Ұлттық мәдени кеңістіктегі жалқы есімдердің прецеденттік сипаты



бет1/15
Дата07.02.2022
өлшемі195 Kb.
#86624
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15
Байланысты:
Жалқы есімдердің прецеденттілік сипаты


Ұлттық мәдени кеңістіктегі жалқы есімдердің прецеденттік сипаты

Ұлттық когнитивтік базаның өзегін халыққа тән білімдер жиынтығы мен ұлттық тұрғыдан белгіленіп, мәдени тұрғыдан детерминденген түсініктер құрайды, олар ұлттық-лингвомәдени қауым өкілдеріне міндетті түрде белгілі болуы тиіс. Қазақ халқының мәдени кеңістігі ұлттық когнитивтік базада «ықшамдалған» инвариант түрінде білімдер, концептілер мен түсініктер сынды феномендік сипаттағы менталдық құрылымдар – ментефактілер арқылы көрініс табады. Мұндай ұлттық-лингвомәдени қауым өкілдеріне жақсы таныс феномендік ментефактілерге орыс ғалымдары мынадай прецеденттік феномендер (ПФ): прецеденттік есім (ПЕ), прецеденттік жағдаят (ПЖ), прецеденттік мәтін (ПМ) және прецеденттік айтылымды (ПА) жатқызады. Жалпы прецеденттік терминін зерттеушілер Д.Н.Караулов, Ю.А.Сорокин, жалқы есімдер негізінде қарастырған Д.Б.Гудков, В.В.Красных, Е.Л.Березович, Г.Б.Мадиева т.б. бірдей түсіне бермейді екен.


Прецеденттік мәтін терминін (ғылыми айналымға) алғаш рет орыс тілі мен әдебиеті оқытушыларының VІ халықаралық конгресінде 1986 ж. Ю.Н.Караулов енгізген. Орыс тіліне бұл термин шет тілінен енгендігін және орыс тілінде «прецедентный» ұғымы жоқ екендігін, есесіне беспрецедентный ұғымы кездесетіндігін А.В.Суперанская арнайы мақаласында сөз етеді.
Орысша-қазақша сөздікте: «Беспрецедентный – ая, -ое теңдессіз, болып көрмеген, теңдесі жоқ», –деп аударылса, прецедент термині: «оқиға, өткен шақта орын алған үлгі боларлық, өнеге боларлық жағдай», – деп берілген.
Шет тілдер сөздігіндегі «прецедент [< лат. рraccedent (praecendentis) идущий впереди, предшествующий] – 1) случай, имевший ранее место и служащий примером или оправданием для последующих случаев подобного рода; 2) юр. решение суда или какого-л. другого государственного органа, вынесенное по конкретному делу и обязательное при решении аналогичных дел в последующем» анықтамасын: «прецедент – 1) бұрын-соңды орын алған және кейін болатын осыған ұқсас жағдайларға үлгі болатын немесе оларды растайтын жағдай», – деп аудардық. Зерттеуші А.В.Красных, Ю.Н.Карауловтың белгілі анықтамасын кеңейте, нақтылай түсіп, ПФ-ге мыналарды жатқызады:
1) ұлттық-лингвомәдени қауым өкілдерінің барлығына жақсы таныс, яғни тұлғадан жоғары тұратын сипаттағы;
2) когнитивтік (танымдық және эмоционалдық тұрғыдан) өзекті болып табылатын;
3) қандай да бір ұлттық лингвомәдени қауым өкілінің сөзінде үнемі қайталанып, жаңғырып отыратын қаратпа-үндеу сөз.
Ю.Н.Карауловтың пайымдауынша, прецеденттік мәтіннің, сондай-ақ (прецедентік феноменнің – Р.Қ.) қолданылу, тілдік айналымға түсу жолдары: 1) оқушыға немесе тыңдаушыға бастапқы күйінде, өзгеріссіз жетуі; 2) тікелей қабылдау, түсіну нысаны (рефлексия); басқа түрі алғашқы мәтіннің трансформацияға ұшырап, өнердің өзге түрінде қолданылуы, яғни екіншілік деп атауға болады. Соңғы тәсілді семиотикалық деп атауға болады, себебі түпнұсқа мәтінге (атауға) мегзеу, сілтеу, сөйтіп коммуникация барысында бүкіл мәтін немесе қатысым ситуациясына немесе тіршілікке қатысы бар ірі оқиғаға қатысты оның жекелеген үзіктері енгізіледі.
Прецеденттік феномендерге «Русское культурное пространство: Лингвокультурологический словарь» деген еңбектің авторлары мынадай анықтама береді:
«Прецедентная ситуация – некая «эталонная», «идеальная» ситуация, связанная с набором определенных коннотаций, дифференциальные признаки которой входят в когнитивную базу; означающим прецедентной ситуации могут быть прецедентное высказывание или прецедентное имя.
Прецедентный текст – законченный и самодостаточный продукт речемыслительной деятельности». Прецеденттік мәтін ұлттық-лингвомәдени қауымның кез келген мүшесіне жақсы таныс болады. Мысалы, орыс тіліндегі прецеденттік мәтіндерге «Евгений Онегин», «Война и мир», ән, жарнама, анекдоттар, саяси-публицистикалық мәтіндерді т.б. жатқызуға болады.
Прецеденттік мәтін вербалды феномен бола тұра когнитивтік базада қабылдау инварианты түрінде сақталады. Инварианттық қабылдау прецеденттік мәтіні (ИҚПМ) прецеденттік мәтін жөніндегі ықшамдалған, ұлттық детерминденген түсініктер жиынтығын білдіреді. ИҚПМ прецеденттік айтылым және жеке прецеденттік есім арқылы да қолданылады. Прецеденттік мәтінмен ұлттық лингвомәдени қауым өкілдері міндетті түрде таныс болуы тиіс, алайда көлемді шығармалар мәтіндерін, сөздерін түгел білуі шарт емес, коммуникация үшін оның «не туралы» екендігінен жалпы хабардар болса да жеткілікті. Мысалы, «сен өзің нағыз Қодар екенсің» деген прецеденттік мәртебеге ие потенциалды (әлеуетті) айтылым халықтың когнитивтік базасындағы белгілі «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» поэмасындағы екі ғашықтың ортасында тұрған жағымсыз кейіпкеріне қатысты екендігі көпшілікке мәлім. Ол жағымсыз кейіпкер үлгісі ретіндегі прецеденттік түсініктің инварианты болып қалыптасады.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет