Шалқар ауданы, Ә.Жангелдин атындағы ЖОББМ Мұратова Арайлым 7 «Б» сынып оқушысы
Адамзат тарихындағы ең сұмдық соғыстың болып өткеніне 75 жыл толып отыр. Ұлы Жеңістің ұмытылмайтыны секілді, сұрапыл соғыста ұмытылмастай ізін қалдырды. Ұлы Жеңіс күні - бұл біздер, бейбіт күннің ұрпақтары үшін ортақ мереке. Сол бір соғыс жылдарында қазақ халқы өзінің Отанына,еліне,жеріне деген патриоттық сезімін дәлелдеді. Ұлы Отан соғысы қазақ жеріне келген үлкен қасірет болды. Қазақстаннан майданға аттанған 1 млн 200 мың жауынгердің 600 мыңы соғыстан қайтып оралмаған. Әрбір отбасындағы ер азаматтарды соғысқа жинады. Бір отбасыдан бірнеше адам соғысқа аттанды. Аналардың жүзін мұң шалды,қабағына кірбің түсті. Әйел адамдарды ауыр жұмысқа жекті. Бір жанұядан кеткен әкесі мен қос ұлдары соғыстан қайта оралмай,қаралы хабар алып, зар еңіреген әйелдердің үні сондай аянышты болды. Қазақ ел басына күн туғанда жалғыз жанын қу шүберекке түйген жауынгер халық болған. Ұлан байтақ жері үшін жан пида еткен батырларымыз жетерлік. Ұлы Отан соғысына ер азаматтарымыз ғана емес қазақтың рухты,намысты қыздары да өз үлестерін қосты. Жас өмірін майданға салған ару қыздарымыз: М.Мәметова, Ә.Молдағұлова, Х.Доспанова және т.б. Ұлы Отан соғысы батырлары дегенде ең алдымен есіме Б.Момышұлы келеді. Кеңес Одағының Батыры атағын алған Б.Момышұлы соғыста өзінің жауынгерлік қасиетімен қоса ерлердің намысын қайрау мақсатында бірнеше өлеңдер,шығармалар жазған.1941 ж. Ұлы Отан соғысы басталысымен, Бауыржан даңқты генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316 атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанады, батальон, полк командирі қызметтерін атқарады. Соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарады. 1941 жылғы күзгі, қысқы кескілескен шайқастар кезінде өз батальонын 27 рет шабуылға бастап шықты. 5 рет қоршауды бұзып, негізгі жауынгерлік құрамымен аман-есен дивизиясына қосылды. Жауынгерлік іс-қимылдарға қатысты ұрыстан шығу, шегініс жасау тәсілдерінің арнайы тарау болып әскери жарғыға енуі, тактикада «ошақты» және «икемді қорғаныс» ұғымдарының қалыптасуы Бауыржан Момышұлының осындай тәжірибелерінің жиынтығы болып табылады. Оның қолбасшы, терең ойлай білетін әскери маман ретіндегі таланты соғыста полк, дивизия басқарған жылдары кеңінен ашылды. Бауыржан Момышұлы жау шептеріне ішкерлей еніп ұрыс жүргізу теориясын соғыс тәжірибесінде алғаш қолданушылардың және оны дамытушылардың бірі болды. Бауыржан Момышұлы - әкери педагогика мен әскери психологияны байытушы баға жетпес мұра қалдырған дара тұлға. 1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан Бауыржан біржола шығармашылық жұмыспен айналысады. Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өмірінде көрген-білгендерін арқау етеді. Оның қаламынан туған, өмір шындығын арқау еткен тамаша романы мен әңгіме, повестері жетерлік. Олар бірнеше қайтара басылып шығады. Бауыржан бірнеше орден, медальдармен наградталады, Кеңестер Одағының батыры атағын алады. Алайда халықтың өзі «батырым» деп танып, ардақтаған қаһарман ұлына бұл атақ Отан соғысы біткеннен кейін жарты ғасырдай уақыт өткенде барып берілген болатын. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың жарлығымен оған «Халық қаһарманы» деген атақ берілді.Әрі батыр, әрі жазушы атамыздың есімі жадымызда мәңгі қалмақ.
Біздің Шалқар топырағына кіндік қаны тамған батырларымыз жетерлік. Оған мысал ауданымызға белгілі батырымыз Ідіріс Үргенішбаев. Туған жері Ақтөбе облысы Шалқар ауданы. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы,жаяу әскер,Кеңес Одағының Батыры. 1942 жылғы қаңтар айында қызыл әскер қатарына шақырылып,қысқа мерзімдік әзірлік оқуынан кейін Орталық майданда ұрысқа қатысқан. Фашистердің батальонға 22 рет қарсы шабуыл жасаған кезінде Үргенішбаев жаудың 90-нан астам солдаты мен офицерін жойды. Парторг бастаған кеңес сарбаздарының бір шағын тобы жаумен найзаласып, әрі мылтық дүмімен де қимыл жасап, дивизияның негізгі күштері келгенше плацдармды қолдан шығармады.1944 жылғы 15 қаңтарда бөлімше командирі, сержант Ідіріс Үргенішбаевқа қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Сонымен қатар ер есімі мәңгі жадымызда сақталу мақсатында батырдың туған жері Шалқар ауданында ескерткіші қойылып,мектепке І.Үргенішбаев аты берілді. Сол тәрізді тағы бір батырымыз Есет Көтібарұлы. Есет батыр - Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы ұлт-азаттық қозғалыстың басшысы. Дүниеге келгені: Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Шалқар көлінен 7-10 шақырым жердегі Ақши бойында.1838 жылы Жоламан батырмен тізе қосып, көтеріліске шығып, Елек қорғанына шабуыл жасады.1847-1878 жылдары Жанқожа батырмен бірге Қоқан, Хиуа хандықтарына қарсы шықты.1847-1858 жылдары Арал теңізініңбатыс жағалауын, Үлкен және Кіші Борсық құмдары мен Мүғалжар тауларын, Жем, Сағыз, Ырғыз, Елек, Ойыл, Қиыл өзендерінің бойын жайлаған қазақтардың Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы көтерілісіне басшылық жасады.19 ғасырдың 40-50 жылдарында Есет батыр бастаған ұлт-азаттық көтеріліс негізінен, ұсақ қимыл-әрекеттермен сипатталады. Олар шекараға жақын орналасқан Ресей бекеттеріне шабуыл жасап отырды.1853-54 жылдары Есет батыр басшылығымен қарулы көтеріліске шыққан Кіші жүз қазақтарының шекаралық әкімшілікпен қақтығыстары болды.1854 жылы көктемінде көтерілісшілердің саны 1500-ге жетті. Олар Ресей үкіметінен қазақ қауымынан түйе жинауды тоқтату, түтін салығын жою, қазақ даласына жазалаушы отрядтарды жіберуді тоқтату, жайылымдық жерге еркіндік беріп, Жем, Мұғалжар, Елек, Қобда, Жайық өзендерінің бойына еркін көшіп-қонуға мүмкіндік жасауды талап етті.
1858 жылы жазалаушы отряд көтерілісті күшпен басты. Есет көтерілістен бас тартқан соң оған кешірім жасалды.1859 жылы тамызда бір топ сүлтан, билермен бірге Санкт-Петербургке жіберіліп, 24 тамызда Александр II патшаның қабылдауында болады. 1861 жылы қабақ руының басқарушысы болып тағайындалады. 1869 жылы Ырғыз уезі бастығының кіші көмекшісі болып бекітілді. 1873 жылы Хиуа жорығына қатысқаны үшін патшадан алтын медаль алды. 1879 жылы ол қызметтен босатылады. 1889 жылы қартайған шағында дүние салды. Сондай ақ Шалқар өлкесінде дүниеге келген тағы бір батыр, әулиеміз Есет Дәрібай. Есет-Дәрібай кесенесі – XIX ғасырда өмір сүрген халық батыры Есет Көтібарұлына (1803-1889) тұрғызылған ескерткіш. Ол облыстың Шалқар қаласынан 65 км жерде. Кесененің бірінші нұсқасы 1890 жылы төртбұрышты шикі және күйген кірпіштен күмбезбен өріліп, қабырғалары әшекейленіп салынған. Бірақ уақыт әсерімен құлаған. Шалқар өңірі халқының бастамасымен бұл кесене екінші рет, қазіргі заманның сәулет өнерінің талаптары ескеріліп, ұлттық нақышпен 1993 жылы қайтадан салынды. Кесене құбылаға қарағанда оң жағындағысы - інісі Дәрібайдың тамдарынан тұрады. Осы екі тамның ортасында биік шырақ мұнарасы бар. Бұлардың аумағына тас төселген. Әрбір там жанында құлпытастар орнатылған. Есет пен Дәрібай тамдарының әр біреуінің сыртқы өлшемі 7х7м, ішкі өлшемі 6х6м, биіктігі 8 метрден. Олардың бірінші деңгейі 4 метр биіктікте, одан жоғары 4 метр биіктікте мазардың күмбезі бар. Екі тамның ортасындағы мұнараның биіктігі 16 метр. Мұнара бойындағы мрамор тақтаға сол кездегі тарихи тұлғалардың аттары жазылған. Кесене республикадағы тарихи ескерткіштер қоғамының есебіне алынды. Кесене басында шырақшы тұрады. Ақтөбе облысындағы туристік бағдарға енгізілген. Есет әулие басына барып түнеушілер көп. Бұл кесененің сәулетшісі «Ұран Бақтыбай» баба ұрпағы – Оразбай Әділбаев. Тағы бір жерлес батыр атамыз Төлтай Шанов 1942 жылдың қаңтар айында армия қатарына шақырылып, Сталинград майданында қолына қару ұстайды. Дон өзені бойындағы жан алысып-жан беріскен соғыста ауыр жарақат алып, көптеген жауынгерлермен бірге тұтқынға түседі. Лагерьде астыртын жұмыстар жүргізіп, неміс бұғауын бұзып өтіп, Италияның «Фри-Юли» партизан қауымына қосылады. Сол партизан құрамасында насихатшылыққа тағайындалып, тұтқын лагеріндегілерге арнап әр ұлт тілінде үндеулер жазып, жасырын жұмыстар ұйымдастырады. Тұтқын лагерінен жауаптар келе бастайды.Соғыс аяқталғанға дейін 25 ұлт өкілінен құралған партизандар саны 250 адамға жетеді. Немістер осындай жұмыстарды жүргізуші Төлтай Шановтың басын 30 000 неміс маркісіне бағалайды. Жиырма жасында Адриатка теңізінің жағасындағы Альпі тауының жоталарында, Югославия жерінде алғаш ұйымдастырылған партизан тобын басқарған ол қатардағы жауынгерден батальон комиссарлығына дейінгі дәрежеге өседі. Өз арасында оны Анатолий Исмагулович деп атайды.Югославия Халық азаттық армиясы жоғары бас командашысы, маршал Иосиф Броз Титоның 1945 жылғы 19 қаңтардағы өкімі бойынша қайсарлықпен соғысқандығы және әскерді жігерлі басқарғаны үшін Төлтай Шанов «Қаһармандығы үшін» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Төлтай Шанов құрамында болған батальон соғыстың соңғы айларында Германияға қарай шегінген неміс фашистерінің жолын бөгеп, олардың қайта күш жинауына мүмкіндік бермеу әрекеттерін жасайды.1995 жылы оның «Өмірімнің өткелдері» атты естеліктер кітабы басылып шықты. 2005 жылы баспадан «Төлтай Шанов» атты кітап жарық көрді. Майдангер-ұстаз естеліктері тәлімдік-тағылымдық тұрғыдан жоғары бағаланып, мектептер мен кітапханаларға тегін таратылып берілді. Төлтай Шановтың майдандағы ерліктері туралы Мәскеуден, Алматыданжарық көрген әскери жинақтарда талай рет айтылды.Ол кісінің бейбіт күндерде тынымсыз еңбек етіп, алдынан талай шәкірттерді тәрбиелеп шығарғаныда бір ерлік деп есептеймін. Олардың арасында елге танымал ғалымдар, шаруашылық, өндіріс басшылары, кәсіпкерлер, қаламгерлер көптеп саналады.Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 1 қарашадағы қаулысымен өзі ұзақ жыл жемісті қызмет атқарған Дамбар орта мектебіне Төлтай Шанов есімі берілді.
Кешегі тарихын ұмытпаған елдің ғана болашағы жарқын болады. Бабаларымыз ұрпақтары бейбіт күнде өмір сүргенін қалады. Өзге елге жалтақ болмас үшін,өз жерінде өз балалары күң болмас үшін өз жандарын жеңіс жолында сарп етті. Ерлеріміз найзаның ұшымен,білектің күшімен қорғап қалған жеріміз бізге аманат. Елді биікке шығарып,атын әлемге таныту,елді,жерді сүю біздің парызымыз. Әрбір Қазақстан тұрғындары осы бейбіт күнді бағалап,патриоттық сезіммен қараса еліміздің болашағы зор,ғұмыры мәңгілік болар еді. Бүгінгі бейбіт күнге жеткізген майдангерлеріміздің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Ондаған мың қазақстандықтар ерен еңбегі мен ерліктері үшін марапатталса, бес жүзден астам адам Кеңес Одағының Батыры атанды. Бабаларымыздың қанымен келген Тәуелсіздік мәңгі жасасын. Ер есімі- ел есінде қашанда сақталмақ.