УӘли нұргелді



бет1/5
Дата25.12.2016
өлшемі1,03 Mb.
#4699
түріДиссертация
  1   2   3   4   5
ӘОЖ 811.512.122: 808.5 Қолжазба құқығында



УӘЛИ НҰРГЕЛДІ




Қазақ сөз мәдениетінің теориялық

негіздері




10.02.02 – қазақ тілі
Филология ғылымдарының докторы ғылыми

дәрежесін алу үшін дайындаған

диссертацияның
А В Т О Р Е Ф Е Р А Т Ы



Қазақстан Республикасы

Алматы, 2007




Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі


А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында орындалды.





Ресми оппоненттер:

филология ғылымдарының докторы,

профессор Б.Қалиев
филология ғылымдарының докторы,

профессор С.Бизақов


филология ғылымдарының докторы,

профессор Б.Момынова





Жетекші ұйым:

Абай атындағы Қазақ ұлттық

педагогикалық университеті





Диссертация 2007 жылы « » сағат де ҚР БжҒМ Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы 10.02.06 – түркі тілдері және 10.02.02 – қазақ тілі мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д 53.38.01 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).

Диссертациямен ҚР Білім және ғылым министрлігінің Орталық ғылыми кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28).
Автореферат 2007 жылы « » таратылды

Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы, филология

ғылымдарының докторы, профессор Ж.А.Манкеева



ЖҰМЫСТЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ
Зерттеудің өзектілігі. Елдің егемендігін, мемлекеттің тәуелсіздігін баянды етудің аса маңызды факторларының бірі – ұлттың тұтастығы мен бірлігі. Ал ұлттың ыдырамас тұтастығы, мызғымас бірлігі, түптеп келгенде, ұлт тілінің тұтастығы оның әдебилігімен тығыз байланысты. Өйткені ұлтты ұйыстыратын, оны өзге этностардан өзгешелігі мен айырмасын айқын аңғартатын негізгі белгісі де, бет-бедері де оның тілі, әсіресе ұлттық әдеби тілі.

Халықтың ғасырлар бойы келе жатқан тіліне, оның дәстүрлі нормаларына сүйене отырып, ұлы суреткерлер, мәдениет, ғылым, қоғам қайраткерлері қазақтың ұлттық әдеби нормаларының жетіліп, дамып, саралана түсуіне, оның бейнелілігі мен орамдылығының арта беруіне зор үлес қосты.

Әдеби тілдің ауызша және жазбаша түрінің қатар дамып, қоғам өміріндегі қызметінің өрістей түсуі үшін оны түрлі ауытқулардан арылтып отыру, қоғамның, тілдік ұжым мүшелерінің сөз мәдениетін көтеру “сөз мәдениеті” деген ғылыми-теориялық пәннің алдында тұрған гуманистік, әлеуметтік жауапкершілік болып табылады.

Сөз мәдениеті пәнінің қазіргі жай-күйі алдымен қазақ тіл білімінің өткендегісімен және бүгінгі даму деңгейімен, жалпы тілтанымдағы дәстүрлі парадигмалардың жаңа парадигмаларға ығысып орын беру үрдісімен де байланысты. Қазақ сөз мәдениетінің пән ретінде қалыптасуының алғышарты ретінде әсіресе қазақ тілі бойынша жазылған алғашқы оқулықтар мен оқу құралдарында (А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, І.Кеңесбаев, М.Балақаев, С.Аманжолов т.б.) грамматикалық, орфографиялық, орфоэпиялық нормалардың ереже түрінде берілуі әдеби тілдің кодификацияланған нормаларды қалыптастыруда маңызы ерекше болды [1; 2; 3].

Сөз мәдениеті қазақ әдеби тілінің тарихымен тағызы байланысты. М.Балақаев, Р.Сыздықова, М.Томанов, Е.Жанпейісов т.б. ғалымдардың еңбектерінде әдеби тілдің дәстүрлі нормаларының, ұлттық әдеби тілдің стильдік салалары мен тармақтарының, жанрларының зерттелуі; Б.Әбілқасымовтың еңбектерінде қазіргі әдеби тіл нормаларының ескі қазақ жазба тілімен салыстырыла қарастырылуы; Р.Сыздық, Қ.Өмірәлиев, Е.Жұбановтың әдеби тіл тарихын ауызша сөз өнерімен, әсіресе ақын, жыраулар поэзиясының сөз үлгілерімен байланысты қарайтын зерттеулері сөз мәдениетінің нормативті-функционалдық аспектісін эмперикалық, теориялық материалдармен байыта түсті.

Сөз мәдениетінің ғылыми пән ретінде тексеретін негізгі объектісі, біріншіден, тілдік норма. Осыған сәйкес қазақ сөз мәдениеті де нормативті аспектіде аспектіде көбірек қарастырылды. Атап айтқанда, әдеби тіл нормасы (М.Балақаев) [3] норма және оның жүйемен, дағдымен байланысы (Р.Сыздық, Н.Уәлиев) [4; 5]; орфографиялық норма (Р.Сыздық, Б.Қалиев, Н.Уәлиев, А.Алдашева), орфоэпиялық норманың типтері мен түрлері (Р.Сыздық), варианттылық пен норма (И.Ұйықбаев, С.Бизақов) т.б. жөніндегі зерттеулер тілдік норманың ортологиялық базасын кеңейте түсті.

Ә.Жүнісбековтің үндесім заңын дауыстылар мен дауыссыздардың акустика-артикуляциялық жақтан үйлескен бірлігі ретінде қарайтын жаңаша зерттеуі; Е.Қажыбековтің тарихи фономорфология, А.Айғабыловтың морфонология, М.Жүсіповтің сингормофонология, С.Мырзабековтің орфоэпия мен орфографиялық нормаларды өзара барынша жақындату туралы ой-пікірлері, Ж.Әбуовтің перцептивті фонетика, З.Базарбаеваның қазақ тілінің интонациялық құрылымы туралы зерттеулері тілдік норманың теориялық, фактологиялық базасын толықтыра түсті.

Сөз мәдениеті – көпвекторлы ғылыми пән. Ә.Т.Қайдаров, М.М.Копыленко, А.Е.Карлинский, Е.Жанпейісов, Э.Д.Сүлейменова, К.Ш.Хұсайынов, Б.Хасанов, З.Қ.Ахметжанова, С.С.Құнанбаева т.б. ғалымдардың қазақ тілтанымы мен жалпы тілтанымға қатысты зерттеулерінің нәтижелері сөз мәдениеті пәнінің типологиялық теориялық базасын байыта түсіп отыр. Сондай-ақ, Ж.Манкеева, С.Сатенова, Г.Смағұлованың лексика-фразеологиялық, этнолингвистикалық бағыттағы зерттеулері тілдік тұлғаны дәстүрлі мәдениеттің өкілі, тұтынушысы, дамытушысы ретінде тануға, тілдік тұлғаның сөз қолданысындағы этномәдени компоненттердің сипатын айқындауға жәрдемін тигізетіні сөзсіз.

Ө.Айтбаев, Б.Қалиев, Ш.Құрманбайұлының терминдік лексиканың нормалық қасиеті туралы ой-тұжырымдары, Б.Момынованың газет лексикасын, ондағы қоғамдық-саяси атауларды ерекше номинативтік әрі функционалды бірлік ретінде қарайтын ізденістері тілдік норманың қолданыстағы қырларын айқындауға негіз болады.

Қазақ ономастикасы бойынша проф. Т.Жанұзақовтың, А.Әбдірахманов т.б. зерттеушілердің ой-пікірлері ономастикалық атаулардың таңбалануының орфографиялық, орфоэпиялық нормаларын анықтауға жәрдемі тисе, Е.Керімбаев, Г.Б.Мәдиева, Қ.Рысбергенова, А.Жартыбаев, Б.Тілеубердиев т.б. ономастардың антропоцентристік аспектідегі ізденістері тілдік ұжымның когнитивтік санасындағы ұлттық ономастикалық кеңістікке қатысты білімдер жүйесін айқындауға мүмкіндік береді.

Р.Әміров, З.Ерназарованың сөйлеу тілін коммуникативтік-функционалдық жүйе тұрғысынан тани отырып, тілдік-амал тәсілдердің прагматикасын коммуникативтік жағдаятпен (ситуациямен) орайластыра қарайтын сәттері, сонымен қатар тілдік коммуникация құрылымының жүзеге асуын, коммуникацияға қатысушылар (коммуникативтік тұлға) коммуникацияның вербалды//бейвербалды түрінің ерекшеліктерін теориялық әрі әдістемелік тұрғыдан қарастырған Ф.Оразбаеваның зерттеулері, сөз мәдениетінің коммуникативтік-нормативтік аспектісіне қатысты жайттарды айқындауда маңызды болмақ.

М.Малбақовтың лексика-фразеологиялық бірліктерді түсіндірме сөздікте берілуі тәртібі, сөз мағыналарының түсіндірілуі сөзді лексикографиялаудағы норма мәселесіне байланысты тұжырымдары; әдеби тіл нормаларын оның даму кезеңдерімен байланысты қарайтын Ш.Мәжітаеваның; қазақ жазуының теориялық негіздері, жазба тілдің құрылымдық ерекшеліктері, жазба тіл нормасы жөнінде К.Күдеринованың ізденістері сөз мәдениетінің нормативті аспектісін жаңаша пайымдаулармен толықтыра түседі.

Тілдік норманың тарихи сипатын, “ескі” мен “жаңа” норманы айқындауда Ә.Құрышжанов, Б.Сағындықұлы, А.Салқынбай, Ш.Жалмаханов, М.Сабыров т.б. ғалымдардың тарихи-салыстырмалы зерттеулеріндегі нәтижелер мен ондағы әдіс-тәсілдер, сондай-ақ жарыспалы норманың басым түрлерін тілдік тұлғаның сөз қолданысындағы жиіліктері арқылы айқындаудың К.Бектаев, А.Жұбанов жасаған статистикалық әдістері сөз мәдениетінің әдістемелік базасының шеңберін кеңейте түсетіні сөзсіз.

Орыс тілтанымы мектептерінің басында тұрған көрнекті тұлғалар Л.В.Щерба, В.В.Виноградов, С.Ожегов т.б. еңбектеріндегі, сондай-ақ Прага лингвистикалық мектебі өкілдерінің, әсіресе В.Матезиустің [6] тіл мәдениетінің жалпы ұстанымдарының, жалпы тіл біліміндегі теориялық тұжырымдар мен концептуалдық пайымдауларының қазақ сөз мәдениетінің теориялық пән ретінде қалыптасуы мен дамуына тигізген ықпалы ерекше болғаны мәлім.

Жоғарыда атап көрсетілген зерттеу нәтижелері мен тілді зерттеудің жаңа бағыттары қазақ тілінің әлеуметтік ахуалын жақсартып, мәртебесін көтерудің сөз мәдениетіне тікелей қатысы бар екенін көрсетіп отыр. Өйткені мәдениеті жоғары тіл ғана ұлттық тіл, мемлекеттік тіл ретінде қызметін мінсіз атқара алады. Осыған орай сөз мәдениетін зерттеу өзекті сипат алып, оның мынадай келелі-келелі мәселелерін айқындап, оларды ғылыми негізде шешуді күн тәртібіне қойып отыр.

Ұлттық әдеби тілдің дәстүрлі нормаларын сақтау, оның дамуындағы негізгі үрдістерді айқындау, жаңа нормалардың сипаттамасын жасау мен сөздің коммуникативтік сапасы жөнінде лингвистикалық білімдерді жинақтап, жүйеге салу осымен байланысты қазіргі лингвистикадағы антропоцентристік бағытқа сәйкес қазақ сөз мәдениетінің іргелі ұғымдары мен аппараттарын, негізгі теориялық қағидалары мен басты ғылыми принциптерін, қайта қарап, айқындау, зерттеу объектісі мен пәнін дәлдеу, нақтылау қазақ сөз мәдениетіндегі өзекті мәселелер болып табылады.



Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының негізгі мақсаты қазақ сөз мәдениетін теориялық пән ретінде тілдік қана емес, коммуникативтік-прагматикалық, когнитивтік және лингвомәдениеттік, этикалық, лингвоэкологиялық тұрғыдан қарастырудың концептуалдық негіздерін айқындау, сондай-ақ сөздің коммуникативтік сапаларын объективті түрде анықтаудың және тілдік нормаларды кодификациялаудың теориялық негіздерін іздестіру;

Жоғарыда айтылған мақсаттар мынадай м і н д е т т е р д і орындау арқылы жүзеге асыруға болады:

- сөз мәдениеті пәнінің зерттеу объектісін, қарастыратын мәселелерін дәлдеу, анықтау, нақтылау; “сөз мәдениеті” деген ұғымға анықтама беру; оның негізгі аспектілерін көрсету; сөз мәдениетінің дербес пән ретінде, қазақ тіл білімінің теориялық саласы ретінде қалыптасуының алғышарттарын көрсету;

- әдеби тіл және оның нормалары жөнінде теориялық мәселелерге тоқталу; нормалардың түр-түрін көрсетіп, сипаттама жасау; тілдік норманы кодификациялаудың негіздерін айқындау;

- тілдік норманы тілдік жүйе және дағды (узус) құбылыстарымен байланысты қарау; олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын айқындау;

- сөздің функционалдық типтеріне және оларға тән нормаларға тоқталып, әрқайсының айырым белгілерін анықтау; функционалдық стильдердің жанрлары мен оларға тән нормалардың тұрақты тілдік-стильдік амал-тәсілдерін көрсету;

- сөздің коммуникативтік сапасын анықтауда тілдік емес құрылымдарға арнайы тоқтала отырып, тілдік және тілдік емес мәнділіктерді өзара байланыста қарау, оларды коммуникативтік біртұтас құрылым ретінде тексеру; сөздің коммуникативтік сапалары жөнінде ұғымдарға тоқталып, жақсы, бедерлі, дәл, қисынды т.б. деп бағаланатын сөздің ортақ белгілерін айқындау;

- сөздің ауызша формаларына тән ерекшеліктеріне, тілдік және оны жазба сөзден өзгешелендіріп тұратын тілдік емес мәнділіктеріне тоқталу; шаршысөз түрлеріне тоқталып, сөз бедерлеу құралдарына, әсер ету тәсілдеріне талдау жасау; пікірталастың тілдік, тілдік емес құралдарына талдау жасау;

- коммуникацияның аса маңызды құрылымдық компонентерінің бірі ретінде этикеттік таңбалардың қызметі мен өзіне тән нормаларын, қарым-қатынас мәдениетіне тигізетін әсерін көрсету.

- тілдік жүйедегі норма және узустың арақатысын айқындауда ерекше мәні бар, жүйе негізінде қалыптасқан норманы узус негізінде қалыптасқан нормадан саралап ажырату; жүйе негізінде қалыптасқан норманың кодификациялау кезіндегі артықшылығын көрсету;

- тілдің даму үрдісіне сәйкес өзгерістерді айқындау және варианттарды кодификациялау;

- қолданыла келе дәстүрлі нормаға айналған, сөз жұмсауда ешбір қиындық келтірмейтін нормаларды қайта кодификациялауға жол бермеудің мәнін түсіндіру.



Зерттеудің нысанасы мен пәні. Ауызша және жазбаша формадағы көркем, публистикалық, ғылыми, ресми дискурстар және тұрмыстық қарым-қатынас дискурсындағы сөз қолданыс – зерттеудің нысанасы, ал зерттеудің пәні – олардың “жасалу”, “жұмсалу”, “қабылдаумен” және аталмыш дискурстардың лингвистикалық, когнитивтік, прагматикалық ерекшеліктері.

Зертеудің материалдары. Зерттеу жұмысында мерзімді басылымдар мен баспа өнімдері, аудио; аудиовизуалды БАҚ-ның тілдік материалдары және нормативті сөздіктердің материалдары пайдаланылады.

Зерттеу әдістері. Зерттеу жұмысында салыстыру, талдау, саралау және жалпылау тәрізді жалпы ғылыми әдістермен қатар салғастырма әдіс, дистрибуциялық талдау, формалды тілдік талдау әдісі, салыстырма-тарихи әдіс, тілдік аналогия жасау, тілдік модельдеу әдісі сияқты лингвистиканың өзіндік әдістері мен тәсілдері қолданылады.

Сондай-ақ сөз мәдениеті пәнінің бағалауыштық сипаты болатыны, осы бағалауыштық сипат оппозициялық жүйе құрайтынымен байланысты қарама-қарсы қою тәсілі қолданылды:

- тілдің барлық деңгейіндегі ортологиялық құрылымдық қабаттардағы оппозиция: дұрыс-бұрыс;

- сөз этикетіне қатысты құрылымдық қабаттардағы оппозиция: әдепті (дәстүрде бар) – әдепсіз (дәстүрде жоқ);

- нормативті этикаға қатысты құрылымдық қабаттардағы оппозиция: орынды – орынсыз; (мысалы, біреуді көзінше мақтамау (орынды), біреуді көзінше мақтау орынсыз);

- сөз байлығына қатысты құрылымдық қабаттардағы оппозиция: сөз байлығы – сөз жұтаңдығы;

- сөз тазалығына қатысты құрылымды қабаттардағы оппозиция: сөз тазалығы – сөз шұбарлығы;

- экспрессивтілікке байланысты құрылымдық қабаттардағы оппозиция: бедерлі – бедерсіз;

- логикалық құрылымға қатысты қабаттардағы оппозиция: қисынды – қисынсыз;

- танымдық құрылымға қатысты қабаттардағы оппозиция: тілі ауыр – тілі жеңіл;

- сөздің функционалдық құрылымына қатысты қабаттардағы оппозиция: лайықты – лайықсыз т.б.

Зерттеудің жаңалықтары. Сөз мәдениеті осы кезге дейін негізінен тілдік құрылымдық жүйеде зерттелсе, ендігі жерде антропоцентристік бағытты бағдарға алуы жұмыстың негізгі жаңалықтарының бірі болып табылады.

Сөздің коммуникативтік сапасына баға беру тілдік норма жағынан қарастырылса, ендігі тұста тілдік және тілдік емес мәнділіктерді тек нормативті аспектіде қарастырмай, функционалдық, коммуникативтік-прагматикалық, когнитивтік, лингвомәдени аспектіде зерттеу; тілдік тұлғаны сөз мәдениеті пәнінің түпқазық ұғымы ретінде алу; сөз мәдениеті бұғанға дейін сөйлеуші (автор, коммуникатор, адресант сөз субъектісі) позициясы тұрғысынан қарастырылса, ендігі тұста тыңдаушы (адресат, коммуникант, реципиент) тұрғысынан қарау, соның негізінде сөздің сапасына баға беру зерттеудің коммуникативтік аспектідегі жаңалықтары болып саналады.

Тілдік норманы кодификациялауда практикаға сүйену басым болса, ендігі кезекте оның сүйенетін теориялық негіздерін көрсету, тілдік және тілдік емес нормалардың түрлерін айқындай отырып, сөздің сапасын анықтауда тілдік нормаға сүйену жеткіліксіз, тілдік емес нормаларды да ескеру, тілдік, тілдік емес нормалардан ауытқулардың себептерін уәжді ауытқудың әсерімен ықпалын ашу зерттеудің нормативті аспектіге қатысты жаңалығы.

Сөзді вербалды және когнитивтік әрекеттердің нәтижесі ретінде қарау, тілдік тұлғаны сөз мәдениетінің іргелі түпқазық ұғымы ретінде алу, тілдік тұлғаның санасындағы тілдік және тілдік емес білімдер жүйесін когнитивтік құрылым ретінде қарай отырып, коммуникацияның сәтті/сәтсіздігін білімдер жүйесімен байланыстыру зерттеудің когнитивтік аспектісімен байланысты жаңалығы деуге болады.

Мәтінді адресант тарапынан тілдік ақпараттар кодқа салынған лингвистикалық таңбалар жүйесі, лингвомәдени ақпараттар кодқа салынған таңбалар жүйесі, эстетикалық мәнділіктер мен этикалық мәнділіктер кодқа салынған таңбалар жүйесі ретінде алып, мұндай күрделі семиотикалық жүйедегі кодты адресаттың қалай ашатынына талдау жасау зерттеудің лингвомәдени аспектідегі жаңалықтары болып табылады.

Сонымен бірге тілдік қарым-қатынастың этикалық нормасын ерекше конвенционалды жүйе ретінде қарастыра отырып, қарым-қатынастың эксплицитті және имплицитті түрде қандай тілдік құралдармен, амал-тәсілдермен жүзеге аса алатынын көрсету зерттеудің этикалық аспектісіне қатысты жаңалығы деуге болады.



Зерттеудің теориялық құндылығы мен практикалық мәнділігі. Қазақ тіл білімінде сөз мәдениетінің теориялық пән ретінде қалыптасуы мен дамуына өзіндік үлес қосады. Сөз мәдениетін тілдік, коммуникативтік, прагматикалық, когнитивтік, лингвомәдени, этикалық тұрғыдан қарастыру оның негізгі белгілерінің түгелденіп біртұтас пән ретінде қалыптасуына негіз болады. Сөздің коммуникативтік сапасын объективті түрде айқындаудың, мәтінді интерпретациялаудың, тілдік нормаларды кодификациялаудың теориясын жасау жолындағы әрі қарайғы ғылыми зерттеулерге мұрындық болады.

Аталмыш зерттеудің нәтижелері мен қорытындылары, материалдары жоғары мектептерде сөз мәдениеті, стилистика, когнитивтік лингвистика, коммуникация теориясы бойынша оқылатын лекциялық курстарда пайдаланылады.

Зерттеудің материалдары мен теориялық пайымдауларын жоғары мектеп үшін жазылатын сөз мәдениеті жөнінде оқулықтар мен оқу құралдарын, бағдарламаларын жасауға пайдалануға болады. Сондай-ақ зерттеу жұмысында айтылған тұжырымдар мен ұсыныстардың нормативті сөздіктерде кодификациялау ісінде қолданылуы мүмкін.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар: сөз мәдениетін зерттеу қазіргі жаһандану кезеңінде академиялық формада қала бермеуге тиіс. Қазіргі заманда, сөз мәдениеті тілдің өміршеңдігін (vіtalus), тілдік кеңістікті, тілдік ортаны қалыптастырып, тілдік тұлғаның ұлттық болмысын сақтап, өзге тілдің басқыншылығына қарсы күресетін тіл ғылымының саласы болуға тиіс; сондықтан сөз мәдениеті өз объектісін кеңейтіп, лингвоэкологиялық бағытты да қамту қажет;

Сөз мәдениеті тілдік-құрылымдық жүйені тілдік емес құрылымдармен тығыз байланысты қарастыруы керек, өйткені тілдік емес мәнділіктер тілдік құралдар мен стильдік, риторикалық амал-тәсілдерді таңдап-талғауға, мәтін түзіліміне мықтап әсер ететін негізгі факторлардың бірі болып саналады.

Тілдік коммуникацияның сапасын қарастыруда сөз мәдениеті ғылыми пән ретінде диалогтік принципті басшылыққа алуға тиіс. Өйткені, осы кезге дейін сөз мәдениетін тексеруде монологтік принцип үстем болып келді. Тілдік коммуникация адресанттың/ автордың/ коммуникатордың/ сөйлеушінің позициясы тұрғысынан тексерілді, ал адресаттың/ оқырманның/ коммуникаттың/ реципиенттің, тыңдаушының позициясы ескерілмеді. Мұндай жағдайда тілдік коммуникацияға баға беру тек авторлық позиция тұрғысынан болса, тілдік қарым-қатынастың сәтті-сәтсіз болуының себептері толық ашылмай қалады.

Айтылымды/ мәтінді/ жанрды коммуникацияның толық өзі емес, оның бір ғана бөлігі деп қарастыру қажет, өйткені мәтінде айтылатын ой, сезім тіл арқылы объективтенуге дейін де белгілі бір құрылым түрінде болады, сөйтіп барып, тілдік құрылымға (айтылымға, мәтінге) айналады, бірақ тілдік коммуникация аяқталмайды. Өйткені айтылымды, мәтінді қабылдаушы (реципиент) мәтінде, айтылымда кодқа салынған тілдік, тілдік емес ақпараттарды ашу арқылы сөйлеушінің коммуникативтік діттемін, мақсатын, аңғарады. Осымен байланысты сөз сапасын осы айтылған үш “аймақтан” автор-мәтін-реципиент қатынасынан іздестіру қажет; осы кезге дейін зерттеушінің басты назары тек мәтінде болды.



Зерттеу жұмысының талқылануы мен жариялануы. Диссертацияның негізгі мазмұны мен нәтижелері 1998 жылы өткен “Қазақ тілінің грамматикалық құрылымының даму мәселелері және басқа тілдермен қарым-қатынасы” атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда, 1998 жылы өткен “Жұбанов тағылымы” атты республикалық конференцияда, 1999 жылы өткен “Ұлттық рухтың ұлы тіні” конференцияда, 2004 жылы өткен “Академик Ә.Т.Қайдаров және тіл білімінің мәселелері” атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда, 2004 жылы өткен “Академик Рәбиға Сыздық және қазақ тіл білімі мәселелері” атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда, 2005 жылы өткен “Академик Ш.Ш.Сарыбаев және тіл білімінің мәселелері” атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда баяндалды. Сонымен бірге зерттеудің ғылыми нәтижелері мен қорытындылары “Сөз мәдениеті”, “Фразеология және тілдік норма”, “Қазақ орфографиясындағы қиындықтар” (бірлескен автор) сияқты монографияларда, отыздан астам ғылыми мақалаларда, “Тіл мәдениеті” (бірлескен автор), “Қазақ тілі. Сөз мәдениеті” (бірлескен автор) оқу құралдарында, үш оқу-әдістемелік әдебиетте (бірлескен автор), сөздіктер мен екі анықтағыштарда пайдаланылды.

Жұмыстың құрылымы кіріспеден, үш тараудан және қорытындыдан, сонымен бірге пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет