2.Майлы зығырды өсірудің агрошаралары.
Зығыр – бағалы майлы дақыл, оның тұқымынан сапалы кебетін май өндіріледі (35-42 %) және оны техникалық, тағамдық мақсаттарға пайдаланады. Техникалық маңызы – сыр, олиф, лак, линолеум өндірісінде қолданылуында. Майлы зығырдың тұқымы мен майы фармацевтикада да қолданыс тапқан.
Май өндірісінің қалдықтары (күнжарасы мен шроты) – бағалы құнарландырылған мал азығы, олардың құрамында 30 %-ға таяу белок болады. 1 кг күнжарасы 1,15 а.ө. тең. Зығыр өндірісінің қалдығы – кострадан – жиһаз плиталарын, изоляциялық жіптер, шпагат, қағаз ж.б. дайындау шикізаты болып табылады.
Зығыр – азиялық және жерортатеңіздік текті біржылдық өсімдік, ертеден өсіріліп келе жатқан дақыл. Дүниежүзілік егістікте майлы зығыр (кудряш) 1,0 млн га астам өсіріледі. Үлкен алқаптары Аргентина, АҚШ, Канада, Үнді елдерінде шоғырланған. ТМД елдерінде оның егіс аумағы жыл сайын жер шарындағы егістіктің 10 %-на таяу (90 мың га).
Құрғақшылыққа төзімділігі мен ерте пісетіндігіне байланысты майлы зығыр негізінен Орал, Батыс Сібір мен Солтүстік Қазақстанның орманды-дала және далалық аудандарында өсіріледі.
Солтүстік Қазақстанда 1986-90 жж. Жалпы егістігі 28-29 мың га, оның ішінде барынша үлкен алқаптары (16-17 мың га) Қостанай облысының үлесінде болды. Тұқым өнімі жоғары емес – 1,2-3,1 ц/га аралығында.
Ботаникалық және морфологиялық сипаттамасы. Көптеген түрлерінің ішінде барынша өндірістік маңызы бар зығыр түрі – мәдени, немесе кәдімгі зығыр (Linum usitatissimum).
Майлы зығыр – біржылдық аласа өсетін (40-50 см) өсімдік. Сабағы тік өседі, бұтақты және түксіз. Жапырақтары қарапайым, ланцетті, ұштары үшкірленген, сабақта кезектесіп орналасқан. Гүл шоғыры – борпас шатыр тәрізді шоқгүл. Гүлдері қосжынысты, бестік түрде, күлтеше жапырақтары ақ және күлгін түсті, жемісі – бес ұялы домалақ келген қорапша. Тұқымдары – сопақ, жылтыр, тегіс бетті, қоңыр түсті, 1000 санының массасы 4-6 г (34 – сурет).
Биологиялық ерекшеліктері. Майлы зығырдың басты ерекшеліктерінің бірі – оның жартылай қуаңшылықты далалық және орманды-дала аудандарының жағдайларына бейімділігі. Ол жылуға жоғары талап қояды, әсіресе пісу кезеңінде, тұқымдары 3-40С-да өне бастайды, көктеуіне оңтайлы температура 12-140С. Зығырдың егін көгі – 3-40С бозқырауды жеңіл көтереді. Орташа мерзімде пісетін сорттары үшін белсенді температура жиынтығы 1600-18000С. Майлы зығыр көктеуден гүлденуге дейінгі кезеңде қуаншылыққа барынша төзімді. Бұл уақытта тамыр жүйесінің өсуі мен топыраққа тереңдей бойлауы жүреді.
Майлы зығыр ылғалға орташа талап қояды, транспирациялық коэффициенті 370-430. Ылғалға барынша жоғары талабы гүлдену-тұқымның толысу кезеңінде байқалады. Бұл кезеңдегі ылғал жетімсіздігі өнімді күрт төмендетеді. Майлы зығырға ең жақсысы механикалық құрамы орташа қара және күңгірт-қоңыр топырақтар. Сортаң кешенді топырақтар оған жарамсыз.
Майлы зығыр өздігінен тозаңданатын өсімдік, алайда төменгі температура мен ауаның төмен салыстырмалы ылғалдылығында гүлдердін бір бөлігі айқас тозаңдануы мүмкін. Зығыр таңғы сағаттарда гүлдейді, жекелеген гүлдер 3-5 сағат бойы гүлдейді, алайда танаптың гүлдеуі 30-40 тәулікке дейін созылады.
Майлы зығырда мынадай фенологиялық кезеңдер ажыратылады: көктеу – 6-7 тәулік (тұқым жарнақтары жапырақтарының пайда болу кезеңі), қосқұлақ – 28-29 тәулік себуден бастап.
Майлы зығырдың Қазақстанда өсіруге рұқсат етілген сорттары: Кустанайский янтарь (Ақмола, Қарағанды, Қостанай, СҚО); Исилькульский (СҚО); Карабалыкский 7 (Ақмола, СҚО); Опал (Ақтөбе обл.).
Достарыңызбен бөлісу: |