В. И. Вернадский Биосфера туралы түсінік


Шөл зонасының ландшафттары



бет5/10
Дата03.12.2016
өлшемі2,88 Mb.
#3093
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Шөл зонасының ландшафттары

Шөл зонасы Қазақстандағы жазық жерлер аумағының шөлейт зонасынан оңтүстіктегі бөлігін алып жатыр. Шөл зонасының Қазақстандағы аумағы 117 млн га, республика жерінің 40%-дан артығын алып жатыр. Каспий бойы ойпатының оңтүстігін, Маңғыстау түбегін, Үстіртті, Солтүстік Арал маңын, Бетпақдаланы, Сырдария бойын, Қызылқұм мен Мойынқұмды, Солтүстік және Оңтүстік Балқаш маңын қамтиды. Шөл Іле өзенінің, Балқаш және Зайсан көлдерінің тау аралық жазықтарында да кездеседі.

Шөл зонасы атмосфералық жауын-шашынның өте аз мөлшерімен, буланудың көптігімен, мен топырақ температурасының тәуліктік және жылдық ауытқуының едәуір мөлшерімен және беткі тұрақты ағыстың болмауымен сипатталады. Сонымен қатар топырақтың беткі горизонттарында көп мөлшерде тұз жиналады, өсімдік қабаты сирек, көбінесе ксерофитті, сортаң топырақта өсетін түрлер кездеседі. Шөл ландшафттарындағы ылғалдану коэффициенті 0,22-0,10, жауын-шашынның жылдық мөлшері 190-120 мм. 10°С-тан жоғары, оң мәнді температуралардың жылдық жиынтығы 3200-4200°С, вегетациялық кезең 200 күннен астам.

Қазақстанның қазіргі шөл зонасы ұзақ геологиялық дәуірлер бойы жер қыртысының майысу аймақтары болды. Соның нәтижесінде теңіздік және құрылықтық шөгінді жыныстардың қалың борпылдақ қабаты қалыптасты. Олардың кезектесіп келуі теңіз басуы мен қайтуының бірнеше рет қайталанғанын дәлелдейді.



Қазақстанның шөл зонасында жер бедері мен субстрат ерекшелігіне қарай шөлдердің бірнеше типі қалыптасқан, олар: құмды, сазды, тасты, сортаң және лесстік-сазды шөлдер.

10-сурет – Сазды шөлдер
Құмды шөлдер Каспийден Тянь-Шань мен Жоңғар Алатауына дейінгі үлкен аумақты алып жатыр.

Құмды жер бедері әр алуан болып кезеді: қырқалы, шағылды және төбелі құмдар. Құмды шөлдер қысқы жайылым ретінде пайдаланылады.

Сазды шөлдер. Бетпақдала мен Үстірттің аумағында орналасқан. Бұларда топырақ қабаты қалыптаспаған. Сазды, тақыр жерлер кейде құмды массивтер арасында да кездеседі. Жауын-шашынды мезгілдерде тақырлар беті батпаққа айналады, ал құрғақ кезеңдерде көпжақты жарықшалармен тілімделеді. Тақыр жерлер – шөлдердегі тіршілік дамымаған аумақтар болып саналады.

Тасты шөлдер көбінесе шөл зонасында орналасқан тау жоталарының етегіндегі жазықтарда орналасқан.

Тасты шөлдерде жауын-шашын мен еріген қар сулары қиыршық тасты-құмды қабаттан тереңге оңай сіңеді, сол себепті өсімдіктердің өсуіне жеткілікті ылғал болмайды. Тасты шөлдерде төрткүл жұрнақтар мен күмбезді шоқылар кездеседі.

Сортаңды шөлдер тайыз тұзды көлдердің кеуіп қалған орындарында таралған. Сор жерлердің айналасында галофитті өсімдіктер өседі. Сортаңды шөлдер кейде сазды-қиыршықтасты шөлдермен ұштасады. Сор қабыршақтары­ның астындағы борпылдақ тұз бен шаң қабаты жиналған.

Лесстік – сазды шөлдер (адырлар) Қазақстанның Оңтүстігі мен Оңтүстік Шығысындағы тау алды төбелерінде таралған. Олардың сыртқы бейнесіне жер асты және жер беті суларының бірлескен еріту әсері ықпал етеді. Шөлдердің бұл түрлері кейде суармалы егіншілік үшін пайдаланылады.

Шөл зонасындағы ландшафт түрлері әр алуан. Оларға қоңыр топырағында қара жусан, бұйырғын, изен, астық тұқымдастар, жонды-белесті акумулятивті жазықтар, сұр-қоңыр топырақтағы сортаңды – жусанды шөлдер, шөлді адырлар, тақырлар, сусымалы құмдар, тұзды көлдер жатады.

Шөл ландшафттары негізінен жайылым ретінде пайдаланылады. Қолдан суарылатын аумақтарда бау-бақша, күріш өсіріледі.


Таулы аймақтар ландшафттары

Қазақстан жерінің 10%-дайын таулар алып жатыр. Тау ландшафттары биіктік белдеулігі және экспозициялық факторлардың әсерімен қалып­тасқан.



Биіктік белдеулігі ендік зоналылыққа байланысты. Қазақстанның белгілі бір ендік зоналылығының аумағында орналасқан таулар белдеулер санымен, олардың орналасу биіктігімен және басқа да өзіндік ерекшеліктерімен сипат­талады. Алтайдан Тянь-Шаньға дейін биіктік ландшафт зоналығының құрылымдық өзгерісінің заңдылығы байқалады. Барлық биіктік зоналары оңтүстікке қарай біртіндеп биіктей түседі, әрі құрылымдық өзгерісінің заңдылығы байқалады. Барлық биіктік зоналары оңтүстікке қарай біртіндеп биіктей түседі, әрі құрылымдық сипаты да күрделене береді. Мысалы, орман өсімдіктерінің төменгі шекарасы Қалба жотасы мен Оңтүстік Алтайдың солтүстік беткейлерінде 700-300 м-ден басталса, Жоңғар Алатауының солтүстік беткейлерінде 1200-1400 м-ден жоғары орналасады.

Биіктіктеріне байланысты Қазақстандағы таулар аласа, орта биіктікті және биік таулар болып бөлінеді.
Аласа таулар ландшафттары

Биіктігі 1000 м-ге дейінгі таулар аласа болып есептеледі. Оларға Ұлытау, Мұғалжар, Шыңғыстау, Қаратау, Солтүстік Тянь-Шаньның аласа таулары, Маңғыстау, Шу-Іле таулары, Қарқаралы, Баянтау жатады.

11-сурет – Аласа биіктікті таулар
10°С-тан жоғары оң мәнді температуралардың жылдық қосындысы 2000°С мөлшерінде, жылдық орташа жауын-шашын – 500-600 мм шамасында. Ландшафттарының сипатына қарай бірнеше түрге бөлінеді. Олар қызғылт қоңыр және кәдімгі қара топырақта астық тұқымдастар өскен акумулятивтік-бөктерлік таулар ландшафттары, сұр топырақтарында көктерек, қайың, қарағай өскен граниттен және басқа магмалық жыныстардан құралған ұсақ шоқылы ландшафттар, саздақты, шөлейтті сұр топырақта жусан, бетеге, боз өскен аласа таулар ландшафттары, эрозияға көп ұшыраған, топырақ-өсімдік жамылғысы өте құрғақ климаттық жағдайда нашар қалыптасқан денудациялық ұсақ шоқылар мен төбелер ландшафттары. Кейде сұр қоңыр топырақтарында жусан, сораң, астық тұқымдас өсімдіктер өскен шөлді адырлар кездеседі.
Орта биіктікті таулар ландшафттары

Биіктігі орташа тауларға Батыс және Солтүстік Тянь-Шанның, Жоңғар алатауының, Сауыр-Тарбағатайдың, Алтайдың биіктігі 3000 м-ге дейінгі тау жүйелері жатады.



Орташа биіктікті тау ландшафттарының қалыптасуына әртүрлі климаттық факторлар әсер етеді. Оларға ауаның таулы-жазықтық циркуляциясы, ауаның тау беткейлерімен көтерілуі, орын алмасуы жатады. Жылдық орташа жауын-шашын мөлшері – 550-800 мм, Алтайдың орта биіктігі тауларында 1000-1500 мм-ге дейін жетеді. Ауаның жылдық орташа температурасы 5-10°С шамасында. Суық кезең 3-6 ай аралығында. 10°С-тан жоғары оң мәнді температуралардың жылдық қосындысы 1000-2000°С-тай.

12-сурет – Орта биіктікті таулар
Орта биіктігі тауларда жаз маусымның екінші жартысынан басталады. Ландшафттарының құрылымында экспозициялық және биіктік белдеулік айырмашылықтар айқын байқалады.

Орта биіктікті таулар далалық, ормандық-тоғайлық-далалық биіктік белдем­дерге бөлінеді.



Орта биіктікті таулардағы далалық ландшафттардың таралу шегі 800-1300 м-ден 2200-2600 м биіктіктерге дейін таралған. Дала ландшафттарында жусанды астық тұқымдас өсімдіктер өседі.

Таулық-далалық ашық қоңыр және ашық қызғылт топырақтағы жусанды астық тұқымдас шөптесін өсімдіктер 2000-2200 м биіктікке дейін таралған. Олар Қаратау жоталарында, Тянь-Шань тауларында, Жетісу Алатауында және Сауыр-Тарбағатайдың орта биіктікті тауларында кездеседі. Таулы-далалық белдеудегі астық тұқымдас әртүрлі шөптесінді өсімдіктер өскен далалық белдеуде қоңыр және қара тау топырақтары қалыптасқан. Олардың қара шірік қабаты 35-40 см жетеді, ондағы гумус мөлшері 5-6%-ды құрайды.

Абсолют биіктігі 2600 м-ге дейінгі атмосфералық ылғалдануы мол жерлерді қоңыржай белдеудің ылғал сүйгіш астық тұқымдас өсімдіктері алып жатыр. Бұлар Талас және Қырғыз Алатауының орта биіктікті тауларының беткейлерінде кездеседі. 2800 м-ден жоғарғы биіктікте құнарлылығы шайылған қара топырақта субальпілік шалғын өскен. Бұл белдеу жазғы жайылым ретінде пайдаланылады.

Орта биіктікті таулардың далалық ландшафттық зоналарындағы жануарлар дүниесі көбінесе кемірушілер мен жыртқыш жануарлардан құралған. Олар түлкі, қасқыр, дала қояны, дала мысық, дикобраз, құстардан – бөдене, сақалды құр, үкі.

Орманды-шалғынды – дала зонасы Оңтүстік Алтайда, Сауыр мен Жоңғар Алатауында, Тянь-Шаньның орта есеппен алғанда 2700 м биіктігіне дейін таралған. Жоңғар Алатауында 2300-2400 м дейінгі биіктік шыршалы-самырсынды орманның жоғарғы таралу шегі болып табылады, ал Оңтүстік – Батыс Тянь-Шаньда ондай биіктік бұл белдеулік зонаның төменгі шекарасы болып табылады.

Орта биіктікті таулардың орманды-шалғынды-далалық ландшафтты зонасының климаты қоңыржай континентті, жылдық амплитуда 35°С-қа жетеді. Жауын-шашынның мөлшері 350-ден 600 мм-ге дейін. Маусымның екінші жартысынан бастап жаз маусымы басталады, дегенмен, айдың аяғына дейін салқын райы сақталады.

Тянь-Шанның солтүстік беткейлеріндегі қарағайлы ормандар ара­сында жабайы алма-долана – көктеректі және өрікті – алмалы ормандар таралған.

Жоңғар Алатауы мен Солтүстік Тянь-Шаньдағы қылқан жапырақты ормандарды шырша мен арша ағаштары құрайды. Шыршаның екі түрі: Шренк және Тянь-Шань шыршасы өседі. Шыршалы ормандардың төменгі бөлігінде әр түрлі бұталар: итмұрын, бөріқарақат, жабайы қарақат т.б. өседі.

Шыршалы, шыршалы-самырсынды ормандарда борсық, қоңыр аю, түлкі, қасқыр, сілеусін, сібір елігі, қоян, тиін мекендейді.
Биік таулар ландшафттары

Биік таулы ландшафттық зона 2200-2700 м биіктіктерден басталады. Ландшафттың қалыптасуына атмосфераның жоғарғы биіктіктеріндегі циркуля­циясы себепші болады. Климаты өте салқын, жылдық орташа температура 0-5°С, 10°С-тан жоғарғы жылдық температура қосындысы 1000°С-тан төмен. Жылдық орташа жауын-шашын мөлшері 500-700 мм-ге дейін. Жауын-шашын негізінен қар түрінде түседі. Түнгі төменгі температура, қысқа вегетациялық кезең, күшті желдер ландшафт биоқұрылымдарының дамуына қолайсыз әсер етеді. Сауыр, Тарбағатай, Алтай тауларындағы биік таулық ярус тек гляциальдық-нивальдық белдем түріне келеді. Тянь-Шань мен Жетісу Алатауында ландшафттың шалғындық-далалық және гляциальдық-нивальдық белдемдері анық байқалады. Теріскей экспозиция беткейлерінің биіктігі Алтай тауларында 2800 м, Сауыр мен Тарбағатайда 3100 м, Жетісу Алатауында 3300 м, Тянь-Шаньда 360 м. Биік таулардағы климаттық жағдай өте қатал, ландшафттары аңғарлық, қазан­шұңқырлық және беткейлік мұздықтардан, биік таулар беткейлеріндегі фирналаңдары мен аспалы қарлық мұздықтардан, көшкінді-қорымдық және мореналық типтерден тұрады.



Қазақстан тауларындағы биік ландшафттық құрылымының бірнеше типтері бар. Олар: Батыс Алтай биік таулы ландшафттық типі, Сауыр-Тарбағатай типі, Жоңғар Алатауы типі, Солтүстік Тянь-Шань типі және Батыс Тянь-Шань типі.

13-сурет – Биік таулы ландшафттар
Батыс Алтай биік таулары Сібірлік ландшафт тұрпатымен сипатталады. Бұл биік таулы ландшафт типі басқаларынан жауын-шашынның мол түсуімен ерекшеленеді. Ол орман белдеуінің кең таралуына әсерін тигізеді. Мұнда 800 м-ден 1700 м-ге дейінгі тау беткейлерінде Сібір қара самырсыны мен қайыңды-шыршалы орман өседі. Бұдан жоғары 2300 м, кейде 2600 м-ге дейінгі биіктікте самырсын, балқарағай орман балдеуі таралған. Одан биікте нивальды-гляциальды белдеу басталады.

Биіктік ландшафт белдеуінің Сауыр-Тарбағатайлық типі Сібір-моңғолдық ландшафттардың басымдылығымен сипатталады. Сонымен қатар мұнда орта азиялық ландшафт түрі де кездеседі. 1000 м-ден 1600 м-ге дейін бетегелі-бозды, түрлі шөпті, бұталы дала ландшафттары кездеседі. Бұдан 2200 м-ге дейінгі биіктікте Сібір балқарағайы, Шренк шыршасы, сонымен қатар шетен мен тал өсетін орманды-далалы белдеу таралған. Субальпілік және альпілік ландшафттар 2000-2200 м биіктіктен 3000 м-ге дейінгі аралықта орналасқан. 2800-300 м-ден жоғарыда биік таулық нивальды-гляциальды белдеу басталады.

Биіктік ландшафттар белдеуінің Жоңғар Алатауы типі Сібірлік және орта азиялық ландшафттарымен сипатталады. Таулық қара топырақта өскен астық тұқымдас шөптесін өсімдіктер мен бұталар формациялары 700-1400 м биіктіктері аралығында таралған. Жалпақ жапырақты орман 1600 м-ге дейін кездеседі. 2200-2300 м биіктікке дейін таудың қарасұр және шалғынды қара топырағында шыршалы-май қарағайлы орман өскен. 2200-3100 м биіктіктерден субальпілік аршалы-шалғынды өсімдіктер басталады. 3200-3500 м биіктіктен ары нивальдық-гляциальдық белдеу кетеді.

Солтүстік Тянь-Шань типі кәдімгі ортаазиялық ландшафттармен сипат­талады. 1700-2100 м аралығындағы биіктіктерде шыршалы-көктеректі орман, ал 2000-2100 м биіктіктеріндегі беткейлерде шыршалы алқаптар басым болып келеді. Жоғарғы 2300-2700 м биіктіктер аралығында шыршалы алқаптар сирек кездесетін альпілік шалғын орын алған, 3000 м-ден 3400 м-ге дейін субальпілік шалғындар өссе, 3800 м-ге дейін субнивальдық ландшафттар таралған. 3800 м биіктіктен жоғары нивальдық-гляциальдық белдеу орналасқан.

Батыс Тянь-Шань ландшафт тұрпатында ортаазиялық ландшафттар басым болып келеді, сонымен бірге алдыңғы азиялық ландшафттар да кездеседі.

Орманда шалғындық далалық белдем 1200 м-ден 2500 м-ге дейінгі биік­тіктерде таралған. Бұл белдеу екі бөліктен тұрады. Төменгі бөлігінде 1200-2000 м аралығында ормандық қоңыр топырақта грек жаңғағы, жабайы алма өсетін жал­пақ жапырақты орман таралған. Ал 1700-2500 м аралығындағы жоғарғы бөлі­гінде таудың қара топырағында өсетін бұталар өседі. Олардың құрамында дола­на, итмұрын, пісте, бадам бар. 2300-3100 м аралығындағы биіктік белдеуінде шыршалы орман таралған. 3400 м биіктіктен гляциальды-нивальды белдеу кетеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет