1.2 тақырып Жасушаның құрылысы, қызметі. Ұлпалар Адам, негізінен, дене пішіні, мүшелерінің орналасуы және олардың қызметі бойынша ұқсас болады.
Адам денесі көп жасушалы организмдер сияқты жасушалық құрылысты болады. Оны құрылысы мен атқаратын қызметі әр түрлі миллиардтаған жасушалар құрайды. Біз әр түрлі әдемі кірпіштен —жасушалардан салынған ғимарат сияқтымыз. Жасушалар тітіркенуге белсенді жауап қайтарады, зат алмасуға қатысады, өседі, көбейеді, регенерацияға (кайта қалпына келуі) және тұқым қуалау ақпаратын келесі ұрпақтарына беруге қабілетті.
Біздің организміміздегі жасушалар пішіні (форма) бойынша әр түрлі: жалпак, дөңгелек, ұршық тәрізді, кейбіреулерінің өсінділері бар. Жасушаның пішіні организмдегі орны мен атқаратын қызметіне байланысты. Олардың мөлшері де әр түрлі: бірнеше микрометрден (кішкентай лейкоцит) 200 микрометрге дейін (жұмыртқа жасушасы). Құрылысы мен атқаратын қызметтері әр түрлі болғанымен, жасушалардың жалпы құрылысы ұқсас, олар: жасуша мембранасы (қабықшасы),цитоплазма және ядродан тұрады.