Түзетілген нұсқасы. Шағабутдин маржани



Дата03.12.2016
өлшемі193,6 Kb.
#3070
Түзетілген нұсқасы.
ШАҒАБУТДИН МАРЖАНИ

(1818-1889)

Шаһабутдин Маржани – исі мұсылман қауымы мен түркі жұрты әлемінің танымы мен ойлау жүйесіне өзгеріс әкелген ғалами ғұлама. Оның ілімі Абайдың көркем танымының тамырына нәр, ойына қуат, өнеріне өріс берді. Сондықтан да Шаһабутдин Маржаниді қазақ ұлтының ұлттық идеясының уызын ұйытқан ой мәйегінің иесі, ұлт ұстазы ретінде қабылдау – «мәңгілік ел» идеясын мұрат тұтқан қауым үшін «өткендерге салауат, ұрпақтарға аманат» болып табылады. Оның осы аттас «өсиет кітабы» ХІХ ғасырдағы мұсылман мен түркі әлемінің танымдық және тарихи жадын аудара төңкеріп жаңғыртқан, рухани және ұлттық сана азаттығы бағытын қалыптастырған жадидтік – құбылысты тұлға. Өкінішке орай, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бірінші ширегінде ислам әлемін қадыми ғұрып пен ұлттық тұйықталудың тылсымынан жол тауып шығарған, Абай арқылы сүзіліп кеп біртұтас алаш идеясының қалыптасуына негіз қалаған жадидтік ғұламалар мен дін, ұлт қайраткерлерінің ілімінен қазіргі қазақ қауымы қалыс қалып келеді. Соның салдарынан ислами ақиқаттың, яғни, «пайғамбардың ақ жолы» бұрмаланып, исі мүслімнің тұтас танымы суыртпақтала сөгіліп, түсі оңып жетіп жатыр. Бұл «ұраны бір алаш» қауымының рухани бірлігіне іріткі салатын қатерлі бағытқа, иманды бұзатын жан мен рухтың жәдігөй жәндігіне айналып барады. Жандығығымызды аздыратын мұндай жан жегісінің дертіне бүтіндей ұшырамас үшін көшпелілер қауымының өркени санасының өркені мен һахты, ұлтты тану жолындағы талмалы тұстарды танық танығанымыз абзал. Бұл, Маржанидің өзі кітабінің атын дәл тауып қойғанындай, «өткендерге салауат, ұрпақтарға аманат» деңгейіндегі өсиет болмақ.

Шаһабутдин Маржани – «тек қана бұлғар-татар ұлтының ұлттық мәдениетін зерттеген ғалым-тарихшы ғана емес, шындығына келгенде, одан гөрі жоғары дара данышпан» (Ю.Юсупов), біздің пайымдауымызша, мұқым ислами-түркі, сол арқылы исі адамзаттық ақыл-ой иесі болып табылады. Ол Ресей мен шет елге – шығармаларының дерлігін араб тілінде жазған, шығыс тілдерін жетік меңгерген лұғатшы, шығыстанушы, ислами танымның тәфсіріне өзгеріс жасаған фәлсафа хакімі, түркітанушы, тарихшы, ағартушы, ғылыми пайымдаулары арқылы мәдениет пен әдебиет тарихы, деректану, жағырафия, логика, математика, астрономия, музыка, медицина, ғылым тарихы, этногенез, эпиграфика, нумизматика ілімдері қақында пікір қорытқан ғалами ғұлама, «бұлғар топырағында туған ең ірі ғалым», «өз заманының Платоны», «татардың Геродоты», «ұлттық тарихтың негізін қалап, дамытушы», «ұлттық тарихты аңыздан ажыратып берген» ғалым ретінде мойындалды. Ол өзінің қаламынан шыққан 29 еңбектің екеуін ғана («Ғилалат аз –заман фи тарихи Бұлғар ва Казан» – «Бұлғар мен Қазан тарихын жауып тұрған шымылдық», 1870, 164 бет) мен «Мұстафад әл-ахбар фи ахвали Қазан уә Бұлғар» – «Қазан уә Бұлғар тарихы туралы деректер жинағы» (т.1, Казань, 1885, 1897, 264 бет, т.2, Казань, 1900, 368 бет) татар тілінде жазды.

«Құранның» ғана емес, адамзат өркениеті мен мұсылмандық гүлденудің себепкері және даналық ілімнің ұйытқысы деп танылған араб тілінде еңбек жазу – тек сол заманда ғана емес, қазірдің өзінде исламият тарихатына қатысты тәмсіл тарата алатын халықаралық, яғни, әлемдік деңгейдегі ой иесіне ғана тән ерекше қабілеттің кепілі болып саналады. «Ақындар патшасы» атанған Мүтәннаби мен Әл Мағри, «даналық мәйектері» – Әл Фараби, Ибн Сина, әл-Ғазали, Жалаладдин Дауани, тарихшылар – Ибн Фадлан, ибн Батута, Ибн Халдун, Мұхидаддин ибн Араби, ибн Халликан, Йакут әл-Хамауи, ибн ал-Асир, Қажы Халиф, Шамс-аддин Димашки, сыни көзқарас иелері, өзінің ілкі замандас, қандастары Мұхамед Тарағай Ұлығбек, Габдуннасыр Курсави (әл-Булғари), Әбді ал-Мумин Өзбек әл-Афшари, Құсайын ибн Ғұмар әл-Кермани әл-Қарғали (дала перзенті, Кердері табынан-мыс делінеді, «Өткендерге салауат, ұрпақтарға аманат» өсиетнамасы осы ғұламаның кеңесі бойынша жазылған), Ниязқұлы ат-Түркмани сияқты даналардың мәтібімен арабтың ырғақ пен әуенге бейім қара сөзі арқылы аса көркем әдеби мәнерді игеруі, мағрифаттана отырып шариғатқа көшіп, тарихат арқылы ақиқатқа жетудің «ақ жолын» таңдауы – Шаһабутдин Маржанидің табиғи болмысы мен түйсігінің, ойлау жүйесі мен логикасының, талант пен білім қуатының хакімдік деңгейге көтерілгендігін танытады.

Ал оның сондай бір сеніммен, батылдықпен, қажырлықпен әл-Фараби, Рушди, Ибн Сина, әл-Ғазали, Дауани, Софы Аллаяр, Ауғани сияқты жәдиди ғұламалардың ғұмырын кескен қадыми қасаң қисындарды өзгертіп, жаңаша көзқарас қалыптастыруы – адамзаттың танымдық ойлау жүйесіне, өмір сүру тәсіліне, тіршілік харекетіне әкелген ұлы бетбұрыс еді. Ол мұндай заманауи тәфсірлік жүйенің қажеттілігін білдірген тұңғыш ой иесі ғана емес, соны жүзеге асырған реформатор. Оның бұл көзқарасы жадидтік-жаңашылдық-реформаторлық бағыт ретінде қанатын кең жайып, ұлы ислам, мұқым түркі дүниесінің рухани оянуына тиянақ қойып, жігерлі серпін, рухани бұлқыныс, имани сенім берді. «Екінші ислами ояну» дәуірі басталып, Жалалиддин Ауғани мен мысырлық Мұхаммед Ғабдуку, кейіннен Әнуар паша мен Ата Түрік, Әлихан Бөкейхан, сияқты ұлы ұлттық-ислами саяси күрескерлер, Қаюм Насыри, Ғаспаралы, Абай, Ахмет Байтұрсынұлы, Мінауар қари сияқты ұлттық сыншыл ой иелері мен ағартушыларды мағрифат сақнасына шығарды. Мұхтар Әуезовтің:



«Абай ... ХІХ ғасырдың екінші жартысында Шығыс ілімінде майданға шыға бастаған жаңашыл, рационалшылдар дін реформашыларының шеніне араласады. Абай татардан шыққан Қаюм Насыридің алдындағы Шаһабутдин Маржаниді қостайды. Осы айтылған рационалшылдық пен салт-сана, ой-өнер жүзіндегі жаратылған жаңашылдыққа бейім болмаса, Абайдың Еуропа жағасының белгісін көре алмас едік», – деуінде сондай парасат емеуіріні жатыр.

Маржанидің діни-ғылыми, тарихи еңбектерін Абайдың ұлы Тұрағұлдан сыилыққа алған және онымен жете таныс жазушы, академикке өз ойын ашық талдауға «заманы ерік бермегендіктен де» Маржанидің сана мен салт әлеміндегі орынын «оның ілімінсіз Абай жол таппас еді» – деген түйінді «Еуропа жағалауы» арқылы ишара етеді. Иә, арнайы талдамайды, ишара етеді. Өйткені Маржанидің жаңа көзқарасы мұсылман үшін аса мүдделі дүниетан мәселесін көтерді. Ал ондай танымды талдауға кеңестік қысым саясаты шек қойғандықтан да Мұхтар Әуезовтің өзі Абайдың көзқарасын талдау арқылы болса да, ашық саралауға тәуекел ете алмайтын.

Маржани өзінің батыл ойы, батым пікірі, білімін заманға үйлестірудегі сара санасы арқылы – Алланы тану мен «Құран» тәфсірлерін түсіндіру мәселесіндегі ғұлама халиф әл Мумин мен таным ғұламасы Ахмед ибн Ханбалдың тұсында басталып, ХХІ ғасырдың өзінде күйдіргісі басылмаған таным таласын тұжырымдай тиянақтады. Мұқым ислам әлемі мен түркі дүниесіннің ұлттық және рухани азаттыққа жетуіне ұйытқы болған оның «исламияттағы жәдидтік бағыт», жаратушыны танудағы жаратылыс, кеңістік, уақыт, суық ақыл, парыз, ғибадат, тәфсір қақындағы саналы пайымдаулары мен тұжырымдары исі мүһминдердің ойлау жүйесі мен мінәжатына өзгеріс әкелді. Мағрифат пен тарихаттың шариғатпен бірлік тұтастығы және оның фикхпен (заңмен) үйлесімі, тәфсірлерді заманға қарай бейімделуінің шегі мен шетіндігі, сәресі мен ақшам мезетін анықтайтын күн жүйесіне негізделген уақыт өлшемі, шығыс пен батыс, солтүстік пен оңтүстік ендіктері мен бойлықтарындағы мүһминдердің Қағбаға ишараты, ғибадат пен дәстүрдің жігінің ажыратылуы, таным ілімі мен тарих ілімінің «арасын бүркеп тұрған шымылдық» туралы еңбектері өзінің танымдық, тәлімдік, тәжірибелік маңызын күні бүгін де жойған жоқ.

Маржанидің діни таным мен діни ілімге және мектептер мен медіреселердегі оқу жүйесіне енгізуге ұмтылған мүлдем жаңа бағыттағы реформасы, яғни, усусул жәдит бағыты, негізінен, жоғарыда аталған мәселелерді қамтитын бес ірі ұстанымға: а) Әр адам өзінің «Құраннан» алған түсінігін негізге ала отырып кез-келген діни мәселеге байланысты жауапты өзі табуы тиіс; ә) Өзгенің пікіріне көзсіз бағынуды үзілді-кесілді доғару керек; б) мазмұны нақыли (яғни жаттанды) баяндауға құрылған ескі діни кітаптарды медіреселерде оқытудан алып тастау қажет; в) Медіреселерде «Құран», хадис және ислам тарихы міндетті түрде оқытылуы тиіс; г) медіреселерде жалпы (жаратылыстану) ғылым салалары мен орыс тілін (еуропа тілін) оқытуға қарсылық көрсетпеу керек; е) Мұсылмандар Мұхаммед пайғамбар заманындағы ежелгі ислам мәдениетін ұстануға қайтып оралуы тиіс – дегенге негізделді.

Сырттай жадағай байлам көрінгенімен, мұның астарында мұсылмандардың һаһты тануы мен дінді қабылдауына, ғадауаты мен ғибадатына, ілімі мен инабатына түбегейлі тұжырымдық өзгерістер әкелген ұстаным жатыр. Қысқаша үш мысал келтірейік: Қадыми көзқарастың кесірінен ислам жамағаты өнеркәсіптік ғылымнан (алгебра, химия, физика, астрономия, геометрия, жағырафия, логика т.б. жартылыстану ілімдері) ажырап, сәлде мен кенеп шапанды ғана жамылып қалды да, арабтардың сол ғылымының негізінде өндірістік экономикаға бет бұрған Еуропа дүниені дүр сілкіндірді. Ақыры «бақас ғылымға» (Абай) бет бұрып, ғылымды қару-жарақ жасауға пайдаланды. Соның нәтижесінде ХХ ғасырдың басында мұсылман елі тұтастай отарланып, Мысыр мен Саудидағы мешіттер атқораға айналды. Екінші, «Құранның» өзге тілге аударылуына тиым салынуы арқылы жаттанды дін пайда болды. Өзге ұлттардың жазуы, тілі, дәстүрі керексіз болып қалды. Тіпті арабтарды билеп тұрған Осман империясында түрікше сөйлеу сауатсыздықтың өлшемі ретінде бағаланды. Үшінші ұстаным, қарапайым тұрмыстық дәйек, уақыттың өлшемі мен қыбылаға қатысты. Бұрынғы қазақтар ораза кезінде ақ жіп пен қара жіптің түсі білінгенде ауызын жауып, ақ жіп пен қара жіптің түсі ажыратылмайтындай қараңғы болғанда, оразасын ашқан. Сонда, күн үш ай бойы алагеуімденіп барып жарық боп кететін, не үш ай бойы бозамықтанып барып қараңғылық торлайтын солтүстік өңірінің мұсылмандар қайтпек? Жер шарының әр тұсы мен түкпіріндегі мұсылмандар дерліктей тек өздері тұрған аймақтағы қыбылаға қарап намаз оқыса, батыстағы және Африкадағы мұсылмандар Қағбаға жонарқасын беріп тұрмай ма? Сондықтан да, «Құрандағы» ғибадатты ғылым мен заманға орай үйлестіре ұстау керек – деген ұстанымның «һах тағаланың жаратқан ақиқаты» екендігі қазіргі замандағы бізге таңсық тәмсіл емес.

Бұл мәселелерді Маржани өзінің «Назурат ал-хак фи фардиат алғашаи уа ин лам йағаб аш-шафак» – Қараңғы түспеген (күн батпайтын) жағдайда кешкі намазды оқу міндетін өтеуге қатысты ақиқатқа түсініктеме, Қазан, 1870), «Ал-фаваид ал-мухимма» – Үлкен сауап, «Құранның» Ресейде басылуы мен оның куфілік нұсқасының аудармасы, Қазан, СПб, 1878), «Хак ал –мағрифа хусн-улдирак бима ялзаму фи уджуби ал-фитри уа ал-амаски» – Таным ақиқаты немесе оразаның басталуы мен аяқталуы мерзімін анықтау қажеттігі қақындағы шындық, Қазан, 1880), «Ал-хикмат ал-балиға ад-джүннийа фи шархи ал-ғакайд ал-ханафийа» – Ханафия мәсхабын ұстанушыларға арналған толық түсінік», Қазан, 1888), «Хазамат ал-хаваши ли изахат ал-хаваши» – Ақиқатты бүркемелеп тұрған шымылдықты ысырып тастайтын түсініктер топтамасы, Қазан, 1889», «Ал-хак ал-мубин фи махасин авдағ ат-дин» – Дін парасаттың анықтығы туралы, Қазан, 1889), Ат-тарихат ал-масали уа ал-акидат ал-хасани» – Тарихаттың мисалы, ақидаттың сенімі, Қазан, 1890) атты катираттарында дәлелдеп шықты.

Әрине, мұндай батыл ұсыныстар сол заманда қатты қарсылыққа ұшырап, оны «дінсіз» деп жариялауға дейін апарды. Ресей империясының ырқына ықтаған Мұсылмандардың діни кеңесін (мүфтиятын) империя миссионерлерініңің көсемі, «Сарқатип» (сары хатшы, сары орынбасар) атанған Н.И.Ильминский арандату мен кек алудың құралына айналдырды. Сәлімгерей Тевкелев, Ибрагим Юсупов, Ишми ишан – Ишмухаммед Динмухамедов сияқты патшаға ықпалы жүретін қадыми көзқарастағы мүфтият мүшелері жадитшілерді «Сарқатиптың» жебеуімен «діннен тыс бағыт» деп жариялауға дейін барды. Сондай қасарысқан қарсылықтарға қарамастан кейіннен исі ислам әлемінің дені Маржанидің жәдидтік көзқарасын қабыл алып, «ақиқаттың ақ жолына» түсті. Алайда жәдид пен қадымның қағидалары қазір де тұтастай бірыңғайласып кеткен жоқ. Әсіресе, ғибадат пен ибадат рәсімін сақтау барысында, соның ішінде жаратушыны тану жолында сызатты саңлау орын алып отыр. Сондықтан да, «пайғамбардың ақ жолынан» ауытқып, анық пен қанықты, танық пен тантықтың арасында бұлғақ пайда болған қазіргі таңда біздің дін қарындастарымызға Маржани мен Абай ұстанған тарихат танымын білу, усусул жәдидтің қазаққа және оның ішінде Абайдың «ақыл сауытына» ықпалын бағамдау мен алаш идеясын ұйытудағы ұйытқы ойын түсіну – аса зәру мұхтаждық, мүмкін, парыз. Маржанидің негізгі шығармасының бірінің «Өткендерге салауат, ұрпақтарға аманат» деп емеуірінмен қойылуы да сондықтан шығар.

Егерде, осы тарихаттарды жадымызға сіңіргенде, Абай айтқандай, «иманымызды сақтайтын қорықпас жүрекке, айнымас көңілге, босанбас буынға» ие болар ма едік, қайдам. Себебі, Абайдың кеудесіндегі ұлы аңсарды оятқан да Маржанидің «ақыл діні» (М.Әуезов). Тұрағұл Абайұлының: «Әкем жаңа ілімді сондай аңсап күтіп, сол оқу келгенде ғылымды игеру жеңілге түседі – деп отырушы еді», – деп аңсайтын жолы – осы Маржанидің жолы, ол жол кейін Ахаң – Ахмет Байтұрсынов негіздеген «тура жазуға» бастады. Өйткені:



«Абайдың түркі тілімен оқығаны тек медіреседегі 3 жыл ғана емес, Абай түркіні де, арабиятты да Ахмет Ризаның медіресесінде оқыды. Түркінің қандай, араб мәдениетіне көңіл бөлудің қандай екенін, араб тарихынан әсер алуын Абайдың шығармаларынан көруге болады... Осыған жақын(датқан тұлға) татардан шыққан Маржани тәрбиені ескі медіреседен алған. Араб, иран әдебиет тарихын оқуға беріледі. Матеметика, химия ғылымын оқып, сол пәннің медіреседе оқылуын талап етеді. Өзі медіресе салғызады. Орыс мектебіне мұсылманша береді. Бұл да орыс мектебіне көңіл бөлген адамның бірі. Абайға әсері күшті болды» (Әуезов).

Ал Ахмет Риза мешітінің имамы Камариддин хазірет Маржани медіресесінің алғашқы шәкіртінің бірі (бұл мәселелер Ақжан Машанидің «Абай» және біздің «Күйесің жүрек. ... сүйесің!» атты еңбегімізде барынша талданғандықтан да, бұл арада тарқатып жатпаймыз). Міне, осы жадидтік таным Абай арқылы қазақтың санасына сіңіп, ұлттық-рухани бостандықтың ұрығын септі. Сол «сана оянуы» алаш идеясына ұласты.



Ислами ойлау жүйесі мен ғибадатына осындай түбірлі өзгерістер әкелген Маржани хазірет түркі дүниесі үшін де түбірлі тарихи таным мен тамырлы тұжырымдарға негіз қалаған көзқарасты қалыптастырды. Ол, тарих ғылымын, ең алдымен, Әбілғазының «Түркі шежіресінен» өзге еңбектердегі әсіреәфсаналық (мифтік), аңыздық, қиял-ғажайыптық, жалған қадыми қисындардан ажыратып, нақты тарихи шындықтарды саралайтын ғылыми жүйеге түсірді. Шығыс ғұламаларының беделі оңып, «әлқиссалық» баяндар басымдық алып тұрған сол бір талқылы тұста түркі қауымының өзінің тектік тағдырына сыни көзқараспен қарауға мүмкіндік берді. Ол өзінің «Ғилалат аз – заман фи тарихи Бұлғар ва Казан» – «Бұлғар мен Қазан тарихын жауып тұрған шымылдық», 1870, 164 бет), «Мұстафад әл-ахбар фи ахвали Қазан уә Бұлғар» – «Қазақ уә Бұлғар тарихы туралы деректер жинағы» ( т.1, Казань, 1885, 1897, 264 стр., т.2, Казань, 1900, 368 бет), «Мукаддима китаб вафиат әл-аслаф уә тахиат әл-ахлаф (Введение к книге «Некролог предшественникам, заветы потомкам»), Қазан, 1883, 411 стр. ВС ОРРК НБ КГУ ФАР – «Өткендерге салауат, ұрпақтарға аманат» өсиетнама кітабына кіріспе. Қазан Мемлекеттік университетінің ғылыми кітапханасының қолжазбалар мен сирек кітаптар бөлімінің араб қолжазбалары қоры, сақталу реті, 609-615, қолжазбаның көлемі 6 том, қолжазба әлі жарияланбаған) атты энциклопедиялық еңбектері мұқым Түркістанның (Шығыс, Оңтүстік, Орталық, Солтүстік, Батыс) тарихын жүйеге келтірген жинақтаушы тарихи шығарма болып табылады. Өмірлік мұратына айналған тарихи еңбектерін сол тұстағы Шығыс пен Еуропа ғылымының барлық жетістіктерін негіз ете отырып жазды. Ол өзінен бұрынғы Мұхамед ибн Ысқақтың (767 жылы өлген) «Халифтар тарихын», Мұхамед ибн ал-Уакидидің (747-823) «Үлкен тарихын», ат-Табаридің (838-923) атақты «Тарихын», ал-Масудидің (956 жылы өлген) «Тарихын», ал-Хатиб ал-Бағдадидің (1071 жылы өлген) атақты адамдардың өмірі мен сөздіктер жинағын, ортаазиялық шежіреші, тарихшы Әбділкәрім ас-Саманидің (1113-1167) «Тектер кітабін», Ибн Фадланның «Дешті қыпшақ даласына саяхатын», сонымен қатар Мысыр, Басра, Йемен, Мерв, Самархан, Бұқара, Ресей оқымыстыларының тарихи жазбаларын мұқият саралады. Соның нәтижесінде «дүние жүзі әдебиетінде тарихты философиялық тұрғыдан алғаш рет пайымдаған» (Гибб) тунистік ғұлама Әбдірахман ибн-Халдуннің (1332-1402) «Мукаддима» атты шығармасын ұстат тұтып, өзінің де тарихи еңбегін солай атайды. Ғұламалардың «Тарихтарындағы» пікірлерді жинақтай келе Маржани:

«Бұлардың бірі – әр түрлі халықтар, мемлекеттер, шаһарлар туралы, екіншісі – көсемдер, пәлсафалық мектептер, дін мен саяси ілімдер туралы мәліметтерді жинақтады, үшіншісі – ғылым мен қолөнер немесе ғылымның ірі қайраткерлері мен өнер жөнінде жазды, демек, тарихшылардың назарынан мемлекет те, халық та, ғылым қайраткерлері мен өнер де, саяси ілімнің көсемдері де тыс қалған жоқ, олардың еңбектері жоғарыда айтылғандардың барлығы дерліктей қамтылған аса ауқымды нақты тарихқа айналды», – деп (М.Юсуповтың сілтемесі бойынша. Маржани, Мукаддима... , 265 бет) өзінің ғылыми ізденістерінің ауанынан хабардар етеді.

Әр тараптағы аса ауқымды кезеңді және әрқилы дерек көздеріне негізделген бұл тарихи тәфсірлердің ұзына мазмұнын таратып тарқатудың қисыны келмейтіні түсінікті. Сондықтан да Маржанидің тарихи ұстанымы мен тарихты талдаудағы көзқарасын, тарихты баяндаудағы әдіс-тәсілін сығымдап қана жеткіземіз.

Бірінші, ол тарих ғылымын дін тарихынан, яғни, «қиссас –ул ән –биядан» дербес, бидүниауи пәлсападан тыс, аңыздан арылған, өмірде болған нақты оқиғалар мен нақты адамдардың, тайпалардың, мемлекеттердің нақты деректерге негізделген тарихын бағамдайтын жеке ілім саласы ретінде қарастырды. Ол өзінің бұл реттегі ұстанымы туралы : «Салауат пен аманат» кітабінің «Тарих ғылымы» атты кіріспе тарауында:

«Тарих ғылымы – халықтың, ғайыпқа айналған алдыңғы толқынның өткен өмірін, олардың өзара күресін зерттейді, олардың аттарын, дәрежесін анықтайды және тарихи тұлғалардың тегін тектеп, келбетін кескіндейді. Сонымен қатар олардың мінез-құлқы мен қайырымды істеріне баға беріп, егер ол құрметке лайық болса, соның ізімен жүруге шақырады. Тарих ғылымы, бұл тұлғалардың білім деңгейі қандай екенін, олардың қандай ғылыми, көркем шығармаларды дүниеге әкелгенін талдайды. Қай халықтың қандай өнер мен дәстүрді игергенін көрсетеді. Бұл ғылым қай халықтың немесе ұлыстың қалай өмір сүргенін баян етеді. Сонымен қатар, тарих – тайпалардың, халықтардың және ұрпақтардың ауысуы мен билеушілердің бақастығы туралы баяндайтын ғылым. Тарихты оқымыстылар да, оңбағандар да жаза алады. Оған атты да, жаяу да ұмтылады», – деген (Сонда) мақсатты пікірін білдірді.

Екіншіден, Шаһабутдин Маржани, өз заманына дейінгі жалпы адамзат тарихына, соның ішінде түркі, соның ішінде қыпшақ, татар-бұлғар бұтағына қатысты дерек көздерін тауып, сирек қолжазбаларды жинастырып, оларды жүйелеп, аңыз бен ақиқатын екшеп, уақытын анықтап, жылнамалық кестеге түсіріп, пікірлерін салыстырып, тарихи оқиғалардың аужайын талдап, пікір қорытып, тұжырым жасады. Тарихи тұлғалардың өмірбаяны мен көзқарастарына, жеке басының қасиеттеріне, тағдыр зауалының себептеріне өмірлік және тарихи шындық тұрғысынан баға берді. Тарихтың астарындағы адам, тайпа, ұлт тағдырын аша білді. Түркі жұртының қадым заманын дәл осындай жан-жақты және нақты ғылыми жүйеге түсіріп хаттаған ғұлама оған дейін болған емес. Ол тарих ғылым туралы:



«Сырттай қарағанда, тарих ғылымы – мемлекет туралы, өндіріс туралы және ондағы кәсіпшілік туралы мәліметтердің аясынан шықпайтын мағлұматтармен шектелетін сияқты көрінеді, алайда, ол өткен жылдардың оқиғасын жалаң баяндап қана қоймайды. Онда өткеннен тәлім алатын, үйренетін көптеген оқиғалар мен үлгілі істер де баяндалады. Ол бізге дүниенің хал-аужайын, өзгерістерін, онда не болып жатқанын, мемлекеттердің пайда болуын, гүлденуін, күйреу себептерін айтып береді. Бұл, алғашқы үстірт қана әсер, ал ой салып, тарихтың мағынасына үңілсек, онда оның басты өзегі – терең және даналық тұжырымдарға жетелейтін тәжірибе мен зерделі зерттеу екені анықталады», – деп (сонда) ой қорытады.

Үшінші, көне қолжазбалардағы деректерге сүйене отырып түркі-татар тарихын бір жүйеге түсірді. Жалпы мұсылман тарихы, түркі тарихы, Шығыс пен Батыстың тарихи көзқарастары, Жошы ұлысы, Алтынорда, Қазан хандығы, Аштархан хандығы, Қасым хандығы, Сібір хандығы, бұлғар-татарларының шығу тегі, Дешті қыпшақ пен Орта Азия тарихы, әр хандық пен хандардың әлеуметтік-саяси орыны, көзқарастары мен тағдыры, қалалардың, жер аттары мен ауылдардың тарихы деректер арқылы баяндалды. Соның ішінде Қазаннан Бұқараға бара жатқанда және қайтқан кезінде үш айлық жолды басып өткен қазақ жері мен елінің тарихы да ғұламаның көз қырына ілінген. Оған дүниеден озардан екі күн бұрын өзінің сенімді шәкірті Хабибназар әл-Утякиге мақсатты шығармасы «Мустафад әл-ахбарды...» – «Өткендерге салауат, ұрпақтарға аманат» ретінде тапсыра отырып, «содан кейін бірнеше беттік қолжазбаны ұсынып: «Мынау Семей қаласы туралы деректер. Сол қаланың сыйлы адамдарының бірі, ахун Ахметуәли, менің өтінішім бойынша маған жіберіп еді ... Мұның барлығын «Мұстафад әл-ахбардың мәнеріне түсіріңдер!..», – деп аманаттапты. Демек, Ахмет Риза медіресесінде дәріс берген, Абайдың ұстазы Камариддин хазірет (негізгі есімі Айжарық Жомартов,1807, Бөкей ордасы – 1889, Баянауыл) арқылы қазақ руханиятын да назарда ұстаған. Жәдидтік мектептің ілімін қазақ елін тұңғыш таратушы әрі Бұқарада Маржанидің өзімен он екі жыл қатар дәрістес те, әріптес те болған Камариддин хазіреттің «жаңа оқуымен» танысқан Құнанбай: «Мына жаңа молданың оқуы дұрыс екен», – деп Абайды Абдолла атты молладан алып, Камариддин хазіретке табыстағаны өмірлік нысаналы шындық.

Міне, Абайдың «батысым – шығыс, шығысым – батыс болды» – дейтіні де осы Маржани тәлімінің тағылымы. Абайдың «әуелі түрік оқуын жетік меңгеріп, содан кейін араб, парсыға ауысса... білім бойына сіңгенде ... дағуасын (сырын, күресін) білу үшін орыс оқуын оқыса да болады» – деген пікірі Маржанидің жәдидтік бағытымен тікелей ұштасып жатыр. Маржани: бастауыш баспалдақты ана тілінде бітірмеген, араб, парсыны меңгермеген шәкірттерді орыс мектептеріне қабылдауға үзілді-кесілді қарсы шығып, В.В.Радловтың өзіне дес бермеген. Маржанидің шығармаларымен жақсы таныс және ол туралы пікір білдірген бірден бір қазақ ғұламасы М.Әуезов:

«Шығыста да батыстың қысымына қарсы қозғалыс болған. Бұл ескі режимді қайта құру негізінде болды. Дінді қолдарына ту етіп ұстады: «Еуропаның өнерінен қашпау керек. Бірақ оны алғанда, исламды (абайша айтқанда «дағуасын) күшейту үшін алу керек – деді. Мысырдан Мұхамед Ғабдуку шықты... Абай Шығыс елдерінің бағзы замандағы тарихымен ғана танысып қойған жоқ, ол сонымен қатар Таяу Шығыстың өз тұсындағы мәдениетін де өте жақсы білді. Татардың тұңғыш просветитель-ғалымы Шаһабутдин Маржанидің еңбектері де оған жақсы таныс еді. Абай сол кезде туа бастаған панисламшыл жалған діни-саясат ағымының ықпалы (М.Әуезовтің «жалған бағыт» деп бағаламасқа кеңестік «кер заманда» амалы да жоқ еді. Ең басты мақсаты – бүркемелеп болса да бұл бағыттан хабардар ету болатын – Т.Ж.) қалай күшейе бастағанын сезіп, біліп отырды. Египет жазушысы Мұхамед Ғабдуку, Жалаладдин Ауғани таратқан панисламизм ағымындағы идеясы бірте-бірте өршіп, бұл ағым Ресейдегі мұсылмандар арасына жайылды», – деп емеуірінді сілтеме жасады.

Камарддин хазіретті Семей мешітінің қадымшыл діншілдері мен «Саркәтіптің» (Ильминскийдің) ырқындағы мүфтият қудалауға ұшыратып, Баянауылға қоныс аударуға мәжбүр етті (Хазіреттің тағдыры М.Тәжмұратовтің «Астана» журналының 2010 жылғы №2 санында жарияланған «Камараддирн хазірет. Көрінбестің көлеңкесі» атты мақаласында егжейімен баяндалған). Ол оқытқан медіреседен Машһүр Жүсіп бастап, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан қостап, Ақжан Машани мен Шафик Шокинге дейінгі аралықтағы отыздан астам академик тәрбиеленіп шықты. Осы жорта шолудың өзі-ақ, Маржанидің қазақ рухани танымынан алатын ерекше орынын анықтайды.

Өкінішке орай, адамзаттың үштен бірінің, яғни, күллі жамиғи мүслімнің ойлау жүйесін өзгертуге негіз қалаған ілім иесі Шаһабутдин Маржанидің ілімі кейінгі ширек ғасыр аумағында татар ғаламдарының қадала зерттейтін тақырыбына айналғанымен де, Х.Хисматуллиннің құрастыруымен шыққан аз басылымды «Мақалалар жинағынан» (1968) басқа оның негізгі және басты түпнұсқалық еңбектері, түрлі пиғылдар мен танымдық, ұлттық қысымдардың кесірінен күні бүгінге дейін жария етілмей, Қазан университетінің, Уфаның, Мәскеу мен Санкт-Петербургтің кітапханаларының сөресінде өзі «өсиет еткен келер ұрпақтың» көз сусынын қандыруын күтіп жатыр. Бұған оқымыстының өзінің негізгі шығармаларын араб тілінде жазу да белгілі бір дәрежеде кедергі келтіретін сияқты. Ал ислам танымы мен тарихы ілім – Ш.Маржанидің бетбұрысты көзқарастарын зерделемейінше толықтанбайтыны анық. Оның ақыл-ойының тұлғалануы «Шихабетдин Мәржани хазрәтләрнең вилядатенә иөз ел (1233-1333, хиджра бойынша) тулу мөнәсәбәте илә нәшер етілген» (Шаһабутдин хазіреттің туғанына жүз жыл толуына орай) 1915 жылы жарияланған «Маржани» атты естеліктер жинағында барынша қамтылған. Мұнда замандастары мен шәкірттерінің, соның ішінде сенім мен ілім шәкірттері Хабиб Утяки, Бұрханиддин ибн Әбдірафиқ аш-Шабкауи, Шафик ахун, Ризаэтдин Фахретдинов, Хұсайын Файзханов, Ғалымжан Барудидің, Ғабдолла Тоқайдың, Ғалымжан Ибрагимов, Ғабдірахман Сағди, Юсуф Ақшора, Заки Валидидің естеліктері, оның өзі өсиет еткен аманат сөздері, көзқарастары мен ғылымға сіңірген санаткерлігі, ғылыми өмірбаяны барынша толық қамтылған. Сондай-ақ, «Маржани: мұра және қазіргі заман» (1998, Қазан) атты халықаралық ғылыми конференцияның жинағында оқымыстының ғылыми ойлары мен ол туралы зерттеген адамдардың – Ф.Әмірхановтың «Безнең хыялларда Мәржани күләгәсе (бейнесі)» (1958), М.А.Усмановтың «ХҮІІ-ХҮІІ ғасырлардағы татар жазба деректері» (1972, Қазан), М.К.Мухарямовтың «Каюм Насыри және оның заманы» (1976), А.И.Харисовтың «ХҮІІ ХІХ ғасырдағы башқұрт әдеби мұралары» (1973), Я.Г.Абдуллиннің «Татар ағартушылық ойының қалыптасуы» (1976), М.Х.Ғайнуллиннің «ХІХ ғасырдағы татар әдебиеті» (1968) монграфиялары мен В.В.Бартольдтің, Н.Ф.Катановтың, А.Чебуниннің, И.Ю.Крачковскийдің, С.Құдаштың, Я.И.Ханбикованың, Ш.Ш.Әбілевтің, М.Хасановтың, И.С.Брагинский, т.б. пікірлері талданып, ой қозғалған. Ал, татар-бұлғар ғалымы Мүнир Юсуповтың «Шигабутдин Маржани» (2005, Қазан) атты зерттеуінде ұлы оқымыстының өмірі мен тарихи көзқарастары түбегейлі сараланған. Бір мәтқапысы, мұнда тек ғұламаның тарихи еңбектері ғана талданып, жоғарыдағы бізді ынтықтырған исламтану саласындағы тәфсірлері зерттеу тақырыбының аясына орайластырыла аталып өтіп, қысқаша қайырылғанымен де, оның көзқарасының қалыптасуы туралы түбегейлі мағлұматтар ұсынады.

Ғұламаның тұлғасы барынша ашылған осы зерттеудің желісіне жүгінсек, Шаһабутдин ибн Багаутдин ибн Сүбіхан ибн Ғабділкәрім әл-Қазани әл-Маржани 1818 жылы 16 қаңтар күні Қазан шаһарынан 50 шақырымдай жердегі, ықылым уақытта татар-бұлғарлардың ұлт-азаттық күресінің отаны болған Ар аймағының, өзі тахаллус (жанама есім) етіп алған Маржан ауылында дүниеге келіпті. Атасы Сүбіхан соңына: «Өткенді білгендіктен (ол туралы тарихи хаттарды жинаймын, (не боларын) білмегендіктен келешекке ұмтылмаймын» – деген тәмсіл қалдырған өз заманындағы оқымысты, Орынбордағы мүфти әл-Бұрындыққа емтихан тапсырып, медіресенің мүддәрисі, мешіттің имамы етіп тағайындалған адам екен. Ал әкесі Багауитдин жас кезінде Бұқарадағы «Тұрсыния» медіресесінде 12 жыл оқып, Ташкишу (Тастысу, Таскешу) медіресесінде өмір бойы шәкірт оқытыпты. Отбасының тұңғышы атасы Сүбіханның діни және тарихи әфсаналарын зердесіне тоқып, тарихи жадын ықтияттап, ойын тастүйін жинақтап өседі. Өгей шешенің өңменін тескен сұғы шеміршектеген көңілін ерте бекітіп, ерте есейтті. Шаһабутдиннің бойындағы шыншылдық, дербестік, бопсаға шыдас беретін қайсарлық сияқты қасиеттер оның ақыл қайратын жастайынан шынықтырды. Сондықтан да ол өзінің шәкірттерін «он үшінде – отау иесі» болатындай етіп дербестікке үйретті, ата-анаға иек артпауды талап ретінде қойды. Бұл ұстанымының негізін анасынан ерте айырылған Шаһабутдин:



«Бала кезімде аналық мейірім мен әкелік қамқорлықты сезіну менің маңдайыма бұйырмаса да, бұл жағдай алланың шапағатымен маған игі әсерін тигізді: ол маған өз қамымды өзім ойлауға, талаптануға және қайсарлыққа үйретті. Менің айналамда ата-анасының қамқорлығына сүйенген адамдар көп болды. Олар үлкен жетістікке жете алмады, кемеліне де келе алмады. Сондай күйге менің де ұшырауым мүмкін еді ғой. Барлығына жаратқан иемнің жарлығы себепкер. Осы жайларды ойлағанда үнемі Аллаға тәубә етемін», – деп (сонда, 51 бет) түсіндірді.

Бұл тәлімнің дұрыстығына «есейіп кетсем де мен саған сәбимін» дегенді масылдықтың еміздігіне айналдырған, «сәбилік» нәумездіктен айырыла алмай жүрген қазіргі толқынға қарап тұрып та мойысынуға болады.

Ол ғұлама мүдәрристерімен аты шыққан Ташкишу медіресесінде оқып жүріп-ақ араб, парсы тілінің пән оқулығын түзеді. Ал 1838 жылы 17 мамырда көпестердің керуеніне ілесіп кітапханасы бай, софылық тарихаттардың отаны Бұқараға аттанады. Ташкишудан Бұқараға дейін 7 ай жүріп, Тройцкі, Торғай, Ақмешіт, Сырдария арқылы желтоқсанда Бұқараға жетеді. Жолай көргендерін күнделікке түсіреді. Ол Тройцікде сатып алған әшекейлі күміс сандығын сатып, мешіттен тұрақты құжыра сатып алып, он екі жыл сонда тұрып, кемелдік деңгейіне көтеріледі. Ол мұнда тарау-тарау тарихаттар тарихи мен тарихи, ғылыми қолжазбаларды оқып, Әл-Фарабидің (870-950), Ибн Синаның (980-1037), Әл-Бирунидің (973-1050), ибн Рушдидің (1126-1198) ғылыми еңбектерімен және Фирдоусидің, Омар Хаямның, Навоидың, ат-Тусидің шығармаларымен танысып қана қоймай, соның ішінде, Әл-Фарабидің Аристотельдің логикасы туралы, Платонның, Пифагордың, Эвклидтің, Фалестің, Сократтың көзқарастарын талдап, аударып, түсініктемелер жазады. Маржанидің «Танбих абиа аласр аля танзих анба Әбу ән-Насыр» атты Фарабидің өмірі мен еңбегі қақындағы еңбегін оқыған Мағжан мен Бернияздың, Әуезов пен Марғұланның, Ақжан Машани мен Әнуар Әлімжановтың күш-қайратымен ХХ ғасырдың жетпісінші жылдары «ұлы ұстаз өз отанына қайтып оралды». Дауанидің, Тафтазанидің, имам Ғазалидің еңбектерін жаңаша талдап, түсіндірді. Бұған Самарқаннан алған білім қосылып, он екі жылдың ішінде «дін – философияны жоққа шығармайды» деген жадидтік бағыттың «мусаллихына – ұстатына» айналды. Оны өз елінде «Саркәтіп» бастатқан миссионерлердің бақылауы мен қадымшылардың қаһары күтіп тұрды.

Ол сондай қарсылықтарға қарамастан, қалған өмірінде сондай бір қайсар құштарлықпен ғылымның терең тамырына сыни көзқараспен бойлады. Мекке мен Мәдиненің, Мысыр мен Станболдың, Александрия мен Санкт-Петербург кітапханаларындағы біліммен сусындады. Өзінің «Салауат пен аманат» кітабіның басы мен соңына «Құранның» «Халқыңды түнектен жарыққа баста» деген жолдарын нысана етіп алған Маржани Имам Ағзамның «өркениет дәуірі ешқашанда жойылмайды» деген жолын ұстанып, сана мен танымға рухани бостандық жолын ашты. «Жалаладди Ауғаниден шешендігі мен сөйлеу мақамы кем түсетін, ал білімінің тереңдігі мен кемелдігі одан басым түсетін» (Ж.Ақшора) Маржани: «Өзінің тарихпен, ғылыммен, қолөнермен және философиямен айналысқан ғалымдарына қолдау көрсеткен ел ешқашанда мешеу болмайды», – деген пікірін толық дәлелдеп, исі мұсылман қауымы мен түркі жұртының санасын көлегейлеген бодандық пен рухани тәуелділіктің «шымылдығын серпіп» кетті.

Сондықтан да қазақтың сана мен таным, көзқарас тарихынан Шаһабутдин Маржанидің есімін ұмыт қалдыруға болмайды. Ондай ғұламалар барша зиялы қауымға ортақ. Әсіресе, нақты діни ұстанымынан жаңылып қалып, бұлғаққа түскен қазақ ұлты үшін Маржани ілімінің тәлімі ерекше маңызға ие. Ал оның Абайға, сол арқылы исі қазақтың санасына ықпалы жеке тақырыптың арқауы.
Тұрсын Жұртбай,

филология ғылымдарының докторы,



профессор.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет