Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!



бет3/46
Дата23.10.2016
өлшемі8,42 Mb.
#83
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   46

Айыпкер Тынышбаев бұл жөнiнде мынадай куәлiк бердi: «1923 жылы, Мемлекеттiк университеттiң үйiнде профессор Қожанов жерге қоныстандыру мәселесi туралы баяндама жасады. Бұл жиналыста бiздiң ұйымнан: мен, Есполов және Досмұхамедов Халел сөйледi. Баяндама бойынша жарыссөзге шыққан бiз, өзiмiздiң бағдарламамызға орай, жерге ең алдымен негiзгi тұрғындар орналастырлсын деген пiкiрдi қорғадық» (Тынышбаевтің 1930 ж. IХ. 3. күнгi жауабынан № 2370-iс, 1 т. 4-парақ).

«1923 жылғы Жетiсу губерниясындағы жер реформасы кезiнде, Жер жөнiндегi халық комиссарының мiндетiн атқарушы Есполов жетекшiлiк еткен техникалық кеңестiң құрамына мен және Қожықов мүше боп кiргеннен кейiн, бiздiң ұйымымыздың жер мәселесi жөнiндегi бағдарламасын кеңiнен жүреге асыруға мүмкiндiк туды. Соның нәтижесiнде, Талдықорған ауданының Шұбар селосында жаппай наразылық туды» (сонда, 4-парақ. Тынышбаевтің 1930 ж. IХ. 3 күнгi жауабынан).

«Тысқары жерден Қазақстанға келiмсектердi орналастыруға бұрын да қарсы тұрдық және ұлтшыл ұйымның мүшесi ретiнде қазiр де келiмсектерге қарсымыз. Бұл өзi ежелден келе жатқан бiздiң ұйымымызбен тiкелей тарихи байланысы бар мәселе» (№ 2370-iс, 1 т., 125-парақ, Тынышбаевтің 1930. IХ. 3 күнгi жауабынан).

«Жер мәселесiне бiз қатты мүдделi болдық және жерге қоныстандыру мәселесi бiздiң ұйымымыздың мүддесiне сай жүргiзiлуiн қаладық. Бұл мақсатқа бiз Жер жөнiндегi комиссариаттағы бiздiң ұйымымыздың мүшелерi арқылы, оның iшiнде – Есполов пен Тынышбаев арқылы қол жеткiздiк» (№ 2370-iс, 1 т., 205-парақ. Досмұхамедовтiң 30 ж. IХ. 12 күнгi жауабынан).

Қазақстанға келiмсектердi жолатпауға тырысып, бұны патшалық отарлау саясатының жалғасы ретiнде көрсеттi, ұйым жердi жергiлiктi тұрғындарға бекiтiп берудi, сөйтiп Қазақстанда басы артық жер жоқ екендiгiн дәлелдеуге ұмтылды» (№ 541784-iс, 1 т., 98-102, 220-222-парақтар).

Жерге қоныстандыруды осындай кезек сақтай отырып жүргiзудi және жер бөлiп берудi дәл осы негiзде жүзеге асыруды қамтамасыз етуі үшiн ұйымның бұрынғы мүшелерi жер кесiмiнiң мөлшерiн ғылыми тұрғыдан тиянақтауды талап еттi. Осы мақсатқа жету үшiн Бөкейхановтың тiкелей ұйымдастыруымен Ғылым академиясының арнайы экспедициясы жасақталды, оны Бөкейхановтың с-р-дағы (социал-революциялық партияның – эсердiң мүшесi – Т.Ж.) пiкiрлесi профессор Швецов басқарды; экспедиция мүшелерi Жер жөнiндегi комиссариаттың жауапты қызметкерлерi Қаратiлеуов пен айыпкер Мұрзин Мұхтардың iрiктеуi бойынша тек қазақ шәкiрттерiнен құрылды. Экспедиция өзiнiң ғылыми жұмысын: жерге қоныстандырудың ғылыми тұжырымын негiздеу және Қазақстанда басы артық жер жоқ деген пiкiрдi дәлелдеу бағытында жүргiздi» (№ 541784-iс, 1 т., 103-111-парақтар).

Швецовтың экспедициясының жұмысына экспедиция жетекшiсiнiң орынбасары ретiнде Ә.Бөкейханов та қатысты, сөйтiп, ол «Қазақстан – қазақтар үшiн ғана!» деген ұранды заң жүзiнде бекiтуге ұмтылды, сондай-ақ Ташкенттегi жоғары оқу орынының профессоры Успенскийге КССР-дiң Жер туралы кодексiн жасауға тапсырма бердi, ол ұсыныс 1927 жылы Өлкетану бюросының жиналысында жауапқа тартылған Бұралқиев Мұстафа мен Омаровтың, тағы да басқалардың қатысуымен қабылданды (№ 541784-iс, 1 т., 10-парақ)» ,– деп жазылды.

Екінші лекке жер мәселесi жөнiндегi тағылған айыптың ұзын-ырғасы осындай. Бiз жоғарыда тергеушілер айғақ ретінде келтiрген жауаптарды талдап жатпаймыз. Мұның себебі: ол көрсетінділер айыпкерлердің өз қолымен жазылды ма, жоқ, хаттама арқылы тергеуші толтырды ма? – деген сұраққа сенімді түрде жауап беру қиын, iшкi астары көп, шырғалаңы мол мәселе. Әрине, «Алашорда» үкiметi мен «Алаш» партиясының жерге қоныстану жөнiндегi бағдарламасын басшылыққа алғаны рас. Бұл – қазақ ұлтын отарлық бұғаудан құтқарып, отанды тәуелсiз жолға түсірудiң бірден-бiр бағыты болатын. Бұл пiкiрдi баспасөз беттерiнде ашық бiлдiрдi де.

Ал, астыртын ұйымның жайына келетiн болсақ, ондай ұйым ресми түрде өмiр сүрмеген. Тек әр жерде бастары қосылған, оңаша пiкiр алысқан. Туған халқының болашақтағы тағдырын талқылаған. Қандай талқыға түспесін Жер жөнiнде олардың үндемей қалуға қақысы жоқ едi. «Коммунистiк-колонизаторлық» саясат бұл қитұрқылы әрекеттi отыз жылдан кейiн «тың игеру» деген дақпыртпен жүзеге асырды. Оған дейiн де қазақ ұлты үш рет зауалға ұшырады. 1931-1932 жылғы аштықтан, отыз жетi-отыз сегiзiншi жылғы жазалау науқанынан, ұлы отан соғысындағы қантөгiстен соң 1913 жылы 6 миллионға жеткен қазақ ұлтының саны 1948 жылы 1 миллион 400 мыңға дейiн құлдырады. Қырып-жоюдың мұндай қасiретiн басынан кешкен ұлт әлемде некен-саяқ қана. Адамның сүйегi ғана қалған иесiз даланы ың-шыңсыз игерудiң бұдан асқан аярлық жолының болуы да мүмкiн емес. Аштан қырылған қазақтың тәнi мен сүйегi құнарланған топыраққа өсiп-өнген астық мұқым кеңес өкiметiн асырады.

Мұндай «коммунистік-колонизаторлыққа» кеңес өкіметінің тізгінін ұстаған Смағұл Сәдуақасов, Ыдырыс Мұстамбаев, Нығымет Нұрмақов, Жалау Мыңбаев, Ораз Жандосов сияқты өжет мінезді қайраткерлер ашық қарсы шықты. Мысалы, Ақтөбенің Елек ауданын Орынбор облысына беру туралы шешімге орай Қазақ Автономиялы республикасының Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Нығымет Нұрмақов:



«Егер орталық жеке аудандардың тағдырын осылай шеше беретін болса, онда келешекте Қазақ республикасының сақталып қалуы мүмкін емес» ,– деді.

Ал Орталық атқару комитетінің төрағасы Жалау Мыңбаев:



«Сөз әзірге біз ұға қоймаған, бірақ болашақта алдымыздан шығатын мәселе туралы болып отыр... Мен өзім орталық мекемелердің тек орыс шаруаларының мүддесіне деген ерекше қамқорлығын бірнеше рет байқадым... Ендеше, неге сіздер қазақ шаруалары Қазақстан өкіметіне талап қоя алмайды деп ойлайсыздар? Егер білгілеріңіз келсе, айтайын, қазақтардың жағдайы күн сайын нашарлап барады. Олар: «Біздің жерімізді неге алып жатыр?» ,– деп сұрайтыны анық. Біз болсақ: ол жердің тұрғындарының басым көпшілігі орыстар дейміз. Оған олар: «Патшалық Ресейдің біздің жерімізді тартып алып, оған өзінің отаршылдарын қоныстандыр деп кім сұрапты?»,– десе, не дейміз... Қазір ел арасында: «Қазақстанда кім бұқараның жағдайын көтеруге қатты күш салса, сол адам өкімет басында көп тұрмайды»,– деген қауесет сөз бар. Бұл, әрине, қазақ қызметкерлеріне қатысты айтылған. Мейлі, солай-ақ болсын дер едік, бірақ қазақ бұқарасының алдында масқара болып қалар жайымыз жоқ. Осында Боярский жолдас менен: «Сіздің басыңыз ауырды ма?»,– деп сұрайды. Мен: «Жоқ, басым емес, жаным ауырады», деймін. Шынымен де ауыратындай себеп жеткілікті»,– деп күйіне айтты.

БКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің екінші хатшысы Сұлтанбек Қожанов:



«...Біздің республикамыздың тұла бойы тұнған ұлттық проблема (мәселе) ... Мәселенің ұлттық тұрғыдан қойылуынан тайсақтап, ең құнарлы экономикалық аудандардан айырылып отыра бергіміз келмейді. Қазіргі кезде қоныстандырудың қарқынды жүргізіліп жатқаны байқалады... Менің пікірімше, Қазақ республикасын бір өлке немесе Ресейдің бір ауданы есебінде емес, өзінше мемлекет ретінде сақтап қалу және оны одан әрі нығайту тұрғысынан келу қажет... Кейбір жолдастарға ерік берсек, олар бұл республиканы таратып жіберуге құлшынып отырған сияқты»,– деді (Қойгелдиев М. Ұлттық саяси элита. А. 2004, 268-бет).

1927 жылы ақпанда БКП(б) саяси бюросының мәжілісінде «Қазақстандағы байларды тәркілеу науқанын жүргізудің жоспары арнайы талқыланды. Оған Сталиннің өзі төрағалық етті. Қазақ Өлкелік Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы Нығымет Нұрмақов бұған үзілді-кесілді қарсы шықты. Ф.И.Голощекин мен оның идеялогиялық қолбаласы О.Исаев бұған қатты «намыстанып», өздерінің әріптестерін «байлардың құйыршығы» деп айып тақты.



Қазақ байларын тәркілеу туралы өкiметтiң қаулысы мұқым дала тұрғындарының ашу-ызасын қоздырып, тұс-тұстан ашық наразылық туып, әр жерде қарулы көтерiлiстер бұрық ете қалды. Мұның өзi ұлт қайраткерлерiне қосымша айып тағылып, «қылмысын» ауырлатты. Кеңес үкiметiнiң ауыл шаруашылығы жөнiндегi «асыра сiлтеулерi» мен қателiктерiн «ұлтшыл-буржуазияшыл алашордашылардың» мойнына «қарғыс қамыты» ретiнде кигiзуге сылтау болды. Сондықтан да, үкiм де соған сай шығарылды. Мәскеу мен Алматының «ең үздiк» тергеушiлерi өздерiнiң «контрреволюциялық астыртын ұйымның қылмысты қастандықтарын әшкерелеу» бағытындағы бес жыл бойы жүргiзген тергеу iсiнiң «нәтижесiнде»тәркілеу науқанына байланысты «Алашорда» азаматтарына мынадай айып тақты.

«3. 1928 жылғы байлардың мал-мүлкiн тәргiлеу науқанына қарсы жүргiзiлген әрекеттер.

Жер мәселесi жөнiндегi өздерiнiң негiзгi мiндеттерiн шешуге ұмтылған астыртын ұйымның мүшелерi Қазақстанда асырылып жатқан өзге де кеңестiк науқандар мен түрлi шаралардың мән-мазмұнын бұрмалап көрсетуге тырысты.

1928 жылы байлардың мал-мүлкiн тәркiлеу науқанына дайындық жүргiзу барысында олар байлардың тәркіленуге тиiстi мал мен мүлкiнiң мөлшерiн (нормасын) неғұрлым көтерiп көрсетуге (мысалы: тәркіленуге жататын мал санының кесiмдi мөлшерiн белгiлi-бiр дәрежеден төмендетпеу керек. 50-60 қойы бар қазақты байлардың қатарына қоспау керек деген ұсынысты айтып отыр – Т.Ж.) тырысты, сөйтiп, белгiленген мөлшерден көп мал мен мүлкi бар байлардың шаруашылығын жоюға қарсы шықты.

Ұйымның жекелеген мүшелерi өзара хат арқылы пiкiр алысып, бұл мәселе жөнiнде қоғамдық пiкiр қалыптастырды және ұйым мүшелерiмен байланысы бар, осы науқанның дайындық жұмысына тiкелей қатысып отырған ұлтшыл кеңес қызметкерлерiн өз мүдделерiне пайдаланды, ал үкiметтiң жоспарлау мекемелерiндегi ұйым мүшелерi бұған тiкелей ықпал еттi.

Ташкент қаласында тұрған айыпкер Ә. Ермеков 1928 жылы ақпан айында осы ұйымның мүшесi, Ленинград қаласындағы М. Әуезовке: «Жердi тағы да бөлiске салу, жерге орналастырудағы теңгермелi мөлшердi сақтау – өз жерiңнен өзiң қарақшылықпен қуылған (экспропирация) бұрынғы тәжiрибенi еске салып, бақытсыз халықтың тағдыры үшiн жүрегiңдi қансыратады. Мұндай тәжiрибеге даламыз ендi көне алмайды»,– деп жазды (№ 541784-iс, 5 т., 192-парақ).

Ал М.Тынышбаев: «1928 жылы Қазақстанның үкiмет орындары байлардың мал-мүлкiн тәркiлеу науқанына дайындық жүргiзiп жатқан кезде, мал-мүлкi тәркiленiп өздерi жер аударылуға кесiлетiн байлардың санын азайту үшiн бiз тәркіленуге жататын шаруашылықтың мал санының мөлшерiн неғұрлым жоғары белгiлеу туралы қоғамдық пiкiр қалыптастырдық... Мұның барлығы Мемлекеттiк жоспарлау мекемесi мен Жер жөнiндегi комиссариатқа тiкелей байланысты едi. Ол кезде Мемлекеттiк жоспарлау мекемесiнде бiздiң ұйымның мүшесi Ғаббасов Халел қызмет iстейтiн, ол бiздiң мақсатымызды жүзеге асыруға тырысты, ал бiздiң ұйымның ықпалында болған, бiздiң ұйымымызбен кездесiп, келiссөз жүргiзген Сұлтанбеков Жер жөнiндегi комиссариатта жұмыс iстейтiн», деп көрсеттi (Тынышбаевтің 1930 ж. Х. 4 күнгi жауабынан. № 2370-iс, 1 т., 313-парақ).

Сонымен қатар, аса iрi байлардың шаруашылығын жою туралы қаулыдағы тәркiленуге тиiстi байлардың тiзiмiн алдын-ала бiлiп алған ұйым мүшелерi аудандарды аралап, алдағы жүргiзiлетiн науқанға кесiрiн тигiздi, жалған мал шаруашылығының мойынсерiктерiн құрды, iрi шаруашылықтарды ыдыратты, сондай-ақ бұл iске байлардың туыстық, рулық жақындығы бар ауылнайлар мен аудандық әкiмшiлiктiң қызметкерлерiн тартты (№ 2370-iс, 1 т., 313-парақ).

Куәгер Байсеңгіров: «Міржақып Дулатов Мерке ауданында болған кезде өзінің маңына жиналған осы ауданның байларына ол тәркілеу науқанына қатысты мәселелер жөнінде науқанның мақсатына қарсы бағытталған бірнеше нұсқаулар берді» – деп көрсетті (Байсеңгіровтің 1928 ж. ІХ. 25 күнгі жауабынан. № 2370-іс, 2 т., 888-890-парақ).

«Бiз, ұйым мүшелерi, байлардың жер аударылуына және олардың мал-мүлкiнiң тәркiленуiне қарсы шара қолданып, оларға алдын-ала ескертiп отырдық, сөйтiп науқанның жүргiзiлуiне бөгет жасадық. Соның iшiнде, менiң өзiм бiреулер арқылы Тұрысбековтерге, Тәңiрбергеновтерге және Есенқұлға және басқаларға, сонымен қатар Лепсi уезiндегi өзiм шыққан «найман» руының байларына хабар бердiм (Тынышбаевтің жауабынан, № 2370-iс, 1 т., 125-парақ және Х. Досмұхамедовтiң жауабынан, 207-парақ)».

Мемлекеттiк жазалау құрылымының барлық күшiн сарқа жұмылдырып, бес жыл бойы жанталастырғандағы айыптау қорытындысының ұсқыны осындай. Үкiмет басында кiлең жартылай сауатты адамдар отырғандықтан да, ең болмаса, қиыстырып, баптардың басын иiп, жалған да болсын «дұрыстап» айып таға алатындай тергеушiлердiң табылмауы заңды да. Чадааевтің:



«Қайран, Ресей! Адамды бақытты қылу қолыңнан келмегенi айып емес, тым құрыса дұрыстап өлтiрудi де үйiренбедің-ау!»,– деген сөзі осындайдан барып айтылса керек.

3.

Мемлекет те, сот та жазалау саясатының басты құралы ретiнде орыстың балтасын пайдаланды. Ал, шовинистер мен отарлаушының, оның iшiнде можантопай мұжық пен «елiрме сiңбелердiң», сауатсыз да сарамес жендеттiң қолындағы балта – iндеттен де қауiптi. Егерде сол «балта» мұқым мемлекеттiң жазалау құралына айналса, онда сол мемлекеттiң даму жолы адамдардың бас сүйегiнен төселген баспалдақтардан тұрады деген сөз.



Кеңес өкiметi дәл осы жолды таңдап алды. Мұндай дүлей күшке таза ақыл мен парасатты қарсы қойып күресу мүмкiн емес едi.

Мұны қазақтың ардагер азаматтары Мұхамеджан Тынышбаев пен Халел Досмұхамедов те жақсы түсiндi. Тән мен жан жазасынан құтылу үшiн олар өзiнiң «айыптарын» сырт қарағанда мойындағандай көрiнiп, бірақ әр жауабының астарына Сервантестiң қаламына лайық уытты кекесiндi сiңiрiп отырды. Қарапайым адамның өзi күле қарап, сенбейтін „қырық өтірікті” қиыннан қиыстырып, баяндап бердi. Можантопай тергеушiлердiң ой-өрiсiнiң тарлығы мен таяздығы сондай, оған тiптi назар да аударған жоқ.

Шындығын айтсақ, мұның оларға қажетi де шамалы-тын. Қалайда қаралауға iлiк тапса, көңiлi тыныш табатын. «Астыртын контрреволюциялық ұйымның қастандық әрекеттерiн» әшкерелеу үшiн Голощекиннiң «кiшi октябрь» науқанында кеткен асыра сiлтеулердiң барлығын «астыртын ұйымның мүшелерiне» айып етiп тақты.

Соның бiрi – коллективтендiру, яғни, қазақша айтқанда, «мойынсерік» құру науқаны. Мұның көшпелi қазақ ұлты үшiн зауалмен аяқталатынын экономика мен қазақтың өмiр сүру тәсiлiнен хабары бар зерде иесiнiң бәрi де түсiндi. Бiрақ оған ешкім назар салмады. Қайта, дені дұрыс пікірді «астыртын ұйымның» қастандық әрекетiне жатқызды. «Айыптау қорытындысынан»:



«4. Шаруашылықтарды коллективтендiру науқанындағы бұрмалаушылық әрекеттер

Сондай-ақ, астыртын ұйымның мүшелерiнiң жат пиғылдары шаруашылықтарды коллективтендiру науқаны тұсындағы бұрмалаушылықтарынан, оны болдырмауға тырысып баққан әрекеттерiнен байқалды. Коллективтендiрудiң жүзеге аспай қоймайтынына, бұл шараларға тұрғындардың ерекше белсендiлiк танытып отырғанына көздерi жеткен соң, олар жарым-жартылай рулық негiзде құрылған колхоздарды ұйымдастыруға күш салды.

Айыпкер Тынышбаевтің көрсетуi: «Бiз, ұйым мүшелерi – мен, Ермеков және Досмұхамедов үшеумiз колхоз құрылысы туралы өзара пiкiр алыстық, бiрақ та колхоздарды ұйымдастыру науқанына тосқауыл қоя алмайтын болғандықтан да: қазақ ауылдарындағы колхоздарды шағындап қана рулық жүйемен құру керек деген тұжырымға келдiк. Мұның басты себебi: қазақ қоғамындағы рулық құрылым әлi де күштi сақталып қалған, сондықтан да бар мүлiктi жеке меншiк иелерiнiң қолында сақтай отырып, шағын-шағын жарым-жартылай ортақтастырылған шаруашылқтарды ұйымдастыру қазақ үшiн қолайлы деп есептедiк. Бұл бiздiң ұйымның мүшелерiнiң ортақ пiкiрi едi және арамызда ешқандай көзқарас алшақтығы болған жоқ, оның үстiне бiз бұл туралы Бөкейхановтың және басқалардың дәл осындай пiкiрде екендiгiн бiлетiнбiз. Бiз: кедейлердiң басы бiрiкпейдi, олар өзiне рулас байлардың ықпалынан шыққысы келмейдi, өйткенi рулық туысқандық сезiмi қазақ арасында әлi де күштi, деп есептедiк. Бiз бұл жөнiнде партияда жоқ көптеген қызметкерлермен, коммунистермен әңгiмелестiк, олар да істі дәл солай жүргiзсе, көптеген қиындықтарды жеңуге болатынына сендiк. Сөйтiп, бiз бұл әрекеттерiмiз арқылы кедейлердiң бiрiгуiне (таптық) бөгет жасап, рулық құрылымды сақтап қалуға тырыстық.

Бұл идеямызды iске асыру үшiн бiздiң көзқарасымызды қолдайтын Бұралқиев, Күдерин сияқты тағы да басқаларды пайдаландық, сондай-ақ бiзден ақыл сұрап келген қазақтардың барлығына да дәл осындай колхоз құрыңдар деп кеңес бердiк, бұл идеяны сол колхоз құрылысын ұйымдастырып және басқарып жүрген қазақ қызметкерлерiнiң бәрiнiң миына сiңiруге тырыстық.

1928 жылы Iле өзенiнiң арғы бетiнде зерттеу-барлау (темiр жол салу үшiн – Т. Ж.) жұмыстарын жүргiзген кезiмде қазақтардың бәрiне өз көз қарасымды түсiндiрiп бердiм және колхоздарды мен айтқандай үлгiмен құруға шақырдым» (№ 2370-iс, 1 т., 141-парақ. Тынышбаевтің 1930 ж. IХ. 6-күнгi жауабынан)».

Бiр адамның кекесiн араластырып жазып берген осы жауабы арқылы 71 адамға үкiм шығарды. Әрине, 14 томнан асатын тергеу iсiнде Тынышбаевтің көрсетуiнен әлдеқайда «кең қамтылған» куәлiктер бар. Тергеушiлердiң М.Тынышбаевтің жауабын қайта-қайта алдыға тарта беруiне қарағанда, «Алаш» партиясының көсемдерiнiң бiрi, «Алашорда» үкiметiнiң мүшесi, уақытша үкiметтiң Жетiсу өлкесiндегi комиссары, Қоқан Автономиялы республикасының премьер-министрi Мұхамеджан Тынышбаевті қалайда жазаға тартудың амалын қарастырса керек.

Бұдан кейiнгi айыптаулардың тақырыбы – «Ет дайындауға жасалған қастандықтар», «Бандылық қарақшылықтар» деп аталады. Ал нағыз «бандылық қарақшылық» қылмысты кеңес өкiметiнiң өзi жасап жатқан едi. Жер мен тәркiлеу, колхоздастыру саясатының кесiрiнен 2 миллионға жуық қазақ аштан қырылды. Қазақ жерiнiң құты – Сарыарқа қаңырап бос қалды. Елдi «естен тандырған» ессiз өкiметтiң есiн ақсүйек ашаршылық та жыйдырмады. Тура сол кезде Кереку, Қызылжар, Омбы қалаларының су айлақтары мен вокзалдарында мал етi иiстенiп, айдалаға апарылып өртелiп жатты.

Қазақ ұлтының аштан қырылып қалғанын бiле тұра Сталин мен Молотов Қужақты қуырдақтай қуырып, «бер, бердiң» астына алды. Бiр республиканың басына қаралы күн туғанда да оның тағдырына пысқырып қарамады. «Сенiп тапсырылған өлкенi» зауалға ұшыратып, баясы шыққан Шаяға – Голощекин мен Исаевқа: КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы В.Молотов пен БКП (б) Орталық Комитетiнiң бас хатшысы И. Сталин 1932 жылы 8 қараша күнi:



«ХКК мен ОК-тiң (Халық комиссарлары кеңесi мен Орталық Комитеттiң – Т. Ж.) ескертуiне қарамастан республикадағы астық даярлау қарқыны төмендеп барады. Белгiленген жоспардың орындалмауының себебiн астықтың түсiмiнiң төмендiгiмен түсiндiрген сылтауды Орталық Комитет пен Халық Комиссарлары Кеңесi назарына да iлмейдi, өйткенi бұл көрсеткiш қасақана төмендетiлген және мемлекеттi алдау ниетiнен туған.

Сiздердiң артта қалған аудан хатшылары мен атқару комитеттерiнiң төрағаларының атын атап қана өтiп, тек артта қалуды жоюдың шараларын көрсеткен мәлiметтеріңіздi Орталық Комитет пен Халық Комиссарлары Кеңесiне хабарламай, сырғақтай берулерiңiздi Орталық Комитет пен Халық Комиссарлары: Кеңесi партиялық басшылыққа лайықсыз қылық деп бағалайды.

Орталық Комитет пен Халық Комиссарлары Кеңесi сiздерге мынаны ескертедi:

Егерде қысқа мерзiм iшiнде республикадағы астық тапсыру iсiне нақты өзгерiстер енгiзу мәселесi ұйымдастырылмаса, онда бiз солтүстiк Кавказдағы тәрiздi жазалау шараларын қолдануға мәжбүр боламыз. Қолданылған жазалау шаралары туралы сiздiң толық түсiнiктерiңiз болуы үшiн БКП(б) Орталық Комитетiнiң нұсқауы бойынша қабылданған Солтүстiк Кавказ өлкелiк комитетiнiң қаулысын жолдап отырмыз. Орталық Комитет пен Халық Комиссарлары Кеңесi бұл қаулыны сiздердiң жеделхаттарыңызда аттары аталып көрсетiлген артта қалған аудандардың хатшыларымен таныстыру мiндетiн сiздерге жүктейдi. Егерде олар астық дайындаудың көлемiн өсiруге жедел шара қолданбайтын болса және одан әрi осылай жалғаса беретiн болса, Орталық Комитет пен Халық Комиссарлары Кеңесi қараша айының бiрiншi жартысында оларды партия қатарынан шығару туралы мәселе қоюға мәжбүр болады»,– деген үрейлi жедел хат жолдады.

Шындығына көшсек, ол кезде Голощекин мен Исаевтың бұл жеделхатқа жауап беретiндей мұршалары да жоқ болатын. Егiннiң орынына адамның сүйегiн егiп, «тәнтiбайбеттенiп» отыр едi. Елiре-елiре сөйлеп, ауызы ақкөбiктенген Голощекин мен оған көпшiктi қоя-қоя қоялары шыққан Исаев пен Құрамысовтың, Құлымбетов пен Ерназаровтың, Қабылов пен Тоғжановтың, Беккердiң, тағы да басқа идеологтардың жақтары қарысты. Елдi де, өздерiн де «есеңгiреттi». Шегiнетiн жерлерi де жоқ болатын. Сасқанынан сүйек пен тұяқ, жылқының жал-құйрығы мен сиырдың мүйiзiн жинау туралы жарлық шығарды.

Ал бұл кезде адамның сүйегi болмаса қазақ даласында малдың сүйегi де, оны жинайтын адам да қалмап едi.

1931-1932 жылы ашаршылық кезiнде 1921-1922 жылғы аштықтан аман қалған 4 миллион 120 мың қазақтың 2 миллион 200 мыңы, яғни, жалпы ұлттың 49 процентi «кiшi октябрь» мен «естен тандыру» саясатының құрбандығына шалынды. Құрамысов пен Беккер: «Халықаралық пролетариаттың мүддесi үшiн... бүкiл қазақ халқын құрбан етуге даярмыз!» – деген «армандарына» жеттi. Ал ұлтының осынша қорлық өлiмге душар болғанына күйiнген «бестiң тобы» – Ғ.Мүсiрепов, М.Дәулетқалиев, Е.Алтынбеков, Қ.Қуанышев, М.Ғатауллин 1932 жылдың шiлде айында Сталин мен Молотовқа наразылық хатын жолдады. 1937 жылы Қарқаралы округiнiң басшыларын жаппай атуға бұйырған кезде Мансұр Ғатауллин өзiнiң соңғы сөзiнде айып орындығында отырған әрiптестерiн қолымен нұсқап:



« – Мыналар халық жауы емес. Жау – менмiн. Сондықтан менiң өзiмдi ғана соттаңдар. Тек, менi ғана. Бiрақ мен де халық жауы емеспiн, керiсiнше, халықтың жауының жауымын. Ал мен 1932 жылы, Кент қаласына iссапармен келген кезден бастап халық жауы болдым... Көлiктен сыртқа шықсам, айналамда адам да, мал да жоқ, тек қана ұзын созылған мал қорасы тұр. Есiктi ашып қалып едiм, өлi адамның денелерi көрiндi. Соншама үлкен қораның iшi лық толған адамның мәйiтi. Кейбiреулерiнiң көзi ашық, кiрпiктерi әрең қимылдайды, бiрақ кiрпiк қаққанша жантәсiлiм беретiнi сөзсiз.

Сыртқа атып шықтым. Даладан айқай-шу шықты. Есiнен адасқан әйелдер қолдарындағы пышақтарын жалаңдатып менiң жүргiзушiме тап бердi, ойлары оны сойып жемек. Мен аспанға оқ атып едiм, олар жан-жаққа қаша жөнелдi. Жан-жағыма қарасам, анадай жерде үлкен қазан-ошақ тұр екен, астында от жанып жатыр. Әлде не пісіп жатыр. Қақпағын ашып кеп жіберіп, қарасам, бұрқ-сарқ қайнаған сумен бiрге қазанның бетiне бiрде баланың аяғы, бiрде қолы, бiрде өкшесi бүлiк-бүлiк етiп шығып жатыр... Мiне, мен тура сол күннен бастап халық жауы болдым»,– дептi (В. Михаилов, «Ұлы жұттың шежiресi»).

Мұндай ерлiк «ақ жүректер» мен Қуажақтың қуыршақтарының қолынан қайдан келсiн. Халықтан кешiрiм сұрап, иман iздеудiң орынына, сондай бетбақтықпен ұлтының бес азаматын «бестiң тобы», «халықтың жауы» деп жариялады. Сонда бұлардың қызғыштай қорғап жүрген халқы – қай халық? Олар халықтың бағын емес, өздерiнiң астындағы тағын қорғап жүрген баққұмар сiмпiстер едi.

Өзегi үзiлген халық мұны көрiп-бiлмей отырғандай-ақ, асқан аярлықпен өздерiнiң күнәсiн «ұлтшыл-бурзуазияшыл контрреволюционерлерге», «Алаштың» ардагерлерiне жапты. Бес жыл бойы дәлелденбеген «қылмыстарын» ұрып-соғудың нәтижесiнде мойындаттырып, ұялмастан: «Қылмыстарын мойынына алды! Аттық! Астық! Жер аудардық! Кеңес өкiметiнiң саясатына қарсы шығып, елдi ашаршылыққа ұшыратқан солар! Ендi көздерiң ашылатын болды!», – деп өздерi қырып салған халықтан сүйiншi сұрады!

Шiркiн, данышпан Абайдың:

Жамантайдың баласы Көжек деген,

Екi үйдiң арасына безектеген.

Досын келiп досына жамандайды,

Шiркiнде ес болсайшы сезед деген!, –

сөзiн әлгi кеңестің кеңкелес мәңгүрттері түсiнбеді.

«Голщекиндік националдар» Сталин мен Молотовтан жаңағыдай нұсқау алған соң тағы да жанталаса жанықты. Ашаршылықтың зардабын саяси сахнадан ысырылуға тақап қалған Қужаққа – Голощекинге жапты да, мүләйiмсiп-мәймөңкелеп шыға келдi. Республика үшiн, оның iшiнде жеке адамдарға және белгiлi бiр мәселелердi шешуде кәдiмгiдей ынта-пейiл көрсеткен шығар. Бiрақ мұқым ұлттың мүддесi мен халық қамы үшiн олардың қабырғасы қайысты деуге, оларды биiк лауазымға жеткенi үшiн мемлекет қайраткерi болды деп даралауға еш себеп жоқ. Мемлекеттiк машинаның конструкторы, не құрастырушысы емес, соның жай ғана бір елеусiз бөлшегi едi олар. Қажет кезiнде оларды құрал-жабдық ретiнде пайдаланды, мiндетiн өтеген соң лақтырып тастады.

Олардың мансап жолында – тағдырдың тәлкегiне ұшыраған жазықсыз жандардың көз жасы мен қасiрет уайымы, аштан қырылғандардың қураған сүйегi, атылып-асылған, қудаланған ұлт қайраткерлерiнiң өзектi арманы мен өкiнiшi өксiп жатты. Мансұр Ғатауллиннiң:


Каталог: repository -> history -> 24%20%D1%82%D0%BE%D0%BC.%20%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B%20%D0%BC%D0%B0%D2%9B%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D0%BB%D0%B0%D1%80 -> %D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Халел досмұхамедов
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
history -> Алматы: «Санат» баспасы, 2001. 480 бет
history -> ҚазақТЫҢ ЖҮз романы. Оқу құралы. Құрастырып, баспаға дайындаған академик Рымғали Нұрғали. –Астана: «Фолиант», 2004. 456 бет. «Қазақтың жүз романы»
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Абай мектетебі
%D0%90%D0%BB%D0%B0%D1%88%20%D1%82%D1%83%D1%80%D0%B0%D0%BB%D1%8B -> Мағжанға Сәбиттен


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   46




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет