Қазақстанның агрокешенін дамытудың негізгі бағыттары. Еліміздің 2030 жылға дейінгі дамытудың ұзақ мерзімді стратегиялық бағдарламасында, Қазақстан Республикасы Президентінің «Жаңа жүз жылдықта еліміздің тұрақтылығы мен қауіпсіздігі» атты халыққа жолдауында ауыл шаруашылығы өндірісін ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету белгіленген. Бағдарламаның мақсаты – табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, аграрлық- өндірістік кешенде жаңа технологиялар жасау мен өндіріске енгізу жөніндегі ғылыми кепілдемелер негізінде Қазақстан халқын қоректік өнімдермен және еліміздің азық – түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Еліміздің ауыл шаруашылығы өндірісі негізінен екі саланы -өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығын біріктіреді. Бұл салаларды қарқынды дамытып қана қоймай, азық-түліктің өзіндік құнын азайтып, аталған салаларда еңбек өнімділігін анағұрлым арттыра отырып, бәсекеге қабілетті өнімдер өндіру күн тәртібінде тұрған мәселердің бірі.
Біздің елімізде өсімдік шаруашылығы ауыл шаруашылығының бір саласы ретінде басымдыққа ие. Өсімдік шаруашылығының негізгі құралы –жасыл өсімдіктер, оның ішінде ауыл шаруашылығы дақылдары қоректік заттардың негізгі көзі болып табылады.
Өсімдік шаруашылығының өнеркәсіп өндірісінен айтарлықтай айырмашылығы бар: басты айырмашылығы-маусымдылық (қалыпты жағдайларда өсімдіктер аязсыз кезеңде ғана өнім беруге қабілетті); өнім мөлшері мен сапасының топырақ-климат жағдайларына тәуелділігі; өсімдік тіршілігіне қолайлы жағдайлар жасауда далалық жұмыстардың (топырақ өңдеу, тыңайтқыш жүйесін қолдану, себу (отырғызу), егістікті күтіп-баптау, егінді жинау т.б.) дер кезінде және сапалы іске асырылуы т.б.
Өсімдік шаруашылығы мал шаруашылығымен тығыз байланысты: оған ол ірі сабақты, шырынды, құнарландырылған жем азық берсе, мал шаруашылығынан ол тұрақты және мол өнім алу үшін, әсіресе құнарлығы төмен жерлерде, органикалық тыңайтқыштар алады.
Қазіргі кезеңде өсімдік шаруашылығы өндірісінде қоршаған ортаны қорғау, экологиялық таза өсімдік және мал өнімдерін өндіруді қабыстыра жүргізген жөн. Сондықтан да осы заманғы ғылыми жетістіктерге сүйенген оңтайлы технологияны қолдану, қоршаған ортаны қорғау шараларына кепілдік береді. Жалпы қоршаған орта, оның ішінде топырақ, неғұрлым таза су көздері, мал, өсімдік гендік қорлары, жануарлар әлемі біздің болашақ ұрпақтарымызға лайықты мұра болып қалуы керек.
Халықтың өскелең талабы, өнеркәсіптің өркендеуі өсімдік шаруашылығы өнімдерінің үздіксіз ұлғаюын талап етеді.