Мақта талшықтарының технологиялық сапа көрсеткіштері. Шитті мақта массасының 25-40% талшық, 0,2-1,5% қысқа түктер немесе линтер, 20-25% қауашағы, 1-2% тұқым қабығы, ал 60% тұқым ядросы алады. Мақта тұқымының әр талшығы, қабығының ұзын болып созылған сыртқы эпидермис клеткасы болып саналады. Оның жуандығы мен ұзындығының ара қатынасы 1:1500-2000 шамасындай. Аздап бұралған ұзын лента тәрізді талшықтар ішінде көлденеңінен бөлінген клетка қабаттарынан тұрады. Қуысты талшықтың бас кезінде сырты жылтыр балауыз жұқа қабатпен жабылады.
Құрғақ шитті мақта қауашағының жалпы массасынан, алынған таза талшықтардың салмағын пайызбен есептеп т а л ш ы қ ш ы ғ ы м ы н анықтайды. Ол сорттың ерекшелігіне, агротехникаға және топырақ пен ауа райы жағдайларына тікелей байланысты.
Мақтаның сапа көрсеткіштерінің бірі – т а л ш ы қ т ы ң ұ з ы н - д ы ғ ы. Талшық ұзын болған сайын оның құндылығы артады, одан өте жіңішке жіп алынады. Сортына және өсіру жағдайына байланысты мақта талшығының ұзындығы 10-50 мм дейін жетеді.
Талшығының ұзындығына және жіңішкелігіне байланысты мақта сорттары екі топқа бөлінеді. Жіңішке талшықтылар (талшықтың ұзындығы 35-40 мм-ден кем емес) және орта талшықтылар 30-35 мм.
Тоқыма өндірісі үшін өте маңызды сапалық көрсеткіш: талшықтың орташа үзілу қуаты (беріктігі). Ол Ньютон (Н) немесе грамм-күш (гк) бірлігімен өлшенетін, талшықты үзуге жұмсалатын күштің мөлшерімен анықталады. Талшық жуан болған сайын оның беріктігі де жоға-рылайды. Шала піскен талшықтардың қабырғалары жұқа болғандықтан оңай үзіледі. Мақта сорттарына қарай беріктігі 0,004-0,006 Н (4-7 гк) болады.
Талшықтың 1 см ұзындығындағы бүгілу саны бойынша анықталатын талшықтың бүгілгіштігінің маңызы зор. Бүгілімі көп талшық бір-бірімен жақсы жанасып, мықты болады және олардан жіңішке тоқу жібі иіріледі. Сортының ерекшелігіне және талшықтың пісіп жетілуіне байланысты оның бүгілуі әрбір сантиметрде 60-120 жетеді. Жақсы піскен талшықтың бүгілу қасиеті жоғары.
Талшықтың жіңішкелігі немесе талшықтың көлденең кесіндісінің микроскоп арқылы анықталатын диаметрі. Талшық жіңішкелігі 7-10 мкм-нан 15-25 мкм жетеді. Талшыққа фабрикалық баға бергенде оның метрлік нөмірі анықталады (талшық массасы мен ұзындығының ара қатынасы немесе бір грамм талшықтың ұзындығы). Түрлі мақта сорттарының метрлік нөмірі 5000-8000 жетеді. Мысалы: мақтаның метрлік нөмірі 5500 болса, оны 1 г мақтада 5500 м талшық бар деп түсіну керек.
Талшықтың метрлік нөмірін беріктігіне көбейту арқылы оның тағы бір маңызды кешенді көрсеткіші – талшықтың үзілу ұзындығы анықталады. Ол километрмен өлшенетін қыялдағы талшық ұзындығы. Мысалға: егер талшықтың беріктігі 0,0049 Н (4,9 гк), ал метрлік нөмірі 5200 болса, онда талшықтың үзілу ұзындығы 25480 м (5200×4,9), немесе 25,48 км болады. Бұл көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, солғұрлым талшық мықты деп түсіну керек. Үзілгіш талшық тоқыма тоқуға жарамсыз.
Мақта талшығының маңызды қасиеттеріне оның түсі, жылтырлығы, ылғалдылығы, талшықтың зақымданбағандығы жатады. Өлі тұқым бүршігінен пайда болған талшық, түйін тәрізді, қысқа қылтықтардан тұрады, оларды ұсақ үлік деп атайды.
Біраз дамып, ұрықтанған тұқым бүршігінен пайда болған талшықтарды ірі үлік деп атайды.
Мақта талшығы өнімі құрамында үлік көп болған сайын оның сапасы төмендей береді, орта есеппен өнім құрамында 0,7-1,2% үлік болады.
Талшықтың пісіп-жетілуі ішкі қуысының целлюлозамен толысуына байланысты микроскоппен анықталады және бес балмен бағаланады. Талшықтың технологиялық сапасы сортына, өсіру жағдайына және агротехникаға (суару, егу жиілігіне, тыңайткыштарға және т. Б.) байланысты.