Udc 82. 09(574. 5) М. Байғұттың «Интернаттың баласы» повесіндегі балалар әлемі Әділова Ш. ф.ғ. к. Резюме



Дата17.12.2016
өлшемі91,36 Kb.
#4044
ӘОЖ 82.09(574.5)

UDC 82.09(574.5)
М.Байғұттың «Интернаттың баласы» повесіндегі балалар әлемі

Әділова Ш. ф.ғ.к.

Резюме.

В этой статье рассматриваются художественные особенности и мастерство передачи детской психологии в повести М.Байгута «Интернаттың баласы» («Мальчик интерната»)

Кілт сөздер: балалар әдебиеті, М.Байғұт, шығарма, сюжет, идея, Ноқтабай, психология.

Keywords:


Қазіргі қазақ әдебиетіндегі белді қаламгер Мархабат Байғұттың қаламынан туған «Шілде» (1978), «Сырбұлақ» (1980), «Интернаттың баласы» (1985), «Нәуірзек» (1988), «Дауыстың түсі» (1993), «Қорғансыз жүрек» (1993), «Машаттағы махаббат» (1995), «Әдебиет пәнінің періштесі» (1999), «Ақпандағы мысықтар» (2000), «Алмағайып» (2001), «Аңсар» (2002), «Қозапая» (2003), «Ауыл әңгімелері» (2004), «Киікоты» (2005), «Салқын масақ» (2008), «Оқу залы» (2009), «Сағыныш саздары» (2010), «Бала бұлақ» (2012), «Әпкемнің ауылы» (2015 ) сонымен қатар, жазушының әр жылдары жарық көрген кітаптарының негізінде 2005 жылы Қазығұрт баспасынан 4 томдық таңдамалы жинағы жарық көрген прозалық туындыларын дың қай-қайсы болсын ғылыми сараптауға сұранып тұрған дүниелер. Жазушының шығармалары орыс, украин, өзбек, түрік, саха, қарақалпақ тілдеріне аударылса, өзі орыс жазушыларынан В.Шукшин, Ю.Покальчук, У.Ирвинг, қырғыз жазушысы Ш.Айтматовтың шығармаларын қазақ тіліне аударған. Мархабат Байғұт алғашқы әңгімесі «Күн астындағы Күнікей қызды» 21 жасында әскер қатарында жүргенде жазып, әдебиет әлеміне аяқ басты. Жазушы шығармашылығы жайлы Тәкен Әлімқұлов, З.Қабдолов, Ә.Кекілбаев, А.Сүлейменов, Ә.Тарази, Қ.Найманбаев, Ә.Тарази, Ш. Мұртаза, Д.Исабеков,   Н.Сералиев, Б.Сарбалаев, С.Жұмабек, К.Сыздықов, Қ.Ергөбек, Т.Мәмесейіт т.б қаламгерлер мен әдебиетшілер жылы лебіздер білдірген. Бүгінгі әдеби үрдісте де жазушының шығармашылығы туралы баспасөз беттерінде, жеке ұжымдық жинақтарда сын-пікірлер айтылып келеді. Осыдан ширек ғасырдай уақыт бұрын әңгіме жанрының майталман шебері Т.Әлімқұлов:«М.Байғұт-тұңғыш әңгімелер жинағымен-ақ таныылып үлгерген жазушы. «Оңтүстік Қазақстан» газетінде істей жүріп, неғұрлым нақтылыққа, қысқалыққа машықтанған, көркем туындылары өз табиғатынан бастау алады. Тәржімашылдығы да тәнті етеді» [1,4],- деп пікір білдірген. Тәкен Әлімқұлов сексенінші жылдардың басында айтқан бұл пікірінде Мархабат Байғұт шығармашылығының тамыр бүлкілін тап басқан. Жазушы шығармашылық жолын журналистикадан бастап, Түлкібас аудандық «Шамшырақ», «Маяк» газетінің редакциясында корректор, аудармашы, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарады. Одан соң облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясында аудармашы, тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі болып істейді. М.Байғұт – Қазақстан Жазушылар одағының журналистер одағының мүшесі. Ол республикалық дәстүрлі «Жалын» бәйгесін екі дүркін, «Қазақ әдебиеті» бәйгесін үш дүркін жеңіп алды. Тұрар Рысқұлов атындағы және «Бауырмал» сыйлықтарының лауреаты. 1996 жылы Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты атанып, Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденімен марапатталды. М.Байғұт- прозалық шығармалар жазумен қатар, бүгінде Егеменді еліміздің әртүрлі мәселелерін көтерген жүзге тарта публистикалық шығармалар жазған көсемсөзшісі. Қаламгер драматургияға да қалам тартып, «Қарлығаш әулие-Төле би» (Шойбек Орынбаевпен бірге жазған) пьесасының авторы. Дегенмен Мархабат Байғұттың негізгі қалам тартар жанры-әңгіме жанры. Жоғарыда аталған жинақтардың дені әңгімелерден тұрады.

Жазушы алғашқы шығармашылық жолын балалар әдебиетінен бастады. Жазушының «Чеховтың моншасы», «Интернаттың баласы», «Патефон», «Телеңбай», «Таудағы андыз», Қозапая», «Тоғызыншы сынып», «Жоғалған жұрнақ» т.б шығармаларының тақырыбы балалар өмірінің психологиялық иірімдерін ашуға арналған. Сонымен қатар, «Шілде» (1978), «Сырбұлақ» (1980), «Интернаттың баласы» (1985) т.б. жинақтарындағы әңгімелер мен повестер біздің қазақ әдебиетінде сәл кемшіндеу түсіп жататын балалар әдебиетін мазмұн мен көркемдік жағынан толықтырды. Жазушының өзі бұл шығармашылық жолы жайында бір сұхбатында: «Шығармашылық жолымды о баста балаларға жазудан бастаған адаммын. Алғашқы повесімнің бірі -«Интернаттың баласы». Одан бұрынғы әңгімелерім де балаларға арналған. «Таудағы андыз» деген повесім, «Қозапая», «Тоғызыншы сынып», «Жоғалған жұрнақ» сынды балаларға арналған біраз әңгімелерім бар. «Жалын» баспасы жариялаған үздік шығармалар бәйгесін үш рет алғанмын. «Жалын» ол бәйгені орталық комитетпен бірігіп ұйымдастыратын. Тынымбай Нұрмағамбетов, Қарауылбек Қазиевтердің туындылары ылғи бірінші орын алып жүрді. Мен екінші, үшінші орын алатынмын» [2],-,-дейді. Жазушының балалар әдебиетіндегі осы аяқ алысы жайында профессор К.Сыздықов:«Мархабаттың алғашқы әңгімелері мен повестері жасөспірімдер өміріне, солардың өсіп қалыптасу кезеңіне арналғаны мәлім. Балалар мен жасөспірімдерге арнап шығармалар жазуды біреулердің жеңілірек көретіні де бар екенін білеміз. Ал біз сөз етіп отырған қаламгер осынау орны бөлек тақырыпқа нағыз жауапкершілікпен,өзіне ғана тән өнеге-өрнекпен келеді. Жасөспірімдердің жан дүниесіне терең үңіліп, нәзік психологиялық талдаулар жасайтын шығармаларының лайықты ықыласқа ие болып келе жатқаны да сондықтан» [3,170]-,-дейді. Әдебиеттанушы К.Сыздықов жоғарыда пікір білдірген «Өнеге –өрнегі айқын қаламгер» деген мақаласында Мархабат Байғұттың әдебиеттегі ең ауыр тақырып балалар әдебиетіндегі ізденістерін жоғары бағалап, суреткердің балалардың жан тынысын, психологиялық өзгеріс ауытқуларын шебер суреттей білетіндігін «Чеховтың моншасы», «Интернаттың баласы» шығармаларын жеткізе талдау арқылы көзімізді жеткізеді. Жазушының алғашқы аяқ алысы кезінде жазған «Интернаттың баласы» (1985) повесі жарыққа шыққан кезде әдеби орта шығарманы жылы қабылдап, біршама әдебиетшілер жылы пікір білдірсе, Қазақстан Жазушылары Одағында өткен 1985 жылғы әдеби жыл қорытындысында повесть үздік туындылардың қатарында аталып, жоғары баға берілді. Жақсы туынды жыл өткен сайын қайта жаңарып, оқырмандарын арттыра түседі десек, бұдан ширек ғасырдан астам уақыт бұрын жазылған бұл повесть қазіргі қазақ балалар әдебиетіндегі ең үздік туындылардың қатарынан орын алды



Қазақ балалар әдебиетінде соғыс жылдары мен соғыстан кейінгі кезеңдегі балалардың қиын тағдыры жайлы жазылған шығармалар жетерлік. Бұл тақырыптың әдебиетімізде кеңінен орын алып, көркемдік деңгейі жоғары шығармалардың жазылуы шығарма авторларының көпшілігі соғыстан кейінгі ащы тұрмыстың дәмін татқандар. Атап айтар болсақ, Б.Соқпақбаевтың 2 «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді». Д.Исабековтің «Біз соғысты көрген жоқпыз», О.Бөкейдің «Бәрі де майдан», С.Мұратбеков «Жусан иісі» т.б шығармаларды атап өтуге болады. Байғұттың да осы тақырыпқа арналған бірқатар шығармалары бар: «Ақ орамалды қыз», «Киікоты», «Интернаттың баласы», «Патефон», т.б. М.Байғұттың «Интернаттың баласы» повесінің негізгі желісі де соғыстан кейінгі  уақыттың өмір шындығына құрылған. Сондықтан болар, туындыда шындықтың шынайы көрініс табуы жазушы М.Байғұт та соғыстан кейінгі ұрпақтың өкілі болғандықтан, повестегі оқиғалар тізбегі автордың бала жүрегінінің қылын шерткен дүниелер болса керек. Повестің басты кейіпкері шешесі мен әпкесінің үміт көзі -Ноқтабай. Ол жастайынан әкеден жетім қалып, аурушаң шеше мен өзінен шамалы –ақ үлкен әпкесінің қолында тәрбиеленеді. Бесінші, алтыншы сыныптарды нағашысының үйінде жатып оқиды. Олардан (нағашы жеңгесінен) көрген қорлықтары, естіген ауыр сөздері Ноқтабайдың жас көңілін жасытып, қалайда басқа жақта оқу керек деген ойға жетелейді. Келесі оқу жылында жетінші сыныпта аудан орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепке мектеп жасындағы интернатқа жатып оқуға бел буды. Өзі білген ақылын айтып, қалайда интернатқа орналасуға күш сал деген ниетпен Нұрила аудан орталығына шығарып салады. Повестің осы тұсына келгенде Ноқтабай Бескемпіровтің келешек тағдыры қалай болар екен, қандай ортаға тап болады деген ойға қаласың. Мейірімді мектеп директоры Ноқтабайдың әкесінің жоқтығын, ұзақтан келгенін ескеріп орын болмаса да интернатқа қабылдайды. Одан әрі повесте Ноқтабайдың интернатта өткізген қызықты балалық шағындағы жақсылыққа, ізгі қасиеттерге деген ұмтылысы мен өмірдің күңгірт көлеңкелі жақтарымен күресі шығарманың сюжет желісін құрайды. Автор Ноқтабайды жаңа ортаға, жаңаша өмір ағымына араластыра отырып оның айналасындағылардың өмірі арқылы сол кезеңнің қиын да күрделі шындығын ашып көрсете отырып, жан-жақтан келген өзі теңдес құрбы-құрдастарының да, ұстаз-тәрбиешілерінің де бейнесін сомдайды. Оқиғадағы әрбір көрініс өзіне тән барлық бояу, өрнектерімен табиғи, қанық шыққан. Бір бөлмеде жататын жеті оқушының шамасы жағынан да, енді басталып отырған өмір жолдарының, түсінік-танымдарының да бір-біріне өте жақын, ұқсастығына қарамастан, әрқайсысының өзгеше, өзіндік бітім-болмысы, мінез-құлқы, сана-сезімі даралана бейнеленеді. Ноқтабай орналасқан интернаттағы он төртінші бөлмедегі кілең өмірге құштар кейіпкелердің бейнесіне тоқталар болсақ, Тәжен Ошаев өзінің сергектігімен, сабаққа зейінділігімен, қоғамдық жұмыстағы ұйымдастырушылық қабілетімен танылса, жетінші сынып оқушысы Бақажан (өздерінше Жиренше шешен деп атайды) оқудың үздігі болмаса да жолдастыққа адал, адами қасиеттерінің молдығымен дараланады. Сегізінші сыныптың оқушысы Көшен-болашақ Алматы консерваториясына конкурстан тыс қабылданатын өнер иесі. Тоғызыншы сыныпта оқитын Жақсылық- (өздері Жак Паганель деп атайды) көркем әдебиетті көп оқитын, биология, география пәндеріне баса назар аударатын салмақты, ақылды, қажырлы, табанды, болашақ жаһангерліктен үміткер оқушы. Повестегі Ноқтабай, Тәжен, Жақсылық /Жак Паганель/, Бақажан, Жақсыбайлардың қай-қайсысы болмасын жинақталған, сомдалған типтік бейне. Сонымен бірге, олардың әрқайсысының дараланған мінездері де бар. Типтік бейнеге автор тұтасқан оқиғаның даму барысында, қақтығыстар мен іс-әрекеттер арқылы барса, ал әрбір образды жеке-дара мінездеуге ұтқыр детальдар мен шымыр диалогтар құру арқылы қол жеткізеді. Ноқтабай интернатта жүрген кезінде адамгершілік пен азаматтықтың жақсы үлгілерін бойына қалыптастыра білді. Ноқтабайдың осы интернатта өткізген жылдарында азамат ретінде өсіп, толысқанына куә боламыз. Ол бір бөлмеде жататын Тәжен, Еркінбек, Бақажанды, интернат меңгерушісі Есіркеп Тарақов, класс жетекшісі Жанат апай т.б қарым қатынасында өмірдің тура және бұралаң жолдарын танып қана қоймай, ауылдағы бауырмал әпкесі Нұриланы, ерте қайтқан әкесі Бескемпір шабандозды, жаны таза Жақсыбайды да үнемі естен шығармайды. Повестегі Ноқтабай образы жайлы: ф.ғ.д., профессор: Г.Піралива: «Бала Ноқтабайдың өсу кезеңдеріндегі психо­логиялық құбылыстарды, ішкі рухани әлеміндегі арпалыстар мен құпия сезімдер сырын ашу арқылы қаламгер сол кезеңдегі өмірдің шындығын береді. Жазушының адамның мінез-құлқындағы өзгерістер мен сезімдік-эмоционалдық құбылыстарды өзі­не тән жылы юмормен, әдемі әзілмен бейнелеуге бейім қасиеті оның өнердегі мұраты да.  Міне, шығармадағы шынайылық, өмірді жете тану, сол кезеңнің тұрмыс-тіршілігін, сол кезеңдегі адамдар психологиясын зерек зердемен зерделеу»,- дейді. Повестің көркемдік жетістіктері жайлы белгілі әдебиеттанушы ф.ғ.д., профессор Қ.Ергөбек: «Повесть сан қилы тағдырға, әртүрлі әрекетке толы, және осының бәрі шығармада жүйелі түрде, бір адамның әрекетінің бойында топтастырылып, бір адамның көзімен беріледі. Повесте Ноқтабайдың өсу, ақыл есінің толығуы, ел сыйлар азаматқа айналу кезеңдері нанымды суреттеледі. Шығармада бірнеше өзектес ойлар сабақтасып, бір-бірімен астасып, шырмасып жатыр. Дегенмен повестегі негізгі идея, шығарманың Темірқазығы ол Адам бойындағы асыл қасиеттерді дәріптеу. Автор мейірім,туысқандық сезім бар жерде, адамдардың бір-біріне деген ыстық ықыласы, ақ тілегі бар жерде Адам алмас қамал, адам жетпес мақсат жоқ деген өзекжарды өмірлік принципті ұсынады оқырманға»,-дейді. Бұл 1985 жылы шығармаға берілген баға өміршеңдігін танытып, оқырман Адам бойындағы асыл қасиеттерді іздегенде М.Байғұттың «Интернаттың баласы» шығармасын қолына алары хақ.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Махаббат мақам Мархабат: М.Байғұт туралы мақалалар Шымкент: «Ордабасы», 2005, 256 бет.

2 «Ұлан», №34 26.08.2011

3. Сыздықов К. Ұстаздық ұлағат. Алматы: «Шартарап»,- 2001.360-б

4. Пірәлі Г. Мархабат Байғұттың әдебиеттегі әлемі. // Ақиқат. - 2015. - №7. - Б. 82-86 

5. Ергөбек Қ. Қарасөз. Қазақ прозасы туралы ойлар. Алматы: «Ел –шежіре»,-2013. 600-б



Мархабат Байғұт - қазіргі әдеби үрдістегі оқырманы көп, ең танымал жазушы. Мархабат Байғұттың өмір шындығын реалистік-психологиялық тұрғыдан терең суреттелген туындылары қазақ прозасының жаңа сапалы, ізденіс арнасының бірі. Жазушы шығармашылығы жайлы Тәкен Әлімқұлов, З.Қабдолов, Ә.Кекілбаев, А.Сүлейменов, Ә.Тарази, Қ.Найманбаев, Ә.Тарази, Ш. Мұртаза, Д.Исабеков,   Н.Сералиев, Б.Сарбалаев, С.Жұмабек, К.Сыздықов, Қ.Ергөбек, Т.Мәмесейіт т.б қаламгерлер мен әдебиетшілер жылы лебіздер білдірген. Жазушы алғашқы шығармашылық жолын балалар әдебиетінен бастады. Жазушының «Чеховтың моншасы», «Интернаттың баласы», «Патефон», «Телеңбай», «Таудағы андыз», Қозапая», «Тоғызыншы сынып», «Жоғалған жұрнақ» т.б шығармаларының тақырыбы балалар өмірінің психологиялық иірімдерін ашуға арналған. Біз мақаламызда М.Байғұттың «Интернаттың баласы» повесінің композициялық үйлесімі мен көркемдік ерекшеліктерін, кейіпкерлер психологиясының тереңдігін қарастырдық. Повестегі бас кейіпкер Ноқтабай мен оның достары Тәжен, Еркінбек, Жақсылық /Жак Паганель/, Бақажан, интернат меңгерушісі Есіркеп Тарақов, класс жетекшісі Жанат апай образдарын сомдауда автордың әлеуметтік жағдай мен жеке адам мәселесін суреттеудегі автор ұстанымына тоқталдық. Мархабат Байғұттың шығармашылық-стильдік даралығына тоқталдық. Сонымен қатар, бұл повестің эстетикалық, адамгершілік тәрбие беруде маңыздлығы мен дәуір шындығын шебер суреттеудегі реалистік жазу шеберлігін қарастырдық.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет