Қысқы күтім ықтырмасы сирек, немесе әлсіз дамыған танаптарда қар тоқтату жұмысын қарастырады. Ол үшін биіктігі 10-13 см шана танабы орнатылған қар тоқтатқыштармен қар жалдары жасалады. Алайда, бұл агротехникалық шараны өте мұқият жүргізу қажет, өйткені өсімдіктер беті жалаңаштанып қалмауы тиіс. Дегенмен, қар тоқтатудың ең сенімді тәсілі – сүрі танабында жақсы ықтырма қалыптастыру болып табылады.
Көктемгі күтім. Ерте көктемде жоғары ылғалдылық пен төменгі температура әсерінен топырақтағы нитрификация құбылысы өте баяу жүреді, соның әсерінен күздік бидайдың қоректік заттарға, ең әуелі азотқа, мұқтаждығы байқалады. Егер бұл уақытта үстеп коректендірмесе, өсімдіктердің бір бөлігі құрып кетеді де өнім төмендейді. Осыны ескере отырып, ерте көктемде, топырақ тоңы жібімей тұрғанда, Солтүстік облыстарда 30-40 кг/га, ал оңтүстікте 60кг/га әсер етуші зат (ә.е.з) мөлшерінде азотпен үстеп қоректендіреді. Бұл мезгілде қар еріп жатады, бірақ тыңайтқышты шайып әкететін су ағыны болмайды. Мұндай үстеп қоректендірудің тиімділігі өте жоғары, астықтың қосымша өнімі масақтың қарқынды өсуінің нәтижесінде алынады. Кеш жүргізілген үстеп қоректендірудің тиімділігі өте төмен, керісінше өсімдіктердің тым өсіп кетуі мен кеш түптенуіне әкеліп соғады, ал кейіннен масақтағы дәннің қалыптасуы нашарлайды және астық өнімі кемиді.
Күздік бидайға күзде мочевинаны, күкірт қышқыл аммонийді, ерте көктемде аммоний селитрасын, тамырдан тыс үстеп қоректендіруге мочевинаның судағы 20%-дық ерітіндісін қолданған сапалы мол өнім жинауды қамтамасыз етеді.
Топырақтың физикалық пісуіне байланысты ине тісті БИГ-3 немесе тісті тырмалармен егістіктегі ықтырма аралығы тырмаланады. Бұл агротехникалық шара топырақ қабыршағын ұсақтайды, ылғал шығынын азайтады, әрі жапырақ қалдықтарын аластатады, арамшөп көгін құртады, өсімдік тамырына оттегінің (О2) келуін жеңілдетеді, тыңайтқыштарды топыраққа сіңіреді. Осылардың әсерінен күздік бидайдың пәрменді өсіп-дамуы қамтамасыз етіледі. Күздік бидайдың 50 %-нан артығы құрып кеткен жағдайда оңтайлы себу мерзімінде жаздық дақылдар (арпа ж.б.) дискілі сепкіштермен 4-5 см тереңдікке агрегаттың ең төменгі жылдамдығы мен қосымша себіледі, сөйтіп танаптың астық түсімі сақталады.
Жазғы күтім негізінен қосжарнақты арамшөптерге қарсы бидайдың түптену кезеңінің соңында 2,4 Д (ДМА-6) тобының гербицидтерімен мынадай мөлшерде егістік бүркіледі: гектарына амин тұзы – 0,8-1,4 кг, ал эфирлер пайдаланылса – 0,4-0,5 кг ә.е.з; диален, 4,0 % с.е (1,9-2,5 кг/га), ларен, 60 % ж.ұ. (8-10 г/га) жақсы нәтиже береді. Ол үшін ОП-2000-01, ОПШ-15 ж.б. жер беті бүріккіштерімен таңертеңгі және кешкі сағаттарда, қоршаған ортаға улы заттарды шашыратпай өңдейді.
Достарыңызбен бөлісу: |