Қазақ революциялық комитеті, Қазревком – Кеңес өкіметінің азамат соғысы жылдарында құрылған уақытша органы. Қазақ өлкесін басқару үшін РКФСР ХКК-нің “Қырғыз өлкесін басқару жөніндегі уақытша әскери-революциялық комитет туралы” қаулысы бойынша 1919 жылы 10 шілдеде құрылған. Оның алғашқы құрамына: С.Пестковский (төраға), А.Байтұрсынов, В.Лукашев, Ә.Жангелдин, М.Тұнғашин, С.Меңдешев, Б.Қаратаев кірді. Әр түрлі уақытта Қазақ ревкомының мүшесі болып Ә.Әйтиев, С.Арғыншиев, А.Авдеев, Ғ.Әлібеков, Б.Қаралдин еңбек етті. Қазревком “Өлкені жоғары әскери-азаматтық басқаруды” өз қолына жинақтап, қазақ халқының мемлекеттігін құру мақсатында өлке Кеңестерінің Құрылтай съезін шақыруға жағдай жасады. Шын мәнінде ревком өкіметтің Қазақстандағы осынау төтенше органының әр түрлі саладағы орасан көп жұмысты атқаруына, Қазақстан Кеңестерінің Құрылтайшы съезін әзірлеп, өткізуіне тура келді. Азамат соғысының қиын да күрделі жағдайы Қазревкомның төтенше жағдайда жұмыс істеуін талап етті. Қазревком қызметінің әскери-азаматтық сипатын осы соғыс анықтап берді. Қазревкомның басқа бір маңызды міндеті – қазақтың байырғы жерін бір қолға жинау, яғни болашақ қазақ кеңес мемлекетінің аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету болып табылды.