғы 4 қарашадағы мәжiлiсiнде: «Д.Әдiлев тұтқындалғаннан кейiн ... оның тергеу iсiнде осыдан 8 жыл бұрынғы, яғни, 1921 жылғы бұрынғы алашордашылардың „қылмысты әрекеттерi» туралы күмәндi және қарама- қайшы пiкiрдегi сөздер пайда бола бастады. Әдiловтен бiрнеше рет сұрақ- жауап алынған (iсте ол тергеудiң стенограммасы ғана сақталған) және әр жолы шым-шытырық шатасқан, жүйесiз әрi қарама-қайшы жауаптар берген»,- деп (бұдан кейiн 1988 жылғы сот коллегиясының тұжырымынан алынған сөздердi сiлтеме жасамай, тырнақшаға алып беремiз – автор) қорытынды жасалған. Жоғары сот «тергеудiң стенограммасы ғана сақталған» деп неге ерекше ескертiп отыр?
Мұның тергеу, сот iсiнде үлкен мәнiсi бар. Қылмысқа қатысты жауапқа тартылған әрбiр айыпкер (немесе куәгер) өзiнiң iс әрекетi туралы (егер мойындаса) өз қолымен жазып беруi тиiс. Сондай-ақ сұрақ-жауап стенограммасына: «Танысып шықтым. Тағылған айыпты мойындаймын», не «мойындамаймын» деп қолын қоюы шарт. Егер, айыпкер адам хат танымаса, бармаған басып куәландырады. «Бармақ басудың» Дiнше үшiн ешқандай қажеттiгi жоқ. Көзi ашық, сауатты. Ал сұрақ-жауап стенограммасында тергеушi айыпкерге қылмысты қалай таңамын десе де – ерiкті. Қалайда Дiнше Әдiлевке қысым көрсете отырып, оның жеке басының „Алашордаға” қатысын мойындатуға тырысқан. Сол мақсатта бұдан бұрын жүргізілген Ә.Бөкейхановтың, Е.Омаровтың, Х.Ғаббасовтың тергеулерін осы іске әкеп қосып, жоғарыдағы көрсетінділерге сүйене отырып олардың бәріне ортақ:
1. Кеңес өкiметiн құлату үшiн астыртын ұйым құрған. 2. Англиямен астыртын байланысып, ағылшын әскерi Қазақстанға басып кiре қалған жағдайда қырда көтерiлiс ұйымдастыруды жоспарлаған. 3. Қазақ Өлкелiк комитетiнiң хатшысы Голощекин жолдасқа қастандық жасап, атып өлтiрмек болған деген айып тақты.
Көрсетінді де аты аталғандарды бірінен соң бірін тұтқындап, жауапқа тарта берді.
Сондықтан да тергеу ісіне хатталған сұрақтар мен жауаптарды рет-ретімен келтіріп, жүйеге түсірудің өзі мүмкін емес. Өйткені, бір мәселені, мысалы 1921-1922 жылғы Орынбордағы немесе Ташкенттегі оқиғаларға 40 адамнан, Бетпақдаладағы және Торғайдағы астыртын қарулы көтерілісті „дайындаған” 32 адамнан 2 жыл бойы ілгерінді-кейінді екі жүзден астам жауап алынған. Жауаптың бiр-бiрiне қайшы келуiн де сол себептен деп түсiнген лайық. Сондықтан да біз тергеу барысында тағылған айып пен анықталған-мыс делінген айыптау желісін Қазақ ССР жоғары сотының 1988 жылғы анықтамасы бойынша таныстырып барып, әр адамның тергеу ісіне жеке-жеке тоқталамыз. Сонымен, Д.Әділевтің жоғарыдағы көрсетіндісіне жүгінсек, Нағима Арықованың үйелменімен бірге Семейге (неге екені белгісіз), келіп Жүсіпбек Аймауытовпен танысады. Сол кезде:
«...Ол (Д. Әдiлев –автор) 1921 жылы Орынбор қаласынан өзiнiң КирЦИК-ке мүше болып сайланғаны туралы телеграмма алады да, сонда жүрiп кетедi. Iшкi iстер халық комиссариатында iстейдi, онда КирЦИК-тiң жатақханасында танысы Болғамбаевпен бiр бөлмеде тұрды. Сол арқылы бұрынғы алашордашылар Бөкейхановпен, Байтұрсыновпен, Омаровпен, Сәрсеновпен жиi қарым-қатынас жасайды. 1921 жылы аталған адамдар Омаровтың бөлмесiне жиналады, онда Байтұрсынов шифрмен (бүркемеленiп) жазылған Валидовтың хатын оқып бередi. Соңғы адам (Валидов – авт.) Бұхара қаласында мұны қолдайтын үлкен күштiң тұрғандығын хабарлап, өзiмен келiсiм жүргiзу үшiн арнайы адам жiберуiн өтiнген. Бұл хатты талқылаудың барысында өздерiнiң жасырын ұйымын құру туралы шешiм қабылдайды және Валидовпен келiсiм жүргiзу үшiн – мұны, Әдiлевтi, ал шетелмен байланыс жасау үшiн – Болғамбаевтi жiберу керек деп келiседi. Соңғы адам (Болғамбаев - авт.) «Алашорданың» Торғай бөлiмшесiнiң мөрi басылған арнайы мандатымен (ол кезде «Алашорда» партиясы таратылып кеткен. Барлық iс қағаздары, мөрi өкiметке тапсырылған – авт.) шетел державалармен келiсiм жүргiзуге кепiлдiк алады, ал Әдiлев болса Орта Азиядағы ұйымдармен байланыс жасайтын өкiл боп бекiтiледi».
Достарыңызбен бөлісу: |