Қос мүйіз /қошқар мүйіз/ - екі қолдың алғашқы ұсталу қалпы 3-түрдегідей, білекпен саусаққа дейінгі бөлігі төмен қарай бүгілген, саусақтар желпуіш тәрізді тарбита ашылған.
Кереге көз – киіз үй керегесінің көзін бейнелейді. Екі қолдың басы білезік буын тұсынан екі алақанды алға қаратқан бойда айқасады. Саусақтар желпуіш тәрізді тарбита ашылып, жоғарыға қарай бағытталған.
Сыйлық– екі қол мықын деңгейінде параллель түрінде алға қарай жіберілген, екі шынтақ денеге тақау, алақандар жоғары қарата жаюлы.
Қос шынтақ – екі қол кеуде деңгейінде шынтақтан ішке қарай бүгіліп, бірінің үстіне бірі қойылады.
Киіз үй – екі қол жоғары көтерілген қалпында болады, екі алақан бір-біріне жапсырыла түседі, саусақтар жоғары қарай бағытталып, екі шынтақ екі жаққа қарай жіберіледі.
Қамшы ұстау– ат үстіндегі адамды бейнелейтін бишінің екі қолының қамшы ұстаған кезінде қандай қалыпта болуы. Сол қол I-қалыпта, тізгінді ұстаған саусақтар жұмылып, жұдырықтанады, қамшы ұстаған оң қол III-ші қалыпта болады.
Қос қол – екі қол екі жақ бүйірге қарап созыла ұсталады.