Шындап келгенде, тергеу орындары 1921 жылы Орынбор мен Ташкентте өткен мәжілістер конреволюциялық астыртын ұйымның бас қосуы емес, Орынбор қаласында өткен Бүкілқазақтық құрылтай екендігіне, онда «кеңес өкіметіне қарсы астыртын ұйымның платформасы» емес, аштан қырылып жатқан қыр еліне көмек көрсету туралы баспасөздерде ашық жариланған Үндеу қабылданғанына, осы ділгір шараны ұйымдастыру үшін жан-жаққа жіберілген адамдар – көтерілісті ұйымдастырушылар емес, аштарға жылу жиюшылар екеніне ықылас қойып, бас ауыртып жатпады. Тек тағылатын айыптың неғұрлым көп болуына тырысты. Оған 1929 жылы мамыр айында тұтқынға алынған Жүсіпбек Аймауытовқа: 1921-1922 жылдары қырда қарулы көтеріліс ұйымдастырмақ болған - деген төмендегі айып дәлел.
Ж.Аймауытов 1922 жылы Торғайдағы ашаршылыққа ұшыраған қазақтарға Семей Губерниясынан мал жиып, оны сонда айдап барады. Жол-жөнекей аштан қырылып жатқан ел-жұрттың үстінен түсіп, ішінара мал үлестіреді. Қолхат алады, бірақ ауылдық советтің мөрі жоқ деген айып тағылып, «мемлекеттің, мүлкін талан-таражға салғаны үшін» сотқа тартылды. 1927 жылы Қызылорда қаласында қаралған сотта ол “айыпкерден” айыптаушыға айналып, өзін-өзі ақтап шығады. Ж.Аймауытовтың сол сотта сөйлеген сөзі (мәтінді марқұм Бейсенбай Байғалиев тапқан):
“Бұрынғы берген жауабыма менің артық қосарым жоқ. Мені айыптайтын жері: 1) Мал үлестірген комиссияда болуым. 2) Кейбір оқыған азаматтарға деп мал беруім екен. Бұған менің айтарым мынау:
1) Маған малды тез тапсырып қайту керек болды. Себебі: мал айдауға жалданған бақташылардың бірсыпырасы Ақмолаға шейін, бірталайы Торғай жерінің шегіне шейін келісіп жалданып еді. Олар Торғай жеріне аяқ "басқан соң-ақ, қайтар деп арпалысты. Күз түсіп, салқын болып, бақташылар киімі жоқтықтан тоңа бастады. Жолдағы елдерде оба ауруы болып, талай жерде бақташылар қашпақшы да болып, оның үстіне Торғай аштары кісі етін жеп жатыр деп, үрейлену болды.
2). Менің мал үлестіргенше бас-көз болуымды Торғай қаласында жиналған аш қазақтар шулап тіленіп еді, өйткені бұған шейін Торғай азаматтары аштарға жәрдем бере алмаған, берген жерлерінде қиянатпен үлестірген; аштар қызмет адамдарына өшіккен. Кіндік өкіметтің берген жәрдемін қызмет адамдары оларға бермей тұрған сықылды. Жұрттың, жалпы аштардың рухы сондай екен. Оның үсіне Торғайдағы қызмет адамдарының ішінде ру, ел таласы сықылды негізге тірелген алалық, бірін-бірі көрсету, қуғын-сүргін бар екен. Арғын, қыпшақ жігі бар екен. Сондықтан Торғай аштары өз елінің адамдарына сенімсіз қарайды екен. Бет-ауыздары көнектей іскен, көздері үңірейген, өлім аузында сенделген топты аш қазақтар зарлап, қақсап тұрған соң, дәтім шыдамады. “Мал үлестірген жерде ішінде бол» - деген тілегін орындадым. Міндетім ол емес еді, бірақ адамшылығым, арым аштарды аятқызды. Әуелде де аштарға жаным ашығандықтан, сезімім күштіліктен осындай ауыр міндетті, зор бейнетті мойынға алып, жан ұшырып едім.
3) Мен комиссиясына кірмей, малды Торғай адамдарының қолына беріп қоя берсем, малды қол қойып жіберіп, талап алатұғын еді, үйткені малға шапқан елдің беті қойға шапқан аш қасқырдан бетер еді. Ол талау екінші топ мал үлестіргенде болғаны көрініп отыр.
4) Торғай еліндегі бір ғана шет кісі, алыс жерден мал әкеліп, аштарға жақсылық көрсеткен кісі мен тәрізді көріндім. Мен басы-қасында болсам, бәрі де кенелетіндей, әділдікпен үлестіретіндей көрінді.
Ал енді әрбір оқыған азаматтарға мал берілді деген тақырыпта менің айтарым мынау:
1) Мен Торғайдың кейбір оқығандарын ғана білемін, көбіи білмеймін. Сондықтан оқығандардың бәріне мен мал бере алмасам керек.
2) Ол азаматтардың кейбірі Орынборда, кейбірі басқа жерлерде қызметте болса, олар малды алуға мүмкін де емес.
3) Малды сол адамдардың аш ағайындары алды, мәселен, Жангелді ұлының ағайындары: он бес шақты үй ашпыз - деп арыз қылды, тағы сондайлар болған. Ол аштардың ауылнайларына мал берілмейтіні де болғаны бар, себебі елді аш дегенде, болыс, ауылнай аймағынан қарап, жалғыз-жарым аштар елеусіз қалған, сондай елеусіз-санаусыз, аштар Жалдама, Қараторғай болыстарынан да шұбырып келіп жатты. Соңғы екі болыс (Жалдама, Қараторғай) Торғай азаматтарының тоқ ел деп тапқан елдері. Сондықтан оқыған азаматтарының аты атальш, аш ағайындарына мал берілген, оны маған айтып түсіндірген тағы Торғай жігіттері, беруге ұйғарған - комиссия. Әйтпесе, Міржақып, Ахмет, Жангелді баласы сықылдылар мал алды деп есептеуге болмайды. Алған ба екен, олардан сұрауға болар.
Мен өз бетіммен ешкімге мал үлестіргемін жоқ. Өйткені Торғай елінің бай, кедейін білмеймін. Комиссиясына кірсем де жаным ашығандықтан, аяғандықтан, жақсы ниетпен істедім. Пайда, мақтан есімде болған жоқ. Садық деген молданың үйінде болдық, бізге бір тоқты сойған-ды, 30-40 аштар келіп, өтіштерін айтып, жығылып кетіп, талып кетіп есеңгіреп отырғанда, алдымдағы ет тамағымнан өтпеді. Аштарды шақырып алып, бәріне үлестірттім, тағы сондай ауыр әсер берген аштар болды. Сондай аш елді көргенде, бұрынғы істегендерім анық болған соң, тоқ елдің жегені арам екен деген ойлар келді.
Заң тарапынан қарағанда, мүмкін, менің қаталарым бар да шығар. Азаматтық, адамшылық жүзінен қаралса, бір кісі аштарға жан салып, қызмет көрсетсе - мендей-ақ көрсетер деп шүкірлік етемін. Мүмкін, менің еткен еңбегім себепті ондаған, жүздеген аштар ажалдан қалған болар, қалмады деп Торғай елі айта алмас.
Еңбегім салауат, ниетім арам, жүрегім қара, қазаққа зиянды адам болып табылсам, бұ да бір уақыт шығар, жазаға мойнымды ұсынамын, аштар үшін мен-ақ құрбан болайын. Елімнің заңына көнемін.
Жүсіпбек Аймауытұлы. Тергеуші Сейдалыұлы».
Есіл азаматтың аузына «мен-ақ құрбандығың болайын” деген сөз қайдан ғана түсті екен.Араға жыл салып, сол «тілегінің қабыл боларын» қайдан білсін.
Достарыңызбен бөлісу: |